Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Социология Тажин.doc
Скачиваний:
236
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
3.61 Mб
Скачать

Социология

Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi жоғары оқу орындарының студенттерiне арналған

оқу құралы ретiнде ұсынады

АСТАНА

2004

УДК

ББК

Пiкiр жазғандар:

ҚР ҰҒА академигi, философия ғылымдарының докторы Ж.М. Әбдiлдин,

ҚР ҰҒА мүше-корреспондентi, философия ғылымдарының докторы Ә.Н. Нысанбаев

Жалпы редакциясын басқарған: Қазақстан социологтары ассоциациясының президентi, социология ғылымдарының докторы, профессор М.М.Тәжин

Авторлар ұжымы: Әженов М.С., Әбдiкерова Г.О., Әбдiрайымова Г.С., Әбжалиева А., Әйтiмбет И.А., Биекенов К.Ү., Ғабдуллина І.Г., Гуревич Л.Я., Жаманбалаева Ш.Е., Есiм Ғ., Жаназарова З.Ж., Забирова А.Т., Калмыков С.К., Қожамқұлова Л.Т., Мельников Д., Нұрбекова Ж., Әмiрсейiтова А.Қ., Оспанов С.И., Пузиков М.Ф., Садырова М.С., Сейдуманов С.Т., Телебаев Ғ.Т., Өтешов С.К., Шәукенова З.К., Шеденова Н.У., Царева Т.А.

Редакция алқасы:

Шәукенова З.К. (жауапты редактор), Жаманбалаева Ш.Е., Забирова А.Т., Сейдуманов С.Т.

Мемлекеттiк тiлдегi редакциясы: Аяған Б.Ғ., Манақбаев Б.Қ.

Социология: Оқулық / Редакциясын басқарған проф. М.М.Тәжин. – Астана, 2004. – 506 бет.

ISBN

Оқулықты баспаға Қазақстан социологтары ассоциациясының кәсiби бiрлестiгi мүшелерiнен құралған авторлар ұжымы дайындады. Мемлекеттiк бiлiм беру стандартына сай, Қазақстандағы нақты жағдайды және шетелдерде шыққан оқулықтарды ескере отырып жазылған бұл кiтап қазiргi заманғы социология ғылымы туралы неғұрлым толық мағлұмат бередi. Оқулықта социологияның негiзгi ұғымдары, орта деңгейдегi әлеуметтiк және социологиялық теориялардың тарихы, сондай-ақ социологиялық зерттеулер жүргiзген кездегi методологиялық тәсiлдер қарастырылады.

Жоғары оқу орындарының студенттерiне, аспиранттары мен оқытушыларына арналған.

УДК

ББК

Мұқабаны безендiруге ....... картинасының үзiгi пайдаланылды

ISBN © Баспа, 2004

© Тәжин М.М.

© Қазақстан социологтарының ассоциациясы

Қазақстан социологтары ассоциациясының президенті, социология ғылымдарының докторы, профессор м.Тәжиннің алғы сөзі

Қалыптасып қалған санада социология түрлі сауалдамаларға келіп саяды. Осы сияқты тұжырым бұл ғылымның орасан әлеуетін бүркеп қалады. Дегенмен де социологияның екі жүз жылдық тарихы өз бастамасын О.Конт пен Э.Дюркгеймнен, Т.Парсонс пен Р.Мертоннан, Г.Гарфинкель мен И.Гофманнан алатын ғылымның тындырылған теориялық және әдістемелік жетістіктерінің таңғаларлық байлығын паш етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі заманның шешуші проблемасы – жаһандану мен қоғам дамуының жаңа үрдістерінің пайда болуы жағдайындағы социумның күрт күрделеніп кетуі. Оған жауап ретінде социология зерттеу өрісін күрт ұлғайтты. Соңғы онжылдықтарда гендерлік социология, этносоциология, халықаралық қатынастар социологиясы пайда болды, урбанистикалық және аймақтық социологияның екінші тынысы ашылды, мәдениет социологиясы, девианттық мінез-құлық социологиясы, басқару социологиясы және т.б. сапалық жағынан өзгерді.

