Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ЛЕКЦИИ по ВСЕМИРКЕ.doc
Скачиваний:
974
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
913.92 Кб
Скачать

ҚазГЗУ гуманитарлық заң колледжі

«Дүниежүзі тарихы» пәнінен

дәрістер жинағы

Какабаева Р.Е.

Астана

Мазмұны

  1. 19 ғ. аяғы мен 20 ғ. басындағы Европа елдері

  2. 19 ғ. аяғы мен 20 ғ. басындағы Солтүстік Америка елдері

  3. 19 ғ. аяғы мен 20 ғ. басындағы Азия елдері

  4. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы Латын Америкасы

  5. Соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар. Соғыстың себебі және сипаты

  6. Версаль-Вашингтон бейбіт жүйесі

  7. Соғыстан кейінгі кезеңдегі Европадағы дағдарыс

  8. Тұрақтану жылдарындағы Батыс елдері

  9. Әлемдік экономикалық дағдарыс және оның әр елдегі көріністері

  10. ХХ ғ. 30 жж. Европа және АҚШ елдері

  11. Екі дүниежүзілік соғыс аралығындағы Шығыс елдері

  12. 20-30 жж. Латын Америкасы елдері

  13. 20 жж. халықаралық қатынастар

  14. Әскери қауіп ошақтарының қалыптасуы. Европадағы фашизм

  15. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы

  16. Ұлы Отан соғысы және Жапонияның Тынық мұхиттағы әскери қозғалысы

  17. Антигитлерлік коалицияның құрылуы. Соғыс барысындағы түбірлі бетбұрыс

  18. Европада фашизмнің талқандалуы. Жапонияның жеңілуі және соғыс қорытындысы

  19. Соғыстан кейінгі бейбітшілікті реттеу және «Қырғи қабақ соғыстың» басталуы

  20. ХХ ғ. екінші жартысындағы Батыс Европа елдері

  21. ХХ ғ. екінші жартысындағы Орталық және Оңтүстік-Шығыс Европа елдері

  22. ХХ ғ. екінші жартысындағы АҚШ

  23. ХХ ғ. екінші жартысындағы КСРО

  24. ХХ ғ. екінші жартысындағы Африка елдері

  25. ХХ ғ. екінші жартысындағы Латын Америкасы елдері

  26. 50-60 жж.-ғы халықаралық қатынастар

  27. 70-90 жж.-ғы халықаралық қатынастар

19 Ғ. Аяғы мен 20 ғ. Басындағы Европа елдері

  1. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы Ұлыбритания

  2. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы Германия

  3. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы Франция

19 Ғ. Аяғы мен 20 ғ. Басындағы Европа елдері

Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдындағы екі-үш он жылдықтың ішінде Еуропа мен Солтүстік Америкада әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани өмірдің барлық салаларында аса ірі өзгерістер орын алды. Дүниежүзі тарихының бұл өтпелі кезеңінің мазмұны капиталистік буржуазиялық қоғамның орнығу кезеңі аяқталып, буржуазиялық революциялар дәуірінің өткендігімен айқындайды. Бұл онжылдықтарда Батыстың жетекші елдерінде конституциялық құрылыс нығайды. Сайлау құқықтарының кеңейтілуі, тұрақты партиялық-саяси ағымдар мен партиялардың қалыптасуы, жұмысшы таптың саяси партияларын қосқанда, парламенттік жүйелер мен парламентаризм принциптерінің нығаюына мүмкіндік туғызды.

Партиялар мен таптардың күресі ашық сипат алды. Консерватизм, либерализм, социализм және марксизм басты идеялық ағымдар есебінде толық қалыптасып, тиісті партиялар түрінде саяси көрініс тапты. Демократиялық қозғалыстар кең етек жайды. әйелдерді эмансипациялау (еркектермен теңдес құқық беру) үшін, мектептің зайырлылығы үшін, әлеуметтік заңдар үшін күрес, пацифизм сияқты демократиялық қозғалыстардың ауқымы кеңейе түсті.

ХХ ғ. соңында кәсіподақтар қарқынды дами бастады.

Ұлыбритания.

