Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Әлеуметтану - 1 бөлік.doc
Скачиваний:
34
Добавлен:
05.11.2018
Размер:
606.72 Кб
Скачать

Ахмет Байтұрсынұлының әлеуметтік ойлары

1. Адам тәрбиесіндегі білім‑ғылымның рөлі туралы.

2. Мектеп ‑ әлеуметтік орта.

3. Қазақ қоғамындағы жер мәселесі жайлы.

4. Қазақтың әлеуметтік белсенділігі мен бірлігі хақында

1. ХХ ғасырдың басында үркердей топтанып шыққан қазақтың зиялы қауымының аса көрнекті өкілі, Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтқанда, «оқыған азаматтардың тұңғыш көсемі» ретінде танылған Ахмет Байтұрсынов өзі өмір сүрген қоғамның көкейкесті әлеуметтік мәселелерін қозғаған, адамды рухани қалыптастырудағы оқу-білімнің құдіретін терең түсінген ойшыл болатын.

Білімді, білікті құрметтеу – шығыс халықтарының ата заманнан келе жатқан құнды дәстүрі екені белгілі. Сонау ХІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұни тәрбие мен білім беру мәселелеріне ерекше көңіл бөле отырып, ол білім мен біліктілікті құтқа (берекеге) жетудің жолы, бүкіл ата-аналардың бірінші кезектегі міндеті, парызы деп түсінген. Ал кезінде екінші ұстаз атанған ұлы әл‑Фарабиді алсақ, ол бақытқа тек қана білім, таным арқылы жетуге болады деп есептеді.

Осы үрдісті бойына сіңірген, қазақтың ұлы ғалымы Ш. Уәлиханов, тұңғыш ағартушысы Ы. Алтынсарин, ұлы ақыны Абайдың тамаша дәстүрлерін жаңа кезеңде заңды жалғастырушы Ахмет Байтұрсынұлы болды. Ол халыққа білім беру, оқу саласы, мектеп жұмысын ұйымдастыруда қазақ тарихында өшпес мұра қалдырды.

Ұлы ағартушы қазақты артқа тартып отырған аса қиын мәселенің бірі – ел ішіндегі надандық пен жалқаулық екенін жақсы ұғынды. Ол өнер мен ғылымның қадіріне жеткен өзге елдерді өнеге ете отырып, өнер-білімнің теңдікке жеткізетінін, әлсіздерге күш беретінін, тұрмысты түзететінін, оған қол жеткізгендердің басқалардың аяқ астында жаншылмайтынын, олармен терезесі тең болатынын айтты. Ол: «Надандықтың кесепаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айрылмай келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз — бәрі надандық кесапаты. ... Дүниеде ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым менен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз» деп налыды. Алайда, қазақ халқын қараңғы дегенде, әңгіме тек халықта емес, содан құтқаратын мүмкіндіктердің жоқ болып отырғандығында еді. Сол кездегі оқу іздеген талапкерлердің қырықтан біреуі ғана оқырлық орын тауып, басқалары далада қаңғырып жүргені шындықтан туған жай болатын.

Батыс мәдениетінен алшақ, білім-ғылымнан кенже қалған, күнделікті малын бағып, егінін еккеннен басқа тірлігі шамалы, бейқам, жым-жырт жатқан қазақ халқын, «баяғы қалпы мен салты, ұйқыдан басқаны ойлай қоймайтын жұртты, қымызға қанып, қызарып жанып жүрген бай мен шалап ішіп мас болған кедейді» оятуды А. Байтұрсынов басты мақсат етті. Ол «малы қамауда, жаны талауда, ұйқысы әлі қанбаған» халқына көзіңді аш, оян, ұйықтайтын не сиқың бар дей отырып, алға басып, жұрт қатарына кіру, басқадан кем болмаудың басты амалы білім мен ғылым деп білді.

