Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

аса кауипты

.docx
Скачиваний:
28
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
526.83 Кб
Скачать

Биосынама. 18 айлық ірі қара малдардың тілінің кілегей қабықшаларының бірнеше жеріне және аяқтарының жұмсақ жерлеріне жалпы дозасы 2-3 мл суспензияны егеді. Егілген жерлерде афталардың пайда болып, олардың КБР-мен расталуы аусыл вирусының бар екендігін көрсетеді. Диагностикалық тәжірибеде ірі қара малдарға биосынама қою қымбатқа түсетіндіктен және вирустың сыртқы ортаға таралуына себепші болатындықтан өте сирек қолданылады. Сондықтан зертханада биосынама 4-6 күндік ақ тышқандарға, салмағы 500 г теңіз шошқаларына қойылады және ВНК-21, IB-RS-2, бұзау, торай, қозылардың бүйрегі мен ірі қара мал қалқанша безінің алғашқы жасуша өсінділерінде өсіріледі.

Аналарынан ажыратылмаған 4-6 күндік 10 бас ақ тышқанның тері астына немесе құрсағына 0,1 мл патологиялық материалдан дайындалған суспензияны егеді. 3-4 бас жұқтырылмаған ақ тышқан бақылау ретінде алынады. Барлық жұқтырылған және жұқтырылмаған ақ тышқандарды анасымен бірге бір апта бойы бөлек ұстайды. Оң нәтиже көрсеткен жағдайда жануарлар жартылай немесе толық салданып, 2-5 күндері өледі. Тышқандардың өлексесін қолданғанға дейін қатырады немесе келесі ақ тышқандарға қайта жұқтырады. Өлген тышқандардың бұлшық еттерінен КБР қоюға қажетті антиген дайындайды. Тәжірибе аяқталғаннан кейін аналық және бақылаудағы тышқандарды жойып, олардың тұрған жерлерін мен азық қалдықтарын дезинфектанттармен залалсыздандырады.

Вирусы бар материалдың 0,2-0,5 мл мөлшерін 5 бас теңіз шошқаларының артқы аяқтарының плантарлы беткейіне (интрадермальды) егеді. Жұқтырғаннан кейін алғашқы зақымдалулар 2-5 күндері байқала бастайды. Патологиялық материалдардан дайындалған вирусы бар материалдарды теңіз шошқаларына бір неше рет пассаж жасағаннан кейін ғана клиникалық белгілері (афталар) айқын байқалады.

Аусыл вирусының типі мен варианттарын анықтау үшін патологиялық материалдардан КБР-на қажетті антиген дайындайды. Ол үшін афталар қабырғаларын физиологиялық ерітіндімен шаю арқылы консервілегіш заттардан тазартып, сүзгіш қағазда кептіріп, қайшымен ұсақтағаннан кейін фарфорлы ыдыста ұнтақтайды. Ұнтақталған үлгіге рН 7,4-7,6 болатын физиологиялық ерітіндіні қосу арқылы дайындалған 33%-ды суспензияны 2 сағат бойы бөлме температурасында араластырып, –10–20оС 5-18 сағатқа қатырады. Ерітілген суспензияны 3-5 мың айналымда 30 минут центрифугада тұндырып, тұнба сұйықтығының 1-2 мл-ін зертханалық жануарларға биосынама қою үшін құйып алады. Қалған сұйықтықты 40 минут бойы +58оС температурада инактивациялап, КБР-ында антиген ретінде пайдаланады.

Вирустардың идентификациясында иммунды ферменттік талдау және комплементті байланыстыру реакциясы қолданылады.

Серологиялық балауда Қазақстан Республикасы Ұлттық биотехнология орталығы иммунохимия және иммунобиотехнология зертханасының мамандары моноклоналды антиденелер негізінде әзірлеген иммунды ферменттік талдаудың жанама қойылымы мен вирустарды бейтараптау реакциясы пайдаланылады.

