Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Книга Терапия казак.doc
Скачиваний:
4434
Добавлен:
24.03.2016
Размер:
6.68 Mб
Скачать

Нр байланысты созылмалы гастритті емдеу. Емнің мақсаты – асқазан мен он екі елі ішек кілегей қабығындағы нр жою.

Бастапқы ем курсі (бірінші қатар емі) ретінде протон сорғысының ингибиторынан (лансопразол, омепразол, пантопразол, рабепрозол), немесе Н2-рецепторының блокаторларынан (зантак, ранитидин висмут цитрат) және екі антимикробтық дәріден тұратын үш компонентті ем схемасы ұсынылады. Емнің курсі 7 күннен аз болмауы керек.

Үлгі схемалар: 1. Омепразол ішке 20 мг 2 рет тәулігіне + кларитромицин 500 мг 2 рет/тәул. ішке + амоксициллин ішке 1000 мг 2 рет/тәулігіне.

2. Ранитидин висмут цитрат ішке 400 мг 2 рет/тәул. + кларитромицин ішке 500 мг 2 рет/тәул. + тинидазол 500 мг 2 рет/тәулігіне.

Альтернативті схема ретінде құрамына висмут препараттары кіретін үш компонентті ем ұсынылады: 1. Коллоидты висмут субтитраты ішке, 240 мл 2 рет/тәулігіне + кларитромицин ішке 250 мг 2 рет/тәулігіне + фуразолидон ішке 200 мг 2 рет/тәулігіне.

2. Пилорид (ранитидин + висмут цитрат) 400 мг 2 рет тәулігіне + кларитромицин ішке 500 мг 2 рет/тәулігіне.

Нәтиже болмаған жағдайда емнің төрт компонентті схемасы (екінші қатардың емі) қолданылады, ол протон сорғысының ингибиторынан, висмут тұзының препаратынан және екі антимикробтық дәріден тұрады, ем курсі – кем дегенде 7 күн.

Үлгі схемалар: 1. Омепразол ішке 20 мг 2 рет/тәулігіне + коллоидты висмут субтитраты ішке 120 мг 4 рет/тәулігіне + метронидазол ішке 500 мг 3 рет/тәулігіне + тетрациклин ішке 500 мг 4 рет/тәулігіне.

2. Пилорид 400 мг 2 рет күнге + кларитромицин 250 мг 2 рет күнге + метронидазол 400 мг 2 рет күнге; ем курсі – 7 күн.

3. Пилорид 400 мг 2 рет күнге, тетрациклин 1,0 2 рет күнге + метронидазол 400 мг 2 рет күнге – 7 күн. Эрадикациялық ем схемасын қолданғанда жағымсыз әсерлер болуы мүмкін: жүрек айну (метронидазол), аллергиялық бөртпе (амоксициллин), дәмнің бұзылуы (макролидтер), вагинит (тетрациклин). Антибиотиктер орташа дәрежелі диарея және псевдомембранозды колит тудыруы мүмкін.

Әр уақытта көңілден шығатын эрадикация схемасы болмайды. Жиі микробтардың метронидазол мен антибиотиктерге төзімділігі қалыптасады. Қолданған схема тиімсіз болған жағдайда емнің курсін қайталап тағайындау керек. Қайталап емдеуде қолданылатын ережелер: эрадикация бермеген схеманы қайталамау керек; резистенттілікте қолданылатын антибиотиктердің барлық спектіріне микроб штаммының сезімталдығын анықтау керек; эрадикациядан кейін бір жыл ішінде НР қайталап табылуын инфекцияның рецидиві деп қарап, тиімділеу ем схемасын қолдану керек.

Ауырсыну синдромы бар, асқазанның секреторлық функциясы сақталған немесе күшейген созылмалы гастритпен ауыратын адамдарға шеткі әсерлі холинолитиктер беріледі: атропин сульфаты (0,1% ертіндінің 0,5-1 мл күнге 2-3 рет тері астына егу және 6-8 тамшысын тамақ алдында 3-4 рет немесе ұйқы алдында ішке қабылдау), метацин (0,1% ертіндінің 0,5-1 мл парентеральді және 0,02-0,04 г ішке тамақ алдында және түнге қарай), платифиллиннің гидраттары (0,2% ертіндінің 1-2 мл парентеральді және 0,0025-0,005 ішке). Гастроцепиннің 0,05 мг 2 рет тамаққа дейін беру тиімдірек.

Іштің ауыруы асқазан моторикасының күшеюімен байланысты болса, спазмолитиктер қолданылады: но-шпа, папаверин, галидор. Асқазанның қозғалыс функциясы әлсірегенде (дуоденогастральды және гастроэзофагеальді рефлюкс) метоклопрамид (церукал) беру керек (0,01-0,02 ішке күнге 2-3 рет тамаққа дейін, немесе 2 мл 2-3 рет бұлшық етке егу).

