Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

аса кауипты

.docx
Скачиваний:
28
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
526.83 Кб
Скачать

Ұсақ малдар обасының вирусы +60оС-де 1 сғат аралығында инактивацияланады. Спирт пен эфирге және сілтілі ерітінділердің әсеріне төзімсіз келеді. Мұздатылған және –20оС-де қатырылған үлпаларда 6 айға дейін тіршілігін сақтайды.

Ауруға шалдыққан жануарлардың көз жасы, мұрындарынан аққан сұйықтығы, жөтелген кезде бөлінген сілекейі, сүті, нәжісі, іш тастаған малдардың жыныс мүшелерінен бөлінген және басқа да секреттері, өлекселері мен еріксіз сойылған мал еті арқылы сыртқы ортаға тарайды. Вирус аэрогенді және алиментарлы жолдармен, вируспен ластанған азықтар, ауру мал мен сау малдар бірге тұрған жағдайда жұғады.

Ұсақ малдар обасын балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне, зертхана жағдайында вирустарды бөліп алуға, сезімтал жануарларға биосынама қоюға, КБР, ДПР, БР, ИФР, ИФТ, ПТР көмегімен вирустар мен олардың антигендерін анықтауға негізделген.

Клиникалық балауы. Қойлар мен ешкіледе аурудың жасырын кезеңі 3 күннен 10 күнге дейін, сирек жағдайда 15 күнге дейін созылады. Ауру ағымы –өте жіті, жіті және жітілеу түрде өтеді.

Өте жіті ағымы ешкілерге ғана тиісті болады.

Аурудың жіті ағымында малдардың дене қызуы кенеттен көтеріліп, 40-41,5оС болады, қысқа уақыт қозу байқалғаннан кейін депрессия болады, азыққа тәбеті төмендейді, мұрын айнасы мен еріндері құрғайды. Ауыз бен мұрынының кілегей қабықшалары алғашында гиперемияланып, сосын некротикалық ошақтар мен жара пайда болады, серозды және серозды-іріңді сұйықтықтар бөлініп қабыршақтар түзіледі де танауы бітеліп қалады. Жағымсыз иісті некротикалық стоматит байқалады. Тыныс алуы қиындайды, демігеді, жөтеледі, пневмония белгілері көрінеді. Конъюнктива ісінеді, катаральды конъюнктивитке ұшырап, көзінен көп мөлшерде экссудат бөлінеді. Организм жүдеп, сусызданып, дене қызуы төмендеп, 5-10 күннің ішінде өлімге ұшырайды. Жануарлардың 90%-ы ауруға шалдығып, олардың 50-80%-ы шығынға ұшырайды.

Жітілеу түрінде ауру ағымы баяу өтеді (10-15 күнге дейін), дене қызуының көтерілуі әлсін-әлсін қайталанып тұрады, пневмония, диарея дамиды және организмнің сусыздануы байқалады. Нәтижесінде жануарлар бірте-бірте сауығып кетеді. Аурудың ауыр жағдайында жануарлардың 20%-ы 2-3 аптадан кейін шығынға ұшырайды. Аурудан сауыққан жануарлардың организмінде өмірлік иммунитет қалыптасады. Ал олардың төлдеріне берілген колостральды иммунитет 6 айға дейін сақталады.

Патологоанатомиялық балауы. Өлекселер жүдеу, астыңғы еріні, тілінің, таңдайының, ауызының кілегей қабықтары зақымдалған, эрозиялы және жаралы стоматит болады. Мұрын, мұрын қуысы, көмейі мен кеңірдегінің кілегелі қабаттарында ұсақ қанталаулар мен эрозиялар байқалады. Аурудың негізгі белгілерінің бірі болып бронхопневмония, плеврит және гидроторакс саналады. Онекі елі және соқыр ішектері нүктелі және жолақты қанталаған. Көк бауыры қою қызыл түсті қанға толған. Жұтқыншақ, портальды және мезентериальды лимфа бездерінде некрозға ұшыраған. Кейде эрозиялық вульвовагинит байқалады.

