Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекция МКТ.doc
Скачиваний:
569
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
928.77 Кб
Скачать

І. Мемлекет және құқық теориясының пәні мен әдістері. Қоғамдық ілімдердің (философия, политология), сондай-ақ мемлекет пен құқықты игеретін ғылымдардың арасындағы мемлекет және құқық теориясының алатын орны.

Мемлекет және құқық теориясы – құқықтық жүйеге және мемлекеттің құрылысына тікелей әсер беретін, мемлекет және құқық туралы ілімдердің барлық саласында медотодологиялық (әдістемелік) маңызға ие фундаменталдық (базалық) ғылым. Оны терең меңгермей салалық құқықтық ғылымдарды, сондай-ақ басқарушылық профиліндегі пәндерді дұрыстап игеру мүмкін емес.

Мемлекет және құқық теориясын меңгеру бірнеше мақсаттарға жетуді көздейді: біріншіден, мемлекеттік-құқықтық құбылыстар жайлы жалпы теориялық білімдердің кешенін игеру; екіншіден, мемлекет пен құқықтың заңдылығын көрсететін негізгі категориялар туралы білу; үшіншіден, жалпытеориялық білімдердің маңызын белгілеу, бұл келешектегі тәжірибелік қызмет үшін қажет. Әрбір ғылымның өзінің пәні болады – ол адамның қандай да бір қызметінің аумағындағы зерттелетін заңдылықтың нақты бір шеңбері.

Мемлекет және құқық теориясының пәні ретінде келесілерді атауға болады:

  1. Мемлекет пен құқықтың шығуының, дамуының және функциялануының жалпы заңдылықтары.

  2. Мемлекет пен құқықтың әрекет етуінің мазмұны, түрлері, нысандары, функциялары, құрылымы және механизмі, құқықтық жүйесі.

  3. Барлық заң ғылымдары үшін ортақ болатын негізгі мемлекеттік-құқықтық ұғымдар.

«Жалпы заңдылықтар» осы ғылымның нақты бір мемлекет пен құқықтың емес, жалпы мемлекеттілік пен құқықтың шығуын, дамуын және қызмет жасауын, яғни қайда орналасқанына қарамастан, олардың қандай да болсын қоғамның мемлекеті пен құқығына тән жалпы белгілерді игеретінін білдіреді. Мемлекет және құқық теориясы жалпыланған нысанда уақыттық және кеңістік сипаттарына қарамастан барлық мемлекеттер мен барлық құқықтық жүйелерді игереді. Сондықтан, онда мемлекет пен құқық туралы ғылыми ойлардың жеткен жетістіктері, әлеуметтік институттардың мәліметтері туралы барлық теориялық маңыздар топтастырылған.

Мемлекет және құқық теориясының пәнінің төл ерекшелігі мемлекет және құқық теориясы ұғымдар жүйесін тек «өзі үшін» ғана емес, сондай-ақ оның әліппесі, іргетасы ретінде барлық юриспруденция үшін талдап шығаратынында қорытындылады. Мұндай ұғымдарға құқықты, құқықтың қайнар көздерін, құқықтық актілерді, құқықтың институтын, саласын және сала тармақтарын, құқықтың жүйесін және заңшығарушылықтың жүйесін, құқықтық қатынастарды, құқықтың субъектісі мен объектісін, құқық қабілеттік және әрекет қабілеттілікті, құқықтық деректі, құқықшығармашылықты, заңшығарушылықты, құқықты қолдануды және талдауды, құқықтық коллизиялар мен ақаулықтарды, құқықтық тәжірибені және құқықбұзушылықты, заңдылық пен құқықтық тәртіпті, құқықтық құралдарды, субъективтік құқықтарды және құқықтық міндеттерді, тыйымдар мен тыйым салынбаған нәрселерді, құқықтық жауаптылықты және жазаны, құқықтық жеңілдіктерді және көтермелеулерді, құқықтық иммунитеттерді, құқықтық стимулдар мен шектеулерді, құқықтық реттеудің механизмін және құқықтық әсер етудің механизмін, құқықтық жағдайлар мен құқықтық режимдерді, құқықтық саясатты және құқықтық өмірді және т.б. жатқызуға болады.

Мемлекет және құқық теориясының пәнінің ерекшелігі мемлекет пен құқық өзара байланыста, бір бірін толықтырушы әлуметтік институттар ретінде зерттелетіндігі болып табылады. Осылайша, Мемлекет және құқық теориясы – бұл мемлекет пен құқықтың жалпы және өзіне тән заңдылықтарының пайда болуы, қызметінің дамуы туралы ғылым. Пәннің ерекшелігін есепке алғанда – бұл ғылым қоғамдық болып табылады, өйткені ол қоғамдық өмірдің белгілі бір саласы – мемлекет пен құқықты зерттейді.

Бұл жалпы, құқықтық ғылым. Ол барлық құқықытық пәндерге ортақ проблемаларды зерттеумен айналысады.

