Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

9 дріс

.docx
Скачиваний:
30
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
37.84 Кб
Скачать

9-тақырып. Ғ.Мүсірепов шығармашылығы

Мазмұны: Жазушының алғашқы әңгімелері. Әңгімелернідегі аналар образы. 1950-80 жылдар жазылған әңгіме – новеллаларындағы әлеуметтік – философиялық концепция. Ғ.Мүсірепов – классикалық трагедиялардың авторы. Жазушы романдарының тақырыбы, идеясы, сюжеті, образдар жүйесі, тіл көркемдігі.

Қазақ әдебиетінің кеңестік дәуірдегі көрнекті қайраткерлерінің бірі — көркемсөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген.  Ол алғаш өз ауылында ескіше оқып, хат таныған. 14 жасында (1916 жылы) Обаған деген жердегі нағашысының көмегімен орыс мектебіне окуға түседі, бұл мектепті бітіріп, Преснегорьковтағы екі кластық орыс мектебінде оқып, жеті жылдық мектептің көлемінде білім алады. 1923-26 жылдары Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түсіп, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылық институтында бір жыл ғана оқиды. Содан кейін кеңестік дәуірдегі баспасөз, халық ағарту, көркем өнер мекемелерінде әр түрлі жауапты қызметтерді атқарады. Жазушының әдеби-шығармашылық еңбегі жиырмасыншы жылдардың аяқ шенінен басталады. Оның жазушылық еңбегіне үлгі болған Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Крылов, Чехов, Толстой, Салтыков-Щедрин сияқты орыс классиктері болды. Әсіресе оның шығармашылық еңбегіне ерекше әсер еткен Гоголь, Чехов, Горький сияқты әңгіме, очерк, хикаят, роман жазушы сатириктер еді. «Мен, — деп еске алады өзінің «Автобиографиялық әңгімесінде, — сол кездегі Орынбор рабфагін кейбір жоғары дәрежелі мектептермен теңесе алады-ау деп ойлаймын!... Орыс әдебиетін оқығанда Гоголь, Чехов, Горький шығармалары ойыма қона қалушы еді. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым, кейін ол «Тулаған толқында» деген повеске айналып, менің бірінші басылып шыққан әдеби еңбегім болды». Сол кезден бергі уақыт ішінде жазушы жиырмадан астам әңгіме, хикаяттар («Қос шалқар», «Талпақ танау», «Ана туралы новеллалар», «Автографиялық әңгіме», т.б.), ондаған пьесалар («Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақан сері — Ақтоқты», «Аманкелді», «Қынаптан қылыш т.б.), «Қазақ солдаты», «Ұлпан», «Оянған өлке» атты романдарын, қара сөзбен жазылған «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасын жазды. Орыс, батыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аудару ісімен де шұғылданды. Оның жүзге тарта публицистикалық мақалалары жарық көрді. Сөйтіп, Ғ.Мүсірепов қазақ әдебиетінің барлық жанрын дамытуда аянбай еңбек еткен академик-классик жазушы болды. Оның осы еңбектері жоғары бағаланып, бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Алты мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне, 1958 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. 1974 жылы Ғ. Мүсіреповке кеңес әдебиетін өркендетуде сіңірген еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді.

Ғ. Мүсіреповтің әңгімелері. Ғ.Мүсіреповтің әңгімелері мен новеллаларын, повестері мен очерктерін тақырыптық жағынан үлкен екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа Қазақстандағы революциялық күрес дәуірінің, сол кезең қайшылықтарының бейнесін әр қырынан елестететін шығармалар жатады. Бұл – «Тулаған толқында», «Өмір ертегісі», «Үздіксіз өсу», «Жайлау жолында», «Тұтқын қыз». Бұл туындылардың барлығына ортақ қасиет – жаңаны орнықтырғысы келетін күрескер қаһармандар образының жасалуы деуге болады. Екінші бір үлкен тобы – жаңа заманда жаңарған ауыл, өзгерген ел бейнесін суреттеген шығармалары. Мысалы, «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Күсен», «Алғашқы адымдар», «Шұғыла», «Талпақ танау» т.б.

