Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Orazbaeva_D_1241_ribay_Ekologia_negizderi.doc
Скачиваний:
562
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
8.09 Mб
Скачать

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІП

Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Р.С.Оразбаева А.О.Дәрібай

ЭКОЛОГИЯ НЕГІЗДЕРІ

Астана 2007

ӘОЖТ. 577.4

588

Пікір беруші: биология ғылымдарының докторы, профессор Хантурин М.Р.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми- әдістемелік кеңесі басылымға ұсынған

Оразбаева Р.С., Дәрібай А.О. Экология негіздері: оқу құралы. — Астана: ИП «Жакулина» баспасы. 2007, - 266б.

Библиография 23. Сурет 43. Кесте 13.

Оқу құралында экологияның негізгі проблемалары, оның ішінде, организм мен қоршаған орта, бірлестік пен популяцияның экологиясы, тірі организмдердің қоршаған ортамен қарым-қатынасы, қазіргі таңдағы биосфераның жағдайы қарастырылады. Әрбір бөлімнің теориялық материалдары, практикалық жұмыстары, қосымша хабарлар мен мысалдары, тест сұрақтары келтірілген.

Құрал мазмұны студенттердің экологиялық білімдері мен адамның табиғатпен қарым-қатынасының мәдениетін тәрбиелеуді қалыптастыруға бағытталған.

Оқу құралы университеттердің жаратылыстану және биология факультеттері, сонымен қатар «Экология және табиғи қорларды тиімді пайдалану» арнаулы факультеттерінің студенттеріне арналған.

ISBN 9965-470-29-4

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Оразбаева Р.С., Дәрібай А.О.

Бір жылды ойласаң - күріш ек,

Он жылды ойласаң - ағаш ек,

Жүз жылды ойласаң –

адамдарды сауаттандыр.

ГУАНЬ ЦЗЫ

қытай ойшылы

КІРІСПЕ

Қазіргі кезде Жер планетасын адамзаттың тіршілік ортасы ретінде сақтау проблемасы адамдарды аса толғандыруда. Бір минуттық пайдасы немесе экологиялық сауатсыздықтарына байланысты көпшілік болашақ туралы ойлағысы келмейді. Ерте ме, кеш пе, табиғат адамдардан өзінің ақысын алады. Бұл ақы өте қымбат және өте ауыр болуы мүмкін. Қазірдің өзінде біздің Республикамыздың көптеген аудандарында тұрғындарды табиғатты қорғау мәселелері ғана емес, негізінен өмірдің қалыпты жағдайларын қалпына келтіру проблемалары толғандыруда. Бірақ, табиғи ортаны қалпына келтіру үшін оның заңдары мен принциптерін міндетті түрде білу қажет. Сондықтан біздің ортақ үйіміз — Жер, ондағы байланыстар жөніндегі ғылым- экология негіздерін планетамыздың әрбір адамы білуі қажет. Экология негіздері жөніндегі білім жеке адам, өз өміріміз бен қоғамды саналы құруға көмектеседі; олар ұлы Табиғаттың құрамды бөлігі екенін әркімге сезінуге көмектеседі.

III мыңжылдық басында экологиялық түсініктер жоғары саяси деңгейге жетіп, экологиялық білім материалдық өндіріс пен рухани мәдениеттің дамуын анықтайтын дәрежеге жеткен кезде қазақ тіліндегі экология оқулығы мен оқу құралдарының аз болуы-елімізде болашақ мамандардың экологиялық сауатсыздығы мен экологиялық мәдениетсіздігіне әкеліп соқтыруы мүмкін.

Қазақстан Республикасының барлық жоғарғы оқу орындарында оқылатын экология пәнінен қазақ тіліндегі кітаптардың жеткіліксіз болуы — Экология негіздері оқу құралының жарыққа шығу қажеттілігін тудырды.

Оқу құралының құрылымы

Оқу құралының әрбір теориялық бөлімінен кейін студенттердің өз бетінше практикалық жұмыстарда орындайтын экологиялық эксперименттер берілген.

Бұл белгі эксперименттерді - практикалық жұмыстарды көрсетеді.

Студенттердің экологиялық білімдерін тереңдету және қазіргі таңдағы ғылыми деректерден экологиялық ой-өрісін кеңейту мақсатында берілген қосымша хабарлар мен мысалдар !!! белгі арқылы берілген.

Есептеуді, логикалық ойлауды қажет ететін, іскерлікті дамытатын тапсырмалар § белгісімен белгіленеді. Әрбір бөлім тестілі бақылау сұрақтарымен аяқталады. Сұрақтар белгілі тақырып бойынша құрастырылған және бір ғана дұрыс жауабы бар бірнеше жауаптар берілген. Бұл тестілі бақылау сұрақтары ?? белгісімен берілген.

1Тарау Экология міндеттері мен болашағы

1.1. Экология пәні және анықтамалары

Экология - тірі организмдердің бір-бірімен және өзін қоршаған ортамен байланысын зерттейтін ғылым. Бұл байланыстар Жер бетіндегі тіршілік деп аталатын өте күрделі және тығыз бірліктегі байланыстарды түзеді.

