Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
07-06-2014_10-48-31 / Адебиет окыт адистеме .docx
Скачиваний:
263
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
163.48 Кб
Скачать

«Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі»» пәнінен мемлекеттік емтихан сұрақтары

  1. Әдебиет пәнінің мектептік пәндер жүйесіндегі орны және өзіндік ерекшеліктері.

  2. Қазақ әдебиеті бойынша сыныптан тыс жұмыстардың мақсаты мен маңызы.

  3. 8-сыныпта лириканы оқыту ерекшелігі.

  4. 9-11 сыныптарда жазушы өмірбаянын оқыту.

  5. Әдебиет пәні бойынша күнтізбелік, тақырыптық, сабақ жоспарын жасау әдістемесі.

  6. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің басқа ғылым салаларымен сабақтастығы.

  7. 5-6 сыныптарда әңгіме жанрын оқытудың тиімді жолдары.

  8. Батырлар жырын оқыту әдістемесі.

  9. Ертегілерді оқытудың жолдары.

  10. Әдебиет сабақтарында әдіс-тәсілдерді таңдау жолдары.

  11. Әдебиет сабағында ойын элементтерін пайдалану жолдары.

  12. 9-10 сыныптарда трагедия жанрын оқыту жолдары.

  13. Мектепте публицистикалық шығармаларды, эпистолярлық жанрды оқытудың ерекшелігі.

  14. Мектепте әңгіме жанрын оқыту барысында проблемалық талдау әдістемесі.

  15. 5-6 сыныптарда мысал жанрын оқытудың әдістемесі.

  16. 10-11 сыныптарда роман жанрын оқытудың әдістемесі.

  17. 8-9 сыныптарда поэма жанрын оқыту әдістемесі.

  18. Әдебиет пәнін оқытудағы сабақ түрлері.

  19. Шығарма жазғызуға қойылатын талап және оны бағалау өлшемдері.

  20. 7-8 сыныптарда жазушы өмірбаянын оқытудың әдіс-тәсілдері.

  21. 11-сынып оқушыларына «Абай жолы» роман-эпопеясын оқытудың әдіс-тәсілдері.

  22. Көркем мәтінді оқыту жұмыстарын ұйымдастыру.

  23. 10 сыныпта әдеби сын зерттеу еңбектерін оқыту әдістемесі.

  24. Әдебиет сабағында қолданылатын көрнекілік түрлері, пайдаланудың тиімді жолдары.

  25. Әдебиет пәні бойынша үй тапсырмасын беру. Үй тапсырмасының түрлері.

  26. Көркем шығарманы оқыту барысында оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру мәселесі.

  27. «Абай жолындағы» Абай бейнесін проблемалап оқыту әдістемесі.

  28. Көркем туындыны образдар жүйесіне қарай талдап оқыту әдістемесі.

  29. 9-11 сыныптарда шолу тақырыптарын оқыту әдістемесі.

  30. 9-11 сынып оқушыларына эпикалық шығармаларды оқыту әдістемесі.

1 –Дәріс

Әдебиетті оқыту әдістемесі пәні

“Әдебиет – сөз өнері”. Ол - өнердің бір саласы. Әдебиет пәні де өнер пәні. Әдебиетті ұлағатты адамдар “ адамтану құралы ” десе, біз әдебиет пәнін “ адам тәрбиелеу құралы ” дер едік. Ол жасөспірімдерге әдебиеттанудан, сөз маржандарының қыр – сырын игеруден жай білім ғана алып беріп қоймайды, ең бастысы, өмірдің ең қымбаттысы, ең асылы – жақсылық пен ізгіліктің ұрығын себеді. Әдебиет пәнінің әр сабағын адам бойындағы асқар арман, әдемі сенім, әсемдік пен сұлулыққа құштарлық тәрізді ең мөлдір сезімдер мен кісілік қасиеттер туралы сырласу сабағы десек те болады. Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүден елін, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді. Әдебиет арқылы жасөспірімдер алдында еліміздің тарихы, оның ғасырлар қойнауында қалған сөз сандығы ашылады, солар арқылы халық арманы, қиялы, болашақтан күтер үміті, ақ сенімі көрінеді.

