Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
187
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

Кіріспе

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ тіл білімінің сан салалы теориялық ұстанымдары бүгінгі күні тілдік зерттеулердің бағыт-бағдарын анықтауға, маңызды тұжырымдар жасауға мүмкіндік беретіндіктен, олардың жалпы және жеке лингвистика шеңберіндегі өзіндік белгілерін сұрыптау, өзге ізденістер қатарында алар орнын нақтылау қажеттігі ғалымдардың алдына тың әрі көкейтесті проблемалар қойып отыр. Тілді диалектика-динамикалық құбылыс ретінде қарастыру, оның қоршаған әлеммен де, адамдық факторлармен де сабақтастығын зерделеу қазіргі қазақ лингвистикасының ұлттық сипатымен қатар, әлемдік лингвистика деңгейіне көтерілер биігін де айқындауға септігін тигізіп келеді. Осыған орай, қазақ тіл білімінің концептуалдық қоры мен әдіснамалық негізі де құнды зерттеулердің дүниеге келуін қамтамасыз етер алғышарттар қатарын құрауда. Қазақ топырағында қалыптасып, ғылымдар тоғысында шешімін тауып келе жатқан тілтаным теориясының ғылыми негізде дәйектелуі де сол үзілмес байланыстың белгісі болып табылады. Тіл табиғатын адам болмысымен, оның қимыл-әрекетімен ұштастыра талдаған қазақ тілшілерінің тіл мен таным ұғымдарына назар аударуын, олардың тоғысуынан бастау алатын ережелерге мән беруін де заңды сабақтастықтың нәтижесі деп бағалаған дұрыс, өйткені шынайы өмірді қабылдау, оның қыр-сырын ой таразысынан өткізе пайымдау, соның салдарынан жинақталар ақпараттар мен мәліметтерді жадыда сақталар қор ретінде жүйелеу – барлығы тілдік бірліктердің болмысын ішкі және сыртқы әсерлер тұрғысынан талдауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, құрылымдық принциптер пәлсапалық, логикалық және танымдық қағидаларға ұласып, тіл ғылымының өрісі кеңейте түспек. Бұл күні қазақ тіл білімінің танымдық бағытын зерделеу, оның себеп-салдарын айғақтау, ғылыми-теориялық ұстанымдары мен ұғымдық бірліктерін жүйелеу әрі когнитивтік парадигма негіздерін анықтау өзекті тілдік мәселелер ретінде күн тәртібіне еніп келеді. Қазақ лингвистикасының тарихын тілтаным теориясының қалыптасуымен байланыстыру, соның негізінде жекеленген тұлғалардың тілтанымдық тұжырымдарымен танысу, сол арқылы қазақ халқының төл қазынасын құрайтын құндылықтарына зер салу, оларды зерттеу нысанына қарай арнайы бағыттарға топтап қарастыру – барлығы дерлік қазақ тіл біліміндегі когнитивтік ұстанымдардың бастамасын зерделеуге, олардың негізін әлемдік қордың бір бөлшегі есебінде бағалауға көмектеседі, яғни қазақ тіл білімінің тарихи негізінен бастау алатын тілтаным теориясы уақыт сұранысынан туындай келіп, қазіргі жалпы лингвистиканың көкейтесті мәселесіне айналғаны көпшілікке мәлім.

Адамзат тіршілігінің ең басты құралы деп танылатын тіл болмысына зер салу, сөз мағынасын халықтық таным тұңғиығынан өрбіту, тіл тарихын адамның қабылдау, пайымдау, ойлау тарихымен ұштастыру, дәстүр мен жаңашылдық үдерістерін танымның динамикалық табиғатымен үйлестіру, сол арқылы универсалды, яғни барша жұртқа ортақ ұстанымдарға қол жеткізу қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, өркениетті мемлекеттің қоғамдық-әлеуметтік мүмкіндігін арттыруға әсер етері хақ. Демек, бүгінгі тіл ғылымының атқарар қызметі де, жол бастар соқпағы да айрықша. Оны ұсынылып отырылған тілтанымдық тұжырымдар, бір жүйеге келтірілген универсалды принциптер, топталып берілген когнитивтік ұғымдар мен бағыттар парадигмасы, сөзсіз, дәйектей түседі.