Ахмет Байтұрсынов Еуропада ғылым, өнер толық, қазақта олардың жұрнағы да жоқ деп, Еуропаны үлгі тұтты. Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді деп санады. «Қазақша оқу жайынан», «Оқу жайы», «Білім жарысы» «Білім жарысы қақында», «Оқыту жайынан», «Жазу тәртібі», «Бастауыш мектеп», «Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек» және т. б. мақалаларында оқыту, оны ұйымдастыру мәселелерін қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық және техникалық даму мәселелерімен тығыз байланыста қарады.

Алаш жетекшілері қазаққа мұсылманша да, орысша да оқу керектігін жақсы сезінді. Оны даусыз мәселе деп қарады. Әңгіме мұсылманша қалай оқу, орысша қалай оқу, қандай мектеп, медреселер, школдар (әңгіме орыс мектебі туралы болып отыр – Ә.Б.) ашу керектігінде еді. Жалпы міндетті бастауыш оқудың аса қажеттігі және оның ана тілінде болуы, сонымен қатар жалпы халықтың сауатын ашу мәселесі де күн тәртібіне қойылды.

Қазақ елі ғылым дамуынан кенже қалуы себепті зауыт-фабрика дегенді біле қоймады. Сондықтан А. Байтұрсынов ғылымсыз, өндіріс орындарынсыз қазақтың бар байлығы өзгелердің қолына көшетінін жақсы білді, халықты білімді болуға, бай және күшті болуға үндеді. Ол елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауды ұсынады. «Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой; біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін білімді, бай және күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп жазды ол.

Халыққа білім беру мәселесімен қатар А. Байтұрсынов қазақ қоғамындағы ғылымның дамуына ерекше көңіл бөлді. Адамзат қоғамында жан таңырқарлық нәрсенің бәрі ғылыммен табылғанын айта отырып, ол 1913 жылы жазылған «Орысша оқушылар» атты еңбегінде ғылымның құдіретін насихаттайды. Ол адам баласын көкте құстай ұшқызған да, суда балықтай жүздірген де, дүниенің бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызған да, отарба, от кемелерді жүргізген де ғылым екенін айта отырып, басқа елдердің де қазақ еліндей болғанын, олардың бүгінгі күндерге тек ғылым арқылы жетіп отырғанын айтады. Одан әрі қазақ баласы тәуірірек оқырлық мектептерде қазыналық орындар аз, өз күшімен оқытуға әркімнің шамасы келе бермейтінін, ал патшалық Ресей қазаққа мектеп салып бермек түгіл, қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейтінін, мектептерді тәртіпке келтіру, қазақша оқуды халыққа тарату - өз міндетіміз екенін атап көрсетеді. «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. ...Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» - деп жазды ұлы сағартушы.

Қазақ қоғамындағы оқыту үдерісінде, әсіресе қазақша оқуда кемшілік көп болатын. Сол себепті қазақ балаларын өз тілінде оқыту ісі кәсібилікті талап ететінін арнайы мәселе дәрежесінде көтерді. Сондықтан оның: «Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек... Бұл күнгі ғылымды жұрттарда бала оқыту жұмысы бала оқыту ғылымын оқып шыққан адамдардың қолында» - деп жазуы тегіннен-тегін емес еді.

2. 1912 жылы «Айқапта» басылған «Жазу тәртібі» атты мақаласында А. Байтұрсынов халықты сауаттандыру үшін сол кездегі оқуды реттеу, тәртіпке келтіру жөніндегі ойларын ортаға салады. «Қазаққа керегі екі түрлі оқу, оның бірі — мұсылманша, екіншісі — орысша» дей отырып, олардың ерекшеліктеріне тоқталады. Орысша оқуға уақыт және басқа жағынан мүмкіндіктер бола бермеуіне байланысты, «жалпақ жұрттың бәрінің қолы жете алмағандықтан», қазақша оқуды, тезірек сауат ашуды ұсынады. Қазақша оқу дегенде сол кездегі мұсылманша оқуды айтпайды, қазақтың тілінде оқуды айтады. Содан әрі автор оқу құралының қажеттігіне тоқталып, бала оқытатын кітаптың, балалар үшін жазу тәртібінің болуына баса көңіл аударады. Ғалым өзі жасаған әліпбидің негізгі мазмұнын түсіндіріп, араб таңбаларының қажеттігін дәлелдей отырып: «Араб әліппесі қазақ арасына дінменен бірге таралған, сіңген, дінменен бірге байласқан әліппені алып тастап, басқа әліппені алдыру қиын жұмыс. Бұлай болған соң араб қаріптерін қазақ дыбыстарына жеткізу амалын табу керек», - дейді. Ол қазақ тіліне сіңіп кеткен араб, парсы сөздерінің тілімізде сақталуын жақтайды.