МҚТ байланыстар мен қатынастарды ашатындықтан, осы тұрғыда басты, негіз болып табылатын қорытындылар құрады, сол себепті бұл фундаменттік ғылым болып табылады. Бұл ең алдымен салалық құқықтық пәндерге қатысты бағыттаушы, әдістемелік мағынаға ие ілім.

Ғылымның әдісі ретінде жаңа білімдер пайда болатын, пәнді игеруге қажетті әдістер, тәсілдер және ережелердің жиынтығы түсініледі.

Мемлекет және құқық теориясының барлық әдістерін, олардың таралу деңгейіне байланысты келесі жүйеге келтіруге болады.

  1. Жалпы әдістер – бұл ойлаудың әмбебап қағидаларын білдіретін философиялық, дүниетанымдық көзқарастар. Жалпының ортасынан метофизиканы (мемлекет пен құқықты бір бірімен және өзге де қоғамдық құбылыстармен байланыссыз, мәңгілік және өзгермейтін институт ретінде қарастырады) және диалектиканы (материалдық және идеалистикалық; соңғы аталғаны өз ретінде объективтік не субъективтік идеализм ретінде болуы мүмкін) бөліп көрсетеді. Осылайша, мемлекет пен құқықтың пайда болуы мен бар екендігі фактісін объективті идеализм құдай күшімен не объективтік ақыл-еспен байланыстырады; субъективтік идеализм адамның ой-өрісімен, адамдардың ерік-жігерінің келісуімен (келісім-шартпен), материалдық диалектика болса қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен (жеке меншіктің пайда болуымен және қоғамды антагоникалық класстарға бөлумен) байланыстырады. Материалдық диалектика тұрғысынан алғанда қандай да болсын құбылыс (соның ішінде мемлекет пен құқық) нақты бір тарихи жағдайда және өзге де құбылыстармен өзара байланыста қарастырылады.

  2. Жалпы ғылымдық әдістер – бұл жалпы әдістерден өзге, жалпы ғылыми танымды қамтымайтын, тек оның жекелеген кезеңдерінде қолданылатын әдістер. Жалпы ғылымдық әдістердің қатарына талдауды (анализді), синтезді, жүйелік және функционалдық көзқарастарды, әлеуметтік тәжірибелік әдістерін жатқызады. Анализ (талдау) - бұл күрделі мемлекеттік-құқықтық құбылысты жекелеген бөліктерге шартты түрде бөлу. Осылайша, мемлекет пен құқықтың көптеген категориялары олардың мазмұндық белгілерін, өзіндік қасиеттерін ашу жолымен қалыптасады.

Синтез (сомдау), керісінше, құбылысты, оны құраушы бөліктерді шартты түрде біріктіру жолымен игеруді білдіреді. Анализ бен синтез, әрине, біріккен күйінде қолданылады.

Жүйелік көзқарас объектінің тұтастығын ашуға, ондағы байланыстардың көптүрлілігін анықтауға бағытталған. Бұл әдіс жүйелік құрылыс ретінде мемлекеттік аппаратты, саяси және құқықтық жүйені, құқықтың нормаларын, құқықтық қатынастарды, құқықбұзушылықты, құқықтық тәртіпті және т.б. қарастыруға мүмкіндік береді.

Функционалды көзқарас бір әлеуметтік құбылыстардың басқаларына әсер ету нысандарын анықтауға бағыттайды. Бұл әдіс мемлекеттің және оның жеке органдарының функцияларын, құқық пен оның нормаларының функцияларын, құқықтық сананың, заңдық жауаптылықтың, құқықтық жеңілдіктер мен көтермелеудің және құқықтық ынталар мен шектеулердің функцияларын және т.б. білуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік тәжірибелік әдісі құқықтық реттеудің қате нұсқаларынан келетін зардаптардың алдын алу мақсатымен қандай да бір шешімнің жобасын тексерумен байланысты.

  1. Жеке ғылыми әдістер – бұл мемлекет және құқық теориясын игерудің салдары болып табылатын нақты (жеке) техникалық, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың ғылыми жетістіктерінің тәсілдері. Оларға нақты-әлеуметтік, статистикалық, кибернетикалық, математикалық әдістерді және т.б. жатқызылады.

Нақты-әлеуметтік әдіс сауалнамалық, сұхбаттасу, бақылау және өзге де тәсілдерінің көмегімен мемлекеттік-құқықтық саладағы субъектілердің фактілік жүріс-тұрысы жайлы мәліметерді алуға мүмкіндік береді.

Статистикалық әдіс жиі қайталанатын құқықбұзушылық, заңдық тәжірибе, мемлекеттік органдардың қызметтері және т.б. секілді қандай да бір мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың көлемдік көрсеткіштерін алуға мүмкіндік береді.

Жеке ғылыми әдістердің ішінен толықтай заңдық болып табылатын екі әдісті: формальді-заңдық және салыстырмалы-құқықтық деп бөліп көрсету қажет.

