Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

20 дріс

.docx
Скачиваний:
37
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
27.68 Кб
Скачать

20-тақырып. Д.Исабеков шығармашылығы

Мазмұны: Шығармашылық өмірбаяны. Әңгімелерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері. Жазушы повестерінің қазақ әдебиетінен алатын орны. Шығармаларындағы психологим, сюжет құру ерекшеліктері

70-80 жылдары қазақ әдебиетіндегі көрнекті, дарынды жазушылардың бірі – Дулат Исабеков. Алғашында әңгіме жанрында қалам тартқан жазушының сәтті туындылары повесть жанрына тиесілі деп айта аламыз. Бұл жөнінде Д.Исабеков шығармашылығын зерттеген сыншы Қ.Ергөбеков былай деп жазады: «Творчестволық эволюцияның батыл да еркін көрінер жанры – повесть. Енді роман өмір сүре ме, жоқ па деген айтыстың тууына себепкер осы аралық жанр. Білімді әдебиетші Лев Якименконың айтуына қарағанда, роман-эпопея секілді, повесть-эпопея деген жанр үлгісі болмақ, жазушыны қайдам, алаңы көп, уақыты аз қазіргі оқушы повесті жақын тартып көбірек оқиды. Әңгіме болып отырған Дулаттың да оңтайы повесть секілді көрінеді, жазушының ізденуі мен өсуі осы аралық жанрда айқын аңғарылады. Алғашқы «Бекеттен» кешегі «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесіне дейін осы аралық жанрда көріне аршындай өсті». Шындығында да, повестің жанрлық мүмкіндіктері өте зор.

Оның басқа жанрларға қарағанда өзіндік артықшылықтары бар. Қазақ прозаиктері идеялық-тақырыптық және көркемдік-стильдік тұрғыдан зерттеушілердің назарын аударған шығармаларды дүниеге әкелді. Осы повестерді оқи отырып, олардың реалистік сипатын, философиялық астарын сезінеміз. Авторлар бұрынғыдай сюжетті ойдан шығарудан, схемалық кейіпкерлер сомдаудан бойын аулақ ұстай бастады. Сюжет көбінесе өмірлік жағдайлардан туындап, характерлердің даму үрдісінде қалыптасты. Бұны Д.Исабеков повестеріне де қатысты айтуға болады: «Жазушының алғашқы шығармаларын кейін жазылған шығармаларымен салыстырғанда жанр мүмкіндігін тиімді пайдаланып, тынысты суреткерге айналғанына куә боламыз. Оның шығармаларының ішкі мазмұны да терең. «Гауһар тас» - бір семьяның, «Пері мен періште» - ерлі-зайыпты екі адамның жан дүниесіне жасалған барлау. «Тіршілік» - Кемпір мен шал, «Сүйекшіде» - адамнан аруаққа айналған жанның ішкі әлемі, психологиялық өзгеру күйлерін талдау. Осы шығармаларда өткен ғасыр оқиғасы да, бүгінгі күн оқиғасы да бар. Онда бай әулетінің екі-үш ата тарихы, Тұңғышпен тамамдалғалы тұрған кедей әулетінің тарихы да қамтылған. Дулат шығармалары ішті, тынысты дейтін себебіміз де сондықтан. Оқиғаның мол қамтылуы - әр геройдың дербес характер ретінде толық ашылуына кедергі келтіруі де мүмкін-ау. Қазіргі қазақ прозалсы астар ашпайтын, мінез дараламайтын ситуацияларды молырақ қуып кетті. Мұның өзі көркемдікке жат (антихудожественный) өлі сурет, бостекті сөз болып береді. Ал Дулаттың қай шығармасында да негізгі түйінді мәселеге қатысы аз жайлар информация деңгейінде қысқа хабарланады. Қ.Ергөбеков Д.Исабековтің повесть жанрындағы өзіндік ізденістерін, атап айтқанда, аз сөзбен көп нәрсені сырын аша білетін, жалқыдан жалпыға талдау жасайтын шеберлігін дөп басып көрсетеді.

