Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Мемлекет жне ы теориясы- Оу ралы.docx
Скачиваний:
726
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
273.95 Кб
Скачать

2. Жасалу тәсілдері бойынша түсіндірудің түрлері:

а) грамматикалық-нормативтік акт мәтінін талдау, заң аталымдарының (терминдердің) мағынасын анықтау ретінде;

б) логикалық (қисындық) - заңның жекелеген қағидаларының логикалық (қисындық) байланыстары пайымдалып зерттелінеді.

в) жүйелі — құқық нормалары мазмұнын осы нормативтік актілі институт, құқық саласымен өзара байланыстыра отырып олардың алған орны мен маңызын тұтастай анықтауға арнайды;

г) арнайы заңдық – заң ғылымы мен заң қабылдау техникасының кәсіби білімдеріне негізделеді;

д) тарихи-саяси актінің жасалуы кезіндегі тарихи жағдайларға байланысты болған заңдық ерік-ықтияр, саяси күштердің ара салмағы мен олардың орналасулары және т.б. жайлар анықталады.

3. Көлемі бойынша:

а) адекваттық (дәлме-дәл, барабар) түсіндіру - мұнда заң "рухы мен оның әрбір әрпі" бір-біріне дәл келеді, яғни құқық нормасының сөз түріндегі білдірулері мен оның шын мағынасы және мәні құқық нормасына пара-пар, тең болып келеді;

б) кеңейтілген - құқық нормасының ақиқат мағынасы мен мәні оның сөз арқылы білдіруінен едәуір кен болады;

в) шектелген - құқық нормасының ақиқат мағынасы мен мәні оның сөз түріндегі білдіруінен едәуір шағын болады; Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-6абына сәйкес Конституция нормаларына ресми түсіндірулерді Конституциялық Кеңес береді.

Пысықтау сауалдары

1. Құқық нормаларын талқылаудың мәнісі мен маңызын түсіндіріңіз.

2. Құқық нормаларын әдісі бойынша талқылау дегеніміздің мәнісі мен мазмұнын түсіндіріңіз.

3. Құқық нормаларын көлемі бойынша түсіндіру-талқылау дегеніміздің мәнісі мен мағынасы неде?

4. Құқық нормаларын субъектісі бойынша түсіндіру-талқылаудың мәнісі мен мазмұны неде?

Жиырмасыншы тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҚ САНА ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ

Құқықтық сана — Қазақстан Республикасы азаматтарының жүзеге асырылып жүрген заңдарға, оларды қолдануға, азаматтардың құқықтарымен бостандықтарына және қалаулы құқыққа, басқа да құқықтық құбылыстарға құқық сезімдерінің, көзқарастарының, пікірлерінің, бағаларының жүйесі.

Құқықтық сана коғамдық сананың жеке бір саласы болып табылады. Ол құқықтық болмысты заң білімдері, құқықты бағалау және оны жүзеге асыру практикасы, құқықтық мақсаттар, құндылық бағдары түрінде бейнелейді. Осы аталған бес бейне (заң білімдері; құқықты бағалау және оны жүзеге асыру практикасы; құқықтық мақсаттар; құндылық бағдары (әрине бұлар құқықтық сананы бейнелейтіндер) заңдық мәні бар жағдайлар туындағанда адамдардың жүріс-тұрыстарын реттейді.

Басқаша айтқанда құқықтық сана дегеніміз адамдардың, әлеуметтік бірліктердің коғамда бар және олардың тілек-ықыластарына сай келетін құқыққа қатыстылықтарын білдіретін көзқарастарының, идеяларының, түсініктері мен сана-сезімдерінің жиынтығы.

Құқықтық сананың функциялары:

а) танымдық;

б) бағалау;

в) реттеу.

Құқықтық сананың танымдық функциясына – құқықтық сана арқылы өмірдегі болмысты тану жүріп жатқандығы жатады;

Құқықтық сананың бағалау функциясына құқықтық сананың көмегі арқылы заңды маңызы бар өмірдегі нақты болмыстық жағдайларға баға берілетіндігі жатады.

Құқықтық бағалау қатынастарының негізгі төрт түрін атан көрсетуге болады:

- құқыққа және заңдарға қатысты (оның қағидаттарына, нормаларына, институттарына);

- маңайындағылардың құқықтық жүріс-тұрыстарына қатысты (қылмыстылыққа, қылмыстарға, қылмыскерлерге);

- құқық қорғау органдарына қатысты;

- өзінің құқықтық жүріс-тұрысына қатысты (өзін өзі бағалауға).

Құқықтық сананың реттеу функциясы дәлелдер жүйесі, бағалаулықтар бағдарлары, құқықтық мақсаттар арқылы жүзеге асырылады. Бұлар жүріс-тұрысты ерекше реттеуші түрінде оларды сот реттеуі арқылы қалыптастырудың ерекше механизмдері бар.

Мұндағы айрықша рөлді құқықтық мақсат орындайды. Ал құқықтық мақсат — субьектілердің заңды немесе құқыққа қарсы жүріс-тұрыстарға бару-бармауға бейімділігі. Ал, мұндай бейімділіктің құқық субъектісінің бойында қалыптасуы бірсыпыра әлеуметтік және психофизиологиялық себептерге байланысты болады.

Құқықтық сананың құрылымы негізгі екі элементтен: құқықтық психология және құқықтық идеологиялардан тұрады.

Құқықтық психология - сана-сезім, күшті сезім (эмоция), әсерленушілік (қуану-ренжу, қайғыру, уайымдау, ашулану-разы болу, ауан, көңіл күйі (шаттық, сергектік, шадымандық жөне т.б.), дағды, стереотип түрлерінде көрінеді. Ал осы аталғандар адамдарда болатын мән-жайлар көрсеткіштері қоғам болмысында бар заң нормалары мен оларды жүзеге асыру практикасымен (іс тәжірибелерімен) байланысты пайда болады. Құқықты жете түсінудің бұл ең "таралған" түрі. Құқықты жете түсінудің мұндай түрі азды-көпті дәрежеде заң элементтерінің қатысуымен пайда болған барлық қоғамдық қатынастарға төн.

Құқықтық идеология дегеніміз заңдық идеялардың, теориялардың, көзқарастардың жиынтығы. Бұл жиынтыққа кіргендер - концептуалдық және жүйеге келтірілген түрде объективті құқықтық шындықты көрсетеді жөне оның бағасын береді. Құқықтық идеология құқыққа тұтас әлеуметтік институт ретінде мақсаттылық қағидасы бойынша ғылыми немесе философиялық мән беру арқылы сипатталады.

Идеология аясынан жөне идеология арқылы бәрінен бұрын әлеуметтік топтар мен таптардың, халықтар мен мемлекеттердің және әлемдік бірлестіктердің мұқтаждықтары мен мүдделері көрініс табады.

Гегельдің құқық философиясы, мемлекет және құқықтың табиғи-құқықтық, позитивистік маркстік доктринасы (ғылымы), осы заманғы көптеген құқықтық сана концепциялары (көзқарастары, тұжырымдамалары) құқық арқылы болмысты түсіну тәсілі ретінде құқықтық идеологияның қызмет атқарғандығына мысал бола алады.

Бүгінгі күнге құқықтық мемлекет доктринасы (ғылымы) көптеген мемлекеттер (оның ішінде Қазақстан Республикасы да бар) дамуының идеологиялық негізі болып табылады. Саяси-құқыктық идеологиясыз осы заманғы өркениетті қоғамның болуы мүмкін емес. Сонымен, жоғары идеологиялық құжаттар бола алатындар мысалына АҚШ Конституциясын, ГФР Конституциясын, француздардың 1789-ы жылғы Адам және азамат құқықтары Декларациясын жатқызуға болады. Аталған құжаттар батыс елдері демократиясы мен құқықтар жүйесінің идеологиялық тұғыры болып табылады.

Сонымен, ұлттық-құқықтық идеология - қоғамның ең маңызды мәдени-құқықтық құндылықтарын сипаттайды, бұлар болса әлемнің өркениетті халықтарының құрамына (семьясына) кіру үшін берілген өзінше бір "рұқсат құжат".

Құқықтық сананың түрлері:

1. Субъектілері бойынша:

- дербес (жеке);

- топтамалық;

- қоғамдық.

2. Құқықтық қызмет деңгейінің жоғары-төмендігі бойынша:

- әдеттегі (үйреншікті-эмпирикалық) құқықтық сана - адамдардың құқық жөніндегі жаппай көпшілік түсінігі;

- кәсіби құқықтық сана – кәсіпқой-заңгерлер араларында қалыптасатын құқықтық ұғымдар, түсініктер, идеялар, сенімдер, дәстүрлер, стереотиптер;

ғылыми-құқықтық сана - құқықты жүйелі түрде теория бойынша игергендігін білдіретін идеялар, концепциялар, көзқарастар;

Құқықтық мемлекеттің ең маңызды белгісі - халықтың құқықтық мәдениетінің, құқық қорғаушылары мен басқа да лауазымды тұлғалардың кәсіби мәдениетінің болуы. Бұл белгі құқықтық мемлекетті құрудың міндетті шарты.

Құқықтық мәдениет — қоғамның құқықтық болмысының сапалық күйі. Бұл күй құқықтық актілердің, құқықтық және құқық қолданушылық қызметтің қаншалықты деңгейде екендігін білдіреді.

Осы сапалық күй тұлғаның құқықтық санасын, құқықтық дамуын, оның жүріс-тұрыс еркіндігі дәрежесін, мемлекет пен тұлғаның өзара жауаптылығы деңгейін де білдіреді. Және де бұл күй қоғам дамуына және қоғамның тіршілік ету жағдайларына ықпал жасап қолдау көрсетудегі қол жеткізілген деңгейін де көрсетеді.

Тұлғаның құқықтық мәдениеті - құқықты білу, ұғыну (түсіну) және құрметтеуден (құрмет тұтудан) тұрады. Ал мұның өзі құқықтық ұйғарымдарды жете түсініп барып орындаудан білінеді (көрінеді).

Құқықтық мәдениет (кең мағынада) дегеніміз нақты іс-қимыл, әрекет жасау үстіндегі заң қондырғысы компоненттерінің жиынтығы жөне құқық жөнінде, оның жүзеге асырылуы туралы, мемлекет органдарының, лауазым иелерінің іс-әрекеттері жөнінде адамдардың жалпы түсінігі мен пайымдаулары.

Құқықтық мәдениет (тар мағынада) дегеніміз тұлғаның құқық туралы ой-пікірлері, сезімдері мен пайымдаулары және де саналы түрдегі қажеттіліктері. Осы қажеттіліктер тұлғаның құқыққа сай мінездерінен, жүріс-тұрыстарынан көрініс табады.

Құқықтық мәдениеттің антиподы құқықтық нигилизм болады; нигилизм (немқұрайдылық – қоғамда құқық пен заңдылықтың девальвацияға ұшырауынан (құнсыздануынан), заңдылықты елемеуден, немесе олардың әлеуметтік реттеуші рөлін жете бағаламаудан көрінеді.

Құқықтық нигилизм — құқықтың әлеуметтік және тұлғалық құндылығын жоққа шығаратын, оны коғамдық қатынастарды реттеудің ең жетілдірілмеген тәсілі деп санайтын қоғамдық ой-пікірдің бағыты мен бағдары болып табылады.

Құқықтық нигилизмнің (немқұрайдылықтың) бірнеше түрі бар, ол құқықтың рөлі мен маңызына парықсыз, ықылассыз (немқұрайдылықпен) қараудан оған (құқыққа) толығынан сенбеу және құқықты ешбір дәлелсіз теріске шығарып мойындамауға дейінгі алапты жайлап жатқан түрлері болады.

Құқықтық нигилизмнің (немқұрайдылықтың) көріну түрлері:

1. Қоғамдағы бар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді қасақана тікелей бұзу.

2. Жаппай, барлық жерлерде заңдық ұйғарымдарды сақтамау, орындамау.

3. Бір-біріне қайшы келетін құқықтық актілерді қабылдау.

4. Заңдылықты саяси, идеологиялық және прагматикалық пайдалылыққа әдейі ауыстырып жіберу.

5. Адам құқықтарын бұзу, әсіресе адамның өмір сүруге құқықтылығын, ар-намысы мен қадір қасиетін қорғауға құқықтылығын және тағы басқа да құқықтарды бұзу.

6. Құқықтық формалды талаптар мен құқықтық шындықтар арасының алшақтығы, мұндағы талаптардың орындалмай қалуы.

Құқықтық нигилизмді (немқұрайдылықты) жеңудің негізгі жолдары - азаматтардың жалпы және құқықтық мәдениетін көтеру, олардың имандылық өнегелік және құқықтық санасын жоғары сапаға жеткізу; заңдарды жетілдіру; құқық бұзушылықтардың алдын алу, сөйтіп барлық қылмыстарды азайту; заңдылық пен құқықтық, мемлекеттік тәртіпті нығайту; тұлғалардың құқықтарды құрметтеуі мен оларды барлық мүмкіндіктерді қолданып қорғауына қол жеткізу; халыққа жаппай құқықтық білім беру және тәрбиелеу ісін біліктілігі жоғары әрі өз ісіне адал, жан аямай берілгендік танытатын тұлғалар категориясынан ғана маман заңгерлерді даярлау, олардың кәсіпқойлығын арттыру; құқықтық реформаны әрі қарай дамыту, сөйтіп ақырғы қорытындыда қоғамды асқынған әлеуметтік, экономикалық, саяси, рухани, өнегелік дағдарыстан алып шығу.

Пысықтау сауалдары

1. Құқықтық сана ұғымының мәнін түсіндіріңіз және оның құқық үшін қандай маңызы болатынын баяндаңыз.

2. Құқықтық сана қандай қызметтерді атқарады?

3. Құқықтық сананың элементтерін атаңыз және қандай мәні болатынын баяндаңыз.

4. "Құқықтық мәдениет" аталымын қалай түсіндіруге болады? "Құқықтық мәдениет" пен құқықтық мемлекеттің байланыстылығы қандай болады?

5. Құқықтық немқұрайдылықтың себептерін атаңыз.

6. Қоғам мен мемлекет үшін құқықтық немқұрайдылықтың қауіптілігі неде?

Жиырма бірінші тақырып. ЗАҢДЫ (ҚҰҚЫҚҚА САЙ) МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ

Заңды мінез-құлық — құқық нормаларының нұсқауларына сәйкес келетін жеке тұлғаның мінез-құлқы. Заңды мінез-құлық арқылы заң орындалады, жүзеге асырылады. Заңның талаптары орындалмаса, ол жансыз. Тұлғаның заңды мінез-құлқының көлемі мен үлгісі құқықтық норманың диспозициясында көрсетілген. Егер адамдардың мінез-құлықтары құқық нормаларының талаптарына сәйкес келсе, онда құқықтық тәртіп нығаяды.

Заңды мінез-құлық арқылы қоғам басқарылады, оның өмірі қалыпты жағдайда жүргізіледі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары жүзеге асырылады. Мұны азаматтардың көбі түсінеді, сондықтан пайда болатын, жүзеге асырылатын құқықтық қатынастардың басым көпшілігі заңды мінез-құлық негізінде құрылады.

Азаматтар заңның талабын белсенділікпен немесе енжарлықпен орындайды. Соған сәйкес мінез-құлық екіге бөлінеді: 1) белсенді заңды мінез-құлық; 2) бәсең (енжар) заңды мінез-құлық.

Белсенді заңды мінез-құлық — лауазымды тұлғалардың, азаматтардың өз бастамасымен белгілі мақсатқа бейімделген заңды әрекеттері. Ондай әрекеттер қосымша уақыт, күш, кейде қаражат жұмсаумен байланысты. Осындай мінез-құлық басым болуы үшін қазіргі кезеңде қажетті шарттар баршылық. Ол — егеменді, дербес мемлекет пен ұлттық құқық жүйесінің қалыптасуы, экономикалық дағдарысты тоқтату үшін барлық күш-жігерді жұмсаудың қажеттігі, асқынып бара жатқан қылмысқа қарсы азаматтардың әлінше күресу борышы. Демек, заңдардың қағидаларын белсенділікпен орындау — заманымыздың талабы. Белсенді түрдегі заңды мінез-құлықтың көріністері сан алуан. Ол — лауазымды тұлғалардың өз міндеттерін адал ниетпен, сапалы атқарып, азаматтардың өздеріне жүктеген міндеттерін қалтқысыз, саналы түрде орындауы, сонымен қатар құқықтарын жүзеге асыра отырып, мемлекеттің, қоғамдық бірлестіктердің жұмысына белсене катысып, әлінше көмектесу, заңдардың жобаларын талқылауда бой көрсетіп, өз пікірін ортаға салу—міне, құқықтық белсенділікке осындай әрекеттер жатады.

Енжар заңды мінез-құлықтың көрінісі де сан алуан. Азамат өзіне жүктелген міндеттерді қалай болса солай орындайды. Ал өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға енжарлықпен, немқұрайдылықпен қарайды. Мысалы, сайлауға, заңның жобасын талқылауға катыспайды, отбасын құрғысы келмейді, оқып-білім алуға ерінеді, тіпті, жақсы істеп, табыс та тапқысы келмейді. Әрине, мұндай мінез-құлық заңға қайшы келмесе де, адамның ең алдымен өзіне зиян келтіреді, себебі адамның игілігі үшін берілетін заңды мүмкіндіктер іске аспай қалады. Мұндай мінез-құлықтан қоғам да ештеңе ұтпайды. Демек, екі тарап та ұтылыста болады. Мұндай енжар мінез-құлық басым болса, мемлекетке де зиян келеді. Азаматтардың енжарлығын, немқұрайдылығын пайдаланып, қара ниетті лауазымды тұлғалар мемлекет органының қызметін халықтың бақылауынан тыс қоюға әрекет жасаулары мүмкін.

Әрине, тек насихатпен адамдардың енжар мінез-құлқын белсенділікке айналдыру оңай емес. Ең алдымен белсенділік жастайынан қалыптасатын қасиет. Оның негізгі шарты — еңбекке баулу. Заңдар да адал, ақ ниетпен істелген жұмыс үшін көтермелеу шараларын белгілесе, ол құқықтық белсенділікке негіз болады.

Заңды мінез-құлық бірнеше түрде болуы мүмкін.

Құқықтық сананың деңгейіне байланысты заңды мінез-құлық (жүріс-тұрыс) төмендегідей түрлерге жіктеледі:

1. Маргиналдық (маргинал - жік аралық) заңды мінез-құлық - бұл мінез-құлық бәрінен бұрын заң бойынша жазаланудан қорқу мен өз есебінен жаңылып қалмау мақсатына негізделеді. Маргиналдық мінез-құлықты адамдар қайсы сәтте де болса заңды оп-оңай аттайды (бұзады), сәті келсе, ыңғайлы жағдай туа қалса құқықтық талаптарды орындамауға да дайын тұрады.

2. Конформистік құқыққа сай мінез-құлық. Мұндай мінез-құлық адамның құқықтық талаптарға конформистік түрде бас июіне (көніп бағынуына) негізделеді. Мұндай мінезді адамның ұстанатын қағидаты "бәрі қандай болса, мен де сондаймын" болады. Мұндай мінез-құлық құқықтық нормаларды жете түсінбей, олардың байыбына бармай бұлжытпауға (сақтауға) негізделеді.

2. Жағымды құқыққа сай мінез-құлық - мұндай мінез-құлық қоғамда бар құқық нормаларының әділ және әділеттілігіне деген мызғымас сенімге, құқықты құрметтеуге және оны терең білуге негізделеді. Мұндай мінез-құлық құқықтың әдеттегі қалып бойынша, әртүрлі себептермен дәлелдердің іштей арпалысуынсыз орындалуынан (атқарылуынан) көрінеді.

5. Құқыққа сай, әлеуметтік тұрғыдан белсенді мінез-құлықтың мұндай түрі құқықтың құндылығының қажеттілігі жөніндегі мызғымас сенім мен құкықты құрметтеуге ғана емес, сонымен бірге құқыққа дәлелді түрде қарау мен оны жете түсінуге негізделген.

Пысықтау сауалдары

1. Заңды мінез-құлықтық (жүріс-тұрыстың) ерекшеліктерін атап көрсетіңіз.

