Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Оу ралы Морфология, физиология.doc
Скачиваний:
183
Добавлен:
18.05.2015
Размер:
3.71 Mб
Скачать

Қысқартулар тізімі

АДГ антидиуретикалық гормон

АҚҚ артериялық қан қысымы

АКТГ адренокортикотропты гормон

ГБМ гломерулярлы базальді мембрана

НД нефрогенді қантсыз диабет

ПТГ паратиреоидты гормон

РААЖ ренин-ангиотензин-альдостерон жүйесі

БСА бүйректің созылмалы ауруы

БСЖ бүйректің созылмалы жетіспеушілігі

СЕҚҚП стероидты емес қабынуға қарсы дәрілік заттар

ШФЖ шумақтық фильтрация жылдамдығы

ЮГА юкстагломерулярлы аппарат

  1. Бүйрек анатомиясы

Бүйрек бел аймағында ішастардан тыс орналасқан. Сол бүйректің жоғарғы шеті ХІ кеуде омыртқасының ортасына, ал оң бүйректің жоғарғы шеті осы омыртқаның төменгі жиегіне сәйкес келеді. Сол бүйректің төменгі шеті ІІІ бел омыртқасының жоғарғы жиегі деңгейінде, ал оң бүйректікі – осы омыртқаның ортаңғы деңгейінде орналасады (XII кеуде омыртқасымен III бел омыртқасы аралығында). Оң бүйрек сол бүйректен төмен орналасқан. Ересектерде әр бүйректің көлемі 11х6х3см шамасында, массасы-120-170г. Жаңа туған балада бүйректің жоғарғы шеті XI кеуде омыртқасының төменгі қыры денгейінде, екі жасқа келгенде ересектердегі байқалатын денгейге жетеді. Балаларда бүйрек көлемі жасына және дене салмағына байланысты өзгеріп тұрады. Бүйрек тығыз фиброзды қапшықпен қапталған. Май қапшығы жаңа туған балаларда болмайды, 3-5 жасқа келгенде пайда болады. Бүйрек қойнауындада (бүйректің ішкі беткейінде) түбегі, тамырлар және жүйке өрімдері орналасқан. Бүйрек қақпасынан (қойнауқа кіреберісте) бүйрек „аяқшалары” шығады. Ол несепағар, вена және артериядан құралған. Бүйректің көлденең кесіндісінде сыртқы қыртысты және ішкі милы қабатын ажыратады (1-сурет).

А Б

1- Сурет. Бүйрек анатомиясы [8]

А – Бүйрек ішастардың артында ХІ-XII кеуде және III бел омыртқалары денгейінде орналасады.

Б – Милы қабаты 8-18 конус тәрізді милы заттан немесе пирамидалардан құралған, конустың түбі кортикомедуллярлы аймақта орналасқан, ал оның ұшы бүйрек бүртіктерін құрайды. Қыртысты заты қызғылт-сұр түсті, бүйрек пирамидаларының сыртқы бетінде орналасқан және олардың арасынан Бертиний бағаналары ретінде төмен түседі. Бүйрек үлестері бүйрек пирамидасынан және оған жақын жатқан қыртысты заттан тұрады.

Бүйректің қан айналым жүйесі. Бүйректің қанмен қамтамасыз етілуі бүйрек артериясы арқылы жүзеге асырылады. Ол арқылы бүйрекке минутына 1 л дейін, тәулігіне 1500 л дейін қан келеді және тыныштық кезінде қан айналу жүрек лақтырыс көлемінің 20-25% құрайды. Бүйрек қақпасында артерия үлесаралық артерияларға бөлінеді, олар пирамидалар арасынан өтіп, қыртысты және милы зат аралығында бүйрек денесіне параллель орналасқан доғалық артериясына ауысады. (2- Сурет.)

2-Сурет. Бүйректің қанмен қамтамасыз етілуі [8]

Олардан қыртысты затқа үлесшеаралық артерия кетеді, олардан көптеген әкелуші (афферентті) артериолалар басталады, әрқайсысы шумақтың капиллярлық өрімін қанмен қамтамасыз етеді. Шумақ капиллярларынан канның кетуі әкетуші (эфферентті) артериола арқылы жүзеге асады. Бұл артериолалар шумақтан шыға берісте жаңа капиллярлар торын құрады, осы нефронның түтікшелер сегментін қанмен қамтамасыз етеді. Кортико-медуллярлы қосылыс аймағында (юкстамедуллярлы нефрондар) эфферентті артериоладан тік артериолалар бөлінеді, олар милы қабатқа терең еніп кері қайтады. Төмендеуші және жоғарылаушы тік тамырлар медулярлық қарсы бағытты-айланбалы көбейтінді жүйенің (медуллярной противоточно-поворотной множительная система) қан тамырлық компоненті болып табылады (төмен жақты қара). Бүйректің веналық жүйесі артериялық жүйемен бірдей (перитубулярлы, венулалар, үлесшеаралық, доғалық және бүйрек венасы).