Жазушының 1930 жылдардың бас кезіндегі көбірек көңіл бөлген тақырыбы - ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесі болды. Оның осы тақырыпқа арнап жазған тұңғыш шығармасы «Қос шалқар» (1929) әңгімесі еді. Әңгіменің оқиғасы Қазақстанда егіндік, шабындық жерлерді бөліске салу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесіне ұласады. Қасым сияқты байлардың шөбін шауып, малын баққан Күсен сияқты кедейлердің артель болып ұйымдасуы, байлар мен кедейлердің таптық күресі шеңберіндегі қазақ ауылының шындық өмірі суреттеледі. Жазушы «Қос шалқар» атанған әсем көлдің атырабына үш рет жолы түскенін баяндай отырып, осы өңірдегі болған өзгерісті сөз етеді. Ғ. Мүсіреповтің бұдан кейінгі жазған екі әңгімесі — «Көк үйдегі көршілер» (1929), «Күсен» (1930) де осы тақырыптың жалғасы іспетті болып келеді. Онда да қазақ ауылындағы колхоздастыру кезіндегі қиыншылық, таптық талас-тартыс әңгіме болады. Ғ. Мүсірепов 1932 жылы «Бір адым кейін, екі адым ілгері» атты әңгімесін жазды. Онда да таптық күрес, астыртын әрекеттер, ауылдың бай-кедей болып бөлінуі, жаңа заманға өткен қоғам өкілдерінің риза болмай, қарсы тұруы суреттеледі. Әңгіменің басты кейіпкерлері — колхоз бастығы Рамазан мен оның орынбасары Жанғалилар өз туыстарын ғана колхозға тартып, рушылдықты қоздырады. Ал Сүгір молда мен Есентай сияқты өткен қоғам өкілдері астыртын әрекет жасап, колхоздың қоймасын өртеп, асыл тұқымды малдарын өлтіру арқылы жаулық әрекет жасайды. Бұның бәрі жазушы ойлап тапқан оқиға сюжеті емес, 1930 жылдардағы ұжымдастыру кезеңіндегі өмір шындығы екені даусыз. Себебі бір қоғамдық құрылыс өзгеріп, оның орнына жаңа қоғам келгенде адамдардың идеялық талас-тартысының болуы, ескі мен жаңаның күресі табиғи заңды кұбылыс, өмір шындығы еді. Жазушы осы адамдар санасындағы болған өзгерістерді суреттеп отыр. Жазушының адамдардың идеялық көзқарас өзгешеліктерін дөп басып, шебер суреттеген әңгімесі «Талпақ танау» (1934). Бұл әңгімеде де қазақ ауылындағы колхоздастыру кезеңінің шындығы баяндалған. Онда еңбекшілерді ұжымдастыру мәселесіне байланысты колхоз төрағасы Сәденнің көрші совхоздан шошқа сатып әкеліп, бесінші түлікті өсіруі, қазақ ауылына жаңа әкелінген бесінші түлікті қазақ шалы Есеннің бағуы, ауыл адамдарының оған шошына, жиіркене қарауын суреттеу арқылы адамдар психологиясында орын алған ескі түсінік пен жаңа көзқарастың қақтығысы сипатталады.

Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны М. Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады. Гуманист жазушы М. Горькийдің адам деген ардақты атты жоғары бағалауы, өмірге рух себуші, тіршілік иесі аналардың қоғамдағы рөлі Ғ. Мүсіреповке үлкен ой салды. Ол М. Горькийдің «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты екі новелласын аударып, өзі де «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы» (1934), «Ер ана» (1942), «Ақлима» (1944) атты әңгімелерін жазды. «Ананың анасы» (1934) атты әңгімесінің мазмұны ел арасына кең тараған аңыздан алынған. Мұнда елді шауып, жазықсыз жас қызды зорлап алып бара жатқан батырды қыз анасының сөзбен тоқтатып, жеңгені, сөйтіп, оның қызын жау қолынан азат етуі баяндалған. Шығарманың мазмұны, Әйтілес ақсақалдың «етектей сақалын балуан саусақтарымен салалап тарап» қойып өткен өмір оқиғасын баяндауынан басталады. Әңгімеде намысқа шабар білегі, әділетті таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр Жалпақ балуанның Бала бидің қолшоқпары болуы, жүрегін жарып шыққан қызының тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ананың өжеттігі айтылады. «Ашынған ана» (1934) әңгімесі 1916 жылғы ұлт-азаттық; қозғалысына арналған. Жалғыз баласының жасын асырып жазып, майданға қара жұмысқа жібермек болған болыс пен оның қолшоқпары Қарасақалға Қапияның пышақ салып, түрмеге түсуі, онда 17 ай отырып, ақыры оны большевиктердің түрмеден босатуы баяндалады. Жазушының суреттеуінше, қиыншылық пен зорлық-зомбылықты көп көріп, азап шеккен: «... Өмір өзін сондай сіліккен. Қазір бұл сондай орасан күшті. Енді өмірді өзі сілкуге жарап қалған қайратты ана...» Ал Ғ.Мүсіреповтің «Ананың арашасы» (1934) атты әңгімесінде Антоновтың ақ бандыларының қазақ ауылына ат ойнатып, жазықсыз жандарды атып-асуы, Нағиманы "большевик балаңды тауып бер" деп соққыға жығуы, ананың жан азабына шыдап бағып, ақтар армиясының солдаттарының шымбайына батар сөз айтып, солдаттарды өз командиріне қарсы қоюы, ақыры олардың Антоновты өлтіріп, Қызыл Армияға қосылуымен аяқталады.  Ақтар армиясының бандыларының жауыздығын жазушы былайша суреттейді: «... Ана арқасында қайыс қамшы жыландай жүйткіп жүр... Арашаға жарай алмаған ауыл ұятына тұншыққандай тым-тырыс... Тек отыз өрім қамшы ғана әйел арқасында жыландай ысылдайды. Анада үн жоқ. Асыл жігер мен өктем куш теке- тіресіп кездесе қалып, біріне-бірі тізе бүгер емес. Қара көк жапырақты ақ көйлек қызыл қанға айналып, арқа жағы тілім- тілім болып кетті. Қанға боялған қамшы ана денесінің ашынған жерлерін иіскеп табатындай жанға батар жеріне дәл-дәл тиеді. Қамшы сарт етіп қалғанда, ана көзінен от ұшқыны да жалт ете қалады. Сіресіп қалғандай табан аудармай, кек кернеген ана да тұр, мың сұрауына бір жауап ала алмай ызаға булығып Антонов та тұр. Ана тістері тіл қақпасын тас бекітіп тастапты...

Бұдан әрі өжет ана Антоновтың адамгершіліктен жұрдай жауыздығын бетіне басып, өршелене түседі. Жазушы қара күштің ана жүрегін мойыта алмағанын суреттеу арқылы «Ана алдында өлім де мойын ұсынады. Өлімді өмір жеңеді» дегенді бейнелеп беріп отыр.

  Ғ. Мүсірепов Ұлы Отан соғысы жылдарында да ана тақырыбына қайта оралып, екі әңгіме жазды. Оның бірі --«Ер ана» (1942). Онда жау уақытша басып алған селода ауру немересімен қалған Наталья ананың партизандар көмген минаны жарып, неміс офицерлері орналасқан мектеп үйін өртеп, ормандағы партизандарға қосылуы суреттеледі. Ал «Ақлима» (1944) әңгімесінде жалғыз ұлы соғыста ерлікпен өлген ананың майданнан мүгедек болып оралған Сапар деген жігітті асырап алып күтуі, оны өз баласы Қасымнан кем көрмеуі баяндалады.

  Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуациямен Украина, Ресей жерлерінен келген орыс, неміс, шешен, ингуш, татар балаларын қазақтардың асырап алуы көп болған. Ал қол-аяғы бірдей шөрке боп қалған жауынгер жігітті туған анасындай болып күту гуманистік ұлы жүректің ғана қолынан келетін қасиетті іс-әрекет еді. Жазушы осы арқылы ана жүрегінің кеңдігін, махаббатының молдығын асқан суреткерлікпен бейнелейді.  Ана туралы новеллалары тақырыптық жағынан ұқсастығының үстіне идеялық бағыты, пафосы жағынан да бірін-бірі толықтырып отырады. Олардағы ортақ типтік бейне – шындық үшін, әділет үшін өмірдің небір қиындығына да қарсы тұрып, кедергілерді жеңе білетін, әлемге өмір тарататын, сол өмір үшін өліммен айқасатын, қауіптің алдында қорқып иілмейтін, өзінің ұлылығын сезінетін, әрі мейірбан, әрі айбатты күрескер, өршіл, өжет ананың образы. Осы образ қазақ әдебиетіне өзінің үлкен сонылығын, жаңа сипатын, әсерлі күшін алып келді. Алайда тақырыптық ұқсастық пен идеялық үндестігін біріктірген осы новеллалардың жазылу тәсілдері мен мәнерлері түрлі-түрлі.

