Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Әлеуметтану -2 бөлік.doc
Скачиваний:
30
Добавлен:
05.11.2018
Размер:
346.62 Кб
Скачать

IX тақырып. Дін әлеуметтануы

  1. Дін әлеуметтік өмірдің феномені ретінде.

  2. Дін әлеуметтік институ ретінде.

  3. Діннің құрылымы мен әлеуметтік функциялары.

4. Қазіргі Қазақстандағы діни ахуал.

1. Дін әлеуметтік феномен ретінде жалпы әлеуметтану пәнінің зерттейтін аса маңызды объектісі болып табылады. Егер философия дінді зерттеуде сенімнің мәнін түсіндіргісі келсе, әлеуметтану сол сенімдердің адамдардың мінез‑құлқына қалай әсер ететінін көрсетуге тырысады. Сондай‑ақ әлеуметтану ғылымы дін атаулыны қоғамның әлеуметтік жүйешіктерінің маңызды элементі ретінде қарастырып келеді.

Дін - тарихи құбылыс. Адамзат тарихында дін болмаған дәуірлер де болған. Ол туралы қазіргі заманның геология, биология, физиология, этнография, тіл білімі, мәдениет тарихы, логика, астрофизика сияқты ғылымдарының мәліметтері жеткілікті.

Дін деп (лат.reliqio – құдайшыл, әулие, табыну заты) ‑ әлеуметтік қауымның, топтың, индивидтің әрекеті мен ойлауын бағалаушы тануға мүмкін емес бір трансценденттік сатының өмір сүретіне сенім жүйесін айтамыз.

Дін әлеуметтануы XIX ғасырдың екінші жартысында Европада, дәлірек айтқанда, Франция мен Германия елдерінде пайда болды. Оны әлеуметтану ғылымдарының арнайы бір бөлігі ретінде қалыптастырған ғалымдардың алдыңғы қатарында Э.Дюркгейм, М.Вебер, К.Маркс, Т.Парсонс т.б. болды.

Эмиль Дюркгейм (1858—1917) француз ғалымы, көрнекті әлеуметтанушы, Париж және Бордос университеттерінің профессоры. Оның басты шығармасы: «Діни өмірдің алғашқы түрлері Австралиядағы тотемдік жүйе» деп аталады. Автордың негізгі пікірі - дін адамдардың алғашқы қауымдастықтарын топтастыру қажеттіктерінен пайда болған. Дюркгейм дінді әлеуметтік қажеттілікті қанағаттандыру үшін жаратылған негізгі әлеуметтік институттардың бірі, сондықтан оны зерттеу үшін әлеуметтанулық әдістер мен бағалау белгілері қажет деп санады.

1864-1920 жылдар аралығында өмір сүрген неміс ғалымы, талантты әлеуметтанушы Макс Вебер өзінің басты шығармасы: «Протестант және капитализм рухы» деп аталатын еңбегінде діннің мәні адамдардың мінез-құлықтары мен іс-әрекеттеріне биік мақсаттар әкелу екенін айтты. Ол дінді әлеуметтік институт ретінде қарастырды. Оның ойынша, дін әрбір индивидтің, әрбір әлеуметтік топтың мінез‑құлқы мен ойлау тәсіліне мән‑мағына береді, сөйте отырып олардың өзіндік жеке дамуына ықпал ететін құндылықтар мен нормалар жүйесінің негізін құрайды.

К.Маркс (1818-1883) марксизм ілімінің негізін қалаушы, аса көрнекті философ және публицист. Оның дін әлеуметтануы саласындағы шығармаларының ішіндегі ең бастысы - «Гегельдің құқық философиясына сын туралы» атты еңбегі. Онда К.Маркс дін адамдардың ауыр әлеуметтік жағдайларына байланысты пайда болды және ол жағдайлар жөнделген кезде дін өзінен-өзі жойылады деп қорытынды жасады.

1902-1979 жылдарда өмір сүрген, американ әлеуметтанушысы, профессор Толкот Парсонс «Әлеуметтанудың жалпы теориясының мәселелері» деп аталатын басты шығармасыдағы негізгі ойы - дін адамдардың мінез-құлықтары нормаларының негізі болып табылады, сондықтан да дінді арнайы әлеуметтанушылық тұрғыдан зерттеу керек дейді.

Діннің пайда болуы мен қалыптасуының өз себептері, қажеттіліктері бар. Олардың ең біріншісі — діннің адамдардың көңіл күйлеріне байланысты шыққандығы. Адамдар кездескен әртүрлі жағдайларға байланысты бірде қуанып, бірде күйініп, бірде толқып, бірде қапаланады. Оларға көңілді орнықты ететін, оны бір қолда ұстайтын тірек керек болады. Сол тіректі, сол медеуді адамдар табиғаттан да, өзінен де тысқары тұрған бір тылсым күштен, яғни кез келген діннің түпкілікті қазығы болып табылатын абсолюттен, құдайдан табады.

Екінші қажеттілік - адамдардың танымға, білімге құштарлық талпыныстарымен байланысты. Адам ішкі және сыртқы құбылыстардың шын себептерін аша алмай, олардың әрқайсысының өзіндік иесі болады деп ойлайды. Осының негізінде олар туралы жалған түсініктер қалыптасады. Бұған адамдардың қоршаған табиғаттағы күннің күркіреуі, найзағайдың жарқылы, судың тасуы, жердің сілкінуі, өрт, жұт сияқты дүлей күштердің алдындағы дәрменсіздігі себеп болады.

