Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

стихи

.docx
Скачиваний:
3
Добавлен:
21.05.2016
Размер:
19.03 Кб
Скачать

Орал Қасым Аманжолов

Оралым, шықтың алдымнан,

Оралым менің, Оралым!

Қол созып қызыл вагоннан,

Үстіңнен өтіп барамын.

Оралым, сенің қойнында

Ойнақтап өткен жылдарым.

Жарқылдап Жайық бойында

Достармен сайран құрғамын.

Шағанның бойы көк шалғын,

Шалқамнан жатқам шаңқай түс.

Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс.

Өмірдің алтын кесесін

Тосқанмын айдың нұрына.

Кезгенмін Совет көшесін,

Кеудемді ашып құрбыма.

Сонау бір шетте сонау үй

Кетер ме, сірә, көңілден?

Алушы ед тартып мені ылғи

Махаббат, жастық лебімен.

Терезе алды - жас терек,

Тұр екен кімдер сүйеніп?

Жүр екен кімдер еркіндеп,

Жүрегін ұстап үйге еніп?..

Сағындым сені, Оралым,

Күндер жоқ бейбіт бұрынғы.

Келгенше қайтып оралып,

Алып қал осы жырымды.

Сіркіреп жаңбыр жауғанда

Байқарсың өзің анықтап.

Жаным бір жүзер ауаңда,

Ауанда сенің қалықтап.

Қош болшы енді, Оралым,

Күле бер шалқып, сайранда!

Айтпақшы, қайда бораның?

Кетейін алып майданға!

Туған жер магжан жумабаев

Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,

Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.

Жастық - алтын, қайтып келмес күнімде

Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер.

Жаратылдым топырағыңнан, сен - түбім.

Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім.

Сенен басқа жерде маған қараңғы,

Жарық болар Шолпан, Айым, сен - Күнім.

Тәтті суың дәмі аузымнан еш кетпес,

Қалың нуың, қыр, суыңа жер жетпес.

Кең далаңда ойын ойнап қалсамшы,

Жазу болып адамзатқа ер жетпес!..

Балақ түріп, қозы қуып, жарысып,

Батпағында тең құрбымен алысып.

Түнде - ақсүйек, алтыбақан, ал күндіз

Үйретем деп асау тайға жабысып.

«Адам басы - Алла добы» деген рас,

Қалай қуса, солай кетпек сорлы бас.

Кім біледі, мен де шетке кетермін,

Туған жерім, сені тастап басым жас

Хал-ахуал машхур жусуп

Жігіттер, жақсы қайда өнер шашқан, Жүдеген ғаріптердің көңілін ашқан, Анау озық, мен кейін қалам ба деп, Көз салып бірін бірі шамаласқан? Сүрініп ат аяғы кетер болса, Дұшпан түгіл, досың да табаласқан. Бұл жұртта сұмырай нәрсе толып жатыр, Өтірік, ұрлық, өсек араласқан. Өңшең сәурік, теке мен бұқашықтар Бір-бірін сүзіп, жаншып, жараласқан. Жақсыны өзі болған көре алмаған, Өрт қойып жан-жағынан қамаласқан. Ақылшы шықты бізге үй басынан, Данышпан ойы зерек, жұрттан асқан. Биге-пара, байларға-өсім болды, Бой тартқан, арамдықтан бар ма қашқан? «Сен кімнен қорқасың!» деп жел береді, Кісі жоқ «қой» дейтұғын, жұртты басқан.

Мен – қазақпын жубан молдагалиев

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.

Жөргегімде таныстым мұң тілімен

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,

Құрсағыма сыйдырам даланы мен.

Пәк сәбимін бесікте уілдеген,

Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.

Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын.

Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.

Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,

Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.

Мен – қара көз сұлумын, сайтан қызбын

Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым.

Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,

Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.

Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым.

Бәлки қайсақ, бәлки бір ғұннан тудым.

Деп шатыпты біреулер «күннен тудым».

Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.

Руым көп солардың аттарындай,

Мінезім бар таулардың қатпарындай.

Ән-жырым бар бабалар хаттарындай,

Әжімім бар бейнеттің таптарындай.

Құстар қайтып барады

Туманбай молдагалиев

Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,

Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.

Зымырайды менің бала кезімдей,

Бір жалт етіп өте шыққан сезімдей.

Құстар, құстар сызылтып ән салады,

Сол әнімен тербетеді даланы.

Ал, адамдар күліп бастап өмірін,

Кетерінде жылай да алмай қалады.

Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,

Тамаша әнмен келіп еді көктемде.

Өскен жерге сыймай кетіп барады,

Өскен жерін қимай кетіп барады.

Көп кешікпей көктем де келер енді,

Көгеретін тіршілік көгереді.

Қу бұтағы арса-арса кәрі еменге,

Келер көктем, білмеймін, не береді?

Көп кешікпей көктем де келер енді,

Көгереді ауылдың төңірегі.

Ерте кеткен досымның қабірі тұр,

Келер көктем, білмеймін, не береді?

Көп кешікпей көктем де келер енді,

Барлық нұрын көл-көсір төгер енді.

Сағынышын сарыққан, жапа-жалғыз,

Менің жесір жеңгеме не береді?

Көгереді ..

Барлығы көгереді:

Ой да, қыр да, даланың төбелері.

Әлі құрып баратқан ауру досқа,

Осы көктем, білмеймін, не береді?

Көп кешікпей көктем де келіп қалар,

Есінетіп, есіртіп, ерікті алар.

Азан-қазан аспанның қоңырауы,

Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар...

Мукагали макатаев

Туган жерге

Таныс өлке,

Таныс аймақ,

Таныс маң:

Анау жерде - құрбылармен алысқам,

Анау жерде - құрбы жанмен табысқам.

Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан,

Таулар әне, ұйықтап кеткен данышпан,

Жолдар анау, шұбатылып шаңы ұшқан,

Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.

Шабындықтар,

Егістіктер,

Тоғайлар.

Төбелердің төбесінде - көк айдар.

Ақ сағыммен араласып, аулаққа,

Сағым болып бара жатыр көп ойлар.

Бір тынбайды шегірткенің шырылы,

Жел қозғаған ақ шилердің сыбыры,

Бәрі таныс - кісінеген құлыны

Ін аузында шаңқылдаған суыры.

Айналайын!

Атамекен, Ақ мекен!

Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!

Туған өлке тәтті екен ғой,

Тәтті екен!