5-дәріс

ВЕЗИКУЛЯРЛЫ СТОМАТИТ (Stomatitis vesicularis)

Везикулярлы стоматит (ауыздың күлдіреп қабынуы, ауыз уылуы) – жіті түрде өтетін, жануарлардың вирустық антропозоонозды ауруы. Бұл ауруға үй жануарларының ішінен жылқы, ірі қара мал, шошқа, жабайы жануарлардан қашыр, бұғы, елік, сілеусін, қабан және көптеген ұсақ тропикалық сүт қоректі жануарлар мен адамдар шалдығады. Ауруға шалдыққан жануарлардың дене қызуы көтерілуі, азыққа тәбетінің жоғалуы, ауыз қуысы кілегейлі қабықшаларында, тілінде, ерінінде, мұрын қуыстарында везикулалардың пайда болуымен, желін үрпілерінің, сирек жағдайда тұяқ арасының терісі, тәжі мен май табандарының зақымдануымен сипатталады. Зертхана немесе ауру мал желіндерін ұстаған жағдайда жұқтырылған адамдарда ауру ағымы латентті түрде немесе тұмау тәрізді өтуі мүмкін.

Везикулярлы стоматит қоздырушысы РНҚ вирустар тобына, Rhabdoviridae тұқымдасына, Vesiculovirus туысына жатады. Бұл вирусты алғаш рет 1925 жылы Коттон, Олитский, Траум және Шенинг ашқан. Вирустардың пішіні оқ тәрізді, көлемі 70-175 нм, капсид симметриясы спиральді. Вирустар күрделі, сыртқы липопротеидті қабықшасы бар. Қазіргі уақытта ортақ антигендері бар Нью Джерси және Индиана деп аталатын екі серологиялық типі белгілі. Бұл типтері бір-бірінен бейтараптау және комплементті байланыстыру реакциялары арқылы ажыратылады. Нью Джерси деп аталатын типі жиі кездеседі, бұл типіне шалдыққан малдардың ауру ағымы ауыр түрде өтеді.

Везикулярлы стоматит вирусы мұздатылған, кептірілген жағдайларда, рН-ы 4,0–10,0 аралығында болатын орталарда ұзақ сақталады. рН-ы 2,0 және 12,0 болатын орталарда вирустың РНҚ талқандалады. +18-20оС-де 3,5 айға дейін, +58-60оС-де 30 минут бойы тіршілігін жоймайды, ал +100оС-де сол сәтте инактивацияланады. Дезинфекциялағыш заттар ретінде 2-3%-ды күйдіргіш натрий мен 1-3%-ды формальдегид ерітінділері болып табылады.

Қоздырушы ауруға шалдыққан және аурудан сауыққан жануарлардың сілекейі, ашық везикулалардың эпителилері немесе экссудаттары арқылы сыртқы ортаға таралады. Вирус ауыз қуысының зақымданған кілегейлі қабықшалары, жарақаттанған тері, тұяқ арасы, желіні арқылы организмге енеді. Аэрозольды жолмен организмге түскен жағдайда ірі қара малдардың қанында антиденелер түзіліп, аурудың белгілері байқалмайды. Вирус организмге енген жерінің эпидермисінде көбейеді, сол жерде ісік, кейіннен везикулалар пайда болады. Жарылған везикулалар арқылы вирус сыртқы ортаға тарайды. Аурудың жасырын кезеңі 1 тәуліктен 21 тәулікке дейін созылады.

Везикулярлы стоматитті балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне, зертханалық жағдайда жұқтырылған тауық эмбриондарынан, тышқандардан, тауық эмбрионының фибробласттары мен шошқа бүйрегінен дайындалған жасуша өсінділерінен вирустарды бөліп алуға және теңіз шошқаларының табандарына, шошқалардың тұмсықтарына биологиялық сынама қоюға, сонымен қатар комплементті байланыстыру реакциясы, иммунды ферменттік талдау мен нейтралдау реакцияларының көмегімен вирустарды анықтауға негізделген.