Әдебиет пінінің жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеу ісіне қосар үлесі үлкен. Ол жақсы мен жаманның ара жігін ажырата білуіне, адамгершілік сезімінің ұшталып, имандылық қасиеттерінің оянуына септігін тигізеді. Сондықтан әдебиет пәнін оқытуға ерекше назар аударылады. Сонымен әдебиетті оқытудың басты мақсаты – сөз өнерінің қыр – сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы - әдебиетін жан – жақты игерту, сол арқылы имандылыққа, инабаттылыққа, парасаттылыққа, сұлулыққа тәрбиелеу.

Оқыту барысының нәтижелі, жемісті болуы мұғалім әдістемесіне, шеберлігіне де байланысты болады. Әдіс – тәсілдер деген не ? Оқыту процесінде мынадай екі түрлі қызмет жүзеге асады. Бірінші мәселе – мұғалім оқытуы, екінші мәселе – оқушының оқуы. Мұғалім мен оқушының осы арақатынасы әр түрлі оқу қызметтері, оқыту әдістеріне жатады. Сонымен әдіс – тәсіл оқытушы мен оқушы арасындағы жұмыс түрлеріне байланысты әртүрлі болып келеді. Оқыту процесі оқыту әдістері арқылы жүзеге асады. Әдебиетті оқытуда сөздік әдіс, көрнекілік әдіс, тәжірибелік әдіс, түсіндірмелі – иллюстративтік әдіс немесе репродуктивтік әдіс, эвристикалық ( ішінара іздендіруші ) әдіс, зерттеу әдісі, өзіндік жұмыс әдісі, мәтінді көркемдеу, мәнерлеп оқудың орны ерекше.

Академик Ю.Н.Бабанский өзінің “ Оқу – тәрбие процесін оптималдандыру ” деген еңбегінде әдістерді мынадай үлкен үш топқа жинақтайды.

  1. Оқушылардың оқу – таным қызметін ұйымдастыру әдістері.

  2. Оқушылардың оқу – таным қызметін көтермелеу әдістері.

  3. Оқу – таным қызметінің тиімділігін бақылау әдістері.

Әр топ бірнеше оқыту әдістерінен тұрады. Мысалы, 1 – топтағы оқыту әдістеріне: сөздік ( әңгіме, лекция, пікірлесу ), көрнекілік ( иллюстрация, портрет, суреттеу, мүсіндер ), практикалық ( поэтикалық талдау, көркем мәтінмен жұмыстар ) әдістер жатады. Сондай – ақ, репродуктивтік, эвристикалық әдістерді де осы топқа жатқызуға болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әр топтағы әдістемелердің өз мүмкіндігі, ерекшелігі болады. Төмендегі кесте арқылы кей әдістерді қай мәнде пайдалану тиімді болады, соған тоқталайық.

Сөздік әдіс

Көрнекілік әдіс

Практикалық әдістер

Зерттеу

Берілетін білім ақпараттық сипаттау болғанда, білімді қалыптастыру, соның ішінде теориялық білім беру, жаңа ұғымдарды оқушыға жеткізуге бұл әдіс өте тиімді. Сөздік әдіс, әсіресе, әдебиет пәнінің күретамыры деуге де болатындай.

Берілетін білім мазмұны көрнекілікті тілеп тұрғанда, уақыт үнемдеуге, әсіресе, оқушы психологиясына әсер ету мақсаттарында өте тиімді болады. Сондай – ақ, оқушыны сабаққа қызықтыру, ынталандыру мәселелерінде де маңызы зор.

Оқушылардың теориялық білімін практикада пайдалана білу дәрежелерін жетілдіреді. Бұл әдіс кітапппен жұмыс түрлері кезінде жазушы тілі, стилін анықтауда өте тиімді.

Берілетін білімнің ғылымилығын арттыру, қосымша материалдармен байыту, оқушыларды іздендіру, өз беттерімен проблема шештіру мәселелерінде тиімді. Оқушылардың өз беттерінше қорытынды шығару дағдыларын жетілдіруге өте пайдалы.

Тиімді деген әдіс – тәсілдерді сұрыптай отырып пайдалану әдебиетті оқытуда үлкен рөл атқарады. Әдебиетті өнер деп танытуда, көркем туындыны өнер туындысы деп қабылдатуда, сөз қасиеті мен құдыретіне, оның эстетикалық нәзік нәріне тұшындыруда осы әдістер алғашқы баспалдақ, яғни көркем шығарманы оқушы жүрегіне бастайтын алғашқы сезім көпірі.