Үшінші қажеттілік таптық қоғамның орнауымен ел билеуші үстем тап өкілдері қоғамдық өмірдің тыныштығын және тұтастығын сақтау мақсаттарында көктің әмірі осындай деп, діни түсініктерді қолдап, қолпаштап, оларды кең таратудан туған. Үстем таптардың өкілдері өздерінің меншік иесі екендігін, олардың істеріне ылғи да сәттілік, табыскерлік және мәдени-руханилық сипаттар тән екенін және өздеріне басқару ісі дарығанын табиғаттан тысқары тұратын бір тылсым күштердің рахымшылығымен түсіндіруге тырысады. Мысалы, олар жеме-жемге келгенде халық өкілдеріне: «мені құдай бай қылды, ал сені кедей қылды ‑ оған қандай таласың бар» деген сөздер айтады. Діндердің пайда болуының әлеуметтік-таптық себептері осындай.

2. Дін әлеуметтануының өз алдына жеке ғылымға айналуына байланысты, оның басқа да ғылымдар сияқты зерттейтін пәні, іргетасы іспетті категориялар жүйесі, заңдары мен қызмет салалары бар.

Дін әлеуметтануының ғылым ретіндегі пәні - дін мен қоғам арасындағы диалектикалық байланыстардың жалпы заңдылықтарын зерттеу. Бұл байланыстардың бірінші жағы - қоғамның, қоғамдық қатынастардың дінге жасайтын ықпалдары. Ал екінші жағы - діннің, діни көзқарастың, діни элементтер мен функциялардың қоғамға тигізетін ықпалы.

Діннің құрылымын әңгіме еткенде оның қоғамдық үлкен жүйенің бір бөлігі еске алу қажет. Ол негізінен үш түрлі элементтерден құралады: діни санадан, діни мінажаттан және діни ұйымдардан.

Қоғамдық сананың ерекше түрі ретінде діни сана ‑ діннің негізгі элементтердің бірі. Дін екі деңгейдегі құбылыстардан құрылады. Бірінші деңгейі діни психология, ал екінші деңгейі діни парасат, ақыл-ой құбылыстары, яғни діни идеология.

Діни психология дегеніміз белгілі бір дінге байланысты адамдардың сезімдерінің, көңіл-күйлерінің, мінез-құлықтарының жиынтығы. Гегель философияның да, діннің де мақсаты біреу, ол абсолютті тану болып табылады деген-ді. Дегенмен қоғамдық болмысты, адамдарды коршаған дүниені діни психологиядан гөрі діни сана тереңірек және толығырақ бейнелейді.

Діни идеология дегеніміз белгілі бір тәртіпке, жүйеге келтірілген діни ойлардың жиынтығы. Бұл діни сана құрылымында теориялық деңгейді танытады. Діни идеология ‑ діни ғұламалардың, діни кайраткерлердің жасаған идеяларының жүйесі. Діни идеологияның қоғамдық болмысты, қоршаған дүниені тануындағы құралы негізінен діни мазмұнды түсініктер мен ұғымдар болып табылады.

Діни құрылымының келесі элементі - «діни мінажат». Ол дін мен оны ұстанушылар өмірінде үлкен орын алады. Діни мінәжат дегеніміз белгілі бір объектілерге (олар өмірде болулары да мүмкін немесе ойдан шығарылған болуы да мүмкін) ықпал етуге бағытталған адамдардың жалбарыну сөздері мен практикалық дене қимылдарының жиынтығы.

Дін құрылымның үшінші негізгі элементі діндар адамдар бірлестігі және оларды басқарудың белгілі формасы діни ұйымдар болып табылады. Діни ұйымдарға ең алдымен мешіттер, шіркеулер, храмдар, синагогалар жатады. Сонымен қатар бұған діни секталар, діни оқу орындары, діни мүліктер, діни қозғалыстар, діни баспа, әйелдер, жастар діни орталықтары, діни саяси-әлеуметтік қозғалыстар мен олардың партиялары жатады.

3. Діннің қоғам, адам өміріндегі атқаратын қызметтері сан алуан, көп қырлы және көп бағытты болып табылады. Сондықтан дін әлеуметтануының негізін қалаушылардың бірі М.Вебер діннің қоғамдағы функциональдық қызметтерін зерттеу, талдау қажеттігін дін әлеуметтанудың арнайы ғылымға айналуының басты шарты ретінде қарады.

Діннің әлеуметтік қызметтері негізінен алты салаға, бағытқа бөлінеді. Діннің қызметтерінің бірінші бағыты - дүниеге көзқарастық қызметі. Дүниеге көзқарас ‑ адамдардың, олардың қауымдастықтарының құдай туралы, дүние туралы және ол дүниеден алатын адамдардың орны туралы жүйеге келтірілген білімдердің жиынтығы. Дін құдай дүниені де, адамды да жаратқан алып күш, теңдесі жоқ құдірет, яғни - абсолютті күш деп түсіндіреді.

