Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
оамны саяси жйесі ызметіні тсінігі.docx
Скачиваний:
99
Добавлен:
17.02.2016
Размер:
60.09 Кб
Скачать

2 Қазақстан республикасындағы саяси процестер

 

 

2.1Қазақстан республкасындағы саяси күштердің кемелдену үрдісі

 

Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.

Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу./7/

Саяси жүйе заман талабына сәйкес болу үшін оған оқтын-оқтын өзгерістер енгізіп тұру керек. Мемлекеттік комиссия аясында әзір­лен­ген ұсыныстардың ұзақ мерзімді бағыты бірте-бірте мемлекетті, ортақ шаруаны басқа­руда азаматтың, қоғамның рөлін арттырады. Еліміз­дегі басқару жүйесі  Конституцияда президенттік жүйе деп аталған. Бірақ әлемде президенттік жүйенің қатып қалған моделі жоқ. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында прези­денттік жүйе, онда президентке өкілеттілігі пара-пар Конгресс бар. Францияда президент­тік жүйе, онда үкімет басшысы ішкі істерге келгенде прези­денттен дербес. Польшада да пре­зи­денттік жүйе. Сол себептен пре­зиденттік жүйені ауыс­тырмай, бірақ өкілетті органдарға көбірек пәр­мен беріп, әсіресе өкілетті органдардың ат­қарушы билікті қадағалау мүм­кіндігін арттыру – бұл азаматтың қоғамдағы орнын көтерудің бір жолы.    

Партиялардың рөлін көтеру де азаматтың, қоғамның мемлекет бас­­қа­рудағы рөлін арттырудың жо­лы. Соны­мен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару­дың да әлемдік тә­жірибесіне сүйене отырып, Конституциядағы бүгінгі қайшылықты жойып, жергі­лікті өзін-өзін басқару органдары ретінде сай­ланбалы әкімдер және  мәсли­хаттарды тануымыз керек. Өйт­кені, демокра­тиялық  бағыттағы өзге­рістердің қажет­тілігі  бүгін айқын сезіліп отыр.

Өткен жылы Президент Мемлекеттік комис­сия­ның жұмысын бастаумен тұспа-тұс келген Жолдауында Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосу баста­масын көтерді. Бәсекеге қабілетті­лікті дамытуда да, шектеуде де саясатта, эконо­микада, шығар­машылықта, еңбектің қай саласында болсын, саяси жүйенің әсері мол. Оған адамзат тарихын­дағы нақты мысал ретінде екі Корея мен кезінде қатар өмір сүрген екі Германияны келтіруге бола­ды. Екі Германия 40 жыл бөлек мемлекет болып ғұмыр кешті. Бір халық – екі саяси жүйе. Сонда демократияға негізделген Батыс Герма­ния 40 жылдың ішінде Шығыс Германиядан бірнеше есе озып кетті. Қазір екі саяси жүйеге бөлінген Солтүстік Корея мен Оңтүстік Ко­рея­ны алыңыз. Оңтүстік Корея  демокра­тиялық бағыт ұстану негізінде әлемдегі ең қарқынды дамып келе жат­қан және алдыңғы қатарлы мемлекеттің біріне айналса, Солтүстік Корея құр тоталитарлық  жүйенің қару-жара­ғымен маңайындағыларға қоқан-лоқы жаса­ғаны болмаса, өзінің халқын асырайтын тамақ тауып бере алмай отыр.

“Саяси реформа”, қысқаша айтсақ, саяси жүйеге өзгерістер енгізу. Ал саяси жүйе  биліктің жасақталуын, қызмет атқаруын, және қоғаммен қарым-қатынасын реттейді. Саяси жүйе осы үш күрделі мәселенің тетіктерін біріктіреді. Демо­кратиялық елдерде билікті қалыптастыру сайлау арқылы, яғни қоғамның шешімі негізінде жүзеге асырылады. Және де, биліктің жауапкершілігі қалыптасу үшін өкілетті, атқарушы және сот тараптарының бірін-бірі тежеп, қадағалап отыру тетіктері болуы керек.