Формальді-заңдық әдіс құқықтық ұғымдарды (мысалға, «мәнді зардап» «заңды тұлға», «кінәні жеңілдететін мән-жайлар» секілді арнаулы заң терминдері), анықтап, олардың белгілерін шығаруға, саралау жүргізуге, құқықтық жазбаларды түсіндіруге және т.б. мүмкіндік береді.

Салыстырмалы-құқықтық әдіс олардың жалпы және ерекше қасиеттерін табу мақсатымен, әртүрлі құқықтық жүйелерді не олардың жекелеген элементтерін – заңдарды, заңдық тәжірибені және т.б. салыстыруға мүмкіндік береді. Мысалға, Ресей мен Германияның құқықтық жүйелерін салыстыра отырып, біз олардың арасында ұқсастық барын көреміз, бірақ, сонымен қатар, оларға тарихи түрде тән нақты бір айырмашылықтар да бар.

Мемлекет және құқық теориясының қоғамдық және заң ғылымдардың арасындағы алатын орны.

Мемлекет және құқық теориясы философиямен тығыз байланыста, оның әдістерін (метафизика мен диалектиканы) және категорияларын (мән мен құбылыс, мазмұн мен нысан, мүмкіншілік пен қажеттілік, мақсат пен құрал және т.б.) белсенді түрде қолданады. Өз ретінде, мемлекет және құқық теориясы философиялық жалпыламалар үшін мемлекет пен құқық туралы мәліметтер береді.

Саясаттанудың деректерін қолдана отырып (саясат және саяси өмір туралы ғылым), мемлекет және құқық теориясы мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды саяси орта контексінде қарастырады. Мәселен, мемлекетті саяси жүйенің құрамдас бөлігі ретінде талдай отырып, оның өзге де элементтерімен – партиялармен, қозғалыстармен және өзге де қоғамдық қауымдастықтармен қоса мемлекеттің мәнін, оның осы қоғамның саяси ұйымындағы орны мен рөлін толығырақ және тереңірек түсінуге болады.

Басқа жағынан алғанда, саясаттануды мемлекет және құқық секілді (мемлекеттің ұғымы, белгілері, нысандары және функциялары, саяси режимдер мен мемлекеттік-құқықтық режимдердің қатынасы және т.б.) әлеуметтік институттармен байланысты теориялық қорытындылар мен жалпыламалар қолданады.

Заң ғылымдарының жүйесінде мемлекет және құқық теориясы ерекше орын алады. Мемлекет және құқық теориясы мен тарихи-құқықтық ғылымдарының ортақтығы олардың мемлекет пен құқықты біртұтас қарастыруында. Айырмашылығы, тарихи-құқықтық ғылымдары (мемлекет және құқықтың жалпы тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы) мемлекеттік-құқықтық нысандардың дамуын хронологиялық тәртіпте зерттейтіндігінен, яғни тарихи әдістерді басымырақ қолданатынынан көрінеді. Ал теория осы процесстердің жалпы түсінігін береді, мемлекет және құқықтың негізін, олардың қызметтерінің заңдылықтарын және т.б. зерттейді, яғни логикалық (қисындық) әдісті (бұл да тарихи әдіс, тек барлық кездейсоқтылық пен негізсіздіктен босатылған) қолданады.

Салалық заң ғылымдары мен салыстырғанда мемлекет және құқық теориясы жалпылаушы ретінде көрінеді. Біріншіден, ол мемлекет және құқықтың дамуы мен қызмет етуінің жалпы заңдылықтарын зерттейді. Ал қандай да болсын салалық ғылымның пәні құқықтың саласына сәйкес қоғамдық қатынастардың белгілі бір ауқымымен ғана байланысты. Екіншіден, мемлекет және құқық теориясы барлық салалық ғылымдарға ортақ мәселелерді (құқық нормалары, құқықтық қатынастар, құқықтың субъектісі, құқықбұзушылық, құқықтық жауаптылық) зерттейді. Үшіншіден, ол юриспруденцияда әдістемелік роль атқарады. Сонымен қатар, мемлекет және құқық теориясы салалық ғылымдармен тығыз байланысқа түсе отырып, «салалық» ғылыми мәліметтерді жалпылауға бағытталған, олардың мазмұнындағы фактілік материалдардан келіп шығатын өзінің байлам-түйіндерін қалыптастырады.

Осылайша, мемлекет және құқық теориясының ғылым ретіндегі ерекшелігін топтастыруға болады, осында:

  • оның пәнін мемлекет және құқық(техникалық және жаратылыстану ғылымдардан айырмашылығы) – қоғамдық құбылыстар құрайтын гуманитарлық ғылым;

  • қоғамдық өмірдің мемлекеттік-құқықтық ауқымына тікелей жататын әлеуметтік институттарды зерттейтін саяси-құқықтық ғылым (гуманитралық ғылымдардан айырмашылығы); мемлекет және құқықтың жалпы заңдылықтарын зерттейтін теориялық ғылым (басқа заң ғылымдарынан айырмашылығы) болып табылатындығынан көрінеді.