Дін қызметтерінің екінші бағыты бағалаушылық қызметтер. Бұл бағытта діни сананың шешуші рөлі бар. Діни сана, қоғамдық сананың басқа формалары сияқты, айталық адамгершілік (этикалық) сана, көркемдік (эстетикалық) сана, құқықтық саналар сияқты өзінің құндылықтар жүйесін қалыптастырады. Ол жүйеге ең алдымен - отбасының, оның мүшелері мен туған-туыскандарының қадірлейтін бейнелері, принциптері, нормалары жатады. Содан кейін тайпаның, елдің, халықтың, тіпті халықтардың да қасиетті деп есептелетін әдет-ғұрыптары, арғы-бергі ата-бабалардың ерліктері және өткен тарихтың ұлы тұлғаларының өнеге-өсиеттері кіреді. Ақыр аяғында, ондай құндылықтар жүйелеріне тылсым күштер бейнелері - әулие, періште, құдай бейнелері жатады.

Дін қызметтерінің үшінші бағыты — реттеушілік қызметтер. Діни сана, қоғамның құқықтық санасы сияқты, адамдардың бірі мен бірінің, адамдардың қауымдастықтарға, құдайға, мемлекетке қатынастарын, яғни адамдардың туғаннан бастап өлгенге дейінгі барлық қарым-қатынастарын реттеп отырады.

Дін топтастыру қызметін де атқарады. Дін, дін иелері діни нанымдағы адамдарды белгілі бір мақсаттар төңірегінде топтастырып, ұйымдастырады. Діндерді мәмлеге келтіретін - ондағы адамгершілік қағидалар. Осы қағидалар негізінде ынтымақтасу да, келісімге келу де жүзеге асады.

Қазіргі заманда дін идеологиялық әсер етудің күшті құралына айналып отыр. Амбициозды саясаткерлер мен террористік ұйымдар дінді өздерінің мақсаттарына жету үшін де пайдаланып келеді.

4. Діннің қоғамдағы қызметтерінен оның қоғамдағы рөлі шығады. Діннің мемлекеттен, мемлекеттің діннен бөлек екені белгілі. Дінді мемлекеттен бөлу мәселесін Алаш жетекшілері де көтеріп еді. Әрине, Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары дінді мемлекеттен бөлу керек дегенде, екеуінің арасына қытай қорғаны салынсын деген ойда болмаған шығар. Өйткені дінсіз мемлекет те, мемлекетсіз дін де жоқ. Қоғам дінсіз өмір сүре алайды. Бұған кеңес өкіметінің шындығы дәлел.

Діндердің адам тәрбиесіндегі рөлінің ерекше бағалай отырып, діндердің тарихын, олардың ізгілікке, имандылыққа шақырған және т.б. адамгершілікті насихаттаған қағидаларын мектептерде оқытуға болар еді деп ойлаймыз. Бұл бүгінгі жаһандану заманында аса қажеттілік болып тұр. Жаһанданудың кері әсеріне ұлттық иммунитеті күшті халық ғана төтеп бере алады. Ал дін – ұлттық иммунитеттің рухани негіздерінің аса маңыздысы.

5. Адамзат санасының ерекше бір түрі ретінде дін қоғамның саяси жүйесінің сипатына байланысты бірде жуандап, бірде жіңішкеріп, кейде кемерінен шығып, кейде жуасып талай ғасырды артқа тастады. Жер бетінде пенденің барында әлі талай асулардан өтер. Өйткені адам дінсіз өмір сүре алмаса, дінге де адамсыз өмір жоқ. Мемлекетке қатысты да осыны айтуға болады.

Кешегі Кеңестік кезеңде дін қудалауға түсіп, атеистік (құдайға сенбеушілік) идеология, дін халыққа апиын деген тұжырым үстемдік етті. Жаңа кеңестік заманды қолдаушылар «құдайсыздар қоғамын» (общество безбожников) құрып, өздері соның белсенді мүшесі болуға тырысты. Бұл кейін белсенді атеистік ұйымдарға айналып, жер-жерлерде дінге қарсы үгіт-насихат майданы ашылып, мыңдаған дәрістер оқылып, кинфильмдер көрсетілді. Талай дін иелері қудалауға түсіп, айдалып, атылды. Тіпті бір заманда ата-бабасы дін ұстағандар жаппай қудаланды. Талай мешіттер құлатылып, кейбірі мәдени ескерткіштің озық үлгісі болғанына қарамай басқа мақсаттарға пайдаланылып, тіпті мал қора етілді. Мұның барлығы адамның өзіне сенімін жоғалтты.

Ғасырлар күткен Тәуелсіздік қана қоғамымызда діннің қайта жаңаруы мен жаңғыруына жол ашты. Еліміздің ең алғашқы құжаты - «Қазақ ССР Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда республика территориясында тұратын азаматтардың діни нанымына, Қазақ ССР Конституциясы шеңберінде жұмыс істейтін діни ұйымдардың мемлекет және қоғам өміріне қатысуы үшін тең құқыққа ие болуға кепілдік берілді. Ал 1992 жылдың 15 каңтарында қабылданған "Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы" Заң Қазақстан Республикасының әрбiр адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылатынын таныды. Діни бірлестіктер қызметі құқықтық жағынан реттелді.

1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабының бірінші тармағындағы «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп тайға таңба басқандай айқын жазылды. Сондай-ақ бұл құқықтық норманы жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс екендігі айтылды.

