Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Ақпараттық қоғам

.docx
Скачиваний:
17
Добавлен:
12.10.2017
Размер:
28.53 Кб
Скачать

Ақпараттық қоғам (Homo Informaticus) бүгінгі күннің басты сипаты. Оның негізін ақпарат пен білім, қашықтан қатысым құрайды, біртұтас белгісі «ғаламдық деревня» болып табылады. М. Маклюэн сипаттайтын күнделікті электрлік байланыс пен өзара ықпалдастық, кең ақпарат алмасу ортасы. Ғалымдар оның әр түрлі қырларын атап көрсетіп жатады: «технотронды қоғам» (3. Бжезинский), «постиндустриальды қоғам» (Д. Белл), «білім қоғамы» және басқалар. Батыстық ғалым Э. Тоффлер «Үшінші толқын өркениеті» дей келе, ақпаратты шикізат түрінде сипаттап былай дейді: "Для цивилизации Третьей волны одним из главных видов сырья, причем неисчерпаемым, будет информация, включая воображение" [82, с. 33]. Осының өзі объективті болмыс қана емес, қиялдың жаңа ақпарат тудырушы қабілеті таяу болашақта алдыңғы қатарға шығатынына меңзеп тұр.

Қазіргі қоғамға баға беруде көп әлеуметтанушылар Калифорния университетінің профессоры Мануэл Кастеллстің «ақпараттық қоғам» деген терминін мойындайды. «ХХ ғасыр мен екінші мыңжылдықтың басты қорытындысы – технологиялық төңкерістің дамуы, капиталистік экономика мен түрлі әлеуметтік қозғалыстардың қайта құрылуы барысында ақпараттық желілік қоғамның пайда болуы»[83],–дейді Кастеллс. Барлық шикізат көздерінен тауар өндіруді мақсат тұтқан индустриялықтан оның айырмашылығы – білім байлығында, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін жоғары дамыған техниканы пайдаланып, ақпараттық ресурстарды игеруінде деген ой айтады. Яғни, ақпаратты өңдеудің жоғары деңгейіне көтерілген қоғам жетекші мәнге ие болмақ. Ақпарат – тауар, құрал, қару деген ұғымдар, «ақпараттық кеңістік», «ақпараттық орта», тіпті «ақпараттық соғыс» деген ғылыми терминдер қолданысқа енді.

Жаһандану жағдайы туралы әңгіме қозғалғанда, алдымен ойға капиталдың, яғни қаржының еркін ағымы, ағыл-тегіл инвестициялар, трансұлттық компаниялардың пайдасын арттыру жолындағы шоғырлануы, әлсіз, бірақ, перспективалы компанияларды жұтып қоюы, арзан жұмыс күшін, ресурстарды іздеп, әлемнің түкпір-түкпірін шарлауы, бір сөзбен айтқанда, табыс жолындағы ымырасыз, аяусыз күрес ойға оралады. Соңғы кезде ғана көп экономистер мен саясаттанушылар ақшадан да гөрі маңыздырақ байлық адам ресурсы екендігін мойындап жүр. Ақшаны да мимен басқарып, көзін таппасаң, еңбегің еш болып, еккенің өнбей қалады. Одан ары қазбалай келсең, адамның миының қуаты неде деген орынды сұрақ туындайды. Сірә, ол — идеяларды қорыта білетіндігінде болса керек. Адамның ақыл-ойы тәжірибені сіңіре отырып, идеяға жаңа сипат береді, жаңа дүниені іске асырады, тың шаруаны ұйымдастыруға қуат береді.

Жаһанданудың бір сипаты осы идеялардың еркін ағымында жатыр. Ал идеяның басты элементі, әрине, ақпарат. Ақпарат таратудың тегеурінді тетігі бүгінгі телевизия! Оның өзі Маклюэн айтқандай-ақ, адамзатты уақыт пен кеңістік шеңберінен шығып, кеңеюіне жол ашты, бас-аяғы 60-70 жылда әлемнің адам танымастай өзгеруіне түрткі болды. Бүгінгі телевизияның рөлі орасан, ол жаһандану үрдісінің қуатты тетіктерінің бірі.

