Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

13-дріс. Тланы ыты леуметтенуі

.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
71.68 Кб
Скачать

13-дәріс. Тұлғаның құқықтық әлеуметтенуі. 1-сағат.

1.Тұлғаның әлеуметтенуінің көпқырлылығы мәні

3. Тұлғаның құқықтық әлеуметтенуі

4. Тұлғаның құқықтық әлеуметтенуінің факторлары.

1. Әлеуметтену ұғымы пәлсапалық, психологиялық және әлеуметтанулық ғылымдарда жалпы мағынада дара тұлғаның, оның мәнінің жасалуы мен дамуы, қоғамның және әр түрлі әлеуметтік топтардың жасап шыққан мөлшерлерін, құндылықтарын, түсініктерін, таптаурындарын, дәстүрлерін игеру үдерісін бейнелейді. Әлеуметтену - көп қырлы, күрделі үдеріс. Ол биологиялық алғышарттармен қатар жеке адамның тікелей әлеуметтік ортамен өзара тығыз әсерлестігін де білдіреді. Әлеуметтену үдерісінде тәжірибелік қызмет, өсу арқылы өмірге қажетті дағдылар мен ептіліктер қалыптасады, ал олар адамның қоғамдық қатынастарға, әлеуметтік болмысқа икемделуі мен сіңісуін жеңілдетеді. Нәтижесінде жеке адамның даралығы жасалынады.

Жеке адамның даралануы, жекеленуі - ол оның қоғамдық өз қызметін атқаруды тиімді орындау үшін қажетті әлеуметтік талаптардың, құндылықты мөлшерлік ұйғарымдардың, жекелік және іскерлік қасиеттердің үдерісі мен нәтижесі. Сөйтіп, құндылықты қазыналарды игеру барысы мен қорытындысында жеке адамдардын мінез-құлқының ішкі әлеуметтік реттелу жүйесі қалыптасады. Бұл жүйе меңгерілген әлеуметтік реттеуіштер арқылы әлеуметтік талаптардан туындайтын үлгіге сай келетін тұлғаның жүріс-тұрысын қамтамасыз етеді.

Әлеуметтендіру адам мен әлеуметтік ортаның байланыстарына ғана емес, осы қоғамның даму дәрежесіне де тәуелді, үздіксіз үдеріс. Әлеуметтену өзіне, бір жағынан, қоғамда қабылданған түсініктер, мәдени құндылықтар жүйесіне адамды тарту, қатыстыру мақсатында әлеуметтік жағдайлардың, әр түрлі әлеуметтік институттардың мақсатты бағыттағы оған жасайтын ықпалын қосады. Екінші жағынан, адамның өзінің әлеуметтену, қалыптасу үдерісі барысында жасайтын қызметі кіреді. Әлеуметтік ортада әрекеттік адамды өзгертеді, жетілдіреді және сол бір мезгілде ол өзінің мәнін де өзгертеді, өзінің жаңа салалары мен қасиеттерін қалыптастырады. Сондықтан адам әлеуметтену үдерісінде сыртқы дүниеге және өзінің ішкі, рухани дүниесіне ықпал ететін объект пен субъект ретінде шығады.

Осыдан келіп әлеуметтенуді адамның өзі тұратын қоғамның мәдени жүйесін ұғыну деп қарайды. Ең алдымен, жалпыға маңызды жеке адамның әлеуметтік кейпін белгілейтін және оның қоғамдық пен жеке тұлғалық өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік туғызатын мәдени жүйесін құратын ұжымдық мөлшерлерді меңгереді. Ұжымдық жүріс-тұрыс мөлшерлерін кісінің игеру дәрежесі жоғары болуы соншалық, олар енді тұлғаның ажырағысыз бөлігіне айналады және түптің түбінде оның барлық қылықтарын еріксіз, өздігінен әрі аңдаусыз бағыттап тұрады.

Әлеуметтену тұлғаның әлеуметтік касиеттерін қалыптастыру үдерісі ретінде танылады. Әлеуметтену үдерісі, ең алдымен осы субъект құрамында болатын немесе өзіне-өзі таңдап алатын әлеуметтік топтармен өзін ұқсастырудан білінеді. Адам өмір бойы жағрапиялық немесе тарихи негізі бар топтардың, отбасының, таптың, ауыл мен аймақтың, ұлыс пен ұлттың құрамына табиғи енгізіледі. Адам бір уакытта үш бірдей ұйымдастыру үдерісіне: биологиялық жаратылыс, даралық ерекшелік және белгілі әлеу- меттік топтың мүшесі ретінде қатыстырылады.