Мақалада бастауыш мектепте қазақтың діні, тілі, жазуы таза болуы, оның миссионерлік пікірден, саясаттан алыс болуы алға тартылады. Сонымен бірге қазақты дінінен, болмаса жазуынан айыруға болмайтыны, сол себепті үкімет мектеп арқылы қазақтың дінін, тілін, жазуын жоғалтып, орысшаға аударамын деген пікірден безіп, бастауыш мектеп екі жаққа да пайдалы болуы керектігі атап көрсетіледі.

Ахмет Байтұрсынов бастауыш мектептерде оқу үшін 5 жылдықты ұсынады. Оның алғашқы үш жылында бірыңғай қазақша, екі жылында орысша оқытуылуы тиіс. Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа кәсіп, жаратылыс жайы. Ал бастауыш мектептің орысша оқытатын екі жылында үйретілетін білім гимназияның төменгі кластарына жарарлық болуы тиіс екеніне назар аударады. Автор қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе, орысша да білу қажеттігіне тоқталады. Сонымен бірге қазақты орысқа аударамыз, орыс тіліне түсіреміз деген пікірдің бәрін бүлдіріп отырғанын атап көрсетеді.

Ол кездегі қазақ мектептерінде оқу құралдары, оқу бағдарламалары атымен жоқ, тіпті әліппенің өзі енді ғана шығып жатқан еді. Ана тілінде оқытудан басқа, педагогика, методикадан хабардар мұғалімдер тіпті жетімсіз болатын. Сол себепті «Мектеп керектері» деген мақалада мектепке керектіні, яғни білімді, педагогика мен методикадан хабардар, дұрыс оқыта білетін мұғалімді дайындау, табу — негізгі міндет деп саналды. Ұлы ұстаз бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалім – мектептің жаны, мұғалім қандай болса, мектеп сондай болады деді.

Ахмет Байтұрсыновтың мектеп жөніндегі ойлары бүгінгі күнге дейін мәнін әсте жойған жоқ. Ол мектептің тәуелсіздігін, оқу үдерісі мәселелерін өзі шешіп, өзін-өзі басқаруын қалады. Мұғалімдердің жоғарыдан тағайындалмай, сайлау жолымен орналасуын ұсынды. Сол уақытта оқу-тәрбие үдерісі нәтижелі болмақ. Оның бастауыш мектептерде оқу ана тілінде жүргізілуі керек деген пікірі тіліміздің қазіргідей жағдайында аса өзекті мәселеге айналып отырғаны даусыз.

Қазақ тіл білімінің негізін салушы ретінде А. Байтұрсынов өзінің «Қазақша сөз жазушыларға» атты мақаласында түркі тілінің тарихына, оның әлеуметтік рөліне зер салады. Оның әуелде бір тіл болып, сонан соң ел бұтақталып, өскенде оның да тарау-тарау жікке бөлінгенін айтады. Түрік тұқымынан неше бұтақ ел болса, сонша тіл барлығын, олардың тілдік айырмашылықтарының басқа жұрттармен араласып-құраласу нәтижесінде пайда болғанын атап көрсетеді. Ұлы тюркологтың: «20-шы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін қолымызға алып, быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас» деген сөзі бүгінгі жаһандану жағдайында зор мәнге ие болып отыр.

3. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында жер мәселесі ерекше дау туғызғаны белгілі. Столыпин заңынан кейін жүйелі жүргізілген отарлау саясатына сәйкес қазақ өлкесіне Ресей шаруалары жаппай көшіріле бастады. Бұл қазақ мемлекеті үшін ең үрейлі әлеуметтік мәселеге айналды. Сондықтан да А. Байтұрсынов өзінің «Қазақтың өкпесі», «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Жер жалдау жайынан», «Көшпелі әм отырықшы норма» және т.б. мақалаларында қазақ жерінің тағдырына қатысты мәселелерді жан-жақты талқыға салды. Ол келушілер көп болып, бұл аймақтың бұрынғы тұрғыны сан жағынан азайса, онда көпшілік азшылықты жұтып жібереді деді. Ал жергілікті халықтың да, қоныстанушылардың да мәдениеттері жоғары болса, онда екеуі де тең жағдайда өмір сүріп, әрқайсысы өзінің ұлттық бейнелерін сақтай алатынын атап көрсетті.

Алайда, қазақ даласындағы әлеуметтік-мәдени жағдай Ресейдің орталық аудандарынан әлдеқайда төмен болатын. Сонымен қатар қоныс аударушылар қазақтың ортасына кірудің бар мүмкіндіктерін пайдаланды. Мұның жаман нышан екенін А. Байтұрсынов жақсы түсінді. Осылай жалғаса берсе, қазақ тек тілінен айрылып қана қоймай, ұлт есебінде мәңгі жойылады деп санады.

1909 жылы патша өкіметінің жер-суды пайдалану туралы заңы шықты. Бірақ қазақ жұртшылығы бұл заңның (низам), бұйрықтардың қайсысы қалай орындалып жатқанынан хабарсыз болатын. Жолсыз істерден орынсыз жәбір көріп, әуре болып, алдымен қыстайтын жаңа жерге орналастыруға міндетті мекемелердің ынтасыздығынан жергілікті халықтың көпшілігі қыстауларынан айрылып, екі жыл, үш жыл, төрт жыл пішен шауып, егін сала алмай, отырарға орын таппай, сандалып жүрген еді. Сондықтан 1911 жылы жазылған «Қазақ жерін алу турасындағы низам» атты мақаласында А. Байтұрсынов патшалық Ресейдің низам, бұйрықтарының ең бастысы – Министрлер кеңесінің 1909 жылғы 9 маусымда жариялаған 22 тармақтан тұратын нұсқауына талдау жасап, қазақтың жерін алуды мақсат еткен патша өкіметінің жарлығына нақтылы түсініктеме береді. Ол бұл низам, бұйрықтарды жұрт білсе, ел ішінде жәбір көрушілер азаяр еді деп ойлады. Заңды білгенде ғана жеке адам өз құқын қорғай алады дегенді басшылыққа ала отырып, ол халықтың азаматтық-құқықтық санасын оятуға әрекеттенді. Осыған байланысты қазақтың жерін алу туралы низам, бұйрықтарды қазақшаға аударып, бірте-бірте жұрттың құлағына тигізудің керектігіне тоқталады.

Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы жазылған «Жер жалдау жайынан» атты мақаласында қазақтардың қоныс аударған орыстарға жерлерін сатып жатқанына, егер жер сату тыйылмаса, қазақтың күні қараң болып, жерден айрылатынына тоқталады. Қазақ жерінің тұтқасының екі ұшы екі қолда: бір ұшы қазақта, екінші ұшы орыста екенін, әдіс қылған жағы ауыстырып алып, бос ұстаған жағының жерден айрылып қалып жатқанын айтып, қазақтың әрекетсіздігін сынады. Ал қазақтың бас көтерер адамдарының жұрт пайдасынан гөрі өз пайдаларын жоғары қойып, жер сатып, баюды әдетке айналдырғанына налыды.