Оған Википедия сияқты онлайн энциклопедия мынадай анықтама беред: «Ақпарат ұғымы күнделікті өмірден бастап техникалық салада пайдаланылатын көп мағыналы ұғым. Жалпы алғанда бұл ұғым шектеу, байланыс, бақылау, форма, инструкция, білiм, мағына, құрылым, бейнелеу, сезіну тағы басқа ұғымдармен тығыз байланысты. Көп адам бұл жайлы Білім дәуірі немесе білім қоғамы тудырған Ақпарат дәуірі туралы айта бастады; ақпараттық қоғам, ақпараттық технологиялар, тіпті информатика, ақпарат ғылымы және компьютер ғылымы назарға көп түсуде, ал «ақпарат» сөзі білдіре бастаған мағыналары ұқыпсыз пайдаланылуда.

Ақпарат – қарастылатын жүйе қалпы. Хабар – заттанған ақпарат. Ақпарат жіберушіден қабылдаушыға бағытталған хабардың сапасы болып табылады. Ақпарат әрқашан бірнәрсе (параметр өлшемі, оқиғаның болғаны, т.б.) туралы. Осылай қарастырылған ақпарат мағынасы ұқыпты болуы шарт емес. Ол ақиқат немесе жалған, тіпті сүюдің даусы болуы мүмкін. Тіпті үзілісті шудың байланыс арнасын толтыруы, түсініспеушілік әкелу мүмкіндігі осы мағынасы бойынша ақпарат болып есептеледі. Дегенмен, жалпы айтсақ, ақпарат мөлшері көбейген сайын хабар дәлірек болады. Бұл модель белгілі жіберуші және кем дегенде бір қабылдаушы бар деп есептейді. Осы модельдың көптеген толықтырмаларында жіберуші мен кем дегенде бір қабылдаушының ортақ тілі барын жорамалдайды. Ақпараттың өзгеше маңызды анықтамасы оны қабылдаушы түсінетіндей жіберушіден шыққан хабар деп анықтайды. Бірақ, белгілi жіберуші болуын талап ететін «ақпарат – хат» моделі ақпараттың қоршаған ортадан, байқау, өлшеу, т.б. арқылы, алынатын нәрсе болуы мүмкіндігіне мән бермейді. Ақпарат ұғым ретінде контекстіне байланысты көптеген мағына білдіреді, дегенмен ол әдетте мағына, білім, тапсырма, байланыс, бейнелеу, сезіну дегендермен тығыз байланысты. Қысқа қайырғанда, қабылданған және түсінікті хабар. Дерек хақында айтылса, ақпарат деп әлдебір түйін жасауға болатындай ақиқаттар жиынтығын қарастыруға болады. Оқу, тәжірибе немесе тапсырмалар арқылы ақпарат алынатындықтан оның т.б. түсініктемелері болуы мүмкін. Қалай боланда да ақпарат деректерді өңдеу, реттеу және оларды қабылдаушыға жаңа білім болатындай ұйымдастыру нәтижесі болып табылады. Байланыс теориясы нәтиженің (шығыстың) анықсыздығының сандық өлшемі болып табылады. Мысалға, «мыңдаған биттерден тұратын ақпарат» деп айта аламыз. Байланыс теориясында жиі Клод Шеннонның есімімен байланысты ақпарат энтропиясы деген ұғым пайдаланылады. Ақпараттың келесі бір түрі Фишер (R.A. Fisher) енгізген ұғым – Фишер ақпараты. Бұл статистиканы бағалау теориясында және жалпы ғылымдарда пайдаланылады. Байқалмайтын параметр (unobserved) жайлы хабардың алып жүретін ақпарат мөлшері Фишер ақпараты болып табылады. Оны жүйені сипаттайтын ықтималдық функциясы ілімінен есептеп шығуға болады. Мысалы, қалыпты (normal) ықтималдық функциясы бойынша Фишер ақпараты заң variance керісі болып табылады. Ықтималдық заңы туралы ілімсіз Фишер ақпараты қалыпты (normal) ықтималдықпен тарайтын деректің екінші моментіне керісінен есептеуге болады. Тіпті ақпарат пен деректер бір-бірімен алмастырылып жиі қолданылатынына қарамастан олар екі түрлі ұғым. Деректер байланысы жоқ ақпараттар жинағы болып табылады және сәйкесінше өңделмейінше пайдасыз болып табылады. Өңделу барысында өзара жетерліктей байланыс табылса, және олардың маңызы бар болса ғана ол ақпарат санатына ауысады. Сондықтан жәй деректер түрлі мақсаттарға пайдаланылуы мүмкін. Яғни деректер әлдебір ақпарат қамтымайынша жарамсыз болады.