Қазақ әдебиеті әдістемесі өзінің қалыптасу және даму тарихында мектепте әдебиетті оқытуды оқу - әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуге қызмет ете отырып, өзгеріп отыратын дәуір талаптарына сай белгілі бір бағыттарда басым дамығаны байқалады. Әдістеме ғылымы дамуының қай кезеңде де оқу бағдарламалары жетекшілік басымдықта дамыған. Оқу бағдарламаларының тарихи даму желісін құру - әдістеме ғылымының алдағы дамуы үшін де мәнді болмақ.

“Әр оқу пәні бойынша меңгерілуге тиісті білім мазмұны мен мөлшерін, білік пен дағдыларды және оқу жылдары бойынша бөлінген бөлімдер мен тақырыптардың мазмұнын анықтайтын құжат бағдарлама деп аталады”.

Жалпы білім беретін орта мектептерге арналған бағдарламалар оқу пәнінің мазмұнын белгілеу формасы болып табылады және білім мазмұнын нақты оқу үрдісіне енгізу үшін жоспарланған мазмұнның іске асырылуы үшін қызмет етеді. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің қалыптасу үрдісінде негізгі басымдылық бағдарламаға берілген. Қазақ әдебиетін дербес пән ретінде оқыту 30 жылдардан басталып, 1932 жылы шыққан бағдарлама әдістеме тарихындағы алғашқы әдістемелік туынды болды. Қазақ әдебиетінен бірінші оқу бағдарламасы ретінде тарихи маңызды болып табылатын бұл құжат бағдарламалық мазмұннан алыс, негізінен, тізім түрінде көбіне қоғамдық, саяси тақырыптағы туындылардан құрылған еді. Тек 1934 жылы ғана тарихи - әдебиеттік жүйемен тізілген таза әдебиет бағдарламасы жасалды. Алайда мұнда да көркем мәтіндерді оқытудың әдіс – тәсілдері тиісті дәрежеде көрсетілмеді.

1937 жылдың желтоқсанында өткізілген тіл және әдебиет мұғалімдерінің республикалық кеңесінде “ Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту сапасының жайы, программаларды жетілдіру, тұрақты оқулықтар мен программалар жасаудың мәселелері ” талқыға салынып, соның қорытындылары бойынша 1937-1938 оқу жылында ана тілі мен қазақ әдебиетінің программасы жасалынып, оның негізінде оқулықтар жазылды. Ү-Х сыныптарға арналған бағдарламада әдебиетті мектепте оқыту, Ү-ҮІІ сыныптар үшін “ Әдебиеттік оқу ”, ҮІІІ-Х сыныптар үшін “ Тарихи әдебиеттік курс ” деген атпен беріліп, екі сатыға бөлініп көрсетілді. Мұнда әдебиетті оқыту әдістеріне біршама көңіл бөлініп, шығарманың көркемдік – идеялық мазмұнын ұғындыруға бағыт алынды. Ал бағдарламаның әдістемелік нұсқауларының кеңейтілуі 1941 жылы жетілдіріліп шығарылған бағдарламада көрініс тапты. Бұл бағдарлама бұрынғы бағдарламаларға қарағанда әдістемелік, білімдік жағынан әлдеқайда сапалы екенін танытты. Сөйтіп бұл бағдарлама 1947 жылға дейін қолданылып келді.

Кезіндегі идеологиялық мәселелерді қайта құру жөніндегі науқандық шараларға байланысты 1947 жылы қазақ әдебиетінің жаңа бағдарламасы шыққанымен, оның саяси идеялық деңгейін қайта қарастырып, 1951 жылы жаңа бағдарлама жарық көрді. 1952 жылғы шыққан бағдарламада оқылатын көркем шығармаларды маркстік – лениндік ғылым тұрғысынан қайта қарап, іріктеп енгізумен бірге, ол шығармаларды оқып үйренудегі жұмыс түрлері, әдіс – амалдары көрсетілді. 1950-1960 жылдардың арасында бұл идеологиялық нұсқаулардың біржола орнықтырылуымен байланысты 1954 жылы әдебиет бағдарламасы жаңартылып басылып, оның басты бағыттары содан кейінгі бағдарламалар негізінде сақталынып отырды.