Қоғамның бақылауын қамтамасыз ету үшін, біріншіден, биліктің өзінің жариялы­лығы қажет. Екіншіден, қоғамдық пікірдің билік саясатына әсері болуы тиіс. Билік қоғамдағы пікірдің өзге­руіне, сондай-ақ жаңа талаптардың туындауына байланысты ұстанып отырған саясатына өзге­рістер енгізгені жөн. Үшіншіден, сөз бостан­дығы, тәуелсіз бұқара­лық ақпарат құралдары бо­луы шарт. Саяси жүйе осы бағытқа қарай жыл­жуы керек. Бірақ әлемде өзінің саяси жүйесін дамытудың шегіне жеткен, бұдан әрі даму мүмкіндігі жоқ деп айтатын ел жоқ. Өйткені, адамзаттың ерекшелігі сол, жақсы нәрсеге үй­рен­ген соң, одан да биік талап туындайды. Тұр­мыста да, ғылымда да, саясат пен экономикада да сол.

Әрине, біздің қоғамның өзіндік ерекшелігі бар. Бізде еліміз егемендігін алып, қайта құру басталғанға дейін билікке талап қою тәжіри­бесі болған емес. Сонау патша дәуірінде де, кеңес дәуірінде де билік өз бетімен, қоғам өз бетімен өмір сүрді. Сондай-ақ қоғамның билікке әсер ететін тетіктері болған жоқ. Сайлаудың барлығы баламасыз сайлау болды. Мемлекеттігіміз қалып­тасу кезеңінде тиімді  саяси жүйе іздеу – заңды құбылыс./6/

Егер саяси жүйе экономикада, шығар­машы­лықта, саясатта, жалпы адамның кез келген ең­бек ету саласында шынайы мықты­ларды іріктеп алып, соларды көшбасшы ете­тіндей болса, барлық салада елдің бәсекелестік деңгейі өседі. Олай болмайтын болса, бәсекеге қабілеттілік төмендейді.

Негізі партия деген сөздің өзі қоғамның бір бөлігі деген ұғымнан шыққан. Бөліну әртүрлі болады: әлеуметтік, кәсіптік, діни, жас мөлшер­лігі, т.б. Ал партия деген – дәстүрлі қа­лып­тасқан саяси көзқарастар, саяси құнды­лықтар, бағдар­ламалар негізінде біріккен топтар. Олар қоғамға жалпы ел қандай бағытта дамуы керек деген идея­лар ұсынады. Сол идеялардың, бағдар­ламалардың бүкіл қоғамға кедергісіз таралуына жағдай жасалса, қоғам өзі сол партиялардың ішінен ұнағанын таңдап алады. Өкінішке қарай, бізде әлі ондай жағдай жоқ. Тіпті, басқа күштерді былай қойғанда, Мемле­кеттік комиссияға, басқа да отырыстарға қаты­сып жүрген біздің партияның шараларының, ұсыныстарының өзі кейбір мемлекеттік элек­трон­дық ақпарат құралдарында ешқашан көрсе­тілмейді. Бұл партиялардың арасындағы бәсе­кенің әділ еместігінің көрінісі. Әсіресе, мем­лекеттік басылым­дар, БАҚ бүкіл халықтың қаржысына ұсталатынын ескерсек, олар бүкіл партиялардың идеяларын Конституция аясында халыққа еркін жеткізуге тиіс­ті. Сонда ғана әділ бәсекелестік  болмақ. Екіншіден, түрлі деңгей­дегі әкімдіктер мықты пар­тиялардың болуы мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі екенін түсінетін күн жетті. Жалпы, елдің ішінде саясат­та әділ бәсекелестік болмаса, келе­шекте мықты саяси тұлғалардың шығуы да, ұлт мүддесін қорғау да қиын болады.