Экономикалық даму. ХХ ғ. екінші жартысын Англияда 1837 жылдан 1901 жылға дейін үздіксіз 64 жыл бойына билік жүргізген королева Викторияның атына байланысты «викториандық» деп атайды. Бұл кезең Ұлыбританияның отарлық империясының тез ұлғайып, ағылшын өнеркәсібінің әлі де болса дүниежүзінде бірінші орынды ұстап тұрған, нағыз күшейген кезі болатын.

Елде конституциялық монархия, паарламенттік құрылыс және қоспартиялық жүйе сақталды,. Парламент сайлауларында екі партия консерваторлар мен либералдар бәсекеге түсетін. Консервативтік партия ең алдымен жер иеленуші аристократия мен ірі буржуазияның бір бөлігінің мүдделерін қорғады. Либералдарды ірі және орташа буржуазияның көпшілігі мен жұмысшылардың едәуір бөлігі қолдады.

Жұмысшы қозғалысы.ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басы ағылшын жұмысшы қозғалысының өрлеу кезеңі болды. Ереуілдердің саны артты, 1868 жылдан Тредюниондардың Британдық конгресіне біріккен кәсіподақтардың саны көбейді. 1913 ж. олардың мүшелерінің саны 4 млн. адамға жетті. 1900 ж. олар парламентке жұмысшы депутаттарын сайлау үшін Жұмысшы өкілдігінің комитетін құрды. 1906 ж. комитет Жұмысшы (лейбористік) партия деп аталып, сол жылы сайлауға қатысып, парламентке 29 депутат өткізді. Сөйтіп, қоспартиялық жүйе шайқалды: консерваторлар және либералдармен қатар үшінші ықпалды партия – лейбористер партиясы пайда болды.

Буржуазиялық реформизм.Жұмысшы қозғалысының өрлеуі мен тап күресінің шиеленісуі либералдық партияның кейбір көреген қайраткерлерін әлеуметтік реформалардың қажет екендігін түсінуге алып келді.

Буржуазиялық реформизмнің алғашқы идеологтары мен практиктерінің бірі Ұлыбританияның көрнекті қайраткерлері Дэвид Ллойд Джордж болды. Ол 1908 ж. қаржы министрінің орынын алып, 1906-1911 жж. Парламентке жұмысшылардың жұмыс жағдайлары мен күнделікті өміріне байланысты заңдар топтамасын ұсынды. Оның бастамасы бойынша тегін бастауыш білім білім беру және тұрмысы нашар ата-аналардың балаларын мектептерде тегін тамақтандыру туралы заң қабылданды. Түнгі кезекте жұмыс істеуге шек қойылды, әйелдердің түнгі жұмыс істеуіне тыйым салынды. Жұмысты кездейсоқ жағдайлардан зақымданғандар тегін емделуге және мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алып тұру құқығына ие болды.

1908 ж. парламент жер астында жұмыс істейтін кеншілер үшін 8 сағаттық жұмыс күнін белгілеу және 70 жасқа толған еңбекшілер үшін қарттығына байланысты зейнетақы тағайындау туралы заңдар қабылдады.

Бұл әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін құрудағы маңызды қадам болды. Содан кейін жұмыссыздық пен ауырып қалған кезде жәрдемақы төлеу енгізілді, ол жұмысшылар мен кәсіпкерлердің сақтандыру салымдарынан және мемлекет тарапынан берілетін қаржылардан құралды.

Ллойд Джордж ұсынған 1909 ж. бюджеттің жобасы үлкен қоғамдық пікір туғызды. Ол жоба бойынша шығындардың 1% әлеуметтік реформалар жүргізуге бағыттау және теңіз қарулы күштеріне жұмсалатын шығындарды анағұрлым арттыру көзделген болатын. Шығындардың артуын ірі мүліктерге, жер меншіктері мен мұраларға салынатын салықтарды күрт өсіру, сонымен қатар темекі, спиртті ішімдіктер пен пошта маркаларына жанама салықтарды арттыту жолымен жабу көзделді. өзінің бюджет жобасын Ллойд Джордж «кедейлікке қарсы күрестің» басы және «байлықтың озбырлығын» құлатудың құралы деп есептеді.