Мемлекет және құқық теориясы – ішкі істер қызметкерлерінің кәсіби құқықтық санасын қалыптастыруымен тікелей байланысты аздаған заң ғылымдарының бірі. Теорияны оқытудан болашақ заңгердің жеке құқықтық мәдениетінің іргесі қаланады, оның заңи дүниетанымының ғылыми базасы және құқыққа деген ұлы әлеуметтік құндылық ретіндегі терең сыйластығы қалыптасады.

Мемлекет және құқық теориясын оқыту барысында саяси және құқықтық ойлаудың басты жетістіктері, заң ауқымында еркін және сенімді түрде білуге мүмкіндік беретін түсініктердің жүйесі беріледі. Мемлекет және құқық теориясы оларсыз салалық және өзге де құқықтық пәндердің нақты білімдерін үйрену мүмкіншілігі болмайтын юриспруденцияның негізгі ұғымдары жөнінде түсінік береді. Мемлекет және құқық теориясының басты ұғымдарын сапалы түрде білу тәжірибе жүзінде саяси және құқықтық жағдайларды дұрыс саралауға, қоғамдық өмірдің күрделі мемлекеттік-құқықтық құбылыстарына шынайы ғылыми тұрғыдан дұрыс баға беруге, олардың шынай негізін ашуға, олардың әлеуметтік маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Осылайша, бұл ғылым болашақ заңгерлердің кәсіптік қасиеттерінің қалыптасуына тікелей қатысады.

2. Мемлекет және құқық теориясының заңгер-құқықтанушылар, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін тәжірибелік маңызы.

Мемлекет және құқық теориясы- заңгерлердің құқықтық санасының кәсіби дамуына тікелей әсерін тигізетін құқықтық пәндерінің бірі. Теорияны оқытудан болашақ заңгердің жеке құқықтық мәдениетінің ірге тасын салу, оның заңи дүниетанымының ғылыми базасының және құқыққа ұлы әлеуметтік құндылық ретінде терең сыйластығы қалыптаса бастайды. Мемлекет және құқық теориясын оқыту құқық ауқымында еркін және сенімді бағыт алуға мүмкіндік беретін саяси және құқықтық ойлардың басты жетістіктерінен хабардар етеді. Мемлекет және құқық теориясы салалық және өзге де құқық пәндерінің нақты білімдерін игеру мүмкін болмайтын юриспруденцияның негізгі ұғымдары туралы көрініс береді.

Лейбниц айтқан афоризмге сәйкес, математиктер сандармен, ал заңгерлер ұғымдармен операциялар жүргізеді. Құқықтық ұғымдар өмірден алынған бос абстракциялар емес, олар жинақталған түрде шынайылықты, нақты қоғамдық қатынастарды білдіреді. Математикада қандай да бір есепті көбейту кестесін білмей жүргізу мүмкін емес сияқты, саяси-құқықтық өмірді басты құқықтық ұғымдарды білмей игеру мүмкін емес.

Мемлекет және құқық теориясы Қазақстан Республикасының ІІМ жүйесінде қызметкерлерді жоғары дәрежелі кәсіби тұрғыда дайындауда ерекше маңызға ие. Біріншіден, ол ішкі істер органдарының Қазақстан Республикасының механизміндегі орнын, сондай-ақ мемлекеттің функцияларын жүзеге асырудағы олардың ролін көруге мүмкіндік береді. Екіншіден, мемлекет және құқық теориясы қоғамның, мемлекеттің, құқықтың және жеке тұлғаның қатынастарының мәселесін аша отырып, ІІО-ның қызметкерлерінің халықпен өзара қатынасында сенімді бағыт береді. Үшіншіден, бұл ғылым демократияның тереңденуі мен өріс алуына, құқықтық мемлкеттің қалыптасуында ІІО-ның қызметіне бағыт береді. Төртіншіден, құқықтық тәртіп, құқықбұзушылық, құқық қолдану, құқықтық жауаптылық мәселерін аша отырып, қылмыстылықпен күресу, құқықтық тәртіпті қорғау жайлы, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының әртүрлі қызметтерінің және бөлімшелерінің күнделікті кәсіби қызметінің құқықтық негізі жайлы білім береді.

Құқықтық мемлекеттің қалыптасу жағдайларында жаңа құқықтық ойлаудың, жалпы және құқықтық мәдениеттің, жоғары кәсіпқойлықтың, заңдылық пен әділдік сезімдерінің қалыптасуы, дамуы және бекуі жоғары маңызға ие болады.

Мемлекет және құқық теориясының басты ұғымдарын сапалы түрде білу тәжірибе жүзінде саяси және құқықтық оқиғаларды дұрыс саралауға, қоғамдық өмірдің күрделі мемлекеттік-құқықтық құбылыстарына шынайы ғылыми тұрғыдан дұрыс баға беруге, олардың шынайы негізін ашуға, олардың әлеуметтік маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Осылайша, бұл ғылым болашақ заңгерлердің кәсіптік қасиеттерінің қалыптасуына тікелей қатысады.

