Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Книга Терапия казак.doc
Скачиваний:
4434
Добавлен:
24.03.2016
Размер:
6.68 Mб
Скачать

Анемиялар

Анемия (қан аздық) – эритроциттер түзілуінің бұзылуына байланысты және/немесе олардың көп шығындалуына (анемияда эритроциттердің саны әйелдерде 4 млн/мкл-ден және еркектерде 4,5 млн/мкл-ден төмен азаяды) байланысты қанда гемоглобиннің азаюымен (120 г/л төмен әйелдерде және 140 г/л төмен еркектерде) сипатталатын патологиялық күй. Гемоглобиннің жалпы мөлшерінің азаюына қоса эритроциттер санының азаюы әр уақытта бола бермейді. Гемоглобин мен эритроциттердің нағыз азаюын гематокрит көрсеткішіне қарап (қалыпты жағдайда Нt еркектерде 40-50% тең, әйелдерде 37-47% тең) анықтайды.

Анемияның бірнеше классификациясы бар, олардың ішінде практикада қолдануға ыңғайлысы патогенетикалық классификация. Оған сәйкес анемиялардың 4 түрін ажыратады:

І Қан кетуден болатын (постгеморрагиялық) анемиялар:

а) жедел постгеморрагиялық анемия;

б) созылмалы постгеморрагиялық анемия.

ІІ Эритроциттер мен гемоглобин түзілуінің бұзылуынан болатын анемиялар:

а) темір жетіспеушілік анемия;

б) ДНҚ синтезінің бұзылуынан туындайтын мегалобласттық анемия;

в) гипопластикалық (апластикалық) анемия.

ІІІ Үстеме қан ыдырауынан болатын (гемолитикалық) анемия:

1) Тұқым қуалайтын гемолитикалық анемиялар:

а) эритроцит мембранасы құрылымының бұзылуына байланысты анемиялар (Минковский – Шоффар микросфероцитарлық анемиясы, овалоцитоз, акантоцитоз);

б) эритроцитте фермент жетіспеушілігімен байланысты анемия;

в) гемоглобин синтезінің бұзылуымен байланысты анемиялар (қолорақ клеткалы анемия, гемоглобиноздар, талассемия).

2) Жүре пайда болған анемиялар.

3) Аутоиммунды анемиялар.

IV Аралас текті анемиялар.

Анемияның диагнозын қоюда анамнездік мәліметтермен, жалпы клиникалық белгілермен қатар маңызды рөльді гематологиялық факторлар атқарады.

1. Түс көрсеткіші (ТК), ол гемоглобиннің эритроциттегі салыстырмалы мөлшерін көрсе-теді және мынандай формула бойынша есептеліп шығарылады:

ТК = Нв (г/100 мл х 3/10 х Эр. (алғашқы екі цифра) формулада:

Нв – гемоглобин

Эр – эритроциттер

Қалыпты күйде ТК 0,86 – 1,05 тең.

2. Гематокрит көрсеткіші (Ht) немесе гематокрит мөлшері; қан түйіршіктері мен қан плазмасының арасындағы қатынасты сипаттайды. Қанды центрифуга арқылы айналдырып анықтайды. Гематокрит мөлшері эритроциттердің көлемін көрсетеді.

Қалыпты күйде Ht еркектерде 40-50%, әйелдерде 37-47% тең.

3. Эритроциттегі гемоглобиннің орташа мөлшері МСН (mean corpuscular hemoglobin). Қанның бір микролитріндегі гемоглобин концентрациясын қанның сол көлеміндегі эритроцит санына бөлу арқылы анықталады.

Қалыпты мөлшері: 24-33 пикограмм (пг). Көрсеткіштің 24 пикограмнан төмендегені гипохромияны, 33 пикограмнан жоғары көтерілгені гиперхромияны көрсетеді.

4. Эритроциттегі гемоглобиннің орташа концентрациясы – MCHC (mean corpuscular hemoglobin concentration). Көрсеткіш эритроциттің гемоглобинмен қанығу дәрежесін бейнелейді.