2. Мінез-құлықтың (жүріс-тұрыстың) заңдылығы айтарлықтай дәрежеде не нәрсеге тәуелді болады?

3. Заңды жүріс-тұрыстардың (мінез-кұлықтардың) түрлерін баяндаңыз.

Жиырма екінші тақырып. ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЗАҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПТЫЛЫҚ

Құқық бұзушылық дегеніміз құқықтық талаптарды бұзудағы немесе оларды орындамау барысындағы әрекеттер (әрекеттіліктер немесе әрекетсіздіктер).

Адамдардың қандай да әрекеттері (әрекеттіліктері немесе әрекетсіздіктері) қоғамға қауіп тудырған немесе туындататын болса ондай әрекеттілік немесе әрекетсіздік құқық бұзушылық деп бағаланады.

Адамның әрекеті (әрекеттілігі немесе әрекетсіздігі) қоғамға қауіпті болмаса, онда мұндай әрекеттілік немесе әрекетсіздік құқық бұзушылық қатарына жатқызылмайды. Әрекеттің (әрекеттілік немесе әрекетсіздіктің) қоғамға қауіптілігі ұғымы екі сәттен тұрады, олар: зиянның болуы және оның қоғам тарабынан бағалануы. Құқық бұзушылық дегеніміз, адамның қоғамға, мемлекетке немесе жеке тұлғаға зиян келтіретін кінәлі, соңы заң алдындағы жауаптылыққа апаратын құқыққа қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігі.

Құқық бұзушылықтың белгілері (нышандары):

а) қоғамға зияндылығы, қауіптілігі - құқық бұзушылықтың негізгі объективтік нышаны, айырымдық белгісі және оның заңнан құқыққа қайшы болу шегін ажыратуға негіз болатын объективтік тұғыры. Құқық бұзушылықтың қоғамға келтіретін зияны мен оның қауіптілігі қоғамға маңызды құндылықтар мен оның тіршілік ету жағдайларына қол сұғулардан тұрады;

б) кұқыққа қайшы келушілік - әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қоғамға қауіптілігін, зияндылығын заң атауы арқылы білдірілуі. Құқыққа қайшы (қарсы) келудің және ол үшін жауапты болудың шегін, мөлшері мен шамасын мемлекет анықтайды, әрі оны бекітеді де;

в) кінәлілік - басқаша айтқанда - құқық бұзушылыққа бару құқық бұзушының тысқарыдан ешбір ықпалсыз-ақ өзінің ерік-ықтиярын әлгіндей түрде білдіруі, ал мұның өзі кінәлі жүріс-тұрыс (мінез-құлық). Егер де жеке адамды таңдау еркі (ықтияры) болмаса, егер ол өзінің жүріс-тұрысының құқыққа қайшы келетінін жете түсінуге қабілеті болмаса, онда оның кінәлі әрекеті құқық бұзушылық болмайды да, ол объективті түрдегі құқыққа қайшы әрекеттік болып шығады. Сондықтан мұндай адам заң алдындағы жауаптылыққа тартылмайды;

г) әрекеттілік немесе әрекетсіздік түріндегі әрекеттер. Мұндағы әрекетсіздік түріндегі құқық бұзушылық - тұлға заңдық талаптарды орындауға міндетті бола тұрып, оларды орындамаған жағдайда болады;

д) жазаланушылық - мемлекет тарапынан мәжбүрлеу шараларының қолданылу мүмкіндігі.

Құқық бұзушылықтар әлеуметтік қауіптілігіне байланысты және зиян келтіру дәрежелеріне қарай қылмыстар және теріс қылықтар деп жіктеледі.

Қылмыстар қоғамға қауіптілігі (зияндылығы) жағынан барынша жоғары дәрежеде болатындығымен ерекшеленеді. Олар қоғамның ең маңызды, едәуір мәнді мүдделеріне нұқсан келтіреді. Мұндай ең маңызды, едәуір мәнді мүдделерге нұқсан келтірулер мен қол сұғулардан қылмыстық заңдар қорғайды. Жасалған қылмыстар үшін заң аса қатал жазалау шараларын белгілейді,

Формалды түрде қылмыстың барлық белгілері бар болса да қайсы бір қылмыстар қылмыс болып саналмайды. Олай болатын себебі кейбір жағдайларда әлгі қылмыстардың коғамдық қауіптілігі мен зияндылығының маңызы мардымсыз болып келеді.

Теріс құқықтар - әлеуметтік зияндылығы мен қоғамдық қауіптілігі төмен дәрежеде болатындығымен ерекшеленетін құқық бұзушылықтар.

Бұлардың нұқсан келтіретін объектілері мен заңдық салдары да түрлі-түрлі болып келеді жөне де олар қоғам болмысының әр түрлі салаларында болып жатады.

Теріс қылықтардың қоғамдық қауіптілік дәрежесін анықтауда төмендегідей айырымдық белгілері ескеріледі:

а) нұқсан келтірілген қоғамдық қатынастардың объект түріндегі маңыздылығының дәрежесі;

ә) келтірілген зиянның мөлшері;

б) құқыққа қарсы (қайшы) әрекеттің жасалу тәсілі, уақыты мен орны;

г) құқық бұзушының өз басы.

Теріс қылықтардың жіктелуі:

1. Мүліктік және кейбір жекелік мүліктік емес қатынастар аясындағы құқық нормаларын бұзу азаматтық-құқықтық нормаларды бұзушылықтар деп аталады;

2. Заң белгілеген қоғамдық тәртіпке, мемлекет органдарының атқару-орындау саласындағы қатынастарға нұқсан келтіруін әкімшілік құқық бұзушылықтар деп аталады;

3. Еңбек қатынастары аясындағы кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдардың ішкі еңбек ұйымдастыру тәртібіне нұқсан келтіруін тәртіптік құқық бұзушылықтар деп аталады;

4. Заң арқылы белгіленген рәсімдерді әділсоттың жүзеге асыруына (куәлардың сотқа келмей қалуы) нұқсан келтіруін жүргізу қатынастарындағы құқық бұзушылықтар деп аталады.

Құқық бұзушылықтың заңдық құрамы:

1. Құқық бұзушылықтың субъектісі – кінәлі, құқыққа қайшы (қарсы) әрекет жасаған адам. Мұндай субъект ретінде деликт қабілеттілігі бар адам және заңды тұлға танылады.

2. Құқық бұзушылықтың объектісі - қандай затқа құқық бұзушылық бағытталып, оған нұқсан келтірілсе сол зат аталған объект болып табылады. Мұндағы тектік объекті - қоғамдық қатынастар, ал түрлік объект - өмір, ар-намыс, денсаулық, т.б.

3. Объективтік жағы - құқыққа қайшы (қарсы) әрекеттің (әрекетсіздіктің) сыртқы көрінісі.

Объективтік жақтың элементтеріне сол әрекеттің (әрекетсіздіктің) өзі, одан туындаған зиянды нәтиже және осы әрекетсіздіктен пайда болған зиянды нәтижесінің себеп-салдарлық байланысы жатады.

Әрекет (әрекеттілік, әрекетсіздік) - адамның ерік-ықтияры мен ақыл-парасатының қадағалауы мен бақылауындағы жүрісі-тұрысы (мінез-құлқы) және ол адамның әрекеттілігі немесе әрекетсіздігінен көрінеді.

Ерік-ықтияр еместігіне қарамастан адамды күштеу арқылы құқық бұзуға итермелеп көндіруден туындаған әрекет құқық бұзушылыққа жатпайды.

Әрекеттің құқыққа қайшы келушілігі - тікелей, жанама тыйымдар мен жарасымды (оңды) заңды жүріс-тұрыстың (мінез-құлықтың) құқық нормасында жіктелуінен көрінеді.

Зиян - қолайсыз салдар, бұлар мүліктік, мүліктік емес, ұйымдық, жекелік (дербес) және басқалай да сипаттар түрінде болуы мүмкін. Зиянның объективтік жағына сондай-ақ құқық бұзушылықтың болған орны мен уақыты да кіреді.

4. Субъективтік жағы - бұған өзінің жасаған әрекетіне және оның салдарына сол тұлғаның субъективтік қатынасын (қарауын) сипаттайтын үлгілердің (нышандардың) жиынтығы жатады. Мұнда басты категориялары болып – кінә, себеп және мақсаттар көрінеді.

Кінәнің - қасақаналық және абайсыздық деген екі түрі ажыратылып көрсетіледі. Құқық бұзуға ниеттенген адам өз әрекетінің құқыққа қайшы және оның зиянды салдарын біле тұра сондай әрекетке баруы қасақаналық деп бағаланады. Құқыққа қайшы әрекетке баруда адам оның зияндылығын жете түсініп тұрып сондай салдардың болуын тілеген болса бұл тікелей (әдейі) қасақаналық болып шығады. Ал енді сондай әрекетке баруда құқық бұзушы адам сол әрекетінің нәтижесінде зиянды салдардың болуын болжалдаған болса, онда бұл әрекет жанама қасақаналық болады.

Абайсыздық қылмыс астамшылдық және қылмыстық астамшылық (менменсу) деп жіктеледі. Қылмыстық ұқыпсыздық болғанда адам өз әрекетінің құқыққа қайшы екендігіне мән бермейді, ол әрекетінің салдары қандай болатындығын да болжай алмайды.

Қылмыстық астамшылықта адам өз әрекетінің құқыққа қайшы келетіндігін түсінеді, оның қандай салдарға апарып соқтыратынын да, оның қауіпті нәтиже беретінін де болжайды, дегенмен жеңілтектік жасап ондай салдарды болдырмауға тырысады, үміттенеді.

Себеп - құқық бұзуға іштей талаптану. Мақсат - құқыққа қайшы әрекетке барудағы құқық бұзушының ұмтылыс жасап жетсем, алсам деген түпкілікті ойындағы көздеген нәтижесі.

Кінә және казус - факт ұғымы тығыз байланысты, ол адамның ерік-ықтияры қалауына байланысты туындамайды.

4. Заң алдындағы жауаптылық - құқық бұзушылыққа барған жағдайда оны жасаған адамның мемлекеттік мәжбүрлеу шараларына тартуының қажеттілігі.

Заң алдындағы жауаптылық белгілері:

а) құқықтық ұйғарымдар түрінде мемлекет белгілейді;

ә) құқық нормасының санкциясын жүзеге асыру түрінде көрінеді;

б) мемлекеттің мәжбүрлеуіне негізделеді;

в) құқық бұзушылықтың жасалуын нәтижесінде ғана туындайды;

г) құқық бұзушылық жасаған адамға қолайсыз салдар – жаза түрінде қолданылады;

д) міндет жүктеумен байланысты болады;

е) іс жүргізу нысанында (түрінде) жүзеге асырылады;

ж) мемлекеттің құзырлы органдары арқылы ғана қолданылады.

5. Заң алдындағы жауаптылық қай салаға жататындығына байланысты мынадай түрлерге бөлінеді.

- әкімшілік – әкімшілік сипаттағы теріс қылық жасалған жағдайда туындайды және шара қолдану (жаза қолдану) немесе айыппұл салу түрінде болады;

- азаматтық — заң алдындағы жауаптылық міндеттеме шарттарының бұзылу нәтижесінде туындайды;

- қылмыстық – заң алдындағы жауаптылық қылмыс жасалуының нәтижесінде ғана қолданылады;

- материалдық (дүниемен байланысты) – қандай бір мемлекеттік кәсіпорындар, мекемелер ұйымдарға зиян немесе залал келтірілген жағдайда заң алдындағы жауаптылық туындайды;

- тәртіптік — заң алдындағы жауаптылық әскери, еңбек, оқу орнындағы тәртіптер бұзылған жағдайда туындайды, бұлар шара қолдану, сөгіс жариялау, ескерту жасау түрлерінде болады.

Заң алдындағы жауаптылықты, оны анықтап жүктейтін органдарға байланысты мынадай түрлерге бөлуге болады:

- сот арқылы анықталып жүктелетіндері;

- мемлекеттік басқару органдары арқылы анықталып жүктелетіндері;

- басқа құрылымдар арқылы жүктелетіндері.

Заңдық жауапкершілік жүктеудің мақсатын, қызметтері (функциялары) мен қағидаттарын қарастырайық.

Заңды жауапкершіліктің мақсаты осы құқықтық амал, тәсіл арқылы кайсындай нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетеді, анықтайды. Және де осы нәтижелердің қандай болатынын анықтайды. Сөйтіп олардың мәнін терең ұғынуға мүмкіндік береді. Заңдық жауапкершіліктің негізгі мақсаты субъектілердің құқықтарымен бостандықтарын қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау әрі қорғау болып табылады. Атап айтқанда осы заңдық жауапкершілік аспабы құқық субъектілерінің мүдделерін қанағаттандыру және әлеуметтік байланыстардың әділетті түрде реттелінуіне бола белгіленеді.

Заңды жауаптылықтың қызметтерін оның алдына қойылған мақсаттар анықтайды, әрі содан туындайды.

Жазалау қызметі (функциясы) - орын алып отырған құқық бұзушылыққа мемлекеттік жаза қолдану түріндегі жауабы. Бұл жаза түріндегі жауап кінәлі адамға, оның жеке басына мүліктік немесе ұйымдық тауқымет тартқызу немесе мұқтаждыққа ұшырату, сөйтіп қолайсыз зардаптар шектіру арқылы сазайын беру түрінде білдіріледі.

Құқықты қалпыңа келтіру қызметі (функциясы) - құқыққа өкілетті субъектінің мүддесін қамтамасыз етудің барысында кінәліден келтірілген зиянды өндіріп алуға, шыққан шығынды, шеккен залалды өткізуге, жоғалған мүліктің орнын толтыртқызуға мүмкіндік береді.

Тәрбиелік қызметі (функциясын) – заңға теріс жүріс-тұрыстардың, құқық бұзушылықтардың алдын алудың, ондайларды болдырмаудың қажеттілігі дәлелдерін субъектілердің саналарында қалыптастыру, күнделікті болмыстағы қызметтерінде әдетке айналуын қамтамасыз етуге күш салу болып табылады.

Осы қызметтер заңдық жауапкершілік белгілеген мақсаттарға жетуге қолғабыс етіп көмектеседі.

Заңдық жауапкершілік қағидаттары (принциптері) - осы институттың іргетасын құрайтын ең басты негіздері, идеялары, тезистері болып табылады.

Заңдық жауапкершіліктің қағидаттарын төмендегідей етіп бөліп көрсетуге болады.

а) әділеттілік - мұның өзі тағайындалатын жазаның болған құқық бұзушылыққа мөлшерлестігі арқылы, теріс кылық үшін қылмыстық санкцияның белгіленуін болдырмау арқылы, жауапкершілікті бекітетін немесе оны күшейте түсетін заңның кері күшін жоққа шығару арқылы, кінәлыға бір бұзықшылығы үшін тек бір ғана жаза түрінің жүктеліп (қолданылуы) арқылы білдіріледі.

ә) заңдылық — заңдық жауаптылық кінәлы адамға қатал түрде заң бойынша жөне заңда көзделген әрекеттері немесе әрекетсіздіктері) үшін жүктеледі (қолданылады).

б) дәлелділік - істің нақты жағдайын жан-жақты және әділдікпен қарап, әрі тек жинақталған дәлелдемелер байынша шешудің қажеттілігін, адамның құқық бұзушылық жасаудағы айғақтарын, құқық бұзушылығының нақты түрін, соған сәйкес келетін құқық нормасын анықтау бойынша білдіріледі.

в) жазадан құтылмайтындық - құқық бұзушылық үшін заң алдындағы жауаптылықтың болмай қоймайтындығы; құқық бұзушылықтың ашылуының ұтымдылығы, сапалылығы және толықтығы, кінәлы адамдарға мемлекет тарапынан жазалау түріндегі жауаптылықтың міндетті және ұтымды түрде жүктелетіндігінің сөзсіз болатындығы.

г) мақсатқа лайықтылық - жазаның заңдық жауаптылық мақсаттарына сәйкестігі, санкцияларды даярлау; жасалған әрекеттердің (әрекетсіздіктердің) түрлі жағдайларын есепке алуда оны жұмсартатын да, ауырлататын да жақтарын ескеру.

Заңдық жауаптылықпен қатар құқық негізімен соның шегінде жүзеге асырылатын мемлекеттік ырықтандырудың басқа да түрлері атқарылады, оларға қорғау шаралары, бұлтартқызбау шаралары, тәрбиелік ырықтандыру шаралары, медициналық сипаттағы ырықтандыру шаралары жатады.

Егер заңдық жауаптылық, қосымша заңдық міндет жүктеумен байланысты болса (мысалы: еркінен айырумен), онда қорғау шарасы "ескі" яғни, "бұрынғы" осы субъектіге жүктелген міндетті орындаумен байланысты болады. Қорғау шарасының мақсаты - жазалау емес, тек құлық бұзушылық жасаған адамды жауаптылыққа тартпай, бұзылған құқықты қалпына келтіру болып табылады (мысалы, балаларын бағып-қағу үшін оның әкесінен нәпақа өндіруді заң жолымен еріксіз түрде алу.

Қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істер бойынша өндірістің қалыпты жүргізілуін қамтамасыз етуге бағытталған бұлтартпау шаралары (ешқайда кетпейтіндік қолхаты, ұстау), сондай-ақ бұлардан басқа іс жүргізу шараларында (дербес тексеріс, куәландыру, күш қолданып тінту және т.б.) заңдық жауапкершілік шараларына қарағандағы айырмашылығы, олар тек құқық бұзушылықтың алдын алып болдырмау мақсатында қолданылады. Осы айтылып (жоғарыда мысал түрінде келтірілген) отырған жағдайда құқық бұзушылықтың орын алмауы себебінен жазалаудың да болуы орын алмайды.

Жаза қолданумен сипатталмайтын ырықтандыру шараларына: еріксіз түрде сақтандыру (алдын алу) шаралары (мысалы, карантин жағдайында жүріп-тұру еркіндігін шектеу); қоғамға қауіпті әрекеттерге (әрекеттіліктерге немесе әрекетсіздіктерге) барғаны үшін кәмелет жасына толмаған жастарға (әрекет қабілеттігі жоқ) қолданылатын тәрбиелік ырықтандыру шаралары; мемлекеттің немесе қоғамның мүддесіне бола құнының өтемін төлеп меншік иесінен мүліктерін төтенше, шұғыл жағдайларда (апатты ауыр жағдайларда, аварияларда, эпидемия-эпизоотия таралғанда) және басқа да төтенше сипаттағы жағдайларда қолданылатын алып қою шаралары жатады.

Сонымен, қоғамға, тұлғаға немесе мемлекеттік зиян келтіретін жағдайлар да бар. Бірақ мұнда зиян, залал келтірген тұлға заңдық жауаптылыққа тартылмайды. Міне осы жағдайлар әрекеттің құқықтық қайшылықтарын жоққа шығаратын жағдайлар деп аталады. Бұларға мына жағдайлар жатады:

1) қабілетсіздік - тұлғаның өз әрекеттеріне есеп бере алмайтын ессіздік күйі;

2) қажетті қорғану - бұл жағдайда қол сұғушы адамға зиян келтіру, яғни қорғанушының немесе өзге бір адамның жеке басын, тұрғын үйін, меншігін, жер телімін және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан сол қол сұғушыға зиян келтіру жолымен қорғау кезінде, егер бұл орайда қажетті қорғану шегінен асып кетушілікке жол берілмеген болса (ҚР ҚК-нің 32-бабы);

3) қылмыс жасаған адамды ұстау — қылмыс жасаған адамды мемлекеттік органдарға жеткізу және оның жаңа қол сұғушылыққа бару мүмкіндігін тыю үшін ұстау кезінде зиян келтіру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкін болмаса және бұл орайда осы үшін қажетті шаралар шегінен шығуға жол берілмесе;

4) аса қажеттілік - заң арқылы қорғалатын мүдделерге аса қажет болған жағдайда зиян келтіру, яғни белгілі бір адамның немесе өзге адамдардың өміріне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделеріне тікелей қатер төндіретін қауіпті жою үшін зиян келтіру, егер бұл қауіпті басқа амалдармен жою мүмкін болмаса және бұл орайда аса қажеттілік шегінен шығып кетушілікке жол берілмеген жағдайында (ҚР ҚК-нің 34-бабы);

5) күштеп және психикалық мәжбүрлеу (жүйкесіне зақым ету) – егер күштеп мәжбүрлеудің салдарынан адам өзінің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) ие бола алмаса, күштеп мәжбүрлеудің нәтижесінде заңдармен қорғалатын мүдделерге зиян келтіру жағдайында (ҚР ҚК-нің 36-бабы);

6) орынды тәуекелге бару - қоғамдық пайдалы мақсатқа қол жеткізу үшін орынды тәуекел еткен ретте заң арқылы қорғалатын мүдделерге зиян келтіру жағдайы (ҚР ҚК-нің 35-бабы);

7) бұйрықты немесе өкімді орындау - адамның өзі үшін міндетті болып табылатын бұйрықты немесе өкімді орындау жөнінде іс-әрекет жасағанда оның заңмен қорғалатын мүдделерге зиян келтіру жағдайы - көрінеу заңсыз бұйрықты немесе өкімді орындамау жағдайы (ҚР ҚК 37-бабы);

8) елеулі маңызы болмайтын құқық бұзушылық - коғамға мемлекетке зиян келтірмеген және зиян келтіру қаупін туындатпаған жағдай (ҚР ҚК-нің 9-бабы);

9) казус (уақиға, шытырман қиын жағдай) және тағы басқалар.