Зерттеу нысаны. Тіл табиғатын, сөз мағынасы мен қызметін анықтауға бағытталған қазақ зерттеушілерінің танымдық тұжырымдары негізінде зерделенген қазақ тіл біліміндегі тілтаным теориясының басты қағидалары мен ұстанымдары.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты – қазақ тілтаным теориясының концептуалдық жүйесі мен когнитивтік парадигмасын тіл білімінің ұлттық сипатын танытар әрі әлемдік қордың маңызды ғылыми арнасын құрар қағидалар тізбегі ретінде анықтап-талдау, сол арқылы тілтанымның когнитивтік лингвистика іліміне ұласар универсалды ұстанымдары мен бірліктерін, негізгі бағыттарын саралап көрсету. Ол үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:

  • қазақ тіл біліміндегі тіл теориясының даму ерекшелігін зерттеу, оның негізгі кезеңдері мен бағыттарына сипаттама беру;

  • қазақ ғалымдарының тілдік тұлғасын қазақ тілі мен мәдениетінің, орыс және әлем құндылықтарының негізгі бірліктерін жан-жақты меңгерген зерттеушілер ретінде бағалау;

  • қазақ тіл білімінің концептуалды және когнитивтік тұжырымдамалық қорын дәстүрлі және тың бағытта негіздеп талдау;

  • қазақ тілі теориясының танымдық негізде қалыптасып даму бағытын уәждейтін ұғымдық бірліктерді жүйелеу, олардың халықтық дүниетаныммен сабақтастығын, идеялық және мағыналық болмысын түсіндіру;

  • тіл теориясының әдіснамалық негізі мен когнитивтік парадигмасын анықтау, сол арқылы танымның күрделі табиғатын ғылымдар тоғысына сүйене отырып зерделеу;

  • тіл теориясының әлеуметтік негіздерін қоғамдық факторлардың жалпыадамзаттық танымға әсер етер өзгешелігімен дәйектеу; психологиялық табиғатын адамдық фактордың өзектелуімен байланыстыру;

  • тіл теориясының халықтық танымнан бастау алар қағидаларына мән беру, «этникалық таным», «ұлттық бейне», «әлемнің тілдік бейнесі», «халықтық дәстүр» сынды ұғымдардың қолданылу аясына назар аудару және мәдени нормалар мен тілтанымдық заңдылықтардың арасалмағын айқындау, тілді экстратанымдық факторлардың тоғысымен дәлелдеу;

  • тілдік универсалийдің алғышарттары негізінде танымдық және тілтанымдық универсалий ұстанымдарын анықтау; тілтанымның когнитивтік лингвистика мәселелерімен сабақтас тұстарын универсалды диалектикалық, дедуктивті-индкутивті және антропологиялық ұстанымдар арқылы талдап түсіндіру.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Қазақ тіл білімінің рухани қоры мен мұрагерлік қазынасынан бастау ала отырып, бүгінгі танымдық ұстанымдарға үйлесе жалғасқан тілтаным теориясының ғылыми негіздерін анықтап талдау арқылы жұмыста алғаш рет төмендегідей проблемалар өз шешімін тапты:

  • қазақ лингвистикасындағы когнитивтік парадигманың даму сипаты хронологиялық реттілікпен жіктеліп, жекеленген теориялардың тіл білімінің жаңа бағыттарымен сабақтастығы көрсетілді;

  • тілдік құралдардың танымдық қызметіне орай бес түрлі кезеңнің өзгешелігі, олардың теориялық мәселелері анықталып; әр кезеңнің объективті және субъективті алғышарттары негізінде тілдік тұлғаның қалыптасуына әсер етер әлеуметтік-мәдени ортаның маңызы айқындалды;

  • танымның күрделі заңдылықтарын пайымдауға, оның тілдік бөлшектермен ажырамас бірлігін дәлелдеуге бағытталған зерттеулердің әдіснамалық негізі әлеуметтік, психологиялық, ұлттық-мәдени тұрғыдан қарастырылды; қазақ тіл біліміндегі танымдық бағыттың ғылыми негізі сұрыпталып, әр түрлі кезеңдерге сәйкес пікір-көзқарастарды жүйелеу негізінде талданған тілтаным теориясының нақты тұжырымдамасы жасалды;

  • тіл мен танымның байланысы арқылы тұңғыш рет тілдік универсалийге сәйкестендіріле танымдық және тілтанымдық универсалий ұғымдары айқындалып, олардың негізгі дамытушы факторлары қатарында антропологиялық, аялық, аксиологиялық және антропо-типологиялық, ареалды-аялық, аксио-генеологиялық мәселелер сұрыпталды;

  • жұмыста қазақ лингвистикасындағы тілтаным теориясының ғылыми негізін дәйектеп көрсету мақсатында алғаш рет универсалды тілтанымдық диалектика, тілтанымдық антропология, тілтанымдық дедукция мен индкуция ұстанымдары анықталды;

  • қоршаған әлемді тану, оның тілдік бейнесін жасау міндеттерін шешуден бастау алған когнитивтік лингвистика шеңберінде қазақ тілтанымының да ұғымдық бірліктері сараланып, оның алғашқы дереккөздері ғылыми сараптамадан өтті;

  • тілтаным теориясының өзіндік даму бағыты қазақ ұлтының заңды динамикалық өсуінің, өркениетті өрлеуінің жемісі, қоршаған дүниені тануға талпынған болмысының тілдегі көрінісі ретінде танылды және тілтаным теориясын жан-жақты меңгеруге ықпал ететін терминдер бір жүйеге келтіріліп, оларға ғылыми негізде түсініктеме берілді.

