Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

3.Апарат.Шынайы апарат

.doc
Скачиваний:
10
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
403.97 Кб
Скачать

3 дәріс. Ақпарат. Шынайы ақпарат

Дәріс жоспары:

  1. Ақпарат ұғымы

  2. Ақпараттың прагматикалық сипаты

  3. Интернет желісінің ұлттық сегментін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру

  4. Батыс журналистикасындағы негізгі принциптері

Дәріс мәтіні:

Ақпарат ұғымы

Қоғамның әлеуметтік өмірі түрлі институттардың (лат. – мекеме) – ұжым, қоғам, одақ, мекемелер жүйесі мен олардың аймақтық, ведомствоаралық және т.б. органдарының қызметін ұйымдастыру түрінде жүреді. Мемлекеттік, әкімшілік, партиялық, шаруашылық және басқа әлеуметтік институттар бар. Қоғамдық өмірдің негізі – саяси қызмет. Журналистік қызмет қоғамдық-саяси қызмет болып табылады. Әлеуметтік институт ретінде журналистика өзінің барлық әлеуметтік процестерге, өмірдің барлық саласына – экономика, спорт, мәдениет, экология, т.б. араласа алуымен ерекшеленеді. Баспасөз, радио және телехабарлар жүйесі қоғам алдындағы мақсатқа жетудің неғұрлым нәтижелі жолын іздеу, өмірдің барлық саласындағы құбылыстар туралы жазу үшін жұмыс істейді.

Журналистика теориясында “ақпарат” ұғымы (лат. informacio – хабарлау, баяндау) негізгі болып табылады (мысалы, өнердегі басты ұғым – образ; саяси экономикада – товар). Журналистиканың қоғамдық-саяси қызметінің өзі бұқаралық ақпарат құралдарын қолданып, ақпарат жинау, оны өңдеу және тарату болып табылады. Журналистиканың құралы – ақпарат. Соның көмегімен журналист пен аудитория арасындағы қарым-қатынас дамиды. Сондықтан да журналистік құралдардың түрі (телевизия, радио немесе баспасөз) мен деңгейіне (орталық немесе жергілікті) қарай, «Бұқаралық ақпарат құралдары» деп атайды.

Журналистік тәжірибеде «ақпарат» термині түрлі деңгейде түсіндіріледі. Күнделікті жұмыс барысында «ақпарат» деп журналистер қысқа хабарды айтады. Одан басқа «ақпараттық жанрлар» (яғни, заметка, интервью, есеп, репортаж) деген ұғым бар. «Хабар» арнасындағы «Хабар» жаңалықтар қызметі секілді бағдарламаларда ақпараттың жедел түрлері топтастырылған.

Дегенмен, «ақпарат» сөзінің ауқымы өте кең. Кез-келген шығарманың өзі, тақырыбы, диктордың интонациясы, барлығы жалпы текске толықтырушы мәліметтердей. Яғни, мақала мен очерк, телефильм мен пьеса, барлығының да ақпараттық мәні зор. Кейде ұзақ хабардың, көлемді мақаланың көңіл тұшытарлық мәні болмағанда, «ақпараты аз екен» деп жатады, яғни көп орын алған немесе эфир уақытын иемденген мұндай шығарма аудиториясының алдындағы ақпараттық қызметін атқарған жоқ деген сөз.

Журналистикада мынадай жүйе қарастырылады:

Ж ------------ Х ------------- А

Мұндағы Ж – журналистика, Х – хабарлама, А – аудитория. Хабар қызықсыз болса немесе жекелеген көрермен теледидарын қоспаса, радиоқабылдағыш жұмыс істемей қалса, жоғарыдағы жүйе бұзылады. Демек, хабарлама (ақпарат) өз қызметін атқарған жоқ. Әйтпесе, бір көрермен, бір тыңдаушы азайды да, ақпараттың бұқаралық деңгейі төмендеді. Әрбір ақпарат дүниеге келгенде оның потенциалдық қана қасиеті болады. Ал оның мақсаты орындалып, аудитория тиісті назар салса, ол шын ақпаратқа айналады. Осыдан ақпараттың тиімділігі ұғымы пайда болады. Ақпараттың тиімділігі – журналист пен аудиторияның арасындағы қатынастың потенциалды ақпараттан шын ақпаратқа айналуы.