Ақпаратқа хабар ретінде қарау 1948 жылғы Клод Шеннонның әйгілі «Байланыстың Математикалық Теориясы» атты мақаласынан кейін қалыптасты. Мақала Байланыс теориясының негізін қалады және ақпарат ұғымына техникалық мағына беріп қана қоймай оған мөлшерін анықтады. Егер құрылғы бірдей ықтималдықпен N хабардың бірін жіберсе, онда «жиыннан хабар таңдалған кездегі ақпарат мөлшері» екі негіздегі логарифм N-ге тең (Бұл мөлшер өздік-ақпарат деп аталады). Сол мақалада Шеннон былай жалғастырады: Логарифм негізін таңдау ақпаратты өлшеу өлшем бірлігіне сәйкес келеді. Егер негізі 2 болса нәтижесінде ақпарат бірлiктері бинарлық сандар, немесе қысқаша Тюки (J. W. Tukey) енгізген биттер болар еді. Екі бірқалыпты дәрежесі бар құрылым, мысалы – реле, бір бит ақпарат сақтай алады. Осындай N құрылым N бит сақтай алады… Алгоритмдік байланыс теориясы ақпаратты өлшеудің қосымша жолын береді. Қысқаша қайырғанда, бұл тәсіл ақпарат мазмұнын белгілер тізімінің болжамдығына негіздеп өлшейді, немесе басқаша айтқанда бағдарлама арқылы тізімді есептеу қаншалықты оңай: тізімнің ақпарат мазмұны ең қысқа осы тізімді есептейтін бағдарламаның биттер саны болып табылады. Төмендегі тізімнің алгоритмдік өлшемі өте аз болар еді, өйткені ол - оңай болжауға болатын құрылым, және құрылым ретінде жалғасқанымен өлшемі өзгермейді. Шеннон ақпараты тізімнің әр белгісі үшін, олар статистикалық кездейсоқ болғандықтан, дәл осындай ақпарат өлшемін берер еді, ал әр жаңа белгі өлшемін үлкейтер еді. 123456789101112131415161718192021 Адамдық көзқараспен қарағанда дәстүрлі ақпарат теориясы мен алгоритмдік ақпарат теорияларының шектеулері бар. Мысалға, хабар мазмұны дегенде Шеннон «Жиі хабарлардың мәні бар… бұл байланыстың семантикалық жағы инженерлік мәселелерге маңызды емес. Маңызды жағы – нақтылы хабардың ықтимал хабарлар жиынының таңдалып алынған бірі болғандығында». Ақпарат теориясында сигналдар процесстердің бөлігі болып табылады, субстансия емес; олар бірнәрсе істейді, олардың арнайы мәні жоқ. Алгоритмдік ақпарат теориясы мен ақпарат теориясын бірге пайдалана отырып ең кездейсоқ сигнал қалай тәржімеленсе де ең ауқымды ақпаратты қамтиды, әрі сығыла да алмайды деген тұжырымға келуге болады. Майкл Редди (Micheal Reddy) «математикалық теория «сигналдары» «алмаса алатын құрылымдар» деп байқаған. Сигналда еш хабар жоқ, онда тек мүмкін болатын хабарлар жиынынан бір хабарды таңдау қабілеті бар». Ақпарат теориясында «жүйе әр ықтимал болатын таңдаумен жұмыс істей алатындай жобалану керек, тек таңдалғанмен емес, себебі жобалану кезеңінде ол хабар беймәлім болған»[93].