Социология мұндай «онтологиялық ұлғаюға» анағұрлым дайын боп шықты. Бұл жерде кездейсоқтық жоқ. Социологиялық білімнің мазмұндық дамуы үш тұғырнамаға арқа сүйейді. Біріншіден, өткен ғасырда күшті және кескінді жалпы модельдерді туғызған қарқынды теориялық пікірталас жүріп отырды. Құрылымдық-функционалдық парадигманың, этноәдістеменің, нышандық интерактивизмнің, құрылымдану теориясының, феноменологиялық социологияның пайда болуын еске алса да жетіп жатыр. Мұның барлығы қазіргі заманғы социумның өзін-өзі түсінуіне орасан резерв әзірледі. Екіншіден, ХХ ғасырда орта деңгейдегі теорияның – әлеуметтік стратификацияның әртүрлі тұжырымдамаларынан бастап отбасы социологиясына дейінгі егжей-тегжейлі зерттемесі жүріп отырды. Өткен ғасырда социология әлеуметтік басқару мен болжам жасаудың күшті құралына айналған социологиялық зерттеулер әдістерінің егжей-тегжейлі дамуының арқасында «қалыпты» ғылым сипатына ие болды.

Қазақстандағы социологияның дамуын бұл пәннің дамуының жалпы контексінен тыс түсінуге болмайды. Қазақстандық социологияның қазіргі жай-күйіне баға беруді және оның келешегін қарастыруды жалпыәлемдік үрдістермен байланыстыра отырып жасау қажет.

Біздің еліміздегі социология дамуының ерекшелігі оның бастапқы кезеңінде онымен негізінен әлеуметтік философия саласының мамандарының шұғылғандығы болып табылады. Бұл бұрынғы КСРО-дағы социологияның жалпы жай-күйін білдіретін еді. Бірақ социология ұғымдық деңгейде де, әдістемелік деңгейде де басқаша жұмыс істейді – басқа верификация критерийлері, зерттеудің басқа әдістері, жеке санаттық тор. Біртіндеп олардың алшақтықтары айқындала бастады. Әдістемелік деңгейде ол игеріліп, Қазақстанда жақсы өрістік зерттеулер жүріп жатқан болса, ал теориялық социология, өкінішке орай, уақыт талабынан қалып келеді.

Жалпы алғанда біздің елімізде социологияның институционалдануы іске асты. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында кафедралар ашылып, жүздеген мамандар даярланды. Соңғы он жыл ішінде бірнеше ондаған докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды. Бірқатар жеке меншік зерттеу құрылымдары ашылды. Салалар белгілі бір дифференцияға ұшырады.

Бұл оқулық – социология саласындағы қазақстандық алғашқы тың басылымдардың бірі болып табылады. Мемлекеттік тілдегі cоциология саласындағы осындай жиынтық жұмысқа деген сұраныс әлдеқашан пісіп-жетілген.

М.М.Тәжин

КІРІСПЕ

Социология - қызықты және іс жүзінде маңызды ғылым. Ол қоғамда және адамдар арасында не болып жатқанын, әлеуметтік өзгерістердің қалай жүріп жатқанын, өмірдің әр түрлі ағындарының нәтижесі қандай болатынын білуге мүмкіндік береді. Социология ғылымы қоғамның қараңғыда қармаламай, мақсаттары мен мүддесін, болжам нәтижелерін айқын түсіне отырып саналы түрде алға басуына жәрдемдеседі. Ой-тұжырымдар ғылымы ретінде социология, біріншіден, басқа қоғамдық ғылымдарда сәтті пайдаланатын күшті тәжірибелік базаға сүйенеді, екіншіден, оның өзі әлеуметтік тәжірибенің сенімді теориялық негізі болып табылады.