Клиникалық балауы. Жануарлардың ауыз қуысының кілегейлі қабықтарында қызыл дақтар (папулалар) пйда болады да, бір тәуліктен соң әртүрлі көлемдегі везикулаларға (бастапқы кезде сарғыш мөлдір, кейіннен лайланған сұйықтықтарға толған күлдіреуіктерге) айналады. Біраз уақыттан кейін везикулалар жарылып, ашық-қызыл түсті жарақатқа айналады. Везикулалардың пайда болуымен қатар жануарлардың жалпы күйі нашарлайды, азыққа тәбеті төмендейді, дене қызуы 41-42оС-ге дейін көтеріледі. Везикулалар жарылғаннан кейін малдың дене қызуы тұрақтанады. Ауыз қуысының кілегейлі қабықтары зақымданған жағдайда ауызынан сілекейі ағады, еріндерін түйістіріп алады, ал яқтары зақымданған жануарлар ақсайды. Жылқылардың тілі мен ерінінің беткейінде, танауында, ауыз қуысы мен қызыл иегінде, конъюнктивасында, шошқалардың тұмсығында везикулалар мен эрозиялар пайда болады. Аналық малдардың желінінің әр үрпілеріндегі 2-3 везикулалар жарылғаннан кейін бірігіп, үлкен жараға айналады.

Патологоанатомиялық балауы. Аурудың зарарсыз ағымы болған жағдайда ауыз қуысының, аяқтарының, желінінің жергілікті эпителиальды ұлпалары зақымдалған болады. Терісінің кейбір жерлерінде ісіктер, везикулалар, эрозиялар мен жаралар байқалады. Екінші реттік бактериялдық инфекцияның әсерінен асқынған жағдайда некроз бен мол экссудат жиналады.

Дифференциалдық балауы. Везикулярлы стоматитті аусылдан, шошқалардың везикулярлы экзантемасы мен везикулярлы ауруларынан, сонымен қатар жұқпалы ринотрахеиттен, қойлардың жұқпалы катаральды қызбасынан, обадан, ірі қара малдың нодулярлы дерматитінен және жұқпалы емес травматикалық стоматиттен ажырату қажет. Везикулярлы стоматитпен жылқы, ірі қара мал және шошқалар, аусылмен ірі қара мал мен шошқа, ал шошқалардың везикулярлы аурулары мен везикулярлы экзантемамен тек шошқалардың ғана ауыратынын ескерген жөн.

Зертханалық балауы. Материалдарды алу және зерттеуге дайындау. Ауруға шалдыққан малдардан патологиялық материал ретінде везикулаларды жауып тұрған эпителиальды ұлпаларын, жарылмаған везикулаларды, везикула сұйықтығын асептикалық жағдайда алып рН 7,5 болатын 50%-ды глицерин мен фосфатты тұз ерітіндісінен тұратын консервілеуші ерітіндіге салып зертханаға жібереді.

Зертханаға келіп түскен вирусы бар материалдар зерттегенге дейін тоңазытқышта (4-6оС) сақталады.

Вирустарды өсіру. Вирусы бар материалды 7-8 күндік тауық эмбрионының хориоалантоис қабықшасына жұқтырып, +35оС-де өсіруге болады. Эмбриондардың жасы ұлғайған сайын олардың вирусқа сезімталдылығы төмендей бастайды. Вирус жұқтырылғаннан кейін эмбрион 1-2 тәулік аралығында өлімге ұшырамаған жағдайда олардың хориоалантоис қабықшасында алғашында пролиферативті, кейіннен некротикалық өзгерістер дамиды. Сонымен қатар вирустар алантоис қуысында да көбейе алады. Вирусты тауық эмбриондарынан басқа интрацеребральды және интраперитонеальды жолмен жұқтырылған 7-10 күндік ақ тышқан балаларының организмдерінде де өсіруге болады. Тауық эмбриондары мен тышқан балаларының организмінде өсірілген вирустардың мөлшері 107-109 ИД50/мл-ге дейін жетеді. Вирустарды тауық эмбриондарының фибробласттары мен теңіз шошқасы, ірі қара мал, шошқа бүиректерінің ұлпаларынан алынған алғашқы жасуша өсінділерінде және әр түрлі тұрақты жасуша өсінділерінде (L, Hela, KB, KEM, Hep, RES және т.б.) өсіруге болады. Жасуша өсінділеріндегі вирустардың көбеюі цитопатикалық өзгерістердің байқалуымен сипатталады.