Журналист қызметінің тиімділігі потенциалды және шынайы ақпараттың қатынасынан туатын ақпараттық деңгей түрінде қарастырылады. Хабарлама мен аудиторияның өзара әсері екі «операциядан» тұрады, олардың тиісінше, сандық және сапалық нәтижесі бар.

1. Хабарламадан аудитория қажеттілігін өтейтін бөлігін таңдап алу; оның сандық көрсеткішін шынайы ақпараттың жалпы (потенциалды) ақпаратқа қатынасы арқылы көреміз: 1 сан = і шынайы/ і потенциалды·100%. Мысалы, 100 бірлікті потенциалды ақпараттан тұратын шығармадан 10 бірлікті шынайы ақпарат қабылданса, і100/і10·100%=10% қабылданды. Бұл ақпарат тиімділігінің сандық нәтижесі.

2. Шынайы ақпараттың өңделуі, оның әсерімен аудиторияның сана-сезімінің қайта құрылуы. Жаңа ақпараттың әсерімен бұрынғы түсінік, көзқарас өзгереді – жүйеленеді, дамиды, тереңдейді, толығады, әйтпесе, керісінше – бұзылады, құнсызданады. Бұл ақпарат тиімділігінің сандық емес, сапалық нәтижесі. Мұны: 1 сапа = f (і шынайы) деп көрсетуге болады. Сапалы ақпараттың деңгейі қабылданған ақпараттың көлемімен емес, оның аудитория үшін маңызы, құндылығы мен әсеріне байланысты.

Бұл формулалар бағдарлама мен жарияланымның ақпараттығын есептеуде емес, журналистің өз шығармашылығының бағыт-бағдарын, маңызын, құндылығын біліп жүруіне, әзірленіп жатқан мақаласының ақпараттығына мән беруі үшін үлкен роль атқарады.

Журналистика теориясындағы негізгі сұрақтардың бірі – журналистің шығармашылығын ақпараттық, ақпараттандыру талабына сай жүргізуде басшылыққа алатын ережелер бар. Олар журналист шығармашылығына қатысты 3 түрлі: семантикалық, синтактикалық, прагматикалық аспекті болып табылады.

Шығарманың семантикасы – оның нағыз өмірге қатынасы (шығармада нені көрсету). Синтактика – шығарманың ішкі құрылымының сипаты (қалай көрсету). Прагматика – шығарманың аудиториямен өзара қатынасының сипаты.

Ақпараттың прагматикалық сипаты

Ақпараттың прагматикалық сипаты өзге екеуіне қарағанда басым күш болғандықтан, сол жөнінде алдымен айту керек.

А. Прагматикалық (pragma – гр. әрекет, тәжірибе) тұрғыдан шығарманы зерттеу оның аудиториямен арақатынасында үлкен мәні бар факторлармен байланысты. Сондықтан жоғары ақпараттық деңгейдің алғышарты – прагматикалық адекваттық (adaequatus – лат. сәйкестік) болып табылады. Прагматикалық сәйкестік – шығарманы аудитория үшін әзірлеу, ақпаратты аудиторияға жеткізе білу, потенциалды ақпараттың шынайы ақпаратқа айналуы, тиісті әсер беру.

Шығарманың прагматикалық сәйкестігіне аудитория деңгейін ескере отырып, оған белсенді әсер етуге тырысу жатады. Оның жүзеге асуына қажетті бірнеше алғышарттар бар:

Аудиторияға берілетін хабарламаның өзгелерден ерекше болуы, ештеңеге ұқсамауы, ешкімді қайталамауы, яғни ақпараттың жаңалығы немесе бұрынғы мәселе жөнінде жаңаша пікір айту, фактілерді қолдана отырып, жаңа туындаған мәселеге пікір білдіру, бұрын алынған ақпаратты толықтырып, жүйелейтін жаңа ақпарат.

Хабарламаның аудитория үшін түсінікті болуы, аудиторияның білім деңгейін, яғни тезаурусын ескеру. Бұл тілдің көркемдік құралдарын (теңеу, эпитет, т.б.) қолданып, шығарманың деңгейін көтеруге жәрдемдеседі, тарихи деректердің, қанатты сөздердің аудитория үшін тосын, бөтен болмауын қамтамасыз етеді. Себебі мәтіннің мазмұны мен оның интерпретациясы (мағынасы, түсінілуі) сәйкеспесе, жалған түсінік қалыптасады.