Қазіргі таңда еңбек рыногында экономистермен, заңгерлермен және психологтармен қатар социологтарға да сұраным өсіп келеді. Егер де экономика, заң және психология ғылымдары кеңестік дәуірдің өзінде жете дамыған болса, қазіргі Қазақстан үшін социология - салыстырмалы түрде алғанда жас ғылым. Ол ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда бізде кеш қалыптасты және қазір ол жаңа егемен мемлекеттің қаз тұруы жағдайында дамып келеді. Қазақстанда социология ғылымының тәжірибелік талаптардан және әлемдік стандарттардан кешеуілдеп тұрғанына, білікті кадрлардың, әлеуметтік-экономикалық ақпараттың, оқулықтар мен оқу құралдарының тапшылығына қарамастан Қазақстан Республикасында социологияның институттануы қарқынды жүріп жатыр. Оның негізгі дәлелі социологияның тиісті кәсіби білім алатындар үшін ғана емес, жоғары оқу орындарын бітіретін жүздеген мың жас мамандардың да оқу пәніне айналғаны болып отыр. Болашақ Қазақстан қоғамында ерекше позицияға ие болатын қазіргі студенттер таңдаған саласында ғана кәсіби даярланып қоймай, әлеуметтік ұйымның, қоғамдық өзгерістердің даму заңдарын білетін әлеуметтік жағынан білікті, қоғамды талдау дағдыларын меңгерген адам болуға тиіс.

Соңғы жылдары қазақстандық оқырмандар батыстың социологиялық ойларының белгілі авторларының негізгі еңбектерімен танысуға мүмкіндік алып отыр. Ресейлік әріптестер Э.Дюркгеймнің, М.Вебердің, Т.Парсонстың, Н.Смелзердің, Р.Аронның және басқалардың іргелі еңбектерін орыс тіліне аударып, басып шығарды. Олардың тұжырымдамаларының әр түрлі қырлары ғылыми жарияланымдар мен зерттеулерде көрініс тапқан. Сонымен қатар социологиялық проблемалар отандық авторлардың еңбектерінде, оның ішінде қазақ тілінде басылатын еңбектерде енді ғана көріне бастады. Іс жүзінде Қазақстанда төл оқулық, мұндай жанрдағы кітап шығарудың қалыптасқан дәстүрі жоқ, басқа ғылымдармен салыстырғанда тиісті бай тәжірибе де жоқ. Социологиялық білім беру саласында: а) әлемдік социологияның классикалық мұрасын құрайтын жетекші шет елдік теориялар мен парадигмаларды; б) ТМД елдері социологиясының алтын қорын құрайтын кеңестік және одан кейінгі кезеңдегі үздік теориялық және эмпирикалық жасалымдарды; в) ағымдағы қазақстандық шынайы жағдайды талдау, бүгінгі болып жатқан әлеуметтік процестерді, олардың динамикасын, бастау көздері мен салдарларын талдауды орайлы ұштастыратын осы заманға сай оқулықтар басып шығаруға деген өткір қажеттілік бар екені айқын.

Қазіргі таңда мұндай оқулықтар жасауға қолайлы жағдай бар деп айтуға әбден болады. Бір жағынан, олардың тұжырымдамалық өзегін кәсіби социологиялық білім алу үшін міндетті түсініктер мен категориялардың ең кем дегендегі қажетті жинақталымын беретін жоғары оқу орындарына арналған социология бойынша мемлекеттік білім беру стандарты құрап отыр. Екінші жағынан, қазіргі заманғы - әлемдік, ресейлік және белгілі бір дәрежеде отандық социологияның жетістіктері қоғамымыздың әлеуметтік құрылым мен бөлшектелу, қақтығыстар мен девианттық мінез-құлық, әлеуметтік институттар мен процестер және т.б. іргелі проблемаларын неғұрлым толық және терең қамтуға мүмкіндік береді.

Бұл оқулық - әлеуметтік проблемаларды шет елдік және отандық әдебиеттегі кең ауқымды теориялық материалдардың негізінде тұжырымдау, жүйелеу әрекеті жасалған социология курсы бойынша алғашқы іргелі оқулықтардың бірі.

