Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Книга Терапия казак.doc
Скачиваний:
4433
Добавлен:
24.03.2016
Размер:
6.68 Mб
Скачать

Тыныс тұншықпасы (тт)

Халықаралық анықтау бойынша: «астма-дамуына көптеген клеткалар (мес клеткалары, эозинофильдер, Т-лимфоциттер) қатысатын тыныс жолдарының созылмалы қабынуы. Бейімділігі бар адамдарда ол қайталамалы сырылдар, ентігу, кеудеде салмақ сезіну және жөтел эпизодтарын (әсіресе түнде және/немесе ерте таңертенгілік кезде) тудырады. Бұл симптомдарға қоса жайылмалы, бірақ өзгермелі, кем дегенде жартылай, өздігінен немесе ем әсерінен қайтымды болып келетін бронх тарамдарының обструкциясы қосылады. Онымен қатар қабыну «әр түрлі себептердің әсерінен тыныс жолдарының ынтымақты жауабын күшейтеді». Бұл анықтаудан шығатын тұжырымдар:

1. ТТ-нің негізін аллергиялық, инфекциялық және нейрогендік текті бронхтардың қабынуы құрайды;

2. ТТ-нің туындауы тыныс тұншықпасына және басқа аллергиялық ауруларға тұқым қуалайтын бейімділікпен байланысты;

3. ТТ-ң даму барысында тұншықпа ұстамасы болуы да, болмауы да мүмкін;

4. ТТ-да емдеу нәтижесінде обструкция толық немесе жартылай қайтымды болады;

5. ТТ-ң патогенезіне қатысатын басты клеткалар – мес клеткалар, эозинофильдер және Т-лимфоциттер.

ТТ кең тараған ауру. Ересек адамдар арасында 5% -дан жоғары жағдайда, балалар арасында - 10% жағдайда кездеседі. Балалар арасында еркектер, ересектер арасында әйелдер басым ауырады.

Этиологиясы және патогенезі. Тыныс тұншықпасының себептері дәл белгілі емес. Бірақ тыныс тұншықпасына қатысы бар көптеген факторлар бар, олар қатерлі факторлар деп аталады. Төмендегідей қатерлі факторларды ажыратады:

1. Жағдай жасайтын факторлар: атопия және тұқым қуалайтын бейімділік.

2. Себеп факторлар (индукторлар):

а) инфекциялық емес атопиялық аллергендер. Шөптердің маусымдық тозаңдары, тұрмыстық, өндірістік аллергендер;

- дәрілік аллергендер (антибиотиктер, ҚҚБП, сирек - өсімдіктер салицилаты, селективті емес -блокаторлар);

- төсек-орын кенелерінің, жануарлардың (мысық, ит), зеңдердің және ашытқы саңырауқұлақтардың аллергендері;

- тағам аллергендері (балық, жұмыртқа, сүт, жаңғақтар), тамақ қоспалары, бояулар, консерванттар, көмірқышқылды газ.

б) төменгі тыныс жолдарының инфекциясы;

в) механикалық және химиялық факторлар – поллютанттар, ирританттар (металл, ағаш, силикат, мақта шаңдары және басқа шаңдар), тітіркендіретін заттардың булары, сигарета түтіні, өндірістік аэрозольдар;

г) климат, физикалық және метеорологиялық факторлар (ортаның температурасы, ылғалдылық, сыз, барометриялық қысым мен магнит кеңістігінің тербелісі);

д) нервті-психикалық және стрестік әсерлер, денеге күш түсу.

3. Ауырлата түсіретін факторлар: туғанда нәресте салмағының аз болуы, респираторлық вирустық инфекция, аэрополлютанттар (күкірттің қос тотығы, озон, азот тотығы, көміртегінің тотығы және қос тотығы, формальдегид), активті және пассивті шылым шегу;

4. Триггерлер (түрткілер): салқын ауа, денеге күш түсуі, тітіркендіргіш аэрозольдар, эмоция және басқалары.

Жағдай туғызатын факторлар жеке адамның ауруға бейімділігін қамтамасыздандырады. Мұндай факторларға атопия мен тұқым қуалайтын бейімділік жатады. Атопия – сыртқы ортаның аллергендерімен жанасқанда организмнің Е-иммуноглобулинді (Jg E) шамадан тыс көп өндіруге бейімділігі. Тыныс тұңшықпасының дамуына бейімділік дегеніміз тыныс тұңшықпасының дамуын анықтайтын организмде биологиялық кемістіктің болуы. Ондай негізгі биологиялық кемістік - тыныс тұншықпасымен ауратын адамдардың бәрінде болатын, ал сау адамдарда болмайтын бронхтардың өзгерген сезімталдығы мен реактивтілігі.

Себеп (экзогендік спецификалық) факторлар – индукторлар тыныс жолдарының қабынуын тудырады.

Ауырлата түсетін факторлар индукторлар әсер еткен тыныс тұншықпасы-ның даму мүмкіншілігін күшейтеді.

Триггерлер – процесті қозғап жіберетін факторлар, олар өздігінен ТТ-ын тудырмайды, ал ТТ бар болса, оның қайталауын тудырады, иммунологиялық және иммунологиялық емес механизмдер арқылы тыныс жолдарының жедел обструкциясының туындауына түрткі болады.

Тыныс тұншықпасы патогенезінің негізі – иммундық (аллергиялық) және иммундық емес реакциялардың нәтижесі ретінде бронхтар қабырғасының жайылмалы қабынуы.

Аллергиялық реакциялардың ішіндегі ең маңыздысы - бірінші типті (реагендік немесе Jg E – ортақтасқан) реакция. Тағамдық және дәрілік аллергияның патогенезіне аллергиялық реакцияның үшінші типі (иммунокомплексті реакция) араласуы мүмкін.

Иммундық емес зақымдаушы реакциялар мес клеткаларының бейспецификалық белсенділігін тудыруға қабілетті әртүрлі факторлардың әсерінен бой көрсетеді. Мұндай факторларға салқын ауа, қабынуға қарсы бейстероидтық дәрілер және басқалары жатады.

Иммундық та, иммундық емес те реакцияның нәтижесінде қабынудың бірінші ретті клеткаларынан (мес клеткалары, эпителий клеткалары, макрофагтар) және екінші ретті клеткаларынан (эозинофильдер, нейтрофильдер, макрофагтар және тромбоциттер) қабыну медиаторлары (гистамин, простагландиндер, лейкотриендер, серотонин және басқалары) бөлінеді. Қабыну клеткалары мен олардың медиаторлары бронх қабырғасының қабынуын тудырады. Бронх қабырғасында пайда болған ерекше қабыну процесі бронхтардың гиперреактивтілігі мен бронх обструкциясын тудырады.

Қабыну нәтижесінде қалыптасатын гиперреактивтілік бронх бұтасының үстеме жауабы болып табылады, оның нәтижесінде әр түрлі эндогендік және экзогендік түрткілердің әсеріне жауап ретінде бронхтар өте жеңіл және өте күшті жиырылатын болады. Аталған түрткілерге жататындар: ацетилхолин, метахолин, гистамин, денеге түсетін күш, салқын ауа, химиялық заттар және басқалар.

Қабыну процесі бронх обструкциясының 4 типін қалыптастырады: жедел, жеделше (қатқыл), созылмалы және қайтымсыз. Обструкцияның жедел типі әр түрлі түрткіге (аллергендер, денеге түсетін күш, салқын ауа, булар, химикаттар, жылау, күлу және басқалары) болатын бронхтық гиперреактивтілігінің нәтижесінде пайда болады. Жедел типті обструкцияны бронхоспазм тудырады және оны қысқа әсерлі 2 – агонистер көмегі-мен тоқтатуға болады. Обстукцияның жеделше түрі бронхтың кілегей қабығының ісінгені-нен пайда болады, оның бронхоспазммен қоса кездесуі мүмкін, аллергенмен жанасқаннан 6-24 сағат кейін дамиды және кеш тұншықпа реакциясына жатады. Ең тиімді емі – глюкокортикоидтармен емдеу. Обструкцияның созылмалы түрі ұсақ бронхтардың тұтқұр қақырықпен бітелуінен туындайды. Емге тез көнбейді, оның бетін қайыру үшін бірнеше апта қажет. Обструкцияның қайтымсыз түрі бронх қабырғасы склерозданғанда пайда болады, қабынуға қарсы ем шамалы көмектеседі, көбіне стериодтық төзімділік қалыптасады.

Бронхтардың гиперреактивтілігі мен бронх обструкциясы клиникалық бронх обструкциясы синдромын тудырады. Бұл синдромның басты белгілері – тыныс алудағы қолайсыздық (дискомфорт), экспираторлы ентігу, тұншықпа ұстамасы, сыртқы тыныс-таудың ұзаруы, сыртқа тыныстау кезінде басым естілетін ысқырықты сырылдар.

Патоморфологиясы. Бронх ішінде кілегейлі тығындар болатындықтан альвеолалар басылмайды, сондықтан өкпелер қампиып үлкейген, кеуде қуысын толық толтырып тұрады, өкпе массасы қалыпты күйде. Қою тұтқыр қақырық көп болады. Тұншықпа күйі (астматикалық статус) шегіне жеткен кезде орташа және ұсақ бронхтар тұтқыр қақырық тығынымен бітеледі, ол тығынның құрамына кілегейдің, сарысулық протеиннің, қабыну клеткаларының, сылынған эпителий клеткаларының қоспасы кіреді. Бронх бұтасының бойында төсеніш мембрана қалыңдағаны, бронх қабырғасының салалы бұлшық етінің гипертрофиясы, кілегей қабығы асты қабат бездерінің (бокал тәрізді клеткалардың) гиперплазиясы, бронх қабырғасының эозинофильдерден, мес клеткаларынан және лимфоциттерден тұратын инфильтрациясы, субэпителиальды фиброз анықталады.

