Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лекции по ИК исправленные.doc
Скачиваний:
496
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
1.03 Mб
Скачать

ҚазГЗУ гуманитарлық заң колледжі

Қазақстан тарихы

пәнінен дәрістер жинағы

Какабаева Р.Е.

Астана

Мазмұны

  1. Қазақстан территориясындағы тас ғасыры

  2. Қола дәуіріндегі Қазақстандағы тайпалар

  3. Евразияның ерте көшпелілері

  4. Ғұндар империясы

  5. Ерте түрік дәуірінің ерекшеліктері

  6. 6-12 ғғ.-ғы Қазақстандағы мемлекеттер

  7. Көшпелі моңғол мемлекетінің құрылуы

  8. Батый ханның жаулаушылық жорықтары және Алтын Орданың құрылуы

  9. Қазақ халқының шығу тегінің тұжырымдамасы

  10. Қазақ хандығының құрылуы

  11. Қазақ-жоңғар соғысы

  12. Қазақстанның Ресей құрамына енуі

  13. 19 ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан

  14. Қазақстанның оңтүстігінің Ресейге қосылуы

  15. 19 ғ екінші жартысындағы Қазақстандағы реформалар

  16. 18-19 ғғ. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар

  17. 20 ғ. басындағы Ресей империясы

  18. Қазақстан Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында

  19. Азаматтық қарсылық жылдарындағы Қазақстан

  20. Жаңа экономикалық саясатқа көшу

  21. Индустриализация және оның Қазақстандағы ерекшеліктері. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру

  22. Соғыс қарсаңындағы әлемдегі оқиғалар. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы.

  23. Ұлы Отан соғысы. Экономиканы соғысқа бейімдеп қайта құру

  24. Соғыстан кейінгі жылдардағы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы

  25. 70-80 жж. Қазақстан

  26. КСРО ыдырауы және ТМД құрылуы

  27. 90 ж. Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық процестер

  28. Әлемдік қауымдастықтағы Қазақстан

Қазақстан тас дәуірінде

Адамзат қалыптасуының бастауы болып тас ғасыры есептеледі. Ол шамамен 2,5 млн. жыл бұрын басталып, біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ мыңжылдықта аяқталды, яғни 2 млн.-нан астам уақыт аралығын қамтиды. Тас ғасыры көне – палеолит, орта – мезолит, жаңа – неолит болып бөлінеді. Өз кезегінде палеолит төменгі, орта, кейінгі болып бөлінеді. Бұл периодизация алғашқы адамның жалпы Жер бетінде және жекелеп алғанда протоқазақстандық территорияда тұрақтануын белгілеу үшін берілген.

Ең ежелгі адамның іздері Шығыс Африкадағы Танзанияда, Олдувай шатқалынан табылған. Оны “homo habilis” – «епті адам» деп, ал мәдениеті «шой тас» деп аталды, өйткені олар еңбек құралдарын дайындауға малта тасты пайдаланды: оның бетін ұрғылап, жару және кесу құралдарына лайықтады. Археологиялық ескерткіштердің табылған жері бойынша ежелгі мәдениет олдувайлық деп аталып кетті. Ол уақыт бойынша 2,5 млн. – 700 мың жыл бұрынғы кезеңді қамтиды. Бұдан бері 700 мың – 140 мың жыл бұрынғы аралыққа шель және ашель мәдениеттері (Франциядағы Шель және Ашель қалаларының атымен аталған) тән болды. Бұл мәдениеттер төменгі палеолитке кіреді. Орта палеолит – бұл 140 мың – 40 мың жыл аралығындағы кезең, Ашель және Мустье (Франциядағы үңгірдің аты) мәдениеттері қалыптасқан уақыт аралығы.

Қазақстан аумағындағы ежелгі адамдар іздері төменгі палеолит кезеңіне жатады. 1958 ж. археолог Х.Алпысбаев Қаратау жотасынан көптеген тұрақтар тапты.

Ерте палеолит дәуірінде (б.д.д. 2,5 млн. – 140 мыңжылдық) тас құралдар жасау тәсілі жарып түсіру техникасы, яғни малтатас мәдениеті (шой тас) деп аталған (шикізат ретінде өзен малтатастарын қолданған).

