Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

17 дріс

.docx
Скачиваний:
35
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
25.46 Кб
Скачать

17-тақырып. Х.Есенжанов шығармашылығы.

Мазмұны: «Ақ Жайық» трилогиясының қазақ әдебиет тарихында алатын орны. Трилогиядағы образдар жүйесі. Сюжеттік, композициялық құрылымы.

Қазақ жазушысы Есенжанов Хамза Ихсанұлы 1908 жылы 25 желтоқсанда бұрынғы Орал облысы, Шалқар көлінің жағасында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепте, Алматы мал дәрігерлік техникумында (1927-29) оқыды. 1933 ж. ҚазПИ-дің тіл-әдебиет бөлімін бітіреді. 1936 ж. Ленинградтың мемлекеттік өнер білімі институтының аспирантурасына түсті, бірақ Қазақстанға қайта шақырылып, 1938 жылға дейін республикалық мәдени, ғылыми мекемелерде, жоғары оқу орындарында жауапты қызметтер атқарды. Қазақ филормониясының, кейін Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры, сонымен бірге Қаз-ПИ-де орыс әдебиетінен оқытушы болып істеді. Аяқ астынан халық жауы болып шыға келген Хамза Есенжанов өмірінің өнімді еңбек ететін 17 жылын суық Сібірдің сұмдық түрмесінде өткізді.

Х.Есенжанов өзінің жазушылық жолын 1930 жылдары өлең, әңгіме жазудан бастады. “Әдебиет майданы” журналында “Өлеңтінің жағасында”, “Қызыл құмақ” дейтін әңгімелері жарияланды. Бастауыш, орта мектептер үшін оқулықтар, хрестоматиялар жазысты. И.С.Тургеневтің “Рудин”, И.Шуховтың “Өшпенділік” романдарын, М.Шолоховтың “Тынық Дон” романының І және 4-кітабын қазақ тіліне аударды.

“Ақ Жайық” роман-трилогиясы үшін авторға 1967 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. “Ақ Жайық” трилогиясының 1-кітабын 1957, 2 кітабын 1959, “Тар кезең” деген атпен 3 кітабын 1965 жариялады. 1972 ж. “Ақ Жайық” эпопеясының жалғасы саналатын “Жүнісовтер трагедиясы” романын жариялады. Есенжанов бұл шығармаларында Батыс Қазақстанда болған Азамат соғысы жылдары мен Кеңес өкіметі орныққан кезеңнің шындығын эпикалық кең көлемде суреттейді. Хамза Есенжанов романдары қазақ әдебиетінің роман жанрының шеңбері кеңи, толығу, көркемдеу мүмкіншіліктерінің молая түсуіне елеулі үлес қосты. Әдебиетке сіңірген еңбектері үшін Х.Есенжанов Еңбек Қызыл Ту “Құрмет Белгісі” ордендерімен марапатталды.

С.Досанов: «“Ақ Жайық” пен “Тынық Донда” біраз үндестік бар деп біз жоғарыда айттық. Ең алдымен атап, қадап айтарымыз бұл екеуі де кең құлашты, көп салалы әлеуметтік роман эпопея».

Жиырмасыншы ғасырдың басында Жайық өзенін жағалаған, тіпті кең байтақ қазақ жерін мекендеген халықтың халі қайғылы болатын. Ресей империясы мен қазақтың ұлы даласында кең қанат жайған революция мен азамат соғысы жазықсыз, жазықты жандардың қанын судай ағызды. Дон ка­зактары сияқты Жайық қазақтары да қақ айырылды. Замана дүрбелеңімен екіге бө­лінген бір халық бірін-бірі аяусыз қырды. Олардың арасында Ресейден ентігіп жет­кен, ақтар мен қызылдар болып алысқан орыстар да бар. Адам мен ажал беттескен сол топтың ортасында “Ақ Жайықтың” кейіпкерлері жүр. Жай жүрген жоқ, оқты күндер мен отты түндерде жандарын шүберекке түйіп атысып, шабысып жүр. Трилогияның үшінші кітабындағы бірінші сөйлемнен сөйлетсек: “Тартыс тас қамау­дың ішінде де жүріп жатты”.