Дифференциалдық балауы. Ұсақ малдар обасын ірі қара мал обасынан, ешкілердің контагиозды плевропневмониясынан, қойлардың катаральды қызбасынан (блютанг), пастереллезден, контагиозды эктимадан, аусылдан, кокцидиоздан, минералды улармен уланудан қой мен ешкілердің трансмиссивті вирустық ауруынан (найроби) ажырату қажет. Бұл ауруға адамдар да шалдығады.

Зертханалық балауы. Материалдарды алу және зерттеуге дайындау. Патологиялық материал ретінде гепарин қосылған қан, мұрыны мен ауыз қуыстарынан аққан сұйықтықтардан және тік ішектің кілегейлі қабығынан жасалған жағындылар, бронхиальды және мезентериальды лимфа бездері, көк бауыры, өкпе мен жуан ішек үлгілері. Алынған үлгілерді мұзы бар термостарға салып зертханаға жібереді.

Зерттеуге алынған үлгілердің суспензиясымен жасуша өсінділерін жұқтырады немесе сезімтал жануарларға биосынама қояды. Органдардан алынған үлгілерге гистологиялық зерттеулер жүргізеді.

Жасуша өсінділеріне жұқтыру. Ұсақ малдар обасының вирусы қой эмбрионының немесе қозы бүйректерінен дайындалған алғашқы жасуша өсінділері мен осы вирусқа адаптацияланған басқа да алғашқы және тұрақты жасуша өсінділерінде жақсы көбейеді.

Жасуша өсінділерінен вирустарды идентификациялау үшін электронды микроскопиялау, вирустарды бейтараптау реакциясы, диффузиялық преципитация, иммунофлуоресценция реакциясының жанама қойылымы, иммунды ферменттік талдау және иммуногистопатология әдістері қолданылады.

Сезімтал жануарларға жұқтыру. Ауру малдардан алынған патологиялық материалдардан дайындалған суспензияны 2 айлық лақтарға жұқтырады.

Вирустардың индикациясы мен идентификациясында вирустарды бейтараптау реакциясы, диффузиялық преципитация реакциясы, иммунофлуоресценция реакциясының жанама қойылымы, иммунды ферменттік талдау және полимеразалық-тізбекті реакция қолданылады.

Серологиялық балауда вирустарды бейтараптау реакциясы, иммунды ферменттік талдау, диффузиялық преципитация реакциясы, иммунодиффузияны тежеу реакциясы және иммуноэлектрофорез пайдаланылады.

9-дәріс

ІРІ ҚАРА МАЛДЫҢ КОНТАГИОЗДЫ ПЛЕВРОПНЕВМОНИЯСЫ

(Pleuropneumonia contagiosa bovium)

Ірі қара малдың контагиозды плевропневмониясы өкпенің фибринді қабынуымен, өкпенің зақымдалған бөліктерінің өліеттенуімен, серозды- фибринозды плевритінің салдарынан көкірек қуысында көп мөлшерде экссудат жиналуымен ерекшеленетін аса жұғымтал ауру.

Ірі қара малдың контагиозды плевропневмониясына табиғи жағдайда сиырлардан басқа енеке, қодас, бизон, зебу шалдығады. Жасанды жолмен қойға, ешкіге, түйеге, солтүстік бұғыларға жұқтыруға болады.

Ауру қоздырушысы Mycoplasma mycoides var. mycoides. Бұл Tenericutes бөліміне, Mollicutes класына, Mycoplasmatales қатарына, Mycoplasma туысына жатады. Ауруды 1765 жылы алғаш рет Буржел сипаттаған, ал 1792 жылы Хаберст бұл аурудың жұқпалы екендігін дәлеледеген. 1898 жылы француз ғалымдары Нокар мен Ру қоздырушының сүзгіден өтіп кететін плевропневмотропты микроб ретінде сипаттаған. Микоплазмалар – жасуша қабырғалары жоқ, сырты үш қабатты цитоплазмалық мембранамен қапталған, полиморфты, пішіні кокк, жіпше және жұлдызша пішінді болып келетін, бактериалдық сүзгілерден өтіп кететін, грам-теріс, көлемі 0,2-0,8 мкм болатын микроорганизм.

Микробтың сыртқы орта әсеріне төзімділігі нашар. Оларды құрғақшылық пен күн сәулесі 5-24 сағатта жояды. Шіріген материалдарда микробтар (+4-8оС-де) 8-9 тәулікке дейін, ал құрсақ қуысындағы ошақтарда 12-14 айға дейін сақталады. Қатырылған өкпеде микоплазма 1 жылға, ал лиофильденгенде 5 жылға дейін сақталады.