Хабарламаның аудитория үшін құндылығы, мәні, релеванттылығы (relevant – ағ. орынды, мәселеге қатысы бар). Релевантты деп, аудиторияның қызығушылығы мен қажеттілігіне бірдей жауап беретін шығарманы айтамыз. Аудиторияны ақпарат алуға итермелейтін оның қызығушылығы, ақпараттың өзі үшін мәнін, маңызын ұғуы.

Ә. Шығарманы семантикалық (semanticos – гр. маңызды) тұрғыдан қарастыру оның толымды және шыншыл болуымен байланысты. БАҚ аудиторияға өмір бейнесін барлық қырынан көрсетеді, осыған байланысты шығарма толымды болып табылады. Ақпарат адамның өмірді түсінуі тәрізді жан-жақты болуы тиіс. Журналистің күнделікті өмірді солай суреттеп беруі – дескриптивті ақпарат (descriptio – суреттеу, баяндау) болып табылады. Ол: бұл құбылыс неден тұрады? Оның формалары қандай? Себептері не? т.б. сұрақтарға жауап береді.

Дескриптивті мәліметтерді бере отырып, журналистика олардың ақиқаттығына аудиторияның көзін жеткізуге тырысады, яғни ақпаратты прескриптивті ақпаратқа (prescriptio – лат. ұйғару) айналдырады. Өзі ұсынған ақпаратты идеалға теңейді, одан басқа ақиқат жоқ деп сендіреді.

Прескриптивті және дескриптивті ақпараттар қабылданған соң, ол бағаланып, олардың қосындысы валюативті ақпаратты (valeo – лат., valuta – итал. - құн, баға) құрайды.

Осының барлығы жиылып келіп, ақпаратты нормативті етеді, яғни ол туралы нақты түсінік пайда болады. Ақпарат жоғарыдағы қасиеттердің бәрін бойына сіңіргенде оны S (d, p, v, n) деп бейнелеуге болады. Бұл жарияланымның тиімділігін принциптік тұрғыдан бағалау үшін қажет.

Б. Ақпаратты зерттеудің үшінші аспекті – синтактикалық (syntacticos – гр. – құрастырылған), яғни шығарманың құрылымын зерттейтін аспект. Прагматикалық (ақпараттық) талапты орындаған бір немесе бірнеше семантикалық элементтер белгілі бір тәртіппен орналасуы тиіс. Яғни, синтактикалық аспект аудиторияға қай ақпаратты алдымен айту керек, ал қайсысын соңына қалдыру керек деген сұраққа жауап береді.

Журналистика – қоғамдық билік. Ақпараттық процестер – ақпаратты жинау, өңдеу, тарату, қабылдау, меңгеру, қайта өңдеу, сақтау, қолдану – билеу, басқару процесімен тығыз байланысты. Және керісінше де, ақпараттың көмегімен әлеуметтік жүйелерді басқару жүзеге асады.

Басқару – алға қойған мақсатқа сәйкес, объектінің құрылымына, деңгейіне, қызметіне өзгеріс енгізу. Журналистиканың ерекше міндеті – қоғамдық-саяси көзқарасты, идеяны, пікірді ұйымдастыру.

Журналист еңбегі – баспасөз, радио мен телевизия қызметкерлерінен қоғамдық өмірдің түрлі салалары мен бағыттарын, қасиетін меңгеруді талап ететін қоғамдық-саяси қызмет. Журналистикадағы қоғамдық-саяси қызмет ерекше, ақпараттық формада жүретін болғандықтан журналистерге бұқаралық ақпаратпен жұмыстың қыр-сырын терең меңгеру міндеттеледі.

Жаңа ақпараттық қоғамның негізін қалаушы сипаттамаларының бірі оның ғаламдық сипаты болып табылады. Жаңа ақпараттық қоғамды қалыптастыру үдерісінде біртіндеп ақпарат тарату және алмасу тәсілдері мен әдістері жаңартылады, уақыт үнемделеді, ұлттық шекаралар мен кедергілер бұзылады, әлемдік ақпараттық кеңістігінің, экономика, сауда, қаржы, адамзат өмірінің басқа салаларының құрылымы түбірімен өзгереді, адамдардың көзқарасы мен адамзат құндылықтарының интенсивті гомогенизациясы, мәдениет пен мәдени моделдердің эмбебаптығы (ықшамдау) байқалынады, динамизмі жылдамдатылады, бәсекелестік күшейе түседі. Қазіргі әлемдік даму кезеңінде ғаламдық ақпараттық интернет желісі бүкіл әлемдік ақпараттық кеңістігінің ең көлемді және жаппай жайылған сегменті болып табылады. Сонымен бірге, уақыт өте, ғаламдық ақпараттық интернет желісі ақпарат алу және алмасудың, сондай-ақ жаппай пайдаланушылардың коммуникациясы үшін ең қол жетерлік құралы болғаны айдан анық. Қазіргі уақытта Интернеттің ақпараттық кеңестігінің жұмыс істеуіне сай келетін халықаралық ұйымдарға мыналар жатады:

