Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
На сортировку / 2 / Тарих / билет тарих / 1.Қазақстан тарихы / Тарих / жанарбектен / на каз / ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА.doc
Скачиваний:
352
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
2.42 Mб
Скачать

§ 29. Голощекин геноциді

Ауылды кеңестендірудің сипаты. Голощекин ауылды кеңестендіру жұмысы әлі де әлсіз, оны күшейту керек деп есептеді. Бұл істегі, яғни кеңестендірудегі кемшіліктерді қазақ байларына, рулық қатынастарға жапты. Оған жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып жүргізілетін шаралар ұнамады. Кеңестендіру ісінде де таптық тұрғыда қарау қажет дегенді желеу етіп, ауылдағы ауқаттыларға қарсы күресті күшейтуді ұсынды. Оның бұл солақай бағыты да қазақ басшылары мен зиялыларының қарсылығына кезікті. Оларды “оңшылдар”, “солшылдар” деп топтарға бөліп, қудалады. Ақыры Сталиннің тікелей қолдауымен 1927 ж. Қазақстандағы ауылдық кеңестерге жаңа сайлау өткізуді ұйымдастырды. Ол бойынша байлар деп есептелгендер сайлау құқынан айырылды. Ауылдарда кедейлер жиналыстары өткізілді. Сайлау науқанын жүргізу үшін аудандарға арнайы уәкілдер жіберілді. 1928 жылғы 1 қазанда Қазақстандағы барлық кеңестердің 2199-ы қазақ шаруаларының, 1209-ы орыс-украин шаруаларының кеңестері болды. Бірақ бұл жаңа сайланған кеңес органдары да өздерін жетекші күш ретінде көрсете алмады. Сондықтан да Голощекин жергілікті ұйымдар мен одақтарға, әсіресе “Қосшы” одағына көбірек арқа сүйеуді талап етті. Жергілікті кеңестердің белсенді органдарға айналуына жоғарыдан жіберілген уәкілдер де көптеген кедергілер келтірді. Олар жергілікті кеңестермен санаспай, басшылық жұмысты өз қолдарына алуға ұмтылды. Бұл кеңестердің беделін түсірді. Оның үстіне қазақ ауылдарындағы ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан рулық-туыстық жүйеге қарағанда көптеген мәселелерді шешуде кеңестер қауқарсыз еді. Мұнымен бірге, қазақтар, келімсек еуропалықтардың үкімет тарапынан өздеріне қарағанда біршама жеңілдіктер алуына әрқашан наразы болды. Мұның өзі қазақтар тарапынан үкіметке, оның жергілікті органы деп танылған кеңестерге сенімсіздікті қалыптастырды.

Ал селолық кеңестер жиналыстарында кулактар мен ауқатты шаруалар өз ұсыныстарын өткізуге тырысып отырды. Әсіресе орыс казактары сословиелік қалдықтар мен атамандық ықпалды сақтап қалды. Бұлар да кеңес жұмыстарының жандануына кедергі келтірді. Партиялық өктемдік пен тоталитарлық тәртіптің орнай бастауы вертикалды басқару жүйесін қажет етті. Сол себепті де кеңес ұйымдары демократиялық сипаттағы емес, әкімшіл-әміршіл басқарудың өзіндік сатысына айнала бастады.