Дезинфектанттардың (күйдіргіш натрий, қышқылдар, күкіртті крбол қоспасы, хлорамин, хлорлы және жаңадан сөндірілген әк) тиісті концентрациялары ауру қоздырушысын тиімді залалсыздандырады.

Ірі қара малдың контагиозды плевропневмониясының таралуына себепші болып ауру, әсіресе аурудың созылмалы ағымындағы мал саналады. Бұл категориядағы жануарлар өте қауіпті, оларда аурудың клиникалық белгілері көрінбей, микоплазматасымалдаушы болып, сау малдарға тез арада (негізінен респираторлы жолмен) жұқтырады.

Ауруды балау эпизоотологиялық деректерге (тек ірі қара малдар шалдығады, ауру баяу өрбиді), клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне, зертхана жағдайында бұзауларға биосынама қоюға, бактериологиялық және серологиялық (КБР, ИФТ, ЖГАР, ДПР, ИФР) әдістермен зерттеуге негізделген.

Клиникалық балауы. Аурудың жасырын кезеңі 2-4 апта, кейде 4-6 айға дейін созылады. Ауру ағымы –өте жіті, жіті, жітілеу, созылмалы және атипті түрде өтеді.

Өте жіті ағымы кезінде өкпе күшті зақымданып, экссудативтік плеврит пен пневмония белгілері білінеді. Тыныс алуы қиындап, жөтел пайда болады. Дене қызуы 41оС-ден асады. Азыққа тәбеті болмайды, күйіс қайыруы тоқтайды, іші өтеді де мал 2-8 күн ішінде өледі.

Аурудың жіті ағымында малдардың жөтелуімен қатар дене қызуының аздап жоғарлауы, кейіннен 42оС-ге дейін көтерілуі байқалады. Жануар қозғалмауға тырысады, алдыңғы аяқтарын алшақ ұстайды, мойынын созып, арқасын бүгіп, ауызын ашып тұрады. Тынысы тарылады, қабырғаларының арасы мен арқасын басқанда ауырсынады, жұрек соғуы дүрсілдеп, тамыры баяу соғады. Бастапқы кезде жөтел құрғақ, қысқа, қатты, кейіннен дыбысы бәсең, ылғалды болады. Танауынан сұйықтық ағады. Ауырған малдардың 70%-ы 2-4 аптада өлімге ұшырайды. Тірі қалған малдардың ауруы жітілеу немесе созылмалы түрге ауысады.

Жітілеу түрінде аурудың барлық клиникалық белгілері айқын байқалады. Мал сирек жөтеледі, іші өтіп, дене қызуы көтеріледі.

Созылмалы ағымында мал арықтайды, жөтеледі,оқтын-оқтын іші өтеді. Жөтелген кездеіріде ірімтіктелген іріңді сілекейлер шашырайды. Кейде төсінде, әукесінде, сирақтарында домбығулар байқалады. Ауру бірнеше айға созылып, мал көбінесе шығынға ұшырайды.

Атипті (субклиникалық) түрінде малдың ыстығы аз уақыт көтеріледі, әлсіденеді, азыққа тәбеті нашарлайды, оқтын-оқтын жөтеледі. Мұндай жануарлар сау жануарларға қауіпті болып келеді.

Патологоанатомиялық балауы. Өлекседегі негізгі өзгерістер көкірек қуысында байқалады. Көбінесе өкпенің біреуі ғана зақымданып, процесс соның ортаңғы немесе артқы бөлігінде шоғырланады. Өкпенің зақымдалған бөлігі томпайған, тығыздалған пневмония ошақтары көрінеді. Ондай ошақтарды кескен жағдайда мрамор тәрізді гепатизацияны, капсулалы некротикалық ошақтарды байқауға болады. Бронхиальды лимфа бездері ұлғайған, ісінген. Плевра жуандап, қатпарланған. Плевра қуысында көп мөлшерде сары түсті немесе фибрин талшықтарымен лайланған экссудат (5-30 л) жиналған болады. Толдердің буындары серозды-фибринозды қабынады, тері асты клетчаткаларында қоймалжың инфильтраттар жиналады.