Ең жиі кездесетін диспепсиялық симптомдар: эпигастрий маңында салмақ сезіну немесе дискомфорттың болуы, тамаққа тез тойып қалу. Жиі оларға қоса қыжыл, кекіру, іштің кебуі мен ақтарылып – төгілу сезімі.

Мұндай жағдайларда антацидтер, адсорбенттер және бүркеме дәрілер қолданған жөн. Ең күшті бейтараптау қасиеті бар дәрілерге құрамында магний тотығы және (немесе) алюминийдің гидрототығы бар дәрілер жатады: маалокстың (алюминий гидрототығы және магний гидрототығы) антацидтік, бүркеме және абсорбциялау әсері бар. Маалоксты 1-2 таблеткадан немесе 15 мл суспензия түрінде (1 пакет) тамақ қабылдағаннан 1,5 сағат өткенде немесе дискомфорт болған кезде ішке қабылдайды. Таблеткаларды шайнап, толық сіңіп кеткенше ауызда ұстап тұру керек.

Фосфалюгельдің (құрамында алюминий фосфаты, пепсиннің гелі және агар-агар бар коллоидты гель) бүркеме, антацидтік және цитопротекторлық қасиеттері бар. Фосфалюгельдің 16 мл суспензиясын (1 пакет) тамақтан 1,5 сағат кейін немесе дискомфорт пайда болған кезде ішке қабылдайды.

Гасталдың (0,45 г алюминий гидрототығы – магний карбонатының гелі мен 0,3 магний гидрототығы) антацидтік және бүркеме қасиеті бар. 1-2 таблетканы немесе 16 мл суспензияны тамақ қабылдағаннан 1,5 сағат кейін ішке, дискомфорт болған кезде ұйқы алдында ішке қабылдайды.

Гастрин – гельдің (гель: алюминий фосфаты, пепсин, қоспалар) антацидтік, бүркеме және цитопротекторлық әсері бар. 16 г тамақтан 1,5 сағат кейін, ұйқы алдында және дискомфорт болғанда ішке қабылдайды.

Акталдың (таблетка: садиумның алекситолы) антацидтік және бүркеме қасиеттері бар. 2 таблеткадан тамақтан 1,5 сағат кейін және ұйқы алдында ішке қабылдайды. Тәулік ішінде 16 таблеткадан артық қабылдауға болмайды.

Протабтың (таблетка: алюминийдің гидрототығының 300 мг, магнийдің гидрототығының 90 мг және метилполиксиланның 20 мг) буферлік қасиеті бар және метеоризмді азайтады. 1-2 таблеткадан тәулігіне 4-6 рет беріледі (шайнау керек).

Құрамында алюминий бар антацидтер өт қышқылдарын байлайды, сондықтан олар дуоденогастральді рефлюксте тиімдірек болады. Іш қатуын тудырады. Басқа препараттардың сіңуіне кедергі болады.

Құрамында магнезия бар антацидтер диарея тудырады.

Өте күшті жүрек айнып, құсу болғанда, олардың себебі мен патогенезіне қарамастан төмендегідей дәрілер тағайындалады:

1. Метоклопрамид (реглан, церукал) төменгі өңеш сфинктерінің тонусын көтереді, асқазан мен он екі елі ішектің эвакуациясын күшейтеді. 5-10 мл күнге 3 рет тамақтан кейін ішке қабылдайды, ауыр жағдайларда 2 мл (10 мл) күнге 1-3 рет бұлшық етке немесе венаға егіледі.

2. Домперидонды (мотилиум және басқа синонимдер) 10 мг күнге 3-4 рет тамақ алдында 15-30 минут бұрын ішке қабылдайды немесе 30 мг балауыз түрінде қолданылады.

3. Цизаприд (координакс) 5-10 мг күнге 3-4 рет ішке қабылданады немесе 30 мг балауыз түрінде қолданылады.

4. Сульпирид (эглонил, догматил және басқа синонимдер) 160 мг бұлшық етке (5% ертіндінің 2 мл) күнге 2 рет егіледі немесе 50 мг күнге 4 рет ішке қабылданады.

5. Химиотерапия әсерінен пайда болатын тұрақты жүрек айну мен құсуда қолданыла-тын таңдама дәрі зофран, оны 8 мг күнге 2 рет ішке қабылдайды немесе химиотерапия алдында профилактикалық мақсатта 8 мг венаға егеді.