Мұның барлығы тәуелсіз мемлекетіміздің дін саласындағы бетбұрысын айқындаған, еліміздегі діни кеңістіктің оңалуына игі әсер еткен алғашқы құқықтық қағидалар еді. Бұл әркімнің өзінің дінге көзқарасын дербес айқындауға, ұстануға немесе ұстанбауға еркіндік берді. Дінге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, халқымыз адамзат өркенінің, рухани байлығының бір көзі — дәстүрлі дінімен қайта қауышты. Дінге сенушілер көбейіп, діни бірлестіктердің саны артты. Мешіттер көбейіп, ол имандылық пен ізгіліктің орнына айналды. 1990 жылы Қазастанда 671 қана діни бірлестіктер болса, қазір ол 6 есеге көбейіп, 4000-нан асты. Соңғы 300 жылдай патшалық Ресейдің отарында, кеңестік қыспақта болып, теперіш көрген осы аймақтың ежелден жалғыз иесі қазақтың дәстүрлі исламдық діни бірлестіктері 46-дан 2337-ге өсті. Көптеген діни мектептер ашылды. Бір қатар жастар шетел діни оқу орындарында білім алуда. Қажылыққа барушылық дәстүрге айналды.

Жинақтай айтқанда, қазіргі қолданыстағы заңдық қағидалар егемен елдің, қоғамымыздың өтпелі кезеңіндегі дініне қатысты бірсыпыра принципті мәселелерді шешті. Бұған дау жоқ. Бірақ қоғамның дамуы бұл мәселелердің жетімсіз екенін де көрсетіп отыр. Тәуелсіздіктің елең-алаңында қабылданған Заңның осал тұстарын, жаңа заманда жан-жағымызға қарамай, ашық қоғам құрамыз деген әлі пісіп, жетілмеген ізгі ниетімізді жаһандану кеселдері тиімді пайдаланып, елімізде сырттан дінді қаптатып жіберді. Тіпті дәстүрлі ислам дінінің өзі түрлі ағымдарға бөлінді.

Ежелден дәстүрлі екі дінмен келе жатқан Қазақстанның тәуелсіздік жылдары көп конфессиялар, көп дінділікке бой ұру бүгінгі зиялы қауымды ойландырмайды емес, ойландырады. Тәуелсіз ел ретінде әлі қабырғамыз қатая қоймаған кезде 70 астам әртүрлі ағым-секталарды біріктіріп отырған 10 тарта діни ұйымдардың еліміздің бірлігіне, мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп толғану негізсіз емес.

Бүгін республикадағы 70 пайыздай (оның ішінде 63 пайыз қазақ) мұсылмандардың 2337 діни бірлестіктері болса, ал адамдар саны белгісіз протестантизм бағытын ұстанатындардың 40-тан астам әртүрлі ағымдарының 1189 ұйымы бар. Бұл бүкіл республикадағы діни бірлестіктердің 30 пайыздайын құрап отыр. Сонан соң республикада тіркеліп, заңдық түрде қызметіне рұқсат етілген барлық 357 миссионерлердің 307-сі католиктер мен протестанттардың өкілдері. Олар қазақ елінің шектен тыс «демократияшылдығын» ұтымды игеріп, басқа елдерге қарағанда біздегі діни бірлестіктерді тіркеу рәсімдерінің жеңілдігін пайдаланып, миссионерлік іс-қимылдарды кең көлемде әрі белсенді жүзеге асырып келеді.

Бұл жерде екі мәселе бар. Бірінші, біздің елімізде дәстүрлі емес діндерді насихаттауға кең жол ашу. Бұл қандай қажеттіліктен туды? Екіншіден, мұндай жұмысты Қазақстан Республикасының азаматы болмағандар да атқара береді..

Мұндай кемшіліктер біздің қоғамда неге орын алып отыр дегенде бір мәселені айта кеткен артық болмас. Ол - қазіргі демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет орнатуды мақсат етіп отырған тәуелсіз еліміздің дінге қатысты ұстанымдарының толық және айқын еместігінен туындап отыр.

Қалай ойласақ та дінсіз мемлекет те, мемлекетсіз дін де жоқ. Шынайы дін мен мемлекеттің түйісер жері - елдің тұтастығы, тәуелсіздігіміздің тұғырлы бола түсуі, ұлтымыздың бірлігі, бүкіл қазақстандықтардың түсіністігі мен келісімді тірлігі. Бұл бағытта ізгілік пен имандылықтың, ұлттық иммунитетті күшейтудің рухани арқауы болып келе жатқан халқымыздың дәстүрлі діні исламға лайықты орын берілуі қажет. Әлемдік тәжірибеде мемлекет ең бірінші өзін құраушы ұлттың тұтаса түсуіне, оның тарихи санасын, дәстүрлері мен мәдениетін дамытуға көмектеспей отыра алмайды.

Бүгінгі күні дін жөнінде жаңа заң керек деген уәж көп айтыла бастады. Бүгінгі қалыптасқан діндік қатынастарды заңдық жағынан жетілдіре түсу, елімізді мекен еткен этностардың ұлтаралық келісіміне нұқсан келтіретін ағым-секталар мен миссионерлер қызметіне тыйым салу, дәстүрлі діндерге көзқарасты заман талабына сай кеңейте түсу керек-ақ болып тұр.

Бақылау сұрақтары

1. «Дін» ұғымының анықтамасын айт?

2. Діннің пайда болуы мен қалыптасуының себептері қандай?

3. Діннің құрылымы қандай негізгі элементтерден тұрады.

4. Діннің негізгі әлеуметтік функциясын атаңыз?