Дифференциалдық балауы. Ірі қара малдың контагиозды плевропневмониясын тейлериоздан, туберкулезден, пастереллезден, парагриптен, эхинококкоздан, жұқпалы ринотрахеиттен, бронхапневмония мен плевропневмониядан (екіншілік инфекция), травматикалық перикрдиттен ажырату қажет.

Зертханалық балауы. Материалдарды алу және зерттеуге дайындау. Патологиялық материал ретінде зақымданған өкпе, көкірек қуысынан алынған экссудат, лимфа бездері және аурудың жіті ағымындағы және сауығып келе жатқан малдардың қан сарысулары алынады.

Қоректік орталарда өсіру. Зерттеуге алынған үлгілерден қоздырушыны бөліп алу үшін 10-15%-ды ірі қара немесе жылқы қан сарысуы мен 10% ашытқы экстракты қосылған мартен сорпасына немесе агарына себінді жасап, 37-38оС-де өсіреді. Мартен сорпасында микроорганизмдердің өсуі 2-3-ші тәулікте байқалады. Мартен агарында дөңгеленген, шеттері тегіс, ортасы агарға сіңіп, қуырылған жұмыртқа тәрізді колонияларды түзіп өседі. Қан қосылған агарда α-гемолиз зонасын түзіп өседі.

Биосынама 6-8 айлық бұзауларға қойылады. Ауру малдардан алынған экссудатты немесе қоректік орталарда өсірілген өсінді суспензиясын 2-3 бұзау әукесінің тері астына, интратрахеальды немесе интраплевральды жолмен егіп, оларды 30 күн бойы бақылап отырады.

Ірі қара малдың контагиозды плевропневмониясының қоздырушысын анықтау үшін енжарлы гемагглютинация реакциясы және комплементті байланыстыру реакциясы қолданылады.

Серологиялық балауы. Қан сарысуының құрамындағы телімді антиденелерді анықтау үшін комплементті байланыстыру, диффузиялық преципитация, иммунофлуоресценция реакциясыны, иммунды ферменттік талдау және полимеразалық-тізбекті реакция қолданылады.

10-дәріс

ІРІ ҚАРАНЫҢ НОДУЛЯРЛЫ ДЕРМАТИТІ

(Dermatitis nodularis bovium)

Ірі қараның нодулярлы дерматиті (ірі қара терісінің түйінді қабынуы) – жіті түрде өтетін аса қауіпті вирустық індет. Ауру қызбамен, терінің түйінді қабынуы және некрозға ұшырауымен, тері асты клетчаткасының, ішкі органдарының және көзінің, лимфа жүйелерінің, тыныс және азық қорыту жолдарының зақымдануларымен сипатталады.

Ауру қоздырушысы ДНҚ-лы бар вирустар тобына, Poxviridae тұқымдастығына, Capripoxovirus туыстығына жатады. Бұл аурудың жұғымтал екендігін алғаш 1943-1945 жылдары Бакстром дәлелдеген. Ал 1959 жылы Александер, Плоурайт және Хайг ірі қара терісінің түйінді қабынуын тудыратын вирустарды 3 топқа (BLD, Allerton және Neethling) бөлген. Олар бір-бірінен вируленттілігі, иммуногенділігі және цитопатогенді әсері бойынша ажыратылады. Neethling деген түрі залалды түйінді дерматитті тудырады. Neethling вирусының жетілген вирионы дөңгелек пішінді, сырты екі бабатты қабықшамен қапталған. Морфологиясы жағынан шешек вирусына ұқсас келеді.

Нодулярлы дерматит вирусы рН 2-10 аралығындағы орталарға төзімді, 20%-ды эфирге, 1%-ды хлороформ мен формалинге сезімтал келеді. +55оС-де 2 сағат, ал 65оС-де 30 минут аралығында инактивацияланады. Зақымдалған теріде 4 айға дейін сақталады.

Ірі қараның нодулярлы дерматитін балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне және зертхана жағдайында жүргізілген зерттеу нәтижелеріне негізделген.

Клиникалық балауы. Барлық жастағы мүйізді ірі қаралардағы аурудың жасырын кезеңі 7 күннен 12 күнге созылады. Жиі жағдайда ауру ағымы жіті, жітілеу, созылмалы түрде және симптомсыз өтеді.