Жеке адамның осындай қатыстылығы, тиістілігі әлеуметтік топтың өткені мен қазіргі тәжірибесін және болашақ жоспарын бейнелейтін топтық құндылықтар мен мөлшерлерді мойындау және дербес түйсіну арқылы көрінеді. Осы жағдайда кісінің білім деңгейі және оның жеке мәртебесі анықталады. Егер жеке тұлғаның даралық қасиеттерінің көрінулері жемісті болғаны көзделсе, онда ол қоғамның мәдени мұраларының неғұрлым көп бөлігін және күнделікті көп тараған түсініктерді және сезімдерді меңгеруі керек. Сөйтіп әлеуметтену ағымында жеке адамға қоғамның мәдени жетістіктерін неғұрлым көбірек өз бойына дарытып, сіңіріп алу мақсаты тұрады. Осының негізінде ғана дара адамның жасампаздык әлеуеті артады, оның әлеуметтік қызметінің шығармашылық кепілі жасалынады.

2. Ал құқықтык әлеуметтену тұлғаның жалпы әлеуметтену үдерісінің табиғи бөлігі ретінде жеке саяси және құқықтық сананың, құкықтық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының жалпы заңдылықтарының ерекше көрінісі. Құқықтық элеуметтену үдерісінде адам азамат ретінде өзінің әлеуметтік рөлін, қоғамның әлеуметтік құрылымдағы орнын жете түсінуді, тап өкілінің, партия, ұйым мүшесінің сана-сезімінің дағдылануын, тұлғалық мазмұнымен толықтырылған әлеуметтік-құқықтық қатынастарға кең түрде қосылуын білдіреді. Бұл адамның бүкіл саналы өмірі бойы үздіксіз өтеді.

Демократиялық тәртіп жағдайындағы жеке адамның құқықтық әлеуметтенуінің негізгі мазмұнды мәні мен ерекшелігі - оны саяси және құқықтық мөлшерлерге, құндылықтарға, саяси және құқықтық мәдениет пен тұтас тәжірибеге, саналы әлеуметтік-белсенді іс-әрекетке катыстыруында болып табылады. Сонда ғана әлеуметтену әмбебапты тәсіл ретінде әлеуметтік ортаны жаңартуды және сонымен бір мезгілде дара тұлғаның қалыптасуын қамтамасыз етеді. Дара тұлғаның ішкі құндылықты-мөлшерлік жүйесі жеке тәжірибе мен ұжымдық ұмтылыстардың жемісі.

Адамның, адамзаттың өмір сүретін ортасы мен оның көрсететін белсенділігі белгілі бір қоғамда болатындықтан, өз тарихы және қисыны бар әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-құқықтық, экономикалық кызмет атқаратын жүйенің ықпалы құкықтық әлеуметтенуді қатал нақтылық, бағыттылық және анықтылықпен ерекшелендіріледі. Әрбір мемлекет ұлттық қауымдасудың тұрпатын, қоғам ісіне араласу ережелері мен әдістерін, билік катынастардың құрылымын және беделін, мемлекеттік құрылыстың түрін белгілейді. Қоғамда тарихи дәстүрлер және саяси тәртіп жүйесі, әлеуметтік-демографиялык, экономикалық құрылымдары, заңдар әрекет жасайды, олардың көмегімен қоғамдық қатынастар ұйымдастырылады және тұлғаның әлеуметтік, әрі құқықтық мәртебесі анықталады. Қоғамдық мекемелер мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынастың қалпы мен тарихи әлеуметтену үдерісіне шарттасатын қуатты қозғаушы күшін кұрайды.

Осы құбылыстар туралы әлеуметтік түсініктердің өзі қоғамда мойындалған құқықтың ауқымына тәуелді әр түрлі қалыптасады. Ал құқығы шектеулі коғамда даралық түсініктер де шектеулі қалыптасады.

Адамның идеологиялық ұнатуларының үдемелі карқындылығы мен сипаты оның өмір сүретін тарихи жағдайларына екпінділікті мүлдем өзгертулер кезеңінде немесе бұрын қалыптасқан орнықты әлеуметтік-мәдени көзқарасгар жүйесінде өтіп жатқанына тікелей тәуелді. Басқарушы мен басқарылатындардың арасындағы қатынастарды, мемлекет және адамдарға қаншалықты жақын тұрғанына, қамқорлығының дәрежесіне, жеке мүдделер ортасына, әсіресе әлеуметтік қорғалу аясына енуіне байланысты түрленіп тұрады. Әрине, бұның бәрі тұлғаның саяси-құқықтык әлеуметтенуіне тікелей әсері тиіп, оның әлеуметтік өміріндегі барлық іс-әрекеттерінде, жүріс-тұрысында көрініс табады. Сондықтан құқықтық әлеуметтену дерексіз қаралуы мүмкін емес, оның қоғамдық қатынастардың қозғаушы себебі болатын бөлшектерінің нақты жиынтығын алып зерттейді.