Құқық бұзып, кінәлы болған субъектіге мемлекет өзінің мәжбүрлеу шараларын қолданады. Ол бойынша кінәлы субъектінің жеке өз басы мүліктік шектеуге ұшырайды немесе ұйымдық сипаттағы қысым мен шектеуге түседі.

Заң алдындағы жауаптылық бірнеше түрге бөлінеді — қылмыстық, әкімшілік, азаматтық, тәртіпсіздік және материалдық жауаптылық.

Заң алдындағы жауаптылық тек құқық бұзушылық орын алған жағдайда ғана туындайды. Мемлекеттің құқық бұзушыны жауапқа тартуға хақысы бар, ал құқық бұзушы мемлекеттің мәжбүрлеу шарасын мойындауы тиіс. Жауапқа тартылушы тұлға, мемлекеттің мәжбүрлеу шарасы тек қана құқық бұзушылықтың бар екендігі анықталғанда және ол заңға сай келсе ғана мойынсұнуға құқылы. Жауапқа тартылушы адам, өзін заңсыз түрде жауапқа тартудан қорғауды талап етуге құқылы.

Статья VI.

Пысықтау сауалдары

1. Құқық бұзушылық ұғымына анықтама берінің және оның белгілерін атаңыз.

2. Құқық бұзушылықтың құрамы ұғымын түсіндіріңіз.

3. Заң алдындағы жауаптылық деген не, оның түрлерін атаңыз.

4. Заңдық жауаптылықтың болуына не негіз болады?

5. Заңдық жауаптылықтың мақсаты, кызметі мен қағидаттары (принциптері) қандай?

6. Заңдық жауаптылықтың мемлекеттің ырықтандыру шараларының басқа да түрлерінен айырмашылығы қандай болатынын атаңыз.

7. Әрекеттіліктің құқыққа қайшылығын болдырмайтын жағдайлардың қандайларын атап бере аласыз?

Жиырма үшінші тақырып. ЗАНДЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП

Заңдылықтың сипаттамасы

Заңдылық — заңдардың, басқа да нормативтік-құқықтық актілердің Республика аумағында мүлтіксіз жөне дәлме-дәл орындалуы. Заңдарды сақтайтын, орындайтын, жүзеге асыратын мемлекет органдары, ұйымдары, мекемелері, кәсіпорындары, лауазым иелері, азаматтар, қоғамдық бірлестіктер. Егер аталған субъектілер заңдарды мүлтіксіз орындаса қоғамда, мемлекетте заңдылық үстемдік етеді деп айтуға болады. Егер заңдар орындалмаса, бұзылса қоғамда заңдылық бұзылды деп айтады. Заңдылықтың сақталуы, үстем болуы — қоғам өмірінің тұрақтылығының алғы шарты. Заңдылық бұзылса демократияға, адамдардың құқықтары мен бостандықтарына зор нұқсан, зиян келтіріледі, қоғамдық тәртіп бұзылады.

Заңдылық қағидаттары (принциптері) - заңдылықтың мазмұнын ашатын, білдіретін негізгі идеялар, негіздер (бастаулар). Бұларға жататындар:

а) заң үстемдігі - ең жоғарғы акт ретінде бүкіл нормативтік актілердің және құқықты жүзеге асырудың бүкіл актілерінің заңға бағыныштылығы;

ә) заңдылықтың тұтастығы (жалпыға бірдей міндеттілігі) — белгілі бір мемлекеттік бүкіл аумағында құқық шығармашылығы мен құқықты жүзеге асырудың құқықтық қатынастардың субъектілері қызмет атқаруларының бірыңғай бағыттылығы.

б) заңдылықтың мақсаттылығы - қоғамның мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін, өзі ең қолайлы әрі қатал түрде заң аясынан шықпайтын құқықтық әрекеттер нұсқасын таңдап алудың қажеттілігі;

в) заңдылықтың іске асатындығы - барлық қызметтердің түрлерінде құқықтық нормалардың орындалуына шын мәнісінде жету және қандай да болсын құқық бұзушылық үшін жауапкершіліктен құтылмайтындықтың орнығуы.

Заңдылық Қазақстан аумағының барлық жерінде біртүтас құбылыс болып орнауы қажет. Мемлекеттің өр жерінде өр түрлі заңдылық болмайды. Алматының өз заңдылығы, Семейдің өз заңдылығы - бірінен-бірінің ерекшелігі болуы мүмкін емес. Егер олай болса, қоғамда тәртіпсіздік, бассыздық орын алатын болады. Заңдылық барлық Республика аумағында тұтас орнатылуы тиіс. Заң Батыс Қазақстанда сақталып, Шығыс Қазақстанда сақталмайтын, мойындалмайтын болса, ол заңдылықты бұзған болып саналады. Заңдылықты мақсаттылыққа қарсы қоюға болмайды. Себебі кез келген заң бір мақсатқа жету үшін жасалады. Заңдылықтың бұзылуының бір себебі — оны мақсаттылыққа қарсы қою. Жергілікті жердің ерекшелігін немесе басқа жағдайларды сылтауратып заңды бұзушылыққа жол берілмеуі керек.

Заңдылықты нығайту үшін кепілдіктер қажет. Олар: а) экономикалық кепілдік — қоғам шаруашылығының деңгейі жоғары болып, заңды жүзеге асыру үшін қаражат жеткілікті болуы керек; ә) саяси кепілдік — мемлекет органдары заңға сүйене отырып, өзіне тапсырған қызметті оралымды, тиімді істеуі қажет; б) құқықтық кепілдік — заңдарды үнемі жетілдіріп отыру, заңды бұзушылықтың алдын алу, сот әділдігін жүзеге асыру, жауаптылықтан бұлтартқызбау, әлеуметтік бақылау, т.с.с.

Статья VII.

Құқықтық және қоғамдық тәртіп

Қоғам тәртіпке негізделіп, арқа сүйеп қалыптасып, өмір сүре алады. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, қирайды, оның келешегі болмайды. Мұны адамдар ежелден-ақ жақсы түсінген.

Сондықтан да қоғамда тәртіп орнатудың жолдарын қарастырған. Қоғамдағы тәртіп түрлі әлеуметтік нормалардың, былайша айтқанда, адамдардың мінез-құлқын реттейтін қағидалардың өсерімен яғни күшімен орнатылады.

Әлеуметтік нормалардың ең негізгісі, алғашқы пайда болғаны әдет-ғұрып, дәстүр қағидалары. Әр халықта олар ежелден-ақ қалыптасқан. Қазақ халқы әдеттерінің заң түрінде күші болған, "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы", "Тәуке ханның Жеті жарғысы" – бұлар негізінен әдеттік заңдардың жинақтары. Осындай әдеттердің күшімен қоғамда тәртіп орнатылған.

Әлеуметтік нормалардың маңызды түрі - әдептік нормалар. Әдептік нормалардың құқықтық сипаты болмайды. Олар адамға құқық бермейді, міндет жүктемейді. Олар адамның ар-ұятын, намысын қалыптастырып, солар арқылы қоғамдық тәртіп орнатуға ұйтқы балады. Әдептік нормалар құқықтық нормаларға түрткі, негіз балып отырады. Құқықтық нормалардың басым көпшілігі әдептік нормалардан нәр алады, соларға арқа сүйейді. Неғұрлым құқықтық нормаларға әдептік нормалар арқау болса, соғұрлым заңдардың әділеттік, адамгершілік мәні жоғары балады.

Құқықтық нормаларды қолдану нәтижесінде қоғамда құқықтық тәртіп орнығады. Демек, құқықтық тәртіп дегеніміз құқықтық нормаларды жүзеге асыру нәтижесінде қалыптасатын қоғамдық тәртіп.

Пысықтау сауалдары

1. Заңдылық ұғымын айтыңыз және оның қағидаттарын (принциптерін) сипаттаңыз.

2. "Құқықтық тәртіп" деген заң аталымы қандай ұғымды білдіреді?

3. Құқықтық тәртіп пен қоғамдық тәртіптің арақатынастылығын түсіндіріңіз.

4. Заңдылық пен құқықтық тәртіптің кепілдіктерін атаңыз, олардың мазмұнын айтып беріңіз.

5. Заңдылық пен құқықтық тәртіптің заңдық кепілдіктерінің қандай болатындықтарын атаңыз.

Жиырма төртінші тақырып. ТҰЛҒА, ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ

Адам және адамзат құқықтарын қарастырар алдында, "тұлға", "азамат", категорияларының өзара қатыстылықтарын белгілеп алу өте маңызды. "Адам" ұғымы оны биологиялық жағынан қарастырып жануарлар әлемінің белгілі бір физиологиялық қасиеттері бар өкілі ретінде сипаттап барып таниды.

"Тұлға" ұғымы адамды қоғамдағы өзінің орны мен рөлін, оның алдында қаншалықты өзінің жауапты екендігін жете түсінген саналы да дербес адам ретінде бағалап әлеуметтік жағынан сипаттап барып таниды (әр түрлі объективтік-субъективтік себептерге байланысты адамның тұлғалық қасиеттерге (сапаларға) ие бола алмайтын жағдайлары да болуы мүмкін, мысалы, сот адамды психикалық кеселге ұшырауы себепті әрекет қабілеттілігі жоқ деп танығанда солай болады).

"Азамат" ұғымы адамды нақты мемлекетпен орнықты түрде құқықтық байланыс орнатқан дербес "тұлға" ретіңде заңдық жағынан сипаттап барып бағалайды һәм таниды.

Адам құқығы - адам мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған, өзі заң арқылы қорғалатын болуы мүмкін жүріс-тұрыстың (мінез-құлықтың) өлшем (шамасы). Мұның өзі адамның жаратылыстық табиғатынан туындайтын, қарапайым да ең маңызды игіліктерді, тұлғаның осы қоғамда еркін де қауіпсіз тіршілік ету жағдайында, оп-оңай жүзеге асырып пайдалануының мүмкін екендігін білдіретін әмбебап категория болып табылады. Қазіргі кезеңде адам құқығы жалпы әлеуметтік ұғым ретінде түсініледі. Мұның өзі тұлға бостандығы саласындағы ұлттық мүдделерден де жоғары тұрған жалпы адамзаттық талаптар мен стандарттарды бейнелейді, әрі оларды қамтиды.

Адам құқықтарына мынандай белгілер тән болады:

1) бұл құқықтар адамның табиғи және әлеуметтік мәнінің қоғам болмысы жағдайларында үнемі өзгеріп отыратындығын ескеру арқылы туындап өрі қарай дамып отырады;

2) объективті түрде қалыптасып барып пайда болады және мемлекеттің тануына байланысты болмайды (яғни мемлекет тарабының тануына тәуелді емес);

3) жеке адамға тумысынан тән болады;

4) ажырамайтын, тартып алынбайтын сипатта болады, табиғи ретінде (ауа, су және т.б. сияқтылар ретінде) танылады;

5) тікелей күші бар болып келеді;

6) ең жоғары әлеуметтік құндылық деп танылады;

7) құқықтың қажетті бөлігі ретінде, оның белгілі бір мәнін білдіретін (яғни бейнелейтін) нысаны түрінде көрінеді;

8) жеке адамға өз білігінше әрекет етуге немесе белгілі бір игіліктерді алып пайдалануға мүмкіндік жасайды және оны қамтамасыз етеді сөйтіп барып адамдар мен мемлекет арасында болатын өзара қатынастарды реттейтін қағидаттар мен нормалар болып қалыптасады;

9) Бұларды тану, бұлжытпай орындау, сақтау және қорғау – мемлекеттің міндеті болып табылады.

Адамның өмір сүруі және оның лайықты тұрмыс жағдайларында тіршілік ету құқығын жүзеге асыру үшін оның дүниеге келуінің өзі-ақ жеткілікті болады. Ал басқа құқықтарын іске асыру үшін ол адамда азамат пен тұлғаға тән қасиеттерінің болуы қажет-ақ.

Сонымен, азаматтық құқық - заң жөне мемлекет тарабынан қорғалатын, әрі заң тұрғысынан алғанда осы азаматтың жүріс-тұрысының шама мөлшері. Енді осы құқық кім көрінгеннің мүддесін қанағаттандыруға емес, тек нақты мемлекетпен тиянақты байланыс орнатқан азаматтың ғана мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған болады.

Азамат құқықтары адам құқықтарына қарағанда әрдайым заңдық категориялар түрінде көрінеді, бұл олардың айырмашылығы болып табылады. Олардың (азамат құқықтарын) мемлекет танымайынша олар заң жүзінде баянды етілмейінше, адамның нақты жақпен байланысы орнамайынша тәуелсіз түрде бар болуы, іске қосылуы мүмкін емес яғни қолданылуы да мүмкін емес.

Тұлға бостандығы - азамат құқығы, мұның өзі қандай да бір кедергінің немесе бір нәрседен қысылудың жоқ екендігін ғана білдіреді.

Азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын жариялау кезеңдеріне сүйеніп негіздегенде оларды әдетте үш буынға бөледі.

Бірінші буын — бұған ХVІІ-ХVШ ғғ. буржуазиялық революциялар жариялаған азаматтық және саяси құқықтар кіреді. Осы құқықтар "негативті" яғни теріс немесе болымсыз деген атауға ие болады. Мұның мағынасы тұлға мемлекет билігіне тәуелсіз дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда оның (тұлғаның) жеке адамға тән бостандық пен өзінің кім екендігін көрсетуіне деген араласпаушылық шегін белгілейді (мысалы, тұлғаның өмір сүруге, бостандыққа және қауіпсіздікке құқықтылығы, тұрған жайының дербестігіне, заң алдындағы тең құқықтылығына, сайлау құқығына, ойлау мен ар-ождан бостандығына, сөз және баспасөз бостандығына және т.б.).

Екінші буын - социалистік идеялар мен социализм орнаған елдердің ықпалы негізінде халықтардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени мәртебелерін көтеру мақсатында жүргізген күрестерінің нәтижесінде XX ғасырдың орта шенінде осындай түрде пайда болды. Кейде бұл құқықтарды "позитивтік" деп атайды. Олай болатыны бұларды жүзеге асыру бірінші буындағы құқықтарға қарағандағы өзгешелігі белгілі бір дәрежеде мақсатты әрекеттерге баруды мемлекеттен талап етеді. Яғни оларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін шараларды жасауға "позитивтік" түрде кірісуді қажет етеді (мысалы, бұларға енбек ету, еңбекті еркін таңдау, демалыс, тынығу құқықтары, ана мен баланы қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдағы мәдени болмысқа қатысу және т.б. құқықтар жатады).

Үшінші буын - адамзаттың ғаламдық проблемалары туындатқан ұжымдық немесе ортақтық құқықтар. Бұл құқықтар қаншалықты жеке адамдардың әрқайсысынан гөрі тұтастай ұлттар мен халықтарға соншалықты тиесілі (мысалы, бейбіт өмір сүру құқы, лайықты қоршаған ортаға құқықтылық, өзін-өзі билеу немесе өмірдегі, қоғамдағы орнын әркімнің өзінің белгілеуі құқығы, ақпарат алу, әлеуметтік және экономикалық дамуға құқықтылық және т.б. құқықтар). Құқықтардың осы түрі екінші дүние жүзілік соғыстан кейін, көптеген елдердің отарлық тәуелділіктен бостандық алу жағдайында, экологиялық ахуалдың дамыған елдер қоғамына тән проблемалардың шиеленісіп асқынуы нәтижесінде туындады және әлі де болса көбінесе өзінің даму кезеңін басынан өткеруде, заңдық міндетті нормалар ретінде қалыптасу сатысында тұр.

Құқық пен тұлғаның сан-алуан байланыстары ең толық түрде құқықтық мәртебе ұғымы арқылы ғана сипатталуы мүмкін. Осы сипаттауларда жеке адамның заңдық болмысының негізгі жақтары қамтылып көрсетіледі. Осының барысында олардың мүдделері мен мұқтаждықтары, мемлекетпен болатын өзара қатынастары, еңбек және қоғамдық-саяси қызметтік әрекеттесулері айқындалады.

Ең қысқаша түрде құқықтық мәртебе ғылымда тұлғаның қоғамдағы заң баянды етіп бекіткен жайы мен күйі ретінде анықталады. Құқықтық мәртебенің негізінде шындыққа негізделген мәртебе жатады, ал құқық болса осы жайды баянды етіп бекітеді, сөйтіп оны заң аясына (шеңберіне) енгізеді, әрі орнықтырады.

Құқықтық мәртебе тұлға құқықтарының, бостандықтарының, міндеттері мен мүдделерінің мемлекет таныған және оған мемлекеттің кепілдіктері берілген жиынтығы болып табылады. Тұлғаның шынайы жай-күйінің тұжырымдалуы түрлі жолдармен сан алуан тәсілдер арқылы бірнеше ерекше құралдардың көмегімен жүзеге асырылады. Мұның өзі адамды қоғамда бар құқықтардың субъектісі деп танудан-ақ, сөйтіп оған ерекше сипатты қасиет беруден басталады. Осыдан кейін ол өзіне лайықты құқықтық қатынастарға кірісуге, өзінің теріс қылықтарына жауапты болуына мүмкіндіктер ала алады. "Мәртебе" сөзін латыншадан аударғанда біреудің немесе заттың, бір нәрсенің "жайы-күйі, қалпы" дегенді білдіреді. Тұлғаның құқықтық мәртебесінің кіндігін, яғни тұғырлық негізін Конституция және басқалай да маңызды заң актілері мен Адам және азамат құқықтары Декларациясында жарияланған құқықтар, бостандықтар мен міндеттер құрайды. Міне осылар қоғамдағы тұлғаның жай-күйін мемлекеттік істердегі рөлін, мүмкіндіктерін, оған қатысу-қатыспауларын ен алдымен анықтайды.

Құқықтық мәртебенің түрлері:

а) азаматтың жалпы немесе Конституциялық мәртебесі;

б) азаматтардың арнайы немесе тектік мәртебесі;

в) дербес мәртебе;

г) жеке тұлға мен заңды тұлғаның мәртебесі;

д) шетелдік адамдардың, азаматтығы жоқ адамдардың, босқын адамдардың мәртебелері;

е) шет елдерде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының мәртебесі;

ж) салалық мәртебелер: азаматтық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық және т.б. мәртебелер;

з) кәсібилік және лауазымдық мәртебелер (депутат, министр, судья, прокурор мәртебесі);

и) түрлі экстремалдық жағдайларда немесе елдің ерекше аймақтарында жұмыс істейтін адамдардың мәртебесі.