Социология - әлемге ерекше көзқарасты, қоршаған ортаны көре білудің ерекше тәсілін туғызады. Социологтың дүниені қабылдауы әлеуметтік өзара әрекеттестіктің нәзік материясын ұғынуды - интуицияның ерекше түрін құрайтын социологиялық ойдың категориялық құрылымымен реттеледі. Оқулықтың басты міндеті - социологияны тұтас және қарама-қайшылықсыз әдістемелік және тұжырымдамалық аппараты бар және социологиялық фактілердің берік іргетасына негізделген ғылым ретінде баяндау. Оқулықтың функциялары - студенттерге ғылыми құралдарды, теорияларды және әдістерді пайдалану ережелерін үйретіп қана қоймай, бұдан да маңызды нәрсе - қоршаған болмысты көре білуді, студенттің талдамалық ойлауын, мәселенің маңызын өз бетінше тани білуін, болашақ кәсіби қызметіне дайындалу қабілетін қалыптастыру.

Оқулықтың құрылымын жасаған кезде, сондай-ақ мәселелердің маңызын ашқан кезде авторлар оны қазіргі отандық социологияның алдында тұрған міндеттер тұрғысынан қарады. Бұл - әдістемелік-теориялық негіздемені және оларға сәйкес келетін әдістеме мен техниканы игеру, әлемдік социологияның қабылданған ортақ ғылыми стандарттары деңгейіне шығудың жолын іздестіру және социология ғылымының жан-жақты тілін игеру. Сонымен қатар, авторлар мемлекеттік стандарт талаптарының барлығын жүзеге асыруға, ал проблеманы баяндаған кезде біржақты баға беру мен түсіндіруден аулақ болуға және жетекші мамандардың позицияларын беруге барынша тырысты. Оқулық социологияның төрт шешуші бөлімін - әдістемені, социология тарихын, арнайы социологиялық теорияны және социологиялық зерттеулер жүргізу әдістемесі мен техникасын қамтиды.

Ғылымның не екенін, теориялық білімнің құрамдас бөлігі ретіндегі социологияның не екенін білмейінше олардың құрамдас бөліктері, олардың мазмұны, социологияның басқа бөлімдері туралы білімді одан әрі дамыту мүмкін емес. Социологияның іргелі білім екені оның пәнінен айқындалады, онда негізгі ұғымдар мен категориялар өзара қисынды қарама-қайшылықсыз тәсілдермен байланысқан. Пәнділік - ғылымды танымның басқа түрінен ажырататын алғашқы белгі. Бұл деген сөз осы пәннің өзіндік, ерекше пәндік саласы, яғни осы салаға кіретін және осы ғылым зерттейтін объектілердің елеулі қасиеттері мен белгілерінің жиынтығы бар екенін білдіреді. Сондықтан да кітаптың бірінші бөлімі социологияның объектісі мен пәні, оның ғылымдар жүйесіндегі орны мен рөлін қарастырудан басталады.

Социология ғылымының тұжырымдамалық-ұғымдық аппаратының маңызы орасан зор. Біз социологияның ұғымдық аппаратының қалай өзгеріп жатқанының, оның жетіліп, байып жатқанының, түсініктердің қалай жаңа мазмұнмен толығып жатқанының куәсіміз, бұлар зерделенетін шынайы өмір туралы біздің ұғымымызды едәуір тереңдетіп, нақтылай түседі. Оқулықта социология ғылымының маңызды категориялары мен түсініктері туралы ұғым тұжырымдалады, онда зерделенетін әлеуметтік шынайы өмірдің елеулі қасиеттері, олардың бір-бірімен байланысы және қарым-қатынасы, шынайы әлеуметтік процестер қамтылады. Негізгі түсініктер шеңберін анықтап алу әлеуметтік процестерді зерттеудің әдістемелік негізін жасауға, әлеуметтік байланыстар, қарым-қатынастар, тәуелділіктер аясында түсіндірілуі керек объектілерді сипаттау мен талдауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда социологияның дербес ғылым болып қалыптасуының қиын да күрделі жолы авторларды осы оқулықта социологияның тарихы, қазіргі жай-күйі және тенденциялары туралы мәселелерді қамтуға зор көңіл бөлуге міндеттейді.