Классификациясы. ДДҰ (1992 ж) тыныс тұншықпасының төмендегідей классифика-циясын бекітті (ХАК-10):

J.45. Тыныс тұншықпасы.

J.45.0. Аллергия басым тұншықпа, оның құрамы:

Аллергиялық бронхит

Аллергиялық ринит пен тұншықпа

Атопиялық тұншықпа

Экзогендік аллергиялық тұншықпа

Пішендік қызба

J.45.1. Аллергиялық емес тұншықпа

Идиосинкразиялық тұншықпа

Эндогендік аллергиялық емес тұншықпа

J.45.8. Аралас тұншықпа

J.45.9. Анықталмаған тұншықпа

Тұншықпалы бронхит

Кеш пайда болған тұншықпа

J.46. Тұншықпа күйі (астмалық статус)

Жедел ауыр тұншықпа

Келтірілген классификация клиникада қолдануға қолайсыз, онда ең тиімді ем қолдануға қажет аурудың жеке ерекшеліктері еске алынған. Россия пульмонологтарының 4-ші ұлттық конгресінің ұсынысын және ДДҰ ұсынған ауру ауырытпалығының классификациясын ескере отырып, кей авторлар практикалық жұмыста төмендегідей классификацияны қолдануды ұсынады:

1. Тыныс тұншықпасының түрі:

1.1. Экзогендік ТТ (аллергиялық, атопиялық, инфекциялы-аллергиялық, иммунологиялық).

1.2. Эндогендік ТТ (аллергиялық емес, атопиялық емес, инфекциялы-аллергиялық емес, иммунологиялық емес).

2. Даму барысының ауырлығы (сатылары):

І сатысы – кезекпелі ұстама: белгілері апта ішінде бір реттен сирек кездеседі, аурудың қайталау мерзімі қысқа (бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін); түнгі белгілері айына 2 рет немесе одан да сирек, қайталау аралықтарында аурудың белгілері болмайды, өкпенің қызметі қалыпты күйде, ТСТ1 (СТЖ) ≥ 80 % тиісті мөлшердің, тәулік ішіндегі тербелісі 20%.

ІІ сатысы – жеңіл тұрақты тұншықпа: ауру белгілері аптасына 1 рет немесе одан жиі, бірақ күнге 1 реттен сирек кездеседі, аурудың қайталауы науқас адамның белсенділігі мен ұйқысын бұзады; түнгі белгілер айына 2 реттен жиі кездеседі; ТСТ1, (СТЖ) ≥ 80% тиісті мөлшердің, тәулік ішіндегі тербелісі < 20-30%.

ІІІ сатысы – орташа ауыртпалықты тұрақты тұншықпа: ауру белгілері күнде кездеседі, аурудың қайталауы науқастың белсенділігі мен ұйқысын бұзады; түнгі белгілер 1 реттен жиі кездеседі; күнде қысқа әсерлі 2-агонист препаттарын қабылдау керек; ТСТ1 (СТЖ) тиісті мөлшердің 60%-нен - 80%-не дейін, тәуліктік тербелісі >30%.

ІV сатысы – ауыр тұрақты тұншықпа: белгілері тұрақты, жиі қайталайды, түнгі белгілер жиі болады, дене қызметі шектелген. ТСТ1 (СТЖ) тиісті мөлшері ≤ 60%, тәуліктік тербелісі >30%.

1.ТТ-ң даму фазалары:

Қайталау фазасы

Тұрақсыз реакция фазасы

Тұрақты реакция фазасы – аурудың белгілері: кем дегенде 2 жыл бойы болмайды.

Асқынулары:

Тұншықпа күйі

Спонтанды пневмоторакс

Пневмомедиастинум

Беттолепсия (жөтел ұстамасы кезінде болатын мидың өткінші гипоксемиясына байланысты қысқа мерзімді естен тану)

Қазіргі кезде ТТ-ң көрсетілгендерден басқа төмендегідей клиникалық түрлерін ажыратады: атопиялық ТТ, инфекциялық ТТ, аспириндік ТТ, күш түсу ТТ, кәсіби ТТ. Аурудың әр түрлі варианты бір адамда қоса кездесуі мүмкін.

Клиникасы. Тыныс тұншықпасының басты клиникалық белгісі қайтымды обстукцияның (бронхоспазм, бронх қабырғасының кілегей қабығының ісінуі және бронх кілегейінің гиперсекрециясы) салдарынан туындайтын тұншықпа ұстамасы. Тұншықпа ұстамасының даму барысында жаршылар кезеңін, тұншықпа кезеңін және қайта даму кезеңін ажыратады.

Жаршылар кезеңі кезінде түшкіру, мұрыннан су ағу, ұстама тәрізді жөтел, қақырықтың қиын бөлінуі, жалпы қозу күйі, салқын тер бөлу байқалады. Жаршылар кезеңі бірнеше секундтан бірнеше күнге созылады, бұл кезеннің болмауы да мүмкін. Тұншықпа ұстамасы ұстамалы ентігу және тынысты сыртқа шығарудың қиындауымен сипатталады.

Тұншықпа күйіне қоса кеудені қысу сезімі, тынысты сыртқа қиналып шығару, жөтел, ысылдап дем алу болады. Қақырық қиын бөлінеді, ысылдаған тыныс алыстан естіледі.

Науқас адам төсекте ортопноэ қалпында болады: ауру адам қолдарын тіреп, алға қарай еңкейіп отырады, ауру адамның иықтары аздап көтерілген және орталыққа қарай құрысқан, ауру адам қолдарына асылып тұрған сияқты болып көрінеді. Науқастың жалпы күйі ауыр. Беті қуқыл тартқан, ісінген, бетті салқын тер басқан, жайылмалы цианоз көрінеді. Адам жүзінде үрей болады.

Науқастың кеуде торы демді барынша ішке алған сияқты күйде болады. Тыныс алуға көмекші тыныс бұлшық еттері қатысады. Көбіне тыныс баяулаған, тахипноэ де болу мүмкін.

Ұстама шегіне жеткен кезде кеуде үстінде перкуссиялық қорап дыбысы немесе қорап дыбысының реңі бар өкпе дыбысы анықталады. Өкпелердің шектері жоғары және төмен қарай кеңіген, өкпенің төменгі шетінің экскурсиясы шектелген. Аускультация кезінде ұзарған сыртқа тыныстау, тыныс алудың екі фазасында да, көбіне сыртқа тыныстау фазасында құрғақ, ысылдаған сырылдар естіледі.

Жүрек – тамыр жүйесі жағынан жүректің абсолютті және шартты тұйық дыбысының ауданы азайған (өкпенің қампаюы), өкпенің қампаюы мен сырылдардың салдарынан жүрек тондары айқын естілмейді, өкпе артериясының үстінде ІІ тонның акценті, систолалық артериялық қан қысымының төмендегені анықталады.

Ұстаманың кері даму кезеңі түссіз, шыны түріне ұқсас қақырық бөлінуінен, ұстамалы ентігудің азаюынан басталады және аурудың барлық белгілері біртіндеп жойылып кетеді.

Қосымша тексерулер: аурудың ауырлық дәрежесін анықтау және жасалған емнің нәтижесіне баға беру үшін төмендегідей тексерулер жүргізіледі:

1) сыртқы тыныс қызметін зерттеу

2) қан мен қақырықтың жалпы клиникалық анализі

3) иммунологиялық зерттеулер

4) рентгенологиялық тексеру

5) бронхоскопия

6) ЭКГ

Сыртқы тыныс қызметін зерттегенде (спирография, пневмотахография, пик-флоуметрия), тыныс тұншықпасында сыртқы тыныс функциясының обструктивті өзгергені анықталады: бронх өткізгіштігін сипаттайтын көрсеткіштер мөлшерінің азаюы. ТСТ1 азаяды және Тиффно индексі оның тиісті мөлшерінің 75%-нан төмен болады. Бұл көрсеткіштерден басқа ТТ-да өкпенің қалдық көлемінің (ӨҚК) және функциональдық қалдық сиымдылықтың (ФҚС) көбейгені және трахея – бронх дискинезиясының белгілері – спирограмманың құлдилама тізесінің жоғарғы бөлігінде кертіктер болуы (Колбет-Висс симптомы) анықталады.

Пневмотахография бронх өткізгіштігінің бұзылу деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. ТТ-да шеткі обструкция болады, яғни сыртқы тыныстаудың ең жоғарғы жылдамдығы ТӨТС-ң 50-75% деңгейінде (СТМ 50-75%) анықталады.

ТТ-диагнозын қою, оның ауырлық дәрежесін анықтау үшін және қолданылған емнің тиімділігін бағалау үшін бронх өткізгіштігі көрсеткіштерінің тәулік ішіндегі тербелісін және олардың қайтымдылығын анықтау керек. Бұл өзгерістерді ТСТ1 СТЖ (сыртқы тыныстаудың ең максимальды жылдамдығы) мөлшеріне қарап бағалауға болады. Соңғы көрсеткішті пик-флоуметр аппаратының көмегімен анықтайды.