1) The Internet Corporation for Assigned Names and Numbers (бұдан әрі - ICANN) - IP-адрестерін, протоколдардың параметрлерін бөлу, домендік атаулардың жүйесін әкімшілеу (Domain Name System, DNS), түбірлік серверлер (Root Server System) деп аталатын жүйенің жұмыс істеуін әкімшілеу және қолдау үшін құрылған коммерциялық емес ұйым;

2) Интернет желісінде нөмірлеуді бөлу жөніндегі уәкілетті ұйым (бұдан әрі - IANA, The Internet Assigned Numbers Authority);

3) Еуропалық желілік үйлестіру орталығы (бұдан әрі - RIPE NCC) - тіркеушілер үшін ІР-адрестерді бөлуді және тіркеуді қамтамасыз етеді. RIPE NCC тіркеушілер үшін ІР-адрестерді бөлу мен тіркеуді қамтамасыз етеді. RIPE NCC қызмет көрсету аймағында Интернеттің ғаламдық ресурстарын әділетті бөлуге кепілдеме бере отырып, Еуропа, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Азияның бөлігінің тіркеушілеріне қызмет көрсетеді;

4) The Internet Engineering Task Force (бұдан әрі - IETF) - Интернет сәулетін дамыту және қолданыстағы инфрақұрылымның үздіксіз қызмет етуінің біріктірілген міндеттерін дамытуға жұмыс жасайтын желілік хаттамаларын дайындаушылар, операторлар, өндірушілер және зерттеушілердің халықаралық ашық бірлестігі болып табылады;

5) Дүниежүзілік зияткерлік жеке меншік ұйымы (бұдан әрі - ДЗЖҰ). Жоғарғы деңгейдегі домендер (бұдан әрі - TLD, Top Level Domain) екі үлкен бөлікке бөлінеді: Біріншісі - жалпы пайдаланатын домендер (generic TLD немесе gTLD) және екіншісі - ұлттық екі әріпті домендер (country code TLD немесе ccTLD). Жалпы пайдаланатын домендерге COM, NET, ORG, INFO, BIZ, MUSEUM, NAME, AERO, COOP, PRO, INT, GOV және басқа да домендер жатады. Қазіргі сәтте ISO 3166-1 халықаралық стандартқа сәйкес елдер мен аумақтардың екі әріпті кодтар саны бойынша ұлттық домендер - 250 (RU - Ресей үшін, DE - Германия үшін, UK - Ұлыбритания үшін) Ұлттық домендерді басқару бойынша өкілеттік елдердің интернет-қауымдастықтарының келісімдері бойынша IANA ұйымымен беріледі.

Ұлттық домендерді дамытудың жалпы үрдістері мынадай: біріншіден, академиялық желілерден ұлттық домендердің операторлар (провайдерлер) бірлестігіне өтуі, сондай-ақ қатар тіркеу ережелерін дайындауға елдің интернет-қауымдастығының қатысуы: нарықтың кәсіби қатысушылары, тұтынушылар, қоғамдық (кейде үкіметтік) ұйымдар; екіншіден, домендік атауларды тіркеуде операторлар қатысуының коммерциялық кестелерін дайындау; үшіншіден, домендерді тіркеудің ашық ережелеріне біртіндеп өтуі, шектеулердің алынуы. Кез келген субъектінің Интернеттегі қызметі құқықтық проблемалардың тұтас сериясын қалыптастырады. Олар пайдаланушының қызметін, сайттың мәртебесін және оның мазмұнын реттеуге (рұқсат етілген, реттелмеген, заңсыз); авторлық және аралас құқықтардың орындалуына; «киберэкономиканы» қалыптастыру (электрондық ақшалар, төлемдік жүйелер, құнды қағаздар, электрондық банктер, жарнама, маркетинг, электрондық контрактілер, салықтар); жеке және мемлекеттік мүдделердің ақпараттық қауіпсіздігіне бөлінеді. Интернет желісін құру және нормативтік негіздерінің ұтымдылығы бойынша үдеріс 80 жылдардың басынан бастап Еуропа және АҚШ-та (және бірқатар басқа да шет елдерде) басталған.