Аурудың жіті ағымында малдардың дене қызуы бірде 40-41,5оС-ге дейін көтеріліп, қайта нормаға түсіп, құбылып тұрады. Азыққа тәбеті төмендейді, көзі жасаурайды, танауынан серозды-кілегейлі сұйықтық ағады. 48 сағаттан кейін денесінің барлық жеріндегі тері беткейінде томпайған, дөңгелек пішінді, диаметрі 0,2-5 см болатын бөртпелер пайда болады. Сосын ұсақ бөртпелер бір-бірімен қосылып, некрозға ұшырап, құрғайды да қабыршақтанып, түсіп қалады. Тері бетіндегі түйіндер терінің барлық қабатына, тері асты клетчаткасына және бұлшық етіне өтіп кетеді. Мұндай малдардың салмағы төмендейді, сауын сиырларда желінсау байқалады, лимфа бездері 4-10 есе ұлғаяды. Ауыздарынан көп мөлшерде қою, созылымды және жағымсыз иісті сілекей ағады. Көздің молдір қабығы лайланып, жартылай немесе толығымен көзі көрмей қалады. Кейбір жануарлардың сіңірлерінің қабынып, некрозға ұшырауынан, буындарының зақымдалуынан аяқтары ақсайды. Аурудың асқынған түрінде трахеяда, жұтқыншақта түйіндер пайда болып, өкпе ісініп, асфиксия немесе бронхопневмония әсерінен малдар өледі (10% кейде 95%-ға дейін).

Жітілеу түрінде тері бетінің зақымдалуы онша байқалмайды, дене қызуы аз уақыт көтеріледі, мал күйзеледі, азыққа тәбеті болмайды. Кей жағдайда екіншілік бактериалдық инфекцияның әсерінен жұғымтал түйінді дерматит асқынады. Бұл кезде трахеит, пневмония, жыныс мүшелерінің зақымдалуы, уақытша бедеулік, желін безі ұлпаларының атрофиялануынан мен индурациялануынан некротикалық желінсауға ұшырауы және артрит байқалады.

Сауығып келе жатқан жануарлардың терісіндегі ісіктер мен түйіндер басылып, жарақат орындарының жүні түседі, терісі жарылған және құрғаған терілері жаңарып, жүн өсе бастайды. Процесс асқынған жағдайда терідегі түйіндер қатайып, бір жыға немесе одан да ұзақ уақытқа дейін өзгермей тұра береді.

Патологоанатомиялық балауы. Жануарлардың тері қабаттарында, тері асты клетчаткасы мен бұлшық еттерінде түйінді ісіктер, қанталаулар, некротикалық ошақтар мен жаралар болады. Регионарлық лимфа бездері ұлғайған, ісінген, қанталаған, кескенде шырынды болып келеді. Ауыз бен мұрын қуыстарында, көмейінде, кеңірдегінде, бауыры мен талағының капсуласында, үлкен қарын мен ұлтабардың кілегейлі қабаттарында түйіндер мен жаралар байқалады. Өкпесі ісінген. ішектің кілегейлі қабықтары қанталаған, энтерит белгілері көрінеді. Тестикуласы мен қуығында жаралар мен эрозиялар көрінеді.

Дифференциалдық балауы. Ірі қараның нодулярлы дерматитін аусылдан везикулярлық стоматиттен, шешектен, есекжемнен, тері туберкулезінен, ірі қараның обасынан, стрептококкоздан, гиподерматоздан, демодекоздан, қышымадан, кенелер мен жыландардың шағуынан, дерматомикоздардан ажырату қажет.

Зертханалық балауы. Материалдарды алу және зерттеуге дайындау. Ауруға шалдыққан немесе өлген малдардан патологиялық материал ретінде аурудың бастапқы сатысндағы тері түйіндерінің биопсиясы, зақымдалған ошақтары, құрғақ некрозға ұшыраған тері мен тері асты клетчаткаларының қабыршақтары, алады.

Гистологиялық және гистохимиялық әдістермен зерттеу үшін патологиялық материалдарды формалинге салып зертханаға жібереді. Серологиялық зерттеулерге жіті ағымдағы ауру және сауығып келе жатқан малдардан алынған қан сарысуларын алып, зерттегенге дейін қатырып қояды.