Жазушының «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» романы дүниеге келді. «Ұлпан» — бүкіл аналардың жиынтық бейнесі тәріздес кесек полотно.  «Ұлпан» — тарихи ел шежіресінін мазмұнында құрылған роман. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Романдағы бас кейіпкер Есеней - қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол ПІыңғыспен партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар іспеттес қайраткер. Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланыш, орыс-казактары дәрігерлерінің көмегімен ажалдан аман қалған. Ол қалың жылқысын өзінің жауынгер досы, бүгінде аяқ қолы топ болып қалған Артықбай батырдың жайылымына байқамай қаптата жайып келе жатқанда оның алдынан ерекше киінген кесек тұлғалы, батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді. Ол бұдан он үш жыл бұрынғы әкесі Артықбай батырдың үйінде Есеней намаз оқып отырғанда еркелеп мойнына асылыш, «Мен түйеге мініп кеттім! Әке, сен үйде қалдың!» деп маза бермейтін қара қыз. Бүгінде аңшы, құсбегі, жылқышы болып ат құлағында ойнап өскен батыр қыз.

  Екі баласы бір күнде шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есеней бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз Ұлпанға ғашық болады. Есенейдің уыздай Ұлпанды қолға түсіруіне екінші себеп — айттырған күйеуі Түлен саудагердің таз баласы Мырзаштан құтыла алмай отырған кезіне тап болады. Мыңғырған малы бар, бір уез елді ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстап отырған Есеней Ұлпанды айттырып қойған жерінен арашалап алып, айғыр үйір жылқы беріп, Ұлпанды екінші әйелдікке алады. Бес болыс Керей — Уақтың Есенейіне Ұлпан қалың малын өзі айтып, «Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойландың ба?»- дейді. Ердің құны, нардың бұлы болса да мал-жанды аямауға бел байлаған Есеней: «Қырық жыл болса қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боласың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... Мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, болмаса Есенейдің орнына Есеней болатын адам деп қызықтым ба? Оны өзім де біле бермеймін. Әйтеуір осы түннен бастап, менің Есенейім сенсің», — деп кесіп жауап береді.

«Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды»,—деп суреттейді жазушы. Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болады. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар жайылады. Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр үйір жылқы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді. Осы астан кейін жиырма бес жыл өткенде (1906 ж. шамасында), Орынбор — Ташкент темір жолы салынған кезде, «Ұлпан ас берген көл» жағасынан өткен темір жол стансасының атын «Ұлпан» атайды (Шалқардан кейінгі станса). Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл топ болып жатып қайтыс болады. Одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Ұлпан Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына күшік күйеу етіп енгізіп алады. Ол Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен араздасып, Ұлпанды «отырса — опақ, тұрса — сопақ» етеді. Қорлыққа шыдай алмаған ер мінезді Ұлпан: «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін»,—деп қарғап, бір түнде у ішіп өледі. Ел анасы болған Ұлпанның қарғысына ұшыраған Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай өзіне-өзі пышақ салып өледі. 1920 жылы кеңес үкіметі кезінде Торсан өліп, балалары қаңғып кете барады да, Торсанның шаңырағы шайқалып ортасына түседі.

Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу—Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Ондай қайраткер аналар тарихта болған. Мәселен, Төле бидің келіні Данагүлді, Шыңғыстың анасы Айғанымды бүкіл қазақ елі пір тұтқан. Осындай ерлікпен, ақылды-даналықпен, билікпен, әділдікпен атын шығарған Ұлпан қазақ әйелдерінің жиынтық образы деуге болады. Жазушы жасаған Ұлпан — аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлы қоғам қайраткері.

Ғ.Мүсіреповтің "Жапон балладасын" қара сөзбен жазылған баллада-жыр деуге болады. Адамзат тарихында тұңғыш қолданылған атом бомбасының ауыр зардабын шеккен жапон халқының жан түршігерлік трагедиясын жазушы поэзиялық леппен, терең сыршыл сезімталдықпен жеткізе білген. Автор: "Арқаның әңгімесі", "Көздің әңгімесі", "Тастың әңгімесі" арқылы XX ғасырдың ең сұмдық, ең жауыз қасіреті — атом апатын әшкерелейді. Жазушы қара мрамор тасты сөйлету арқылы сұрапыл апат жайын, темір өртенген күн, тас өртенген күн жайын, адам баласының бұл маңайда түгел қырылып жоқ болғанын баяндайды. "Көздің әңгімесінде" жиырма жыл бойы жарық дүниені көрмеген қыз көруден өз үмітін үзбейді. Ол: "Мен бұл апатты ешкімге тілемеймін. Әсіресе тоқсан қабат, жүз қабат үйлердің мұндай апатқа ұшырауын тілемеймін. Сол үйлерде құмырсқа илеуіндей ығы-жығы тұратын адамдардың үйіліп, өртеніп жатқанын тілемеймін", — деп жан даусымен үн қатады. Ал "Арқаның әңгімесінде" дәрігердің: "Арқаң Жапонияның географиялық картасындай", — деген сөздері арқылы автор ауыр апаттың азабын дәлелдей түседі. Ол жігіт жиырма жыл ішінде арқасын он алты рет жаматқан.  Атом бомбасынының әсерінен екі үлкен қаланың қақ жарты халқы қас қаққанша қырылып, жоқ болғанына жігіт сенгісі келмейді, бірақ бұл ауыр кайғы, ащы шындық екенін жазушы шебер суреттеген. 