Биосынама. Ірі қара малдардың тіліне немесе қызыл иегіне және скарификацияланған кілегей қабықтарының бетіне жұқтырған жағдайда аурудың нақты клиникалық белгілері байқалады. Аэрозольды жолмен жұқтырылған жануарларда клиникалық белгілері байқалмай, олардың организмінде вирусқа қарсы телімді антиденелер түзіледі. 3-4 апталық ақ тышқандарға интрацеребральды жолмен жұқтырғанда энцефалит дамиды. Салмағы 500-600 грамм болатын теңіз шошқаларының аяқ терісінің плантарлық беткейіне вирусты енгізгенде 44-50 сағаттан соң сол жерлерде везикулалар пайда болады және бүйрегі мен бауыры да зақымдалады. Вирусы бар материалды қояндардың тіліне және миына жұқтырады. Үйректер мен қаздарға материалды тілі мен аяқтарының плантарлық беткейіне, ал балапандарға интрацеребральды жолмен жұқтыруға болады.

Везикулярлы стоматиттің типтерін ажырату үшін патологиялық материалдарды гемагглютинация реакциясымен зерттейді. Бұл реакцияда Нью Джерси мен Индиана деп аталатын серологиялық типтері адсорбциялану мен елюациялану жағдайларына байланысты ажыратылады. Нью Джерси (рН 6,4 ортада) мен Индиана (рН 5,8 ортада) штамдары қаз эритроциттерімен төменгі температурада белсенді сорбцияланы. Гемагглютинация реакциясын рН 5,8, температурасы +4оС болатын ортада қаз эритроциттерінің көмегімен жүргізеді. +56оС-де гемагглютинация 1 минуттың ішінде талқандалса, +35оС-де рН 9 болатын ортада гемагглютинация бірнеше күнге дейін сақталады.

Вирустардың идентификациясында комплементті байланыстыру реакциясы, иммунды ферменттік талдау және жасуша өсінділерінде, тауық жмбриондары мен тышқан балаларының организмінде өсірілген вирустарды бейтараптау реакциясы қолданылады.

Серологиялық балауда вирустарды бейтараптау реакциясы, иммунды ферменттік талдау мен комплементті байланыстыру реакциясы пайдаланылады.

6-дәріс

ШОШҚАЛАРДЫҢ ВЕЗИКУЛЯРЛЫ АУРУЫ (Morbus vesicularis suum)

Шошқалардың везикулярлы ауруы жіті түрде өтетін контагиозды вирустық ауру. Бұл ауруға шалдыққан шошқалар температурасы қатты көтерілуімен, танауында, ауыз қуысының кілегей қабықтарында, басында, тұяқ арасы аймағының эпителиінде, тәжінде, табанында везикулалардың пайда болуымен сипатталады.

Ауру қоздырушысы РНҚ-лы бар вирустар тобына, Picornaviridae тұқымдастығына, Enterovirus туыстығына жатады. Вирусты алғаш рет 1968 жылы Нардели әріптестерімен бірге анықтаған. Осы жылы Ньюман, Ровланде және Браун бұл вирустың энтеровирустарға жататындығы туралы жазды. Вирион ұсақ сферикалық пішінді, диаметрі 30-32 нм. Ауру қоздырушысының бірнеше серологиялық варианттары бар. Олар бір-бірінен аздаған антигендік өзгешелігімен ажыратылады.

Шошқалардың везикулярлы ауруының вирусы сыртқы орта жағдайларына, эфирге төзімді болып келеді. Вирус термолабильді болғандықтан күйдіргіш натрий мен формальдегіттің 2-3% ыстық ерітінділерімен инактивацияланады.

Аурудың таралуына себепші ауруға шалдыққан шошқалар саналады. Ауру қоздырушысымен ластанған азықтар және ауру мал мен сау малдар бірге тұрған жағдайда таралады.

Шошқалардың везикулярлы ауруын балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне, шошқа бүйрегінен (IB-RS-2) әзірленген жасуша өсінділерінен вирустарды бөліп алуға, КБР, КҰБР, ДПР, БР, ИФТ көмегімен вирустарды анықтауға және ЕГАР көмегімен басқа аурулардан ажыратуға негізделген.