«Көшпелі әм отырықшы норма» деген мақалада да А. Байтұрсынов ерекше дау туғызып отырған жер мәселесіне қайта оралып, бұл туралы баспасөз бетінде көтерілген пікір-таластарға талдау жасайды. Көшпелі және отырықшы нормалардың өзіндік ерекшеліктерін аша отырып, оны әр қазақтың тиімді пайдалана білуінің керектігін айтады. Осыған байланысты қазақтың бас көтерер адамдарына адаспауды, ол үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етуді, қазақтың байлары мен күштілеріне жарлы-жақыбайлар мен нашарларды жермен теңгеруді ұсынады. Алаштың аты шыққан адамдарына көсемдіктерін адаспай жасауды ескертеді, себебі олар адасса, артынан ерген алаш та адасады деп санайды автор.

4. Қазақ қоғамындағы бұқара халықтың әлеуметтік белсенділігі Ахмет Байтұрсыновтың тұрақты назарында болды. Бұрын газет жоқ кезде қазақ дүниеде не болып жатқанынан хабарсыз болса, ал газет бар жағдайда да қоғамда болып жатқан оқиғаларға үнсіздік бұрынғы күйінде қала берді. Газет бетінде дүркін-дүркін көтерілген даулы пікірлерге қазақ жұрты селт етпеді. Орыс билеушілері осыны жақсы пайдаланды. Сондықтан қазаққа олар ойына келгенін істеді. Мысалы, 1910-шы жылы бастауыш мектептер туралы Думада кеңес болып, Ресейге қараған басқа тілді ұлттар, жұрттар өз тілдерін ұмытып, орыс тіліне ауып, орысқа сіңуі туралы әңгімелер болып жатқанда, орыстан тілі басқа жұрттар бұған қарсылық білдіріп, әр халық бастауыш мектепте өзінің ана тілінде оқуы тиіс деп, тұс-тұсынан телеграмма жаудырған кезде, қазақтың дыбысы естіле қойған жоқ еді. Бұрын Думада не мәселе қаралып жатқанын қазақ газетінің жоқтығынан білмесе, газет бола тұра, қазақ көре, біле отырып, еш әрекетке бара алмады. Осылардың барлығы «Қазақ әм түрлі мәселелер» атты мақалаға арқау болды.

Қазақтың тұрмыс деңгейі, шаруа жағдайы оның денсаулығына да үлкен әсер еткені белгілі. Бұл қазақ қоғамындағы аса күрделі әлеуметтік мәселе еді. Ауылды жерлерде аурухана, маман дәрігерлер қасқалдақтың қанындай қат болатын. Сол себепті халық арасында әртүрлі аурулар көп болды. Бұл мамандығы жағынан дәрігер болмаса да, табиғатында ағартушы А. Байтұрсыновтың назарынан тыс қала алмады. Осы тақырыпқа 1913 жылы жазған «Ауру жайынан» атты алғашқы мақаласында тығырықтан шығар жолды ол тәннің тазалығынан, бағымның жақсы болуынан іздейді. «Емнің асыл түбі – ауруды аздырып, тәнді күшейту, яғни ауру мен дененің алысқан жерінде дене жағына болысу, ауруды әлсіретіп, жеңе беру. Ол мақсат науқас адамды бағумен һәм дәрі берумен табылады» дейді. Бағымның жақсы болуына керек нәрселер деп: жағымды тамақ, жайлы орын, таза ауаны ұсынады. Ал «Тәні саудың — жаны сау» (1922) мақаласында «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама», «Мастық не дегізбейді, аштық не жегізбейді», «Бірінші байлық — денсаулық...» сияқты қазақ мәтелдерінің философиялық мәні талданып, денсаулықтың қоғамдағы орнына тоқталады. Тән мен жан сабақтас, екеуі бірінен-бірі айырғысыз. Тәнсіз жан жоқ, жансыз тән тұра алмайды. Сондай біріне-бірі байлаулы, айырғысыз нәрсе болған соң, бірінің жайына бірі қарайды, біріне келген кемшілік екіншісіне білінбей қалмайды дейді автор. Ол тәні де, жаны да сау, яғни ауырмайтын, денсаулығы мықты халық қана жақсы еңбек етеді, ғылыммен, өнермен шұғылданады деп атап көрсетеді.