Қазіргі уақытта Интернет желісі қарым-қатынастарын құқықтық реттеудің бірнеше деңгейі қалыптасты:

1) халықаралық;

2) өңірлік (Еуропалық одақ және ТМД шеңберінде);

3) ұлттық.

Осы деңгейлердің әрқайсысында өкілетті заң шығарушы қарастырып отырған құқықтық қарым-қатынастар саласын реттеуге ұмтылады. Интернет желісінің трансшекаралылығы Интернет желісіндегі құқықтық қарым-қатынастарды халықаралық құқықтық реттеу, қолданыстағы ережелер мен әдеттегіліктерді біріздендіру қажеттілігін құрайды.

Біріздендірудің нормалары ЕО шеңберінде, сондай-ақ БҰҰ шеңберіндегі (УНИДРУА жеке құқықты біріздендіру институты) халықаралық деңгейде, Дүниежүзілік Зияткерлік Жеке меншік Ұйымы (ДЗЖҰ), Халықаралық сауда палатасы (ХСП), БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы, сауда және электрондық бизнеске ықпал ету БҰҰ Орталығымен жүргізіледі. ТСР/ІР желі хаттамаларының ыңғайсыз цифрлық адрестерінің жеңіл есте қалатын әріптік сөз тіркестеріне ауыстыруға мүмкіндік берген домен атаулары жүйесінің пайда болуы, интернеттің белсенді түрде коммерциализациялануы мен әйгілі болуы соңғы жылдары домен өздерінің белгілері бойынша олардың қолданыстағы түрлеріне ұқсас - тауар белгілері, фирманың атаулары бойынша материалдық емес актив белгілерін иеленді. Мазмұнында домендік атауы ғана берілген жарнамалық тақталар жиі кездеседі. Қымбат тұратын интернет-жобалар жүзеге асырылып жатыр, олар үшін домен олардың коммерциялық табыстарының едәуір бөлігін құрайды, өйткені тұтынушылар доменді электрондық бизнес субъектісінің қандай да бір тауар, жұмыс немесе қызмет көрсетулерімен байланыстырады.

Интернет желісінің ұлттық сегментін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру

Мемлекеттік басқару органдарына Интернеттің қазақстандық сегментін қалыптастыру және дамуын тегіс қамтитын, перспективті және тұрақты ұлттық бағдарламасын дайындау және жүзеге асырудың алдыңғы ролі берілген. Жеке сектор және азаматтық қоғам мемлекеттік басқару органдарымен диалог жүргізу арқылы өте маңызды кеңес беру ролін атқаруы тиіс. Тұрақты дамуды қамтамасыз етуде белгілі бір рольді орындай отырып, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, инфрақұрылым, контент және қосымшаларды дамыту және таратуда жеке сектордың қатысуының өте үлкен тәжірибелік мәні бар.

Мемлекеттік басқару органдары билік органдарының қызметінің айқындығы және жұртшылықтың игілігі болып табылатын ресми ақпараттарға тиісті қол жеткізуі болуы тиіс.

Мемлекет болып жатқан өзгерістердің катализаторы, Қазнеттің барлық қатысушылары әрекеттерін үйлестіру ролін атқаруы тиіс, ол қоғам мен тұлғаның дамуын жағымды жаққа бағыттайтын құқықтық және нормативтік базаны қалыптастыруы тиіс.

Қазіргі таңда мемлекеттік басқару органдарының қызметінде Қазнеттің бірыңғай ақпараттық кеңістігін кең пайдалану негізінде мемлекеттік билік жүйесін жетілдіру, халық және ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді ұсынудың сапасын жоғарылату, мемлекеттік ақпарат жұмысының нәтижелілігі мен ашықтығын жоғарылату, жемқорлықты жүйелі түрде жою үшін жағымды жағдайлар қалыптасты.