Мүшелерін король өмірлік етіп тағайындайтын, құрамында жериеленуші және қаржы аристократиясының өкілдері көпшілік лордтар палатасы бюджет жобасын қабылдамай тастады.

1911 жылы қауымдар палатасы лордтар палатасының өкілеттіктерінің шектеу туралы заң қабылдады.

ХХ ғ. басындағы сыртқы саясат және Ирландия мәселесі.Англияның саяси өмірінде отаршылдық саясаттың рөлі ерекше болды. Бүкіл Африка арқылы солтүстігі Каирдан оңтүстігі Кейптаунға сдейін ағылшын иеліктерінің тұтас тізбегін жасауға тырысып, ағылшын өкіметі екі кішкентай оңтүстік-африкалық республика – Трансвааль және Оранжеваямен жанжалдасып қалды. Алтын мен алмас кендеріне бай бұл республикалардың халқы түбі голландықтардан шыққан ақ нәсілділер – бурлар болатын.

1899 жылы бурлар шекаралас отарларға орналасқан ағылшын әскерлеріне қарсы соғыс қимылдарын ашты. Екі жарым жылға созылған ағылшын-бур соғысы басталды. Бурлар Германияның, Англияның басқа да бәсекелестерінің көмегіне сүйенді, дүниежүзінің көптеген елдерінің қоғамдық пікірлері де олардың жағында болды. Олар асқан ерлікпен соғысты, бірақ екі жақтың күштері тең емес еді. Соғыс 1902 жылы бурлардың жеңілуімен аяқталды.

Кейбір отарлардың ақ нәсілді халықтарының мүддесін ескере отырып, Англия үкіметі оларға доминиондардың – Британ империясының өз парламенттері мен үкіметтері бар, өзін-өзі басқаратын бөліктерінің құқықтарын беруге шешім қабылдады. Австралия (1900), Жаңа Зеландия (1907), 1910 жылы Оңтүстік Африка Одағына біріккен бұрынғы бур республикалары доминиондарға айналды. Доминиондар метрополиялармен бірге империялық конференцияларға қатысатын болды.

ХХ ғ. басында Ирландиядағы жағдай шиеленісе түсті. Ағылшын парламенті гомрул (өзін-өзі басқару) туралы заң жобасын қабылдамай тастағаннан кейін, ирланд буржуазиясы мен зиялы қауымының ең радикалды бөлігі гомруль емес, Ирландияны толық азат етуге қол жеткізу қажет деген қорытынды жасады. 1908 ж. олар «шинн фейн» (ирландша «Біз өзіміз») деген партия құрып, ол өзінің басты мақсаттары ұлттық ирланд үкіметін құру, Ирландия экономикасын дамыту деп жариялады.

Жанжалдың етек алып кетуін қаламаған либералдар үкіметі 1912 жылы паарламентке гомруль туралы жаңа заң жобасын ұсынды. Ол ирланд парламентін және оның алдына жауапты жергілікті билік органдарын құруды, бірақ жоғарғы үкімет билігі ағышлын наместнигінің (вице-корольдің) қолында сақталуын көздеді.

Бұл шектеулерге қарамастан гомруль жобасы консерваторлар тарапынан күшті қарсылыққа ұшырады. 1912-1914 жж. қауымдар палатасы мақұлдаған заң жобасын лордтар палатасы екі рет қабылдамай тастады.

Әсіресе Ирландияның солтүстік бөлігі Ольстерден шыққан консерваторлар гомрульге қарсы шықты. өнеркәсібі күшті дамыған ирландияның бұл бөлігінің тұрғындары ирландықтар, ағылшындар және шотландықтар болатын. Католик дініндегі ирландықтардан өзгеше, протестанттар болып есептелетін ағылшындар мен шотландықтар тұрғындардың басым көпшілігін құрады. Ертеден Англиямен одақтасуды (уния) жақтаушы протестанттардың басшылары Ольстердің Ирландия парламентінің басқаруына көшуіне жол бермейтіндігін жариялады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда либералдар үкіметі ымыраға келді. 1914 жылы қыркүйекте қауымдар палатасы гомруль туралы заң жобасын үшінші рет мақұлдады. Ол заңға айналды, бірақ Ольстер оның әрекет аясына енбеді де, заңды іс жүзіне асыру соғыс аяқталғанша кейінге қалдырылды.