Клиникалық балауы. Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен 7 күнге дейін созылады. Ауру ағымы – жіті, жітілеу және жасырын түрде өтеді. Аурудың жіті түрінде шошқалардың дене қызуы 41-42оС-ге дейін көтеріледі, жалпы күйі нашарлайды, азыққа тәбеті нашарлайды немесе тіпті азықтанбайды, тәжі маңы мен тұяқ арасының терісінде, тұмсығында, желін үрпілері мен тілінде көлемі 1-3 мм болатын, іші мөлдір сұйықтыққа толы везикулалар пайда болады. 2-3 күн өткеннен кейін күлдіреуіктер жарылып, олардың орындарында эрозиялар пайда болады, жиі жағдайда тораилардың тұяқ қапшығы түсіп, ақсайды. Ауруға шалдыққан жануарлардың көпшілігі 1-3 аптадан кейін сауығады. Торайлардың іші өтеді, сирек жағдайда орталық нерв жүйесі зақымдалады (қозады, айналып жүре береді, сіңірлері тартылып қалады), аналық шошқаларда іш тастау байқалады. Ауруға шалдыққан жануарлардың 5-10%-ы өлімге ұшырайды.

Аурудың жітілеу түрінде клиникалық белгілері нашар байқалады, дене қызуы аздап көтеріледі немесе тіпті болмай, жануарлар сауығып кетеді. Аурудың жасырын түрінде қан сарысуларының құрамында вирусқа қарсы телімді антиденелердің түзілуімен сипатталады. Өлімге ұшыраған шошқалардың бас миы мен жұлынында менингоэнцефалит байқалады.

Патологоанатомиялық балауы. Аурудың жіті ағымында шошқалардың аяқтарында, тұмсығында және ауыз қуысында везикулалар (афталар), эрозиялар мен жаралар байқалады. Кейбір жануарлардың тұяқтарының мүйізді қабаты ажырап, түсіп қалады. Бас миы мен жұлындарының іріңсіз менингоэнцефалитке шалдыққандығын көруге болады.

Дифференциалдық балауы. Шошқалардың везикулярлы ауруын аусылдан, везикулярлы стоматит пен шошқалардың везикулярлы экзантемасынан ажырату қажет.

Зертханалық балауы. Материалдарды алу және зерттеуге дайындау. Патологиялық материал ретінде везикула сұйықтықтарын, түйіндердің эпителилерін (кем дегенде 1 г алып, рН 7,2-7,4 болатын 50%-ды глицерин ерітіндісінде ұстайды), ауру немесе күдікті жануарлардың дене қызуы жоғарлап тұрған кезінде алынған 1-2 мл қан (гепарин қосылған), нәжісі алынады. Алынған үлгілерді контейнерлерге немесе мұзы бар термостарға салып зертханаға жібереді.

Вирусты бөліп алу үшін эпителиді шайып, ұсақтап, центрифугалағаннан кейін тұнба сұйықтығымен бұзаулардың қалқанша безі мен шошқа бүйрегінен (IB-RS-2) әзірленген жасуша өсінділеріне жұқтырады. Тек бұзаулардың қалқанша безінен әзірленген жасуша өсінділерінде цитопатикалық өзгерістер байқалса, онда оны аусылға шалдыққан деп есептейді.

Вирустарды өсіру. Вирус шошқалардың бүйрегінен дайындалған алғашқы жасуша өсінділері мен PK-15 және IB-RS-2 тұрақты жасуша өсінділерінде жақсы өсіп өнеді. Олар жасуша өсінділерін цитопатикалық өзгерістерге ұшыратып, дақтар пайда болады. Вирус жұқтырылғаннан кейін 3 сағаттан соң шошқа бүйрегінің жасуша өсінділерінде алғашқы өзгерістер көрініп, жасуша цитоплазмасы вакуольды дистрофиясы және ядроның қарқынды базофилиясы, ал 8 сағаттан кейін цитоплазмада кариорексис байқалады. Жасушалардың толық дегенерациясы жұқтырылғаннан кейін 24-36 сағаттан соң айқындалады. Сонымен қатар жасушалардың энзиматикалық белсенділігі өзгереді, яғни сукциндегидрогеназа мөлшері көбейеді, ал лактатдегидрогеназа саны төмендейді. IB-RS-2 тұрақты жасуша өсінділеріне бейімделген вирустың көбею циклі 4 сағатқа, ал олардың дақтарды түзу бірлігі (ДТБ/мл) 2х109 тең болады.