5. Эмиль Дюркгеймнің дін туралы ойын еске түсіріңіз?

6. Макс Вебер діннің мәні туралы не деді?

7. К.Маркс діннің пайда болуы туралы.

8. Парсонстың дін туралы негізгі ойы не еді?

X тақырып. Саяси әлеуметтану

1. Саяси әлеуметтанудың объектісі мен пәні

2. Саяси әлеуметтанудың заңдары мен категориялары

3. Саяси әлеуметтанудың әдістері

4. Саяси әлеуметтенудің түсінігі мен мәні

5. Саяси әлеуметтенуді қалыптастыратын институттар

1. ХХ ғасырдың 20-жылдары батыстық әлеуметтану жеке ғылымдарға бөліне бастады. Әлеуметтану ғылымының жалпы әлеуметтану (әлеуметтік зерттеулердің әдістемесін беретін), өнеркәсіп өндірісі әлеуметтануы, ауылшаруашылығы әлеуметтануы, құқық әлеуметтануы, тіл әлеуметтануы, жеке жүйелер мен елдер әлеуметтануы (мысалы, советология) және басқалар. Осы жылдары жалпы әлеуметтанудың бір тармағы болып саяси әлеуметтану қалыптаса бастады.

Саяси әлеуметтануға атақты әлеуметтанушы П.А.Сорокин берген «әлеуметтік медицина» деген сипаттама дәл келеді. Саяси әлеуметтану қоғамдық өмірді жақсарту, Сорокин сөзімен айтқанда, адамдардың бақытын өсіру, мәдени құндылықтарды көбейту және қоғамдық прогресті жеделдету мақсатында жалпы әлеуметтанудың барлық мүмкіндіктерін пайдалануы керек және пайдалануға тиісті.

Жалпы әлеуметтанудың құрамдас бөлігі саяси әлеуметтану ‑ әлемдік қоғамтану ғылымдарының бірі. Өз алдына екі ғылыми пән ретінде әлеуметтану мен саясаттанудың түйіскен шегінде пайда болған саяси әлеуметтану Батыс Европа, АҚШ, Жапония және т.б. елдерде көптен оқытылуда. 1990 жылдардан бастап посткеңестік елдерде де оқытыла бастады. Қоғамды демократияландыру, нарықтық экономикаға өту «батыстың» әлеуметтік-саяси ғылымын біздің елдің де еншісіне тигізді.

Саясаттану қоғам өмірінің бір саласын ғана – саяси саланы, яғни саяси жүйедегі мемлекеттік билікпен, оған ие болу, ұстап тұру және пайдаланумен байланысты қатынастарды зерттесе, әлеуметтану қоғамның әлеуметтік жүйесін зерттейді. Ал саяси әлеуметтану әлеуметтік-саяси қатынастармен, санамен, саяси мәдениет және іс‑әрекетпен, олардың заңдарының қызмет етуімен және өзгеруімен байланысты проблемалардың жиынтығын зерттейді.

Саяси әлеуметтану қоғамның саяси жүйесінің мемлекетке, партияға, әлеуметтік саяси ұйымдарға және индивидтерге қалай әсер ететініне, олардың саяси мінез-құлқы қандай екеніне жауап іздейді. Сондықтан саяси әлеуметтанудың объектісі әлеуметтік-саяси қатынастар болып саналады. Олар таптардың, басқа әлеуметтік жіктердің, этностардың, елдер-мемлекеттер, ұрпақтар, кәсіби құрылымдар және т. б. арасындағы қатынастарды қамтиды.

Саяси әлеуметтану саясаттың жалпы теориясын (саяси билік, оның басқа әлеуметтік құбылыстардан айырмашылығы мен байланысы) және саясаттың әлеуметтік аспектілерін (қажеттілік, мүдделер, тұлғалар қызметі, әлеуметтік топтар, этностар, бұқаралық қозғалыстар, институттар және т.б.) және саяси қатынастардың үш деңгейін - әлеуметтік-саяси жүйе қызметінің жалпы заңдылықтарын, жеке елдердегі әлеуметтік‑саяси үдерістердің өзіндік ерекшеліктерін, саяси қызметтердің жеке түрлерін зерттейді.

Саяси әлеуметтанудың негізгі зерттеу пәні билік болып саналады. Билік - әлеуметтік өзара әрекеттестіктің маңызды түрі, оның мағынасы билікке ең кемі екі индивидтің қатысуында, оның біреуінің екіншінің билігіне бағынуында. Бұл нақты әрекеттерде, қылықтарда, мақсатты танытқанда көрінеді.

Билік ұғымында мынандай сұрақтың тууы заңды. Неге бір адам екіншіге бағынады? Өйткені өзге күштірек (мысалға, тонаушы белгілі бір құралмен қорқытып тұр) немесе ақылдырақ және тәжірибелі (адам оның кеңесіне және қиыншылықтар мен мүмкін болар кемшіліктерден аулақ болу үшін ұсыныстарына құлақ асады), болмаса бастық және ол өзінің лауазымына қарай билік жүргізе алады. Сонымен біреудің екіншіге тәуелділігінде табиғи теңсіздік (физиологиялық, интеллектуалдық және т.б.) және әлеуметтік (мәртебелік, экономикалық, білімділік және т.б.) факторлар жатыр.