Қазақ әдебиеттану ғылымында Д.Исабеков шығармашылығы аз зерттелді деп айта алмаймыз. 70-80 жылдардағы қазақ прозасының поэтикасы мәселелеріне арналған еңбектерде қаламгер шығармашылығының кейбір қырлары қарастырылған. Мәселен, Г.Ержанова қазіргі қазақ повестеріндегі психологизм табиғатының өзіндік ерекшеліктерін зерттей келе, Д.Исабековтың «Сүйекші», «Тіршілік» повестерінде кейіпкерлерінің жан дүниесіне терең үніліп, оның ішкі қалтарыстарын, психологиясын көрсету шеберлігіне тоқталады. Ал, зерттеуші Ж.Жарылғапов суреткер повестеріндегі трагизм болмысына үніледі. Ғалым Д.Исабековтің қазақ әдебиетінде сирек кездесетін кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін психологиялық талдауға барғанын баса көрсетеді. Сондай-ақ, қазақ қалагерлерінің шығармашылығындағы философиялық бастауларды зерттеген М.Арғынбаева этикалық адамгершілік категориялардың қаламгер туындыларындағы көрінісіне назар аударады.

Жоғарыда аты аталған зерттеушілер Д.Исабеков повестерінің сюжет ерекшеліктеріне арнайы тоқталмайды, өздерінің зерттеу тақырыптарына байланысты қаламгер туындыларындағы трагизм табиғатына, адам концепциясына, психологизмнің қыр-сырларына үңіледі.

Жазушының «Сүйекші», «Тіршілік» повестерін жанрлық түрі жағынан философиялық повестер қатарына жатқызуға болады. Осы шығармалар хақында Қ.Ергөбеков былай дейді: «Тіршілік», «Сүйекші», «Дермене» повестерінде автордың суреткер ретінде толыса түсіп түйген ойы, екінші бір концепциясы бар. Табиғаты бір-біріне жақын, үшінші жақтан баяндалатын, көлденең екінші бір кісінің тағдырына тікелей авторлық талдау арқылы айтылатын ол ойлар – аумалы-төкпелі дүние, өмір мен өлім ара қатынасы, тіршілік сыры, жеке адам және тағдыр салмағы, ұрпақ жалғастығы жайында».

Д. Исабековтің оқырман қауымды да, әдебиеттанушы сыншыларды да елең еткізген шығармасының бірі – «Сүйекші». Қазақ ұлттық әдебиет сыны аталмыш повестің философиялық қатпары мол туынды екенін атап өтеді. Сыншы Ә.Бөпежанова : «Ал жазушы творчествосынан сарын іздесек, шығыс поэмаларынан да, тіпті Толстойдың көпке мәлім «қорлық жасағанға қорлық жасама» принціпінен емес, кезінде бізде ағаш аттың басына ілінген, батыс философиясының, сондай-ақ әдебиетінің де қуатты ағымы-экзистенциализммен үндестіктерді зерделер едік», - деп жазады. Зерттеушілер Ж.Жарылғапов, М.Арғынбаева да жазушы повестеріндегі экзистенциализм көрінісіне назар аударады. Ж.Жарылғапов Д.Исабеков шығармашылығына әлемдік әдеби-философиялық ағым-эксзистенциализмнің әсері болғандығын ашып айтады.

«Сүйекші» повесі жазушының тақырып таңдауымен, тосын характер жасауымен қызықтырады. Бұл туралы Т.Тоқбергенов: «Сонда «Үндеместің» көп талқыға соқтырмайтын себебі, типтік емес жағдайдан типтік шындықтың жарқ беріп көрінуінен бе деп ойлаймыз. Оқушы тосын жәйтке тосырқай қарауы әбден қанық. Оның үстіне жақсылықтың үнсіздігінен, көнбістігінен, төзім шексіздігінен жамандық жеңіліп жатса, ой тереңдігін тілейтін, түсінік-түйсіктің молдығын тілейтін қиындық келіп тумас па?!», - дейді. Шындығында да бұған дейін қазақ әдебиетінде көр қазушы, диуана тағдыры туралы жазыла қоймаған еді. Жалпы, повестің фабуласы өте қарапайым. Бұл жерде көңіл аударатын жайт: фабула мен көркем сюжеттің ара қатысы.