Егер кейбір партиялар теледидардан көрін­­бейтін болса, олардың ойлары халыққа жет­пейтін болса, бұл ел әлеуетін шектеп, ұлт мүдде­сіне қай­шы келеді. Мысалы, дамыған елдерді алсақ, қазір Франциядағы биліктегі партияда  Николя Сар­кази президенттіктен үміткер болып отыр. Ал Си­го­лен Роял деген әйел басқа пар­тиядан үміт­кер, бірақ Францияның бүкіл теле­дидары сол Сиго­лен Роял­дың да сөзін еш кедергісіз көрсетеді. Өйт­кені, сол арқылы ең мықты ойлардың халық мүддесі үшін жұмыс жасауына жағдай туғы­зылады.

Партиялардың  ықпалы мықты болуы үшін жалпы еліміздің саясатында қоғамдық пікірдің ықпалы күшті болуы керек. Ол үшін кез келген деңгейдегі сайлау әділ бәсекелестік түрінде таза өтуі тиіс. Бұл жағдайды қалыптас­тыру – билік тетіктерін ұстап отырған әрбір азаматтың парызы. Бізде әлі күнге дейін осыны түсінбейтіндер жеткі­лікті. Мен  алдыңғы жылы Шығыс Қазақстан облысының бір ауданында болғанымда аудандық сайлау комиссиясының төрағасы айтты: “Міне, менің қолымда бір қап дәрі. Бұл өткен сайлаудан кейін пайда болды. Енді тағы бір сайлау өткізсем, инфаркт болатын шығармын. Өйткені, халықтың айтқанын жа­сайын десем, билікке ұнамайды. Биліктің айтқанын жасайын десем, жолдаста­рымның көзіне қарай алмаймын”. Егер осылай жалғаса беретін болса, көппартиялық жүйенің халыққа беретін мол мүмкіндігі пайдаланылмай қалады.

Сайлаудың мағынасы – таңдау. Талғам таңдау арқылы қалыптасады. Таңдау мүмкіндігі болса, халықтың саяси талғамы жетіледі. Пар­тиялар халықтық таңдаудан өту үшін өздерінің қоғамды, экономиканы дамыту тұрғысынан жаңа, тың ұсыныстарын жасайды. Сол ұсыныс­тар бәсекеге салынып, тиімді шешімдер қабыл­дауға септігін тиізеді. Сондықтан партиялардың қаншалықты қолдауға ие екенін айту үшін, алдымен партиялар арасында әділ бәсекелестік болу керек. Екіншіден, елде үрей болмау керек. Мен басқа пікірдегі пар­тияны қолдасам, ертең жұмысымнан айырыламын, менің туыстарым жапа шегеді-ау деген қорқыныш болмау керек. Осындай жағдайда ғана кімнің шынайы қол­дауға ие болғанын білуге мүмкіндік бар.

Еліміздегі партиялық жүйе жай­ында әңгіме қозғалып отырған соң тәуелсіздіктен кейін қалыптасқан қазақстандық саяси құрылымдарға қысқаша шолу жасап өтпей болмас. Сонау тоқсаныншы жылдары бірпартиялық өктемдіктің және социалистік саяси жүйенің ыды­рауы республикамызда демо­кра­тия­лық қағидаттар негізінде қызмет жасайтын сан алуан саяси партия­лар мен қоғамдық бірлестіктердің қызме­тіне жол ашты. Яки, көппар­тиялық жүйеге өтумен республика халық­тары­ның мақсат-мүдделерін, талап-тілектерін жүзеге асыру жолында қызмет жасаған саяси құрылымдар шоғыры қалыптасты. Көсеуі ұзын көрінетін Кеңес Одағы күйрегеннен кейін аз уақыт ішінде әлі буыны бекіп, бұғанасы қатая қой­маған тәуелсіз Қазақстан демо­кратиялық, ашық қоғам құра отырып, экономи­калық реформа­лар­­дың ал­ғашқы сатысы­нан сүрін­бей өт­ті. Соның ішін­­де жаңадан құрылған қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар жас мемле­кетте қоғамдық-саяси өмірді демо­кратияландыру, саяси әр алуан­дық, халықтың әр түрлі әлеуметтік топ­тардың мүдделері мен құқықтарын қорғау, тұрақты әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуға қол жеткізу мақ­сатында кеңінен қызмет жасады. 1990 жылғы 1 наурызға қарай республикада 100-ге жуық қоғамдық ұйым қызмет істеп тұрған екен. Олардың қатарында: “Достас­тық” азаматтық қозғалысы, “Фо­рум” қоғамы, “Инициатива” әлеу­меттік-саяси бірлестігі, “Қазақ тілі” қоғамы, Қазақ ұлттық мәдениеті ассамблеясы, Ұлттық мәдени орта­лық­тар ассоциациясы, “Бірлесу” тәуелсіз кәсіподағы, “Желтоқсан” қоғам­дық комитеті, “Бірлестік” аза­мат­тық қозғалысы, сондай-ақ қо­ғам­­дық бірлестіктердің ірі эколо­гиялық ұйымдары — ядролық жарылысқа қарсы “Невада-Семей” халықаралық қозғалысы, “Арал-Азия-Қазақстан” халықаралық қоғамдық комитеті деп, міне осылайша тізім тізбектеліп жалғаса береді.