Саяси-құқықтық әлеуметтендірудің тиімділігі, деңгейі қоғамдық мәнді жайттардың жиынтығымен өлшенеді, айқындалады. Қоғамның өзі қалыптастыру ортасы болғандықтан, оның негізгі тіршілік ететін жағдайларын анықтау қажет. Әлеуметтену, әсіресе құкықтық әлеуметтену, даудың бастауларының түйіні болып келеді. Дау-дамайды, пікірлердің туындауын топтық жіктелу түсініктерінен іздеу керек. Даудың себептеріне топтардың көптігі - әлеуметтік, саяси, жасының, отбасының, мәдени мүдделері, қазыналары мен мөлшерлері қарама-қарсы тұру түсінігі мүмкіндік береді. Дара тұлға өмірінде кең ауқымды жағдаяттарға үйлесімді үндестіктен толық үйлеспеушілікке дейін қарсы келеді. Демек, құқықтық әлеуметтену осындай сан алуан тәжірибеден сұрыпталып алынған, бір-бірін үйлесімді толықтырушы және байытушы әлеуметтік құндылықтардың жиынтығы деп түсіндіруге болады. Ол түрлі ұғымдар, тұғырлар мен құндылықтар арасындағы күрес, қақтығыстың нәтижесін суреттейді, бірақ сонымен бірге оларға тән көпшілік қолдайтын ортақ өзегі де бар.

Сөйтіп, құқықтық әлеуметтену үдерісінде тұлға өзінің әлеуметтік тобының ерекше мөлшерлері және құндылықтарымен қатар, оған қайшы келетін жалпы қоғамдық құндылықтарды қабылдауы тиіс. Жеке адамның құқықтық әлеуметтену ағымында ескі, жат мөлшерлерге қарсылық көрсетуге, оларды жоюға немесе жаңартуға қолайлы жағдайлар пайда болады. Дара тұлға қайшылықты мөлшерлерді және құндылықтарды осындай қысыммен зорлап міндеттелудің аясында жүріп қалыптастырады. Оның бәрін жеке адам өз бойына сіңіреді, дарытады. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа өтетін жүріс-тұрыстың орнықты пікірлері мен қалыптарын жай ғана қайталау емес. Сабақтастықтың болуы ұйғарылады.

Бірақ бірте-бірте, кезеңнен-кезеңге көзге көрінбейтін өзгерістерді, "түзетулерді” үнемі әлеуметтік болмыстың ағымының бағыты өзі жасайды. Соған байланысты жеке адамдардың ұнатулары, бейімділіктері, көзқарастары өзгеріске ұшырайды. Бұрынғы дәстүрлер, қалыптар, таптаурындар, ұстанымдар, бейімділіктер мен ұнатулар біршама сақталып, жаңа жағдайларға байланысты белгілі бағытта жаңаруға ұшырайды. Жаңа әлеуметтік-экономикалық, саяси-кұқықтық, мәдени құбылыстардың оңды ықпалымен қатар барлық қарама-қарсылықтары да ажырағысыз қабыстырылып тұлғаның өн бойына енгізіледі. Бұл біздің өтпелі, жаңа экономикалық-саяси құрылымға көшуге байланысты қалыптасқан тарихи жағдайда айқын көрінеді.

3. Құқықтық әлеуметтендіру білім алу мен тәжірибе беру арқылы өтеді. Үйрету арқылы әлеуметтену бәрінен бұрын әлеуметтік рөлдердің, саяси және құқықтық жүйенің белгілі көлемдегі аса керекті ережелеріне сыйластықты, құрмет сезімін білдіріп дағдыландыратын мөлшерлерді тану мен игеруге негізделеді. Бұл үдеріске саяси және құқықтық мөлшерлерді, қоғамдық және саяси институттарды, олардың міндетті қызмет атқару тетігін білу кіреді. Осындай білім байлығы оқиғалар өрбуін, барысын түсінуге және өзінің азаматтық парызын орындауға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда дара тұлғаның алған білімі бастапқы жорамалдардың өзгеше жиынтығы есебінде ұсынылады. Бірақ бұл үдеріс объективті сипатта болуы мүмкін емес, өйткені тұлғаның түйсінуі бейтарап болмайды. Пән туралы кез келген ұғымдар, әр түрлі түсініктер кабылдаушы адамның тәжірибелік құндылықтар жүйесімен аракатынаста болуымен анықталады. Жеке адамның өзі оларды тұтастыққа біріктірілген түрде меңгеруге және оқып білуге әрекет жасайды және өзінің бағалау жүйесіне сүйенеді.