Вирустарды жасуша өсінділерінде бөліп алу. Neethling вирусын 5-7 күндік тауық эмбрионының хориоалантоис қабықшасында, бұзаулардың және қозылардың бүйректері мен тестикулаларынан дайындалған жасуша өсінділерінде өсіреді. Олардың жасуша өсінділеріндегі цитопатогендік әсері бастапқыда баяу дамып, 24 сағаттан кейін адаптацияланып, қой шешегінің вирусына тән зақымдалған ұршық тәрізді немесе дөңгеленген жасушалар байқалады. өсірілген зақымдайды. Allerton вирусы бұқалардың тестикуласынан алынған алғашқы жасуша өсінділерінде жақсы өсіп, үшінші пассажда 24-36 сағаттан соң жасуша дарақабаттарын толық деструкцияға ұшыратады. Сонымен қатар, ірі қараның нодулярлы дерматиті вирусын қоян бүйрегінен алынған жасушаларында өсіру үшін адаптациялауға болады.

Биосынама. Патологиялық материалдардан дайындалған суспензияны тышқан балаларына, теңіз шошқаларына, қояндарға, қойлар мен ешкілерге, қажет жағдайда ірі қара малдардың мойынының орта тұсына, иығы мен қарын аумағына жұқтырады.

Интрацеребральды жолмен жұқтырылған тышқан балалары 5-6 тәулік ішінде өлімге ұшырайды. Теңіз шошқаларының терісінде түйіндердің пайда болуы 10 тәуліктен кейін байқалып, некротикалық ошақтар көрінеді.

Нодулярлы дерматит вирусы жұқтырылған ірі қара малдарда 6-9 тәуліктен кейін мойынының орта тұсында, иығы мен қарын аумағында 0,7-0,8 см болатын түйіндер пайда болады, 12-ші тәулікте дене қызуы 41оС-ге дейін көтеріліп, 13-ші тәулікте осы ауруға тән белгілер: азыққа тәбетінің нашарлауы, тыныс алуының жиілеуі, мұрынынан серозды-кілегейлі экссудат ағуы, регионарлық лимфа бездерінің ұлғаюы (қаз жұмыртқасындай) байқалады.

Вирустардың индикациясы мен типтерін идентификациялауда вирустарды бейтараптау реакциясы, иммунофлуоресценция реакциясы, иммунды ферменттік талдау және т.б. қолданылады.

11-дәріс

РИФТ АЛҚАБЫНЫҢ ҚЫЗБАСЫ

(Febris vallis Rift)

Рифт алқабының қызбасы (энзоотикалық гепатит) – зооантропонозды, трансмиссивті жолмен жұғатын, көбінесе жіті түрде өтетін, интоксикация, лихорадка, некротикалық гепатит, геморрагиялық гастроэнтерит, қозылар мен лақтардың өлімге ұшырауымен, буаз малдардың іш тастауымен сипатталатын вирустық індет.

Табиғи жағдайда Рифт алқабының қызбасына қой, ешкі, ірі қара мал, енеке, бөкен, түйе, егеуқұйрық, тышқан, сасық күзен, тиін, маймылдар және адамдар шалдығады.

Ауру қоздырушысы РНҚ-лы бар вирустар тобына, Bunyaviridae тұқымдастығына, Phlebovirus туыстығына жатады. Қазіргі кезде бұл вирустың 35 түрі бар. Вирустың табиғатын ең алғаш 1931 жылы Доубней мен Гудзон анықтаған. Вирионының көлемі 60-75 нм.

Рифт алқабы қызбасының вирусы эфирге, басқа да майларды ыдырататын заттарға, метилен көгінің фотодинамикалық әсеріне және формальдегидке сезімтал келеді. 4-5оС-де инактивацияланады. Цитрат қосылған қанның құрамындағы вирус 6 айдан аса уақыт бойы вируленттілігін сақтайды. Дезинфектант ретінде 0,5%-ды күйдіргіш натрий, 5%-ды карбол қышқылы мен хлорлы препараттар қолданылады.

Рифт алқабының қызбасын балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне және зертхана жағдайында вирустарды бөліп алуға, вирус антигенедеріннің идентификациясына негізделген.