Атыс пен айтыстың бір жағында ағайынды Жүнісовтер – қажының ұрпақтары Хакім, Әлібек, Әділбек және Мәмбет, Нұрым, Бақытжан Қаратаев, Мүкарама, Быков, Қален Көптілеуов, Шолпан, Белан, Дмитрев, Кәрімғали, Меңдікерей. Қарсы топ, қарсы бетте Халел, Жанша Досмұхамбетовтер және төтенше әскери соттың төрағасы Емуганов, сұлтан Арон Қаратаев, ақ генерал Михаев, аяу білмес Абы­лаев, жазалау отрядының бастығы Акутин. Осылардың бәрі де көркемдік жүк көтерген, Хамза Есенжанов талантымен сомдалған сом бітімді бейнелер.

“Тынық Дондағы” сияқты бір отбасы тағдыры негізгі желі болып тартылған “Ақ Жайықтың” үш кітабындағы алты бөлім, елу тарау, екі жүзге жуық эпизодта шашау шыққан шашыраңқылық жоқ. “Төңкеріс үстінде” деп аталатын бірінші кітапта ақтардың Орал қаласын басып алуы, “Шыңдалу” есімін иеленген екінші томда халық санасының оянуы мен күреске шығуы, “Тар кезең” атты үшінші шығармада Совет өкіметінің орнауы баяндалады. Жай ғана баяндалмайды оқиғалар мен кейіпкерлер тағдыры арқылы кең тыныс, кемел оймен суреттеліп, кестелі тілмен көмкеріледі.

“Ақ Жайықтың” бас кейіпкері – үш кітапта бірдей көрінетін, жай ғана бой көрсетіп қоймай бедерлі бейнеленіп, мінсіз мүсінделген Хакім. Трилогия оқиғасы реальное училищеде оқитын Хакімнің сүйген қызы Мүкараманы ойлап, онымен сүйіскен тәтті шақтарын еске алумен басталып, балаң бозбаладан күрестің от-жалынында шыңда­лып, революционер дәрежесіне жеткен жігіттің сүйіктісі Мүкараманың қан жұтқызған қазасына тап болған қайғылы оқиғамен, сонан соң Бақытжан Қаратаевтың халық алдында жалынды сөз сөйлеуімен аяқталады.

Қанішер Абылаев басқарған елу офицердің “түнде төсекте бейғам жатқан” екі жүз жасақшыны қырып салған Ащысайдағы қанды оқиға оқушының сай сүйегін сырқы­ратады. Сол қаралы түнгі қанды өртте Хакімнің Мүкараманы жаны ышқынып іздеген, сәлден соң оның өлі денесін көрген сәті трилогияның ең бір көркемдік биікке көтерілген тұсы.

Трилогияның сюжеттік желісі мен композициялық құрылысын сымға тартқандай сұлу тізген автор бас кейіпкер Хакімнің жандүниесіндегі күйзелісті тамыршыдай тап басып, тамаша бейнелеген. “… Сүйген жардан, тел өскен бауырдан. Бірге оқыған жолдастан айырылып, аз күнде өлік жандай қуқыл тартып кеткен Хакімнің тек өңі емес, іші де қуқыл, дене жансыз, кеуде бос қуыс, ой мұздай, көңілі суып қалған”.

Әртүрлі әлеуметтік топтардың тартысын шебер суреттеген жазушы әр кейіпкердің жан дүниесін жарқыратып ашумен қатар олардың іс-әрекетіне оқушыны сендіре біледі. Бір ғана мысал. Етегін жел ғана желпіген, тәні де, жаны да таза ауыл қызы Зағипаның ақтардың әскері зорлап, абыройы ашылғаннан кейін ашынып, у ішіп өлуі де, жаратылысынан қатыгез Абылаевтың жауыздық іс-әрекеттері де олардың бітім-болмысына сай сенімді суреттелген.