Биосынама. Ауру қоздырушысын азыққа қосып беру арқылы, тері астына, тері ішіне жұқтыруға болады. Шошқалардың тұмсығына жұқтырғаннан кейін 36 сағаттан соң вирусты енгізген жерінде везикулалар байқалады. Сонымен қатар, ауру белгілері теріде, аяқ буындарында, тұмсықттары мен тілдерінде көріне бастайды. Интрацеребральды жолмен жұқтырылған 10 күндік торайларда ауру белгілері 7-8 күннен кейін байқалса, жұқтырылғаннан кейін 2-4 тәілікте торайлардың бас миының қабықшаларынан вирустарды бөліп алуға болады. Ал вирусқа қарсы антиденелердің түзілуі 8-ші тәулікте байқалады. Жұқтырылған бір күндік тышқан балаларында ауру белгілері 24-30 сағаттан соң орталық нерв жүйесінің зақымдалуы салдарынан тремор, қозғалыс координациясының бұзылуы, жетінші тәулікте салданып, өлімге ұшырайды. Вирус бас миында белсенді түрде көбейіп, ми ұлпаларын зақымдайды. Тышқан балаларына биосынама шошқалардың везикулярлы ауруын аусылдан ажырату үшін қойылады. Себебі аусыл вирусы жұқтырылған тышқан балаларының салдану белгілері байқалғанымен ми ұлпалары зақымдалмайды.

Серологиялық балауы үшін КБР-да шошқалардың телімді қан сарысулары мен везикула қабырғаларынан немесе везикула сұйықтығынан дайындалған антигендерді пайдаланады. Сонымен қатар, патологиялық материал жұқтырылған IB-RS-2 жасуша өсінділерін 12, 24, 48 сағат өткен соң ИФТ-дың жанама қойылымы және БР-мен зерттейді. Басқа аурулардан ажырату үшін ЕГАР (моно- және поливалентті қан сарысулары мен құрғақ эритрацитарлық антиген) қолданылады.

Вирустардың идентификациясында иммунды ферменттік талдау және комплементті тікелей байланыстыру реакциясы қолданылады.

Серологиялық балауда вирустарды бейтараптау реакциясы мен иммунды ферменттік талдау пайдаланылады.

7-дәріс

ІРІ ҚАРА ОБАСЫ (Pestis bovium)

Ірі қара обасы аса жұғымтал, безгекпен, клегей қабықтарының катаральды-геморрагиялық және крупозды дифтериялық қабынуымен сипатталатын вирустық ауру. Бұл ауруға ірі қара мал, енеке, зебу, бөкен, қара құйрық, жираф, ал кей жағдайда қой мен ешкі шалдығады.

Ауру қоздырушысы РНҚ-лы бар вирустар тобына, Paramyxoviridae тұқымдастығына, Morbillivirus туыстығына жатады. Вирусты алғаш рет 1902 жылы Николь және Адиль-Бей анықтаған. Вирион дөңгелек және сопақша пішінді, көлемі 40-тан 300 нм-ге дейін болады. Вирионның сыртқы қабықшасында ұзындығы 9-15 нм болатын өсінділері болады. Вирус штамдары бір-бірінен вируленттілігі жағынан ажыратылады, ал антигенділігі жағынан үсақ малдар мен иттер обасы және қызылша вирусының арасында туыстық байқалады.

Ірі қара обасының вирусы сыртқы орта жағдайларына төзімсіз болып келеді. Вирус –20оС-де 5 жылдан аса уақыт сақталса, ал лиофильденгендері жылы температурада 1,5 жылға дейін белсенділігін жоймайды. Вирустардың белсенділігін жою үшін хлорлы әк (2-4%), күйдіргіш натрий (2-3%), формальдегит (1-3%), фенол (2%) , крезол (2%) ерітінділері қолданылады.

Ірі қара обасының вирусы ауру және аурудан сауыққан малдардың көз жасы, мұрындарынан аққан сұйықтығы, сілекейі, сүті, зәрі, жыныс мүшелерінен аққан сұйықтықтары арқылы сыртқы ортаға тарайды. Ауру аэрогенді жолмен, вируспен ластанған жайылымдар, суаттар, азықтар және ауру мал мен сау малдар бірге тұрған жағдайда жұғады.

Ірі қара обасын балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне, зертхана жағдайында вирустарды бөліп алуға, сезімтал жануарларға биосынама қоюға, КБР, ДПР, БР, ИФР, ГАТР, ЖГАР, ИФТ көмегімен вирустар мен олардың антигендерін анықтауға негізделген.