Бұл күрделі анықтама техникалық ақпаратты қамтығанымен, өмірдегі жалпы ақпараттың мәнін толық аша алмайды. Адамзатқа ғана қатысты, қоршаған ортаны тану, өзара қатысым, ойлау жүйесі мен жинақталған тәжірибені келесі ұрпаққа жеткізуді қамтитын және адам миының жұмысына тікелей қатысты ақпарат бар. Оны көркем, образды ақпарат деп атағанымыз жөн шығар. Оның түр сипаты жоқ, иісі, дәмі болмайды. Винер айтатындай, «ақпарат, ол — ақпарат». Ол «адамның миына жүректен келген қан ақпараттың қуатымен сәл де болса ысиды, шыққанда басқа температураға ие болады»[Винер, 2002]-дей келе, ақпарат уақыт пен кеңістіктегі қуаттың бағыты, жылдамдығы мен нығыздығын өзгертуге қауқарлы деп тұжырымдайды.

Біздің нысанымыз, осы ақпарат, адамның күнделікті тіршілігінде қолданатын, іс-әрекетін үйлестіретін, оны қоршаған ортамен байланыстыратын құрал. Ақпарат өзі қуат болмағанымен, адамның бойындағы қуаттарды өзгертеді, мағлұматымен іс-әрекетіне жетек болады, ішкі ресурстарын шоғырландырады, арман-қиялын ұштайды, жаңа идеялар туғызады, өмірлік бағыт-бағдарын айқындайды.

Ойымызды бірнеше дәйектермен тұжырымдауға тырысайық:

Уақыты: VIII ғасыр. Кеңістігі: Орхон өзенінің шығыс жағалауы, Көшө-Цайдам ойпаты, Орталық Моңғолия.

Түркіге ғана тән тас-дастан — Күлтегін біте жазуында мынадай сөздер қашалып жазылған:

«Түркі халқы, тоқ та, аш та болдың сен.

Аштықта тоқтықты түсінбедің сен.

Бір тойсаң ашықпайтындай боласың сен»[94].

Заманның шындығы, мағыналық та, эмоциялық та, психологиялық та күй 1250 жылдан соң ақпарат арқылы беріліп тұр. Бұл бір қыры болса, сол ақпараттың өзектілігі күні бүгін де жойылмаған, маңызын сақтаған, сезімді тербейді. Өйткені, сол түркіден тарайтын біраз халықтардың жекелеген топтары әлі де қамсыз, әрекетсіз отыр, заман көшінен қалып барады, жарым құрсақ аш. Енді біреулері тойып секіруде, астамшылыққа ұрынуда. Журналист ақпаратты салыстыра отырып, қуатты, жанды материал дайындап, аудиториясына әсер ете алады, іс әрекетке шақырады.

Сөз құдіретін мыңжылдыққа Құран да жеткізді. «Оқы!» деген бір ауыз сөз миллиард адамның тілін кәлимаға келтірді, намазға жықты, мұсылман үмметі жасады.

Ақын Абай қазақтың жат мінезін бетке басып, «арлы бол» деп кетті. Абайдан кейін де жүз жылдан асты. Қазақы мінезде көп өзгеріс жоқ. Неге?

Театр маманы Болат Атабаев Абайдың қара сөздерін неміс тіліне аудартып, Германиядағы әріптесіне ұсыныпты. Содан уақыт өте келе, неміс режиссері «Абай немістерді қалай жақсы білген, психологиясын тап басып жазыпты» деген таңданысын білдіреді.