Сау адамдарда бронх өткізгіштігі көрсеткіштерінің тәулік ішіндегі тербелістері 20%-дан аспауы керек, ал ТТ-ға болатын тербелістер 20%-дан жоғары болады.

Бронх обструкциясының қайтымдылығын ингаляциялық бронходилататорлар (сальбу-тамол, тербуталин, ипратропиум бромиды) қолданған сынамалар көмегімен анықтайды. Бронходилататор ингаляциясынан кейін бронх өткізгіштігінің көрсеткіштері сынама басындағы мөлшермен салыстырғанда кем дегенде 15%-ға артса, ол бронх обструкциясы-ның қайтымды екенін көрсетеді, яғни бронх өткізгіштігінің бұзылуында бронхоспазмның басым мағынасы бар екенін көрсетеді.

Әр түрлі факторлардың (денеге күш түсу, салқын ауа, тітіркендіретін газдар, шаңдар, ацетилхолин және басқалары), әсерінен болатын ТСТ1 және СТЖ өзгерістерін (динамикасын) анықтау тәсілімен ТТ-да болатын бронх гиперреактивтілігінің диагнозын қоюға болады.

ТТ-да қанның жалпы клиникалық анализінде эозинофилия болуы мүмкін (барлық кезде емес).

Қақырықта эозинофилдің көп мөлшері, Шарко-Лейден кристалдары және Куршман спиральдары табылады.

ТТ-да қолданылатын иммунологиялық зерттеулерге Jg E анықтау, тері-аллергия сынамасын қою және түрткі аллергиялық тесті қою жатады.

Jg E радиоиммуносорбенттік тестінің көмегімен анықтайды. Сау адамдағы Jg E мөлшері 100хБ/мл деңгейіне дейінгі мөлшерде. ТТ-мен ауыратын адамдарда Jg E көбеюі ауру дамуының атопиялық генезін көрсетеді.

Тері-аллергиялық сынамалар (аппликациялық, скарификациялық және аллергенді тері ішіне егу сынамалары) ауру себебі болуы мүмкін деген аллергендермен аурудың саябыр кезінде (ремиссия) қойылады. Аллергиялық реакцияның айқындық дәрежесін 0 мен 4+ аралығындағы баллмен өлшейді. Ол әдетте тиісті аллерген тудырған клиникалық симптоматикаға сәйкес болып келеді.

Түрткі тестілер (ингаляциялық, назальдық) мүмкін аллергендермен аурудың саябыр кезінде арнайы мамандандырылған стационар жағдайында үлкен сақтықпен іске асырылады, себебі бұл тестілер тыныс тұншықпасының ауыр ұстамасын тудырулары мүмкін .

Рентгенологиялық тексерулер. Ауыр қайталауларда және тұншықпа күйде өкпелердің ауамен үстем толу белгілері (өкпе қимылының шектелуі, диафрагма күмбезінің төмен тұруы және жадағайлануы, өкпе алаңдары ұзындығының өсуі, ретростернальдық және ретрокар-диальдық кеңістіктердің кеңуі, жүректің тік қалпы және басқалар) және өкпенің қосалқы ауруларының белгілері болады.

Бронхоскопия бронх обстуркциясы синдромының басқа себептерін жоққа шығару үшін қолданылады.

ЭКГ. Өкпе-текті жүрек (жедел немесе созылмалы) синдромы қалыптасқанда оң жақ қарынша мен оң жақ жүрекшенің гипертрофия белгілері, оларға күш түсу белгілері және Гис будасының оң жақ сабағы бойында өткізгіштіктің бұзылу белгілері табылады.

ТТ-ң клиникалық варианттары. ТТ-ң төмендегідей клиникалық варианттарын ажыратады:

Атопиялық вариант ауру адамдардың инфекциялық емес аллергендер әсерінен сенсибилизациялануынан туындайды. Бұл вариантқа аллерген болуы, аурудың аллергенмен жанасқанынан кейін қайталауы, аллергологиялық қабынудың қөптеген белгілерінің болуы, мұрын, көз, тыныс жолдарының кілегей қабығының, сонымен қатар терінің зақымдануы тән. Оң мәнді тері сынамалары, оң мәнді түрткі сынамалар, қанда Jg E деңгейінің көтерілгені табылады. Қанда эозинофилия, қақырықта Куршман спиральдары (кілегей элементері), Шарко–Лейден кристалдары (эозинофильдер ыдырауының өнімдері), эозинофильдердің көп мөлшері анықталады.

Инфекцияға тәуелді вариант. Аурудың басының немесе оның қайталауының бронхтардың және мұрын-жұтқыншақ аймағының жедел инфекция ауруымен немесе созылмалы инфекция ауруының қайталауымен байланысы болады. Осы аурулардың белгілері табылады. Бұл науқастарда тұншықпа ұстамасы жеңілдеу болады, ұзаққа созылады, -адреномиметиктер әлсіз көмектеседі.

Аспириндік ТТ-сы. Симптомдардың триадасы болады: тұншықпа ұстамасы, қайталамалы полипозды риносинусит және ацетилсалицил қышқылын және оған әсері жағынан жақын дәрілерді (анальгин, бейстероидтық қабынуға қарсы препараттар) көтере алмаушылық. Тұншықпа ұстамасы тамаққа құрамында өсімдіктік салицилаттар бар тағамдарды (алма, өрік, таңқурай, қарлыған, бүлдірген және басқалары) қолданғанда да пайда болады. Диагнозын қою мақсатында мамандандырылған бөлімшелерде ацетилсалицил қышқылын қолданып түрткі сынама қойылады.

Күш түсу тұншықпасы. Жас адамдарда кездеседі. Тұншықпа тез жүрген кезде, жүгіріс кезінде, күлген кезде көрініс береді. Диагноз қою критериі - тұншықпа ұстамасын денеге күш түсіру арқылы тудыру. Ұстама күш түскеннен 10 минут кейін пайда болады. Күш түсу ұстамасы таза күйінде сирек кездеседі, көбіне аурудың басқа варианттарымен қоса кездеседі.

Дисгормональдық (гормонға тәуелділік) варианты. Аурудың бұл вариантында науқас глюкокортикостероидтарды қабылдауға тәуелді болады. Кушингоидизм белгілері (АГ, гастродуоденальдық жара, остеопороз, стриялар, толған айға ұқсас бет және басқалары) анықталады. Гормонға тәуелдік глюкокортикоидтық жетіспеушілік (бүйрек безінің жетіспеу-шілігі, бүйрек безі емес жетіспеушілік) және кортикоидтарға төзімділік салдарынан қалыптасуы мүмкін. ТТ-ың гормонға тәуелді варианттарының диагнозы қою үшін: 11-ОКС және/немесе кортизолдың қан плазмасындағы жиынтық деңгейін, 17-ОКС және кетостероидтардың несептегі деңгейін, кортикостероидтардың тәуліктік клиренсін анықтау керек: дексаметозон тестісін қою керек.

ТТ-ң дизовариальдық вариантының диагнозын аурудың қайталауы етеккір циклының белгілі бір фазасына, көбіне етеккір келер кезеңнің алдында болатынына қарап және ауру белгілеріне қоса етеккір алды симптомдардың (бас сақинасы, қөңіл-күйдің өзгеруі, бет пен аяқ-қолдың іспектенуі) болатынына қарап қояды. Ауру ауыр дамуымен және жағымсыз болжаммен сипатталады.

Адренергиялық дисбаланс аурудың даму барысының тереңдей түсуімен және тұншықпа ұстамасының адреномиметиктерді еккеннен кейін немесе ингаляция жасағаннан кейін туындауымен сипатталады. Себептеріне адреномиметиктер дозасының асып кетуі, тыныс мүшелерінің жедел вирустық немесе бактериялық инфекциясы жатады. -адреномиметик-тер қолданып орындалған сынамада бронходилататор ингаляциясына жауап реакция азайған немесе парадоксальды реакция (-адреномиметик ингаляциясынан кейін обструкцияның 20% жоғары тереңдей түсуі ) байқалады.

Холинергиялық вариант вегетативтік нерв жүйесінің парасимпатикалық бөлімінің белсенділігінің артуына байланысты көрініс береді, көбіне жасы егде адамдарда кездеседі. Жетекші белгісі – күш түскенде және тыныш күйде болатын ентігу. Одан басқа көлемді және көпіршікті қақырық бөлу және ваготонияның басқа белгілерінің (тершеңдік, алақан-ның тершеңдігі, синустық брадикардия, артериялық гипотония) болуымен сипатталады. Ұстама М-холиноблокаторлар көмегімен жеңіл тоқтайды. Қанда холинэстераза белсенділігі-нің төмендегені және ацетилхолин деңгейінің өскені анықталады.

ТТ-ң нервті-психикалық вариантының диагнозын нервті-психикалық факторлардың тұншықпа белгілерінің пайда болуына түрткі болуына және олардың осы белгілердің тұрақтауына әсерін тигізгеніне қарап қояды. ТТ-ң бұл варианты науқас адамның қоршаған орта жағдайына бейімделуінің бір ерекше түрі болып табылады. Бұл жағдайда ТТ-ң симптомдары кейбір тұрмыс мәселелерін шешу үшін қолданылады.