Мемлекет және құқық теориясы бойынша материалдарды, яғни ұғымдарды, қағидалар мен идеяларды білмеу, маманның дайындығының жалпы деңгейіне әсер етеді және құқықтың қандай да бір саласының материалын білмеумен салыстыруға да келмейді. Кейбір қағидаларды білу кейбір фактілерді білмеудің орнын оңай толтырады деп Гельвеции айтқан. Мысалға, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің нақты бір бабын білмеген жағдайда оның мәтінін ашып білімді толықтыруға болады, ал қағидаларды, идеяларды, құқықтық құрылыстарды білмеу бұлайша жай толықтырылмайды. Осының барлығы мемлекет және құқықтың жалпы теориясын ерекше, орны толмас және өте маңызды пәндер қатарына қосуға міндеттейді.

  1. Мемлекеттің шығу тегі теориясына жалпы сипаттама: әлеуметтік-экономикалық, патриархалдық, келісімді, күштеу, психологиялық және т.б.

Мемлекет пен құқықтың пайда болуының көптеген теориялары бар. Ғылыми көзқарастардың мұндай плюрализмі қоғамның дамуының тарихи ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Көбірек танымалдарына келесілер жатады.

Мемлекеттің пайда болуының теологиялық теориясы орта ғасырда Фома Аквинскийдің еңбектерінде өз таралуын тапты; қазіргі кезде оны ислам дінінің, католиктер шіркеуінің (Маритен, Мерсье және т.б.) идеологтары әрі қарай дамытты. Осы доктринаның өкілдерінің пікірі бойынша, мемлекет – құдай еркінің өнімі және осыған байланысты мемлекеттік билік мәңгілік және тұңғиықсыз, ол ең бастысы діни ұйымдар мен қызметкерлеріне тәуелді болады. Сондықтан, әрбір адам мемлекет басшысына барлық жағынан да тәуелді болуға тиісті. Адамдардың әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теңсіздігі де сол құдай еркімен шешілген, ол жағдайға көніп және Құдай билігінің Жердегі жалғастырушысына қарсылық көрсетпеу керек. Яғни, мемлекеттік билікті тыңдамау Құдайды тыңдамау ретінде бағалануы мүмкін.

Мемлекетті және мемлекет басшыларын (құдайдың бұйрықтарын білдірушілер және өкілдері ретінде) қасиеттілік дәрежесіне ие қыла отырып, осы теорияның идеологтары олардың келешегін көтерген және көтеруде, қоғамда тәртіптің, келісімнің, руханилықтың бекуіне септігін тигізген және тигізуде. Бұл жерде Құдай мен мемлекеттік биліктің арасындағы «делдалдарға» - шіркеуге және діни ұйымдарға ерекше көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар, бұл доктрина әлеуметтік-экономикалық және өзге де қатынастардың мемлекетке әсер етуін өтінеді және мемлекеттің нысанын қалай дамытуды, мемлекеттік құрылысты қалай жақсартуды анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, теологиялық теория жалпы алғанда дәлелденбейді жатады, себебі көбіне сенімнің негізінде құрылған.

Мемлекеттің пайда болуының патриархалдық теориясы (Аристотель, Филмера, Михайловский).

Олар адамдар – отбасының туындауына әкеліп соғатын өзара қарым-қатынасқа ұмтылатын, ұжымдық жағдайда өмір сүрушілер деген фактіге сүйенеді. Адамдардың қосылуының және осы отбасылардың санының өсуі нәтижесінде отбасының дамуы және өсуі ең соңында мемлекеттің құрылуына әкеліп соғады.

Осылайша, мемлекет басшысының билігі дегеніміз отбасындағы әкенің (патриархтың) билігінің жалғасы болып шығады, ол шексіз болады. «Патриархтың» билігінің ең алдымен құдайдың құдыреттілігінен пайда болды дептанылатындықтан, қамқоршылығындағыларға мемлекет басшысына қарсылықсыз бағыну ұсынылады. Мұндай билікке қандай да болсын қарсылық көрсету болмауға тиіс. Тек патшаның (корольдің, т.б.) әкелік қамқоры ғана адамға қажетті өмірлік жағдайлармен қамтамасыз ету мүмкіндігін береді.

Отбасындағы әке секілді мемлекеттегі монарх таңдалынып алынбайды, тағайындалмайды және қол астындағылармен араласпайды, себебі олар оның балалары.

Мемлекеттің отбасымен ұқсастығы мүмкін жағдай, себебі қазіргі уақыттағы мемлекеттіліктің құрылымы тез арада пайда болған жоқ, ол алғашқы кезеңдегі отбасының құрылымымен салыстырылуы мүмкін қарапайым нысандардан келіп дамыды. Сонымен қатар, бұл теория құдыреттілікті, мемлекеттік билікке деген сыйластықты, бір тұтас елдегі адамдардың «туысқандықтарын» білдіреді.