Ақпараттың құдіреті, қазақ жерінен ұзап шықпаған Абайдың адамтанудағы дөп ойларын, әлденеше мың шақырым жердегі басқа ұлт өкілі түсініп тұр. Ортадағы дәнекер ақпарат қана.

Уақыты: 1961 жыл, 12 сәуір. Кеңістігі: қазіргі Байқоңыр, бұрынғы Ленинск қаласы маңы.

Гагарин космосқа ұшты. Қуанбаған адам жоқ. Адамзат ғарышты да игерді. «Правда» сынды газеттер жер адамының жымиған күлкісі бейнеленген фотосуретті, яғни фотоақпаратты миллиондаған таралыммен көбейтті. «Адамға табын, Жер, енді!» деп жырлаған ақын да қазақ Олжас Сүлейменов болды.

Сол Юрий Гагарин ұшқан «Шығыс» кемесінің қозғалтқыштарын суытуға мыңдаған тонна су жұмсалды, қас қағым сәтте жоқ болып кетті. Партияның бас газеті «Правда» бұл ақпаратты басқан жоқ. Арада аз уақыт салып, ғарыш айлағы төңірегі қу тақырға айнала бастады. Арал тартылды, табиғат тепе-теңдігі бұзылды, ауаға тұз көтерілді. Қасірет!

Сапалы ақпараттың жоқтығынан көп адам Арал мәселесін өзінен алыс көреді, маған қатысы шамалы деп бағалайды. Қате пікір. Осы сипаттағы қасіреттер түбі табиғатқа, оның тепе-теңдігіне, адамдардың денсаулығына орны толмас зиян әкеледі.

80-інші жылдар. Қазақ теледидарының эфирінде «Қарыз бен парыз» бағдарламасы. Жүргізуші Сағат Әшімбаев емен жарқын сөйлеп отыр, көзілдірігін түзеп, қолын сермеп қояды, «сіз қалай қарайсыз?», «қайтпек керек?» деп студия қонақтарына кезек сөз береді, арасында өзі кең толғап кетеді, кемерінен тасып барып, зорға тоқтайды. Жүзінен нұр төгіліп, көздері от шашады! Мектеп оқушысына сондай әсер қалдырды. Оның айтқанының бәрін ұғып та жатқан жоқ, бірақ қазақ халқының мүддесі үшін жанұшыра сөйлеп тұрғанын ішкі түйсігі сезеді, экраннан көз алмайды. Ұнағаны сол, «журналист болсам» деген қиял түртеді...

Ақпарат күйінде миға жеткен «Қарыз бен парыз» телехабары жан қуаттарын тітіркендірді, журналист мамандығын таңдауға, осы бағытта көп ізденіп, оқуға, алғашқы мақаласын жазуға себепкер болды. Арада көп уақыт өтті, Сағат Әшімбаев қайтыс болды, ал сөз жалыны санада әлі маздап тұр. Кейбір сөздері мен іс-қимылы көмескі болса да жадыда жаңғырығады. Телеэкрандағы қас-қағым сәт алыстағы қазақ ауылындағы жасқа қуат берді, кейіннен Сағат Әшімбаевтың көсемсөзі мен сын еңбектерін қызыға оқуға итермеледі. Сөйтіп жүріп өзі де жеке тұлға, маман ретінде қалыптасты.

Міне, ақпараттың қуаты! Көзге көрінбейді, ұстауға келмейді, жанға ғана білінеді, миды ғана аз-кем қыздырады.

80-інші жылдары қазақ халқының біртуар ұлы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру хақында қоғамдық пікір туындады. Ол атақ қан майданда небір қаһармандық ерлік көрсеткен жүректі батыр, білікті қолбасшы, әскери стратег, талантты жазушы Б.Момышұлына қажет емес еді. Атақ қазақ халқы үшін қажет болған, елдік рухты ұлықтауға серпін берер күш еді. Батыр деп мойындаған бір ғана ақпарат әділеттілікті орнатып, тарихқа жаңаша көзқарасты қалыптастыратын қуат қайнары болатын.