Содан кейінгі қазақ әдебиетінің жаңартылған бағдарламасы 1967 жылы басталып, 1972 жылы мектептердің жаңа бағдарламаларға көшуі қарсаңында, яғни 1972-1973 оқу жылдарында біршама өзгертіліп шығарылды. Сонымен қазақ әдебиетін мектепте оқыту үшін жасалынып келген оқу бағдарламаларының даму, қалыптасу жолын шолатын болсақ, 1940-1990 жылдар аралығында уақыт талабына және үстем идеологиялық саясат ықпалынан кейбір түзетулер болып отырғанымен, негізі сақталып келгенін, оқу бағдарламалары мен оқулықтардың тұрақтану қалпында болғанын айтуға негіз бар. Бұл бағдарламалардың негізгі ұстанымдарында тарихилық, партиялық, концентристік (өрлемелі қайталаулар) ұстанымдар алынды. Осындағы концентристік ұстанымның бүгінгі бағдарламаларға әлі де өзек болып отырғанын айта кету жөн. Бүгінгі оқу бағдарламаларының неігізінен партиялық ұстанымды алып тастағанымен бағдарлама жасаудың қалған дәстүрлері мен қалған тәжірибесі сақталып келе жатқаны мәлім.

Қазақ әдебиеті әдістемесінің ғылым ретінде дамып қалыптасуына ғылыми - әдістемелік зерттеулер қатарында әдеби білім тұжырымдамалары, мемлекеттік білім стандарттары, оқу бағдарламалары, оқулықтар, оларға жазылған әдістемелік құралдар да орын алады. Мектептегі қазақ әдебиетінің әдебиеттік оқу сатысының әдістемесін ғылыми түрде арнайы зерттеп, жүйеге келтірген еңбектердің ішінде Ә.Қоңыратбаевтың “ Әдебиетті оқыту методикасының очерктері ” атты зерттеу еңбегінің әдістеме тарихында өзіндік елеулі үлесі бар. Еңбекте автор әдебиеттік оқудың міндеті мен методикасы, көркем мәтін бойынша жұмыс істеу, көркем шығарманы талдау, жанр оқытудың методикасы, әдебиет теориясынан берілетін білім, 5-8 сыныптардағы жазба жұмыстар, сыныптан және мектептен тыс жүргізілетін әдебиет пәніне байланысты жұмыстар деген мәселелерді сөз етіп, тұтас жүйеде қарастырады. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі тарихында 60 жылдар үлкен белес болып табылады. Өйткені А.Көшімбаевтың “Қазақ әдебиетін оқыту методикасы”, Ә.Дайырованың “Орта мектепте І.Жансүгіров творчествосын оқыту”, Ә.Қоңыратбаевтың “Әдебиетті оқыту методикасының очерктері”, “Әдебиеттік оқу методикасы” сияқты іргелі еңбектер осы кезде жарыққа шықты. А.Көшімбаевтың еңбегінде қазақ әдебиеті әдістемесін ғылым ретінде айқындап, дәйектеуге негіз салып, әдебиетті оқыту әдістемесі міндеттері мен мазмұнын ашады, қазіргі әдебиет әдістемесінің басты қағидалары болып табылатын эстетикалық – этикалық мәселелер, ойлау мәдениеттеріне үйрету сияқты тұжырымдамалық пікірлерді ғылыми жүйеге түсіреді. Еңбекте әдебиетті оқытудағы жетекші ұстанымдар мен қолданылатын негізгі әдіс – амалдар тұжырымдалып белгіленген. Баяндау әдісі, сұрақ – жауап түріндегі әңгіме әдісі, мәнерлеп оқу әдісі, түсініктеме бере отырып оқу әдісі, лекциялық әдіс, сөз жарысы, баяндама жасау, жазба жұмыстардың түрлері т.б. әдістерге анықтама беріп, оларды қолдану жолдарын нұсқайды.