Оқулықтың екінші бөлімі социология тарихына арналған. Мұнда социология білімін қалыптастырудың тарихи және әдістемелік алғышарттары берілген, сондай-ақ қазіргі заманғы жаңа социологияның ғылыми базасын құрайтын шешуші сәттер мен теориялық-әдістемелік принциптері баяндалған. Оқулық авторлары өз міндеттерін: біріншіден, оқырманның жан-жақты баяндалған материалдарды түсінуіне, мектептердің, бағыттар мен ағымдардың шексіз алмасуында өз бағытын табуына көмектесу, екіншіден, оқырманға әлемдік социологиялық ойдың жетістіктерін жеткізу, оның даму логикасын көрсету деп біледі. Оқырман қандай да бір тұлғалармен және тұжырымдамалармен таныса отырып, өзінің білім қорына жаңа нақыш қосады, сондай-ақ социология ғылымының мазмұнын әр түрлі көзқарас тұрғысынан көре білуді үйренеді деп үміттенеміз. Социология үшін оның тарихы туралы мәселе - қосалқы емес, мазмұнды да маңызды проблема. Қоғам туралы ғылым ретінде социология ХІХ ғасырда пайда болды. Бірақ одан ерте уақыттарда да адамдар қоғам дамуының логикасын, ондағы өзінің рөлі мен орнын түсіне білген, өздерінің қоғам, өмірлік күш-жігері туралы түсініктеріне қарай қоғамдық мінез-құлықтарын қалыптастырған. Социология ғылымы ХІХ ғасырда бірден қалыптаса салған жоқ, қоғам туралы көпқырлы ілімнің негізінде және әр түрлі көзқарастарды сын көзбен қайта пайымдау, тұжырымдау процесінде қалыптасты. Бұл бөлімдегі ерекше маңызды нәрсе әлемдік социологиялық ғылым генезисіне Шығыс елдеріндегі әлеуметтік білім саласында орныққан тенденциялардың енгізілуі болып табылады. Шығыста мифологиялық, діни және философиялық ілімдерден, әлеуметтік өмір мен мәдени даму, адамның қоғаммен және табиғатпен қарым-қатынасы тәжірибесінен өрбіген социологиялық ойдың туу тарихы мен эволюциясы бай, сан қырлы, көбіне бірегей. Ұзақ жылдар бойы Шығыстың социологиялық ойларын елемей батыстық әлеуметтік-мәдени дәстүрлер тәжірибесінің маңызын асыра бағалауға байланысты бұл материалдар ресейлік, еуропалық, американдық социология жөніндегі оқулықтарда жоқ. Бүгінгі күні социология тарихы мен оның қазіргі заманғы жетістіктерін тек еуропалық, батыстық әлеуметтік-мәдени дәстүрлер аясынан ғана іздеудің қате екендігі айқын болып отыр. Оқулықта авторлар Шығыстағы жекелеген діни-философиялық, философиялық-этикалық ілімдердің, сондай-ақ олардың өкілдерінің социологиялық ойлары дамуының үлесі мен өзіндік ерекшеліктерін сипаттай отырып, социологиялық білім берудегі ақтаңдақтарды жоюға тырысты.

Үшінші бөлім қазіргі кезде ғылыми тәжірибеге мықтап енген бірқатар арнайы социологиялық теорияларға арналған. Бұл бөлімді жазарда авторлардың көп жылдық экономикалық социология және саяси социология, ғылым, білім, мәдениет социологиясы, этносоциология, жанжалдар социологиясы және дін социологиясы сабақтарын оқыту тәжірибелері пайдаланылды. Бірқатар тақырыптар - жастар социологиясы, отбасы социологиясы, басқару социологиясы және басқалар оқулық көлемінің шектеулі екеніне байланысты оған енбей қалды.