СҚирабаев: «Ғ.Мүсірепов – қазақ совет әдебиетінің қаз тұра бастаған кезінен күні бүгінге дейін оның дамып, қалыптасуына аса үлкен үлес қосқан сөз зергері». «Қыран жыры» мен «Өмір жорығы» - философиялық әңгімелер. Қос туындыны біріктіріп тұрған нышан – тақырып ортақтастығы, идея сонылығы. Бұл әңгімелер өмір туралы толғаныс, ұрпақ жалғастығы сынды көкейкесті мәселелер асқан шебер философиялық толғаммен, қаламгердің кірпияз талғамымен шебер үндесіп, жымдасып кетеді. Ғ.Мүсіреповтің бұл екі туындысы қазақ әңгімесіне жетпей тұрған көркемдік бояуларды жинақтаудың тәжірибесі, ойды символикамен жеткізу әдісін батыл игерудің жемісі іспетті. Автор ойын жарыққа шығарудың тісілі ретінде символиканы қолдануы әбден заңды. Мұнда символикалық пен философиялық сипаттар берік жымдасқан. «Қыран жыры» әңгімесінде шағын оқиғаны үлкен философиялық мәні бар көркем туындының негізіне айналдырған.

Әңгіме өзегі – қыран өмірі. «Қыран баласына дүние әрі кең, әрі тар. Қарны тойса қалғып сала бермейтін ұрпақ керек. Қыран баласы ойламай біледі. Қыран баласы осыны ойламай істейді». Автор бұл шығармада «қыран құс өмірінен қызықтау емес, қырандық деген ен?» деген сауалға жауап береді. Демек, бұл туынды – адамдар туралы терең толғанысқа толы философиялық әңгіме. Қыран – адам. Қаламгер айтпақ ойын символмен ұсынады. Автор адамдар өмірін, құстар мен хайуанаттар тіршілігін, табиғат тылсымын қатар алады да, «адам деген асқақ ұғымға ие болған соң, кісінің барша пиғылы, ойы, ісі, тіршілік-тынысы, арманы шынайы қырандардай асқақ, таза болса екен, қияға көз салып, қырымға ұшса керек» дейді. Жазушы мұраты – осы жайды аңғарту, болашақ, бүгінгі ұрпақ үшін адамдық, сергектік, биіктік тілер жүрек үні.

Әңгімеде Тасқара мен сарбалақтың бейнесі шендестіріле қатар ашылады да, жанама кейіпкер ретінде «кәрі бүркіт» алынады. Кәрі қыран – табиғат заңдылығы мен кіріліктің, даналықтың символы іспеттес. «Өзің аспанда, ойың төменде жүргенше, өзің төменде, ойың аспанда жүрсін. Биік деген немене, төмен деген немене, сонда түсінерсің», - дейді кәрі қыран. Бұл – түпкі идея. Бұл үзіндіден уақыт заңы, алдыңғы мен кейінгі буын арасындағы қарым-қатынас, олардың бірін-бірі сыйлай, құрметтей білуі, орынды іс пен орынсыздық, қанағат туралы жыр деуге болады. Бірінші орында қыран арқылы адамдық мінез-құлық пен адамдық іс-әрекеттер сөз болғаны. Автор туындыда қарама-қарсы мінездерді әрекетке салады. Кейіпкерінің бейнесін қарама-қайшы шендестіре отырып, тұлғалайды. Сарбалақ пен Тасқара – қарама-қарсы бейнелер. Олардың ойы, сезімі, адамгершілік қасиеттері де әр басқа.