Ғалым К.Ахметов та фабула мен сюжеттің айырмасын: «Егер фабуланы әңгімелеп беруге болатын болса, сюжеттің көркемдік мәнін шығармада көрінетін авторлық баяндау ерекшеліктері ғана жеткізе алады. Сюжет пен фабуланың ара жігін ажыратып қарастыру қажеттігі түрлі себептерден келіп туындайды. Мәселен, жазушы болған оқиғаны болған күйінде рет-ретімен баяндамауы да ықтимал. Бұл тұрғыда фабуланы «болған оқиға» деп, ал сюжетті «сол оқиғаның оқырманға көркемделіп жеткен түрі» деп айтуға болады. ...Шығарманың көркемдік маңызы фабулаға емес, оның (яғни, фабуланың) шығармашылықпен игерілген көркемдік сипатының сюжетте тереңдетіле бейнеленуіне қатысты», - деп нақтылай түседі.

Сонымен, өмірлік деректердің тұжырымдамасы бола отырып, фабула шығарма сюжетінің негізін құрайды. Фабуладан сюжет қалыптасады, бұл процесте фабула өзгеріске ұшырайды. «Сүйекші» повесінің сюжетіне негіз болған өмірлік оқиға туралы Д.Исабековтің өзі былай дейді: «Қар аралас жаңбыр жауып, денені суық қарыған қара күздің бірі еді, қатарлас жолдасымыз көз жұмып, тәнін жер қойнына тапсырмақ әрекетте жүрдік. Көр қазушы бір ноғай кісі. Ол өз міндетін атқарып жатты. Ал мен күрегі топырақты көсіп алып сыртқа лақтырған сайын оның кәсібі, тағдыры жайлы ойлаумен болдым... . Қойшы әйтеуір әр алуан сауал қаумалап жауап күтті. Шығарма жазсам деген ой маған сол сәтте келді. Ойымды жинақтадым да оқиғаны оңтүстік өлкесні көшіріп, шығарма жаздым».

Кішкентай ғана оқиға, тіпті ой түрткі. Осы ой түрткі шығарманың жазылуына қозғау салған. Өмірлік оқиғамен шығармадағы ұқсас тұсы – Тұңғышқа көр қазуды үйрететін ноғай шалы. Болған оқиғадан сақталып қалған жұрнақ сол ғана. Бұл – жазушының шығармашылық қиялының байлығын аңғартады.

Шығарманың бас кейіпкері – Тұңғыш. Өмірі бір повеске арқау болған бұл орталық кейіпкер – рухани дүниесі аяусыз тонауға түскен, құр сүлдері ғана қалған, ойы мен жаны басқаларға беймағлұм қауқиған тіршілік иесі: «Мұны шаһардағы көп адам біледі, ал бұл олардың бір де бірін танымайды. Бірақ, мұны білетіндердің ешқайсысы осы бір адамның өзгелер сияқты қайғы-қуанышы, күйініш-сүйініші, мұрат-мақсаты бар болар-ау деп ешқашан ойлаған емес. Білетіндері сол баяғы Үндемес қана, өзгелер үшін бұл ауырмайды, сырқамайды, қатын-балам болса екен деп тәңіріден тілемейді де, осылай ілбіп жүріп ақырет сапарға аттанғандардың ақтық орнын екі-үш күн дайындай береді. Және кім болса ол болсын хан ба, қара ма, мүсәпір ме, кісәпір ме, жас па, кәрі ме – оған бәрі бірдей. Қара жер бәріне жетеді, тек марқұмның артында қалған ағайын-жұрағаты қалай дейді, бұл солай етеді. Онысына алақан жайып ақы да сұрамайды, кім не берсе соны алады, аз берсе налымайды, көп берсе көпсінбейді. Тұңғыштың осындай бүкіл сезім дүниесі өліп кеткен үндемеске айналуына дейінгі аралықта жеке бір адамның тағдыры жатыр. Автор нысанасы да – адамның жүрек қазынасының тоналуы, адамның тірі аруаққа айналу процесін көрсету. Шығарма сюжеті автор нысанасын айқындау мақсатына орай құрылған. Бұл тұста сюжетті «адам характері, іс-әрекеті, тағдыры, қарама-қайшылықтары, қоғамдық тартыстар мәні ашылатын оқиға немесе ой-сезім қозғалысы», - деп түсінгеніміз абзал. Повестің сюжеті де үлкен өмірден қағыс қалған Тұңғыш болмысының мәнін ашуға бағытталған. Жалпы повестің сюжеті өзіндік өзгешелігімен көзге түседі.