Клиникалық балауы. Аурудың жасырын кезеңі 24 сағаттан 3-7 күнге дейін созылады. Ірі қара мал, енеке және түйелерде ауру симптомсыз өтіп, буаз малдар жаппай іш тастайды (85%), сүті азаяды, кейде қан аралас іші өтеді. Бұл малдардың өлімге ұшырауы 10%-дан аспайды. Адамдарда бұл аурудың симптомы тұмауға ұқсас өтеді. Ауру ағымы өте жіті, жіті және жітілеу түрде өтеді.

Өте жіті ағымында қозылар мен лақтарда бірінші тәуліктің өзінде аурудың алғашқы симптомы байқалып, жүрек жұмысының қызметі кенеттен төмендеп (коллапс), төлдердің 95-100%-ы, ересектерінің 50%-ы өлімге ұшырайды.

Жіті түрі қозыларда, лақтарда, бұзауларда және ересек койлар мен ешкілерде байқалады. Мұнда дене қызуы 40-41оС-ге дейін көтеріледі, депрессия, кілегей қабықшалары бозарады, мұрындарынан кілегейлі-іріңдісұйықтық ағады, жүрегі қызметі әлсірейді, демігеді. Кейбір жануарларда сары ауру дамиды. Ересек қойлардың 20-50%-ы, ірі қара малдардың 3-5%-ы өлімге ұшырайды.

Жітілеу түрі кәрі қойларда, ешкілерде және бұзауларда байқалып, олардың дене қызуы көтеріледі, әлсізденеді, сілекейлері ағады, азыққа тәбеті нашарлайды, мұрындарынан қан аралас экссудат ағады, буаз малдар іш тастайды, сауын сиырлардың сүті азайып, 20%-ы өлімге ұшырайды.

Патологоанатомиялық балауы. Өлекселерді жарып тексергенде бауырдың жаппай некрозға ұшырағаны (ақ некротикалық ошақтардың диаметрлері 1 мм-ден асады), ісінгені, ұлғайғаны, жұмсарғаны, түссізденгені, капсулаларының астына қан құйылғандықтары байқалады. Іш тасталған төлдердің бауырының түсі қоңыр-сарғыш түсті болады. Қозыларда катаральды-геморрагиялық гастроэнтерит, терілері қанталаған, сыртқы және ішкі серозды қабықтары нүктелі қанталаған, лимфа бездері ісінген, және некрозға ұшыраған. Жиі жағдайда ұрық бездері зақымдалады, олар ұлғайған, консистенциясы жұмсарған, қанталаған, түсі қою-қызыл болады.

Дифференциалдық балауы. Рифт алқабының қызбасын қойлардың катаральды қызбасынан, ауру ағымдары өте ұқсас келетін Вессельборн және Найроби ауруларынан, қойлардың энтеротоксемиясынан, бруцеллезден, кампилобактериоздан, трихомоноздан, ұсақ малдардың хламидиоздық іш тастауынан, сальмонеллезден және тағы басқаларынан ажырату қажет.

Зертханалық балауы. Вирустарды өсіру. Вирус 1-3 күндік тышқандардың организмінде және 2-3 күндік тауық эмбриондарында, тауық эмбриондарының фибробласттарынан, қозының, ешкі мен маймылдың бүйрегінен, қозының тестикуласынан дайындалған алғашқы-трипсинделген жасуша өсінділерінде, сонымен қатар Чанга, ВНК-21 және HeLa жасуша өсінділерінде де жақсы өсіп-өнеді. 2-3 күндік тауық эмбрионының сарыуыз қапшығына жұқтырылғаннан вирустар 2-3-ші күндері көп мөлшерде жинала бастайды. Вирустарды жасуша өсінділерінде өсіруге қажетті доза ның мөлшері 2,5 ЛД50/мл. Вирустардың көбеюін жасушалардың цитопатогендік өзгерістерінің байқалуымен анықтайды.