ТТ-ң 4 нервті–психикалық вариантын ажыратады:

  • неврастениялық варианты науқас адамның өзін-өзі кеміте бағалаумен, өзіне қатал талап қоюымен, өзінің дәрменсіздігін мойындау сезімімен сипатталады. Осы жағдайлардан қорғанудың жолы ТТ-ң ұстамасы болып табылады;

  • истерияға ұқсас вариантта науқас адамның микроәлеуметтік ортадағы (отбасы, өндіріс ұжымы және басқалар) жоғарғы орындағы адамдармен аралас болуға тырысуынан туындайды. Мұндай жағдайда науқас өз ынтасына ұстама көмегімен «қол жеткізуге» тырысады.

  • ТТ-ң психоастениялық вариантында науқас адам шамадан тыс мазасыз, үрей билеген, қоршаған ортаға тәуелді және өздігінен шешім қабылдауға қабілеттсіз болып келеді. Тұншықпа ұстамасы бұл адамдарды өздігінен шешім қабылдау жауапкершілігінен «кұтқарады».

  • шунтты вариант отбасы мүшелерінің арасындағы қайшылықты тұншықпа ұстамасы көмегімен шешу үшін, науқас адамның айналасындағылардың өзіне көңілін аудару үшін және олардың қамқорлықпен қарауына ұстаманың көмегімен қол жеткізуге қажет болғанда туындайды.

Нервті-психикалық варианттың диагнозы анамнез мәліметтеріне және науқас адамның арнайы сұрақтарға жауап беріп, анкета толтыруымен орындалатын тестілердің мәлімет-теріне қарап қойылады.

ТТ-ң аутоиммундық варианты науқас адамда өкпе тінінің антигендеріне сенсибилизация қалыптасқанда бой көрсетеді, сирек кездеседі (барлық жағдайдың 0,5-1%), аурудың ауыр үздіксіз дамуымен, науқас адамда гормонға тәуелділік қалыптасуымен, өкпе тініне қарсы антиденелердің табылуымен, АИК концентрацияның көбеюімен және қан сарысуындағы қышқылды фосфатаза белсенділігінің артуымен сипатталады.

Даму барысы. Ауырлық дәрежесіне қарай ТТ-ң 4 сатысын ажыратады (“Класси-фикациясын” қараңыз). Кей авторлар ТТ дамуының 3 сатысын ажыратады, алдағы келтірілген классификациядағы аурудың алғашқы екі сатысы қосылып, аурудың жеңіл сатысы, қалған екі саты (ІІІ-ІV сатылары) сәйкестелгеніне қарай орташа ауыртпалықты саты және ауыр сатысы болып бөлінеді. Тыныс тұншықпасының ауырлық дәрежесін анықтаудың маңызы – емді осы ауырлық дәрежесіне қарап іске асырады.

Асқынулары. ТТ-ң асқынуларына тұншықпа күй, пневмоторакс, пневмомедиастенум, беттолепсия және жедел өкпе-текті жүрек жатады (“Классификациясын” қараңыз). Осы асқынулардың ішінде ең жиі кездесетіні – тұншықпа күй.

Тұншықпа күй (астмалық статус) – науқас адамда бұрын болмаған тұншығу ұстамасының өте ауыр түрі және аурудың бұрын қолданылып жүрген бронхолитиктер әсеріне көнбейтін ауыр өршуі (қайталануы).

Тұншықпа күй дамуының себептері:

  1. Тұрақты медициналық көмек алу мүмкіншілігінің жоқтығы.

  2. Симпатомиметиктер мен кортикостероидтарды ешқандай бақылаусыз қабылдау; ұзақ уақыт алып жүрген гормондық препараттарды қабылдауды қүрт тоқтату.

  3. Науқас адамның көтере алмайтын дәрілерді (ҚҚБП, антибиотиктер т.б.) қабылдауы.

  4. Себеп аллергендердің (шаң, тамақ аллергендері) және бейспецификалық факторлар-дың (денеге күш түсу, салқын ауа) төтенше әсер етуі.

  5. Нервті-психикалық стресс.

  6. Бронх-өкпе мүшелерінің созылмалы қабыну ауруларының қайталауы немесе олардың жедел қабынуы.

Тұншықпа күйдің екі вариантын ажыратады:

Анафилаксиялық вариант – лезде болатын аллергиялық реакция түрінде, әр түрлі экзогендік әсерлер тудыратын бронхоспазм нәтижесінде бой көрсетеді.

Метаболизмдік вариант: аллергиялық реакциялардың (тұншықпаның қайталауын тудыратын) нәтижесінде пайда болатын метаболиттердің және науқас адамның шамадан тыс қабылдаған бронхолитиктердің метаболиттерінің организмде біртіндеп жиналғанынан туындайды.

Анафилаксиялық тұншықпа күйде бронх обструкциясы өте тез дамиды, кейде бронх тарамдарын лезде түгел қамтиды.

Метаболиздік тұншықпа күйдің 3 сатысы болады.

І сатысы – симпатомиметиктерге резистенттік (төзімділік) сатысы. Селективті -адреномиметиктерге көнбейтін немесе олардың әсерінен ауырлай түсетін үдемелі тұншықпа көрініс беруімен сипатталады. Қақырық бөлу нашарлайды. Науқасты тексеріп қараған кезде тыныс тұншықпасының ұстамасындағыдай симптоматика болады, тек одан айырмашылығы ол бронхоспазмолитиктер әсеріне көнбейді. Тахикардия, жиі қан қысымының көтерілуі байқалады. Орташа дәрежелі артериялық гипоксемия (рО2 с.б. 60-70 мм), нормо- немесе гипокапния (рО2 < с.б. 35 мм) анықталады.

ІІ сатысы – мылқау (дыбыссыз) өкпе сатысы, науқас адамның ауыр күйімен сипатталады. Тері жамылғысы қуқыл-сұрғылт түсті, ауыр ентігу байқалады. Тыныс тайыз және жиілеген. Бронхтардың толық обтурациясының нәтижесінде өкпенің желденбейтін бөліктері пайда болады, тыңдаған кезде бұл бөліктердің үстінде тыныс шулары естілмейді – «мылқау өкпе» анықталады. Пульс жиілеген, толықтығы азайған, аритмия, артериялық қан қысымы төмендеген. Науқастың селқос күйі қозу күйімен алмасып тұрады. Ауыр гипоксемия (рО2 с.б 50-60 мм), үдемелі гиперкапния (рСО2 с.б. 50-70 мм), ацидоз анықталады. Ацидоз және аллергиялық реакциялардың әр түрлі медиаторларының әсерінен тамырішілік қан ұю дамиды. Тездетіп және күш салып тыныс алудың және малшынып терлеудің салдарынан организм сұйықтық жоғалтып, гиповолемия бой көрсетеді.

ІІІ сатысы – гиперкапниялық ацидоздық кома сатысы, артериялық гипоксияның, гиперкапнияның және ацидоздың нәтижесінде дамиды. Науқас адамда алғашында дезориентация (бағыттан адасу) және санасының күңгірттенуі болады. Кейін науқас санасынан айырылады. Церебральдық және неврологиялық бұзылыстар пайда болады. Тахипноэ, ауыр цианоз, жиі коллапс болады. Өте ауыр гипоксемия (рО2 с.б. 40-50 мм), өте айқын гиперкапния (рСО2 с.б. 80-90 мм) анықталады. Тұншықпа күй шыңына жеткен кезде болатын өлім жиілігі 5-20% құрайды.

Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы. Тыныс тұншықпасының диагнозын қою критерийлері негізгі және қосымша критерийлер болып екіге бөлінеді.

Негізгі критерийлерге жататындары:

  1. Тұншықпа ұстамасы және олардың баламасы (эквиваленті).

  2. Қайтымды обструкцияның болуы (сыртқы тынысты зерттеу мәліметтері).

  3. Бронхоспастикалық немесе бронх обструкциясы синдромы болатын аурулардың болмауы.

  4. Қан мен қақырықта эозинофильдердің болуы.

Қосымша критерийлерге жататындар:

1. Клиникалық-аллергиялық анамнез.

2. Иммунологиялық зерттеулердің нәтижелері:

а) қан сарысуында Ig E анықтау;

б) тері сынамалары;

в) түрткі тестілер.

Тыныс тұншықпасын клиникасында бронхоспастикалық немесе бронх обструкциясы синдромы болатын аурулардан ажырата білу (екшеп алу) керек. Клиникасында аталған синдром болатын ауру өте көп. Күнделікті практикалық жұмыста басқаларына қарағанда жиірек кездесетіндері жүрек тұншықпасы, созылмалы обструкциялы бронхит, Квинке ісігі, басты тыныс жолдарының обструкциясы, кеңірдекке бөгде дененің енуі (аспирациясы), карциноидтық ісік, Чердж-Стросс синдромы, Да Коста гипервентиляциялық синдромы.

Жүрек тұншықпасы. Жүрек ауруларының (ЖИА, гипертония ауруы, митральдық стеноз, қолқа қақпақтарының ақаулары, симптоматикалық артериялық гипертониялар нәтижесінде дамиды. Тұншықпа аралас сипатты болады, дистанциялық құрғақ сырылдар болмайды, аускультация кезінде құрғақ сырылдармен бірге ылғалды сырылдар да естіледі (көбіне өкпенің төменгі жағында), пульс көбіне ырғақсыз, жүрек ауруларының белгілері (аускультациялық т.б.) болады, нитроглицерин жақсы көмектеседі, бета-адреномиметиктер мен теофедрин тиімді емес.