Адамзат- бұл тіршіліктің бір бөлігі. Ол тірі табиғаттың дамуы нәтижесінде пайда болған. Оның қазіргі жетістіктері мен ұзақ тағдыры біздің планетамыздағы өмірдің жалпы жүйесіне тәуелді.

Көп мөлшерде энергия пайдаланушы және техникамен қаруланған қазіргі адамзат- Жердегі табиғатқа әсер ететін өте қуатты күш болып саналады. Егер бұл іс-әрекеттер табиғат заңдарымен санаспаса, онда мыңдаған жылғы байланыстар бұзылып, апаттық жағдайлар пайда болады.

Сондықтан қазіргі кезде экология ғылым ретінде, осы пайда болып отырған қиындықтан шығатын жол іздеуге көмектеседі. Осы байланыстардың заңдылықтарын ашу негізінде адамдар өздерін қоршаған ортамен қалай қарым-қатынастарын ұйымдастыру және оны қалай өзгерту керектігін, өздерінің техникалық құралдарын қалай пайдалану және қандай принциптер бойынша әрі қарай дамыту керектігін тереңірек түсінеді. Бұл мүмкіншіліктер көбіне қоғамның қоғамдық құрылысына, яғни адам қоғамының байланысына тәуелді.

"Экология" терминін 1866 жылы неміс зоологы Эрнест Геккель "Организмдердің жалпы морфологиясы" еңбегінде алғаш қолданды. Экология гректің "ойкос" -үй, мекен орны, "логос" -ғылым, білім деген екі сөзінен құралған.

Жалпы айтқанда экология- "тіршілік орны туралы ғылым". Бір түрлер үшін "үй" дегеніміз - бұл ортаның белгілі аймағы. Мысалы, гүлдің күлтесі - онда тіршілік ететін бунақденелілер үшін мекен орны, ал теңіздер мен мұхиттар кеңістігі —су организмдері үшін мекен-жай, сондай-ақ қазіргі адамзат үшін "үй" —жердің бүкіл планетасы болып табылады.

Экологияны кейбір авторлар организм мен қоршаған ортаның байланысын зерттейтін биологияның бір бөлігі деп санаса, екіншілері- тірі организмдерінің тіршілік ортасын бақылайтын, комплексті ғылым деп, үшіншілері- экожүйенің әртүрлі дәрежедегі құрылуының жалпы заңдылықтарын оқытатын пән деп есептейді.

Сондықтан бүгінгі күні экологияға нақтылы дәл анықтама беру өте қиын. Экология атауына шетелдік және отандық экологтар көптеген анықтамалар берді. Олардың ішіндегі маңыздыларына тоқталсақ:

1963 жылы американ экологы Ю.Одум табиғаттың құрылысы мен қызметі туралы ғылымды экология деп атаса, "Экология" (1986) кітабында ол оған кең түрде анықтама береді: "Табиғатта және қоғамда көп деңгейлі жүйенің құрылысы мен қызметі туралы білімнің пәнаралық аймағы ".

Р.Дажо: "Экологияны - қоршаған ортаның биологиясы немесе "экология тірі организмдердің тіршілік ету шарттары және өздерінің тіршілік ететін ортамен тірі организмдердің арасындағы байланыстарды зерттейтін ғылым" деп анықтама берген.

Э.Макфедьен: "Экология - популяцияны зерттейтін және табиғи құбылыстарды зерттеуде сандық тұрғыдан сипаттайтын ғылым " деп анықтама берсе,

Е.Одум: "Экология - табиғи құбылыстарды зерттеуде энергетикалық турғыдан сипаттайтын табиғат құрылымы туралы ғылым " деген.

Т.Льюис және Л.Тейлор: "Экология - особь, популяция және популяция бірлестіктерінің орта өзгерістерін қалай реттейтіні туралы ғылым " деп есептеген.

П.Arecc: "Экология тек жаратылыс ғылымы ғана емес, ол басқа пәндерді, мысалы, экономика, құқық, қоғамтану және т.б. қамтуы тиіс ", ал

Н.Уэбстердің Толық сөздігінде (1961 ж. 3 бас): "Экология пәні -организмдер мен оларды қоршаған орта арасындағы байланыстар құрылымы немесе жиынтығы" деп көрсетті.

Кеңестік энциклопедия сөздігінде (1990ж): "Экология -өсімдіктер мен жануарлар организмдері және олардан түзілген бірлестіктердің бір-бірімен және қоршаған ортамен байланысын зерттейтін ғылым" деп анықтама берілген. Осы айтылған анықтамаларды қорытындылай келе, үш негізгі түсінікті: тірі жүйе (организм, популяция, биоценоз), қарым-қатынас (байланыс, қарым-қатынас, тәуелділік, қоршаған орта (тіршілік ортасы, сыртқы орта) жинақтап, басшылыққа алуға болады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]