Сонымен қатар, осы доктринаның өкілдері мемлекеттің пайда болу процесін қарапайымдандырады, былайша айтқанда «отбасы» ұғымын «мемлекет» ұғымымен ауыстырады, ал «әке», «отбасы мүшелері» категориялары негізсіз түрде соған сәйкес, «мемлекет басшысы», «қол астындағылар» категорияларымен бірдейлендіреді. Сондай-ақ, тарихшылардың айтуынша, отбасы (әлеуметтік институт ретінде) алғашқы қаумдық құрылыстың ыдырауы процессінде, мемлекеттің пайда болуымен қатар туындады.

Мемлекеттің пайда болуының келісімді теориясы XVII-XVIII ғ.ғ. қисынды аяқталу түрінде Б. Спинозаның, Т. Гоббстың, Ж.-Ж. Руссоның, А.Н. Радищевтың еңбектерінде өріс алды.

Осы доктринаның өкілдерінің пікірі бойынша, мемлекет алғашқы қауымдық құрылыс «табиғи» күйде болған адамдардың өзара шарт жасасқанының өнімі ретінде пайда болады. Мемлекет - адамдардың өзара келісіміне негізделген тиімді бірлестігі, осының нәтижесінде олар өздерінің бостандығы мен билігінің бір бөлігін мемлекетке артатын, өзара келісімге негізделген адамдардың тиімді бірлестігі. Бұған дейінгі жеке-жеке индивидтер біртұтас халыққа айналады. Осының нәтижесінде басқарушылар мен қоғамдар арасында өзара құқықтар мен міндеттер кешені, тиісінше оларды орындамағаны үшін жауаптылық пайда болады.

Осылайша, мемлекеттің заңдар қабылдауға, салықтар жинауға, қылмыскерлерді жазалауға және т.б. құқығы бар, алайда, сонымен қатар, өзінің аумағын, азаматтарының құқықтарын, олардың меншігін және т.б. қорғауға міндетті. Азаматтар заңдарды сақтауға, салықтар төлеуге және т.б. міндетті, өз қатарында олардың бостандығы мен меншігінің қорғалуына құқығы бар, ал басшылардың билік шектен тыс қолдануы жағдайында олармен келісім-шартты бұзуға құқығы бар. Бір жағынан, келісімді теория мемлекетті тануда алдыға жасалған ірі қадам болды, себебі мемлекеттік пайда болуының және саяси биліктің діни көзқарастарын жоққа шығарды. Бұл тұжырым терең демократиялық мазмұнға да ие, яғни адамдардың қажетсіз басшының билігін құлатуға, көтеріліс жасау табиғи құқығын негіздейді.

Басқа жағынан қарағанда, бұл теорияның әлсіз жағы өзінің дамуының нақты бір этапында басшы мен халықтың арасындағы келісімнің өте қажеттігін түсінетін алғашқы қауымдастық туралы схемалық, идеалдандырылған және абстрактілі түсінігі болып табылады. Мемлекеттіліктің пайда болуының объективтік факторларын дұрыс бағаламау (ең алдымен әлеуметтік-экономикалық, әскери-саяси және т.б.) және осы үрдістегі субъективтік факторларды тым жоғары бағалау көрініп тұр.

Күштеу теориясы XIX ғ. қисынды аяқталу түрінде Дюрингтің, Гумпловичтің, Каутскийдің және т.б. еңбектерінде бекіді.

Олар мемлекеттің пайда болуының себебін экономикалық қатынастардан, құдайдың еркінен немесе өзара келісімнің нәтижесінен емес, ал әскери-саяси факторлардан – күштеуден, бір тайпаның басқа тайпаны жаулап алуынан көрді. Жаулап алған халықтарды және аумақтарды басқаруы үшін құрылатын мәжбүрлеу аппараты мемлекетке айналды.

Бұл доктринаның өкілдерінің пікірі бойынша, мемлекет – бір тайпаның екінші бір тайпаны басқару үшін «табиғи» (яғни күштеу нәтижесінде) түрде пайда болған ұйым. Ал бұл зорлық пен жеңілгендердің жаулап алушыларға тәуелділігі экономикалық басқарушылықтың пайда болуының негізі болып табылады. Соғыстардың нәтижесінде тайпалар касталар, сословиялар және таптар болып қайта туындады. Жаулап алынғандарды құлдыққа итермеледі.

Яғни, мемлекет – қоғамның ішкі дамуының нәтижесі емес, оған сырттан берілген күш.

Бір жағынан, мемлекеттіліктің туындауындағы әскери-саяси факторларды толықтай жоққа шығаруға болмайды. Тарихи тәжірибе күштеу элементтері көптеген мемлекеттердің пайда болу процесстеріне тән болғандығын көрсетеді (мысалға, ежелгі герман мемлекеті).