Ахмет Байтұрсынов тән сұлулығын қазақтың бәрі де жақсы көретіндігін, бірақ оған керектіні қазақтың бәрі де істей бермейтіндігін айта отырып, тән саулығына не керек деген мәселелерге де тоқталады. Олардың ауа, тамақ, сусын, тәнге зиян келтіретін нәрселерден қорғау сияқты басты-бастыларын атап көрсетеді. Қай заманда болсын, адам баласының өз еңбегімен күнелтіп, жан сақтағанын айтады. Ол ауру болған адамның күші, ісі, есі қандай болса, ауру қаптаған халықтың да күші, ісі, есі сондай болады дейді. Тән саулығының тамыры тазалықта, жан сұлулығының тамыры тән сұлулығында екенін ескертеді. Сол себепті бәрінен бұрын тазалықтың кадірін білуге шақырады.

Қазақ халқының бірлігі А. Байтұрсыновтың да ерекше көңіл бөлген көкейкесті мәселелерінің бірі еді. «Партия әм кеңес құрылысындағы рушылық әсері» (1926) мақаласында ол қазақ халқының сол кездегі саяси-экономикалық жай-күйіне талдау жасап, партия және кеңес құрылысында рушылдық бар ма деген сауалға нақты жауап береді. Ғылыми қағидаларға сүйене отырып, қазіргі қазақ қоғамында ру болып бөлінуге негіз жоқ екенін, бірақ кейбір атқамінерлердің тікелей әрекеттері арқылы ел арасында рушылдықты қоздырып, оны өздері қойған мақсатқа жету үшін пайдаланатынын қатаң сынға алады. Бұл мәселенің бір жағы. Екінші мәселе – орыс патшасының «бөл де, билей бер» принципіне негізделген отаршылдық саясаты. Бұл қазақ арасында рушылдықтың отына май құйды. Патша өкіметіне керегі – қазақты оңай билеу және олардың өзара егестерін тиімді пайдалану үшін бір болыстық жерге үш-төрт рудың басын қосып, оларды болыстыққа таластырып қою. «Олар жәрдемге руын шақырады, өздерін сол руды қорғаушы етіп көрсетеді. Бұған қарағанда, қазір қазақ ішінде ру талас жоқ. Елдің бұқараны алдап, ру тонына жапсырып жүрген атқа мінерлердің егестері бар» - дейді А. Байтұрсынов.

Ахмет Байтұрсынов - өзі өмір сүрген қоғамның ең өзекті деген әлеуметтік мәселелерін биік деңгейде көтеріп, оны шешудің де жолын көрсете алған. Ғұлама ғалымның: «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөздері ұлтымызға мәңгілік ұран болуға тиіс.

Бақылау сұрақтары

1. А.Байтұрсынұлы адам тәрбиесіндегі білім‑ғылымның рөлі туралы не деді?

2. Мектеп ‑ әлеуметтік орта дегенді қалай түсінесің?

3. А.Байтұрсынұлы қазақ қоғамындағы жер мәселесі жайлы не айтты?

4. А.Байтұрсынұлы қазақтың әлеуметтік белсенділігі мен бірлігі хақындағы пікірі қандай?

5. А. Байтұрсынұлы қазақты артқа тарқан мәселелер туралы не деді?

6. А.Байтұрсынұлының: «Өнер-білім теңдікке жеткізеді, әлсіздерге күш береді, тұрмысты түзетеді, басқалармен терезесін тең етеді» дегенін түсіндір?

7. А.Байтұрсынұлы неге халықты оятудың жолын оқу-білімнен іздеді?

8. А.Байтұрсынұлы қазаққа Еуропаны қай мәселеде үлгі тұтты?

9. А.Байтұрсынұлы неге мектепте қазақтың діні, тілі, жазуы таза болуын талап етті?

10. Ұлы ұстаздың бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалім – мектептің жаны, мектеп сондай болады дегенін қалай түсінесің?

11. «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» дегенді қалай түсінесің?