Аутоиммундық созылмалы гастритті емдеу

Орнын басатын ем дәрілері қолданылады:

1. Табиғи асқазан сөлінің 1-2 асхана қасығын тамақтану кезінде қабылдау.

2. Ацидин – пепсин немесе бетацид 1 таблеткадан күнге 3 рет.

3. Құрамында протеолиз ферменттері бар дәрілер: пепсидил (1-2 асхана қасығын күнге 3 рет), абомин (1 таблеткадан күнге 3 рет тағам қабылдаған кезде).

Сіңіру жеткіліксіз болған жағдайда орнын толтыру емі ретінде полиферментті препараттар қолданылады: панкреатин, фестал, дигестал, панзинорм, панкурмен, мезим-форте және басқалары; 1-2 дражеден күнге 3 рет тағам қабылдаған кезде.

Ас тұзы қышқылының секрециясын күшейту үшін жолжелкен шырыны (15 мл күнге 2-3 рет тағам қабылдаудан 30 минут бұрын), плантаглюцид (0,5-1 г күнге 2-3 рет тамақ алдында), әр түрлі ашқылтым дәмділер (ащы жусан тұрындысы, үпілдек түбірінің тұрын-дысы т.б.). Метеоризмде ромазулан (түймедақ гүлінен алынған дәрі) жақсы көмектеседі.

Витамин В12 жетіспеушілігінде (қан сарысуындағы деңгейі 150 г/л) оксикобаламиннің 0,1% ертіндісінің 1 мл бұлшық етке күнге 1 рет 6 күн бойы, кейін аптасына 1 рет ай бойы, одан кейін 2 айда 1 рет өмірбақи қолданылады. 3-6 айдан кейін кейбір ауру адамдарда темір жетіспеушілігі байқалады. Ондай жағдайда темір дәрісінің қысқа курс емі қолданылады.

Рефлюкс-гастритті (С гастритті) емдеу. Жеке таңдап тағайындалған диета, тағамды жиі, бөліп қабылдаудың шешуші маңызы болады. Демпинг – синдромының белгілерін әлсірету үшін тағамды жатқан күйде қабылдау жөнді. Гистаминнің Н2-рецепторларының блокаторларын (церукал, эглонил), серотонин антагонистерін (резерпин немесе исмелин, АҚҚ бақылап отыру керек) аз дозада береді. Көмекші ем ретінде полиферменттік препараттар, витаминдер, седативтік дәрілер беріледі.

Қайталамалы қан кетумен асқынған эрозивті гастритте гистаминнің Н2-блокаторлары тағайындалады: зантактың 100 мг 1 рет венаға егеді және 150 мг тәулігіне 2 рет ішке қабылдайды немесе квамателдің 4 мг венаға егеді және 20 мг тәулігіне 2 рет ішке қабылдайды және сукральфат (антепсин, вентер) 1 рет ішке қабылданады (алғашқы дозасы 6 г). Қан кету жалғасқан жағдайда қосымша препараттың 4 г тағы қабылдайды, тәуліктік дозаны 15 г дейін жеткізу мүмкін.

Дәрімен емдеуден нәтиже болмаған жағдайда эрозияны электрокоагуляция жасайды немесе селективті проксимальді ваготомия жасалады.

Гипертрофиялық гастритте (Менетрие ауруында) ішке гастроцепиннің 25 мг (4 рет), немесе пробантиннің 15 мг (4 рет), немесе метациннің 2 мг (4 рет тәулігіне) аурудың белгілері жойылғанға дейін береді. Н2-блокаторларды, вентерді қолдану мүмкін.

Еңбекке қабілеттіліктің қалпына келу критерийлері: аурудың өршуінің клиникалық және эндоскопиялық белгілерінің жойылуы.

Еңбекке қабілетсіздіктің орташа мерзімдері. А типті гастриттің қайталауында және В типті гастриттің жайылмалы түрінің қайталауында – 10-16 күн, антрум – гастриттің қайталауында – 14-22 күн.

Санаторийлық – курортты ем созылмалы гастриттің қайталауы жоқ кезде іске асырылады. Арзни, Боржоми, Джермук, Дорокаво, Ессентуки, Железноводск, Миргород, Пятигорск, Трускавец курорттарында емделуге болады.

Прогнозы. Созылмалы гастриттің болжамы жалпы жағымды болып келеді. Жайылмалы гастритте асқазаннан қан кету қаупі болады, секреторлық функция төмендеген созылмалы гастрит асқазан рагі дамуы үшін қауіпті фактор болып есептеледі.

Профилактикасы. Созылмалы гастритпен ауыратын науқас адам диспенсерлік бақылауда болуы керек, ол жылына 2 рет қаралып, рецидивке қарсы ем алады.