1986 жылдың желтоқсаны. Гу-гу сөздер. Алматыда орыс балабақшасындағы балаларды бауыздап кетіпті...

Уақыт өте келе ғана, ақ-қарасы ажыратылды: арандатушылық қауесет, қылмысты жасырудың жандалбасасы екен.

Желтоқсан оқиғасында қазақ жастары әділдік үшін күресті, өйткені, ақпараттық түйсік намысын оятып, іс-әрекетке бастады. Анау айтқандай жабайылық емес, шындық айтылды. Билік сөзге келудің орнына қара күшін көрсетті, қан төкті, қару жұмсады, құйтұрқы саясат, зымиян әрекеттерге барды, жазықсызды жазалады, намыстыны таптады, әлсізді қорқытты, сатқындықты қолдады, опасызға шен тақты, сөйтіп, әділетсіздік пен жүгенсіздік жайлады...

Желтоқсанда жастар алаңға көкейіндегі сұрақтарға жауап алу үшін, өзінің болашағы туралы ойлар мазалаған соң жиналды. Олармен билік сөйлесуге дайын емес еді, солардың қателігінен толғағы келген түйткілдер аяқ астынан жарылды. Оған ұшқын болып түскен «Халыққа — өз көсемі!» деген үш-ақ ауыз сөз болды. «Сиқырлы оқ» (Лассуэл теориясы, қараңыз 38-бет) адамдардың миына ток соққандай әсер етті, намыс оты лап жанды, өмір үшін күрестің ғаламат күші ширықты, ар мен ұлт деген қасиетті ұғымдар сананы тұншықтырып, алдыңғы қатарға кемерінен асқан эмоция шықты, бейтылсым күштер ерікті биледі. Билік күш қолданған сайын, қарсылық да үдей түсті. Сондағы үш ауыз сөз өте жылдам үлкен аудиторияға тарады, ешбір бұқаралық ақпарат құралының қуаты жетпейтін күшке ие болды, елдің шалғай түкпірлеріне дейін жетті. Сөз құдірет!

Сонау 30-ыншы жылдары да бір ауыз сөз небір ұлыларға оқ болып атылды. Ақпарат-донос қазақ халқының қаймағын жұтып, ашаршылықпен қосылып, ұлттық гендік қорға орны толмастай зиян келтірді. Сондағы үкім бір-ақ ауыз сөз: «тап жауы!» болды.

90-ыншы жылдар. Қазақ елі.

Тәуелсіздік! Егемен елдің Ата заңы! Қазақ тілі — мемлекеттік тіл! Қазақ батыры Тоқтар, кейіннен Талғат ғарышта! Ұлттық валюта — теңге! Атажұртымен қауышқан қазақтар, еркін араласқан туыстар! Қазақтар саны 10 миллионнан асты, өз жерінде, атажұртында басым көпшілікке жетті! Мұндай қуаныштарды тізе беруге де болады.

Бір кем дүние! Әттеген-айлар да жоқ емес: жекеменшікке өтуде дағдарған халық, қираған ауыл, жабылған мектеп пен балабақша, қазақ тілінің «жетімдік» көрген жайы, сатылған жер мен жат жұрттық иеленген кәсіпорындар, шетел асқан бала, байлық, етегін түріп, тәнін сатқан қыз, еңіреген жесір, кемсеңдеген шал. Жаңа мыңжылдықта да көш түзеле қойған жоқ, жұт жеті басты екен: қаржы дағдарысы, жұмыссыздық жайлады, опық жеген үлескерлер, байлығын шетелге асырып, өзі де қаша жөнелген сатқындар, дендеген жемқорлық, боссөздік пен жалған патриоттық, ең ақыры, қаңғып кеткен «Қазсат». Осы кемшіліктердің артында мол ақпарат тұр, себеп-салдар бар, журналистердің талдайтын, саралайтын материалы.