Тартыс таразысында – бір-бірімен кереғар екі өмір: Совет үкіметінің жолында қасық қанын қиюға дайын революционерлер (Әйтиев, Ипмағамбетов), жаңа өмірге бетбұрыс жасаған халық, қалың бұқара (Мәмбет, Қажымұхан), әділет жақтастары (Жүніс қажы) және олардың жолына тосқауыл, ескілік сойылын соғушы ақ қазақтар, генерал Михеев, революцияның қас жауларының бірі, қайырымсыз, қатігез Шұғыл бай.

Контрореволюциялық бүліктен кейін жасырын атпен, құпия ел аралай жүріп дала қазақтарына ауылдағы тап тартысының сырын түсіндіретін, адамдар санасында әлеуметтік үлкен өзгерістерді дайындаған Әбдірахман Әйтиевтің астыртын істері мен Шұғыл тұқымының озбырлығына қарсы бас көтеріп, әділет жолын құптайтын ақылды, ойлы Жүніс қажы, дүние жайлы түсінігі бірте-бірте қалыптасып, кейін революцияның мықты бір тірек, сүйенішіне айналып кететін Хакім Жүнісов характерлері арқылы жазушы адам мен қоғам қатынасының кейбір құбылыстарын оқушыға қаз қалпында жеткізген.

Қажы молын мүлтіксіз өткергенімен, өмірге көзқарасы, принципі, әрекет-қимылы жағынан Жүніс – кереғар характер. Күндерінің күнінде ата дәстүрінен аттап, дін ұясының өзінде, мешіт ішінде де Шұғыл баймен сілкілесіп қалады. Оның табынатын бір-ақ “тәңірі” бар: Ол - әділет жолы.

Автор Жүніс қажының көркемдік шешімін аяғына жеткізе алмай биологиялық, кәрілік заңы, табиғат заңымен ғана өз ажалынан өлтіріп асығыс қоштасқанымен, осынау тамаша халықтық характердің бар бітімімен бір жайсаң самал еседі. Ол ғылымның, білімнің болашағын таныған. Ата салтын сақтай отырып, бірақ баласы Хакімді орысша оқытады. Қален мұғаліммен бауыр етіндей біте қайнасып кеткен.

Жүністің төрт тіреу – төрт ұлы (Хакім, Нұрым Әлібек, Әділбек). Адамгершілік, адалдық үлгісі – атадан балаға жалғасып кете береді.

Жүніс қажының антиподы – Шұғыл болыс. Ол ескі тірлік, қара ниет қатыгездік қонысы, ізгілікке қарсы көтерілген сойылдың қолдаушысы, қорғанышы, ақ гвардиялар мен “ұлтшылдардың” ел ішіндегі таянышы. Өз ұрпағы - өз ұлы Ехлас докторға мұра қылып тартатын үлгісі де оның адамдарға деген қарау пиғылынан өрбіп жатыр.

Шаңырағы шайқалып, ошағы ортасына түскен бақытсыз семья – сыбызғышы Қайыпқожа, жазықсыз жетім Қали, зұлымдық есептің құрбаны аңқау, аңғал Кәрімғали – бәрі-бәрі өмірдің ащы сорын осы Шұғыл шөмішінен жұтқан.

“Ақ Жайық” трилогиясында ізгілік атаулының әрдайым тілегіне болып, дегендері орындалып жатқан жоқ-ты. Шығармадан талай ауыр, қиыншылық суретін көргенбіз. Бір бет өліп-тіріліп, ақыры Абылаев айуандықпен айдалада атып кеткен, бетін бүркер бір уыс топырақ бұйырмаған Меңдігерейдің қайғылы қазасы, опасыздықпен сол суық қолдан қыршын қиылған Сәлмен мен Жанғожаның ажалы ұнамды кейіпкерлер алдынан ешқандай тосқауылдың кездеспегені емес-ті. Үкім орындалатын түні камерада у ішіп өлетін Дмитриев те тілегенім осы дей алмас еді. Тас қамауда Бақытжан Қаратаев бар еді, топ революционерлер “алланың” рақымымен кіріптарлық жұмыр қойқаның жиегін жастанбаған.