Астық пен ет дайындау және ұжымдастыру. 1920 жылдардың соңында Қазақстанда күштеп астық пен ет жинау кең етек алды. Ол, әсіресе, Сталиннің 1928 ж. қаңтардағы Сібірге сапарының барысында Новосибирск мен Омбыда сөйлеген сөздерінде РСФСР қылмыстық кодексінің 107-бабын жаппай қолдануды талап етуінен кейін қатыгездік сипат алды. Ол бапта тауарларды сатып алу, жасыру немесе базарға шығармай қою жолдарымен бағасын қатты көтергені үшін қатал жазалау қарастырылған еді. 1929 ж. 13 ақпанда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алқасы мәжілісінде Голощекин астық дайындау мәселесінде жеке шешім қабылдауы үшін ерекше құқық беретін қаулы шығартты. Сол себепті бұл науқанның да өткізілу барысындағы кемшіліктер мен зардаптарына Голощекин тікелей жауап беруі тиіс. Астық пен ет дайындау күштеу, жазалау, қорқыту-үркіту тәсілдері арқылы жүргізілді. Әпербақан Голощекин елдің экономикалық-әлеуметтік, табиғи-географиялық даму ерекшеліктерін білмеді. Оған көңіл аударғысы да келмеді. Сондықтан да тіпті жер шаруашылығымен айналыспайтын көшпелі қазақтардың өзінің астық өткізуін талап етті. Оны біз мына құжаттан айқын көреміз: “Таза көшпелі аудандар болып табылатын және сондықтан да астық салығынан 2 жыл мерзімге босатуға жататын Талас және Созақ аудандарында астық даярлаудың қандай оймен жүргізіліп жатқаны маған түсініксіз”. Бұл қарапайым адам емес, Өлкелік партия комитетінің уәкілі М.Орымбаевтың мұрағатта сақталған хаты. Жоғарыдан берілген жоспарлы тапсырыстар көлемі қолда бар мал басы санынан әлдеқайда асып түсіп жатты. Мысалы, Балқаш ауданында бар-жоғы 173 мың бас мал болса, өткізуі керек мал саны 300 мың болып белгіленді. Үш жылда ет өткізу жоспары 160 мың бастан — 1,5 миллионға, яғни 10 есеге дейін өсті. Мұндай асыра сілтеудің зардаптарын ең алдымен қазақтар тартты. Мәселен, 1933 ж. 10—16 шілдеде өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алтыншы пленумында келтірілген мына мәліметтер бұл тұжырымды нақтылай түседі. “Менің бауырымның, 12 жыл жалшы болған адамның бір ғана сиыры болды. Ешқашан, ешқандай егістікпен айналыспады. Соған қарамастан оған 1930 ж. 5 пұт астық салығы салынды. Бұл астықты төлеу үшін соңғы сиырын және үйдегі мүліктерін сатуға мәжбүр болды. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар өте көп болды”, — дейді пленумға қатысқан Нұрмұхамедов. Сөйтіп, жергілікті жерлерде егіншілікпен айналыспағандарға астық, малы жоқтарға ет салығын салу кең өріс алды. Оны орындамаған жергілікті басшылар да, шаруалар да жазаға тартылатын еді. Сол себепті ешкімнің ешкімді аямауы, әрқайсысы өз басын қорғау үшін, жауапкершіліктен бас тарта отырып, басқаларды құрбандыққа шалуға бейімделе бастады. Сталиндік-сібірлік тәсілді негізге алған Голощекин астық пен ет дайындау науқаны барысындағы қателіктерін кулактар мен байларға қарсы күрес желеуімен бүркемеледі. Азық-түлік дайындау науқаны шаруаларды шаруашылығы ғана емес, өз өмірлері үшін де қорқынышқа бөледі. Партия басшыларының қатыгез, әпербақан жазалаушы саясаты жергілікті жерлерге үрей тудыра жетті. Өйткені олардың арнайы және жергілікті өкілдері 107-баппен соттау, түрмеге қамау әрекеттерін кең жүргізді. Ал 1932—1933 жылдары азық-түлік даярлау барысындағы жазалау шараларын қатаңдатқан, негізінен ату жазасын белгілеген бірнеше құжат жарық көрді. Мәселен, 1932 жылғы 7 тамызда қабылданған “Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздар мен кооперацияның мүлкін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы” заңы жазалаушылық әрекеттерді одан әрі өршіте түсті. Ол заң бойынша ату, жеңілдету, мүмкін жағдайда мүлкін тәркілеп 10 жылға түрмеге отырғызу жазасы белгіленген еді. Осылайша қанқұйлы саясат ұстаған басшылар қарапайым халық күйзелісін шегіне жақындатты. Алдымен мал, одан соң адамдар жаппай қырылды. Торғай облысында 1931 ж. 100 мың бас малдан 1933 ж. бар-жоғы 4 мың ғана қалды.