Уақыты: 2000 жыл. Кеңістігі: Сидней қаласы, Австралия.

Бекзат Саттарханов — Олимпиада чемпионы! Қуанбаған қазақ жоқ, жылдар бойғы арман жүзеге асып, намысты ұлдар әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекеде топ жаруда. 20 жасар Бекзат бокс рингінде күш-қайраты тасып, шалт қимылымен, ішкі қуатымен жарқырап көрінді, дүйім жұрттың назарын аударды, қазақ халқының абырой-атағын асқақтатты.

«Менің жеңісім — қазақтың жеңісі!» Бекзаттың осы сөзі әр қазақтың мейірін қандырды, жүрегін тулатты, жігерін қайрады, намысын асқақтатты, ұлттық даралық сенімін күшейтті. Бүлдіршіндердің жүрегіне шоқ болып түсті, «мен де Бекзаттай болсам» деген арман көкейге ұялады.

Бекзаттың жеңісі туралы сүйінші хабар миллион қазақтың бойында қуаныш, мақтаныш сезімін тудырды, шаттық күйге бөледі, жастарды қызықтырды, еліктірді, үлгіледі.

Уақыты: 2000 жыл, 31 желтоқсан, сағат 23.45. Кеңістігі: Шымкент-Түркістан жолы.

Өрімдей Бекзат жолдағы көлік оқиғасынан опат болды. Қайғы! Ел-жұрттың қабырғасы қайысып, қара жамылды, опық жеп, «қалай болды?» деп ақ ұрды.

Жеке адамның ғұмыры қас-қағым сәт!

Жоғарыда айтылған жайлар жай сөз тізбегі емес, жеке алсақ ақпарат қана, ал, тұтас алсақ, өмір шындығы. Бүгінгі ғылымда «ақпараттың өлшемі не?» деп бас қатыруда. Жеңді, ұшты, тапты — қуаныш; өлді, қурады, қирады, зияны тиді — қайғы, азап. Болмыс осындай екіұштылықтан тұрады. Сана мен сезімге тікелей әсер етіп, әлемді тануға, өмір сүруге көмектесетін ақпараттың қадірі зор. Ал, соның шынайы қуаты неде, қалай өлшеуге болады?

Аса ірі тіл маманы Ахмет Байтұрсынов «Тіл құрал» атты еңбегінде «құрал» деген сөзді жай қолданып тұрған жоқ, іс-әрекеттілікті білдіріп тұр. Сол айтқан қарудың сипаты қандай, оның адамға зияны тимей ме, дарыған оқтың емі қайсы, оқ атылмас үшін не қаракет керек? Бұл сұрақтарға толық жауап табу мүмкін емес те шығар.

Сөз — қару! Кім болсаң да, мейлі мұғалім бол, журналист бол, саясаткер бол, сол қаруға ие болуға тиіссің.

«Бір кем дүние»[95, Мұртаза, 2008]. Шағын ғана кітапша, бірақ қуаты зор. Осындағы «кем» деген үш қана әріптен тұратын сөздің сиқыры бар, мағынаны кеңітіп, шексіздік пен қарама-қайшылыққа меңзейді, сәулесін түсіріп, «дүние» сөзіне жан бітіріп тұр. Осы кеңістік әр адамның көкейіндегісін дөп табады, жүректерді лықсытады, дене қызуын көтереді. Шерхан Мұртазаның даналық идеясы, қуатты сөзі! Қазақ журналистикасының Шер-ағасы дегенде, әрине, алдымен жазушылығы, ғұмырын арнап, көз майын тауысқан, қазақ халқының ардақты ұлы Тұрар Рысқұлов бейнесін сомдаған суреткерлік шеберлігі жадыңда жаңғырығады. Айша ана образы да көлденеңдей қалды, интернаттың қара наны еске түседі, «түйе мен жантақтың» да, дала мен жусанның да иісі келді. Міне, ақпараттың қуаты, бір дабыл, ондаған іліктестік тудырды. Шер-ағаңның мұрты, шиқалпағы, ол кісі туралы әзіл әңгімелермен қатар сұсы — бәрі тізбектеліп, кесе көлденеңдеп тұр. Тіпті, «Мыңбұлағында не жазып жатыр екен» деген де сұрақ туындады.