Өмір қозғалысы, өмірдің даму спиралы, тарихи өзгеріс “Ақ Жайық” трилогиясында кең көрінген. Көркем келісім келбеті, характер құбылысы – халқымыз тарихының асқар бір белесін әр қырынан көз алдымызға алып келеді.

“Ақ Жайық” романында сәтті көркем бейнелердің ірісі де осы Хакім образы. Хамза Есенжанов оның сыртқы келбетін, түр-тұрпатынан бастап, ішкі жан дүниесінің ағым сырларына дейін суреттеп отырады. Сондықтан да бұл қаламгердің ірі табысы ретінде сыншылар мен зерттеуші ғалымдар тарапынан үнемі аталып келеді.

Жазушы Хамза Есенжановтың «Жүнісовтер трагедиясы» атты романы (1998). Шығарма ауыл шаруашылығын коллективтендіру кезіндегі қазақ халқына нәубет боп тиген асыра сілтеу қияметін суреттейді.

Хамза Есенжановтың аталған романы «Ақ Жайық» трилогиясының жалғасы болып табылатын «Көп жылдар өткен соң» дилогиясының екінші кітабы. Ол алғаш рет 1977 жылы жарияланған болатын. «Жүнісовтер трагедиясының» тоқсаныншы жылдар романдарының қатарына енгізілуінің себебі, ілкі басылымы тоталитаризм цензурасының қыспағы салдарынан аяусыз күзеліп түзетіліп, қан-сөлінен айырылып, шалажансар күйде шықты. Әңгіме етіліп отырған кітап бұрын алынып тасталған тараулардың толық қалпына келтірілгендегі нұсқасы. Қалпына келтіруші – белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев. Ол «Тағдыр» атты жаңа нұсқа үшін жазған «Кіріспесінде» кітаптың автор қолжазбалары бойынша жасалған жаңа редакциясының мән-жайына тоқталады. Жаңартылған романында «жазушының заман шындығын риясыз дәл жеткізгенін» айырықша атап өтеді.

Ең бастысы – «Жүнісовтер трагедиясы» тоталитаризмнің баспасөз алқымындағы шеңгелін әлі босата қоймаған жетпісінші жылдары жазылса да, рухы тәуелсіздік және демократия заманына ұқсас. Заманынан мойны озық жазушының ғана қолынан келетін іс.

Жиырмасыншы жылдардың аяғында, романның бір кейіпкерінің сөзімен айтқанда, «бардың бұйырмай, шашылғанның жиылмай» тұрған алабөтен заманы туады. Романды оқып отырғаныңда сол заманда жапа шекпеген жан қалмаған сияқты көрінеді. Іс жүзінде шығарма ағайынды Жүнісовтердің ғана емес, исі Қазақ елінің трагедиясын суреттейді... 1925 жылдың күзінде бұрын Николай 11 патша мінген, терезе әйнектері мен есіктері патша вензелімен, яки оның атының бас қарпі әлеміштелген бес вагонмен Қазақстанға, Дала өлкесін басқармаққа, дәлірек айтқанда қуырып-шыжғырмаққа атышулы Голощекин келеді. Революция көсемдерінің бірі дәл сыпаттағандай, бұл баққұмар келе Сталиннің өзі бекітіп берген «кіші октябрь» төңкерісін бастайды. Арқаның Шормановтары, Жетісудың Ордабаевтары, Оралдың Көпжасаровтары секілді бай-шонжарлары кәнпескеленіп, жер аударылады. Бастапқыда мұны бірсыпыра аңқау қазақ «ескі дүниенің «мұзы жарылып, сеңі жүрдіге санайды».