Германия

Мемлекеттік және саяси құрылысы. Франциямен Пруссия арасындағы соғыстар кейін герман жерлері 22 монархия мен үш еркін қаладан тұратын біртұтас Герман империясына бірікті. 1871 жылы империялық конституцияға сәйкес мемлекет басшысы император болып есептелді. Ал ол тек Пруссия королі болуы мүмкін еді. Император қарулы күштерді басқарды, соғыс жариялауға және бітім жасасуға құқылы болды. Ол үкімет басшысын (канцлер) тағайындады және орнынан алды, екі палатадан тұратын парламентті шақырып, тарата алды. Жоғарғы палата (бундесрат) сайланбады, оның құрамы барлық монархиялар мен еркін қалалардың өкілдерінен тағайындалды. Төменгі палата (рейхстаг) жалпыға бірдей дауыс беру жолымен сайланды, бірақ сайлауға әйелдер мен әскерилер қатыстырылмады. Парламент құқықтары шектеулі болды, өйткені ол қабылдаған заңдарды император бекітуі тиіс еді.

Экономикалық даму.ХІХ ғ. соңында Германияның өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы жедел қарқынмен дамыды, ал ХХ ғ. бірінші онжылдығындағы Германия негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша Англияны басып озды. Оның бұл басымдылығы әсіресе сол кездегі алдыңғы қатарлы деп саналатын химия және электротехника сияқты өнеркәсіп салаларында аса жоғары болды. Аса ірі неміс банктері дүниежүзілік маңызға ие болды.

Бисмарк үкіметі. Бірінші герман императоры Пруссия королі І Вильгельм болды, бірақ елді іс жүзінде 1870 жылдан 1890 жылға дейін 20 жыл бойына императордың толық сеніміне енген канцлер Отто фон Бисмарк басқарды. Аса көрнекті саясаткер әрі мәмлегер, жаратылысынан ақылды, өте жігерлі, қайсар Бисмарк «темір канцлер» деген атқа ие болды. Оның ішкі саясатының негізгі бағыты империядағы билікті орталықтандыруға арнылды. Бисмарк үкіметі буржуазиялық реформизм рухында әлеуметтік саясат жүргізуден де қашпады. 1881 ж. Бисмарк «жұмысшылар заңдарының дәуірі» келді деп жариялады, кейінгі үш жыл ішінде рейхстаг жұмысшыларды өндірістегі кездейсоқ жағдайлардан және аурудан сақтандыру туралы заңдар қабылдады. 1889 ж. қарттыққа (70 жас) және еңбек қабілетін жоғалтуға байланысты зейнетақы жөнінде заң қабылданды. 1891 ж. 11 сағатты жұмыс күні және жасөспірімдердің (13-ке дейінгі) еңбегін пайдалануға тыйым салу туралы заң жарық көрді.

1890 ж. Бисмарк орнынан түскеннен кейін жаулап алушылық идеологиясы күшейе түсті. Ол консерваторлар мен ұлттық либералдардың бір бөлігі мен әскерилерді біріктірген пангермандық одақтың құрылуынан көрініс тапты.

Жаулап алушылыққа бетбұрыс. Пангерманизм доктринасы немістер басқалардан артық жаратылған халық, сондықтан да олар басқаларға үстемдік жүргізулері керек деп уағыздады. Пангерманистер басқа мемлекеттерге күш көрсету саясатын жүргізуге, қуатты флот пен армия құруға, соғысқа дайындалуға шақырды. Пангерманистердің жоспарлары бойынша Германия өзінің басқыншылық саясатын екі бағытта жүргізуге тиіс болды: батысқа (Англия мен Франция) және шығысқа (Ресей). Пангерманистердің үгіті үкімет тарапынан кең қолдау тапты. Армия үкіметтің ерекше қамқорлығына бөленді де, милитаризм үкіметтік доктринаға айналды.

ХІХ ғ. соңымен салыстырғанда, Германияның соғыс бюджеті 5 есе өсіп, 1913 ж. мемлекеттің барлық шығындарының тең жартысын құрады. Германия жанталаса әскери кемелер жасай бастады, 1914 ж. ол Англиядан кейінгі екінші теңіз державасына айналды.