Қазақ әдебиеті әдістемесінің 1970-1980 жылдары ғылыми мазмұны артты, әдістеменің жеке салалары арнайы зерттеле бастады. Шығарма талдауда жүйелік – құрылымдық әдісті қолдану мәселесін Т.Ақшолақов

“Көркем шығармаға талдау жасау ” (1983), әдебиет сабағында жүргізілетін жазба жұмыстарын С.Тілешова “ Әдебиет сабағында жүргізілетін жазу жұмыстары ”(1981), әдебиет сабағында пәнаралық байланысты жүзеге асыру мәселесін Р.Құтқожина “ Әдебиет сабағын Қазақстан тарихымен пәнаралық байланыста оқыту ”(1985), қазақ әдебиетінің факультативтік курстарының мазмұны мен әдістемесін Ә.Дайырова “ Қазақ совет әдебиеті, факультативтік курстар хрестоматиясы ” (1985), факультативтік курстар программалары, зерттеп, әдістемелік еңбектерде, оқулықтар мен әдістемелік нұсқауларда жинақтап көпшілік назарына ұсынды. 1991 жылдан бастап ғылыми зерттеу жұмыстары болашақ мектептің оқу - әдістемелік негіздерін қалауға бағыттала баятайды. Талай жылғы тоталитарлық бұғаудан құтылып, өзінің тілі, ділі, ұлттық рәміздері бар егеменді ел болуымызға байланысты ұлттық рухани қазынамызға оралу жаңаша ойлау тұрғысынан пәннің бүкіл оқу - әдістемелік жүйесін түбірлі жаңарту мәселесі қолға алынды.

Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің қалыптасу, даму тарихын сөз еткенде, оның тұтас үрдістік жалпы ілгерілеуін мәселелер ағынымен сипаттаумен шектелмей, оның өркендеуіне азды – көпті үлес қосқан тарихи тұлғалар болып табылатын ғалым - әдіскерлердің өзіндік еңбектерін атап көрсету әділ болмақ. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі ғылымы өзінің қалыптасуының бастапқы кезеңдерінде білім мазмұнын анықтау жұмыстарымен, яғни бағдарламалар мен оқулықтар жасаумен сипатталынды.

Білім мазмұны мен көлемін анықтау, алғашқы бағдарламалар мен оқулықтарды жасауға С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Жолдыбаев, Қ.Жұмалиев, Т.Шонанов, Е.Ысмайылов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Қ.Бекхожин, Ә,Қоңыратбаев, Ә.Шәріпов, Ш.Кәрібаев, Ә.Көшімбаев, Т.Ақшолақов т.б. ғалымдар белсене ат салысты. Кейін бұл толқынға М.Ғабдуллин, З.Қабдолов, М.Базарбаев, С.Қирабаев, А.Нұрқатов, Б.Сахариев, Т.Әбдірахманов, Ә.Дайырова, Ш.Ахметов, Ш.Аманов сияқты талантты топ келіп қосылды.

Сонымен, жалпы әдебиетті оқыту әдістемесі бойынша белгілі орыс әдіскерлері И.Я.Лернер мен М.Н.Скаткин оқытудың әдістерін зерттей келе субьектілердің танымдық ойлау қабілетін шамалай отырып, олар төмендегідей маңызды деген әдістерді ұтымды деп сараптан өткізді:

а. түсіндірмелі – иллюстративті немесе ақпаратты – қабылдау (информационно - рецептивный): әңгімелеу, дәріс, түсіндіру, оқулықпен жұмыс, көрсетілімді материалдар, кино, бейне, телефильмдер т.б.;

ә. репродуктивтік: қайталап айтып беру, тура аудармасы – қайталаным;

б. көкейкестілігін мазмұндау, табу;

в. ізденіс, не эвристикалы әдісі;

г. зерттеу әдісі, мұнда әр субьект өзінің алдына танымдық міндеттер қояды, оны өздерінің ойлау бағамымен шешеді.

Қарап отырғанымыздай, бүгінгі “ жаңа оқыту ” деп жүргеніміздің генезисі әртінде, тереңде жатқанын естен шығармаған дұрыс.

Ал, Ю.К.Бабанский барлық әдістерді үш негізгі топқа жіктейді:

а. оқушының біліми – танымдық қызметін ұйымдастырушы және оны жүзеге асырушы әдіс;

ә. Субьектінің біліми – танымдық қызметін ынталандыру және оның мақамдарын ашу әдісі;

б. біліми – танымдық қызметтің ұтымдылығын бақылау және дербестілік қалпын сақтай отырып, өзін - өзі бақылау.

Әдістердің неше бір құбылмалы жіктемесін топтамамен зержелеген М.Данилов пен Б.Есипов мынадай әдістерді тізбелейді:

а. жаңа білімді жиюдың әдістері;

ә. Іскерлік, икем, дағдыны ширататын әдістер және оның тәжірибеде қолданылымын жүзеге асырудың әдістері;

б. субьектінің меңгерген білімінің сипатын айқындаудың бағалау өлшемдіктерінің әдістері.