Басқа жағынан, бұл үрдістегі күштеуді қолдану деңгейінің әртүрлі болғандығын үнемі есте ұстаған жөн. Сондықтан, күштеуді мемлекеттің пайда болуының себептерінің бірі ретінде ғана қарастыру керек. Сонымен қатар, кейбір аймақтар, біріншілікті саяси-экономикалық факторларға бере отырып, әскери-саяси факторлар, көбіне, екінші рольдерді атқарды.

Мемлекеттің пайда болуының органикалық теориясы XIX ғасырдың екінші жартысында Спенсердің, Вормстің, Прейстің және т.б. еңбектерінде кеңінен өріс алған. Тап осы дәуірде ғылым, оның ішінде гуманитарлық ғылымдар да Дарвинмен айтылған табиғи таңдау идеясының күшті әсерін сезінді.

Бұл доктринаның өкілдерінің пікірі бойынша, мемлекет – организм, оның бөліктерінің үнемі байланыста болуы, тірі организмнің мүшелерінің өзара байланысына ұқсас, яғни мемлекет – тек биологиялық эволюцияның бір түрі әлеуметтік эволюция жемісі.

Мемлекет биологиялық организм бола отырып, өзіне тән мыйы (басқарушылар) және оның шешімдерін орындайтын құралдары (қол астындағылары) бар.

Табиғи түрде іріктеліп, өмірге ең қабылеттісі ғана қалатын биологиялық организмдер ортасы сияқты, соғыс пен күрес процесінде нақты мемлекеттер жасалады, үкімет құрылады, басқару жүйесі жетілдіріледі. Осылайша мемлекет биологиялық организмге теңестіріледі.

Мемлекет құрылу процесіне биологиялық факторлардың әсерін жоққа шығаруға болмайды, себебі адамдар – тек әлеуметтік емес, сондай-ақ биологиялық организмдер.

Сонымен катар биологиялық эволюцияға тән барлық зандылықтарды механикалы түрде таратуға болмас, барлық әлеуметтік меселелерді биологиялық меселелерге жаткыза беруге болмайды. Олар өзара байланысты болғанымен, өмір сүру дәрежесі әртүрлі, әртүлі заңдылықтарға бағынады және өзінің негізінде пайда болудың әртүрлі себептері бар.

Мемлекетің пайда балуының психологиялық теориясы. (Петражицкий Л.И., Фрейд). Бұлар мемлекеттліктің пайда болуын адам психологиясының ерекше қасиеттерімен байланыстырады: адамдардың басқаларға билік етуге деген кажітіліктер, бағынуға ұмтылу, еліктеу құлшыныстары.

Мемлекетің пайда болу себептерін алғашқы қауымдық адам тайпа көсемдерінің, жрецдердің , бақсылардың, сиқыршылардың т.б. қасиетіне жатқызды.

Олардың сиқырлық күші, психологиялық энергиясы (олар аңшылықты сәтті еткен, аурумен күрескен, болашықты болжаған) алғашқы қауымдық адамдар санасының жоғарғы аталған элита тобына тәуелді болуына ықпал жасаған. Дәл осы элиталарға берілген билік түрінен бастап, мемлекетік билік туындайды.

Сонымен қатар билікпен келісе алмайтың адамдар бар, олар қандай да бір қарсылық, қайшы әректтер білдіреді. Жеке тұлғаның осындай психиқалык бастамаларын бір уыста ұстау үшін мемлекет пайда болады.

Осыған орай, көпшіліктің қажеттілігін канағаттандыру үшін бағынуды, тыңдауды, қоғамдағы кейбір адамдарды кінәләуді, яғни кейбір жеке адамдардың қарсылығын басып тастау үшін мемлекет қажет.

Мемлекет табиғаты – адамзат санасы заңдылығының түбінде жатқан психологиялық сипатта. Аталмыш теория өкілдерінің пікірлерінше мемлекет – жауапты шешім қабылдауға қабілеті бар, бастамалы(белсенді) тұлғалар мен берілген шешімді орындаушы, тек еліктеуші әрекеттерге қабілетті әлсіз көпшіліктің арасындағы психологиялық қайшылықтарды шешу өнімі.

Психологиялылық заңдылықтар арқылы адамзат қызметі жүзеге асырылады, сондықтан ол барлық әлеуметтік институттарға әсерін тигізуші, ешқашан бет бұруға болмайтын елеулі фактор екені даусыз. Мысалы осыған дәлел ретінде харизм мәселелерін қарастыруға болады.

Бірақ жеке тұлғаның психологиялық қасиеттерінің(иррациональды бастамаларын) орнын мемлекет пайда болу процесіне асыра ұлғайтып көрсетуге болмайды.

Мемлекеттің пайда болуының әлеуметтік-экономикалық теориясы.

Бұл теорияны марксистік деп те атайды, себебі оның авторлары К. Маркс, Ф. Энгельс, В.И. Ленин болды. Олар мемлекеттің пайда болуын тек әлеуметтік – экономикалық себептермен түсіндіреді.