Клиникалық балауы. Аурудың жасырын кезеңі табиғи жағдайда 3 күннен 15 күнге дейін, ал экспериментальды жағдайда 3-7 күнге созылады. Ауру ағымы – сирек жағдайда өте жіті, жіті, жітілеу және абортивті түрде өтеді. Обаның симптомы әртүрлі болып келеді және вирустардың вируленттілігіне, жануарлардың түріне, тұқымы мен шалдыққан малдардың иммундық күйіне байланысты болады.

Өте жіті ағымда жас малдар мен жаңа туылған төлдердің клиникалық белгілері байқалмай дене қызуы 42оС-ге дейін көтеріледі. Тек кейбіреулерінің кілегей қабықшаларының ісігендігін байқауға болады.

Аурудың жіті ағымында малдардың дене қызуы 40-42оС болады, еріні мен қызыл иегінің кілегейлі қабықшалары зақымдалады, ұсақ түйіршіктер, эрозиялар мен жаралар пайда болады. Ауызынан жағымсыз иісі бар кілегейлі сілекей, ал мұрынынан іріңді-кілегейлі сұйықтық ағады, көздің мөлдір қабаты күңгірттенеді, вагинит, гастроэнтерит, нәжісі сұйық, кілегейлі қан аралас және некрозға ұшыраған ұлпалары бар іші өтеді. Тік ішектің кілегейлі қабығы сыртына қарай аударылып, қою қызыл түсті болып көрінеді. Буаз малдар іш тастап, тез арықтайды. Малдар қиналып тыныс алады, жөтеледі, мұрын айнасы құрғайды, жалпы күйі нашарлайды, азықтанбайды. Бұл ағымда ауырған малдардың біразы 7-9-шы тәулікте өлімге ұшырайды. Өте сирек жағдайда аурудың 10-шы күні клиникалық белгілері басылып, жануарлар 20-25 күннен кейін сауығып кетеді.

Жітілеу ағымда ауру зілсіз өтеді, 6-7 күннен кейін дене қызуы қайтып, ауыздың кілегей қабықтарындағы эрозиялар мен жаралар жазылып, асқазан-ішек жолдарының зақымдану белгілері басылып, 2-3 аптадан кейін мал сауығып кетеді. Бұл ағымдағы ауру малдардың 20-40%-ы өлімге ұшырайды (әдетте жас малдар).

Аурудың абортивті түрінде қысқа уақыт дене қызуы көтеріледі, іші өтеді. Ауырға малдарда некротикалық ошақтар байқалмай, олар сауығып кетеді.

Патологоанатомиялық балауы. Өлекселер жүдеу, жамбасы мен құйрықтарының айналасы нәжістермен ластанған. Тері асты клетчаткалары ісініп, қанаталаған. Қаны күңгірт, нашар ұйыған болады. Ауыздың, көмей мен жіңішке ішектің кілегейлі қабықшасында көптеген некротикалық ошақтар мен эрозиялар, эндокард пен эпикардтың ісінгендігі, мезентериальды лимфа бездері ұлғайған. Тік ішектің кілегейлі қабығы гиперемияланған. Көк бауыры аздап ұлғайған, капсуласының асты қанталаған, бауыры босаңсыған, былжыраған. Бүйректері бұзылған, зәрі қан араласқан болады. Өкпесі ісінген, гиперемияланған, қабынған. Бас миында гиперемия мен ісік байқалады.

Дифференциалдық балауы. Ірі қара обасын аусылдан, вирустық диареядан, жұқпалы ринотрахеиттен, қатерлі катаральды қызбадан, везикулярлы стоматиттен, сальмонеллезден, некробактериоздан, паратуберкулезден ажырату қажет.

Зертханалық балауы. Материалдарды алу және зерттеуге дайындау. Патологиялық материал ретінде стерильді гепарин қосылған қан, көк бауыр, жауырын және мезентериальды лимфа бездері, көзі мен мұрындарынан аққан сұйықтықтар алынады. Алынған үлгілерді мұзы бар термостарға салып зертханаға жібереді.