Зерттеу дереккөздері. Қазақ тіл біліміндегі тілтаным теориясының даму сипатын айқындау, оның когнитивтік лингвистика ұстанымдарымен сабақтасар тұстарын зерделеу үшін ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап тіл ғылымы саласында дүниеге келген зерттеу жұмыстары, арнайы когнитология саласында жазылған ізденістер мен лексикографиялық еңбектер негізге алынды.

Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Қазақ тіл біліміндегі тілтаным теориясының ғылыми негізін анықтау арқылы, оның универсалды ұстанымдары мен ұғымдарын талдап көрсету негізінде жеке тіл ғылымының ғана емес, жалпы лингвистика салаларының даму сипатын жүйелеу мүмкіндігі пайда болады. Демек, зерттеу барысында қол жеткізген ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар когнитивтік лингвистика, этнолингвистика, әлеуметтік тіл білімі, психолингвистика, лингвомәдениеттану мәселелерін жан-жақты зерделеуге, олардың теориялық принциптерін дәйектеуге көмектесе отырып, жаңа ғылыми бағыттардың өзектелуіне әсер етеді.

Тарихи және сипаттама фактілерден жинақталған тілдік деректер қазақ тілінің асыл қазынасын құрай отырып, жалпы тіл білімінің де сұранысын өтей алатындықтан, тілтаным теориясының құрамдас бөліктерін лингвоконцептология ілімін дамытар маңызды арналар қатарында зерделеуге болады.

Диссертацияда ұсынылған танымдық және тілтанымдық универсалий негіздері жалпы тіл білімінің теориялық мәселелерін дамыта келе, қазіргі ғылымдар тоғысын құрайтын көкейтесті проблемаларды шешуге, тіл білімінің терминологиялық жүйесін жан-жақты зерттеуге ат салысады. Нәтижесінде когнитивтік лингвистика қағидаларын сұрыптап талдауда жаңа ізденістер басшылыққа алынып, концептуалды жүйенің универсалды табиғаты антропология, пәлсапа, логика сынды ғылымдардың теориялық тұжырымдарын дамытуға өз үлесін қосады.

Зерттеудің практикалық мәнділігі. Зерттеудің нәтижелері, теориялық тұжырымдары мен ғылыми ұстанымдары қазақ тіл біліміндегі тілтаным теориясы туралы маңызды қорытындылар жасауға мүмкіндік береді. Диссертацияда ұсынылған тың көзқарастар мен пікірлер қазақ топырағындағы танымдық бағыттың тарихын өткен ғасырдың алғашқы жартысынан-ақ бастауға септігін тигізетіндіктен, жасалған тұжырымдар мен анықтамаларды когнитивтік лингвистика пәнін оқытуда, жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдар дайындауда, арнайы курстар мен семинарлардың жаңа бағдарламаларын жасап жинақтау барысында, сонымен қатар қазақ тіл білімінің тарихы мен дәстүрлі және тың салаларын меңгерту кезінде жан-жақты пайдалануға болады.

Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Зерттеу барысында жұмыста жинақтау, сипаттау, жүйелеу, салыстыру, дедуктивті-индуктивті тұрғыдан жіктеу, талдау, қорытындылау әдіс-тәсілдері кеңінен қолданыс тапты.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.

  • қазақ лингвистикасындағы когнитивтік парадигманың даму тарихы ХХ ғасырдың І жартысынан басталған, ғылыми негізі айқындалған, өзіндік ұстанымдары мен ұғымдық бірліктері бір жүйеге түскен ілімдер қатарына жатады; «тілтану» ұғымының даму сипатына орай, қазақ тіл білімінде танымдық бағыттың өзектелуі объективті және субъективті алғышарттарды қамти келіп, лингвокогнитологиялық әрі лингвоконцептологиялық сараптамадан өткен бес кезеңнен тұрады, олардың әрқайсысы зерттеу нысанына қарай іштей бірнеше теориялық мәселелерден тұрады;

  • объективті шарттарға сәйкес, қазақ ғалымдарының тілдік тұлғасы әлеуметтік-мәдени фактордың әсерімен айқындалған, халықтық дәстүрлермен қатар мәдениаралық құндылықтарды жете меңгерген зерттеушілер тұрғысынан дәйектеледі;

  • қазақ тіл біліміндегі танымдық қағидалардың ерекшелігін сөздің халық санасында бейнелі қабылдануы, адамның сан алуан шығармашылық қабілеті, сөз мағынасының қолданылу шеңбері, тілдік құралдардың құрылымдық табиғаты, тіл тарихының өнегелі сипаты, қоршаған әлем мен ұлттық-мәдени дәстүрдің, қоғамдық даму мен психологиялық қалыптасудың тілдік амалдар арқылы суреттелуі секілді мәселелер айқындайды;