Жалпы құқықтық мәртебе - бәрінен бұрын Конституциямен анықталады. Сөйтіп ол ағымдағы әр түрлі жағдайларға (қызмет бабымен ауысуларға, отбасылық жағдайларға, лауазымға, атқаратын қызметке) тәуелді болмайды, елдің бәріне бірдей әрі жалғыз болады. Жалпы құқықтық мәртебе құқық, субъектілерінің бүкіл сан алуандығын, олардың өзгешеліктері мен ерекшеліктерін, айырмашылықтарын ескеруге мұршасы келе бермейді. Сондықтан да көптеген субъективтік құқықтар мен міндеттер оған кірмейді. Өйткені бұлар ол субъектілерде, оның еңбек етуіне, құқықтық қатынастарының сипатына, басқалай да жағдайларының өзгермелілігіне қарай бір жағынан туындап, басқа жағынан тоқтатылып жататындығына байланысты болады. Белгілі бір қоғамның сипаты жөнінде, оның әлеуметтік табиғатын, демократиялылығының дәрежесін, жалпы құқықтық мәртебесін және т.б. зерделеп барып қана пікір айтуға болады.

Арнайы, немесе тектік мәртебе — бұл мәртебе белгілі категорияға жататын азаматтардың (зейнеткерлер, жұмысшылар, шаруалар, мүгедектер) жағдайының ерекшеліктерін көрсетеді. Аталған топтар мен топтамаларға жататын азаматтар жалпы құқықтық мәртебелер аясында өздеріне тиесілі өзгешіліктерге, қосымша құқықтарға, міндеттерге ағымдағы заңдарда алдын ала қарастырылуы бойынша ие болуы мүмкін.

Дербес құқықтық мәртебе — жеке адамның деректерін белгілейді (жынысын, жасын, отбасы жағдайын, атқаратын жұмысын анықтайды). Әрбір адам өзінің дербес мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін, жауапкершілігін, мүмкіншіліктерін жақсы білуі - құқықтық мәдениеттіліктің белгісі болып табылады. Дербес құқықтық мәртебе жылжымалы, өзгермелі болып келеді. Ол адам болмысында болып жататын өзгерістермен қатарласа бірге өзгеріп отырады. Құқықтық мәртебе күрделі жинақталған сипатта болады. Ол адамның қоғаммен, мемлекетпен, ұжыммен, өзін қоршаған адамдармен жасасқан бүкіл байланыстарын ашып береді. Бүл ұғымның құрылымына мынадай элементтер кіреді:

а) осы мәртебені белгілейтін құқықтық нормалар;

б) құқық субъектілік;

в) негізгі құқықтар мен міндеттер;

г) заңға негізделген мүдделер;

д) азаматтық;

е) заң алдындағы жауаптылық;

ж) құқықтық қағидаттар.

Құқық бар бостандықтың өлшемі, оның нормасы, мүмкін болатынның шегін нұсқау қызметін атқарады. Сонымен бірге құқық осы бостандықтың жүзеге асырылуының кепілі, оның сақшысы және қорғаныс құралы. "Зорлық-зомбылық болмай, заң өз үстемдігін жүргізген кезде бостандық та сонда". Құқық нормалары - бостандық нормалары. Ал осындағы бостандық - заң таныған, мемлекет оны заңдар мен басқадай да актілер түрінде тұжырымдаған бостандық – мәселе міне осында. Бостандық өзіне қажет сүйенішті (тіректі), кепілдікті құқықтан алады, ал тұлға болса өзіне тіректі яғни, кепілдікті құқықтан алады, сөйткенде ғана тұлға өз мүддесін қанағаттандыруына мүмкіндік алады.

Адамның құқықтары мен бостандықтары табиғи және оған тумысынан берілген. Ажырамайтын, ең жоғары құндылық деп танылады. Адамның құқықтарын сақтау және қорғау - мемлекеттің міндеті.

Әркімнің өмір сүруге, денсаулығының болуына, жеке басының қауіпсіздігіне және дербестігіне, ар-намысы және қадір-қасиеті мен ізгі атағының қорғалуына, ой және сөз бостандығына, өзінің пікірі мен сенім-нанымдарын білдіруге, тұрғын мекен-жай таңдауға, меншік алуға, сатып алуға, оған ие болуға, оны пайдалану мен оған иелік етуге, кәсіпкерлік іспен айналысуға, өз елінен басқа елге баруына, одан қайтып келуіне құқылы.

Азаматтардың митингілер, көшеде шерулер мен демонстрациялар өткізу құқығы; мемлекеттік органдарға сайлауға және сайлануға, ақпараттар алуға және оларды таратуға, дербес және ұжымдасып үндеулер (петициялар) беруге, өз еркі бойынша ұлтын анықтау құқықтары бар, және олар заң арқылы баянды етілген. Әлеуметтік және мәдениет салаларында да азаматтарға тиісті құқықтар қаралған (еңбек ету, демалысқа шығу, тынығу, білім алу, әлеуметтік қамсыздандыру, зияткерлік шығармашылықпен айналысу және т.б.). Адам құқықтары мен бостандықтары көпшілік мақұлдаған жіктеуге сәйкес әлеуметтік-экономикалық, азаматтық, мәдени және дербестік деп бөлінеді. Жіктеп бөлудің мұндай түрі әлемнің заңдық іс-тәжірибелерінде, сондай-ақ ұлттық құқықтық жүйелерде де қабылданған.

Адам құқықтары мен азамат құқықтарының араларындағы айырмашылықтарға келер болсақ, бүл айырмашылықтардың болуының өз негізі бар.

Біріншіден - адамның құқықтары қайсы бір мемлекеттің таныған-танымағанынан және заңдарда баянды етілген-етілмегеніне қарамастан-ақ сол құқықты иеленушісінен (сақтаушысынан) тысқары қандай да болмасын мемлекетпен байланыссыз-ақ бар бола береді. Ал азаматтың құқығы осы адамның өзі тиісті болып отырған мемлекеттің қорғауында болады.

Екіншіден - жер жүзінде көптеген адамдар азамат мәртебесін тіпті алмағандар (азаматтығы жоқ адамдар), демек олар формалды түрде азамат құқықтарын алмағандар, сондықтан азамат құқықтары оларда жоқ.

Заң ғылымында азаматтардың барлық құқықтары субъективтік құқықтар деп аталады, яғни дербес, ол адамдардың барлығына ғана емес, әркімге де тиісті құқық. Бұл құқық олардың иелерінің (сақтаушыларының) алдынан қаншама түрлі қызметтер атқаруына кең жол, яғни мол мүмкіндіктер ашады. Өздерінің қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыруға, қандай да бір әлеуметтік игіліктерді пайдалануына, өздерінің заңда көрсетілген талаптарын басқа адамдардың ұйымдардың орындауына деген кең мүмкіндіктер береді.

Субъективтік құқық (яғни жеке адамның өзіне ғана тән дербес құқығы) - бұл мемлекеттің өзі кепілдендірген тұлға яғни жеке адам жүріс-тұрысының (мінез-құлқының) болу мүмкіндігінің (немесе берілген рұқсатының) өлшемі, мөлшері.

Сонымен субъективті — талаптанушы сипатта болатындарға тиесілі азаматтық, мүліктік, әлеуметтік-экономикалық құқықтар ғана емес, сонымен бірге осындай субъективті-талаптанушылық сипатта - саяси және дербес бостандықтарға жататын: сөз, баспасөз, жиналыстар өткізу, митингілерге шығу, көшелерде шеру, демонстрациялар өткізу, пікір, сенім, ар-ождан бостандықтары және басқалай да бостандықтар болады. Субъективтік құқық қашан да болсын мемлекет тарабынан кепілдіктің болуын ғана болжап қоймайды, сонымен бірге басқа адамдардың тиісті міндеттерін де болжалдайды. Егер де осы міндеттер болмаса, онда біздің көз алдымызда субъективтік құқық емес, жай ғана рұқсат болған болар еді. Ал енді осы рұқсаттылыққа әйтеуір бір кедергі болып тұрған бірдеңеге тыйым салынғанда ғана мүмкін болар еді.

Адам құқықтарының кепілдері көлемді әлеуметтік-саяси және заңды құбылыс болып табылады. Мұның өзі төмендегідей сәттермен сипатталады:

1) танымдық, яғни өзі ықпалын тигізетін объектілер жөнінде пәндік-теориялық білімдердің сырын ашып көрсетуге және мемлекеттің әлеуметтік және құқықтық саясаты жөніндегі іс-тәжірибеде (практикада) мәні бар мағлұматтар алуға мүмкіндіктер жасайтын сипатта;

2) идеологиялық, саяси биліктің демократиялық идеяларды мемлекет ішінде және одан тыс шеттерде де насихаттаудың құралы ретінде пайдаланатындығы сипатында;

3) практикалық (іс-тәжірибеде қолданылатын) заңтанудың аспаптар жинағы ретінде танылатын жеке адамның әлеуметтік игіліктерін қанағаттандырудың алғышарттары сипатында.

Кепілдіктер - тұлғаға өзінің құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндіктер жасайтын әлеуметтік-экономикалық, саяси, имандылық, өнегелік ұйымдастыру алғышарттарының, жағдайларының, құралдары мен тәсілдерінің жүйесі. Кепілдіктер ұғымы адамзат жасаған ізгілік (яғни гуманизм адамгершілік), имандылық, өнегелілік, әділдік, заңдылық, мақсаттылық, теңқұқықтылық және т.б. негіздерге сүйенеді. Өзінің мәні бойынша кепілдіктер дегеніміз адамның заңды мүдделерін қанағаттандыруды қамтамасыз ететін жағдайлар (шарттар) жүйесі. Бұлардың негізгі қызметі мемлекеттің жөне басқа да субъектілердің тұлға құқығын жүзеге асыру аясындағы міндеттерін орындату болып табылады. Кепілдіктердің объектісіне адам құқықтарын сақтау мен қорғауға байланысты болып келетін қоғамдық қатынастар, азаматтардың мүліктік және мүліктік емес мүдделерін қанағаттандырулар жатады. Адам және азамат құқықтары жүйе тұрғысынан қарағанда мыналардан тұрады:

1. Материалдық кепілдіктер - экономикалық кеңістіктің тұтастығы, тауарлардың, қызмет көрсетулердің және қаржы қаражаттарының еркін түрде ауысып орналасулары, экономикалық қызмет еркіндігі, жеке меншік және мемлекеттік меншік түрлерінің тең құқықты деп танылуы және қорғалуынан тұрады.

2. Саяси кепілдіктер — халық билігінің жүйесі, мемлекет және қоғамды басқару ісіне тұлғаның қатысу мүмкіндігінің бар болуы.

3. Рухани кепілдіктер - отанды сүю және құрметтеуге, жақсылық пен әділдік, әділеттіліктің бар екендігіне сену сезіміне негізделген мәдениет құндылықтарының жүйесі: мұның өзі қоғамдық саналылық және адамның білімділігінен тұрады. Рухани кепілдіктерге әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық және діни араздықтарды тұтатуға тыйым салу да жатады.

4. Заңдық кепілдіктер - адам және азамат құқықтарын сақтау мен қорғаудың заңда қарастырылған амалдары мен тәсілдерінің жүйесі болып табылады. Тұлға құқықтарының заңды кепілдіктерінің арасынан жүзеге асырудың кепілдіктері мен сақшылық (сақтау) кепілдіктерін ажырата білу керек. Бірінші топқа құқық және еркіндік (бостандық) шегі; заңды айғақтар; жүзеге асырудың бастамашылық жолмен жүзеге асыруды ынталандыру үшін қолданылатын қолдау көрсету тобымен конституциялық бақылау мен қадағалау; тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны үшін кінәлыларға қолданылатын қорғау мен жауапкершіліктердің мөлшері; бақылау мен қадағалауды жүзеге асырудың іс жүргізу формалары (түрлері); тұлға құқығын бұзудың алдын алу және сақтандыру амалдары және басқа да құқықтық амалдар.

Адам және адамзат құқықтарының заңды кепілдіктері жүйесін құрудың басты қағидаты — құқықты, бостандықтарды және заңдық мүдделерді заңға қайшы келмейтін тәсілдермен қорғаудың жалпыға бірдей болуы.

Әлеуметтік мемлекет және оның заңдары мақсатты түрде материалдық молшылықты жасауы және оларды қорғау болуы тиіс. Сонымен қатар адамның лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету міндеттеріне қызмет етуі жөн. Қоғамдағы адамгершілік, ізгілік (гуманизм); әділдік қағидаттарын (принциптерін) нығайту ең басты және күнделікті атқаратын істер болуы тиіс.

Бақылау сұрақтар

1. Адам және азамат құқықтары мазмұнының мағынасын түсіндіріңіз.

2. Адам және азамат құқықтарын қамтамасыз етудегі мемлекеттің атқаратын рөлінің қандайлық маңызы бар екенін түсіндіріңіз.

3. "Субъектінің құқықтық мәртебесі" аталымын қалай ұғынасыз?

4. Бірінші буын құқығы, екінші буын құқығы және үшінші буын құқығы – деген не?

Қазақстан Республикасы конституциясында көрсетілген негізгі құқықтар мен бостандықтарды жіктеу

Конституция жеке адам, коғам және мемлекет үшін өмірлік маңызы жөне ең жоғары әлеуметтік мәні бар құқықтар мен бостандықтарды баянды етеді.

Олар әрбір еркін жеке тұлғаның ар-намысын қамтамасыз етудің алғышарты болып табылады. Ал бұлар болса азаматқа, қоғам мүшесі ретінде сол коғамды басқаруға, жаңғыртуға қатысу үшін қажет. Сонымен бұлар адамның материалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін экономикалық және әлеуметтік жағдайлар туғызады.

Мемлекет, қоғам үшін Конституцияда бекітілген құқықтардың маңызы сонда – олар мемлекеттің демократиялық, құқықтық мәнін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Конституциялық құқықтар мен бостандықтардың өздеріне тән құқықтық қасиеттері бар.

1. Конституциялық құқықтар мен бостандықтар жеке тұлғаның құқықтық мәртебесінің, жағдайының ұйтқысы болып саналады және де құқық салаларында баянды етілген құқықтардың негізін құрайды. Мысалы, отбасы құқығындағы көрсетілген құқықтар Конституциядағы отбасына арналған құқықтардан келіп шығады.

2. Конституциялық құқықтар мен бостандықтар әрбір жеке адамға және азаматқа беріледі. Ал басқа, негізгі емес құқықтар мен бостандықтар адамның өмірдегі түрлі жағдайына, мәртебесіне байланысты — жұмысшы, қызметші, мүлік иесі, сатушы, сатып алушы, талапкер, жауапкер, т.с.с.

3. Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттерге тән қасиет — олардың жалпылығы. Олар барлық адамдарға, азаматтарға түгелінен беріледі.

4. Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі құқықтары мен бостандықтары басқа құқықтар және міндеттерден өзінің шығу негізімен айрықшаланады. Оның бірден-бір негізі — Қазақстан Республикасының азаматтығына жату. Демек, негізгі құқықтар мен міндеттер тұлға мен мемлекеттің саяси және құқықтық байланыстарын, оның азаматтық мәртебесін білдіреді.

5. Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі құқықтары мен бостандықтары олардың еркімен қабылданбайды және жоғалмайды. Бұл аталған құқықтар мен бостандықтар азаматтығына байланысты болғандықтан олар азаматтықтан шыққанда ғана сонымен бірге жойылады.

Адам мен азаматтың негізгі құқықтары, бостандықтары және міндеттері бірнеше топқа бөлінеді:

а) өзіндік құқықтар. Бұл әр адамға туғаннан бастап тән, одан ешкім айыра алмайтын, табиғи құқықтар. Әркімнің өмір сүруге құқығы бар, бұл адамның табиғи құқығы, оны қамтамасыз ету үшін сан алуан әрекеттер жасауға міндетті. Адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір-жапа көрсетуге немесе жазалауға тыйым салынады, Мемлекет органдары, лауазым иелері өздеріне өтініш айтқан адамдарға құрметпен қарап, заңға сәйкес көмектесулері керек. Өзіндік құқықтарға тұрғын үйге қол сұғылмаушылық та жатады. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Азаматтардың өзіндік құқықтарына басқалай да жеке басының игілігіне қажет құқықтар жатады;

ә) саяси құқықтар — тек Қазақстан мемлекетінің азаматтығы бар адамдарға ғана беріледі. Оларға жататындар: тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, өтініштер жолдауға құқылы; жоғары және жергілікті мемлекет органдарын сайлауға және оларға сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқылы; мемлекеттік кызметке кіруге құқылы; бейбіт әрі қарусыз жиналыстар өткізуге құқылы;

б) әлеуметтік-экономикалық құқықтар: еңбек бостандығына құқықтылық; ереуіл жасау құқығы; тынығу құқығы; кәсіпкерлік еркіндігі; отбасын құру құқығы; әлеуметтік қамсыздандырылу құқығы; денсаулықты сақтау құқығы; білім алу құқығы.

в) азаматтардың негізгі міндеттері: Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтау; басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар-намысын құрметтеу; Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеу; заңда белгіленген салықтарды, алымдарды, өзге де міндетті төлемдерді төлеу; Қазақстан Республикасын қорғау, әскери қызмет атқару; табиғат байлықтарына ұқыпты қарау, т.с.с.

Статья VIII.

Пысықтау сауалдары

1. Қазақстан Республикасы Конституциясының маңызын сипаттаңыз.

2. Конституциядағы құқықтар мен бостандықтардың жалпыламалық мәнісін сипаттаңыз.

3. Адам мен азаматтардың Қазақстан Республикасы Конституциясындағы бекітілген а) өзіндік (жекелік) құқықтарын;

б) саяси құқықтарын;

в) әлеуметтік-экономикалық құқықтарын;

г) азаматтардың негізгі міндеттерін атап-атап көрсетіңіз.

Жиырма бесінші тақырып. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТЫ

Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысы

1991 жылы Кеңестік Социалистік Республикалық Одағы ыдырады. КСР Одағы құрамына кірген одақтас республикалар егеменді, тәуелсіз және дербес мемлекеттер құрды. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы таратылды (жойылды). Оның аумағында Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа мемлекет пайда болды.

Қазақстан Республикасы құрылған кезден бастап бірталай құқықтық актілер қабылданып, олар жаңа мемлекеттің заңдық негізін қалай бастады. Оларға жататындар: Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң, 1993 жылғы және 1995 жылғы Конституциялары. Аталған конституциялық актілер Қазақстанның тәуелсіздігін, дербестігін жариялап, демократиялық, құқықтық мемлекет құру туралы ойларды алға қойды.

Қазіргі уақытта негізгі құқықтық құжат — Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы. Ол тәуелсіздік кезінде қабылданған. Конституциялық заңдардың қағидаларын тұжырымдап, бір арнаға келтірді. Оның негізгі ережелері мыналар:

1. Халықтың билік етуі жарияланды. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық. Халыққа, негізінен, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын анықтау құқығы берілген. Қазақстан халқы – тек қазақ ұлты емес, сонымен қатар Қазақстанмен тарихи тағдыры тығыз байланысты басқа ұлттар топтары. Қазақстан халқы дауыс беру арқылы (референдум), талқылау арқылы, сондай-ақ Парламент депутаттарына сайлау арқылы тікелей және жанамалай мемлекеттік өмірдің маңызды мәселелерін шешуге қатысады, Халық тікелей мемлекет басшысын – Президентті сайлайды.

2. Егемендікті және тәуелсіздікті жариялау, Қазақстан Республикасының Конституциясында егемендік пен тәуелсіздіктің негізгі белгілері аталған. Оларға жататындар: өзінің аумағының болуы, оның тұтастығы, қол сұғылмау жөне бөлінбеуінің жариялануы; өзінің дербес жоғары және жергілікті мемлекеттік органдар жүйесінің болуы; өзіне тән азаматтығының болуы; Халық, Парламент, Президент және Үкімет қабылдайтын өз заңдарының болуы; Қазақстан Республикасының жер жүзі мемлекеттер жүйесінде терезесі тең жағдайы болуы. Тәуелсіздік, егемендік деген сөз — Қазақстан көрші мемлекеттерден, басқа елдерден түбегейлі әрі біржола тәуелсіз деген емес. Жер жүзі мемлекеттерінің барлығы бір-біріне белгілі дәрежеде тәуелді, өзара қатынастарын анықтайтын принциптерді мойындайды, бейбітшілік негізде өмір сүруге талпынады, қарым-қатынас жасасады, адам құқықтарын құрметтейді, т.с.с. Осы тұрғыдан Қазақстан Конституциясы адамның құқықтары мен бостандықтары туралы халықаралық құқықтық құжаттар талаптарына толығынан сәйкес келеді.