Оралды революцияны өз қолымен орнатысқан, жетегіндегі бөлімшесімен 1919 жылы атақты генерал Акутинді тұтқындаған, енді облыстық прокурор боп істеп жүрген Хакім Жүнісов, ақын інісі Әлібекке: бұл жаза Шормановтардың бай, бекзат болғаны үшін ғана істеліп жатқан жоқ. «Қанауды жою үшін. Байлыққа бір адам емес, бар адам ие болу үшін. Жер аударылатын ең ірі қанаушылардың саны Орал губерниясында 70-ақ адам. Яки 70 семья. Ал барлық халықтың саны бұл өлкедегі 350 мың. Мұның ішінен мал бағып, егін егіп күн көруші 100 мың үй. Ертең осы жүз мың үйге барлық шабындық, егістік жерді, балығы бар өзендермен көлдерді, қолында бар құрал-саймандарына қосымша кооперация арқылы тіршілікке керекті машина біткенді жеткізуге тырысамыз. Сонда еңбегімен елді – ел, жерді – жер етіп отырған халық байлыққа өзін де қарқ қылады, баласын да оқытады, мектебін де салады, дәрігерін де шығарады: үстіне киетін киім, астына мінген машина, қолына алатын құралын жасап отырған жұмысшы табын да астықпен, етпен қамтамасыз етеді,» – деп түсіндіреді.

Хакімнің тағы бір інісі Әділбектің сөзімен айтқанда, атандай азаматтарды қызыл вагонға боздаған бала-шағасымен малша тиеп, бір орыс алдында, бір орыс артында, қарауылмен айдап кеткенде айнала халық шыдап тұра алмай қоса күңіренеді. Оларды қойша қуалап вокзалға тығады...

Осының бәрі Хакімге уақытша таршылық сияқты көрінеді. Сол түсінігімен Хакім өзінің жақын туысы, қазақ ішінде тұңғыш рет мал тұқымын асылдандырумен айналысқан Ақметшеге дейін кәнпескелеп, Жетісу өңіріне жер аудартады. Сөйткен Хакім жаңа өкіметтен алғыс орнына, қарғыс алады. Жазықсыздан жазықсыз, қазақтар қужақ деп атап кеткен Голощекиннің кәріне ілігіп істеп жүрген қызметінен босатылып, ақыры қаза табады. Әйелі Меңдіғыз машинадан құлап өледі. Ақын інісі Әлібек жалынды жырлары үшін лагерьге қамалған жерінен көзінен айырылып мүгедек болып қалады. Әлібектің қалыңдығы дәрігер Гүлжиһан, ол да дел-сал. Қалыңдық күйіндегі... жесір. Тек әскерге алынған Әділбек қана Қиыр шығыстағы Хасан көлінде жапон самурайларымен соғыста ерлік жасап, тірі қалады.

Үкімет көзінде қанды балақ бандит, халық көзінде жеке батыр Құныскерей өзін қуғындаушыларды жер жастандырып жүріп, ақыры сайда саны, құмда ізі жоқ мүлде жоғалады. Өшпей қалғаны тек аты ғана. Ал, сол Құныскерей – кеңестің өз қолымен жасалған бандит. Үйіне келген қонақты ұстап бермедің деп өкімет соңына түскен соң, намыс туын тігіп, кеңестен өш алуға кіріскен.

Тағы да сол тоталитаризмнің төл асырандысы Жанайдар Сәдуақасов тұрпайы социологимді қару етіп, сын тоқпағымен Сәкен Сейфуллинің творчествосын жоққа шығармақ. Сәкен Сейфуллин шолақ белсенділердің жұрттың жалғыз сиырына дейін сыпырып алып жаппай аштыққа ұшыратқан асыра сілтеуін жөндеймін деп елге шығады. Көп қаруы тиеді. Мәскеуде Тұрар Рысқұлов, жоғарыға Қазақстанның мүшкіл жағдайын жазған бесеудің бірі Ғабит Мүсірепов, сондай бас көтерлер жиылып жүріп, көп адамды өлімнен құтқарады, босқындардың бірталайына жағдай жасап, елде тұрақтап қалуына жәрдемдеседі... Сәкеннің «ескі райкомды» яки Голощекинді сынайтын атақты «Қызыл ат» поэмасы осы кезде туып еді. Романда Сәкен трагедиясы сөз етілмейді, өйткені роман авторының өзі де «халық жауы» атанып, көп жылдар каторга азабын шегіп, денсаулығынан айырылып, бұл шығармасын жеріне жеткізуіне ғұмыры жетпей көз жұмған еді...