Ерекшеліктері: алғашқы адамдардың тас еңбек қүралдарын жасай білуі, аң аулау, терімшілікпен айналысу, тобыр болып бірігуі, хайуаннан еңбек құралдарын жасауы нәтижесінде бөлектенуі. Климаттың жылы және құрғақ болуы. Ерте палеолит дәуірінің археологиялық ескерткіштері:

Оңтүстік Қазақстан

Бөріқазған,Тәңірқазған, Қазанғап, Қарасу, Шабақты, Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ, Арыстанды

Орталық Қазақстан

Құдайкөл, Жаманайбат, Обалысай, Семізбұғы

Шығыс Қазақстан

Қозыбай

Батыс Қазақстан

Шабақтысай, Сарытас

Орта палеолит дәуірінде (б.д.д. 140-40 мыңжылдық) ежелгі адамдар оңтүстікте Қаратау жотасынан, солтүстікте Есіл өзенінің жоғарғы ағысына дейін, батыста Сарысу өзенінің жоғарғы ағысына дейінгі аралықты мекендей бастады. Осы кезеңде тас өңдеу әдісі жетілдіре түсті. Еңбек құралдарын дөңгелек тастан (нуклеус) жасау кеңінен тарады: өзектас шетінен ортасына қарай жару арқылы тас жарықшақтарын алу.

Ерекшеліктері: от алуды үйренуі, алғашқы діни сенімнің қалыптасуы, аналық рулық қоғамның белгілерінің байқала бастауы, неандерталь адамының пайда болуы.

Мустьерліктер өлген адамның аяғын бүгіп, бір қырымен жатқызып жерлеген. 1938 ж. Өзбекстанның оңтүстігіндегі Тесіктас үңгірінен 8-9 жасар неандертальдық баланың қаңқасы табылған. Мустьер кезеңінің археологиялық ескерткіштері Оңтүстік Қазақстаннан, Батыс және Шығыс Қазақстаннан табылды. Орталық Қазақстаннан табылған ескерткіштердің ең көнесі – Обалысай тұрағы.

Орта палеолит кезеңінің археологиялық ескерткіштері:

Оңтүстік Қазақстан

Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ, Тоқалы, Қызылрыспек, Үшбұлақ

Орталық Қазақстан

Обалысай, Мұзбел, Өгізтау І-ІІ, Үлкен Ақмаян

Батыс Қазақстан

Өңіжек, Аққыр, Құмақаж

Шығыс Қазақстан

Бөдене, Қызылсу

Кейінгі палеолит дәуірінің уақыты б.д.д. 40 мың жыл – 10 мыңжылдар аралығы. Бұл адамзаттың кең тарап қоныстанған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың құралған кезеңі.

Ерекшеліктері: қазіргі адамға ұқсас кроманьондықтың (саналы адам) қалыптасуы, жеңіл найза, ілмекті сүңгі, баспана сала білді, өнер мен діни сенім дамыды, аналық рулық қауым белгілері орнай бастады.

Кейінгі палеолитте еңбек құралдарын жасау әдістері одан әрі жетілдірілді. Бір нуклеустен бұрынғыдай 2-4 қалақ емес, 10-даған жұқа өткір тіліктер алынды (пышақ тіліктер). Тас өңдеу әдістері де жетілдіріліп, тастарды түзету (ретушь) арқылы өңдейтін болды. Осы кезеңде еңбек құралдарының 20-ға тарта түрі болған. Болас – оқ есебінде қолданылған домалақ тастар. Ірі жыртқыш аңдарды аулағанда пайдаланылған.

Қоғамдық қатынастар жетіліп, адамдардың бірлескен ұйымының алғашқы түрі – аналық рулық қауым қалыптаса бастады. Бұл – матрилокалды (ана жағымен тұйықталған) сипатта болды.

Кейінгі палеолит дәуіріндегі адамдар үңгірлер қабырғаларына жылқы, аң аулау сәттері және би қимылдарын бейнелеген. Сүйектен адам мүсінін ойып жасай білген, әсіресе рудың пірі болып саналатын әйел-ана бейнесі кең тараған. Жануарлардың бас сүйектерін, ортан жіліктерін саз әуенін жасауда пайдаланған. Күрделі діни сенімдерінің болғандығына жерлеу кезінде әшекейлік заттарды көму, денеге қызыл бояу жағу секілді ғұрыптар дәлел болады.

Қазақстаннан осы кезеңге тән баспаналар табылған жоқ, қазақстандық ежелгі адамдар таулы аймақтардағы үңгірлерді, үңгіме қуыстарды және жартас қалқасын баспана еткен.

Кейінгі палеолит дәуірінің археологиялық ескерткіштері:

Оңтүстік Қазақстан

Ащысай, Үсіктас

Орталық Қазақстан

Батпақ, Қарабас, Агренсор

Батыс Қазақстан

Аққыр Шақпақата, Өніжек

Шығыс Қазақстан

Свинчатка, Шульбинка, Пещеры, Новоникольский, Қанай

Мезолит кезеңі(б.д.д. 10 мың жыл – 5 мыңжылдар) аз зерттелген, сондықтан Қазақстан жерінен табылған ескерткіштер де сирек.