3. Қазақстан Республикасының Конституциясы адам және азамат құқықтарының ерекшелігін (өзгешелігін), басымдылығын баянды етеді. Оған дәлел — Конституцияның адам мен азаматты алдыңғы қатарға қоюы. Конституция баптарының үштен бірі адам мен азаматың құқықтары мен бостандықтарына арналған.

Әрине, қоғамдағы демократизм және адамгершіліктің деңгейі Конституцияда құқықтар мен бостандықтардың жариялануымен ғана анықталмайды. Азаматтарға оларды пайдаланып, жүзеге асыра алатындай жағдай туғызу керек. Ол үшін мемлекет органдары, лауазым иелері заң жүктеген өз міндеттерін қалтқысыз, адал орындаулары қажет. Осы кітапта мемлекет органдарының, лауазым иелерінің міндетіне байланысты заңдардан үзінділер берілген. Сонымен қатар өрбір адам өзінің көптеген құқықтары мен бостандықтарына ие бола отырып, қоғам, мемлекет, басқа адамдар алдында да міндеттері бар екенін түсінуі қажет. Егер барша адамдар өздерінің құқықтары мен бостандықтарын пайдаланумен қатар, әдептік және құқықтық міндеттерін де орындаса, сонда ғана, шын мәнінде, құқықтар мен бостандықтардың бар екені туралы айтуға болады.

4. Конституцияда адамдардың ұлтына қарамастан құқықтары мен бостандықтарының тең екендігі баянды етілген. Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері тұрады. Ұлттардың теңдігі туралы ой Конституцияның барлық қағидаларында берік орын алған. Барлық ұлт өкілдері өз тілін пайдалана алады. Мемлекеттік қызметте ұлтына қарамастан барлық азаматтар істей алады. Оқуға түсуде, қызметке орналасуда ұлтына қарап шектейтін ешқандай кедергі жоқ. Конституцияда айтылғанындай әр адам өзінің ұлтын анықтауға, көрсетуге немесе көрсетпеуге хақысы бар. Осының барлығы ұлттар арасындағы келісімді нығайтуға, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан Республикасының Конституциясы — мемлекетіміздің негізгі заңы. Ол мемлекет өмірінің негізгі мәселелерін заң жүзінде ресмилендіреді. Ресмилендіруге жататындар — адам мен азаматтың негізгі құқықтары, бостандықтары және міндеттері, мемлекеттің құрылымы және қоғамның экономикалық негізі. Конституция заңдардың, басқа да мемлекет органдары қабылдайтын нормативтік актілердің негізгі көзі. Кез келген заң, Президенттің жарлығы, Үкіметтің қаулысы, министрліктің бұйрығы, жергілікті мемлекет органдарының шешімдері тек қана Конституцияның негізінде, оның қағидалары, ойлары және принциптерімен сәйкес қабылдануы қажет, оларға қайшы келмеуі тиіс. Егер Конституцияның қағидаларына, нормаларына қайшы болса, олар Конституцияға жат деп танылып, күші жойылады. Конституцияның нормаларын, ережелерін мүлтіксіз сақтау талаптары тек қана мемлекет органдарына, лауазым иелеріне емес, сонымен қатар азаматтарға, олардың бірлестіктеріне де қойылады.

Пысықтау сауалдары

1. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы қашан ыдырады және оның орнына қандай мемлекеттер пайда болды? Мысал келтіріңіз.

2. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының орнына қандай мемлекет құрылды және осы құрылған мемлекет мемлекеттік мәні бар қандай негізгі құжаттар қабылдады?

3. Қазақстан Республикасының 1995 жылы қабылдаған Конституциясы қандай қағидаларды тұжырымдады?

4. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының (Негізгі Заңының) қысқаша мазмұны нені білдіреді?

5. Қазақстан Республикасында халықтың билік етуі жарияланды, мұның мағынасы нені білдіреді?

6. Қазақстан Республикасы егеменді мемлекет деп жарияланды. Мұның мәнісі мен мағынасын түсіндіріңіз.

7. Қазақстан Республикасының Конституциясы адам және азамат құқықтарының артықшылығы мен басымдылығын баянды етеді делінген. Мұның мәнісі мен мағынасын түсіндіріңіз.

8. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы қабылданған Конституциясы адамдардың ұлты мен нәсіліне қарамастан оларды тең құқылы және бостандықтары бірдей деп жарияланған. Бұл қағиданың мәнісі мен мағынасын түсіндіріңіз.

Қазақстан Республикасы — егемен және тәуелсіз мемлекет

Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігін баянды етті. Қазақстан мемлекетінің егемендігі мына белгілермен сипатталады: Қазақстан мемлекетінің тарихи қалыптасқан аумағы бар. Қазақстанның аумағы бес мемлекетпен: Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркменстанмен шектес. Мемлекетіміздің аумағы біртұтас және оған қол сұғуға болмайды. Мемлекетіміздің аумағына басқа мемлекеттің қол сұғуы агрессивті деп бағаланады. Агрессияны халықаралық құқық айыптайды, Конституцияда жарияланғанындай, Қазақстан басқа мемлекеттермен тату көршілік, олардың ішкі ісіне араласпау, дауларды келісім арқылы шешу, бірінші болып қарулы күштерді қолданбау саясатын жүргізеді. Республикаға қарсы агрессия бола қалған күнде немесе сырттан тікелей қауіп төнсе, Президент республиканың барлық аумағында немесе кейбір аумақты жерлерінде соғыс жағдайын енгізіп, ішінара немесе жалпы әскерге шақыруды жариялайды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы заң бойынша біздің мемлекет өз аумағын құрлықта, теңізде, әуе кеңістігінде өз қарулы күштерімен қорғайды. Республика шекарасын Қазақстанның шекара әскері күзетеді, ол республика тұтастығына қандай болсын қарсы әрекетке тойтарыс беруі қажет, адамдарды қылмыстық әрекеттерден қорғауы тиіс.

Егемендіктің маңызды белгісі — онда мемлекеттік биліктің жоғары органдарының болуы. Заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілдік орган — Қазақстан Республикасының Парламенті. Парламент екі палатадан: Мәжілістен және Сенаттан турады. Олар тұрақты қызмет істейді. Мәжіліс депутаттарын азаматтар тікелей сайлайды. Ал Сенат депутаттарының басым көпшілігін мәслихаттар сайлайды. Сенаттың жеті депутатын Президент тағайындайды. Мемлекеттің басшысы — Президентті азаматтар сайлайды. Президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын анықтайды. Президент мемлекеттік биліктің барлық буындарының келісіп қызмет істеуін қамтамасыз етуі тиіс. Қазақстан Республикасының Үкіметі еліміздің көлемінде атқарушы билікті жүзеге асырады. Ол атқарушы органдардың жүйесін басқарады. Атқарушы органдардың жүйесіне жататындар — министрліктер, агенттіктер, комиссиялар, және жергілікті атқарушы органдар — облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық, селолық өкімдіктер мен өкімдер. Атқарушы органдардың өкілеттіктері заңдарда және арнаулы ережелерде анықталады.

Ерекше құқық қорғау органдары бар, олар — соттар, ішкі істер органдары) ұлттық қауіпсіздік органдары, прокуратура. Олардың ішкі құрылымы, өкілеттіктері арнаулы заңдарда анықталады.

Егемендіктің тағы бір маңызды белгісі — өз азаматтығының болуы. Азаматтыққа байланысты мәселелер Конституцияда, азаматтық туралы заңда, Президенттің заң күші бар жарлықтарында қарастырылған. Азаматтық – адамдардың мемлекетпен тұрақты саяси және құқықтық байланысының жағдайы. Мұндай байланыстан мемлекет пен азаматтардың өзара құқықтары мен міндеттері туындайды. Мемлекет, оның органдары азаматтарға ол құқықтары мен бостандықтарын пайдалануы үшін қажетті жағдайларды жасауы тиіс. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары бұзылған болса, лауазым иелері, заң қорғайтын органдар кінәлылерді тиісті жауапқа тартады. Азаматтардың міндеттері — Конституцияны, заңдарды сақтау, мемлекеттік тілді, барлық ұлттардың тілдерін, әдеттерін, дәстүрлерін құрметтеу, еліміздің экономикалық қуатын күшейту.

Егемендіктің енді бір маңызды белгісі — басқа мемлекеттермен қарым-қатынас жасау қабілеттілігі. Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі. Көптеген шет мемлекеттермен елшілік қатынастарын жолға қойды. Олармен саяси, экономикалық, мәдени, т.б. мәселелер бойынша халықаралық шарттар жасасты. Сол мақсатпен Қазақстан Республикасының Конституциясы Президентке, Парламентке және Үкіметке қажетті өкілеттіктер берді.

Егемен Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Елтаңбасы, Туы, Гимні бар. Олар Қазақстанның қалыптасып дамуының тарихи жолдарын бейнелейді. Әр адам мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тиісті, Заңдарда оларды пайдалану тәртібі белгіленген.

Пысықтау сауалдары

1. Қазақстан мемлекеті егемендігінің сипаттары қандай белгі нышандармен айшықталады, әрқайсысын атап-атап көрсетіңіз.

2. Қазақстан мемлекеті қай мемлекеттермен шектеседі және ол нені білдіреді?

3. Егемендіктің маңызды белгісі – мемлекеттің жоғарғы органдарының болуы – деген қағида нені білдіреді?

4. Егемендіктің бір белгісі ерекше құқық қорғау органдарының болуы –деген қағиданы қалай түсінген жөн. Мысалдар мен дәлелдер келтіріңіз.

5. Егемендіктің тағы бір белгісі – азаматтығының болуы – қағиданың мәнісін түсіндіріңіз.

6. Егемендіктің маңызды белгісінің бірі — басқа мемлекеттермен қарым-қатынас жасау қабылеттілігі — деген ұғымды қалай түсіну керек?

7. Егемендіктің белгілері — мемлекеттің Елтаңбасы, Туы, Әнұраны. Бұлар туралы қандай тұжырымдар айтуға болады?

Қазақстан — демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет

Қазақстан мемлекеті ежелгі қазақ жерінде құрылды. Демек, қазақ ұлты осы аумақта бұрыннан өмір сүріп келе жатқан халық (этнос) болғандықтан, мемлекеттің сол ұлттың атымен аталуы табиғи және заңды жағдай. Қазақ тілі – бірден-бір мемлекеттік тіл. Басқа ұлттардың тілдерін кемсітуге жол берілмейді. Орыс тілі мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қолданылады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы, ұлтына қарамастан барлық азаматтарға тең құқық бере отырып, олардың тату тұруына заңдық негіз құрады. Сондықтан Қазақстан — жалпы халықтық мемлекет. Бұл жағдай Конституцияда жазылған мемлекеттің, оның органдары қызметінің принциптерінде анық айтылған. Біріншіден, мемлекет, оның органдары қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге талаптануы қажет. Қоғамдық татулық дегеніміз қайшылыққа, әлеуметтік топтар арасында, түрлі ұлттар арасында қарсы тұрушылыққа жол бермеу. Мұндай татулықты қамтамасыз ету қоғамның тұрақтылығының, әр адамның тыныш өмір сүріп, оқуының, жұмыс істеуінің алғы шарты. Екіншіден, мемлекет өзінің экономикалық саясатын қоғамның экономикасын дамытуға бейімдеп, тек бір топ адамның емес, бүкіл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағыттауы керек. Үшіншіден, мемлекет органдары мемлекет өмірінің маңызды мәселелерін демократиялық жолмен шешуі керек. Бұл - халық ең маңызды мемлекеттік мәселелерді, мысалы, Конституцияға өзгерістер енгізуді референдум арқылы шешеді деген сөз. Референдумды өткізу тәртібі ерекше заңмен қарастырылады.

Қазақстан Республикасы алдына демократиялық мемлекет құруды мақсат етіп қойып отыр. Мұндай мемлекет құрудың негізгі шарты — барлық азаматтарды ұлтына қарамастан тең құқықтық негізде біріктіру. Осы интернационалдық идеяға сүйене отырып, Конституция "халық" деген ұғымды қолданады. Саяси-құқықтық мағынада "халық" деген — мемлекет көлемінде саяси әрекеттерге қатысуға хақысы бар, барлық кәмелетке жеткен Қазақстан азаматтарының жиынтығы. Мысалы, Конституцияға, Президенттің Қазақстан Республикасында сайлау туралы жарлығына сәйкес азаматтар, саяси партиялар, басқа қоғамдық бірлестіктер Республика Парламентінің Мәжілісіне депутаттыққа кандидаттар ұсынуға ерікті. Оларды жан-жақты талқылап, қолдап немесе қарсы үгіт жүргізуге хақылы. Барлық саяси партиялар тең құқықты, олардың біреуіне қандай да болсын жеңілдік немесе артықшылық берілмейді. Азаматтар өз қалауымен саяси партиялардың біреуін қолдай алады немесе олар депутаттыққа ұсынған кандидаттарды қолдауға немесе қолдамауға ерікті. Мұның өзі халықтың ой-пікірін айқындауға мүмкіндік береді.

Демократияның бір көрінісі — азаматтардың қоғамдық бірлестіктеріне мемлекет органдарының заңсыз қол сұғуына тыйым салу. Қоғамдық бірлестіктерді азаматтар түрлі мақсатпен: өздерінің саяси, әлеуметтік, рухани, мәдени, діни қажеттіктерін қанағаттандыру үшін құрады. Әрине, қоғамдық бірлестіктер Конституцияны, заңдарды сақтауға міндетті. Олар әлеуметтік, ұлттық, діни, нәсілдік арандатушылықпен айналыспауы керек. Олардың жұмысы мемлекеттің қауіпсіздігіне, конституциялық құрылысты өзгертуге, Қазақстан аумағының тұтастығына қарсы бағытталмауы тиіс.

Қазақстан Республикасы — зайырлы мемлекет. Елімізде түрлі діни бірлестіктер әрекет етуде. Азаматтардың қандай дінге сенгісі келсе өз еркі, тіпті, ешбір дінге сенбеуге де хақылы. Дін мемлекеттен ажыратылған. Оның мәні мынада: біріншіден, мемлекет қандай да болсын діни идеологияны мойындамайды; екіншіден, мемлекеттік оқу орындарында (мектептерде, институттарда, т.с.с.) діни ілімді уағыздауға жол берілмейді; үшіншіден, Республикамызда дінге сүйенген саяси партиялардың ұйымдастырылуына және қызметіне тыйым салынған.

Қазақстан халқы өз алдына жоғары мәртебелі мақсат қойып отыр. Ол –құқықтық мемлекет құру. Бұл мақсатқа жету ете қиын. Құқықтық мемлекетте заң бір әлеуметтік топтың емес, халықтың шынайы еркін білдіреді. Мұндай мемлекетте заңның рухы үстемдік етеді. Барша адамдар, ең жоғары дәрежедегі лауазым иелерінен қатардағы азаматтарға дейін заңдардың бүкіл халықтың мүддесі, игілігі үшін жасалып, қолданылатынын, заңдар адамдарға қажет қоғамдық тәртіпті орнататынын, адамдарға отбасын құрып, өсіп-өнуге, өзі қалаған жұмыспен шұғылдануға, өздерін еркін сезінуге, қоғам ісіне катысуға жағдай туғызуға керек екенін түсінуі қажет.

Қазақстан Республикасында, Конституцияда айтылғанындай, әлеуметтік мемлекет құрылуда. Әлеуметтік мемлекетте Конституция, заң халықты таптарға, ерекше әлеуметтік топтарға бөлмейді. Мемлекет халықтың барлық топтарына: шаруаларға, жұмысшыларға, қызметшілерге, мұғалімдерге, ғалымдарға, оқушыларға, аналарға, зейнеткерлерге, жетімдерге, тиісінше қамқорлық жасайды. Мемлекет әрбір әлеуметтік топтың ерекшеліктерін ескеріп, көмекке мұқтаждарға тиісті қаражат бөледі. Себебі еңбекке қабілетсіз, хал-жағдайы төмен адамдарға мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық қажет. Мемлекеттің сипаты оның жастарға, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларына қамқорлық жасап, олардың адамға лайық өмір сүруіне жағдай туғызғанына қарап анықталады.

Пысықтау сауалдары

1. Қазақстан мемлекеті аталуының және өз аумағындағы орнығуының басты себептерін атаңыз және бұдан туындайтын табиғи заңдылықтарды түсіндіріңіз.

2. Қазақстан - бүкіл халықтық мемлекет деген ұғымның мағынасын түсіндіріңіз.

3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының өз аумағындағы мәселелерді демократиялық жолмен шешуі тиіс деген қағиданың мәнісі мен мағынасын қысқаша түсіндіріңіз.

4. Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет – деген ұғымның мәнісі мен маңызын түсіндіріңіз.

5. Қазақстан Республикасы – әлеуметтік мемлекет деген ұғымның мәнісі мен мағынасын түсіндіріңіз.

6. Қазақстан Республикасы — құқықтық мемлекет деген ұғымның мәнісін түсіндіріңіз.

Қазақстан — Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет

Қазақстан Республикасының Конституциясында жазылғанындай, ол біртұтас, Президенттік басқару жүйесіне негізделген мемлекет. Қазақстанның біртұтастығы – оның әкімшілік-аумақтық бөліктерден құрылатындығы, автономияға бөлінбеуі. Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы ерекше заң бар. Ол Қазақстанның тарихы және казіргі замандағы ерекшеліктерін бейнелейді.

Қазақстан Республикасының Президенті — мемлекеттің басшысы, оның жоғары лауазымды тұлғасы. Қазақстанның Президенті Конституция бойынша жоғары лауазымды тұлға болғандықтан Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етеді, былайша айтқанда, түрлі ұлттар мен әлеуметтік топтар араларында алауыздық болмауына күш салып қамқорлық жасайды. Мемлекеттік биліктің түрлі буындарының арасында қақтығыс болмауын қадағалайды. Президент Парламент қабылдайтын заңдарға қол қояды, егер заңдар Конституцияға сәйкес келмесе, қайта қарау үшін кері қайтарады (вето құқығы). Егер Парламент заң қабылдау құқығын уақытша Президентке тапсырса, ол заңды өзі қабылдай алады. Сонымен қатар Конституцияда көрсетілген жағдайларда Президент заң күші бар жарлық қабылдай алады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттік билікті бөлу принципін бекітті. Мемлекеттік билік үш буынға бөлінеді: заң шығаратын, атқарушы және сот. Заң шығару "қызметімен Парламент шұғылданады. Атқарушы билікті жүзеге асыратын Үкімет. Ал сот билігін Жоғарғы Сот, облыстық, аудандық соттар жүзеге асырады. Аталған органдар біртұтас мемлекеттік биліктің буындары болып саналады. Мемлекеттік биліктің әр буыны өз қызметін дербес жүзеге асырады, атқарады және басқа буындардың қызметіне араласпауы тиіс. Ондай жағдай бола қалған күнде тежемелік өрі тепе-тендік жүйесін пайдалану қарастырылған. Парламент Үкіметті орнынан түсіру мәселесін қоя алады, ал Президент Парламентті тарата алады.

Мемлекеттің атқару-орындау органдары орасан зор жұмыс атқарады. Оларға жататындар: Үкімет, министрліктер, мемлекеттік комитеттер, жергілікті әкімшілік (облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық, селолық). Заң (құқық) қорғау органдарының әрбір бөлігі туралы арнайы заң бар. Мысалы, прокуратура Конституцияда жазылғандай, мемлекет атынан заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл өрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Анықтау жөне тергеу кызметін жүргізу үшін арнайы органдар құрылады. Олар әр түрлі болады — ішкі істер органдары, мемлекеттік қауіпсіздік органдары. Құқықтық тәртіпті қорғауда ішкі істер органдарының атқаратын қызметі де сан алуан. Оларға жүктелген міндеттер ерекше заңда белгіленген. Адамның, қоғамның, мемлекеттің құқықтарын, тыныштығын, қауіпсіздігін қорғайтын, органдарға ұлттық қауіпсіздік органдары да жатады. Олардың да қызметі заңға сүйене отырып жүргізілуі қажет. Аталған органдардың қызметінің тиімді және жемісті болуы қай кезде де азаматтардың қолдауына, көмегіне байланысты.

a) Пысықтау сауалдары

1. Қазақстан Республикасы біртұтас Президенттік басқару жүйесіне негізделген мемлекет деген ұғымның мәнісі мен мағынасын түсіндіріңіз.

2. Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекет басшысы – Елбасы, оның жоғары лауазымды тұлғасы — деген ұғымның мәнісі мен мағынасын түсіндіріңіз.

3. Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттік билікті бөлу принципін бекітті — деген ұғымның мәнісі мен мағынасын түсіндіріңіз.

4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік атқару органдарының ұйымдастырылу принципін түсіндіріңіз.

5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік атқару органдарының жұмыстарын атқару-орындау принциптерін түсіндіріңіз.

6. Қазақстан Республикасында заң шығару органдарына нелер жатады?

7. Қазақстан Республикасында заңды атқару-орындау органдарына нелер жатады?

8. Қазақстан Республикасының сот жүйесіне сипаттама беріңіз.

Жиырма алтыншы тақырып. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҮЙЕСІ

Қазақстан егемен, дербес, тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаннан бері Республикасын өзіндік құқықтық жүйесі қалыптаса бастады. Оған демократиялық, интернационалдық сипаттар төн.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің құқықтық жүйесін әр түрлі факторларды ескере отырып белсенді түрде қалыптастыруда.

Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін тұтастай алғанда оның роман-германдық құқықтық жүйеге жататындығын атап көрсетуге болады. Құқықтың негізгі қайнар көзі нормативтік құқықтық акт болып табылады. Мысалы, ҚР Конституциясының 4-бабына сай Қазақстанда Конституция нормалары, оларға сәйкес келетін заңдардың нормалары, басқа да нормативтік құқықтық актілердің нормалары, халықаралық келісім-шарттар мен Республиканың өзге де міндеттемелерінің нормалары, сондай-ақ Конституциялық Кеңес пен Республика Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының нормалары қолданыстағы құқық болып табылады.

Қазақстан Республикасы Конституциясында "қолданыстағы құқық аталымы келтірілген. Мұның себебі Конституция нормаларының жай ғана декларация еместігін, қайта тікелей түрде қолданылатындығын арнайы атап көрсету екендігін, сондай-ақ осы нормаға сай "қолданыстағы құқық" деп тек Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес келетін нормативтік құқықтық актілер ғана танылатындығын ерекше көңіл аударып көрсету мақсаты еске алынды.

Қазақстан Республикасының ұлттық құқығы тек Республиканың мемлекеттік органдары қабылдаған нормативтік актілерден ғана емес, сондай-ақ Республика үкіметінің жасасқан халықаралық шарттары мен басқалай да міндеттемелеріндегі нормалардан тұрады.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес құқық шығармашылық ісінің субъектісіне халық, Президент, Парламент, Үкімет, орталық атқарушы органдары жатады.

Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесі құқықтық жүріс-тұрыстың (мінез-құлықтың) абстрактілі - жалпыға бірдей ережелері (бұл ереже біркелкі қоғамдық қатынастардың жиынтығын реттейтіндігі белгілі) жиынтығы деп ұғынуға негізделеді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы құқықтық жүйесінің ерекшелік белгісіне адамның табиғи құқықтары мен бостандықтары басымдылығының конституцияда танылуы және сонда баяндалуы жатады.

Құқықтың негізгі қайнар көзіне жоғары өкілетті орган Парламент қабылдаған немесе бүкілхалықтық сұрау салудың (референдум) барысында қабылданған заң жатады.

Мысалы, 1995 жылы тамыз айының 15-і жұлдызында ҚР-ның қазіргі қолданылып жүрген Конституциясы бүкілхалықтық сұрау салудың (референдумның) барысында қабылданған болатын. Осы Конституцияға 1998 жылы қазан айының 7 жұлдызында он тоғыз түрлі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттің негізгі заңы болып табылады. Сондай-ақ бұл заң кейінгі бүкіл заңдар (конституциялық және жай) үшін және заңға сәйкес актілер үшін құқықтық негіз болып табылады.

Барлық заңдар мен заңға сәйкес шығарылатын актілердің (Қазақстан Республикасында) Конституцияға сәйкестілігін бақылауды Конституциялық Кеңес жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде маңызды рөлді салалық сипаттағы кодификацияланған нормативтік-құқықтық актілер-кодекстер атқарады. Оларда әдеттегі заңдардың заңдық күші болғанымен, өздерінің мәні бойынша орталық орында тұрады, сөйтіп заңдардың тиісті салаларында жетекшілік рөл атқарады.

Атқарушы биліктің әр түрлі органдары қабылдаған заңдық негіздегі нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қадағалауды Қазақстан Республикасының прокуратурасы жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасында әдет-ғүрып құқықтың қайнар көздері жүйесінде қосымша рөл атқарады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінде (жалпы бөлім) іскерлік айналым әдет-ғұрпы азаматтық заңдардың қайнар көзі болуы мүмкін деп көрсетілген.

Қазақстан Республикасында соттар құқық жасаушы (шығарушы) болып табылмайды, Олар жаңа құқық нормаларын жасауға құқылы емес. Дегенмен, оның өз істерінде қолданатын нормативтік құқықтық актілерді түсіндірмелеуде мол еркіндікке ие. Мысалы, ҚР Конституциясының 78-і бабында "сәйкес" соттар адам және азаматтардың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын заңдар мен басқалай да нормативтік құқықтың актісі адам жөне азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына қысым келтіреді деп таныса, онда сол іс бойынша өндірісті уақытша тоқтатылғаннан соң ол сот бұл жөнінде Конституциялық Кеңеске аталған актінің Конституцияға сай еместігінің танылуын сұрап өзінің ұсынысын кешіктірмей жіберуі тиіс.

Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының құқықтық нормативтік сипаты болады.

Қазақстан Республикасы құқықтық жүйесінің манызды ерекшеліктерінің біріне Конституцияның үстемділік қағидатын жатқызамыз. Осы қағидаттың түрлі аспектілері болады. Мемлекет және құқық теориясында "құқықтық мемлекет" және "Конституциялық мемлекет" деген ұғымдар бір-біріне сәйкес дәл келеді деген пікірлерде көрініс беруде, өйткені жоғары құқықтық ойлар мен қағидаттар Конституцияда орын алған ғой. Сондықтан Конституция үстемділігі мемлекеттің Конституцияға бағыныштылығын білдіреді, сондай-ақ бүкіл мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, лауазымды тұлғалардың және мемлекет пен қоғам болмысы аясындағы барлық азаматтардың қызметтері мен әрекеті нақ Конституцияның негізінде ғана құрылуы тиіс.

Сонымен, Қазақстанның аумақтық тұтастығы, құрылысының унитарлық (біртұтастық) формасы, басқаруының президенттік формасы осы Конституцияның үстемділігі қағидатына негізделген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші - конституциялық, сондай-ақ жай заңдар, басқалай да нормативтік құқықтық актілер Конституцияға қайшы келмеуі тиіс деген, барлық деңгейдегі мемлекеттік билік органдары, лауазымды тұлғалар мен бірлестіктердің Конституцияны бұлжытпай сақтауы тиіс екендігін білдіреді.

Айрықша заңда атап көрсетілген және онда баянды етілген ереже Конституцияға қайшы келетін нормативтік құқық акті немесе олардың жекелеген құқықтық нормалары мен ережелерінің заңдық күші болмайды, сондықтан оның күші жойылған деп саналады.

Конституцияның ең жоғары заңдық күшіне сілтеме жасап тұрған аса маңызды сипаттарының бірі ретінде конституцияның тікелей қолданылатын сипатын атап көрсету жөн.

Бұл қағида Конституция нормаларын мемлекеттік органдар тек (тікелей) олардың өздері реттейтін қоғамдық қатынастарға ғана қолдануы тиіс екендігін білдіреді.

Конституцияның тікелей күші (әрекет етуі) оның құқық жасампаздық рөлінен де көрінеді, өйткені Конституцияда нақты заңдардың әрекет ету күшіне тікелей сілтеме жасалады. Сондай-ақ онда мемлекеттік биліктің жоғары органдарының норма шығармашылығы ісіндегі өкілеттіліктері анықтап көрсетілген.

Конституция нормалары мына жағдайларда: регламентациялауға (тәртіп белгілеуге) жататын қоғамдық қатынастарды реттейтін - арнайы нормалар болмаса; егер қоғамдық қажеттілігі бола қоймаса және егер бар нормалар Конституция нормаларына қайшы болып келгенде тікелей немесе сатысыз қолданылады.

Құқық негіздеріне (қайнар көздеріне) сондай-ақ халықаралық шарттар да жатады, дегенмен ондай шарттардың бөрі емес, тек олардың республикада ратификацияланғандары ғана жатады.

Ратификация - Республиканың өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігін Қазақстан Республикасы парламентінде қаралып бекітілуі түрінде мемлекеттің берген ризалығы (мақұлдауы). Қазақстан Республикасы парламентінің ратификациялануына жататындар:

1) орындалуының барысында қолданыстағы заңдардың өзгертілуін немесе жаңа заңдардың қабылдануын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңдарында қарастырылғаннан басқа ережелер белгілеуді талап ететін шарттар;

2) Қазақстан Республикасының мемлекеттің шекараларының өтуін (жүруін) белгілеу туралы шарттарды қоса алғанда ҚР-ның басқа мемлекеттермен болатын аумақтық межелерін белгілеу туралы шарттар;

3) қарусыздандыру немесе халықаралық татулық пен қауіпсіздік, сондай-ақ бітім шарты мен ұжымдық қауіпсіздік шарттары мәселелері бойынша халықаралық қатынастар негізі туралы шарттар;

4) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық одақтарға, халықаралық ұйымдар мен басқа да бірлестіктерге кіру (қатысу) шарты, егер де мұндай шарттар Қазақстан Республикасының егемендік құқықтарының бір бөлігін оларға жүзеге асыруға беру қарастырылса немесе олардың органдарының шешімдері Қазақстан Республикасы үшін заңдық міндеттілігін белгілейтін болса;

5) Мемлекеттік қарыздар мен Қазақстан Республикасына экономикалық және басқалай да көмек беру туралы шарттар.

Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен шартқа отыруында оны ратификациялау туралы уәде байласқан халықаралық шарттары ратификациялауға жатады.

Сонымен мемлекеттің аса маңызды елеулі мүдделерін, тіпті елдің егеменді құқықтарына дейін қамтып қозғайтын, мемлекеттік маңызы зор болып келетін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарды ратификациялауға жатады.

Сондықтан да халықаралық шарттарды ратификациялаудың алдында олардың Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестілігі қаралады, талқыланады. Президенттің Сенат пен Мәжіліс төрағаларының және Парламенттің (жалпы санының бестен бір бөлігінен кем емес депутаттарының), Премьер Министрдің өтініші бойынша Конституциялық Кеңес Республика халықаралық шартының ҚР Конституциясына сәйкестігін ратификациялауға дейін қарап талқылайды. ҚР Конституциясына сәйкес емес деп танылған халықаралық шарттар ратификациялауға жатпайды және күшіне ендірілмейді.

ҚР Парламенті ратификациялаған халықаралық шарттар Республика заңдары алдында басымдылыққа ие. Егер де Конституциядағы жай заңдар мен Конституциялық заңдардың ара шегі ажыратылған дегенге сүйенер болсақ, онда Қазақстан Республикасы Парламенті ратификацияланған халықаралық шарттар жай заңдар алдында ғана басымдылыққа ие болуы ықтимал.

ҚР Парламенті ратификациялаған халықаралық шарттар тікелей (сатысыз) қолданылады. Бұл дегеніміз мұндай шарттар, ондағы құқықтық нормалар өздеріне лайықты қоғамдық қатынастарды реттейді, осы қатынастарға қатысушылардың құқықтарын, міндеттерін, жауапкершіліктерін туындататындығын білдіреді.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес барлық заңдар және Қазақстан Республикасының өзі олардың қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар баспасөзде жарияланады.

Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған ҚР-ның заңдары, қаулылары мен басқалай да актілері қазақ және орыс тілдерінде шығатын "Егемен Қазақстан", "Заң", "Казахстанская правда", "Юридическая газета" газеттерінде жарияланып тұрады. ҚР-ның заңдары аталған басылымдар мен олардың ресми қосымшаларында жеті күн ішіндегі мерзім (президент қол қойған күннен бергі) немесе олардың қабылдауынан жеті күннен кешіктірмей жарияланады. КР-ның заңдарын "Парламент ведомстволары" мен "Егемен Қазақстан", "Казахстанская правда" газеттеріндегі жариялануы ресми болып табылады.

Аталған актілердің бәрі басқа басылым органдарында жариялануы, теледидар мен радиодан, телеграф бойынша тиісті органдарға жіберілуі, сөйтіп қалын бұқараға таратылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының заңдары, нормативтік сипаттағы Парламенттің басқа да актілері республика аумағында жарияланғаннан он күн өткеннен кейін өзінің күшіне енеді. Заңдардың көрсетілген мерзімде өз күшіне енуі Республика Парламенті белгілі бір актіні қабылдағанда оның өз күшіне енуінің басқаша мерзімін белгілеген жағдайда заңның күшіне енуінің жоғарыда аталған мерзімі қолданылуға жатпайды. Ратификациялауға жатпайтындарға Қазақстан Республикасы үшін өз күшіне енген мемлекетаралық және үкіметаралық шарттарды атаймыз. Сондай-ақ Президенттің аталған жарлығы келтіріліп белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылып Қазақстан Республикасының Үкімет аралық шарттарға қосылуы "Қазақстан Республикасы Президенті актілері мен ҚР-сы Үкіметінің актілері жинағында" жарияланады. ҚР-сы үшін күшіне енген халықаралық шарттар және оған қоса ведомствоаралық, сондай-ақ Президент Жарлығы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеті қосылған шарттары "Халықаралық шарттар, келісімдер және Қазақстан Республикасының жекелеген заң актілері Бюллетені" басылымында жарияланады.

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары, олардың бір-біріне ұқсас шетел тілдерінде жасалған мәтіндері осы тілдердің бірінде ресми түрде қазақ жөне орыс тілдеріне тәржімаланып жарияланады.

Тап осы жағдайда Президенттің нормативтік жарлығы, Үкіметтің, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы соттың қаулылары, Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік актілері сөз болып отыр.

Пысықтау сауалдары:

1. Қазақстан Республикасы қолданыстағы құқығына (ҚР-сы Конституциясының 4-ші бабына) жалпы сипаттама беріңіз.

2. Қазақстан Республикасыңдағы құқық шығармашылығының субъектілерін атаңыз.

3. Қазақстан Республикасыңдағы құқықтың қайнар көздерін атаңыз.

4. Қазақстан Республикасы роман-германдық құқықтық жүйеге жатады деген қорытындыны дәлелдеңіз.

5. ҚР-сы Конституциясының үстемділік қағидаты (принципі) нені білдіреді?

6. Қазақтан Республикасының бүкіл аумағында Конституцияның тікелей күші болады деген қағиданың мағынасын ашып көрсетіңіз.

7. Ратификация ұғымының мағынасын ашып көрсетіңіз.

8. Халықаралық шарттардың қайсылары ратификациялауға жатады?

Жиырма жетінші тақырып. ОСЫ ЗАМАНҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша осы бүгінгі күнде Жер ғаламшарында 230-ға тарта мемлекет бар көрінеді. Алуан түрлі мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды зерттеу-зерделеу үшін заң ғылымында құқықтық жүйе ұғымы қолданылады.

Құқықтық жүйе — нақты мемлекеттің тұтастай алынған құқықтық болмысының бәрі. Құқықтық жүйе ұғымына құқықтық құбылыстардың мол тобы - нормативтік, ұйымдық, мәдени-әлеуметтік аспектілер, құқық феноменінің жақтары кіреді.

Құқықтық жүйенің құрылымы құқықтық құбылыстардың 3 топтамасынан тұрады:

а) заң нормалары, қағидаттар, институттары (нормативтік жағы);

б) құқықтық мекемелердің жиынтығы (ұйымдастыру жағы);

в) осы қоғамның өзіне тән құқықтық көзқарастардың, түсініктердің, идеялардың жиынтығы, құқықтық мәдениет (идеологиялық жағы).

Әрбір мемлекеттің құқықтық жүйесі қоғам дамуының заңдылықтарын, оның тарихи, ұлттық, мәдени ерекшеліктерін бейнелейді. Әрбір мемлекеттің өзінің құқықтық жүйесі болады. Оның басқа мемлекеттердің құқықтық жүйелерімен ортақ болып келетін ерекшеліктерімен қатар, сондай-ақ айырмашылықтары да яғни өзгешеліктері де болады.

Құқықтық жүйенің дамуына қоғамның бүкіл рухани мәдениеті, дін, философия, өнеге, имандылық, көркемдік мәдениет, ғылым ықпал жасайды. Құқықтық мәдениетке саясат және саяси мәдениет зор ықпал тигізеді. Ежелгі Қытай, Үндістан, Мысырда, Рим мемлекетінде құқықтық жүйелер дін мен табиғи түрде өзара байланысты болып келетін.

Құқықтық жүйелердің дамуында сабақтастық байқалады. Мысалы, дәстүрлі құқықтық құндылықтар жаңа құндылықтармен өзара ықпалдасады. Ал, бұл жаңа құндылықтарды басқаруға құқықтық жүйеден немесе жүйелерден дәстүрлі құқықтық жүйе қабылдап алып жатады.

Құқықтық жүйелер өздерінің элементтерінің ұқсастығы, тұтастығы бойынша топтарға "құқықтық жүйелерге" бірігеді.

Құқықтық жүйелерді бөлу және жіктеудің белгілеріне мыналар жатады:

1) идеологияны, дінді, философияны, экономикалық және әлеуметтік құрылымдарды қоса алғанда;

2) заң техникасы, құқықтың қайнар көздері мұның негізі болады.

Осы белгілерді негізге ала отырып құқықтық жүйелердің мынандай түрлерін атап көрсетуге болады - роман-германдық, ағылшын-американдық, социалистік, діни және дәстүрлі құқықтық жүйелер.

Романо-германдық құқықтық жүйе – көптеген мемлекеттердің құқықтық жүйелерін біріктіреді. Бұл мемлекеттерге Франция, ГФР, Италия, Испания, Швеция, Дания, Латын Америкасының барлық мемлекеттері, Таяу Шығыс елдері жатады. Бұл құқықтық жүйенің ықпалы Жапония, Индонезия т.б. мемлекеттердің құқықтық жүйелерінде өз көрінісін тапты.

Роман-германдық құқықтық жүйе рим құқығын рецепциялаудың нәтижесі болып табылады, яғни мұнда құқықтың негізінде рим құқығының жетістіктері алынған. Роман-германдық құқық жүйесінің негізгі сипаттарына мыналарды жатқызуға болады.

1. Роман-германдық жүйесі бар барлық елдерде жазбаша конституциялар бар, бұлардың нормаларында ең жоғары заң күші бар деп танылады.

2. Әдеттегі заңдардың үш түрі бар: кодекстер, арнайы заңдар, ағымдағы заңдар, және нормалар мәтіндерінің жинағы.

3. Құқық негіздерінің арасында заңға негізделген нормативтік актілердің (регламенттердің, әкімшілік бұйрық-жарлықтардың, министрлік декреттерінің және т.б.) рөлі едәуір.

Роман-германдық құқықтық жүйеге кіретін елдердегі қызмет істейтін судья заңдық істі шешуде көбінесе тек істі бағалау процесін жүзеге асырады.

Ағылшын-американдық құқықтық жүйе немесе жалпы құқық жүйесі

Бұл құқықтық жүйе Англияға жөне Британия империясының бұрынғы отарларына тән. Англиядан басқа бұл құқықтық жүйе АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, сондай-ақ Британия достастығына кіретін. 36 мемлекеттерге таралған.