2. Саяси әлеуметтану қазіргі заманғы әлеуметтік-саяси қатынастардың қызмет етуінің бүкіләлемдік, жалпы адамзаттық заңдарын зерттейді. Бұл заңдарды былайша типтеуге болады: 1) әлеуметтік-саяси өмірдің қызмет ету заңдары; 2) олардың дамуының заңдылықтары.

Бірінші топтағы заңдар әлеуметтік-саяси өмірдің субъектілері мен объектілерінің, әртүрлі элементтерінің өзара әрекетін, байланысын ашады. Мысалы, биліктің үш тармаққа бөліну заңы, саясаттағы біріншілік пен екіншіліктің заңы, ортақ мүдделерді жүзеге асыру заңы және т.б.

Даму заңы әлеуметтік-саяси өмірдің бір жағдайдан екіншіге ауысу, сапалық өзгеріс заңы. Бұл заңдар әлеуметтік-саяси құбылыстың себепті байланыстарын, өзгерістердің факторлары мен түрлерін, бағыттарын белгілейді. Мысалы, саяси революция, саяси күрес, қоғамдық-саяси қозғалыстар және басқалар.

Саяси әлеуметтанудың заңдары мен оның принциптері тығыз байланыста. Гносеологиялық жағынан олардың (принциптер мен заңдардың) елеулі айырмашылықтары жоқ. Ғылымдағы заң шындықтың объективті бейнесі болып табылады. Бірақ заңның өзінде былай істе, олай істе деген ниет, ишара жоқ. Мысалы, әлеуметтік-саяси режимнің ауысу заңы. Принцип – бұл қызмет тәртібі, дұрыс қызмет етудің бағдары. Мысалы, «әлеуметтік-саяси жағдайды ескеру», «адамзаттық құндылықтардың басымдығы», «басқа ғылымдардың жетістіктерін есепке алу мен пайдалану» принциптері және т.б. осылай істеуге итермелейді, міндеттейді. Бұл және басқа принциптер мен заңдардан бас тарту болмаса оны мойындамау қоғамда елеулі қателіктерге және деформацияға (өзгерістерге) әкеледі.

Саяси әлеуметтанудың ұғымдары сөз еткенде алдымен оның бастапқы негізгі ұғымдары, тіпті оның тұжырымдамалық негізі болып саналатын «қоғам», «саясат», «әлеуметтік-саяси іс-әрекеттер мен қатынастар» категорияларын атаған жөн. Сонымен қатар саяси әлеуметтанудың ұғымдары заңдарына сәйкес екі топқа бөлінеді: 1. Саяси өмірдің қызмет ету ұғымдары. Мысалы, саяси үдеріс, саяси қызмет, саяси мәдениет, билік жүйесі, партиялар, бейресми бірлестіктер, т.б. 2. Даму ұғымдары. Мысалы, билік үшін күрес, реформа, плюрализм, саясаттанған тұлға, т.б.

3. Саяси әлеуметтанудың міндеті тұлға мен қоғамның өзара әрекетінің проблемаларын зерттеу болып табылады. Қоғамдық-саяси өмірдің барлық құбылыстарының адами аспектісі негізгі назарда болуы керек, яғни барлық экономикалық және қоғамдық-саяси өзгерістер адамға оң қызмет етуі қажет.

Саяси әлеуметтануда жалпы ғылыми, пәнаралық әдістер: талдау мен жинақтау (синтез), абстракциялау және абстракциялаудан нақтылыққа шығу, логикалық пен тарихи талдауды ұштастыру, модельдеу, математикалық әдістер кең пайдаланады.

Саяси әлеуметтануды да жалпы әлеуметтану сияқты басқа қоғамдық ғылымдардан ерекшелейтін негіз эмпирикалық әдіс және нақты-әлеуметтанулық зерттеу болып саналады: статистикалық мәліметтерді пайдалану, құжаттарды талдау, анкеталық сауал, зертханалық эксперименттер, экстремалдық (аса қолайсыз) жағдайдағы адамның мінез-құлқын бақылау, т.б. Мұндай әдістерді жүзеге асыруда саяси әлеуметтану мына нормалар мен формалардың жиынтығына ерекше мән береді: диалог, тараптардың және адамдардың әлеуметтік психологиясының мүдделерін есепке алу, дәлелдеу (аргументация), сенім, қоғамдық пікірді зерттеу және соған сүйену, саяси және идеологиялық төзімділік, консенсус.

Саяси әлеуметтану әртүрлі әдістердің жағымды жақтарын пайдаланады. Мысалы, диалектикалық-материалистік әдістен нақты-тарихи тәсілді пайдалану, әлеуметтік-саяси оқиғаларды даму, өзгеріс үдерісінде қарау, қоғамдық өмірге көптеген факторлардың әсерін ескеру және т. б. алынады.

Саяси әлеуметтануда бихевиористік (ағылшын тілі бихевиор- поведение (мінез-құлық) тәсілге үлкен мән беріледі. Бұл әдіс индивидтер, тұлғалар мен топтардың әлеуметтік-саяси рөлдерді атқару кезіндегі мінез-құлқын талдау, зерттеуде пайдаланылады.