Әдебиеттану ғылымында сюжет дамуының өзіндік заңдылықтары бар, яғни оқиға хронологиялық тәртіп бойынша дамуы керек деген қағида қалыптасқаны белгілі. Бірақ «қазіргі қазақ повестерінің композициялық құрылымындағы еркіндік анық көзге түседі. Одақтық және шет елдік әдебиеттер тәжірибесінен хабардар авторлар повестерін күтпеген жерден бастап, аяқтайды. Повестегі оқиға хронологиялық тәртіп бойынша сатылы дамитын, яғни дәстүрлі, уақыт тезінен өткен құрылымдар қазіргі жазушыларды қанағаттандырмайды. Сондықтан соңынан немесе ортасынан басталатын, не символдық астары бар мифологиялық сюжетке құрылған повестерді көптеп кездестіруге болады».

Д.Исабековтің «Сүйекші» повесі де осындай шығармалардың қатарына жатады. Бұл ерекшелік авторлық ұстанымның сипатымен, уақыт-кеңістік фактордың рөлімен түсіндіріледі. Повесть «соңынан» басталады. Өзінің анадан шыр етіп туып, азан шақырып қойған аты Тұңғыш болса да, былайғы жұрт оны ауыз ашпас тұйық мінезіне қарап Үндемес атап кеткен-ді. Бұл қосалқы ат өзіне қашан тағылды, кім тақты – ол жағын ешкім де тіпті, Тұңғыштың өзі де білмейді. Осы бір кішігірім шаһарға ол қашан келді, қайдан келді – оны да сұрап біліп жатқан бір жан жоқ, бар білетіндері – жалаңаш денесіне киген түйе жүн шекпені қысы-жазы үстінен бір түспейтін құнжиған молашы шал. ...Ол жасының нешеде екенін де білмейді, есептеп те көрген жоқ. Бұл жарық дүниеде аз жасады ма, көп жасады ма, рахат көрді ме, бейнет көрді ме, бағы ашылған ба, соры қайнаған ба, бұл жағынан да ойлап толғамайтын секілді».

Повестің бұлайша «соңынан» басталуы ішкі тақырыпты ашуда, белгілі бір психологиялық атмосфераны қалыптастыруда ерекше қызмет атқарады. Жазушы ретроспекциялық тәсіл арқылы Тұңғыштың осындай мүшкіл күйге қалай жеткенін баяндайды. Тұңғыш өлерінің алдында өткен өмірін еске түсіреді. Осы естелік повестің негізгі сюжеттік желісі болып табылады.

Тұңғыш адамдар арасында жалғыздық күйін кешеді. Тұңғыш тағдыры басқалардың тарапынан ұмытылған тағдыр. Оның ата-бабасында жоқ кәсіп – көр қазушылықпен айналысуының өзі көп жайды аңғартады. Оның пешенесіне жазғаны тек мола қазу тәрізді: «Өзгелерге ол тек мола қазумен ғана күн көріс жолына түскен бір бейбақ боп қана елестейді және осы бір кәсіпті тағдыр оның маңдайына өшпестей етіп жазғандай, анадан туғанда басқалар секілді би, болыс, молашы болуды көксегендей көреді». Адамдар да оның өмірінің тек бір қырын көреді де, көкірегіндегі сәулені көрмейтіндей. Повестегі қазіргі мен өткеннің алма-кезек ауысып отыруы – кейіпкердің сыртқы және ішкі болмысының арасындағы байланыс тәрізді. Бұның өзі аталмыш туындыны субъективтік бастауы айқын аңғарылатын повесть – еске алу деп атауға мүмкіндік береді.

Повестегі оқиға автор атынан баяндалады. Бұл баяндауда Тұңғыштың жадысы, өткенін еске түсіруі бірінші орынға шығады: «Ол қайғылы балалық кезінің сонау бір сәттерін есіне алды». Осыдан кейін бас кейіпкердің тағдыры баяндалады. Қан базардай құжынаған адамдар арасында бөтен, жалғыздық қамытын киген елеусіз ғана Тұңғыштың да тірі пенде екенін, оның да өмір сүргісі келетінін, оның да қуанышы, қайғысы, күлкісі мен көз жасы барын ешбір әсірелеусіз суреттейді. Тұңғыштың өмірбаяны, қасіретке толы өмірі оқырманның көз алдында өтеді. Тұңғыштың бүгінгі күнгі сезім сергелдеңінің сыры оның артта қалған ғұмырында. Сондықтан да бас қаһарманның өткен өмірін баяндауда автор Тұңғыштың реалистік психологиясын беру үшін оның өмірін тарихи-хронологиялық үлгіде суреттеуге ден қояды да характердің қалыптасу тарихына назар аударады. Бұл тұрғыдан алғанда повестің бойынан роман жанрына тән белгілерді байқаймыз.