Биосынама. Патологиялық материалдардан дайындалған суспензияны 1-3 күндік тышқан балаларына, сасық күзенге, ақ егеуқұйрыққа, атжалманға церебральды, перитонеальды жолдармен жұқтырады және қан тамырына егеді, қажет жағдайда қозы, лақ және бұзауларға жұқтырады. Жұқтырылған төлдер алғашқы белгілері байқалып, 24-36 сағаттан соң өледі. Тері астына жұқтырылған қойлардың дене қызуы 6 күн бойы көтеріліп тұрады, 4-күндері қанда вирустар көп мөлшерде жиналса, 9-10-күндері жойылып кетеді. Қан сарысуларының құрамында вирустарды бейтараптаушы антиденелер түзіледі. Экспериментальды жолмен жұқтырылған ірі қара малдардың дене қызуы көтеріледі, виремия, қан сарысуында вирустарды бейтараптаушы антиденелер жоғары титрде болады.

Вирустардың индикациясы мен идентификациясында вирустарды бейтараптау, диффузиялық преципитация, комплементті байланыстыру, иммунофлуоресценция, гемагглютинация және гемагглютинацияны тежеу реакциялары, иммунды ферменттік талдау қолданылады.

12-дәріс

БЛЮТАНГ

(Febris catarrhalis ovium )

Блютанг (қойлардың катаральды қызбасы, көк тіл) – қызбамен, ауызы мен тілінің, азық қорыту жолдарының, тәжі эпителиі мен тұяқтың тері негізідерінің некротикалық қабынуымен, қаңқа бұлшық еттерінің дегенеративті өзгеруімен, буаз саулықтардың іш тастауы және кемтар төлдердің туылуымен сипатталатын, трансмиссивті жолмен таралатын вирустық індет.

Табиғи жағдайда қойлардың катаральды қызбасына барлық қой тұқымдары, әсіресе 2-12 айлық жастағылары, сонымен қатар ірі қара мал, ешкі, бұғы, жабайы күйіс қайыратын жануарлар шалдығады.

Ауру қоздырушысы РНҚ-лы бар вирустар тобына, Reoviridae тұқымдастығына, Orbivirus туыстығына жатады. Қазіргі кезде бұл вирустың иммунологиялық қасиеттерімен ажыратылатын, жалпы комплементті байланыстырушы және преципитирлеуші антигендері бар 30-ға жуық типі белгілі. Вирустың табиғатын зерттеген ғалымдар Тейлер (1905 ж), Нищульц (1934 ж), Рой Полли (1922 ж). Вирион гексогенальды пішінді, диаметрі 60 нм, құрамы 80% белоктан және 20% РНҚ-нан тұрады.

Блютанг вирусы эфирге, хлороформға және натрий дезоксихолатына төзімді келеді. Трипсин мен қышқылдық ортаға сезімтал. рН 6-дан төменгі орталарда 1 минут ішінде инактивацияланады. рН 6,5-8,0 орталарға тұрақты. Дезинфекциялаушы заттар ретінде 3%-ды күйдіргіш натрий, 3%-ды формалин,70%-ды спирт қолданылады.

Қойлардың катаральды қызбасын балау эпизоотологиялық деректерге, клиникалық белгілеріне, патологоанатомиялық өзгерістеріне және зертхана жағдайында вирустарды бөліп алуға және оларды серологиялық реакциялармен анықтауға негізделген.

Клиникалық балауы. Аурудың жасырын кезеңі 5 күннен 20 күнге дейін созылады. Ауру жіті, жітілеу абортивті түрде өтеді.

Жіті ағымда дене қызуы 40,6-42оС-ге дейін көтеріліп, бір аптадан аса уақыт сақталып тұрады. Сонымен қатар ауру малдарда конъюнктивит, ауыз және мұрын қуыстарының, тілі мен еріндерінің кілегей қабықтары гиперемияланып, ісініп, кейіннен жаралар, эрозиялар мен некротикалық ошақтар пайда болады . Мұрынынан қан араласқан кілегейлі-іріңді сұйықтық ауызынан қан араласқан көпіршікті сілекей ағады. Тілі қатты ісініп, бастапқыда қою-қоңыр кейіннен күлгін көк түсті болып, ауызынан сыртқа шығып тұрады. Жиі жағдайда өкпе қабынады, қан аралас іші өтеді, терілері жарылады, аяқтары зақымдалып, жануарлар ақсайды. Қатты зақымданулардың әсерінен мал азықтанбай жүдейді, жүндері түсіп, 6-10 күн аралығында өлімге ұшырайды.