Саяси әлеуметтанудың қорытындылары мен ұсыныстары тікелей практикаға шығады. Егер осы қорытындыларға қатаң сүйенсек, онда қоғамдағы күрделі үдерістер мен бағыттарды дұрысырақ пайымдауға, осымен байланысты практикалық саяси үдерістерді дұрыс шешуге болады. Осы мағынада саяси әлеуметтану мультпарадигмалық ғылым тәрізді (лат. «мульти» - көп және грек. «парадигма»-теориялық модель, теория). Әдістемелікте мультпарадигмалық жалғыз ғана тәсілді пайдаланумен шектелмейді, тәсілдердің барлық жиынтығын пайдаланады. Мысалы, марксистік әдебиетте қоғамдық құбылыстарды зерттеуде жалғыз ғана әдіс - диалектикалық-материалистік әдіске сүйенеді. Бірақ бұл әдістің жағымды жақтармен қатар бірсыпыра кемшіліктері де бар. Ол бұл әдістің идеологиялық әсірелеу бағытының басымдығы. Жалғыз қоғамдық құрылысты (социализм, коммунизм) жиі дәлелсіз, объективсіз қорғау, басқа марксистік емес теориялар мен әдістерге төзімсіздік таныту. Мысалы, кешегі кеңес өкіметі кезінде әлеуметтік-саяси білім белгілі жағдайда марксизмнің құрамдас бөлігі ретіндегі социализмнің әлеуметтік-саяси теориясымен толықтырылды. Алайда бұл жалғыз қоғамдық жүйемен шектелу, әлемдік қоғамтанудан қол үзу, қазіргі үдерістер мен бағыттарды зерттеуде социализм теориясы жетімсіз болды.

Көріп отырғанымыздай, жалғыз ғана әдісті пайдалану әлемдік өркениеттегі сан түрлі қоғамдық-саяси үдерістерді объективті зерттеуге жетімсіз болады.

4. Саяси әлеуметтанудың қызметтеріне тоқталғанда төрт бағытты ескеру керек. Олар: дүниеге көзқарас, танымдық, тәрбиелік, саяси-тәжірибелік қызметтер.

Саяси әлеуметтанудың дүниеге көзқарас қызметі - әр адамның, әсіресе саяси басшылардың санасына жаңа саяси ойлауды ендіру. Жалпы адами құндылықтардың жеке топтардың (таптық, ұлттық, діни және т.б.) мүдделерінен басымдығын, әрбір халықтың әлеуметтік және саяси таңдауын еркін мойындау сияқты принциптерді терең сезінудің қажеттігі.

Саяси әлеуметтанудың танымдық қызметі. Саяси‑әлеуметтік құрылымдарды, олардың өзара қарым‑қатынастарын, институттарды, мәртебелер мен рөлдерді, жинақтай айтқанда экономикалық қарым‑қатынастағы адам факторының рөлін зерттеу, білу. Саяси әлеуметтану әлеуметтік-саяси қатынастармен, санамен, саяси мәдениет және қызметпен, олардың заңдарының қызмет етуімен және өзгеруімен байланысты проблемалардың бар жиынтығын терең зерттейді.

Саяси әлеуметтану адамдардың ресми тәрбиесінде негізгі салмақты көтереді. Ол саяси идеялар мен идеалдарды, саяси нормалар мен дәстүрлерді тарату үдерісіне үлкен ықпал етеді. АҚШ-та азаматтардың саяси тәрбиесі саяси ғылымға жүктелген. Ол университеттерде, колледждерде жүзеге асады.

Саяси әлеуметтанудың саяси-практикалық қызметі де маңызды. Қоғамтану жүйесінде саяси әлеуметтану басқалардан өзге нақты тәжірибеге, қоғамдық өмірдің барлық саласындағы адамдардың жасампаздық немесе консервативтік іс-әрекетіне жақынырақ.

Сонымен саяси әлеуметтану әлеуметтік-саяси үдерістерді түсіндіреді, олардың дамуының бағыттарына болжау жасайды, ондағы тұлғалардың рөлін көрсетеді, саяси білім, ойлау мен мәдениетті қалыптастыруға әсер етеді, адамды азаматтықтың жауапты міндеттерін орындауға дайындайды.

Саяси әлеуметтанудың бүгінгі күні рөлі тұрақты артып келеді. Оның артуына төмендегідей факторлар игі әсер етіп отыр:

1. Нарықтық экономикаға өту, соған сәйкес саяси құрылымдардың пайда болуы (билік жүйесіндегі жаңа құрылымдық өзгерістер).

2. Саяси қатынастардың объектілері мен субъектілері санының артуы, олардың мазмұны мен құрылымының күрделілене түсуі (партиялар мен саяси қозғалыстар санының артуы).

3. Жеке адамдар мен әлеуметтік топтардың саяси мәдениетін қалыптастырудың қажеттігі (саяси және әлеуметтік, әсіресе, ұлтаралық қатынастардағы дау-жанжалдарды өркениетті жолмен шешудің қажеттігі).

4. Тұлғалардың саясаттағы, азаматтық міндеттерді орындаудағы рөлдерінің артуы (сайлау науқандарында, басқа саяси шараларда).

5. Адамдар туғанынан саяси сауатты, саяси өмірге бейімделіп тумайды. Олар біртіңдеп, өмір бойы саяси білімін кеңейтеді, толықтырады. Саяси мәдениеттің үлгілері бір дәуірден екінші дәуірге мұра ретінде қалып, соңғы ұрпақ алдыңғының үлгі-өнегесінен үйреніп отырады. Мұндай үдерісті ғылым тілінде саяси әлеуметтену дейді.