Заңтану әдебиеттерінде ағылшын-американдық құқықтық жүйе кейде негізгі құқықтық жүйесі деп аталады. Жалпы құқық (Coman Law) тарихи түрде Англияда қалыптасқан және оның бұлай деп – аталуы оның бүкіл Англия аумағында тарауымен байланысты болған (оның қалыптасу кезеңі Х-ХІІІ ғасырлар) және бұл құқықтық жүйе сот әдет-ғүрыптары түрінде заңдардың қатысуынсыз пайда болып азаматтық сот істерін жүргізуде ел королінің қол астындағы азат азаматтардың бәріне таралған болатын.

"Жалпы құқық" жүйесі өз негізінде соттар жасаған үлгі іс құқығы (құқықтық үлгі іс) болатын.

Ағылшын-американдық (саксондық) құқықтық жүйенің негізгі ерекшелік белгілері төмендегідей болып келеді:

1. Сот құқық жасаушы (шығарушы) болады.

2. Кодификацияланған заң болмайды. Мысалы, Англияда жазбаша Конституция жоқ.

3. Сот шешімдері (прецеденттері, яғни үлгі істері) заңдармен қатарлас қолданылып құқықтың қайнар көздері болып табылатын. Ұқсас істерді қарағанда оларды шешім қабылдау үшін басқа соттар үлгі ретінде қолданатын болған.

4. Сот билігі қандай да болмасын басқа биліктерден автономиялы (дербес) болады, прокуратура, әкімшілік, әділет (мекеме, қызмет) болмайды.

Діни-дәстүрлік құқықтық жүйелер

Осының алдында сипатталған жүйелерге қарағанда Азия мен Африканың көптеген елдері құқықтық жүйелерінің тұтастығы аталған жүйелерге тән дәрежесі болмайды.

Бұл мемлекеттердің құқықтық жүйелерінің ерекшеліктері – құқықты олардың басқаша түсінетіндіктеріне байланысты, мұнда қоғамдық қатынастар құқықтық жолмен емес басқаша – діни-дәстүрлік тәсілмен реттелуі тиіс деген сенім, пікір Қиыр Шығыс, Африка, Мадагаскар елдеріне таралған.

Осылардың арасынан қазіргі күнге ен кең таралғаны мұсылман құқығы болады.

Мұсылман құқығы – бұл діни нысанда баяндалған және мұсылман діні исламға негізделген нормалар жүйесі. Ислам діні бойынша барлық әдет-ғұрып Алланың әмірімен жаратылған. Оны құран аяттары, сүрелері түрінде өзінің пайғамбары Мұхаммед арқылы тарихтың белгіленген мерзімінде, адамдарға мағынасын ашып тарат деп Алланың өзі берген көрінеді. Мұсылман құқығы адам болмысының әлеуметтік салаларының барлық аяларын түгел қамтиды. Алланың адамға берген құқықтары оған біржолата мүлдем берілген. Дегенмен құдайдың жіберген жаңалықтары (құқықтары) түсіндірулер беру мен талқылауларды қажет етеді.

Мұсылман құқығының негізгі төрт қайнар көзі бар:

а) құран — исламның (мұсылман дінінің) қасиетті кітабы;

б) сунна немесе Алланың пайғамбары, Мұхаммедтің өмірі мен істеріне байланысты дәстүрлер;

в) Иджма немесе мұсылман коғамының бірыңғай келісімі;

г) Кийас немесе ұқсастығы бойынша пікір түю (пайымдап ой жүгірту).

Мұсылман құқығының негізгі белгілері:

1) бірнеше құқықтық институттардың жалпы догмаға айналуы;

2) нормалардың казуистикалығы (жалпы догмаға айналуы);

3) нормаларда жүйеліліктің болмауы;

4) әдет-ғұрыптардың мұсылман құқығында орын алмауы (оған кірмеуі).

Тұтастай алғанда мұсылман құқығы адамдардың дінге және наным-сеніміне негізделген құқық.

Ислам (мұсылман діні) әлемдік үш діннің ішіндегі ең жасы, дегенмен сонда да болса ең кең таралғаны. Бұл діннің құрамында теология да бар, ол догмаларды (соқыр сенім қағидаларын) орнықтырады және не нәрсеге сенуі керек екендігін анықтайды. Исламның құрамында сондай-ақ шариғат та бар. Шариғат дегеніміз мұнда дінді ұстанушыларға берілген нұсқау, ұйғарым, онда қандай істерді істеуге болатындығы, қандай істерді істеуге болмайтындығы көрсетілген. Шариғат дегеніміз адамның "жүретін жолы", ал мұның өзі дұрысын айтқанда мұсылман құқығы.

Шариғат адамдарға жүктелген міндеттер идеясына негізделген. Міндеттерді орындамаудың салдары оны орындамай бұзғанның күнәсі болады. Сондықтан да мұсылман құқығы осы норманың өзі белгілеген санкцияларға көңілді молынан бөледі.

Мемлекет дегеніміз діннің қызметшісі. Осындай қызметші мемлекеттердегі бар Конституциялар, заңдар мен басқалай да актілер исламның (мұсылман дінінің) талаптарына сай болуы тиіс.

Индуизм діні құқығы — діни-дәстүрлік жүйенің екіншісі және ол әлемдегі жүйелердің ең ежелгісіне жатады. Бұған Үндістан, Пәкістан, Бирма, Сингапур, Малайзия елдері жатады, Африканың Шығыс жағалауындағы Танзания, Уганда, Кения және тағы басқа да елдер жатады. Исламшыларды белгілі бір діни догмаларды қабылдауды міндеттейді.

Индуизм діні құқығына тән белгілер:

1. Адамдар өздерінің туған сәтінен бастап әлеуметтік касталарға бөлінген және әрбір кастаның өзіне тән құқықтар мен міндеттері және тіпті өнегелілік те жүйесі бар.

2. Жүріс-тұрыстарды (мінез-құлықтарды) реттеуші ретінде әдет-ғұрыптарды пайдалана беруге ризашылық (рұқсат) беріледі. Ал әдет-ғұрыптар тым көп, және түрлі-түрлі болып келеді.

3. Қауымдар құқығымен қатар заңдар, сот прецеденттері де бар.

Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесі

Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесі өзінің даму кезеңін бастан өткізуде.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан соң әртүрлі факторларды ескере отырып өзінің құқықтық жүйесін қалыптастыру ісіне белсенді түрде кірісті.

Толығымен алғанда Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесі роман-германдық құқықтық жүйеге бәрінен де жақын. Мұндағы құқықтық жүйеде құқықтың негізгі қайнар көздері нормативтік құқықтық актілер болып табылады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасында Конституция нормалары күші бар құқық болып табылады, және де Конституция нормаларына сай заңдардағы, басқа да нормативтік құқықтық актілердегі, Республиканың халықаралық шарттарындағы және басқа да міндеттемелеріндегі нормалар, Конституциялық Кеңестің және Республика Жоғарғы сотының нормативтік қаулыларындағы нормалар күші бар құқық болып табылады.

Пысықтау сауалдары

1. Осы заманғы жүйелерді жіктеп бөлугерге негіз болатындарды, яғни белгілерді атаңыз.

2. Құқықтық жүйе ұғымын түсіндіріңіз.

3. Роман-германдық құқықтық жүйеге сипаттама беріңіз.

4. Ағылшын-американдық (яғни саксондық) құқықтық жүйенің ерекшеліктерін баяндап беріңіз.

5. Мұсылман құқықтық жүйесінің айырымдық белгілерін атап-атап көрсетіңіз.

Жиырма сегізінші тақырып. ЭКОНОМИКА, ҚҰҚЫҚ, САЯСАТ, МЕМЛЕКЕТ

Осы тақырыптың мазмұнын ашып көрсету үшін экономика, саясат, құқық, мемлекет, нарық тәрізді санаттарды айқындап алу қажет.

Экономика дегеніміз қоғамдық қатынастардың жиынтығы, нақты қоғамның өндіріс тәсілі.

Саясат дегеніміз қоғамды басқару өнері. Мұның өзі билік жайында, таптар мен партиялар, ұлттар мен мемлекет араларында болатын қатынастарды (бір жағынан) және халықпен болатын қатынастарды (екінші жағынан) сипаттайды.

Құқық дегеніміз мемлекеттің өзі белгілеген, әрі қамтамасыз ететін және де қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, қоғамдық, таптық ерік-ықтиярды (қоғамның таптық нақты мүдделерін) білдіретін жалпыға бірдей міндетті, формалды түрде анықталған құқық нормаларының жүйесі.

Мемлекет дегеніміз бұқара көпшіліктің саяси билігі немесе биліктің саяси ұйымы. Осы ұйым арқылы қоғамның өмір болмысы ұйымдастырылады, қоғамды басқару (яғни саясат) жүзеге асырылады, жалпыға бірдей міндетті құқықтық нормалар шығарылады. Мемлекет өзінің билігін тәсілдер мен амалдар арқылы жүргізеді.

Нарық (рынок) дегеніміз сатушылар мен сатып алушылар араларындағы экономикалық қатынастар. Оның негізгі элементтері сұраныс (сұраным) ұсыныс (ұсыным) және баға болып табылады. Нарық және нарықтық қатынастар жағдайында құқық пен мемлекет экономикаға өз ықпалын бір мағыналы емес түрде тигізеді. Бір жағынан алғанда экономиканың даму заңы объективтік заңдылық ретінде болады. Құқық пен мемлекет оларға жанамалай ықпал етеді. Басқа жағынан алғанда осы заңдылықтарды мемлекет құқық нормалары түрінде баянды етеді. Осының өзі арқылы экономикаға шешуші ықпал тигізеді. Экономиканың басым бағыттары мемлекетті тікелей қолдайды, ал мемлекет болса оның басым бағыттарын дамытуға жағдайлар жасап ынталандырады, олардың стратегиялық бағыт-бағдарын айқындап береді. Мемлекеттің қолдауынсыз экономика тиісті түрде дами алмайды. Экономика аясын мемлекеттің бақылауы тікелей және жанама түрде жүргізіледі.

Тікелей мемлекеттік бақылауға жататындар:

- қаржылық бақылау;

- экологиялық бақылау;

- санитарлық бақылау;

- өрт болғызбауды бақылау;

- салмақ өлшемі мен ақша бірлігін бақылау;

- өнім сапасын бақылау.

Осы және басқалай да бақылау шаралары құқықтық және ұйымдық түрде жүргізіледі. Мұның өзі құқық шығармашылығы ісінде және құқықты жүзеге асырудың барысында атқарылады.

Нарықтық экономикада сұраным мен ұсынымды және бағаны алдын-ала әрдайым және бәрін де болжалдауға құқықтық ықпал жасаудың тиімділігі жөнінде сөз ету тіпті де артық. Мұндағы көптеген процесстерді реттеу құқықтың билігінде емес.

Сондықтан да нарықтық қатынастарды реттеудің негізгі бағыттарын құқық анықтауы тиіс, оны дәлдеп айтар болсақ:

1. Нарық дамуының мақсаты бағдарламаларды белгілеп алу және анықтау болып табылады. Заңдарда оның тек қана жалпы бағдарларын нұсқап көрсетуі тиіс. Ал азаматтар үшін "заң арқылы тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етілген" деген қағидаттың күші басшылыққа алынуы жөн. Ал тыйымдарды белгілеуде және оларды қоғамда орнықтыруда өздерінің табиғатында ізгілікке қайшы келетін, табиғилыққа қарсы болатын жәйттерді ғана тыйымдаудың аса қажет екендігін бірінші орынға қою қажет.

2. Заңдар меншіктің барлық түрлерін баянды етуі және кепілдендіруі һәм қорғауы тиіс.

Пысықтау сауалдары

1. Құқық пен мемлекеттің және экономиканың өзара ықпалдасуы мен байланыстылығын ашып көрсетіңіз.

2. Нарықтық экономикадағы мемлекет пен құқықтың атқаратын рөлі қандай?

Жиырма тоғызыншы тақырып. ҚҰҚЫҚ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ АДАМЗАТ ҚОҒАМЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ПРОБЛЕМАЛАРЫ

XXI ғасырға аяқ басқан осы заманғы әлемнің ерекшелігі оның бүкіл жалпылық ғылыми-техникалық төңкеріс пен ғылыми-техникалық прогрестің аясында болып отырғаны.

Сондықтан да қазіргі таңда қашама түрлі мәселелер мен проблемалар әлемдік сипат алуда, олар әрі күн санап туындау үстінде туындауда.

Ғаламдық саналған проблемалар бүкіл жер шарының халқын қамтып отыр. Сөйтіп олар бүкіл жалпылық, яғни әркімге және өрбір мемлекетке қатысты жағдайға жетті. Сондықтан да жекелей алынған бір мемлекеттің күшімен олардың шешілуі мүмкін емес. Оларға тән белгілер мынандай:

- біріншіден, бұл проблемалар бүкіл адамзат мүдделерін қозғайды, перспективасы мен келешегіне көз салсақ, онда адам қоғамының да жалпы ғаламшарлық сипаты бар;

- екіншіден, бұл проблемалардың өздері коғам дамуының объективтік сипаттамасы ретінде көрінеді (білімнің барлық немесе көпшілік салаларында);

- үшіншіден, бұл проблемалардың шешілмеуі, адамзаттың келешегіне (болашағына) қауіп төндіреді, қоғамның әрі қарайғы дамуына кедергі болады;

- төртіншіден, бұл проблемалар әлем қауымдастығының, немесе мемлекеттердің көпшілігінің күш біріктіруі негізінде ғана шешілуі мүмкін;

- бесіншіден, бұл проблемалардың шешілу жолы халықаралық құқықтың басымдылығын болжалдайды. Яғни барлық мемлекеттердің халықаралық құқықтық институционалдық механизмдері рөлін көтеруге, заңдық сипаттағы халықаралық дауларды шешуде халықаралық соттардың ең соңғы инстанция ретіндегі мәнін, саяси, аумақтық және ұлттық, т.б. дауларды реттеуді ара ағайындық және әріптестік негізде халықаралық келіссөздер жүргізудің маңыздылығын барлық субъектілердің жете түсінуі қажет.

Ғаламдық проблемаларға мыналар жатады:

- халықаралық ынтымақтастық және бейбітшілікті нығайту;

- адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету;

- ұлттық және халықаралық қауіпсіздік;

- экология;

- ғылыми-техникалық төңкеріс (революция) және олардың нәтижелерін мешеулікті жеңуге пайдалану;

- лаңкестік (терроризм) пен есірткі бизнесі, қылмыстар мен басқа да қоғамға қарсы құбылыстарға күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейту;

- адамдар аурулары, аштық-жалаңаштық, қайыршылық пен кедейшілік және басқалай да әлеуметтік болмыстағы жат құбылыстармен күресу проблемалары.

Аталған проблемалар топтамасы өзара тығыз байланысты, сондықтан олардың шешімінің табылуы да өзара байланысты жөне де ол кешенді түрде болуы тиіс. Олардың мазмұнын мынадай түрде нақтылауға болады:

1. Әлемдік ядролық апатты болдырмау, қару-жарақты жаппай шығаруды, атом құруын сынауды тоқтату;

2. Экономикалық, саяси, экологиялық, рухани және мәдени және де басқа салаларда халықаралық ынтымақтастық пен әріптестікті қамтамасыз ету;

3. Дамыған және даму кезеңін бастан кешіріп отырған мемлекеттер араларындағы экономикалық алшақтықты жою;

4. Энергия-шикізат, азық-түлік, өндірудегі демографиялық дағдарыстарды жою немесе азайту, экология талаптарын бұзбау, сақтау, ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру және т.б. Басқаша айтқанда адамдардың тіршілік етуіне, қалыпты өмір сүруіне және қолайсыз табиғи ортада тірі қалуына жағдайлар жасау (мұның өзі адаммен оның тіршілік ету ортасына қатысты өзара қатынастар болып табылады);

5. Денсаулық сақтау жөне білім беруде, тұлғаның әлеуметтік және рухани дамуына ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалану және т.б.;

6. Лаңкестік, есірткі бизнесі, ұшақтарды жару, қылмыскерлердің шет елдерге қашып әділ соттан бой тасалауға жасаған талпыныстары, ұрлықы дүниелерді өткізу немесе шекарадан тысқары аумақтарда қылмыстық жолмен алынған табыстарды "жуып-шаю", яғни "тазарту", есірткілерді заңсыз айналымға салу, мәдени құндылықтарды "тазарту" және қару-жарақ саудасын заңсыз жолмен жүргізу және тағы басқалай да қылмыстармен күресуде халықаралық ынтымақтастықтар жасауға дейін бару;

7. Адамдардың аса қатерлі аурулары болып табылатын СПИД, туберкулез, қатерлі ісік, сонымен бірге аш-жалаңаштық пен күресуде халықаралық ынтымақтастыққа сүйену. Қазақстан Республикасы үшін бүгінгі таңда ерекше алаңдаушылық тудырып отырған ел ішінде СПИД пен туберкулез ауруымен ауырғандар санының көбеюі болып отыр. Ғаламдық проблемалардың бірсыпырасын қарастырайық:

Мемлекет, құқық және экология

Қоршағам ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік проблемалары бүкіл проблемалардың ішіндегі ең кіндігі. Міне, осы аталған проблемалармен адамзат ХХ-ы ғасырда бетпе-бет кездесіп отыр, міне осылар ғаламдық болып танылып отыр. Адамның тіршілік етуі тәуелді болып отырған осы проблемалар қалай болғанда да экологияға байланысты. Мысалы, термоядролық қару қолданылатын әлемдік соғыс бола қалған жағдайда әлемнің барша халқының жойылып кетуі ықтимал. Адамдардың тіршілік етіп отырған ортасы - табиғат жойылып кететіні ақиқат. Осының өзі жер бетінде өмір-тіршіліктің болу-болмауына қатер төндіреді. Яғни, адамзат тағдыры екіталай жағдайға тап болады. Ғаламдық проблемалармен өте тығыз байланысты экология проблемалары дедік, ал енді осы экология проблемалары демографиялық, энергетика (қуат көздерін игеру мен пайдалану), ғылыми-техникалық және тағы басқалай да проблемаларды бірінен соң бірін туындататынын бұқара көпшіліктің бәрі біле бермейді, Сондықтан да осы проблемалардың шиеленісіп кетпей тұрған шағында бұлардың алдын алу қоғамның ұйымдасқан күштерінің ең көкейтесті қамы болған абзал.

Қоршаған ортаға адамның, адам тіршілігінің теріс ықпалы көп бағыттар бойынша болып та, жүріп те жатыр. Олардың бірсыпырасы мыналар: Атмосфераның ластануы:

Атмосфераға жыл сайын техногендік жөне т.б. 200—400 миллион тонна шаң-тозаң, 150 миллион тонна күкіртті ангидрид, 700 миллион тоннаға шамалас зиянды химиялық заттар шығарылып, олар айналаны ластап жатады. Ал енді ғаламшардың индустриалдық жағынан аса дамыған аймақтарындағы ластану табиғи ластанудан мыңдаған және одан да кеп есе артық мөлшерде болуда.

ХХІ-і ғасыр қарсаңында адамзат ғаламдық проблема болып табылатын климаттың жылу жағына қарай ғаламдық өзгеріске ұшырауымен беттесіп отыр.