Экономика даму үшін, яғни содан шығып, және мемлекеттіліктің пайда болуы үшін ең бастапқы елеулісі еңбектің үш ірі бөлініске(жер шаруашылықтан мал шаруашылығы бөлінді, мал шаруашылықтан қол өнер бөлектенді, тек қана айырбаспен айналысатын адамдар тобы құрылды) бөлінуі. Осындай еңбек бөлінісі және осыған байланысты еңбек құралының жетілдірілуі оның өндірістік өсуіне түрткі болды. Артық өнімдер шыға бастауы жеке меншіктің пайда болуына әкеп соқтырды, осының нәтижесінде қоғам қанаушы және қаналушы деп бөлінетін, ауқатты және ауқатсыз класска бөлінді.

Жеке меншік пайда болудың маңызды салдарына қоғамға сәйкеспейтін, әрі оның барлық мүшелерінің мүддесін білдірмейтін көпшілік билік бөлініп шығуы жатады. Билік рөлі бай адамдарға берілді, олар басқарушылар санатына айналды.Олар өздерінің экономикалық мүддесін қорғау үшін жаңа саяси құрылымы – мемлекетті құрады, яғни бәрінен бұрын ауқаттылардың еркіне қызмет ететін құрал(аспап).

Осылайша, мемлекет бір таптың басқа тапты басқаруын сақтау мен қолдау мақсатында, сондай-ақ қоғамды тұтастай организм ретінде өмір сүруі мен қызмет етуін қамтамасыз ету мақсатында пайда болды.

Класстық күрестің шарттарына байланысты Ф. Энгельс рулық құрылыстың үйінділерінен мемлекеттің пайда болған үш негізгі – афиндік, римдік және ежелгі германдық нысандарын бөліп қарастырды.

Афиндер – бұл мемлекеттің пайда болуының ең «таза», классикалық нысаны, ол тікелей рулық құрылыстың ішінде дамитын таптық қарама-қайшылықтардан туындайды. Бұл үрдісте этаптық маңызға Тезейдің, Солонның, Клисфеннің реформалары ие болды.

Римдік мемлекеттің құрылыуының ерекшелігі бұл үрдістің плебейлердің римнің атақты тайпасымен – патрициялармен күресімен жеделдетілгендігі болды. Плебейлер жаулап алынған аумақтардың халқының бостандыққа ие адамдары болды, алайда рим тайпаларынан шетте болып, рим халқының бөлігі болмады. Жерге ие бола отырып, плебейлер салық төлеуге және әскери қызмет атқаруға тиісті болды, бірақ та қандай да бір лауазымға ие болуға құқықтары болмады, рим жерлерін қолдана алмады және оларға билік ете алмады. Негізгі революциялық күш ретіндегі плебейлердің патрицияларға қарсы күресі туысқандық қатынастардан тұратын, ежелгі қоғамдық құрылысқа қарсы күрес болды. Бұл күрестегі плебейлердің жеңісі ескі, топтық ұйымды «құртып», аумақтық бөліске және мүліктік өзгешеліктерге негізделген мемлекеттік құрылысты туындатты.

Ежелгі германдық мемлекеттің пайда болуы, қандай да бір дәрежеде, герман тайпаларының Рим империясының батыс бөлігін жаулап алуымен байланысты. Сол уақытта рулық құрылысқа ие бұл тайпалар өздерінің ұйымдарының көмегімен римдік провинцияларды басқара алмады, себебі топтық ұйым билік етуге қалыптастырылмаған еді. Мәжбүрлеу мен күштеудің арнаулы аппараты қажет болды. Қарапайым әскери бастық нағыз монархқа, ал халықтың игілігі корольдің меншігіне айналды; рулық құрылыс органдары мемлекеттік органдар болып қайта құрылды.

Мемлекеттің пайда болуының ерекше жолы Шығыста туындады, онда «өндірістің азиаттық тәсілі» (Египет, Вавилон, Қытай, Үндістан және т.б.) нысаны көбірек таралды. Мемлекеттің пайда болуының мұндай жолы бұл қоғамдардағы көлемді әлеуметтік жұмыстарды жүргізудің қажеттілігімен байланысты (ирригациондық құрылыстарды салу мен эксплуатациялау, суармалы жер шаруашылығын ұйымдастыру және т.б.). Сондықтан бұл жерде рулық құрылыстың әлеуметтік-экономикалық құрылымдары – жер қауымы, ұжымдық жеке меншік және осы тапсырмалардың сипатына сәйкес келетін өзге де құрылымдар берік, мығым болды. Ежелгі Шығыста пайда болған алғашқы мемлекеттер таптыққа дейінгі болды, олар бір уақытта селолық қауымдарды қанаумен де, және оларды басқарумен, яғни өндірістің ұйымдастырушылар еді.

Сонымен қатар, бұл теорияда экономикалық детерменизммен және таптық қарама-қайшылықтармен көбірек айналысып, сонымен қатар бір уақытта ұлттық, діни, психологиялық, әскери-саяси және мемлекеттің пайда болу үрдісіне әсер ететін өзге де себептердің дұрыс бағаланбағаны көрініп тұр.