XIX ғ. аяғында Америка әлеуметтанушысы Ф. Гидденс, француз әлеуметтанушысы және психологі Г. Тар тұлғаның әлеуметтік ортаға байланысты қалыптасуын «әлеуметтену» дей отырып, осы ұғымды ғылыми айналымға енгізді. Кейін осының негізінде "саяси әлеуметтену" деген ұғымды дүниеге келді. Бұл ұғымға жеке адамдардың қоғамдағы саяси құндылықтарды, қалыптарды, ережелерді өз бойларына сіңіріп, іс-әрекетінде басшылыкқа алуы жатады. Сонымен саяси әлеуметтену деп адамның саяси ілімдерді, ережелерді, құндылықтарды бойына сіңіріп, оларды өзінің рухани ішкі дүниесіне айналдырып, сол арқылы өзінің саяси санасы мен мәдениетін қалыптастыру, саяси іс-әрекетке дайындалу үдерісін айтады.

Саяси әлеуметтену мәселесі XX ғасырдың 50 жылдары кеңінен көтерілді. Оған себеп болған Батыс саяси жүйесінің дәстүрлі институттарының дағдарысқа түсуі еді. Бұл кезде сыбайлас жемқорлық кең етек алып, нәсілдік кемсітушілік әлі жойыла қоймаған болатын. Саяси билік адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандырмады. Сондықтан билік институттарына сенімсіздік, саяси абсинтеизм (саясатқа селқос қарау), билікке жаппай қарсы шығу және т.б. көбейді. Бұрынғы дәстүрлі материалдық құндылықтарға (жеке табыс, байлыққа тырысу) қарсы шыққан субмәдениет пайда болды. Мысалға XX ғ. 60 жылдары дамыған хиппилер қозғалысын алайық. Оған ірі саясаткерлердің, бизнесмен, заңгерлер сияқты ауқатты отбасыларының балалары қатысты. Олар жеке адамның өзін-өзі толық көрсетуіне жағдай жасалмағандығы, адамдар арасында теңсіздіктің, алалаушылықтар бар екендігіне сол кездегі қоғамдық тәртіпті кінәлады. Сондықтан қоғамдағы әлеуметтік тәртіпке, тіпті адам өзін-өзі ұстауы, шектеуі керек, бүтін, таза киінуі, сақал-шашын алуы, мәдениетті сөйлеуі, нашақорлықпен айналыспауы керек сияқты дәстүрлі мәдениетке қарсы шығып, олар, керісінше, шаштарын жалбыратып өсіріп жіберді, жыртық-тесік киім киді, өз диалектілерінде сөйледі, нашақорлықпен айналысты. Ғалымдар бұл құбылыстың себептері мен сырын ашу үшін зерттеулер жүргізіп, сөйтіп саяси әлеуметтену мәселесі күн тәртібіне қатты қойылды.

Саяси әлеуметтену үдерісі үш негізгі мәселені шешуге бағытталады:

- қоғам мүшелеріне саяси мәдениеттің және саяси сананың негізгі элементтерін игерту;

- қоғам мүшелеріне қажетті саяси тәжірибе алуға, саяси іс-әрекет етуге және шығармашылық жасауына қолайлы жағдай жасау;

- саяси мәдениеттің элементтерін заман талабына сәйкес өзгерту.

5. Саяси әлеуметтену институттарына мыналар жатады: отбасы, білім жүйесі, ақпарат құралдары, мемлекет, партия және жеке саяси оқиғалар.

Саяси әлеуметтену ең алғаш отбасынан басталады. Қазақтар "ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" деп тегін айтпаған, үйде қалыптасқан саяси көзқарас көбіне өмір бойына жадында қалады.

Саяси әлеуметтенудің келесі сатысы - мектеп. Бұл кезде жалпыға бірдей негізгі саяси қазыналар мен көзқарастарды оқушылар оқып біледі. Жастар әртүрлі ұйымдарға қатысып, алғашқы саяси тәжірибелер жинайды.

Саяси әлеуметтенудің келесі кезеңі 18—40 жастар аралығы. Адам 16 жастан азамат атанады, іс-әрекетіне толық жауап береді, қоғамдық өмірдің саяси саласына, сайлауға қатыса бастайды. Көбісі жоғары оқу орнына түсіп, терең саяси білім алады. Саяси партияларға мүше болулары да мүмкін.

Саяси әлеуметтену адамның өмір бойына тән үдеріс. Оның көзқарастарына, саяси іс-әрекеттеріне өмір тәжірибесі, қоршаған орта тұрақты әсер етеді.

Саяси әлеуметтенуде мемлекет пен партияның рөлі ерекше. Саяси әлеуметтенуге ақпарат құралдары көп ықпал жасайды. Олар адамға тікелей ықпал етеді және саяси құндылықтарға деген қатынасын қалыптастырады, бір идеалды негіздеп, қорғап, екіншісіне тойтарыс береді, адамзаттың ғасырлар бойы қалыптастырған қазыналарын, алдыңғы ұрпақтың саяси тәжірибесін соңғы ұрпаққа жеткізіп, саяси тұлғаны тәрбиелейді.

Бақылау сұрақтары

1. Саяси әлеуметтанудың объектісі не?

2. Саяси әлеуметтанудың пәні не?

3. Саяси әлеуметтанудың негізгі зерттеу пәні не?

4. Саяси әлеуметтенудің мақсаты неде?

5. Адам өзінің саяси әлеуметтенуіне қалай әсер етеді?

44