Ақпараттық кеңістікті дамытудың мемлекеттік саясаты халықаралық құқықтың кең қабылданған нормалары мен қағидаттарының басымдылығы, Қазақстан Республикасында заңнамалық тәртіпте бекітілген халықаралық келісім-шарттарды және халықаралық құқықтың басқа да актілерін сақтау арқылы, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, өңірлік, жергілікті билік органдарының, Қазақстан Республикасының заңды мүдделерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ескере отырып құрылуы тиіс.

Қазнет саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына мыналар жатады:

1) азаматтардың ақпарат алуға деген конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға кепілдеме беретін жағдайларды қамтамасыз ету, олардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру;

2) Қазнет ақпараттық кеңістігін тарату, қолдану және пайдалану үдерісінде мемлекеттің, аймақтық және жергілікті құрылымдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

3) оларды пайдалану бойынша технологиялар мен қоғамдық қатынастардың өзгеруін ескере отырып, ақпараттық кеңістікті тарату, қолдану және пайдалану саласында құқықтық реттеу тетігін уақытылы жетілдіріп отыру;

4) Қазнет ақпараттық инфрақұрылымын дамыту және жетілдіру;

5) қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар, халықаралық стандарттар, ақпаратты топтастыру және кодтаудың ұлттық жүйесі негізінде ақпараттандыру жүйесінің өзара әрекеттесу және сыйысушылығын қамтамасыз ету.

Бұдан басқа, Қазнеттің бірыңғай ақпараттық кеңістігін дамыту үшін мемлекет пен жеке сектордың ынтымақтастығы шешуші мәнге ие. Осы жоспарда барлық қызығушылық білдірген жақтардың қатысуымен ұйымдасқан диалогты жалғастыру қажет, сонымен қатар ұлттық және аймақтық деңгейде Қазнет ақпараттық кеңістікті дамытатын қызығушылық білдірген тараптар арасында әріптестік қарым-қатынастарды орнату және дамытуға қажет тетіктерді анықтау қажет. Осы жүзеге асырылып жатқан бастамалардан барынша артықшылық алу үшін дамудың орнықтылық қағидатын басшылыққа алу керек.

Қазнеттің бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру және дамытудың қағидатты ерекшелігі мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыру кезінде барлығына міндетті болып табылатын қатаң технологиялық тәртіпті бекіту қажеттілігі тұр.

Батыс журналистикасындағы негізгі принциптері

  1. Өз ойыңды оқырманыңа таңушы болма! Сенің міндетің ақпарат беру. Атқарушы билік, сот, заң билігі мен қоғам арасындағы модераторсың, бірақ сен қоғамға сабақ үйрететін мұғалім, қоғамды емдейтін дәрігер емессің! Сен тек қана ақпаратпен қамтамасыз ететін маман иесісің.

  2. Дау-жанжал жайлы ақпарат таратсаң, микрофоныңды екі жаққа да теңдей ұсын!

  3. Таратқан ақпаратың дәлелді болсын! Өздігіңнен тон пішпе! Болжам жасама! Өзіңнің не ойлайтыныңды емес, өзіңнің не білетініңді (дәлелдеген, анықталған, зерттелген, көзің жеткен ақпаратты) ғана репортажыңа енгіз.

  4. Бір ақпарат алсаң, оны екінші, тіпті реті келсе, үшінші ақпарат көзінен тексеріп ал!

  5. Тексерілмеген ақпаратты жазушы болма.

  6. Скептик бол! Таратылған ақпаратқа бірден сенудің орына, күдікпен қара! Бәлкім, ақпараттың сыртында бір нәрсе жасырынып тұрған шығар!!!

  7. Ұялшақтықты ұмыт!

Зерттеуге әрдайым дайын бол дейтін батыс журналистері кейде ғылым мен журналистиканың зерттеу әдістерін бір-біріне ұқсатады.

Америкалық журналист Маргарэт Фрини: “журналист – ақпаратқа әуес, табанды (төзімді), білімді жауапкершілігі мықты, еркін (ешбір саяси көзқарас немесе партияның қолбаласы емес), сәл нәрсеге сене кетпейтін скептик және жаңалықты кез келген жерде аңдай алатын қырағы һәм де ұқыпты болуы тиіс”, – дейді.

1. Ақпаратқа әуестік немесе кез келген нәрсені білгісі келетін қасиет журналистика зерттеулерге мұрындық болады.

2. Төзімділік – сіздің алдыңыздағы есік жабылып, ақпаратты құр қалдырған кезде қажет қасиет.