Сонымен қатар, қызметі тари­хи-ағарту сипатындағы бірлестік­терден “Ақиқат”, “Мемориал”, “Әділет” та­рихи-ағарту қоғамдары, “Жерұйық” тарихи-этнографиялық бірлестігі жұмыс істесе, қоғамдық-саяси қозға­лыс­тардың ішінен “Азат” (1990 ж., 1 шілде), “Поко­ление” (1992 ж., 24 қа­раша), “Лад” (1993 ж., мамыр), “Аза­мат” азамат­тық қозғалысы (1996 ж., 20 сәуір) өз хал-қадерлерінше азаматтық қоғамға арна салды. Қазақстанда қоғамдық бірлестіктердің қалыпта­суының келесі кезеңінде Қазақ­станның либералдық қозғалысы (1997 ж., мамыр), “Қазақстанның бо­ла­шағы үшін” (1998 ж., ақпан) жастар қозғалысы, “Қазақстан — 2030 үшін” (1998 ж., 6 қазан) қоғам­дық қозға­лы­сы, “Өрлеу” (1998), “Ақ жол” қоғам­дық қозғалыстары (1998), тағы бас­қа­лары құрылды. 1989—1994 жылдардың аяғында Қазақстанда 500-ге жуық қоғамдық бірлестік Әділет министр­лігінде тіркелді. 1998 жылы олардың саны 1500-ден асты, ал 2001 жылдың аяғына қарай елде 1700-ден астам ресми тіркеуден өткен қоғамдық бір­лестік қызмет жасады. Сол кезеңде атал­ған қозғалыстар мен қоғамдық бірлестіктердің нақты стратегиялық тұғырнамалары және соңынан ерткен орнықты идеялас электораты бола қоймаса да олар егемен елде көппар­тия­лық құры­лыс­тың іргесін қалау­лары­мен тарих беттерінен орын теп­пек. Қазақ­стан­дағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді құқық­тық жағынан реттеу республика­мыз­дың Консти­ту­циясында, “Қоғамдық бірлестік­тер туралы” (31.05. 1996) және “Сая­си партиялар туралы” (15.07.2002) заңдарында қамтамасыз етілді.

Қазақстандағы аталған саяси партиялар мен қоғамдық бір­лестіктер әлеуметтік әділдік, демо­кра­тиялық-құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам, ұлтаралық және азаматтық келісім орнатуда осы уақытқа дейін аз қызмет атқарған жоқ, атқара да бермек. Алайда алдына әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру жөнінде өршіл міндет қойған Қазақ­станның жедел саяси жаңа­руына көптеген саяси партиялар мен қозғалыстардың сылбыр әрекеті”  сай келмейтіні анық еді.