Ерекшеліктері: климат жылынып, мұз еруі басталды, ірі жануарлар азайып, кішігірім аң-құстар пайда болды, жебелі садақ, бумеранг, балық аулау құралдары, қайық шықты, дәнді дақылдарды өсіруге қадам жасалып, жануарларды қолға үйрете бастады.

Аңшылық үшін неғұрлым жетілдірілген қару түрлері қажет бола бастағандықтан жебелі садақ пен бумеранг ойлап табылды. Садақтың доғал және домалақ ұштары терісі бағалы аңдардың терісін бүлдірмей аулау үшін қолданылды. Сонымен қатар уланған немесе өртегіш жебелер де кең пайдаланылды. Шебер садақшы минутына 20 оқ атты. Тас өңдеу әдісі жетілдіріліп, пышақ тілгіштерге ағаштан сап орнату шықты. Балық аулау кең тарап, қайықты ойлап тапты.

Мезолит дәуірінде адам көптеген жерлерді игерді: Еуропа мен Азия, Сібір, бірте-бірте Америка материгі игерілді. Қазақстанда бұл дәуірдің ескерткіштері солтүстік және орталық аймақтарда кездеседі.

Мезолит дәуірінің археологиялық ескерткіштері:

Солтүстік Қазақстан

Мичурин, Боголюбово – 2, Явленка – 2, Телман – 7, 8, 9, 14, Виноградовка – 2, 12, Дачная, Евгеньевка, Дүзбай, Селетин, Ерейментау, Екібастұз

Орталық Қазақстан

Әкімбек, Қарағанды – 15

Келесі неолит және энеолит (тасты мыс дәуірі) кезедерінде (б.д.д. 5 мыңжылдықтан-2 мыңжылдықтың екінші жартысы) экономикалық және қоғамдық өрлеу басталды:

  • Жабайы жануарларды қолға үйрету;

  • Жер өңдеудің қарапайым түрімен айналысу;

  • Шаруашылық еңбек қалыптасып, өнім өндіру (өндіруші еңбекке көшу).

  • Ғылымда бұл құбылыс «неолит төңкерісі» деп аталды.

Ерекшеліктері:жерді өңдеу, мал шаруашылығымен айналысу, қыш ыдыс (керамика) жасау, тігін тігу, кен өндіру.

Бұл кезең – тас өңдеу техникасының әбден жетілген кезі. Адамдар тасты кесуді, жонуды, жылтыра тегістеуді меңгерді. Еңбек құралдарын дайындаудағы ірі жаңалық – тас сыналар (микролиттер) жасау. Тастың тұтқыр түрлерінен балта, кетпен, келі, келсап, ал граниттен дән үккіштер жасады. Кен өндірудің алғашқы белгілері пайда болып, мыс, қорғасын, алтын өндіру шықты.

Солтүстік-Шығыс Балқаш маңынан табылған құралдар яшма мен кварциттен жасалған. Ботай тұрағынан (Солтүстік Қазақстан, энеолит кезеңі) табылған жертөледегі жылқы сүйектері жабайы жауарларды қолға үйрету ісінің басталғандығын дәлелдейді.

Сексеуіл тұрағынан (Арал өңірі) табылған жылқы, сиыр мен қой сүйектері де осыны растайды. Сүйек өңдеу жетілдіріліп, біз бен ине жасап, жүннен, өсімдік талшығынан мата тоқып, киім тігуді үйренді.

Неолиттік ежелгі адамдардың жерлеу дәстүріндегі өзгерістер: Железинка ауылы (Солтүстік Қазақстан) маңынан табылған қабірде өртелген мәйіттің күлі (кремация) болған.

Бұл дәуір – тайпалар мен тайпалық бірлестіктер құрылған кез. Қазақстан жерінде 500-ден астам неолиттік және энеолиттік ескерткіштер бар. Неолит тұрақтары орналасу сипатына қарай 4 түрге бөлінеді:

  1. Бұлақ бойындағы тұрақтар 2. Өзен жағасындағы тұрақтар 3. Көл жиегіндегі тұрақтар 4. Үңгірдегі тұрақтар

Неолит дәуірінің археологиялық ескерткіштері:

Арал маңы

Сексеуіл (Арал тұрақтар тобы)

Оңтүстік Қазақстан

Қараүңгір, Қарақұдық, Бүркітті, Үшбұлақ

Шығыс Қазақстан

Нарым, Қызылсу, Сатшықыз

Солтүстік Қазақстан

Қаратомар, Иман-Бұрлық, Дамсы, Ботай

Батыс Қазақстан

Тоқсанбай, Сам, Көктүбек, Жағалбұлақ, Темір, Шатпақкөл, Құлсары, Шыңдыауыл, Сарықамыс

Орталық Қазақстан

Қосқұдық, Ырғыз, Қаратоғай, Батпақ

Солтүстік-батыс Қазақстан

Явленка, Калуга, Боголюбово, Виноградовка, Телман – 1, 10, Мақанжар, Тұздыкөл, Дүзбай, Бестамақ, Аманкелді.