Біз көбінесе бүкіл бір дәуірді, заманды бейнелейтін романнан өзгешелігі повесть кейіпкердің белгілі бір өмірлік кезеңін лайықтап алады да, осы үзікте оның тағдырының күрт өзгеріске ұшырағанын көрсетеді деген ұстанымды басшылыққа аламыз. Бірақ Д.Исабеков повестері романға жүк болар өмірлік материалды повестің ауқымына сыйғызуға болатынын дәлелдейді.

Жазушының ретроспекциялық тәсілді қолдануы басқа жазушыларға қарағанда өзгешелеу. Мәселен, Ә.Кекілбаев кейіпкерлері (Еңсеп, Жөнейіт) өлім табалдырығын аттағалы отырғанда бұл өмірде не үшін, кім үшін өмір сүрді, нені жоғалтты, неге қол жеткізгенін сараптауға ұмтылды. Сондықтан повестің өн бойында баяндаудың эксперессивтік әуені сақталады.

Бір қарағанда, шығармада сюжеттің өзегі болып келетін тартыс, қайшылық жоқ сияқты. Табанды күресті талап етпегеннің өзінде, Тұңғыш ең болмағанда өз тағдыры үшін неге жанталаспайды, неге күреспейді деген сауал туындауы мүмкін. Бірақ авторлық ұстаным тұрғысынан қарағанда бұл ойдан қайтуға тура келеді. Қаламгер повестің жанрлық заңдылықтарын сақтай отырып, жалқыны жалпыға ұштастырып әкетеді, белгілі бір нақты адам өмірін талдай әңгімелеу арқылы ол тіршілік кешкен орта, өткен уақытқа барлау жасайды. Мұндай жағдайда әдеби кейіпкер әрі жеке характер, әрі белгілі бір уақытқа тән тип. Тұңғыш характерінен уақыт үнін, қоғам тынымын аңғарамыз.

Жазушы романдағыдай шырғалаңы мол тарихи оқиғаны молынан қамтып, адам характерін сол материал негізінде ашуға ұмтылмайды, керісінше, белгілі бір характер арқылы тарихқа барлау жасайды. Белгілі бір адам психологиясын зерттеу жолымен қоғам шындығына бойлайды, өткен мен қазіргі, болашақ жайлы, жалпы тірішілік мәні туралы жазушы толғанысы сол характер өзгешеліктері, кейіпкер тағдыры арқылы айтылады.

Жалпы трагедиялық әуен Д.Исабековтің «Тіршілік» повесіне де тән. мұнда жазушы адам тіршілігінің мәні неде деген мәңгілік сауалға жауап іздейді. Шығарманың орталық кейіпкерлері – Молдарәсіл мен Қыжымкүлдің шырғалаңды өмір жолына үңіле отырып, қаламгер адам проблемасын әлеуметтік талдаудан гөрі рухани құндылықтарды басты нысанаға алады.

«Тіршілік» повесі де «Сүйекші» тәрізді соңынан басталады. Повесть экспозициясында көкнәрші шал Киеван мен шүйкедей кемпір Қыжымкүлдің күйкі тіршілігіне куә боламыз. Жазушының экспозиция таңдаудағы шеберлігіне тағы көз жеткіземіз, себебі «экспозиция – тартыс туындаған ортаның, сол тартысты өмірге әкелген жағдайлардың суреттелуі». «Үйінен кеше түсте шығып кеткен Киеван түн жарым ауғанда ғана қайтып оралды. Кемпірі әлі ұйықтамапты. Ондық шамның түбінде сығырайып мәсісінің тесілген өкшесіне тері жамап отыр екен. Даладағы желдің гуілінен бе, әлде жалғыз отырып қиял тұңғиығына батқаннан ба, ол шалының үйге кіріп келгенін де сезген жоқ. Киеванның: «Нағып жатпағансың» деген ақырын шыққан дауысының өзі жалғыздыққа ұйыған денеге қырық жуалдыз сұққандай әсер етіп, кемпірі «көтек» деп баж ете қалды», - деген үзіндіден-ақ көп жайдың сырын аңғаруға болады.