Қалыпты мөлшері: 32-38%. Көрсеткіштің 32% төмендегені абсолюттік гипохромияны, 38% жоғары көтерілгені гиперхромияны көрсетеді. Гемограммаға баға бергенде МСНС қалыпты көрсеткіштерін (32-38%) шамамен түс көрсеткіштерінің 1 бірлігіне тең деп есептеуге болады.

Келтірілген көрсеткіштер бойынша анемияның төмендегідей түрлерін бөледі:

1. Нормохромды анемия. ТК бірге жақын, МСНС = 32-38%. Жедел және созылмалы қан кетуде, кейбір гемолитикалық анемияларда, темір қажеттілігі артқанда, организмге темірдің түсуінің азайғанында кездеседі.

2. Гипохромды анемия. ТК < 0,86, МСНС < 32%. Темір жетіспеушілігінде, инфекциялы-токсикалық анемияларда кездеседі.

3. Гиперхромды анемия. ТК > 1,05, МСНС > 38%. В12-жетіспеушілік, фолий жетіспеу-шілік анемияларда, кейбір токсикалық анемияларда (уремия) кездеседі.

Анемияның типтерін эритроциттердің мөлшеріне қарап та анықтайды. Ол үшін эритроцитометр көмегімен белгілі бір диаметрі бар эритроциттер санын пайызбен анықтайды. Нәтижесін эритроцитометриялық қисық (Прайс – Джонс қисығы) түрінде бейнелейді, онда абсцесса өсіне микронмен өлшенген эритроциттер диаметрі орналасқан, ал координаттар өсіне белгілі диаметрі бар эритроциттердің пайызы орналасқан. Эритроцитометрия нәтижесіне қарап эритроциттің орташа диаметрін МСД (mean corpuscular diameter) есептеп шығарады. Қалыпты жағдайда эритроциттер диаметрі 5,5 мкм-мен 8,8 мкм (орташа 7,2 мкм) арасында болады.

Эритроциттің орташа көлемі MCV (mean corpuscular volume). Қалыпты мөлшері: 75-95 фемтолитр. MCV азаюы (60-70 фл) микроцитарлық анемияларда, көбеюі (100-160 фл) макроцитарлық және мегалобласттық анемияларда кездеседі.

Эритроциттердің мөлшеріне қарап анемиялардың төмендегідей түрлерін ажыратады:

1. Нормоцитарлық анемия: MCV = 75-95 фл, МСД = 5,5-8,8 мкм. Жедел қан кетуде, кейбір инфекцияларда, апластикалық анемияларда, кейбір гемолитикалық анемияларда кездеседі.

2. Микроцитарлық анемия: MCV < 70 фл, МСД < 5,5 мкм. Темір жетіспеушілігінде, тұқым қуалайтын микросфероцитозда, талассемияда кездеседі.

3. Мегалоцитарлық анемия: MCV > 125 фл, МСД > 11-12 мкм. В12-фолижетіспеушілік анемияларда кездеседі.

4. Макроцитарлық анемия: MCV > 100 фл, МСД > 8,5 мкм. Кейбір жүре пайда болған анемияларда, кейбір токсикалық анемияларда (уремия, бауыр циррозы).

Сүйек миының регенераторлық қабілетіне қарап (ол перифериялық қандағы ретикулоциттер мөлшеріне қарап анықталады; қалыпты күйде – 0,2-1% тең), анемияның төмендегідей түрлерін бөледі:

1. Регенераторлық анемия: ретикулоциттер > 1%. Гемолитикалық анемияларда, пернциозды анемияны В12-витаминімен емдегенде кездесетін ретикулоцитарлық кризде, қан кеткеннен кейін байқалады.

2. Гипорегенераторлық анемия: ретикулоциттер < 1%. Теміржетіспеушілік анемияларда, созылмалы қан кетулерде кездеседі.

3. Гипопластикалық немесе апластикалық анемия. Ретикулоциттер < 0,2%. Гипопластикалық анемияларда, панмиелофтизде кездеседі.