Созылмалы обструкциялы бронхит. Россияның ұлттық консенсусы қабылдаған (1995 ж) созылмалы обструкциялы бронхит (СОБ) пен ТТ-ң екшеу диагнозын қою критерийлері 2-кестеде келтірілген.

2-кесте

СОБ пен ТТ-ң екшеу-диагнозын қою критерийлері

Белгілері

СОБ

ТТ

Аллергия

Жөтел

Ентігу

ТСТ1 тәулік ішіндегі өзгерісі

Бронх обструкциясының қайтымдылығы

Қан мен қақырықта эозино-фильдердің болуы

Тән емес

Тұрақты, күштілігі әр түрлі

Тұрақты, онша ауытқу бермейді

10% аз

Болмайды

Болмайды

Тән

Көбіне ұстама түрінде

Экспираторлы ентігу ұстамасы

10% көп

Болады

Болады

Квинке ісігі. Тұншығу көмей ісінгенде болады. ТТ-нан өзгешелігі дауыстың қарлығуы, «үрген ит» дыбысты жөтел, инспираторлы, кейін аралас сипатты ентігудің болатыны. Тыныс шулы, стридарозды болып келеді, ысылдаған тыныс болмайды. Өкпеде құрғақ сырыл болмайды, олар ісіну кеңірдек пен бронхтарға тараған кезде пайда болады. Ерін үстінде, қабақ үстінде, ұма үстінде, ауыз қуысының кілегей қабағында тығыз, ақшыл, қышымайтын ісік пайда болады; көбіне есекжеммен қоса кездеседі.

Басты тыныс жолдарының обструкциясы. Себептері – трахея-бронх дискинезиясы, төсарты жемсау, қолқаның кеуде бөлігінің аневризмасы, көкірекаралығының лимфа түйіндерінің зақымдануы. Жалпы белгілері: дауыстың қырылдауы, инспираторлы ентігу, стридарозды тыныс, қатты жөтел, мойынның ісінуі және мойын веналарының ісінуі, бронхолитикалық дәрілердің тиімсіздігі.

Трахея-бронх дискинезиясы трахеяның жарғақты (мембраналық) бөлігінің серпімділігі мен ширақтылығы (тонусы) өзгергенде пайда болады, ол бірінші ретті (жедел респираторлық инфекциядан, туберкулезден кейін) және екінші ретті (өкпенің бейспецификалық созылмалы ауруларымен, өкпе эмфиземасымен ауыратын адамдарда) болып келеді. Негізгі симптомдары: «үрген ит, маңыраған қой» дауысына ұқсас жөтел, экспираторлық ентігу, тұншығу ұстамасы. Тұншықпа ұстамасы көбіне күш түскенде, жатқан күйде, кейде тамақ ішкен кезде (тамақ жұтындысының кеңірдектің жарғақты бөлігін қысуы) болады. Жөтел дене қалпын өзгерткенде күшейе түседі, жөтел күшейе келе естен тануды және құсуды тудырады. Дисфагия кездеседі, тамақта бөгде дене тұрған сезім болады. ТТ-нан өзгешелігі - өкпенің төменгі бөлігінде құрғақ сырылдар болмайды. Оң жақты қия қалпында жасалған трахеяның рентгенографиясында трахеяның вентральды-дорзальды (алғы-артқы) мөлшері өте кішірейген, сыртқа тыныстау және жөтел кезінде басты бронхтар да кішірейген, олардың қабырғалары толық қабысқан. Спирографияда – тездетіп сыртқа тыныстау қисығында кертіктер болады. Диагнозын қоюдың негізгі әдісі - трахеобронхоскопия, трахеяның жарғақты қабырғасы оның қуысын жарты ай тәрізді тарылтып тұрады.

Төсартының жемсауында – рентгенологиялық тексергенде алдыңғы көкірекаралығында шеттері шығыңқы және тегіс, біркелкі қарайғандық көрінеді, трахея қуысы басылған. Контраст затты өңеш жемсаудың қарсы жағына қарай ығысады, оның шеттері мен бедері және перистальтикасы өзгермеген. Қалқанша безді сканерлеу диагнозды дәлдеуге көмектеседі.

Қолқаның кеуде бөлігінің аневризмасы: рентгенограмманың қапталды проекциясында қолқа көлеңкесінің орны, формасы жақсы көрінеді, ренгеноскопияда қолқа көлеңкесінің солқылы (пульсациясы) жақсы көрінеді.

Көкірекаралықтың лимфа түйіндерінің зақымдануы туберкулездік бронхаденитте, саркоидозда, лимфогранулематозда, ісіктің көкірекаралығының лимфа түйіндеріне метастаз бергенінде, өкпенің медиастенальдық рагінде кездеседі. Диагноз кою үшін трахея-бронх арқылы жасалатын пункциялық биопсия, биопсиялы медианоскопия, зақымдалған лимфа түйіндерінің сынама торакотомиясы мен биопсиясы қолданылады.

Трахеяға бөгде денелердің түсуі (аспирациясы) аралас ентігумен, стридарозды тыныс және жөтелмен сипатталады, бөгде дене бронхқа түскен болса тұншығу ұстамасы болады. Диагнозын анамнездің, рентгенологиялық тексерудің және бронхоскопияның мәліметтеріне қарап қояды.

Карциноидты ісік. Тұншықпа ұстамасы биологиялық белсенді заттардың (серотонин, брадикинин, гистамин т.б.) әсерінен туындайды. Бронхоспазм белгілері табылады. Тұншықпа ұстамасы кезінде бет терісі мен кеуденің жоғарғы бөлігі терісінің қызарғаны, («қан толуы»), қан қысымының төмендеуі, іштің ауырып, құрылдауы, сұйық нәжіс бөлу байқалады. Бронхоскопия, бронхграфия және өкпе томографиясы ісіктің диагнозын қоюға көмектеседі. Ұстама кезінде шеткі қанда – эозинофилия мен тромбоцитоз анықталады, серотонин концентрациясы (қалыпты күйде 0,01-0,02 мкг/мл) көбейеді, несепте оның метаболиті-5-оксииндол сірке қышқылының көбейгені анықталады.

Чердж-Стросс синдромы – түйінді париартерииттің тұншықпалы варианты болып табылады, көбіне 30-40 жастағы әйелдерде кездеседі (классикалық варианттан өзгешелігі). Тұншықпа ұстамасы эозинофилия фонында басталады. Ауру өте ауыр дамиды, тұншықпа күй байқалады. Кейде өкпеде эозинофильдік инфильтраттар пайда болады. Кейін жайыла тарап, қызба, миалгия, артралгия, геморрагиялық пурпура, эритема, іштің ауыру кризі, АГ, ассиметриялық полиневрит, коронарит белгілерін береді. Бүйрек зақымдалады. Эозинофилия болады. Процесстің тарауы кезінде ТТ-ң ұстамалары жойылып кетуі мүмкін. Қанда - лейко-цитоз, ЭТЖ өсуі, гипергамма-глобулинемия. Диагнозды клиникалық белгілерге және тері, бұлшық ет, бүйрек биопсияларының нәтижесіне (васкулит) қарап қояды.

Гипервентиляциялық Да Коста синдромы (“психогендік” немесе “невроздық” ентікпе) неврастенияда кездеседі. Тұншықпа ұстамасына ұқсас, тыныш күйде өкпе желденуінің ұстамалары (“гипервентиляциялық криз”) байқалады. Криз кезінде тыныс алу жиіленеді, ауа жетпеу сезімі, кеуденің қысылуы, тамақта кесек зат тұрғандай сезім, тыныс алудың қиындауы болады. Үрей сезімі, өлімнен қорқу сезімі байқалады. Ұстамадан басқа уақытта науқас адам өзінің тынысына қанағаттанбайды, мезгіл-мезгіл күрсініп дем алады. Науқас қапырық үйде, қалалық көлік ішінде бола алмайды, үйінде терезені жиі ашады, далаға жиі шығады (“ауа үшін күрескендер”). Ауру адамның невроздық шағымдары көп болады. Оларды тексергенде жүрек пен өкпенің органикалық аурулары табылмайды. НЦД симптомдары анықталады.

Клиникалық диагнозды тұжырымдауда ескеру керек:

    1. аурудың клиникалық вариантын;

    2. даму барысының ауырлығын;

    3. аурудың фазасын;

    4. аурудың асқынуларын;

Диагнозды тұжырымдаудың мысалдары:

1) Тыныс тұншықпасы, экзогендік (шаңдық) варианты, орташа ауыртпалықты, қайталау фазасы. ТЖ І сатысы, обструкциялы түрі. Созылмалы өкпе-текті жүрек, компенсациялы.

2) Тыныс тұншықпасы, эндогендік (гормонға тәуелді) варианты, жеңіл дәрежелі, тұрақты ремиссия фазасы.

Емі. Емнің негізгі мақсаты - ауруға тиісті бақылау қою. Ол үшін этиотроптық және патогенетикалық емдеу әдістері қолданылады.

Ауруға адекватты бақылау қою критерийлеріне жатады:

  1. аурудың клиникалық белгілерінің толық болмауы,

  2. бүркемелі бронх обструкциясын (клиникалық анықталмайтын, функциональдық зерттеулер көмегімен анықталатын) түзеу;

  3. науқас адамның қалыпты тіршілік әрекеті: түскен күшті, психологиялық стресті қалыпты күйде көтеру, респираторлық вирустық инфекцияға қалыпты түрде қарсы тұру;

  4. әр түрлі әдіс қолданып, тұншықпаның қайталауынан оның ерте сатыларында сақтану.