Біздің ойымызша, Молдарәсілдің өмірбаяны Қыжымкүл образының трагедиялық халін таныту үшін алынғандай. Қаламгердің негізгі діттегені – Қажымкүлдің қарама-қайшылықты тағдыры. Сондықтан повестің «Шалы», «Кемпірі» деген бөлімдерінің әрқайсысында бас кейіпкерлердің шығалаңды өмір соқпақтары суреттеле келіп, «Екеуі» атты бөлімде екі жарты бір бүтін болған екі бейбақтың ортақ тіршілігі тілге тиек етілгенімен, негізгі сюжеттік желі – Қыжымкүлге қатысты өрбиді. Бұның өзі А.Нағыметовтің: «...повесте кейде тіпті жалғыз емес, әлденеше проблема қатар көтеріліп, соған орай әлденеше сюжет қатар дамығанның өзінде де, олардың бәрінен емес, тек біреуінен ғана көркемдік қорытынды шығарылады», - деген тұжырымын дәлелдейді. Шығармада осы басты сюжеттік желімен қоса Молдарәсілге байланысты қосалқы эпизод бар, бірақ жоғарыда айтқанымыздай, ол Қыжымкүл характерінің ашылуына қызмет етеді. Шегіністегі Молдарәсілдің өткен өмірінің суреттелуі жанр заңдылығына сәйкес өмір шындығын жалқыдан жалпыға қарай бейнелеу ерекшелігімен ұштасады. Себебі кейіпкер тағдыры үздік-создық болмай, бөлшектенбей тұтас және жан-жақты танылуға тиіс болғандықтан қаһарманның бұрынғы өмірі бейнеленетін лирикалық шегіністің маңызы өте зор. Көбінесе повесте романдағыдай кейіпкердің бүкіл өмір жолы суреттелмейтіндіктен, оның өмірінің белгілі бір үздігі ғана сюжеттік желіге арқау болады. Сондықтан лирикалық шегініс кейіпкердің қалыптасқан мінез-құлқындағы ерекшеліктердің сырын, оның қазіргі болмысын ашуда әдеби-көркемдік мәнге ие. Қаламгер шегініс арқылы Молдарәсілдің бүгінгі өмірінің құпиясын, Киеван аталуының себебін түсіндіруде оның санасында із қалдырған өмір елестеріне «саяхат» жасайды: «Осы бір көкнәр деген бәлеге қалай құмартып соңына қалай түсіп алғанын өзі де білмейді. Ілгеріде, осыдан жиырма - жиырма бес жыл бұрын қатты ауырып, топ етіп төсек тартып жатып қалғаны бар. Жұрттың дәрігер дегенді естімеген, есіте қалса тұра қашатын кез. Бұл үйінде үш-төрт күн жатып қалды. Сонда ауылдың бір тәуібі кеп зерен тостаққа толтырып, қап-қара ғып көкнәр езіп беріп ед».

Алғашында ауруға шипа деп татқан көкнәрдің дәмі Молдарәсілдің ендігі өмірінің мағынасына айналады. Жалғызбасты жігіт өзін ауылдың бел баласындай көреді. Топырақты өлім, торқалы тойдың атқарылуы осы Молдарәсілсіз өтпейтіндей. Оның елге істеген қызметі де көкнәрмен ғана өлшенеді. Осылайша елдің өзіне деген ықыласы ерекше деп санайтын Молдарәсіл кәйіпшіл Киеванға айналып шыға келеді: «Әкеңнен айнымай туған екенсің, тартсаң осылай тарт, ол кісі де ел үшін, жұрт үшін жаралған жан еді, өлімге жұмсасаң да ойланбайтын» деп арқасынан сөзбен қағады. Баласын алдаймын деп әкесін мақтап тұрғандарын, сол жалған мақтау арқылы олардың тұқымымен осы ауылдың ен салмаған сыпайы малайы болғанын аңғарттықпен абайсыз айтып қалғандарын жұмсап тұрғандардың өздері де байқамай қалса, сөз төркініне Молдарәсіл де көз жіберіп жатқан жоқ, ыржия күліп жұмысына кете барады».