Жоғарыда топтамамен тізбеленген әдістерді таңдаудың бірден бір заңдылығы – оқу еңбегін тәртіптеуді ұйымдастыруда аталған әдістерді тәсілдерге айналдыру.

И.Харламовтың әдістерді жіктеу тәртібі:

а. оқытушының материалды ауызша баяндауы және субьектілердің біліми – танымдық қызметін белсенді әрекетке қосудың әдістері: әңгіме, түсіндіру, сұхбат, иллюстрация, көрсетілімді әдістер т.б.;

ә. өтілетін материалды бекіту, жинақтау әдістері: сұхбат, оқулықпен жұмыс;

б. жаңа материалды дербестік қалпын сақтай отырып, өздігінен орындау әдістері: оқулықпен жұмыс, зертханалық жұмыс;

в. алған қисындық білімдерін тәжірибеде қолдану әдістері;

г. іскерлік, қабілет, икем, дағдыларын бағалаудың әдістері: оқушылардың, не басқа субьектілердің күнделікті жұмысын байқау, фронтальді, не жиынтық материалдың алгоритмімен, балл қою, бақылау жұмысы, үй жұмысын тексеру, бағдарламалап тексеру, тестімен бақылау.

Әдістерді таза сырттай зерделегенде, дидактика оған ғылыми жіктеме жасай алмайды. Кейбір авторлар оқытудың әдістерін топтастырады, шығу көздерін зерттейді, міне осыдан олар әдістерді жіктеп бөледі. Сөйтіп сөз әдісі, көрнекілік, тәжірибешілік деген әдістер пайда болады. Ал кейбір ғалымдар оқушы мен оқытушының қарым – қатынас деңгейіндегі қызметтің деңгейіне ыңғайлы әдістерді сұрыптайды. Мұның өзін біріншіден, мұғалімнің материалды сұрыптау іскерлігі мен оқушының дербес жұмысының қызметтік әрекетіндегі әдістер деп қарастырады. Ал үшінші топтағылар дидактикалық міндеттердің характері мен маңызына негіздеп алатын ғалымдар. Бұл әдістің негізі субьектінің білімді жаңадан жиюы, оны есінде, жадында тұрақтандыруы, соған орай іскерлік икемін үзіліссіз ширатуы, бағалау рейтингісін өзінің жобалап құрастыруы.

Бүгінгі таңда білім беру жүйесіндегі ғылыми – техникалық прогрестің жағдайында жаңа әлеуметтік талаптарға, оқушылардың мүмкіндіктеріне сай оқытудың мазмұны мен түрлері, әдістерін жетілдіріп оқыту құрамдарының жаңа түрлерін жасау заман талабы. Әр оқушының өзіне тән оқу жұмысындағы әдістері, ойлау жолдары, қызығу, бейімділік сияқты ерекшеліктері болады. Жеке адамның жан – жақты дамуы әр оқушының жеке басына тән ерекшеліктерді ашып, анықтауды қажет етеді.

Мәселен, өзіміздің белгілі әдіскеріміз Қ.Бітібаеваның “ Әдебиетті оқыту әдістемесі ”(1997) оқулығы назар аударарлық. Бұл оқу құралында жүйе бар, бағдарламаның сынып бойынша сатыларына жіктеме берілген. Сонымен бірге әрбір мәтіннің оқытылуы жайлы әдіс – тәсілдер амалы анық, айқын сұрыпталған. Әрбір еңбекте ішкі және сыртқы жүйе болады және олардың үндестігі болады. Сыртқы жүйе мемлекеттік стандарт көздеген мүдде мен мақсат, ал ішкі жүйе ұстаздың оқытуды үлгілеу шеберлігін көздейді.

Оқыту әдісі дегеніміз – оқушылар мен мұғалімнің білімді меңгеру жолындағы шығармашылық бірлескен тәсілі. Әдебиет – оқушылардың ішкі сезімін, эстетикалық талғамын туындылардың жанрларына қарай, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай қиялдарын дамытуға түрткі болар нысан.