Гепаринделген қанды түтіктерге құйғаннан кейін 15-20 минут бойы 2500 айналымда центрифугалап, эритроциттер мен плазманың ортасындағы лейкоцит қабатын Пастер түтікшесінің көмегімен стерильді ыдысқа құйып алады. Қоректік ортамен эритроциттерден шайылған және ұсақталған лейкоциттер суспензиясымен немесе жасуша өсінділерін жұқтырады.

Жасуша өсінділеріне жұқтыру. Ірі қара оба вирусы бұзау, қозы мен сиыр эмбрионының бүйрегінен алынған алғашқы жасуша өсінділерінде, макрофагтарда және тұрақты жасуша өсінділерінде жақсы көбейеді.

Бұзаулардың бүйрегінен дайындалған жасуша өсінділерін қоректік ортадан бөліп алып, вирусы бар материалды жұқтырғаннан кейін 2 сағат бойы +37оС-де ұстайды (вирустардың жасушаға адсорбциялануы үшін). Содан кейін оған 2,5% бұзау қан сарысуы қосылған қоректік ортаны қосып термостатта 9-18 күн бойы ұстайды. Жасуша өсінділерінде вирустардың өсіп-өнуін цитопатогенді әсерінің байқалуынан біледі. Вирустарды идентификациялау үшін БР, гемагглютинациялаушы қасиетін анықтау үшін ГАР қолданылады.

Сезімтал жануарларға жұқтыру. Ауру малдардан алынған қанды немесе 10 мл лимфа бездерінен дайындалған 10-20%-ды суспензияны бұзаулардың тері астына жұқтырады. Жұқтырылған жануарлардың дене қызуы 5 күннен соң көтеріліп, аурудың клиникалық белгілері байқалады да, олардың 90%-ы шығынға ұшырайды. Ал сауыққан жануарлардың организмінде телімді антиденелердің түзілуімен сипатталады.

Биосынама. Оба вирусын идентификациялау анықтау үшін вакциналанған жануарларды 12 күннен кейін және вакцина егілмеген жануарларды көк бауыр, лимфа бездерінің суспензиясы немесе қан үлгілерімен жұқтырады. Біраз уақыт өткеннен кейін вакцина егілмеген жануарлардың дене қызуы көтеріліп, аурудың клиникалық белгілері байқала бастайды, ал вакциналанған жануарларда ондай көріністер байқалмаған жағдайда реакция оң деп есептеледі. Ауруға шалдыққан немесе өлген жануарлардан үлгілерден телімді антигендерді КБР және ДПР-мен анықтайды.

Вирустардың идентификациясы мен вирус антигендерін анықтау үшін вирустарды бейтараптау реакциясы, комплементті байланыстыру реакциясы, диффузиялық преципитация реакциясы, гемагглютинацияны тежеу реакциясы, иммунофлуоресценция реакциясы, жанама гемагглютинация реакциясы және иммунды ферменттік талдау қолданылады.

Серологиялық балауда комплементті байланыстыру реакциясы, вирустарды бейтараптау реакциясы, гемагглютинацияны тежеу реакциясы және иммунды ферменттік талдау пайдаланылады.

8-дәріс

ҰСАҚ МАЛДАР ОБАСЫ (Pestis ovium et caprarum)

Ұсақ малдар обасы жіті түрде өтетін жұқпалы вирустық ауру. Бұл ауруға шалдыққан жануарларда лихорадка, мұрыны мен көзінің кілегейлі қабықтары зақымдалады, катаральды-геморрагиялық энтерит, жаралы-некротикалық стоматит, пневмония байқалады және лимфойдты органдары зақымдалып, олардың 90%-ының өлуімен сипатталады. Ұсақ малдар обасына қойлар, әсіресе ешкілер, жабайы жұп тұяқтылардың ішінен – қарақұйрық, нубий тау ешкісі, ларистан қойлары шалдығады. Ірі қара малдар мен шошқаларда ауру ағымдары симптомсыз өтеді.

Ауру қоздырушысы РНҚ-лы бар вирустар тобына, Paramyxoviridae тұқымдастығына, Morbillivirus туыстығына жатады. Вирион сопақша және дөңгелек пішінді, құрамында комплементті байланыстырушы және преципитиндеуші антигендері болады. Серологиялық қасиеттері жағынан ірі қара малдар мен иттердің обасына ұқсас келеді.