Соңғы төртінші бөлім эмпирикалық және социологиялық зерттеулердің методологиясы мен әдістемесіне арналған. Бүгінгі күн тәртібінде социологиялық зерттеу жүргізудің кәсіби әдістерін, дағдыларын және оны жүргізуді қалыптастырудың тәжірибелік қырларын күшейту міндеті тұр. Эмпирикалық базасыз социология жоқ. Социологтар әлеуметтік фактілер туралы эмпирикалық мәліметтерді ең алдымен арнайы социологиялық әдістердің, техниканың, рәсімнің көмегімен алады. Социология сенімді, дәл эмпирикалық мәліметтер алуды қамтамасыз ететін және осы мәліметтер мен солардың көмегімен алынатын әлеуметтік фактілерді тексеруге жол беретін әдістерді пайдаланатындықтан да ғылым болып табылады. Социологияның басқа әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарда да көп пайдаланылатын жан-жақты әдіс түрлерін жасауға қосқан үлесін жұртшылық мойындаған. Оқулықта зерттеу жұмыстарын орындау тәртіптері, әдістер мен құралдарды көрсету социологиялық зерттеу бағдарламасын жасаудың логикалық құрылымы шеңберінде жүзеге асырылады. Біріншіден, социологтың теориялық жұмысының үлгісін жасауға мүмкіндік беретін социологиялық таным атқаратын тәртіптері, түйінді сәттері көрсетіледі. Екіншіден, социологтың еңбегін нақты жағдайға жалғастыратын және іс-қимылдың қатаң тізбектілігін жоспарлауға мүмкіндік беретін социологиялық зерттеудің ұйымдық-техникалық қамтамасыз етілуі келтірілген.

Тұтас алғанда, жоғарыда аталған тақырыптарды жан-жақты қарау авторлардың пікірінше студенттердің социологиялық білімдерінің деңгейін, біліктілігін оларды социологиялық ақпараттың болашақ тұтынушылары мен ықтимал тапсырысшылары мен әлеуметтік проблемаларды ғылыми зерттеуге қатысушылар ретінде қарай отырып көтеруге бағытталған.

Қазақстан социологиясының жай-күйі айтарлықтай жылдам өзгеруде. Социология қоғамның іргелі әлеуметтік проблемаларын зерделеуге еніп, толыққанды әлеуметтік ғылым мәртебесін алуда. Социологияның алдында бұрынғыдан да күрделі мәселелер тұр. Олардың ішінде - дағдарыстан шығу жолдарын іздестіру, маңызды мақсаттарға - республиканың шынайы тәуелсіздігіне, қоғамдық бастамалардың нығаюына, құқықтық мемлекет құруға, жаңа технологиялық, құрылымдық, институционалдық негіздегі толыққанды ұлттық нарықтың қалыптасуын қамтамасыз етуге, түбегейлі әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реформаларды және т.б. жүзеге асыруға қол жеткізу проблемалары бар. Социологияның басты назарында жалпыұлттық идеологиялық басымдықтарды жүзеге асыру - ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету, ұлт ішіндегі бірлікті нығайту, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, қоғамда жоғары тілдік мәдениетті, тұрақтылық ахуалын және азаматтық келісімді берік орнату шарттарын зерттеу мәселесі тұр. Бұл кәсіби деңгей мен азаматтық жауапкершілікке аса жоғары талаптар қояды.

Оқырмандар социология туралы қалыптасқан ғылым ретінде түсінік алады және бұл кітап біздің ғылымымыз бен еліміздің болашағы байланысты болып отырған кәсіби деңгейі жоғары еңбексүйгіш болашақ социологтарға және жоғары кәсіби білім алатын барлық қазақстандықтарға пайдалы болады деген үміттеміз.

Авторлар