Жаппай ұжымдастыру да жоғарыдан берілетін бұйрықтар мен нұсқаулар арқылы жүргізілді. 1929 ж. желтоқсанда Өлкелік партия комитеті екі аптаның ішінде күрделірек ұжымдық шаруашылықтарға көшу арқылы ұжымдастыру жұмыстарының жоспарын жасау туралы нұсқау берді. Ал 1930 ж. 5 қаңтардағы БК(б)П ОК-нің “Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмектесу шаралары туралы” қаулысында Қазақстанда жаппай ұжымдастыруды негізінен 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтау міндетін қойды. Осылайша тағы да жергілікті ерекшеліктерді ескерместен, жоғарыдан қысым жасау басталды. Шаш ал десе бас алуға дайын тұрған Голощекин ұжымдастыру ісін барынша тездетуге тырысты. Жаппай ұжымдастыру айлықтарын ұйымдастырды. 1932 ж. 1 қаңтарында отырықшы аудандардың көпшілігіндегі ұжымдастыру 60—80 пайызға дейін жеткізілді. Ал көшпелі қазақ ауылдарын ұжымдастыру қарқыны бұдан да тез жүргізілді. Ол көп жағдайда күштеу, қорқыту, жазықсыз жазалау әрекеттері арқылы іске асырылып отырды. Адамдарды қырудың өзі жоспарлы сипат алғаны, оларға тіпті мал есебінде қарағаны байқалып тұр. Бұл Голощекиндік озбырлық пен зорлықтың салдары еді. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 1218 мың шаруа қожалықтары болған еді. Ұжымдастыру аяқталған соң 1933 ж. ортасында оның жартысы ғана, дәлірек айтқанда 628 мыңы ғана қалды, 500-дей шаруашылыққа кеміді. Оның бір бөлігі байлар мен кулактар шаруашылығы ретінде жойылса, көпшілігі күйзеліп, құрыды.

Байлар мен кулактарды тап ретінде жою шараларын даярлау мәселелеріне байланысты Өлкелік партия комитеті жанынан жасырын үштік құрылды. Үштіктің 1930 ж. 23 қаңтарда өткен алғашқы жасырын мәжілісінде жаппай ұжымдастыру болатын аудандардан кулактар қожалықтарын жер аударуды екі бағытта жүргізу — Қазақстанның өзінің ішінде және Қазақстаннан тыс жерлерден қазақ жеріне басқаларды жер аудару көзделді. Жаппай ұжымдастыру аудандарынан шамамен 20 мың кулак отбасыларын қазақ жерінің өзінде, ал 30 мыңнан астам кулак отбасыларын Қазақстаннан тыс жерлерден әкеліп қоныстандыру, жер аудару көзделді. Жер аударылғандарды жұмысқа қалай пайдалануға болатынын шешу үшін ОГПУ-ға 2-ақ күн мерзім берілді. Осы жұмысты ұйымдастыру үшін округтерде де оперативтік үштіктер құрылды. Олардың құрамына округтік партия комитеттерінің хатшылары, округтік атқару комитеттерінің төрағалары, ОГПУ-дің бастықтары кірді. Оларға кулак отбасыларын есепке алуға 10-ақ күн мерзім берілді. Қысқасы, барлық жұмыстар жау өкшелеп қуып келе жатқандай шұғыл, асығыс және қатал жүзеге асырыла бастады. Партия, кеңес және ОГПУ органдары және олар арандатқан шолақ белсенділер өз халқына қарсы аяусыз соғыс жариялады. Тап ретінде жою деп жұмсартылып айтылып жүрген бұл шаруаларға қарсы соғыста әсіресе Өлкелік партия комитеті жанынан құрылған бай-кулактарды тап ретінде жою шараларын даярлаған, құрамына Құрамысов, Альшанский, Асылбеков кірген комиссия ерекше әскери белсенділік танытты. 1930 жылы ақпан айында байлар мен кулактардың қожалықтары жер аударылатын құла-дүз, барса-келмес тоғыз аудан белгіленді. Олар темір жолдардан, өнеркәсіп орындарынан, шекарадан әлдеқайда қашық, елсіз-сусыз шөл және шөлейт, бұрын халық тұрмаған аймақтар болатын. Алғаш бұл аудандарға шамамен 24 мың бай-кулак қожалықтары жер аударылатын болып белгіленді. Өкіметке қарсы ұйымдасып кетпеуі үшін жер аударылатындардың әрбір жаңа ауылы 50 үйден аспауы тиіс еді.