  • қазақ лингвистикасындағы тілтаным теориясы ХХ ғасырдың аяқ шеніндегі когнитивтік тіл білімі ережелерімен, оның ұғымдық бірліктерімен шебер үйлесе отырып, тың бағыттың аса құнды бастамасы деп есептеледі, ал оның ғылыми негізі жалпы лингвистикалық теориялардың құрамдас бөлігі ретінде танылады;

  • тіл теориясы әлеуметтік, психологиялық, халықтық және мәдени негіздерді тоғыстыра дамып келе жатқан маңызды қағидалар жиынтығы болып табылатындықтан, оның когнитивтік парадигмасы мен әдіснамалық табиғаты да ғылымдар сабақтастығымен дәйектеледі;

  • тілдің танымдық теориясы қоршаған ортаның адам санасында сөз арқылы бейнеленуін дәйектей отырып, жеке тұлғаның психикалық және әлеуметтік күй-жайын білдірер өзгешеліктерден құралатын, оларды ғылымдар тоғысы негізінде талдап зерттейтін әрі басты тұжырымдарын тілдік және танымдық универсалий факторларымен сабақтастыратын, ғылыми негізі айқындалған біртұтас күрделі жүйе болып табылады;

  • танымдық және тілтанымдық универсалий проблемалары нақты қалыптастырушы факторлармен айғақталатын және ғылыми ұстанымдар арқылы сипатталатын когнитивтік ұғымдарға жатады; оның теориялық негізі универсалды диалектикалық, индуктивті-дедуктивті әрі антропологиялық принциптермен дәлелденген тұжырымдардан жинақталады;

  • тілдің теориялық ұстанымдарын айқындайтын күрделі жүйеге қазақ тіл білімі өзіндік қалыптасуымен, даму табиғатымен ене отырып, тілдік зерттеулердің концептологиялық және когнитивтік негіздерін жүйелеуде маңызды роль атқарып келеді.

Зерттеудің жарияланымы мен мақұлдануы. Зерттеудің нәтижелері төмендегідей халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалды: «Қ.Жұбановтың 100 жылдығына арналған конференция» (Алматы, 1999); «Аханов тағылымы» (Алматы,2000); «Мышление-язык-лингвистика» вузаралық конференция материалдары (Алматы, 2002), «Казахстанская филология: проблемы и перспективы» халықаралық конф. материалдары (Алматы, 2002), «Сәрсен Аманжолов және қазақ тілі теориясының негіздері» (Алматы, 2003); «Қазақ және орыс тілдерін жаңаша оқытудың проблемалары: бүгіні және болашағы» атты ғылыми-практикалық конф.мат.(Алматы, 2003); «Әлеуметтік лингвистика және психолингвистика: қазіргі күйі және болашағы» атты халықаралық конф.материал. (Алматы, 2003); «С.Аманжоловтың ғылыми мирасы және 21-ғасырдың гуман.ғылым.мәсе-лелері» халықаралық ғылыми-практик. конф. матер. (Қазақстан-Өскемен, 2003); «С.Аманжолов тағылымы - 8» атты дәстүрлі республикал. ғылыми-теор. конф.мат. (Алматы, 2003); А.С.Аманжоловтың 70 жылдығына арналған «Мир тюркского слова» атты халықаралық ғылыми-теор.конф.мат. (Алматы, 2004); Қ.Жұбановтың 105 жылдығына арналған халықаралық конф.материалдары (Ақтөбе, 2004); Ә.Марғұланның 100 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конф.материалдары (Астана, 2004); «Қазақ ономастикасының өзекті мәселелері» рес.ғылыми-практикалық конф.материал. (Астана, 2004); Н.Оңдасыновтың 100 жылдығына арналған ғылыми-теор.конф. материалдары (Астана, 2005); «Қ.Жұбанов тағылымы» республикалық ғыл.практик.конф.мат. (Алматы, 2004); «Преподавание родного языка и литературы в учебных заведениях России и Казахстана», матер. международного научно-практического семинара (Москва, 2006); «Колледждерде оқытылатын мемлекеттік тіл: тарихы, бүгіні және болашағы» атты республикалық ғылыми-практикалық конфер. мат.(Семей, 2006) және т.б. Жалпы диссертация бойынша 1 монография, 3 оқу құралы, 1 әдістемелік құрал және 30-дан аса ғылыми мақалалар жарық көрді.

Зерттеу жұмысының құрылымы. 285 беттік диссертациялық зерттеу кіріспеден, әрқайсысы бірнеше бөлімдер мен тармақшалардан топталған үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және авторлық терминдер сөздігін қамтыған қосымшадан тұрады.