Әдебиетті оқыту әдісін оның құралдарынан ажырата қараймыз. Әдіс тек әрекетпен тікелей байланысты. Ол үшін әрекеттің негізгі мақсаты болуы шарт. Әртүрлі құралдарды қолдану әдіске бағынышты. Құралдардың әртүрлі болуы әдістің құрылымын өзгертуге ықпал етеді. Әдістің жекелеген бөлімдерін амал деп айтамыз. Әдістер арқылы білім мазмұнын меңгереміз. Мұғалім оқушыларды оқытуда түпкі нәтижеге жеткізеді деген әдіс – тәсілдерді таңдап алуы қарастырылады. Ізденістің қарқынды амалдары мазмұн ретінде алгоритміне бағынады. Ү-ҮІІ сынып аралығында оқушыларды, біріншіден, кітаппен жұмыс істей білу әдісіне машықтандыру әрекеті көзделеді. Оқу техникасын сақтай отырып, оқығанын қатар түсіну керек. Ол үшін төмендегі әрекет әдістері жүргізіледі:

  1. тақырыпты анықтау, өз өзіне сұрақ қою, есеп беру;

  2. материалды ынтамен оқу, оны бөлімдерге бөлу, оқығанды жоспарға түсіру;

  3. сұрақтарға жауап беру;

  4. өз мысалыңды келтіру;

Мәтінмен жұмыс істеу оның мазмұн құрылымына байланысты. Көркем әдебиет мазмұны кейіпкердің іс - әрекетімен тұтастықта беріледі.

Екінші орында әдебиет қисынынан мағлұмат беру әдісі өткізіледі.

Көрнекілік әдісі. Демонстрация. Схема, таблица, сурет, диапозитив, диафильм.

Байқау әдісі. Оқу мақамы, жазу қарқыны сияқты әдістер Ү-ҮІІ сыныптарда жиі қолданылады. Себебі, оларсыз көркем шығармалардың оқиғаларын, кейіпкерлер арасындағы қарым – қатынасын, олардың мінездерін көз алдына елестете алмайды. Осындай қабілеттілікті дамыту үшін, нақтылықтан дерексіз ойды тудыру үшін көрнекіліктің жоғарыда аталған түрлері пайдаланылады.

Тәжірибешілік әдіс. Тәжірибешіліктің өтілу барысы пәннің мазмұнына тікелей бағынышты. Мұның өзі оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, төмендегі талаптарды орындау арқылы жүзеге аспақ.

  • алдымен оқушыға жаттығу жұмысының мақсатын, орындау ережесін алдын – ала ескертуі;

  • жаттығудың мақамдарын үнемі өзгертіп отыруы;

  • жаттығудың жүйелілігі.

Жаттығу жұмысы әдебиет сабағында мәтіннің тақырыбын, мұратын, мазмұн құрылымын, қисынын меңгеруге машықтандырады.

Мақсатты жаттығулар оқушының дағдылары ұшталғанда ғана жүргізіледі. Жаттығу жұмысының тиімділігі санатты оқушының өзін - өзі бақылау әрекеті болғанда жоғары нәтижеге жетеді.

Мысалы, көркем мәтінді талдату негізінде танымдық – шығармашылық ізденіске бағыттау, әдеби материалдарды іріктеп алу, жазушының шығармашылық бейнесін тұтас таныту мен жеке шығармаларды ғылыми талдауға үйрету бүгінгі күннің басты талабы.

Әдебиет пәнінің негізі – көркем шығарма. Ал шынайы көркем туындыда адамзаттың асыл арманы, ұшқыр қиялы, ел басынан өткерген қилы – қилы оқиғалар, сол жолдағы күрес – тартыстары, өмір белестері, елдік, ерлік дәстүрлері, халық тұрмыс – салты, әдет – ғұрпы, ырым – жоралғылары, психологиясы, кең дала табиғаты кескінделген. Сондықтан әдебиет пәніндегі басты нәрсе – көркем мәтін. Идея, форма, жазушы шеберлігі, оның зер салар зергерлігі бәрі де мәтінге арқа сүйей отырып қана танылады. Оқыту процесінде мәтін өз алдына қалса, жайдақ баяндауға, мазмұндауға салынған болар едік. Ал, әдебиеттен білім алу – ол мәтінді оқи білу, ой көзімен оқи білу, шығармаға эстетикалық талдау жасай білу. Мұнсыз әдеби білім беру, оқушыны ізденіске жетелеу жоқ. Әдебиетке білгір көркемдік талдау жасау үшін әдебиет тарихы мен теориясына қанық болу керектігі туындайды.