«Бір кем дүние» үлкен шығармашылық дейтін, екінші себебі бар. Үзік әңгіме, қысқа ойларды оқыған әрбір оқырман өзі де бір көтеріліп қалады: мына жазғанның бәрін күнделікті көріп жүр ғой, мынаны мен де қосар едім, былай істесе ғой деген сезім туындайды. Халық жазушысы шенімен өзін теңестіріп, «мен де жазатындай дүние екен-ау» деген пенделік ой сарт ете қалады. Қазақтың тағы бір талантты ұлы, жазықсыз мерт болған Құдайберген Жұбанов осы күйді «шығарғыштық» деп түйеді. Журналист айтар ойын оқырман дамытатындай, толғанатындай жұптағаны маңызды. Айтар мәселені түгел баяндап, түгесу міндет емес, тұжырымды, пайымдауды аудитория өзі жасағаны құптарлық. Бітті деген дабыл жетсе, ми ары қарай жұмыс істемейді, ал, ойланатындай, қорытатындай кеңістік қалса, ақыл мен түйсік оны ары дамытып әкетеді. Бұл да ақпараттың бір қуаты, бір құпиясы!

Адамның танымы кем кетікті түгендеуге бейім келеді, ақиқатты іздейді, жаңаға, ізгілік пен сұлулыққа ұмтылады. Міне, сондықтан журналист те осы факторларды өзінің кәсіби қызметінде басшылыққа алады. Өмірдің өзегін зат, қуат және ақпарат алмасуы құрайды. Кейде адамның санасына да ырық бермей кететін осындай табиғи күштер шығармашылықтың да табиғатын анықтайды.

Айталық, хабар жетті: 30 жасар екі жігіт төбелесіп, бірі өлді. Екінші хабар: 30 жасар жігіт балабақшада баланы өлтірді.

Дерек ұқсас. Логикалық тұрғыдан ақпарат біреу: өлім, ауысқаны – өлгеннің бірі бейкүнә сәби. Сезімдік тұрғыдан, айырма жер мен көктей. Алғашқысын естіген, «е-сорлы, мас болып, төбелескен екен» деп, жазғырады. Екіншісінде «аюан!» деп, естіген жанның қаны басына шапшиды, әрекетке бейім тұрады. Ақпарат – құдірет! Бәрі де сөзден жаратылған, сөзден бастау алады дегеннің рас болғаны ма?..

Уақыт пен кеңістіктің өз заңдылығы бар. Оны оймен, қиялмен шолып, ақпарат деп тізгенімізбен, уақыт сияқты, сөзді де қолмен ұстай алмаймыз, таразыға салып, өлшеуге келмейді. Дегенмен, ғалымдардың пікірі ортақ, сөз — әрі өнер, әрі қару. Өйткені, ол іс-әрекет тетігі, қуаттың қозғаушысы. Сондықтан, бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі күн өткен сайын арта түседі. БАҚ бейкүнә, заттық кейпі жоқ ақпарат арқылы жеке адамдардың ойын, талғамын, әдет-дағдысын қалыптастырады. Сол арқылы үлкен аудиторияны әлеуметтендіреді, топтастырады және қоғамдағы жетекші пікір мен ұстанымдарды орнатады, яғни, мәдениет пен салт-дәстүрді, ұлттық сана сезімді дамытады. Сөздің кері әсері болатындығын, бас жаратын, аңдамай өлтіретіндігін де естен шығара алмаймыз.