«...Тезірек ұшса екен, дүние таныса екен. ...Ата-ана қарлы-боранды дауыл күтеді. Қара дауыл соғып тұрғанда ықтап-ығысып отырған қос қоңырды желге қарсы итеріп жіберу керек. Кеуденен тіреген қатты жел құлатпайды да, қанат қаққан сайын жоғары көтеріп әкете береді. Сонда балалар қорқып шырылдар ма, қуанып саңқылдап жібере ме? Ата-ана осыны күтеді, қуана күтеді».

Бұл – жазушының жүрек сыры, жас ұрпаққа өсиеті.

Автор бұл арада дауылды – сыны мол өмірдің символы ретінде алып отыр.

Автор бұл шығармада жас ұрпақ алдындағы әрбір ата-ананың жауапкершілігі, оның болашағы үшін жанымен жауап берушілігі жайындағы идеяны батыл қойып отыр. «Қыран құс жасырына білмейді, сығалап сықылықтаған ұры көздерді де, күңкілі тынбас күндес көздерді де ұнатпайды.», - деп автор көтерген мораль мәселесі мегзеумен, символикамен жанама берілген.

«Өмір жорығы» әңгімесінің басты кейіпкері – атабалық Көкқасқа. Су астындағы тіршілігіне қарап, оны балық деп қабылдамай, өмір үшін болатын жорық үстіндегі ақылы мен батылдығы бар адамның өмірін символикалап көрсетеді. Көкқасқа бейнесінде ел үшін, жас ұрпақтың болашақ қамы үшін жорық шегіп, сол жолда құрбан болуға бар азаматтың бейнесі бар.

Шығармада автор сүйсіну мен жиіркеніш сезімді қатарластыра психологиялық параллелизм түрінде қарастырған. Көкқасқа бейнесіне қарама-қарсы – Минога бейнесі. Екеуінің тіршілік мақсаты басқа. Минога туралы: «Бұл бір үлкен пәле. Қылаңдап келіп, жымып келіп балықтың желбезегіне жабысады да, желімдесіп қалады. Жас уылдырықты қиядай сыпырады». Минога арқылы тасаланып жүріп, біреудің арқасында күн көретіндердің символдық бейнесін берген.

Ғ.Мүсіреповтің кейінгі жылдары жарияланған «сөз жоқ, соның іздері» әңгімесі тақырыптық жағынан да, кейіпкерлерінің ерекше жағдайларда іс-әрекет етуімен де соны құбылыс болып табылады. Бұл әңгімеде жеке басқа табынушылық зардаптары, еліміздің бастан кешкен аса бір қайғылы дәуірінің зұлмат картинасы жасалған.

Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повесін «Күрес пен сұлулық жайлы жыр» деуге болады. Бұл шығарма қара сөзбен жазылған. Бірақ соған қарамастан автор оны поэма деп атаған. Себебі жазушы бұл шығармасын қара сөзбен жазғанмен, онда өмір поэзиясы әңгіме болады. Сонымен қатар, осы туындыда поэзияға тән көркемдік элементтер тұнып тұр. Мақаш Бекбергенов былай деп жазады: «Бұл поэманы белгілі совет жазушысы Всеволод Вишневскидің ізімен «Оптимистік трагедия» десе де орынды сияқты. Өйткені поэманың басты геройы Еркебұланның махаббат қадамы сәтсіздікке ұшырап, өз басы орасан қиын-қыстау жағдайға түскенмен, ертеңгі жеңіске деген сенімі, құштарлығы оған қанат байлағандай серпін туғызады. «Кездеспей кткен бір бейне» поэмасындағы сағым секілді елестеп көрінетін Ақлима мен Еркебұланның бір-біріне деген романтикалық арман-мүддесі және Еркебұланның революция жолындағы күрес көріністері осы шығармаға жылы леп, көтеріңкі рух беріп, ертеңгі жарқын дүние туралы көңілге сенім ұрығын себетіндей».

«Кездеспей кеткен бір бейне» - өзінің оқиғалық желісін С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінен» арқау етіп алғанға ұқсайды. Еркебұланның прототипі – С.Сейфуллин. Поэмада автордың өзі жақсы білетін және өзі жақсы көретін қаһарманы – Еркебұлан – Сәкен өзінің өмірде жұрт сүйген сұлу қасиет, сипаттарымен көрінген. Автор бір кезде Сәкеннің тағдырындағы зәбір көрген кезеңді Біржан ақынның басында болған сондай бір кезеңмен салыстырған еді. Сол сияқты жағдайды Еркебұлан басынан да көреді. Мұның өзі сұм замандағы талант иелерінің тағдыры ортақ екенін аңғартады.