Емдеудің негізгі әдістері:

1. Этиотропты ем:

а) элиминация емі;

б) микробқа қарсы ем.

2. Патогенетикалық ем:

а) глюкокортикостероидтар;

б) клетка мембранасының стабилизаторлары (натрий кромогликаты, натрий недокромилі, кетотифен, задитен);

в) теофиллин;

г) антимедиаторлық дәрілер (антигистаминдік, антилейкотриендік препараттар).

3. Бронхолитикалық ем:

а) адреномиметиктер;

б) холинолитиктер;

в) теофиллин;

г) муколитиктер;

д) кальций антогонистері;

4. Жалпы әлдендіру емі (витаминдер, микроэлементтер)

5. Дәрілік емес ем (спецификалық иммундық терапия, рефлексті инемен емдеу, психо-терапия, баротерапия, емдік дене тәрбиесі, физиотерапия т.б.)

6. Ауру адамды үйрету, ТТ-н емдеуде науқастың дәрігерге серіктігін қалыптастыру.

Элиминация емі науқас адамды қоршаған ортадан аллергиялық реакция тудыратын аллергендерді (тұрмыс аллергендері, жануар аллергендері, өсімдіктердің тозаңдары, жәндіктердің шағуы, саңырауқұлақтар, тамақ аллергендері, дәрілік аллергендер т.б.) жою мақсатында іске асырылады.

Антимикробтық ем аурудың инфекциялық вариантында тағайындалады, ол төмендегі жағдайларда қолданылады:

а) пневмония, созылмалы ірінді бронхиттің қайталануы фонында қайталаған инфекцияға тәуелді тыныс тұншықпасында;

б) лор-органдарда активті инфекция ылғи барында;

в) тыныс жолдары саңырауқұлақпен зақымданған гормонға тәуелді тыныс тұншықпасы-мен ауыратындарға.

Глюкокортикостероидтар тыныс тұншықпасын емдегенде қабынуға қарсы ең белсенді әсер көрсететін дәрілер. Глюкокортикостероидтар ингаляциялық және жүйелік болып бөлінеді.

Ингаляциялық глюкокортикостероидтар жергілікті қабынуға қарсы әсер көрсетеді және олардың жағымсыз әсері ең төмен болып келеді.

Глюкокортикоидтардың қысқа мерзімді әсер ететіндері (бекламетазон дипропионат) және ұзақ уақыт әсер ететіндері (ингакорт, будесонит, флютиказон) бар. Қысқа мерзімді әсер ететін препараттар күнге 4 рет, ұзақ әсер ететіндер күнге 2 рет беріледі. Емдік әсерлері 7-10 күннен кейін басталады. Ингаляциялық глюкокортикостероидтарды қолданғанда, олардың ингаляциясына дейін 10-15 минут бұрын бронхолитикалық препараттың (адреномиметик) ингаляциясын жасау керек.

Егер ингаляциялық глюкокортикоидтардың жоғарғы дозалары ТТ-ң дамуын сенімді бақылауды қамтамасыз етпейтін болса, онда ішке қабылданатын глюкокортикоидтар қосылады.

Клетка мембранасының стабилизаторлары (интал, тайлед) аллергендер және бейспи-цификалық тітіркендіргіштер (салқындық, денеге күш түсу, поллютанттар) әсерінен мес клеткалардан медиаторлар мен цитокиндердің бөлінуін тежейді, эозинофильдердің, макрофагтардың, нейтрофильдердің және тромбоциттердің белсенділігін тежейді, афферент-тік нервтердің сезімталдығын азайтады. ТТ-ң қайталауының алдын алу мақсатында қолданылады. Интал ингаляция түрінде күнге 4 рет қолданылады. 3-4 айға беру мүмкіншілігі бар. Интал ингаляциясынан 15 минут бұрын адреномиметик ингаляциясын жасау керек.

Тайледті тәулігіне 2 рет қолдануға болады. Қазіргі кезде құрама препараттар дитек (интал + беротек), интал плюс (интал + сальбутамол) қолданылып жүр.

Кетотифен (задитен) гистамин және басқа биологиялық белсенді заттардың бөлінуін тежейді, Н1-рецепторларының сезімталдығын төмендетеді, седативті (тыныштандыратын) әсер көрсетеді. Күнге 2 рет тамақ ішкен кезде ішке қабылдайды. Емннің ұзақтығы 2-3 ай. Балаларда ең тиімді болып келеді.

Антигистаминдік препараттар тыныс тұншықпасы өкпеден тыс аллергия белгілерімен қоса кездескенде тағайындалады. Екінші буын препараттары (кларитин, кестин, зиртек т.б.) қолданылады.

Антилейкотриен препараттары лейкотриен метаболизімінің күшеюі түрткі болғаннан туындайтын бронхоспазмда (аспириндік ТТ, күш түсу тұншықпасы, салқын ауа әсерінен болатын спазм) тағайындалады. Оларға зафирлукаст (аколат), монтелукаст препараттары жатады. Күнге 1-2 рет ішке қабылданады.

Теофиллиндер бронхолитикалық, қабынуға қарсы, иммунитетті түзейтін әсер көрсетеді, өкпе артериясындағы қан қысымын азайтады, несеп бөлуді күшейтеді. Эуффилин таблетка және инъекция түрінде қолданылады, әсері ұзартылған препараттар (теопек, теолонг т.б.) -таблетка түрінде қолданылады.

Теофиллиндерді артериялық қан қысымы азайғанда, пароксизмальды тахикардияда, экстрасистолияларда, коронарлық жетіспеушілік фонында пайда болған жүрек әлсіздігінде және аритмияда қолдануға болмайды.

2-Адреномиметиктер бронхтардың салалы бұлшық еттерін босаңсытады, аллергендер, салқындық және күш түсу әсерінен туындайтын бронх обструкциясының алдын алады. 2-Адреномиметиктер ингаляция түрінде қолданылады. Қысқа әсерлі препараттар бронх обструкциясының алдын алу үшін және ұстаманы тоқтату үшін қолданылады (қажетіне қарай). Препараттардың бұл тобына сальбутамол (альбутерол), фенотерол (беротек), тербуталин (бриканил) жатады. Ұзақ әсерлі -адреномиметиктер көбіне профилактикалық мақсатта қолданылады. Әсері ұзарған -адреномиметиктерге сальмитерол, формотерол, сальбутамол сукцинаты, серетад (сальмотерол+ флютикацин).

М-холинолитикалық препарат ипратропиум бромиді (атровент) ұзаққа созылған бронхио-литикалық әсер көрсетеді, оның әсері 30-40 минуттен кейін басталады. Оның құрамындағы препарат беродуал (беротек+атровент) тез әсер етеді. М-холинолитиктер тыныс тұншықпасы өкпенің созылмалы обструкциялы ауруымен, гипертония ауруымен және ЖИА қоса кездескенде ингаляция түрінде қолданылады.

Тыныс тұншықпасын емдеу оның қайталауын емдеуден, ремиссия кезінде емдеуден және тұншықпа күйде емдеуден тұрады.

Тыныс тұншықпасының қайталауын емдеуге тұншықпа ұстамасын тоқтату және базисті (негізгі) ем жатады.

Тыныс тұншықпасының ұстамасын емдеуді ауру ұстамасының ауырлық дәрежесіне қарай іске асырады. Тыныс тұншықпасы ұстамасының жеңіл, орташа ауырлықты және ауыр түрін ажыратады.

Тұншықпа ұстамасының жеңіл түрінің сипаттамасы:

- науқас адамның дене қызметіне қабілеттілігінің сақталуы;

- ауру адам сөйлем құрап сөйлей алады;

- қозу болады;

- тахипноэ;

- сыртқа тыныстаудың аяғында ысқырған дыбыстың естілуі, орташа дәрежелі тахикардия, СТЖЖ – 80% маңында;

- қанның газды құрамы қалыпты күйде.

Спейсер (немесе небулайзер) арқылы 2-агонистердің (сальбутамол 2,5 мл, фенотерол 1 мл) бір дозасы 20 минут сайын 1 сағат бойы беріледі. Әрі қарай қолданылатын тәсіл қол жеткен әсерге байланысты. Жақсы жауап болған жағдайда (СТЖЖ > 80%, 2-агонистердің әсері 4 сағат бойы сақталады) науқас 2-агонистерді 4 сағат сайын 24-48 сағат бойы қабылдайды.

Емнің әсері толық болмаған жағдайда (СТЖЖ 1-2 сағат бойы 60-80% деңгейінде) және ем өте нашар әсер еткенде (СТЖЖ < 60%):

а) 2-агонистерін 4 сағат сайын 24-48 сағат бойында қабылдауды жалғастыра береді;

б) Ішке қабылданатын ГСК қосылады: преднизолонның 30-60 мг (альтернатива ретінде ингалляциялық ГСК-будесонидтің 0,5 мг/мл дозасы небулайзер арқылы беріледі) 2 сағат сайын 1 тәулік бойы қабылдайды.

Науқас адамның жалпы күйі жақсармаса немесе нашарлай түссе, оны стационарға жолдау сұрағын шешу керек.