Бүйректе салыстырмалы бір-біріне бағынышсыз 2 қан айналым жүйесі бар: кортикальді және юкстамедуллярлық. Қыртысты заттың қанмен қамтамасыз етілуі өте жоғары (90% құрады), керісінше милы затта аз (сыртқы милы аймақта 6-8%, ішкіде 1-2%). Кейбір жағдайда қанның негізгі бөлігі юкстамедуллярлық жүйемен айналуы мүмкін. Бұл үшін осы жүйеде көптеген анастомоздар бар. Юкстамедуллярлық жүйемен қанның айналуын Трует шунты деп атайды, бұл кезде қыртысты затта ишемиялық некроз дамуы мүмкін. Бүйректе көптеген реттеуші жүйелер бар, олар өз кезегінде артериялық қан қысымының үлкен өзгерістері (70 тен 220 мм с.б.б. дейін) кезінде де бүйректің қанмен қамтамасыз етілуін қадағалайды. Бұл өзін өзі реттеу қабілеті арнайы морфологиялық құрылымдар арқылы жүзеге асады (юкстагломерулярлы аппарат-ЮГА).

Лимфалық жүйе. Лимфалық тамырлар үлесше аралық, доғалық және бөліктік қантамырлар бойымен, сонымен қатар бүйрек фиброзды қапшық астымен жүреді. Лимфалық капиллярлар диаметрі тамырлық капиллярлардан үлкен. Боумен қапшығы және түтікшелер айналасында капиллярлар анастамоздарымен бірге лимфалық торлар бар, шумақта олар жоқ. Лимфалық жүйе дренаждық қызмет атқарады, түтікшелерден қайта сорылатын заттардың қанға өтуіне көмектеседі.

Бүйрек нервтенуі бүйрек өрімінің симпатикалық және парасимпатикалық талшықтарымен жүзеге асырылады. Бүйрек өрімі жұлынның төменгі үш кеуделік және жоғарғы екі белдік сегментінен, «күн тәрізді» құрсақ өрімінен (чревное сплетение) және белдің симпатикалық бағанынан құралады. Жүйке талшықтары қыртысты және милы затқа еніп, көбіне қан тамырларын және ЮГА-ты, аз көлемде қалған тіндерді қамтамасыз етеді. Бүйрек қызметі α- және β- адренорецепторлармен реттеледі. Бүйректің жүйке талшықтарымен өндірілетін адренергиялық медиаторлар әсері вазопрессин өндірілуімен жүретін простагландиндермен тығыз байланыста.

Несеп шығару жолы – несепағардан бүйрек түбегі 2-3 үлкен тостағаншаға бөлінеді, олардың әрқайсысы 2-3 кішкентай тостағаншаға бөлінеді бүйрек емізікшесі ашылады. Несепағар бүйректен ішастардан тыс шығады және жамбас қуысына сегізкөз-мықын буыны алдынан түседі, әрі қарай несеп қуыққа жалғасады. Осы аймақтың анатомиялық және жастық ерекшеліктері несеп қуықтан несептің несепағарға қайта лақтырылуының (рефлюкс) себебі болуы мүмкін. Несептің несепағар бойымен жылжуы перистальтика көмегімен жүзеге асады. Несепағар бойында үш тарылу аймағы бар, осы аймақтарға тастың тіреліп қалуы мүмкін.

Бүйректің несеп шығару жүйесінің дамуы.Бүйрек және жыныс жүйесі мезодерманың ортанғы бөлімінен дамиды. Эмбрионда алғаш болып мойын аймағында орналасқан пронефрос қалыптасады, кейін айқын төмен орналасқан - мезонефрос, соңында жамбас аймағында метанефрос қалыптасады. Про- және мезонефрос ары қарай даму кезеңінде жоғалып кетеді, бүйрек тіні қалыптасуына қатыспайды. Бүйрек негізін метанефрос құрады, ұрықтың құрсақ ішілік дамуының екінші жартысында қызметін атқара бастайды. Ұрық амниондық сұйықты сіңіріп, оны қорытып, сосын несепті амниотикалық қуысқа шығарады. Бірақ тіршілік өнімдері плацента арқылы жойылады, әрі қарай анасының бүйрегімен шығарылады.

Нефрон

Нефрон – бүйректің құрылымдық-қызметтік бірлігі, ол тамырлық шумақтан, оның қапшығынан (бүйрек денешігі), түтікшелер жүйесінен және жинақтаушы түтіктен құралады (3-сурет). Морфологиялық тұрғыдан жинақтаушы түтіктер нефронға жатпайды.

Адамның әр бүйрегінде 1млн-ге жуық нефрон бар, жас өте келе олардың саны біртіндеп азаяды. Боумен қапшығының париетальді қабаты жалпақ эпителий жасушаларынан құралған. Қуыстың ішкі (висцеральді) қабатын шумақ капиллярларын жабатын эпителий жасушалары, яғни подоциттер құрайды. Боумен кеңістігі тікелей проксимальді ирелеңдеген түтікше кеңістігіне ауысады. Шумақтар негізінен бүйректің қыртысты қабатында орналасқан, олардың 1/10-1/15 бөлігі милы қабат шекарасында орналасады, олар юкстамедуллярлық шумақ деп аталады. Олардың Генле ілмегі ұзын, милы затқа тереңірек енеді және алғашқы несептің тиімді қоюлануына қатысады. Емшек жасындағы балаларда шумақ көлемі кішкентай және оларда ересектермен салыстырғанда сүзу беткейі өте аз.

3-сурет. Нефрон құрылымы [8]