Жұмысшы табы және социал-демократиялық партия.Ұлыбританиядан басқа елдерге қарағанда Германияда жұмысшы табы саны жағынан ең көп және ұйымшыл болды.

Неміс кәсіподақтарының саны 1913 ж. 2,5 млн. адамнан асты, негізінен жұмысшылардан тұратын герман социал-демократиялық партиясының құрамында 1 млн. аса мүше болды.

Франция.

1870-1871 жж. француз-прус соғысындағы жеңілгеніне қарамастан, Франция экономикалық мүмкіншіліктері зор, күшті армиясы мен ірі флоты, қуатты отаршыл империясы бар ұлы мемлекет болып қала берді. Англия мен Германиядан өзгешелігі Франция аграрлы-индустриалды ел еді: оның халқының көп бөлігі (40%) ауыл шаруашылығында еңбек етті.

Францияның ауыл шаруашылығындағы ұсақ шаруалар иеліктерінің үлесі басым болды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы Германия мен Англиядағы қол жеткен дәрежеден едәуір төмен болды.

1914 ж. Франция автомобиль шығару жөнінен екінші (АҚШ-тан соң) екінші орынға шығып, авиация, химия және электротехника өнеркәсіптерінде айтарлықтай табыстарға жеткенімен, станок жасау саласында едәуір артта қалды.

Үшінші Республика. Үшінші республика 1870 ж. жарияланғанымен, конституция тек 1875 ж. қабылданды.

Үшінші республиканың басшылары өздерін Ұлы Француз революциясының (1789-1799) жалғастырушыларымыз деп жариялады.

ХІХ ғ. соңында Францияның саяси өміріндегі басты мәселе монархистер мен республикашылардың арасындағы күрес болды. ХХ ғ. басында оңшыл республикашылдар мен солшыл (радикалдар) республикашылдар арасындағы күрес басты мағынаға ие болды.

Социалистік ілімдер де едәуір ықпалға ие болды. Францияда социалистердің әртүрлі ұйымдары мен партиялары әрекет етті, олар революцияшыл бағыттарды да реформистік бағыттарды да ұстанды.

Революциялық және социалистік дәстүрлермен қатар Францияда монархияшыл және клерикалдық дәстүрлер де орыне алды. 1910-1914 жж. арасында Францияда 13 үкімет ауысты.

Радикалдар билік басында.1902 жылы парламент сайлауында антиклерикалдық және әлеуметтік реформалар өткізуге, оның ішінде зейнетақы мен 8 сағаттық жұмыс күні туралы заң қабылдауға уәде берген радикалдар мен социалистерден тұратын солшыл одақ жеңіске жетті.

1902-1905 жж. радикалдар парламент арқылы шіркеуді мемлекеттен және мектептен бөлетін бірсыпыра заңдар өткізді, ұждан бостандығы мен барлық діндердің теңдігі сақталып қалынды, бірақ мемлекет олардың ешқайсысын да қолдап, қаржыландырудан бас тартты. Мемлекеттік мектептерде дін сабақтарын өтуге тыйым салынды, бірақ дінге сенетіндердің балалары мектептен тыс діни сабақтарға баруға ерікті болды.

Радикалдар уәде еткен басқа реформалардың іске асырылуын тежеуілдетті, тек 1910 ж. ғана Францияда зейнетақы туралы заң қабылданып, оған байланысты қарттық бойынша зейнетақы 65 жастан кейін төленетін болыды.

Сыртқы саясат. ХХғ. Франция Германияға қарсы бірлесіп күресу мақсатымен Англиямен жақындасу бағытын ұстанды. 1904 ж. Солтүстік Африка мен Қиыр Шығыстағы территориялық талаптарды өзара реттестіру жөніндегі ағылшын-француз келісімі жасалды, ол «шын жүректен жасалған келісім» («Антант кордиаль») деген атты иеленіп, ағылшын-француз одағын құрудағы алғашқы қадам болды.

Осы келісімге арқа сүйеп, Франция 1912 ж. Африканың Солтүстік-Батысында орналасқан пайдалы қазбаларға аса бай ел – Марокконы басып алды.