Сәтті қиысқан философиялық-публицистикалық топшылау мен жанға жылы лиризм, қисынды мінездеме, терең психологизм, қамшының өріміндей көркем тіл – Ғ.Мүсіреповтің поэма деп орынды аталған «кездеспей кеткен бір бейнесінің» тұрақты сипаты. Авторына Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын әперді.

Ғ.Мүсіреповтің патриоттық тақырыптағы төл туындысы — «Қазақ батыры» хикаятын 1945 жылы, кейін 1950 жылы «Қазақ солдаты» романын жазды.

Қазақ романының белгілі маманы Е.Лизунованың: «Біздің ойымызша, алғашқы прозаиктердің жағымды тұлға жасау дәстүріне қосқан үлесі мынада сияқты: олар жаңа өмір үшін күресуші адам характерінің өзгеру және баюының жанды процесін ашты, революция жауларымен, ескі салтпен, ең соңы, өзімен өзінің өткір күресі үстінде кейіпкердің өсіп шыныққанын, оның характерінде жаңа сапалардың көріне бастағанын көрсетті», - деген пікірі Б.Майлин, С.Сейфуллин шығармаларына ғана емес, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов т.б. жазушыларға да қатысты тұжырым.

  Ғ.Мүсіреповтің «қазақ солдаты» романында майдан өмірі бірден суреттелмей, алғашқы бөлімде жас қаһарманның өмір өткелдеріне тоқталу, кейінгі бөлімдерде де роман кейіпкері – Қайырғалидың бүгінгі әрекеті мен кешегі тіршілігін сабақтастыра алу – ерліктің туу тарихын, характердің өсу логикасын көрсету талаптарын аңғартады. Бұл романда сананың шыңдалуынан гөрі, шыңдалған сананың сыналуын бейнелеу көзделген.

Сөзі мен ісінде есеп жоқ, аңқау елдегі арамза молда сияқты, шаш ал десе бас алатын шолақ белсенді Қарамұрттан қашқан Қайрош көңілінде қалаға, оқуға деген құштарлық, әуестік ұшқыны елес береді. Балалық қиял мен балалық сенім осы бір күдікті де үмітті сапарға нанымды дәлел болған.

Қайроштың балалар үйіндегі өмірі, Шеген, Бораш тәрізді айрылмас достары жайлы ақжарқын сыры, қаһарманның алған тәрбиесі, көрген ортасы, қалыптасқан санасы хақында қаламгер идеясын жеткізетін шынайы детальдар болып шыққан. Мектепті бітіріп, әскерге алуға өтініш берген Қайроштың елге келе жатып ойланатын сәттері суреттелген эпизодтарда кейіпкер ақылының толысып, санасы марқая түскені байқалады. Шекара күзеті Қайрошты тағы бір соны қасиетке – қырағылыққа баулиды, Отанға деген сүйіспеншіліктің терең мәнін ұқтырып, әр адамның қоғамда алатын орнын нақты түсінуге үйретеді.

Қаламгер жазушының да, қаһарманның да рөлін шебер орындай білген. Қайырғалиды прототипі күйінен өзгертпестен, өмірдегі қалпында сақтау көркемөнер заңдылығына қайшы соғар еді. Сондықтан да кейіпкердің азаматтық сарындағы ірі толғаныстары жазушы қиялының жемісі ғана емес, Қайрош ойы, Қайрош сезімі тәрізді болып, суреткер қаламының нанымдылық күшін аңғартады.

Ақбота образында символикалық мән бар. Жастықтың бал дәуренін сызды окоп, бораған оқ астында өткізген қыршын жастардың алдағы тыныштық дәуірдегі бақытты күндерін ойлағанда аяулы жар туралы ойламауы мүмкін емес.

Қайрош образы арқылы жазушы қазақ прозасындағы лирикалық дәстүрдің характер тарихын көрсетудегі, дәуір тынысын дәл бейнелеудегі, кейіпкердің дүниетанымдық өсуін толымды суреттеудегі мол мүмкіншіліктерін танытты.

Ал бұдан кейін 1953 жылы жазылған «Оянған өлке» романының тақырыбы — Қазан төңкерісінен бұрын Қарағанды көмір өндірісі ашылып, онда қазақ жұмысшы тобының құрыла бастауы, Оралдан келген орыс, украин жұмысшыларымен өндіріске жаңа тартылған қазақ кедейлерінің ащы өмірдің азабын бірге тартып, біте қайнасуы, олардың таптық мақсатты терең түсінісіп, орыс капиталистері мен қазақ байларына қарсы тізе қоса бастауы, таптық сана-сезімінің оянуы суреттеледі. Романның екінші кітабы «Жат қолында» атты роман ширек ғасыр өткен соң — 1984 жылы дүниеге келді. Онда Қарағанды көмір кенін ағылшын алпауыттарының тонауы тартымды сипатталған.