Орташа ауыртпалықты тұншықпа ұстамасының сипаттамасы (науқас адамның күйі 15-30 минут сайын анықталады):

- ауру адамның дене қызметіне қабілеттілігі шектелген;

- науқас адам жеке фразаларды ғана айта алады;

- науқас адам қозған күйде, кейде агрессиялы күйде;

- ауыр экспираторлық ентігу;

- ысылдаған қатты тыныс;

- ауыр тахикардия;

- СТЖЖ 60-80% аралығында;

- РаО2 > с.б. 60мм; РаСО2 < с.б. 45 мм.

Қолданылатын ем:

- 2-агонистерді немесе фенотерол 1 мг, сальмотеролдың 5мг 1 сағат бойында 3-4 рет қабылдау.

Емнің нәтижесін 3-4 сағаттан кейін бағалайды.

Ем жақсы әсер еткенде (СТЖЖ >70%, тыныс алу бұзылмаған, 2-агонистердің әсері 4 сағат бойы сақталады) науқас адам үйінде қалдырылады.

а) 2-агонистерді 4 сағат сайын 24-48 сағат бойында қабылдауды жалғастырады;

б) ГСК ішке қабылдауды жалғастырады және динамикалық бақылауда болады.

Емнің әсері толық болмаған жағдайда (СТЖЖ 50-70%, тұншықпа белгілері сақталған), ішке қабылданатын глюкокортикодты қосу керек, науқас 2-агонистерді қабылдауды жалғастыра береді; осы күйде стационарға жіберіледі.

Емнің әсері нашар болған жағдайда (науқас адамның күйі өміріне қауіп төнген күй деп сипатталады, тұншықпаның ауыр клиникалық белгілері болады, СТЖЖ немесе ТСТ1 тиісті мөлшердің 50-30% тең; РаО2< с.б.60 мм; РаСО2 > с.б. 45 мм) дереу стационарға жатқызып, төмендегідей емдер қолдану керек:

  • небулайзер арқылы 2-агонистер мен оттегінің ингаляциясы;

  • ингаляциялық холинолитиктер (ипратропиум 0,5-1мл) немесе небулайзер арқылы олардың құрама түрі (фенотерол + ипратропиум 2-4 мл);

  • ГКС-ң преднизолонға есептеген 30-60 мг немесе вена ішіне егетін преднизолонның (гидрокортизон, метилпреднизолон) 200 мг 6 сағат сайын 1 тәулік бойы егу;

  • оттегімен емдеу;

  • қысқа әсерлі теофилиндерді беру мәселесін (егер науқас әсері ұзақ теофилиндерді қабылдамайтын болса) шешу;

  • науқас өміріне қауіп төнгенде - ЖӨЖ (жасанды өкпені желдету).

Тыныс тұншықпасының ауыр ұстамасының сипаттамасы: (науқас адам күйінің мониторингісі 15-30 мин сайын іске асырылады).

  • дене қызметі анағұрлым шектелген, ортопноэ қалпы;

  • ауру адам күшті қозған күйде, оны үрей билеген;

  • ауыр экспираторлық ентігу;

  • алыстан естілетін ысқырықты тыныс;

  • ауыр тахикардия,жиі пародоксальды пульс болады;

  • СТЖЖ < 60%

  • РаО2 < с.б. 60 мм; РаСО2 > с.б. 40 мм.

Қолданылатын ем:

  • 2-агонистерді сағат сайын беру керек немесе небулайзер арқылы тұрақты түрде беру керек;

  • ГСК ішке қабылдау немесе вена ішіне егу;

  • науқасты дереу стационарға жатқызу керек.Алғашқы емнің нәтижесі жақсы болған жағдайда (ТСТ1 немесе СТЖЖ > 70%, тыныс алуда ауытқу жоқ, 2-агонистердің әсері 4 сағат бойы сақталады):

а) 2-агонистерді әсері 4 сағат сайын 24-48 сағат бойы қабылдау;

б) стероидтарды ішке қабылдауды жалғастыру керек. Ауру адамды динамикалық бақылауды ұйымдастыру қажет. Емге жауап толық болмаған жағдайда (ТСТ1 немесе СТЖЖ 50-70%, ұстама белгілері сақталған), ауру адам төмендегідей дәрілерді қабылдауды жалғастырады:

  • ішке қабылдайтын кортикостероидтарды (тәулігіне преднизолонның 30-60 мг);

  • 2-агонистерді.

1 сағат ішінде дәрілердің әсері нашар болса (ауру адамның күйі өміріне қауіп туғызатын күй деп есептелінеді; аурудың ауыр клиникалық симптомдары; СТЖЖ тиісті мөлшердің 50-30%; РО2 < с.б. 60мм; РСО2 > с.б. 45 мм), науқас адамды қарқынды ем бөлімшесіне жатқызып, төмендегідей ем жасау керек:

  • ингаляциялық 2-агонистерді (5мг дейін) оттегімен бірге небулайзер арқылы беру;

  • ингаляциялық холинолитиктер (ипратропиум 0,5-1 мл небулайзер арқылы) беру;

  • преднизолонның 30-60 мг тәулігіне ішке қабылдау немесе преднизолонның (гидрокортизон, метилпреднизолон) 200 мг 6 сағат сайын вена ішіне егу;

  • оттегімен емдеу;

  • қысқа әсерлі теофилиндерді беру мәселесін (егер науқас әсері ұзартылған теофилин-дерді қабылдамайтын болса) шешу керек;

  • өмірге қауіп төнген жағдайда - өкпені жасанды желдендіруді қолдану.

Тұншықпа ұстамасын тоқтатып, науқас адамның күйін тұрақты жағдайға келтіргеннен кейін тыныс тұншықпасының жоспарлы еміне көшеді. Ем тыныс тұншықпасының даму барысының ауырлық дәрежесін (сатыларын) ескере отырып жүргізіледі және бұл ем ТТ-ң базистік емі деп аталады (3-ші кесте). Сатылы емдеу тәсілі қолданылады, ондай емнің мақсаты - тұншықпаны ең аз дәрі қолданып бақылау. Бұл емнің мәні - егер науқас адамның жағдайы нашарласа, онда беретін дәрінің саны мен дәріні беру жиілігі көбейеді (бір саты жоғары), егер науқас адамның жағдайы жақсарып, тұншықпаны жақсы бақылауға болатын болса, онда беретін дәрінің саны және дәріні қабылдау жиілігі азаяды (бір саты төмен). Сатылы ем тәсілінде қандай сатыда болмасын керегіне қарай ұстаманы тоқтату үшін немесе науқас адамның жағдайын жақсарту үшін базисті емге коса қысқа әсерлі 2-агонистер қолда-нылады, бірақ оларды қабылдау күнге 3-4 реттен жиі болмауы керек.

3-кесте

Аурудың ауырлық дәрежесіне қарай қолдану үшін ұсынылған базистік ем

Ауырлық дәрежесі

Базистік ем

Басқа варианттар

1-саты, кезекпелі ТТ

Ем қажет емес

___

2-саты, жеңіл тұрақты ТТ

Ингаляциялық глюкокортико-идтар (беклометазон дипро-пионат ≤ 500 мкг немесе оның эквиваленті)

Баяу бөлінетін теофиллин немесе кромондар немесе лейкотриен антагонистері

3-саты, орташа ауыртпалық-ты тұрақты ТТ

Ингаляциялық глюкокортико-идтар (беклометазон дипро-пионат 200-1000 мг немесе эквиваленті) + ұзақ әсерлі ингаляциялық 2-агонистер

Ингаляциялық глюкокортикоидтар (бекло-метазон дипропионат 500 - 1000 мг немесе эквиваленті)+баяу бөлінетін теофиллиндер

немесе

Ингаляциялық глюкокортикоидтар (бекло-метазон дипропионат 500 –1000 мг немесе эквиваленті) + ішке қабылданатын ұзақ әсерлі 2-агонистер

немесе

Ингаляциялық глюкокортикоидтар (бекло-метазон дипропионат >1000 мг немесе эквиваленті)

немесе

Ингаляциялық глюкокортикоидтар (бекло-метазон дипропионат 500 -1000 мг немесе эквиваленті) + лейкотриен антагонистері

4-саты, ауыр, тұрақты ТТ

Ингаляциялық глюкокортико-идтар беклометазон дипропио-наттың (> 1000 мкг немесе эквиваленті) + ұзақ әсерлі 2-агонистер + керегіне қарай төмендегі препараттардың біреуі немесе бірнешесі

- баяу бөлінетін теофиллин-дер;

- лейкотриендер антагонис-тері;

- ішке қабылданатын ұзақ әсерлі 2-агонистер

- ішке қабылданатын глюко-кортикоидтар

Емнің әр сатысында: егер ТТ-ң бақылауға қол жеткен болса және оны кем дегенде 3 ай бойы сақтауға мүмкіндік болса, онда сүйемел емнің көлемін сатылап азайтуға тырысады. Егер тұншықпаны бақылаудан шығармауға қол жетпеген болса, онда емнің көлемін көбейтеді.

Базистік еммен қатар этиотропты ем (жоғарыда келтірілгендей), қосымша патогенетика-лық ем жүргізіледі.

ТТ-ның клиникалы-патогенетикалық варианттарын ескере отырып, базистік емді басқа дәрілік және дәрілік емес емдеу тәсілдерімен толықтырады.

ТТ-ның атопиялық вариантында себеп аллергендерді қолданып, спецификалық иммунндық ем жасау, элиминациялық ем, диетамен емдеу, баротерапия, инемен емдеу әдістерін қолдану ұсынылады.