Қазақстан аумағында табиғи аймақтар біркелкі болғандықтан және табиғи межелермен бөлінбегендіктен, онда біртекті материалдық мәдениет қалыптасқан. Неолит кезеңіне жататын бір-біріне ұқсас ежелгі тұрақтардан тұратын бірнеше археологиялық мәдениеттер қалыптасқан. Оларға Қазақстан мен Орта Азияның едәуір бөлігін қамтитын Батыс Қазақстандағы Келтеминар мәдениеті (Қарақалпақстандағы Келтеминар қаналының атымен аталған), Ақмола облысындағы Атбасар мәдениеті, сондай-ақ көптеген ескерткіштері Торғай жылғасында тұрған (Маханжар, Дүзбай және т.б. тұрақтар) Маханжар мәдениеті кіреді.

Келтеминар мәдениетінің (б.д.д. 4 мың ж. аяғы – 2 мың ж. басы, Қазақстан мен Орта Азия территориясындағы мәдениет) батыс қазақстандық варианты ерекше болып саналады. Бұл мәдениетке жататын қоныстар – 1989-1990 жж. Атырау облысынан табылған Шатпақкөл, Сарықамыс т.б. тұрақтары.

Тас дәуірінің ескерткіштерін зерттей келіп, Қазақстан жері – адамзат қоғамы қалыптасқан аймақтардың бірі деген ғылыми тұжырым жасалынып отыр.

Тарихи анықтама

“homo habilis” – «епті адам»

2,5 млн – 700 мың жыл бұрын өмір сүрді.

“homo erectus” –

«тік жүретін адам»

1 млн жыл бұрын өмір сүрді. Ол от жағуды қолдана білді, аңшылықпен, терімшілікпен айналысты. Ең көне еңбек құралдары – кескіш, қырғыш, тескіш, ұрғыштар.

“homo sapiens” – «саналы адам»

Б.д.д. 40 мың-10 мың жылдықтарда қалыптасты. Оның рухани салада түсінігі күрделеніп, дін мен өнердің алғашқы нысандары, негізінен жануарлардың кейіп-кескініне ену арқылы оларға билік жүргізу сенімі аңшылықтың сиқырлы піріне табынушылық кең тараған

Тарихи терминдер

1. палеолит

  1. Б.д.д. 140-10 мыңжылдықтарды алып жатқан тас ғасырының көне кезеңі

2. мезолит

  1. Б.д.д. 10-5 мыңжылдықтарын алып жатқан тас ғасырының орта кезеңі

3. неолит

  1. Б.д.д. 5-3 мыңжылдықтарын алып жатқан nтас ғасырының соңғы кезеңі

4. ретушь

  1. Тасты тегістеп түзету арқылы құралдар жасау әдісі

5. экзогамия

  1. Бір рудың өз ішінен қыз алысуға тыйым салу

6. патриархат

  1. Қоғамдағы ерлердің роліне артуына байланысты туған рулық ұйымның түрі

7. антропогенез

  1. Адамзаттың пайда болып қалыптасуының процесі

8. алғашқы қауымдық құрылыс

  1. Адамзат қалыптасуы мен өмір сүруінің ең ерте тарихи формациясы

9. эндогамия

  1. Бір рудың өз ішінде қыз алысу дәстүрі

10. «неолит төңкерісі»

  1. Жаңа тас кезеңінде иемденуші шаруашылықтан игеруші шаруашылыққа көшу, тоқымашылық пен керамиканың ойлап табылуы

11. энеолит

  1. Тас дәуірінен қола дәуірінен өтпелі кезең, немесе тасты мыс ғасыры

12. социогенез

  1. Әлеуметтік-қоғамдық ұйымның қалыптасу процесі

13. археология

  1. Қазба жұмысының нәтижесінде табылған тарихи ескерткіштерді зерттейтін ғылым

14. моноцентрлік теория

  1. Адамзат пайда болуының ошағы ретінде тек бір аймақты көрсетету

15. нуклеус

  1. Тас құралдарын жасауда дөңгелек тастарды қолдану тәсілі

16. полигамия

  1. Екіден артық адамдар арасындағы некенің түрі

17. полицентрлік теория

  1. Адамзат пайда болуының ошағы ретінде бірнеше аймақтарды көрсету

18. периодизация

  1. Тарихи кезеңдеу, ірі тарихи уақыт аралығын бірнеше кезеңдерге бөлу

19. моногамия

  1. Екі адам, яғни ер мен әйелдің арасындағы неке

20. матриархат

  1. Қоғамдағы әйел ролінің үстем болуына байланысты қалыптасқан рулық ұйым