Р.Нұрғали: Тегінде Ғ.Мүсірепов М.Әуезовпен эпикалық ауқым, психологиялық тереңдік, соны композициялық құрылым, ешкімге ұқсамас тамаша юмористік дарыны арқылы заңды түрде үндесіп әрі оқшауланып жатса, “Оянған өлкеде” “Абай жолындағы” сахара тұрмысының салтанатты сәніне қарама-қайшы алынғандай, сондағы кедей-жатақтар күн көрісін арнайы бөлектеп, ұйқыдағы далаға бейтаныс дүрбелең әкелген өндіріс қажеттілігімен, жұмысшы кәсібінің түйін салып, бой бекіту әрекеттерімен салалас суреттеу бар.

М.Әуезов романындағы үстем күш өкілдерінің итжығыс тартысы “Оянған өлкеде” Игілік би мен Жұман бай арасындағы бітімге келмес, терең ордай, қайтусыз қақтығыстарды бедерлеу жүлгелерінен шебер көрініс тапқан. “Абай жолында” бұл ыңғайдағы қоғамдық-тарихи коллизия шежірелік ретпен, буыннан буын алмаса, ұзақ кезеңдерге созыла, мираскерлік тұрғыларынан мол нанымдылықпен өрнектелсе, “Оянған өлкеде” осы тартымдық типтік көрінісі Игілік-Жұман арасындағы кереғар күндестік, көзсіз бақталастық оқиғалары арқылы ықшам да сенімді баяндалады.

Шығармада суреттелетін кезең –қазақ даласында Нілді, Ақбұйрат, Жезқазған, Гүлшат, Балқаш, Қарағанды кендерінде орыс, ағылшын алпауыттары пайда шеңгелін сала бастаған суыт мезгіл. Өр кеуде, шешен, батыр, айлалы, қатігез Құнанбайлар дәуірі көне тартып, қулығы мен екіжүзділігі, жымысқылығы басым жорға Игіліктердің заманы төбе көрсеткен тұс. Күреңкөз қожа, Жұмабек төре, Боздақ би сияқты Игілік айналасындағы адамдар да өздерінің атақ, лауазымдарына сәйкес биіктен түсіп, даланың шөбі мен малын ақша, алтынға айналдыра бастайтын қалтасы қалың, есебі мықты бас бидің ығында жүріп, сөзін сөйлеуге, күйін күйттеуге ғана ойысқан. Баласы Ордабайды болыс қойдырған, кен ашушы Попов, Рязанов, Ушаков тәрізді орыс капиталистерімен тамыр басысқан, сол заманның материалды-техникалық әлеміндегі жаңалық атаулыға құлағы түрік, ынташыл, қиырдан ойлайтын Игілік Қарабайдың сараңдығын бойына асыра сіңірген, күйгелек әрі беймаза, іші тар, шолақ түйсікті, дүниеқор, іліп алар бір қасиеті жоқ Жұман байды алып та, шалып та жығып отырады. Ғ.Мүсірепов Игілік тұлғасын әр қырынан, көтере сипаттаусыз, нақты мінездік штрихтармен жан-жақты реалистік нақыштар арқылы суреттесе, “Алтай-Қарпыққа мәлім тапал адам”, “мұқыл тырнақты саусақтары келінің сабындай жұп-жуан”, “қылтанақ шығып көрмеген қасқа иегінен тағалы ат тайып жығылғандай”, “етегін көтерместей біржола түйілген қабақты” Жұманның портреттік сипаттамасынан бастап, жүріс-тұрыс, іс-қылығына дейін гротескілік сықаймен, ернеуі іркілмес мол юмор өрнектерімен бейнелейді. Жұманның прообразын фольклорлық дәстүрден іздесек, Қарабай тұлғасымен тамырластықты байқаймыз. Қырсығып, қарсыласына алдымен қыр көрсететін Жұман ылғи да ойсырай жеңіліп, жерге отырып қалады. Ашулық, ызақорлығы мен ақылсыздығынан жапа шегетін Жұманның елден ерек қараулығын бедерлейтін нақты психологиялық детальдар жеткілікті.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]