Тәжірибе беру арқылы әлеуметтендіру тұлғаның әлеуметтік саяси және құқықтық жүріс-тұрысының және іс-әрекетінің жемісі ретінде көрінеді. Адам атқаратын міндетті қызметтері арқылы қоғамның ұйымдастырылуының әр алуан қағидаларын және саяси басқару тәртібін жете ұғына бастайды. Тәжірибеде ол игерген мөлшерлер мен құндылықтардың дұрыстығын сынай алады. Жеке тәжірибеде көргені мен жазылған мөлшерлердің араларындағы алшақтықтың тереңдігі оның алғашқы ұстанымдарына қай бағытта ықпал ететінін көрсетеді: олар әлсіреп, мүлдем өзгереді, не күшейеді. Білім алу және тәжірибені иеленумен қатар, бейнелі түрдегі әлеуметтену арнасы сана мен жүріс-тұрыстың қалыптасуына маңызды ықпал жасайды, яғни жеке адамның тікелей тәжірибесі мен оқудан басқа жолы болатын құқықтық әлеуметтенудің түрі. Бұл жағдайда тұлғаның түсініктері өзі кіретін партия тобының, таптың, тағы басқа қауымдасулардың мүшелерінің пікірлері, бағалаулары, сыртқы ықпалға берген жауаптары арқылы қалыптасады. Солай қалыптасқан ұғымдарға - “ел”,“отан", “ұлт”, "отбасы” т.с.с. бейнелі сөздерге саяси, құқықтық, әлеуметтік мағына беріледі. Ол әр қауымдасу тұрғысынан өзіндік мәнге ие болады және оны дәл осы деңгейде зерттеу керек.

Тұлға өзінің басқа пікірлермен арақатынасының мағына жүйесін белгілеп, өзінің саяси және кұқықтық ойлауындағы әр түрлі түсініктер мен ұғымдарды ассоциативті (ойда байланыстыру арқылы) біріктіріп тұрады. Дерексіз ойлаудың құдіреті сол, кей кезде тұлға нақты тәжірибемен байланыстырмай, сезу арқылы әлеуметтік-құқықтық ғажайыптардың кез келгенін түйсінуге қабілетті. Себебі, барлық ұғымдардың мағынасын бұрын танылған басқа саяси және құқықтық шындықтың құбылыстарымен жанама түрде ойша байланыстырады. Бірақ ешқандай түсінік, тіпті өте дерексізі де, айналадағыларға жайдан-жай тәуелді болып табылмайды. Даралық әлеуметтік және басқа да түсініктердің бәрі де, әрбір жеке адамның өзінің даму сатысына лайықты, тәжірибенің және саяси, әрі құкықтық ойлау заңдарына сай әрдайым өзгертілген және таңдалып алынған күйде қалыптасқан.

Адамның мәні қоғаммен бірге өзгереді және дамиды. Оның қоғамға енуі, қосылуы әр түрлі әлеуметтік қауымдасулар, жіктер, топтар арқылы өтеді және осыған байланысты сан алуан әлеуметтік жүйелерге енгізіледі. Бұл жүйелер адамға ықпалын тигізеді. Бірақ адамның дүниетанымының өзгешелігі табиғи ерекшіліктердің негізінде қалыптасады. Адам өзіне ғана тән ұстанымдар мен құндылықтардың, ойлау таптаурындары мен жүріс-тұрыстың қалыптарының, сүйіспеншілікгер мен жек көрушіліктерінің, мақсаттары мен ниеттерінің, нанымдары мен теріс түсініктерінің кешенін, жиынтығын иеленеді. Бұл адамның балалық шақтан бастап қандай әлеуметтік ортада, отбасында, көшеде, мектепте және т.б. өскенін бейнелейтін жағдайларды көрсетеді. Әлеуметтік ортаның өзгеруіне бейімделу ағымында адамның үнемі өзгеріп, дамуына әсері тиеді.

Әлеуметтену жеке адамды қоғамның әлеуметтік маңызды ерекшеліктері мен әлеуметтік қатынастарының тұлғада айқын тұтаскан жүйесі ретінде түсіндіреді. Адамның қоғамға ену үдерісі, оның әлеуметтік байланыстарға қосылуы және әр түрлі әлеуметтік қауымдасуларға интеграциялануы (біріктірілуі, тұтастыққа кірігуі) барысында даралықтың әлеуметтілігі қалыптасады. Биологиялық тірлік иесі ретінде адамның әлеуметтік тіршілік жаратылысына айналуының бүкіл үдерісі әлеуметтендіру деп аталады. Әлеуметтік кеңістік биологиялық, табиғи жағдайлар сияқты адамның ішкі негізіне сай лайықты қасиеттер мен белгілерді қалыптастырады.

Бақылау сұрақтары

1.Тұлғаның әлеуметтенуінің көпқырлылық мәнін қалай түсінесің?

2. Тұлғаның құқықтық әлеуметтенуі дегеніміз не?

3. Тұлғаның құқықтық әлеуметтенуінің үдерісі қалай өтеді?

4. Тұлғаның құқықтық әлеуметтенуінің факторлары қандай?