Ғаламдық жылыныспен байланысты туындаған жекелеген айғақтарды (оқиғаларды) сипаттайтын мысалдарды келтіру қажеттілігін тізбелеп көрелік. Мұның өзі әсіресе жер ғаламшары полюстеріндегі ахуалға тән. Өз кезегінде полюстердегі өзгерістер Оңтүстік Америка мен Европадағы климатқа ықпалын тигізді. Мысалы, 1995 жылдың қаңтар айында Аргентина ғалымдары Антарктика континентінің Ларсен мұзды қайраңынан ұзындығы 65 километр болып келетін мұз жарығын тапқан-тын. Орасан зор алып айсберг өте қалың мұз тақтадан бөлініп қалған. Ал мұның өзі 20 мың жыл бойында тұтас күйінде болғаны өте-мөте ықтимал! Олай дейтініміздің себебі бұл айсбергтің қалыңдығы 200 метр және де үстінің аумағы 2 мың 900 шаршы километрді алып жатыр. Осы себеп болып Антарктика жағалау шегінін өзгеруіне алып келеді. Осыған сайма-сай келетін өзгерістер географиялық карталарға енгізілуде. Кейбір ғалымдардың болжауы бойынша, климаттың жылынуы Антарктика мұзды қайранының бұзылуына алып барады. Ал климаттың жылынуы жақын 10 жыл ішінде болады. Ал біздің көріп отырғанымыз Антарктика мұзды қайраңы бұзылуының қазірдің өзінде-ақ басталғаны және климат жылынуының басталып-ақ кеткені.

Сондай-ақ Антарктика континенті атмосферасының ең үстіңгі қабатындағы озон тесігінің ұлғая түсуі аса зор алаңдаушылықты тудырып отыр. Антарктика континенті атмосферасының озон қабатындағы зор тесік бұрынғы кездердегіден де ұлғайған үстіне ұлғая түсуде - делінген АҚШ-тың Аэронавтика мен ғарыш кеңістігі бойынша ұлттық Басқармасының (НАСА-ның) 1997 жылғы қыркүйек айындағы пресс-релизінде. Антарктида атмосферасы озон қабатының бұзылуы салдарынан барып пайда болған орасан зор тесіктің аумақ мөлшері 28,3 миллион шаршы километрді алып жатыр деп бағамдалды, ал мұның өзі Америка Құрама Штаттары жер аумағынан үш есе асып түседі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының жабайы табиғатты қорғау қорының 1997 жылғы "ғаламдық жылынудың салдары" жөніндегі хабарларында жақын болашақтағы жүз жыл ішінде Ресейдің солтүстік ендігіндегі климат 70% өзгереді — деген мағлұмат келтірілген. Мұның өзі аталған ендікте тіршілік етіп жатқан флора мен фаунаның тең жартысының жойылуына апарып соқтыруы мүмкін. Климат сондай-ақ Исландияда да, Канада да, Скандинавия мен Балтық жағалауы мемлекеттерінде де өзгереді. Ғалымдар ертеректен бері парниктік күшті әсердің катері (қаупі) жөнінде ескерткен болатын. Алайда экология мамандарының топшылаулары ешқашанда адамды шошытарлықтай, нақты қорқыныштылығымен көзге ерекше түсе бермейтін.

Ғалымдар ең алдымен морждар мен полярлық аюлар қырылып қалады деп болжалдайды. Ал Канада да қылқан жапырақты ормандар жойылып бітеді. Парниктік күшті әсер тропиктік елдерге де қауіп төндіреді. Эфиопияда маймылдардың кейбір түрлері қырылып қалады. Мексика болса өздерінде тіршілік ететін көбелектерінен айырылады. Арктика мұздарының еріп кетуі барлық континенттердің жағалық шектерін адам танымайтындай өзгертіп жібереді. Осы мағлұматтар келтіріп отырған авторлар жан-жануарлардың ғаламдық масштабта жаңадан қоныс аударуларын сөз етеді. Дегенмен, әзірге белгісіз, жан-жануарлардың қандай түрлері климаттың өзгеруінен "озып" жаңа тіршілік ету ортасына жетіп алатындығы болып отыр. Ғалымдардың пікірінше жан-жануарлардың кейбір түрлеріне аман-есен болып тірі қалуы үшін қоныс аударуды осыдан 10 мың жыл бұрын болған "ұлы қоныс аударуға" қарағанда 10 есе жылдам болуы тиіс екен.

Климаттың жылынуы туып көбеюшілікке де яғни тұқымның өсіп көбеюіне де әсері бар деген қорытындыны Чикаго мен Бостон Университеттерінің ғалымдары да тұжырымдады. Тұқымның өсіп көбеюі азаяды, олай болатыны климаттың өзгеруі салдарынан табиғи биологиялық ырғақ бұзылады. Оңтүстік жарты шар теңіздеріндегі сулар температурасының жарты градусқа өсуінің өзі кораллдар мен планктондардың жаппай қырылуына апарып соғады, бұл болса қорегінен жұрдай болған балықтардың жаппай қырылуына алып келеді.

Енді Қазақстанға келетін болсақ, ауаның ғаламдық деңгейде жылынуы адам айтқысыз зор да жойқын зардаптарды туындатуы мүмкін. Қазақстан ғалымдарының бағамдауы бойынша климаттың өзгеруіне тосқауыл қою жөнінде шаралар қолданылмаған жағдайда алдымыздағы ғасырдың соңын ала атмосфераның төменгі қабаттарының температурасы 3 градусқа көтерілуі мүмкін, ал мұның өзі жаппай су тасулары қаупін тудыруы мүмкін. Қазақстанға мұның тікелей қатысы бар. Өйткені Каспий деңгейінің көтерілуі Оңтүстік Америкадағы мұхит суы температурасының көтерілуімен байланыстылығы анықталған жәйт. Осы соңғы жүз жылдың барысында Қазақстан аумағында маусымдық және жыл бойындық ауа температурасының орташа көрсеткіштерінің жоғары көтерілу тенденциялары байқалған, 1894-ші жылдан 1994 жылдар аралығында ауа температурасының жылдық орташа көтерілуінің көрсеткіші 1,3 градус шамасында болған. Қазақстан аумағының үлкен бөлігі климаттың өзгеруінен өте зардап шегетін аймақтарды алып жатыр. Сондықтан да температураның ылғи да тұрақты түрде жоғары көтеріліп отыруы елдің ауыл шаруашылығы орман және су шаруашылықтарына алапатты зардаптар мүмкін. Мұның тағы да басқа теріс ықпалы халықтың денсаулығына орасан зор нұқсан келтірілетіндігінде жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі жөніндегі Рама конвенциясының мағлұматтары бойынша 1990 жылы Қазақстан 200 миллион тонна көмір қос тотығы тастандысын өндірген болатын. Халықтың жан басына шаққанда (есептегенде) мұның өзі дүние жүзіндегі ен жоғары көрсеткіштің бірі болып табылатын.

Жер ғаламшарындағы климаттың өзгеруіне бүкіл әлем жұртшылығы алаңдаушылық білдіріп отыр. Келешекте адамзат баласының жойылып кетпеуі яғни сақталуы зор мәселе түрінде қойылуда.

Мемлекеттердің атқаратын қызметтері бірінші кезекте тұрғанын айтқан жөн. Осы салада атқарылған іс ретінде ең алғашқы және ең маңызды халықаралық құжаттың қабылданғанын айтуға болады. Климаттың өзгеруі туралы 1992-і жылы маусым айында Рио-де-Жанейро қаласында қол қойылған БҰҰ-ның Рамалық конвенциясы (жоғарыда аталынған) 1994 жылы 21 наурызда өз күшіне енген болатын. Бұл құжатты 165 мемлекет ратификациялады. Осы конвенцияда парниктік тастанды газдар мөлшерін азайту және бұл сала бойынша халықаралық ынтымақтастық механизмдері мен әрбір жақтардың (мемлекеттердің) міндеттемелері анықталған болатын. БҰҰ-ның осы Рама конвенциясы ережелеріне сай жүргізілген дайындықтың нәтиже фазасы Киото (Жапонияда) протоколына қол қою болды. Сонымен Киото протоколы БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі Рама конвенциясының тікелей жалғасы іспетті сипатталды. Конвенцияға қатысушы жақтар өздерінің алдына қойған ұзақ мерзімді мақсаттарына жету үшін міндеттеме алды.

Бұл міндеттемеде климаттың антропогенді себептерден ғаламдық өзгерулеріне дер кезінде көңіл бөлу және тиісті түрде құлақ асып, олардың әрі қарайғы етек алып кетуіне жол бергізбейтіндей саясат жүргізу, сонымен бірге бұл салада қалау-тілекке сай келетін нәтижелерге қол жеткізетін шараларды іске асыру және әрбір жақтардың өздеріне алған міндеттерін орындауы тиіс деген ереже-қағидалары бар.

Осы келтірілген міндеттер аталған конвенция бекіткен мемлекеттер қызметтерінің негізгі бағыттары болып табылады. Конвенцияның заңдық міндетті аспабы болып табылатын КИОТО протоколы өзінің жақтастары конференциясында (Жапонияның Киото қаласында 1997 жылы) қабылданды. Сөйтіп ол 1998 жылдан қол қоюшылар үшін ашық деп жарияланды. Осы хаттама бойынша Конвенцияның 1-ші қосымшасына енген жақтар (жақтастар) 2008-2012 жылдар аралығындағы кезеңде әр жыл сайын өздеріндегі өндірістерде өндіріліп шығып жатқан парниктік газдардың жиынтық тастандыларын 1990 жылдың деңгейімен есептегенде ең аз дегенде 5% мөлшерде азайтуы тиіс.

1998 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрлігінің сараптау комиссиясы БҰҰ-ы Рама Конвенциясының Киото Хаттамасына қосылу жөнінде қол қою туралы жөнінде өз шешімін қабылдады. Бұл қол қою әртүрлі елдердің және халықаралық қорлардың қаражаттарын Қазақстанға тартуға мол мүмкіндіктер береді. Сөйтіп еліміздегі қордаланып қалған экологиялық проблемаларды шешуге мүмкіндіктер береді деген болжам бар.

Судың ластануы

Жыл сайын 30000-нан аса әртүрлі химиялық, шамамен 1200 миллиондай тонна заттар әлемдік мұхитқа тасталып жатады, оның ішінде 6 миллиондай тоннасы мұнай.

Топырақтың ластануы

Жыл сайын біздің ортақ анамыз Жерде 20 миллион гектар жер өзінің құнарлығынан айырылып жатады, еске сала кететін жәйт, оның - 6 миллион гектары шөл далаға айналып жатады. Әрбір жылда топыраққа 4 миллионға жақын тонна улы химикаттар себілуде.

Ерекше түрде қатерлі болып келетіні радиоактивті ластану, ал мұның өзі ауаны, суды және құрлықта һәм әлемде мұхиттағы, өзен-көлдердегі суларды да, аралдарды да, әлемнің барлық тұстарын ластап жатады. Мұндай ластанулардың қауіптілігі Чернобыль атом электростанциясы апатындағыдай ғана емес, сондай-ақ қауіп-қатерді адамзатқа радиоактивті қалдықтардың да төндіретіні ақиқат шындық.

Жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің жойылу қаупі

Экологтардың мағлұматтары бойынша бүкіл дүние жүзінде 100-ге жақын жан-жануарлар мен өсімдіктердің түрлері жыл сайын жойылып отыратын көрінеді. Жойылудың аз-ақ алдында тұрған 50 000-ға тарта жан-жануарлар түрі бар көрінеді. Табиғатты қорғаудың Халықаралық Одағының жариялаған Қызыл кітабындағы жоғалып бара жатқан тек қана сүт қоректілер мен құстар жөнінде жинақталған тізімі көлемді 2 томды құрайтын көрінеді.

Өйткені жыл санау басталғалы өткен екі мыңыншы жылдың соңғы 2 жүз жылында яғни 19-20 жиырмасыншы ғасырларында орман алқаптары яғни ғаламшарымыздың тынысы екі есе азайып кетті, сөйтіп бейнелеп айтсақ тынысымыздың ғаламдық масштабта тарылуы басталды. Жыл сайын 11 миллион гектардағы орман алқаптары жоғалып отыратын болды. Американың тропикалық ормандарының 40%-і, Африканың тропикалық ормандарының 50%-і жойылып бітті. Жер бетінің өсімдік өсіп өнетін қыртысының 25%-і не жақын аумағы істен шығарылған. Бұрынғы болжауларда 2000-ы жылға қарай өсімдіктердің әрбір жетінші түрі жер бетінен жойылады деп пайымдалған болатын.

Мемлекет және құқық экологиялық проблемаларды шешуде төмендегідей түрде ықпалды әрекеттерге барады:

Біріншіден, табиғатты қорғау қызметтерін реттеу жөніндегі заңдарды іске асыруда оларды баянды етіп бекітілгендеріне мыналар жатады:

- табиғатты пайдаланудың режимі (белгіленген тәртібі);

- ерекше түрде қорғалынатын, режимді объектілерді олардың қызмет етулерін атап-атап белгілеу және жүзеге асыру;

- әлеуметтік және техникалық стандарттарды жасау және оларды болмысқа енгізуді қолға алу, жүзеге асыру;

- тиісті құқықтық ұйғарымдарды (бұйрықтарды, жарлықтарды) қорғау құралдары мен тіршілік ететін ортаны сақтауды іске асырудың барысын бақылау - қадағалаулар тәртібін болмыста жүзеге асыру;

- қылмыстық-әкімшілік құқықтық тыйымдарды болмыста іске асыру;

- табиғатты қорғау кызметін іске асыруда даулы мәселелерді шешудің, заң алдындағы жауапкершілікті жүзеге асырудың, лауазымды тұлғаларды заң жолымен қорғаудың рәсімдерін жасау.

Екіншіден, табиғат пен тіршілікті, қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған тиісті мемлекеттік органдардың құқық қорғау қызметтері, атап айтқанда:

- сот, прокуратура, ішкі органдардың ұйымдастырушылық қызметтері;

- табиғатты қорғау міндеттерін атқарып жатқан комиссиялар мен басқа да ұйымдардың (орман қорғау, балық ресурстарын қорғау және басқа да органдардың) ұйымдастырушылық қызметтері;

- тиісті мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен ұйымдар әкімшілігінің табиғат пен тіршілікті қоршаған ортаны қорғаудағы қызметтері.

Үшіншіден, халықаралық құқықтық қатынастар аясында мемлекеттің атқарып жатқан қызметі. Бұл тұста мына бағыттарды атап көрсеткен жөн:

- экологиялық істерді жүзеге асыруда қызмет атқарып жатқан халықаралық ұйымдардың жұмысына мемлекеттің қатысуы;

- табиғатты қорғаудың халықаралық ұйымы мен және осыған ұқсас үкіметтік емес басқалай да ұйымдармен ынтымақтасып табиғатты, қоршаған ортаны қорғау ісімен айналысу;

- табиғатты қорғау міндеттерін шешуге бағытталған халықаралық құқықтық келісімдер мен басқалай да құжаттарды жүзеге асыруды қамтамасыз ету.

Төртіншіден, мемлекеттің табиғатты қорғау қызметінде құқықтық емес нысандардың да маңызы едәуір болады. Бұл тұста халыққа экологиялық тәрбие беру ісін, экологиялық білімдерді насихаттау, бұл істе қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтасып халықтың қалың бұқара көпшілігін осы жұмыспен шұғылдануға тартуды атап-атап көрсетуге болады.

Мемлекет, құқық және халық

Халықтың қоныс тебуі, яғни жерге орналасу проблемасы осы заманғы ғаламдық проблемалардың бірі. Бірінші кезекке шыққан осы проблема ең алдымен бейбітшілік, адамзаттың тіршілік етуін қамтамасыз ету, мешеулікті жою проблемаларымен тығыз байланысып, астасып жатыр.

Тікелей ме әлде жанама түрде ме бұл проблема мемлекеттік қызметтің төрт саласының әрқайсысының мазмұнына кіреді. Бұл төрт сала адамның, қоғамның тіршілік етуінің экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани-діни жақтарын қамтиды. Бәрінен бұрын аталған халықтың қоныс тебу проблемасы осы төрт саланың ішіндегі әлеуметтік саламен тығыз байланысты. Халықтың қоныс теуіп жерге орналасуы "Демография" деген ғылымның зерттейтін пәні болып табылады. Демография халықтың санын, құрамын және қоныс аударып қозғалып отыруларының әлеуметтік-экономикалық, дін-мәдени және басқалай да факторларының байланыстылығын зерттейді.

Демографиялық процестерді мемлекеттік басқару ісі еңбек ресурстарының көлемін үйлесімді деңгейі жеткізіп оңтайландыруды өзіне мақсат етіп қояды. Басқаша айтқанда халықты материалдық игіліктерді өндірушілер ретінде қарастырады. Сонымен бірге бұл мақсаттың құрамында халықтың осы игіліктерді пайдаланушылар ретінде өзіне лайықты және жеткілікті дәрежеде өмір сүру деңгейін қолдап отыруы да бар.

Мемлекет өз қызметтерін атқарудың барысында құқықтық және құқықтық емес әдістерді пайдаланады. Осыған байланысты заң шығармашылығы ісінің рөлін атап көрсеткен абзал. Ал заң шығармашылығы ісі болса әлеуметтік дамуды реттейтін блокқа (топтамаға) еңбек туралы, авторлық заң шығару, әлеуметтік қамсыздандыру туралы заң шығару, мұның ішінде зейнеткерлік, тұрғын жай туралы заң шығару, білім және денсаулық сақтау жөнінде заң шығару, неке және отбасы жөнінде заң шығару және тағы басқа салалар бойынша заңдар шығарулар бар. Осы заң шығаруларда, оларды қабылдау және жүзеге асыру мемлекеттің табысты түрде қызмет атқаруына байланысты болады.

Әрбір мемлекет белгілі бір демографиялық саясатты ұстанады жөне оны жүзеге асырады. Ал мұның өзі әлеуметтік-экономикалық саясаттың бір бөлігі болып табылады. Сондықтан, әрине ізгілік-рухани салалармен тығыз байланыстылықта болады. Сонда мұның басты бағыттары мынадай: халықтың ұдайы өсіп-өніп көбеюі мен көшіп-қонып тұрғын орындарын ауыстыруы; халықтың білім әлеуетін қалыптастыру және құру; еңбек ресурстарының кұрамы мен құрылымы; кәсіби бағдары; еңбекке тарту жұмыс орындарына орналастыру процестері туралы барлық мағлұматтар мемлекеттік есеп-қисапта (статистикада) халық санағын өткізудің нәтижесінде жинақталып сақталады. Сөйтіп заң шығару-қабылдау және атқару-орындау билігінің назарына түседі. Осы мағлұматтардағы халықтың саны мен сапасы ең басты көрсеткіш болып табылады.

Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүше елдер үшін халықтардың көшіп-қону мәселесіне орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияда қабылдаған шешімде БҰҰ-ы ХХ-шы ғасырдың 60-шы жылдарының соңын ала халықтардың көшіп-қону саласына көмек көрсету мақсатындағы барлық шараларды үйлестіріп отыру міндетін өзіне алған болатын. Осыған байланысты БҰҰ-ның арнайы қоры - ЮНФМА 1969 жылы құрылды. Осы бағытта ЮНЕСКО-да іс-қимылдар жасауда. Сөйтіп бұл ұйымда демографиялық проблемаларды, оның ішінде халықтарды оқу-ағарту ісіне тартып білім беру арқылы шешу жөнінде көмек беру ісімен шұғылдануда.

РҒА (Ресей Ғылым Академиясының) әлеуметтік-экономикалық институты демографиялық орталығының мағлұматтары бойынша әзірге жер-анамызда халықтар саны өсу үстінде көрінеді. БҰҰ болжауы бойынша жақын болашақтағы 50 жыл ішінде халықтар саны жер бетінде 9,8 миллиардқа дейін өсетін көрінеді. Ал одан арғы жерде ондай өсу күрт төмендеп баяулайтын сыңайы бар. Сөйтіп үшінші мың жылдықтың соңына қарай жер ғаламшарының тұрғындарының саны 10-11 млрд-қа барады-мыс. Сөйтіп одан арғы жерде халықтар саны тұрақтанады деген болжам бар.

Пысықтау сауалдары:

1. Адамзаттың ғаламдық проблемаларын атап-атап айтыңыз және оларды шешудегі мемлекет пен құқықтың рөлін көрсетіңіз.

2. Экологияны сақтау мен оны қорғауда құқық пен мемлекеттің ықпал ету тәсілдерін атап көрсетіңіз.

3. Экологиялық проблемалардың қайсылары Қазақстанға тән және оларды шешудің жолдары қандай?

4. Бүкіл адамзатқа демографиялық проблемалардың қандай мәні бар және оларды шешуде мемлекет пен құқықтың рөлі қандай?