Партиялардың саяси жүйедегі рөлін нығайту арқылы ғана демо­кра­тиялық реформаларды алға бас­тыруға болатынын Елбасы Нұр­сұл­тан На­зарбаев бірнеше рет алқалы жиын­дарда атап көрсеткені соның айқын мысалы. Президент саяси партиялар мұ­нан былайғы саяси жаңа үрдістер­дің қозғаушы күшіне айналуға тиіс еке­нін және партия­лық жүйенің да­муы ел заңдарын берік ұстана отырып жұмыс істейтін неғұрлым күшті әрі қабілетті пар­тиялардың табиғи түрде іріктеліп шыға алатынына сенім білдіргені көпшіліктің есінде.

Бұл ретте елдегі саяси партиялар өз өкілеттіктерін елеулі түрде кеңей­ту­ге дайын ба, өздерінің есе­леніп отырған ықпалын қоғам мен мемле­кет­тің мүддесіне сай қан­шалықты пай­далана алады деген заңды сұрақ­тың туындайтыны жасырын емес. Өйткені өткен тәжірибе көрсетіп отырғандай, осыған дейін Қазақ­стан қоғамында көпшілік партиялар тек өздерінің саяси жетекшілері мен қаржылық демеушілерінің мүдделері аясында қызмет етіп келгені ақиқат.

Осыған орай Мемлекет басшы­сы қоғамның барлық буынының қолдауы мен сеніміне шын мәнінде ие болған бірнеше ірі бұқаралық партияның құрылуын өмірдің өзі талап етіп отырғанын қадап айтқан еді.

Өзара идеялас партиялардың “Отан­ның” айналасына топтасу үрдісіне орай бұдан былай қазақ­стан­дық партиялық жүйе қандай болады деген дүдәмал әңгімелердің туатыны шындық. Бұл сауалға жауапты Пре­зидент таяуда Азамат­тық партияның кезекті съезінде өзі айтты. Бәзбі­реулер Қазақстанда бірпартия­лық жүйе болуы керек деген пікірлер айтып қалатынын, бірақ біздің бұл жолдан өткенімізді, ондай қадам тұйыққа әкеліп тірейтінін Елбасы нақты айтты. Сондай-ақ енді біреулер екіпартия­лық жүйе тиімді болады десе, келесі біреулері нақты өмірден мүлдем алыс экзотикалық схемаларды ұсынған. Менің көзқарасымша, де­ген еді Елбасы, мұндай әңгіме­лерді саяси үдерістер мен партиялық алаңның құ­рылуын жасанды шең­берлермен шек­теуге болмайтынын ескермейтіндер шығарып жүр. Бізге демократиялық стандарттар мен нормаларға сай келе­тін партиялық жүйе керек. Біз осын­дай анық та айқын қағидатқа тоқтам жасауымыз керек. Президент, түптеп кел­генде, бізде бірнеше қуатты, бәсе­ке­ге қабілетті, көшбасшы партия­лардан құралған демократиялық көппар­тиялы тұрлаулы жүйе құрылуы тиіс деп есептейтінін, еліміз басшы­лық жасауға жауапты әрі рефор­маларды жүргізе алатын, халықтың мүдделе­рін қорғай алатын бірнеше іргелі саяси партиялар болуына қадам жасауы керектігін, жаңа ұйым негі­зінде біз шын мәнінде бұқаралық ха­лықтық партия жасай алатыны­мызды ашып айтты.