Молдарәсілдің көкнәрға салынуының сырын ұғындырмақ болған жазушы гуманистік мәселелерді көтереді. Адамдар өз ғұмырының қамшы сабындай қысқалығын сезіне отырып, бір-біріне қысастық жасайды, саналы түрде бірін-бірі жойып жіберуге де бейім. Молдарәсіл де адамдар арасындағы жалғыздығынан, «бөтендігінен» жапа шегеді: «Дәл осы кезге шейін өзін осы ауылдың бел баласы санап, егер ауырып-сырқай қалсам бүкіл жұрт боп шулап, көңілімді сұрауға шұбырып келетін шығар деген берік байламда еді, бірақ екі күнен бері есігінен тірі пенденің сығалауы алдың күні-ақ шалдардың сөзінен секем алған көңілін біржола суытайын деді. «Япыр-ау, сонда пәленше – екем мынадай, пәленше –екем анадай» деп арқадан қағып, қолпаштап жүрген талайлар мені оп-оңай-ақ ұмыта салғаны ма? Мен іздемесем, мені іздейтін бір адамның жоқ болғаны ма сонша? Осы бойы өле кетсем, жаназам да шығарусыз қалатын түрі бар-ау шамасы!»».

Д.Исабековтің «Сүйекші» повесінде болсын, «Тіршілікте» болсын тағдыр тепкісіне түскен адамдардың сергелдең ғұмыры суреттеледі. Қазақта «пешене», «тағдыр» деген абстрактылы ұғым бар, өз тағдырына налығанда «пешенеңе жазылғаны осы ғой, оған не істей аласың» деп басу айтып жатады. Ал қаламгер Д.Исабеков адам маңдайына жазылған жайттарға тоқталып қана қоймай, «неліктен солай» деген сұраққа жауап іздейді. әр өмір құбылысына, әр оқиғаға, тағдырдың жазылуымен әр қилы жағдайларға тап болған кейіпкерлерінің ғұмырына ойлылықпен үңіледі. Бұл тұрғыда суреткер әдеби шегіністерді ұтымды пайдаланады. Шығармадағы сюжет композициясының бір ерекшелігі – жазушы бас кейіпкер өмірінің драмалық тартысқа толы тұсын, күрт өзгеріске ұшыраған кезеңін ретроспекция тәсілі арқылы бейнелейді. Мерзім жағынан алғанда да Қыжымкүл өмірінің аз ғана уақытын қамтиды. Бұның өзі де повестің жанрлық заңдылығына сәйкес болып келеді, себебі ол «адам тағдыры қалай да ұрымтал тұстан танылатындай, қоғамдық құбылыстар қалай да айқын ашылатындай оқшау оқиғаларды, басты мәселелерді шапшаң суреттеуге құлшына ұмтылады, бір ғана проблемены, жалғыз тақырыпты баса бейнелеуге барынша күш салады».

Егер «Сүйекші», «Тіршілік» повестерінде тағдыр тәлкегіне тап болған кейіпкерлердің сол тағдырға мойынсұнғанына куә болсақ, «Дерменеде» сүрініп барып бойын қайта тіктеген, адамдығын жоғалтпаған кейіпкермен жүздесеміз. Повесте лирикалық саз, психологиялық талдау, философиялық ой ерекше бірлік тапқан. «Дермененің» жоғарыда біз талдаған туындылардан айырмасы, жазушының сюжет құру ерекшелігінде. Бір қарағанда, шығарманың сюжеті, сюжетке негіз болған оқиға қарапайымдылығымен көзге түседі. Бірақ тереңдеп дендесек, жазушының күйбең тірлікте өкінішке орай, көп орын алатын оқиға арқылы адамгершілік, жақсылық пен жамандықтың, қатігездік пен кешірімділіктің көзге көрінбес күресінің астарын көрсеткісі келгенін байқаймыз.

Әдебиеттер:

  1. Ергөбеков Қ. Баянғұмыр. Сын мақалалар. – Алматы, 1991

  2. Ергөбеков Қ. Тағдырлар толғауы// Сөзстан. 6-кітап. - Алматы, 1985.

  3. Тоқбергенов Т. Жаңа буын, жаңа нышандар / Уақыт және қаламгер. 3-кітап. - Алматы, 1975.

  4. Исабеков Д. Екі томдық таңдамалы шығармалары. Т.1. Повестер. - Алматы: Жазушы, 1993

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]