3. Скептик болуыңыз – ақпаратты жан жақты талдауға көмектеседі. Толық картинаға көз еткізбейінше. әр түрлі ақпарат көздерін қопарудан жалықтырмайды. Естіген нәрсе түгілі, көзбен көрген нәрсенің өзін толық зерттемейінше тыным таптырмайтын қасиет.

“Ақпаратты – өсек-аяң (тексерілмеген ақпарат), пікір (әлдебір адамның әлдекім нәрсе жайлы ойлауы), ресми ақпараттан айыра біл. Сен сол үшін де журналиссің”, – дейді Маргарэт Фрини.

Сонымен, газет беттерінде қате кетудің негізгі себептері қандай?

Бәлкім, тілші:

1. Естігені мен көргенін қағаз бетіне дұрыс түсірмеген болар;

2. Қадағалау, бақылау тәсілдеріне жақсы машықтанбаған болар (бір қарағанда титімдей болып көрінетін, алайда үлкен рөлге ие детальдарды түйсіне білмеген шығар),

3. Ақпарат пен деректі тексеріп, нақтылап алмаған болар.

4. Алдын-ала зерттеу жүргізбеген болар.

5. Тақырыптың картинасын өзі үшін айқындап алмаған болар.

Мұндай қателер кетпесін десең, ұқыпты болуыңа тура келеді.

Питер Кларик, журналистикадағы проблемаларды зерттеп, журналистерге ұсыныстар дайындаумен айналысатын Пойнтер институтының қызметкері, мынадай ұсыныс айтады:

1. Мақаланың өз ойыңнан қосынды қоспа!

2. Оқырманыңды алдама! Егер өзің оқиға орнына барып, ақпаратты тұңғыш естігендердің бірі болмасаң, ол ақпаратты кімнен алғаныңды оқырманға жеткізуді ұмытпа!

3. Оқырманыңның алдында жүзің ақ болсын! Сенің бұл ақпаратты кімнің сөзіне сеніп жазып отырғаныңды оқырманыңның білуге хақысы бар. Бәлкім, сен ақпарат алған адам өзінің жеке басының мүддесіне сай саған ақпарат таратқан шығар? Бәлкім, ақпаратты өзге арнаға бұру арқылы оның өз көздегені бар шығар?

Осы жердегі соңғы үшінші ұсыныс, негізінен өте көлемді зерттеулерде, біраз даулы, шиеленіскен мәселеде қолданылуы мүмкін. Мәселен, ұзаққа созылған сот, әлі соңғы нүктесі қойылмаған жемқорлық іс-әрекетті баяндайтын мақалаларда тағысын тағылар.

НЕГІЗГІ ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Амандосов Т. Публицистика – дәуір үні. – Алматы, 1974.

  2. Авраамов Д. Профессиональная этика журналиста. – м., 1991.

  3. Айзенберг М. Менеджмент рекламы. – М., 1993.

  4. Барманкулов М.К. Жанры печати, радиовещания и телевидения. – А., 1974.

  5. Барманкулов М.К. Журналистика для всех. А., 1979.

  6. Барманкулов М.К. Телевидение: деньги или власть? – А., 1997.

  7. Ворошилов В. Право и этика СМИ. – М., 1999.

  8. Горохов В. Основы журналистского мастерства. – М., 1989.

  9. Любосветов Д. Радиожурналист и процесс общение // В книге Мастерство журналиста. – М., 1997.

  10. Омашев Н.О. Қазақ радиожурналистикасы. – А., 1992.

  11. Шамақайұлы Қ. Журналист шеберлігінің негіздері. – Қарағанды, 2001.

  12. Баялиева Д. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және тіл мен стиль мәселелері. – Қарағанды полиграфиясы, 1999.

  13. Шамақайұлы Қ. Сөз бостандығы және Mass Media, Қарағанды, 2004.

ҚОСЫМША ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Гуревич С. Редакционный менеджмент. – М., 1995.

  2. Ворошилов В. Журналистика и рынок: проблемы маркетинга и менеджмента СМИ. – СПб, 1997.

  3. Гуревич С. Газета и рынок: как добиться успеха. – Москва, 1994.

  4. Кропотов Л. Журналистика на путях социологии. – Свердловск, 1976

  5. Омашев Н.О. Жол – үстінде журналист. А., 1999.

  6. Рэндалл Д. Универсальный журналист. – А., 1996.

  7. Свитич Л. Журналист и его работа. – Москва, 1979.