Өткенге көз жүгіртсек, биліктің партиясы саналатын “Отан” өзінің жетіжылдық белесінде бірнеше шағын саяси құрылымдарды қата­рына қосып келе жатқанын аңға­рамыз. Мәселен, 1999 жылғы 19 қаңтарда Елбасы Н.На­зарбаевтың кандидатурасын қол­дау жөніндегі қоғамдық штаб түрінде құрылған саяси құрылым, соңыра 1 наурызда алғашқы съезін өткізіп, сол жиында “Қазақстанның халық бір­лігі”, Қазақстанның демократиялық партиясы, “Либералдық қозғалыс” және басқа да қозғалыстарды өз қанатының астына алды. Ал 2002 жылы республикалық Еңбек және Халықтық-кооперативтік партия­лары “Отанның” құрамына енді. Сол жы­лы аталған саяси партияның құрамы 111 мың адамға жетті. Бір қарағанда, бас партия ұсақ шабақ­тарды қылғыта беретін алып жайын­ға ұқсап кетуі әбден мүмкін. Бірақ бағыты мен бағдарламалары қос тамшыдай өте ұқсас мұндай ұсақ саяси бірлестіктер ешқашан қоғамда қозғаушы күшке айнала алмасы белгілі жәйт еді. Өз кезегінде “Отанның” мығым күші саяси белсенді топтардың идеялық көзқарастарының өмірге енгізуіне мүмкіндік туғызып берді. Әңгіме тиегі ашық айтылып отырған соң “Отан” осы уақытқа дейін де Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың аса күшті саяси беделімен сусындап келе жатқанын да жасырмауымыз керек. Мемлекет басшысы бұл жағдайды таратып айт­паса да саяси идеяларды жеке тұл­ғаның күшімен ғана емес қоғамдық ұйым негізінде жүзеге асыруға қа­білетті партияның құрылу қажеттігін жеткізген бо­латын.

Бізге қуатты әлеуметтік тірегі бар, жұртшылықтың мүддесін анықтай ала­тын, соны жеткізе алатын, сай­лаушылардың дауысы үшін бір-бірімен өркениетті түрде тіресе алатын күшті, бәсекеге қабілетті пар­тиялар керек. Сонымен қатар, олар жалпыұлттық идея төңірегінде бірік­кен, сындарлы тұрғыдан өзара ынты­мақтасатын партиялар болуға тиіс. Елдің жедел дамуына бағыт ұстап отырған жағ­дайда партиялар халықты жұмыл­дыруға, қолға алынған өзгеріс­терге қоғамдық қолдау қалыптас­тыруға қабілетті болуы керек. Біз іс жүзінде күшті әрі бәсекеге қабілетті партия­лары бар осы заманғы партиялық жүйені қалыптастыруға кірістік, деді Елбасы.

Сонымен қатар, Қазақстанда басым күшке ие орнықты партия­ның құрылуы жалпыұлттық қо­ғам­дық-саяси тұрақтылықты қамта­масыз ете алмақ. Стратегиялық ке­лешекте таң­дап алынған бағыттың сабақтастығын қамтамасыз етпек. Бұған қоса, көшбасшы партия Парла­ментте басым дауысқа ие бола оты­рып алдағы реформалар­дың заңна­малық негізін қалауға атсалыспақ.

Әлбетте, әлемдік тәжірибе көр­сетіп отырғандай, кез келген іргелі мемлекетте ірі партиялар өз халқын жалпыұлттық мақсаттарға жұмыл­дыра отырып, елдің дамуына қуатты серпін беріп келген.

Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын тартудай-ақ тартқан Жапо­ния саяси жаңғыру кезеңінде елдегі ірі партияның күшіне иек сүйеп, сол мемлекеттегі либерал-демократиялық партия өзі құрылған 1955 жылдан бастап іс жүзінде дәйім билік басындағы партия болып келеді. Азия жолбарыстары Сингапур мен Ма­лай­зия, демокра­тиялық құрылымының сан ғасыр­лық тарихы бар Еуропаның көпте­ген елдері де осы жолды таң­даған.

Мұндай қуатты партиялар ел өмі­рін сәтті реформалауға, саяси тұ­рақтылықты қолда ұстауға қабілеті жететінін, айқын идеоло­гиялық негіздерге арқа сүйеп, қауіпсіздікке, мемлекеттілікке, ұлттық мүдделерге, орнықты нарықтық реформаларға басымдық беретінін өмірдің өзі дәлелдеген.

Осы орайда “Отан” сияқты ора­сан зор қуаты бар саяси құрылым­ды бірізді монополияға ұрындыр­май, оны заман ағымына сай дамыту да алдағы уақытта атқаруға тура келетін сындарлы міндеттердің біріне айнал­мақ. Атап айтсақ, заманауи менедж­ментке негізделген ішкі құрылымды құру, партияның басшы органдарын оңтайлы ұйым­дастыру, үлкен бюро­кратиялық ұйым болмауына, басшы орган­дардың арасында функция­лардың қайталануына жол бермеу бас партияның болашақтағы бағдарын айқындай түспек.