Автор «Жүнісовтер трагедиясының» түп тамырын қазбалау барысында шығармасына атақты заңгер Бақытжан Қаратаев образын енгізеді. Ол Сәкен Сейфуллинмен жүздескенде 1858-1872 жылдардағы Кіші жүз қазақтарының көтерілісі жайлы қыруар мағлұматтар келтіреді. Мұның өзі романның эпикалық тынысын кеңейте түскен. Оңтайлы тәсіл романның басқа да біраз беттерінде қолданылған. Шығарма идеясымен орайлас тағы да бірқатар тарихи фактілер келтіріледі. «Хан Жәңгір мен патша өкіметіне қарсы шыққан еңіреген ер Махамбет Өтемісұлының басын кесіп алғаны үшін патша ағзамның өз қолынан генерал-майор атағын алып, иығына оқалы погон тағып қайтқан сапарында Баймағамбет сұлтанның тасып жатқан Шыңғырлау өзеніне суға кеткені туралы аңыз енгізілген. Жазушы Хакімнің сол аңызды айтқан әңгімесінен үлкен идея туады. «Халық қаламаған нәрсенің бәрі – айып». Баймағамбет сұлтанға «тәңірі жазасын берген» деген тәрізді.

Голощекин жөйдтің сұлтаннан асылығы артып түспесе кем емес. Елдегі шын жағдайды түсіндірген Хакімді тыңдағысы жоқ. Оның: асыра сілтеуге жол бермей жатырмын. Кімнің бай, кімнің адал шаруа, кімнің Советті қолдайтынын осы өлкеде 13 жыл қызмет істейтін менен артық ешкім білмейді. Ел ауған босқындар қаптап барады. Қалаға келгені сүйретіліп келіп құлап жатыр... Сөзіме құлақ асыңыз! – деген орынды талап-тілегіне Голощекин пысқырып та қарамайды: мен саған астық тапсырмаған қанша байды қамауға алдың деп тұрмын. Сені соттау аз, – деп шіренеді. Елді қырып бара жатқандар – Голощекиннің «алып кел, шауып келге» үйреткен белсенді құзғындары. Шолақ белсенділер елді көрер көзге күйзеліске ұшыратады. Бекей деген шаруа: «Анау күні жоқ егінді екті деп, шықпаған десе жерді шықты деп салған астықтарына бір өгіз, бір сиыр, бар жандығымды сатып құтылдым. Енді мына тамырын тартып отырған сиырды тағы тапсыр дейсің. Бұл әділетсіздік қашан тиылады?» – дейді. Оған Хакім ара түседі. Бірақ ол қайсысына қол ұшын беріп үлгермек?! Асыра сілтеудің ақыры немен тынғаны белгілі. Мал шаруашылығы ойсырап құлдилады. «1929 жылы Қазақстанда 40 миллион бас болса, ол 1930 жылы 20 миллионға түскен; ал, 1931 жылдың басында 8-ақ миллион қалған, тап қазір 4 миллионның о жақ бұ жағында..»

Әдебиеттер:

1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 7-том. А., 2004-2008

2. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. А., 2002

3. Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ әдебиетінің тарихы. Астана, 2006

4. Қирабаев С. Талантқа құрмет – Алматы:1988

5. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы. – Алматы:1996

6. Хамзин М. Қазіргі қазақ романы. Қарағанды, 2001

7. Шалабаев Б. Қазақ прозасының тарихы. А.,1968

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]