Адамдарды колхоздарға еріксіз күштеп кіргізу, жалған колхоздар құру жолына түскен жергілікті голощекиншіл, мылтығы шошайған, қолындағы қамшысынан бастап, астындағы жүрдек те жүйрік аттарына дейін елден тартып алынған нәрселермен қаруланған шолақ белсенділерді И.Сталиннің 1930 ж. 2 наурызда жарық көрген “Табыстан бас айналу” деген мақаласы және БК(б)П Орталық Комитетінің колхоз құрылысындағы партия жолын бұрмалаушылықтар мен асыра сілтеушіліктер туралы 14 наурызда жарық көрген қаулысы қатты үрейлендіріп, естерінен тандырды. Кейбір жерлерде бұл құжаттарды бұқараға көрсетпей тығып тастауға, олардан алып қоюға кіріссе, ал басқа жерлерде бұрын күштеп құрылған колхоздарды дереу, түгелдей қайта таратып жіберді. Өлкелік партия комитетіне, Голощекин атына өздерінің қанша колхозды таратып жібергенін мәлімдеп, мақтанып хат жазушылар да аз болған жоқ. Колхоздан шығып кетушілер кейбір аудандарда колхозшылардың 40 пайызын құрады.

1932—33 жылдардағы ашаршылық. Шабындық және егістік жерлерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.

Өлкелік партия комитетінің 1932 жылдың қыркүйегіндегі Торғай ауданындағы уәкілі Нышанбаев мұнда әр адам басына орта есеппен алғанда 56 килограмм ғана астық және бір ғана мал қалғанын, ал бұлар алты айдан кейін мүлде таусылып, қаңтардың соңына қарай, қыстың қақаған, сары аяз сақылдаған уақытында нағыз қиямет-қайым орнайтынын алдын ала ескертіп, дабыл қақты. Ол сонымен бірге кейбір ауылдардың қазірдің өзінде алапат аштыққа ұшырағанын, толық емес мәліметтер бойынша ауданда ең кемі 2042 адам аштық құрбаны болғанын, ал 8500 адам аштан өлейін деп жатқанын Құрамысовтың, Кахианидің, Исаев пен Құлымбетовтың аттарына жолдаған ресми мәлімдемесінде ашық айтты. Анадан туғандай тыржалаңаш, аш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендерін, басқасын былай қойғанда олардың даладағы атқұлақ пен саршұнақты дым қоймай жеп қойғанын жан түршігерліктей суреттеп жазды ол. Осындай қайғылы жағдайдың көрші Батпаққара ауданында да кеңінен орын алып отырғаны да айтылды.

Қазақ даласындағы ашаршылықтың жантүршігерлік көрінісін мұрағат қойнауындағы құжаттардан кездестіруге болады. Мұны Голощекин өзі жіберген жергілікті жерлердегі уәкілдері арқылы жақсы біліп, одан толық хабардар болып отырды. Міне, сондай жергілікті жағдайдан нақты да шынайы мәліметтер түсірген Ораз Жандосовтың Әулиеатаның Сарысу ауданындағы ашаршылық туралы жан түршіктірер мәлімдемесін сол қалпында келтірелік: “Ауылдарды аралаған кезімде мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім. Бұл жағынан, тірі қалған әйелдер мен жас балаларға ешкім көмек көрсетпейді. Таңданарлықтай болса да, әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғасы түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды және жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген терілер де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім. Олар қайдағы бір ескі жұрттағы, атылған иттердің терісін алу үшін қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. 5-ауылда тамақтанбаудан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді. Кейбір аңшы семьялары шошқа етін жеуде және шошқа етімен тамақтанушылар өздерінің “күнәларын” жасыруға тырысса да, мұның өзі халыққа ешқандай жағымсыз әсер ете қоймады”.

Әңгіме, әрине бұл жерде Ораз Жандосовтың аштықтың қасіретін айна-қатесіз, қаз-қалпында беруінде емес. Ашыққан Әулиеата қазақтарының ит пен шошқа, жылан мен тасбақа тұрмақ адам етін жегені туралы фактілер де баршылық. Аштық ас талғамайды. Әңгіме бұл жерде осындай мәліметтерді алып отырса да Голощекин креслосынан қозғалмай, ел арасына бармай, қамшысынан қан тамған сталиндік стилді орнықтырып, тап күресі ұранын тасалап, адам айтқысыз мейірімсіздік және тасжүректік танытуында.

Голощекиндік геноцид қазақстандықтарды, ең алдымен қазақ халқын аштыққа, босқындыққа ұшыратты. Соғыссыз-ақ қансырата қырып салды. Зарлаған ана, шырылдаған бала, түнеріп, өлексе сасыған дала Қазақстан тарихының қаралы да, қасіретті беттері болып қала береді.