Инфекцияға тәуелді ТТ-да инфекция ошақтарын емдеу, муколитикалық ем, баротерапия, инемен емдеу қолданылады.

Аутоиммунндық ТТ-ында глюкокортикостероидтармен қатар цитостатикалық препараттар қолданылады.

Аспириндік ТТ-ын емдеу үшін антилейкотриендік дәрілерді қолдануға болады.

Гормонға тәуелді ТТ-ын емдеуде глюкокортикоидтармен емдеудің жекеленген схемасы қолданылады және кортикостероидтық емнің асқынуларын бақылауды іске асыру керек.

Дизовариальдық өзгерістерде синтетикалық прогестиндер (гинекологпен кеңескеннен кейін) қолданылады.

ТТ-ң нервті-психикалық вариантында психотерапиялық емдеу әдістері қолданылады.

Адренергиялық дисбаланста емнің ең тиімдісі кортикостероидтарды қолдану.

Аурудың холинергиялық вариантында холинолитикалық препарат атровент немесе құрама препарат беродуал қолданылады.

Этиотроптық және патогенетикалық емдермен қатар симптоматикалық емдер қолданылады.

Антибактериялық емге нашар көнетін тыныс мүшелерінің инфекциялық ауруларымен ауыратын адамдарға иммунокорректорлар (тималин, рибомунил т.б) береді.

ТТ-ң атопиялық және аутоиммундық варианттарында емдеудің экстрокорпоральдық тәсілдерін (плазмаферез, гемосорбция) қолдануға болады.

Қоймайтын жөтелде қақырық жүргізетін және жөтелді тоқтататын дәрілер қолданылады.

ТТ-ын ремиссия фазасында емдеу. ТТ-ң саябыр кезінде қолданылатын емдеу шараларына жататындар:

- аурудың барлық белгілі немесе мүмкін деген болжам себептерін жою;

- спецификалық (белгілі аллерген болғанда) және бейспецификалық (гистоглобилинмен емдеу) гипосенсибилизация жасау;

- бронхолитикалық препараттар, бұрын анықталған дозада қолдану;

- интал (немесе кетотифен) және аэрозольдік кортикостероидтар көмегімен іске асырылатын сүйемел ем;

- инемен рефлекторлы емдеу;

- ЕДТ тұрақты шұғылдану және басқа физиотерапиялық емдер;

- жалпы әлдендіру емі: витаминдер, микроэлементтер.

ТТ-н емдеу бағдарламасының көлемінде науқас адамды үйрету - басты мәселенің бірі. Оның мақсаты - науқас адамды тыныс тұншықпасымен өмір сүруге үйрету. Пациенттер “астма-мектептен” өтулері керек. Мұндай мектепте науқас адамға элиминациялық емнің ережелерін, ингаляция жасаудың тәсілдерін, жеке пикфлоуметрия жасауды және өзінің денсаулығын бақылай білуді үйретеді. Науқас адам мен дәрігер арасында серіктестік қарым-қатынас қалыптасуы керек.

Тұншықпа күйді (астматикалық статусты ) емдеу.

Тұншықпа күйдің анафилаксиялық вариантының басты емі - дереу вена ішіне болюсті түрде преднизалонның 120-150 мг және 5% эфедрин ерітіндісінің 0,5-1мл (немесе 0,1% адреналин ерітіндісінің 0,2-0,5 мл) егу. Емнің жалғасы еккен дәрілерден болған нәтижеге байланысты болады: препараттың бірінші дозасының әсері әлсіз болса, препаратты қайталап егеді. Жалпы тыныс тұншықпасының бұл вариантын емдеу анафилаксиялық шокты емдеумен бірдей.

Тұншықпа күйдің метаболизмдік вариантын емдеудің басты принциптері - 2-симпатомиметиктерді беруді тоқтату, күшті бронходилатациялық ем қолдану, глюкокортикостероидтарды егуді дереу бастау, газ алмасудың екінші ретті бұзылыстарын, қышқыл-негізгі күйін, гемодинамиканы түзеу.

Метаболизмдік ацидоздың І сатысында вена ішіне инфузиялық түрде жіберіледі:

1. ГКС-гидрокортизонды 1мг/(кг.сағат) дозасында немесе гидрокортизон дозасына келтірілген басқа препараттарды;

2. Метилксантиндерді - эуфиллин, қан плазмасындағы концентрациясы 10-20 мл/л бола-тын дозада (10 таблетка немесе тәулігіне эуфиллиннің 6 ампуласы);

3. Калий препараттары- калий хлоридінің 0,5% ерітіндісінің 100-200 мл/тәулігіне;

4. Магний препараттары – магний сульфатының 25% ертіндісінің 10-30 мл/тәулігіне.

Калий хлориді және магний сульфаты ерітінділерінің орнына 20-30 мл/тәулігіне панангинді қолдануға болады.

Тұншықпа күйдің ІІ сатысында І сатыда қолданылатын емге қосымша қолданылады:

1. Оттегімен емдеу. РО2 с.б. 80 мм деңгейінде ұстауға тырысу.

2. Айналымдағы қан плазмасының тиісті көлемін реополиглюкин, натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісінің және басқа ерітінділердің (гиперкапнияны күшейтетін глюкозадан басқа) көмегімен қалпына келтіру. Гемодинамика көрсеткіштерін еске ала отырып, тәулігіне 2-3 л сұйықтық құйылады.

3. Ацидозды бейтараптау мақсатында натрий гидрокарбонатының ерітіндісін венаға егу.

4. Тамыр іші себінді қан ұю синдромының алдын алу мақсатында қанның ұю уақытын бақылай отырып, вена ішіне гепарин жіберу, 500-10000 ӘБ 2-4 р/тәулігіне.

5. Тамаққа аллергия болғанда энтеральдық сенсибилизацияны азайту үшін тұзды сүргі дәрілерін (іш жүргізетін) және энтеросорбенттерді береді.

Тұншықпа күйдің ІІІ сатысында жоғарыда келтірілген емдерді жалғастыра отырып, реанимациялық шараларға көшеді: вена ішіне егетін дәрімен наркоз жасап, өкпені жасанды желдендіруді бастайды.

Өкпені жасанды желдендіру (ӨЖЖ) көрсетпелері:

Абсолюттік көрсетпелер: сананың бұзылуы, жүректің тоқтауы, өмірге қауіп төндіретін аритмиялар.

Шартты көрсетпелер: үдемелі ацидоз (рН < 7,2) үдемелі гиперкапния, рефрактерлік гипоксемия, тыныс алудың тежелуі, науқастың қозу күйі, тыныс бұлшық еттерінің шаршауы.

ӨЖЖ тиімді болмаса, санациялық бронхоскопия жасап, бронх тарамдарын натрий хлоридінің 0,9% ерітіндісімен жуады.

Болжамы. Аурудың болжамы оның диагнозын мезгілінде қоюмен, науқас адамның өз күйін өзі бақылай алатын қабілетімен, түрткі факторларды аластаумен, медициналық көмекті мезгілінде көрсетумен байланысты. ТТ-ың үлесіне жалпы өлім-жетімнің 0,2% тиеді. ТТ-мен ауыратындар басқа аурулардан өледі.

Еңбекке қабілеттілік сараптамасы. Іріңді обструктивті бронхитпен қоса кездесетін ТТ-ң ауыр дәрежесінде уақытында еңбекке қабілетсіздіктің орташа мерзімі 34-48 күн, орташа ауырлықты ТТ-да - 24-28 күн, аурудың жеңіл дамуында -12-18 күн.

Еңбекке қабілеттіліктің қалпына келу критерийлері: ұстаманың сиреуі немесе тоқтауы, дәрілік ремиссияға қол жеткізу, тыныс тұншықпасының даму барысының тұрақтануы, ТТ-ң бронхитпен қоса кездесетін жағдайларда бронхтардағы белсенді қабыну процесінің жойылуы.

МӘСК жолдама беру көрсетпелері: тыныс жетіспеушілігінің ІІ немесе одан да жоғары дәрежесі бар гормонға тәуелді ТТ-ң ауыр дәрежесі, декомпенсациялы өкпе-текті жүрек.

Санаторлық-курорттық ем. Аурудың қайталауы жоқ кезде науқас адамдар Қырымның Оңтүстік жағалауында орналасқан климаттық курорттарға, Кисловдскіге т.б. климаттық курорттарға жіберіледі. Жергілікті санаторий-прафилакторийлерде, пульмонологиялық санаторийларда емдеуге болады. ТТ-ң орташа және жеңіл түрімен ауыратындар тұзды шахталарда емделеді.

Диспансерлеу. ТТ-мен ауыратын адамдар пульмонологта диспансерлік есепте болуы керек, оларды жүйелі түрде аллерголог қарап тұру керек. Қарау жиілігі – жылына 4 рет. Керек тексерулер жасалып, керегіне қарай ем қолданылады.

Алдын алу (профилактикасы). Бірінші ретті профилактика сұрақтарын отбасын құру жоспарланған кезде шешу керек. ТТ-мен ауыратын адамдар отбасын құрмаулары керек. Екінші ретті профилактика жедел респираторлық аурулардың алдын алу және оларды мезгілінде емдеу, қоршаған ортаны ластаумен күрес, аллергендерді және басқа себеп факторларды аластау түрінде іске асырылады.