- •Қазақстан Республикасының Кодексі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы
- •Мазмұны
- •Жалпы бөлім
- •Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік реттеу мен басқару
- •Денсаулық сақтау саласындағы лицензиялау, аккредиттеу және аттестаттау
- •Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сәйкестігін растау және жарнама
- •Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау
- •Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру
- •Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру
- •Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық
- •Ерекше бөлім
- •Техниканың қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар
- •Науқастарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
- •Адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
- •Медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
- •Қан мен оның компоненттерін әкелу, әкету
- •Еңбек қатынастары,ар-намыс кодексі
Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру
23-бап. Денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз ету көздері
1. Денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз ету көздері:
1) бюджет қаражаты;
2) ерікті сақтандыру қаражаты;
3) ақылы қызметтер көрсетуден алынған қаражат;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер болып табылады.
2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру мен шығындарды жоспарлау әдістемесін уәкілетті орган айқындайды.
3. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге арналған шығындарды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
24-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру нысандары
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру:
1) мемлекеттік медициналық мекемелер үшін – жеке-дара қаржыландыру жоспары бойынша;
2) мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, денсаулық сақтау ұйымдары үшін – бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен шарт негізінде жүзеге асырылады.
25-бап. Денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз ету көздерін пайдалану
1. Денсаулық сақтау жүйесінің қаржы қаражаттары:
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі шығындарды өтеуге;
2) денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларды іске асыруға;
3) денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жағынан жарақтандыруға;
4) дәрілік заттарды, орфандық препараттарды, қан мен оның компоненттерін, вакциналарды және басқа да медициналық иммундық-биологиялық препараттарды, сондай-ақ медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сатып алуға;
5) инфекциялық аурулардың көріністері мен эпидемияларын жоюға;
6) медицина және фармацевтика кадрларын даярлауға, олардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлауға;
7) медицина ғылымының жетістіктерін дамытуға және енгізуге;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де шығыстарға бағытталады.
2. Денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын бюджет қаражаты есебінен өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Шығындарды өтеу көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне уәкілетті орган жүзеге асыратын бақылау нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.
7-тарау.
Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру
26-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың объектілері мен субъектілері
1. Денсаулық сақтаудың электрондық ақпараттық ресурстары, ақпараттық жүйелері мен электрондық қызметтер көрсетуі денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың объектілері болып табылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын немесе құқықтық қатынастарға түсетін мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың субъектілері болып табылады.
3. Денсаулық сақтау саласының ақпараттандыру саласындағы қызмет «электрондық үкімет» шеңберінде денсаулық сақтау саласының ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуды, жеке және заңды тұлғаларды медициналық-статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етуді, сондай-ақ өзге де электрондық қызметтер ұсынуды қамтиды.
27-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандырудың принциптері
Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру мынадай:
1) басқарудың барлық деңгейлеріндегі әкімшілік процестерді стандарттау мен ресмилендіру, денсаулық сақтауды басқарудың бірыңғай саясатын әзірлеу мен іске асыру;
2) денсаулық сақтау және ақпараттандыру саласындағы халықаралық стандарттарды кеңінен пайдалану;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қоспағанда, денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының қызметі туралы ақпаратты қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету;
4) жариялы таратылуының міндетті сипаты белгіленген электрондық ақпараттық ресурстарды берудің уақтылығы, оның объективтілігі, толықтығы және дәйектілігі;
5) денсаулық сақтаудың ақпараттық ресурстары деректерінің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету;
6) әрбір пациент туралы ақпараттық ресурстарды персоналдауды және пациенттің персоналдық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету;
7) медициналық ақпараттың пациентпен ілесе жүруін қамтамасыз ету принциптеріне негізделеді.
28-бап. Жеке тұлғалар (пациенттер) туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету
1. Денсаулық сақтаудың жеке тұлғалар (пациенттер) туралы персоналдық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстары алынуы, өңделуі мен пайдаланылуы оларды жинау мақсатымен шектелетін құпия электрондық ақпараттық ресурстар санатына жатады.
2. Электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшін жеке тұлғалардың (пациенттердің) денсаулық жағдайы туралы мәлімет беру жеке тұлғаның (пациенттің) келісімімен жүзеге асырылады.
3. Персоналдық медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды алған ақпараттық жүйелердің меншік иелері немесе иеленушілері оларды жария етуден қорғау (құпиялылықты сақтау) жөнінде шаралар қабылдауға міндетті. Мұндай міндет персоналдық медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар алынған кезден бастап оларды жойып жібергенге не дерексіздендіргенге дейін немесе осы деректер өзіне тиесілі адамнан оларды жария етуге келісім алынғанға дейін сақталады.
4. Жеке тұлғалар (пациенттер) туралы персоналдық медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды мүліктік және (немесе) моральдық зиян келтіру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды іске асыруды шектеу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
5. Жеке тұлғалар (пациенттер) туралы персоналдық медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға медициналық персоналдың қолжетімділігі жеке тұлғаға (пациентке) медициналық көмек көрсету мақсатымен ғана шектелуге тиіс.
8-тарау.