Жалпы, қоғамның барлық жасам­паз күштерінің топтасуы ел дамуы­ның басты стратегияларының бірі – Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруіне ұйытқы бола ала­ды. Яки, партия жалпымемлекеттік мүдделер аясында қызмет етіп, саяси бәсеке­лес­тіктегі идеялар тар­ты­сында қоғам­ға дамудың мей­лінше тиімді стра­тегиясын ұсынып отырмақ. Сондай-ақ партиялардың рөлін арттыру ар­қылы Парламент­тегі партиялық фрак­циялардың өкілеттіктерін кеңей­ту, саяси пар­тияларды мемлекеттік қаржылан­дыру, Үкімет жасақтауда Пар­ламенттегі партиялық фракция­лар­дың қатысу тетігін жасау мүмкін­діктері жүзеге асырылмақ. Ықпалды біртұтас партия реформа барысында қоғамдық-саяси тұрақтылықтың сақталуына мүмкіндік бермек, стра­тегиялық келешекте жүргізіліп жатқан саяси бағыттың сабақтас­тығын қам­тамасыз ететінін де ұмытпауымыз керек.

Біз бұдан былай “Отанның” ке­мелденуін Қазақстанның қанша­лық­ты қарышты дамуымен де қатар өлшеуімізге болады. Өйткені, соңғы жылдары тығырықтан шығып, көшін түзеп, көшелі жолға түскен көршілес Ресейдің осы жетістіктері тегеуріні темірдей “Единая Россия” саяси пар­тиясының идеялық мақсат-мұрат­тарының орында­луымен қабысып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Сөз орайы келгенде айта кетер жәйт, соңғы күндері қатары то­лысып жатқан “Отан” партиясының атын өзгерту жөніндегі ұсыныстар да қызу тал­қыға түсіп келеді. Сол ұсыныстар­дың ішінде “Нұр Отан” атауына көпшіліктің көңілі түсіп тұр. Газетімізге осы тақырыпта келіп түсіп жатқан хаттардың ішінде жақында Ақмола облысының тұрғыны Ғалым­бек Айтмурзиннің аталған мәселе жө­ніндегі ойы басылым бетіне жария­ланды. Хат авторы “Нұр Отан” сөз тіркесінің мағынасы “нұр елі”, “нұр жауған ел” дегенді білдіреді дей келе, сон­дықтан да “Нұр Отанды” жамағат ел, халыққа нұры, шапағаты түсетін партия деп қабылдайтын болады деген байламын айтады. Әрине, бұл пікірдің аталған партия көшбасшы­ларының бірінің емес, қарапайым ауыл адамының аузынан шыққан ақжарылқап тілегі екенін ескерсек, жаңа атауға халайықтың шынайы ниеті түсіп тұр деп те түсінуге болады. Бірақ бұл мәселенің түпкі шешімі тек “Отанның” алдағы күндері өтетін съезінің үлесінде тұрғанын да ұмытпауымыз керек.

Қорыта айтсақ, Қазақстан саяси дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Енді салалық партиялар саясатта ба­сымдыққа ие болмай, идеялық бә­секелестік бірінші кезекке шыға­рыл­мақ. Отандық саяси жүйе, өркениетті елдердегідей бір-бірімен шынайы бәсекелесе алатын босаға­сы берік оңшыл, солшыл, центрис­тік тармақ­тар бойынша да­мымақ. Саяси сарап­шылардың пікі­рінше, “Отанға” осыған дейін “Асар” және Азаматтық партия біріксе, ал­да­ғы уақытта Аг­рарлық партия бір сапқа тұрмақ. Со­нымен, “Отанның” кемелдену үдерісі аяқталып, сол тұр­ғыда толысуға тоқтам жасайтын қа­зақстандық жаңа іргелі саяси ұйым­дармен демо­кратиялық негізде тартысқа түспек. /8/