Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Эконом теория 2.docx
Скачиваний:
37
Добавлен:
19.02.2018
Размер:
27.16 Кб
Скачать

2.Өндіріс факторлары: еңбек, капитал, жер, кәсіпкерлік қабілет.

Ресурстар – бұл қандай да бір экономикалық қажеттілікті қанағаттандыруы тиіс экономикалық игіліктерді (тауарлар мен қызметтерді) өндіруде қолданылатын ресурстардың барлық түрлері немесе басқа игіліктерді өндіруде қолданылатын игіліктер. Сондықтан оларды өндіріс факторлары деп атайды. Қазіргі уақытта, олардың негізгі түрлеріне еңбек, капитал, жер, кәсіпкерлік қабілет және ақпарат жатады.

Экономикалық теорияда өндіріс факторларын талдаудың маңызы өте зор. Осыған сәйкес, өндіріс факторларына деген екі ғылыми көзқарас қалыптасқан: олар – маркстік және маржиналистік.

1. Маркстік тұжырымдама өндірістің үш факторын бөліп көрсетеді: 1) адамның еңбегі; 2) еңбек заттары; 3) еңбек құралдары. Адамдардың еңбек үдерісінде өңдеуге түсетін табиғат заттарын еңбек заттары деп атайды. Олардың екі түрі орын алады, біріншіден, табиғаттың тікелей берген заттары (балық, мұнай, газ, т.б.), екіншіден, өңдеуге түскен еңбек заттары (шикізат). Еңбек құралдары деп адамдардың солардың көмегімен еңбек затына ықпалын білдіретін құралдарын айтады. Еңбек құралдарына машиналар, станоктар, жабдықтар, құрал-саймандар, өндірістік ғимараттар, жолдар және басқалары жатады. Еңбек заттары мен еңбек құралдары бірігіп жиынтығында өндіріс құрал-жабдықтарын құрайды. Ал өндіріс құрал-жабдықтарын және өндірістік тәжірибесі бар, еңбек құралдарын іс-әрекетке икемдеп қосатын адамдарды қоғамның өндіргіш күштері деп атайды.

2. Маржинализм тұжырымдамасы бойынша, өндіріс факторлары төртке бөлінеді: 1) еңбек; 2) капитал; 3) жер; 4) кәсіпкерлік қабілет.

Еңбек – бұл өндіріске тартылатын жұмыс күшінің жиынтығы ретінде қарастырылатын адамның интеллектуалдық және физикалық іс-әрекетінің жиынтығы.

Капитал – өндіріс құрал-жабдықтарының жиынтық кешенінің материалдық формасы ретінде саналатын машиналар, құрал-саймандар, қоймалар, көлік және байланыс құралдары, т.б.

Жер – бұл табиғи байлықтар, жердің қыртысы, пайдалы қазбалар, орман және су ресурстары, жыртуға жарамды жерлер түрінде қарастырылатын табиғи ресурстардың жиынтығы.

Кәсіпкерлік қабілет – өндірісті ұйымдастыру және оған бақылау жасау бойынша шешуші әрекет ретінде қарастырылатын ерекше фактор.

Қазіргі кездері осы аталған өндіріс факторларының қатарына менеджмент пен ақпарат ресурстарын қосады. Менеджмент – бұл идеялар, модельдер, инновациялық өнім үлгілері, технологиялар, ұйымдастыру нысанында көрінетін ерекше ресурс. Ақпарат технологиялық жаңарудың қозғаушы күші, өндіріске жаңа идеяларды және жобаларды енгізудің көзі ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар, қазіргі экономистер өндіріс факторларына сәйкесінше, экологиялық факторды және уақытты жатқызады. Экологиялық фактор бұл жерде экономикалық өсудің импульсі ретінде қоршаған ортаның ластануымен байланысты өндіріс мүмкіндігінің шектеулілігін түсіндіреді. Уақыт факторы да өндірісте қолданылатын және оның тиімді жұмсалуын көрсететін шектеулі ерекше ресурс ретінде көрінеді.

Уақыттың әрбір нақты кезеңінде экономикалық ресурстардың шектеулілігі мәселесі орын алады. Ресурстардың шектеулілігі – барлық экономикалық қажеттіліктерді бір мезетте қанағаттандыру мүмкін еместігінің көрсеткіші. Ресурстардың шектеулілігі қоғам алдында экономикалық таңдау мәселесін туындатады. Ол әр өндірістің ресурстың шегінің болуымен және экономикалық мақсаттардың көп болуымен түсіндіріледі. Сондықтан ресурстар шектеулі болғандықтан оларды тиімді пайдалану қажет.

Экономикалық таңдау – берілген шығындар деңгейінде қоғамның қажеттіліктерін максималды түрде қанағаттандыру мақсатының орындалуы кезінде бірдей балама нұсқалардың ішінен ең жақсысын таңдап алу. Кез келген қоғамның алдында әрдайым шектеулі ресурстардың ахуалы мен бағытын анықтау мәселесі тұрады. Пайда болған мәселелерді шешудің ең жақсы нұсқаларын таңдап соны жүзеге асыру барысында экономикалық субъект экономикалық рационалдылыққа және ұтымды шешім қабылдауға жүгінеді.

Экономикалық рационалдылық немесе ұтымды шешім қабылдау – бұл ұтымды субъектінің өз алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру барысында берілген шығындар деңгейінде немесе ең аз шығынмен максималды нәтижелілікке жетуіндегі ұтымды шешім қабылдау әрекеті мен мінез-құлқы. Сондықтан экономикалық теорияда әрбір шаруашылық жүргізуші субъект аса жоғары нәтижеге жетуіне тырысады: тұтынушы өз қажеттіліктерін максималдауды, фирма өз пайдасын арттыруды, мемлекет халықтың әл-ауқатын көтеруді мақсат етеді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]