Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Дріс кешені Пробл.КПРК.doc
Скачиваний:
24
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
279.55 Кб
Скачать

Тақырып 2 Егемендік пен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан

Мақсаты:

Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауға негіз болған себептерді анықтау және «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңы мен Қазақстанның алғашқы Конституциясының қабылдану жолдары мен мәнін студенттер қауымына түсінікті етіп жеткізу

Жоспары:

  1. «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңы және оның маңызы

  2. Егеменді және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы

  1. «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңы және оның маңызы. 1991 жылы Желтоқсанда Қазақ КСР-інің атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.

Қазақ халқының ғасырлар бойы тынымсыз тәуелсіздік жолындағы жүргізген күресі жүзеге асты. Осы 1991 жылы 16 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заңы қабылданып, онда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі салтанатты түрде жарияланды"'.

7-тарау, 18-баптан тұрған бұл заң Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық тарихының жаңа тәуелсіздік бетін ашты. Заңның 1-бабы былай жазылды: Қазақстан Республикасы — тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп жүргізеді. Қазақстан Республикасы территориясында тек өз заңдары және ол таныған халықаралық құқық нормалары қолданылады, Конституциялық заңның 2 тарауы (6-8 баптар) Қазақстан Республикасы ұлттарының азаматтары біртұтас Қазақстан халқын құрайды, бұл халық, егемендіктің бірден-бір иесі, мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады, азаматтар барлық жағынан тең құқыққа ие екендігі көрсетілді. Қазақ халқы мен Қазақстан Республикасында тұратын басқа ұлт өкілдерінің тілі, мәдениеті мен дәстүріне ерекше мән беріліп, олар мемлекет қамқорлығына алынды.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік өкімет органдарына арналған 3-тарауда биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып бөлінуі бекітілді. Қазақстан Республикасы халқы атынан сөйлеу құқығы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен Президентіне берілді. Мұндай құқық егемендік Декларациясында тек Жоғарғы Кеңеске берілген еді. Енді Президенттің билігі өсіп, ол Республика халқы атынан сөйлеуге құқықты болып, Қазақстан Республикасының басшысы және атқарушы өкіметі болып табылды. Атқару билігі толығымен Президент қолына шоғырланды.

Сот билігін Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мен Жоғарғы Арбитраждық соты атқарды. Конституциялық сот туралы норма кіргізіліп, ол Конституцияны сот арқылы қорғайтын Жоғарғы орган болып табылды.

Осы заң бойынша мемлекеттік өкімет органдарының құрылымына елеулі өзгерістер енді.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздеріне арналған 4-тарауда жер, су, әуе кеңістігі, табиғи ресурстар, экономикалық және ғылыми-техниқалық потенциал Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің негізін құрай отырып тек қана соның меншігінде болады деп көрсетілді. Меншіктің көп түрлілігі және олардың теңдігі қамтамасыз етілді.

Заңда тәуелсіздікті қорғау үшін Қазақстан Реслубликасының өз қарулы күштерін құратыны, өз территориясында әскерлер, қару-жарақ пен техника құру мәселелерін шешетіні айтылды. Қазақстан Республикасы территориясына қол сұғылмайды.

Осылай Қазақстан Республикасының тұңғыш рет мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң қабылданып, оны қорғау мен дамытудың да негіздері қаланды.

Ұзамай 1992 жылы 3 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына, онан кейін т.б. халықаралық ұйымдарға мүше болды. Қазақстанның тәуелсіздігін шет елдер таныды, олардың елімізде дипломатиялық миссиялары ашылды. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мемлекеттік туы және мемлекеттік елтаңбасы (1992 жыл 4 маусым), мемлекеттік әнұраны (1992 ж. 11 желтоқсанда) қабылданды.

Қазақстан демократиялық, құқықтық мемлекет пен нарықтық қатынастар құруға бет алды.

  1. Егеменді және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы. 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының бірінші конституциясы қабылданды. Конституцияны Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі қабылдады. Конституция Жобасы бүкілхалықтық талқылаудан өтті. Бүкіл жұмысқа Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев төрағалық еткен Конституциялық комиссия басшылық етті.

Конституция преамбуладан, "Конституциялық құрылыс негіздері" деген арнайы бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрады.

Конституциялық құрылыс негіздері деп аталатын арнайы бөлім Конституцияның беташары болып табылады. Мұнда конституциялық құрылыстың сипаты, қағидалары, ерекшеліктері көрсетілген.

Бөлімдегі ережелердің мазмұнына тоқталып өтелік.

Бірінші ереже. Қазақстан Республикасын сипаттауға арналған. Қазақстан демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп сипатталған. Сонымен қатар осында Қазақстан Республикасы "өзін-өзі билейтін қазақ ұлты мемлекеттігінің түрі'' деп жазылған. Бұл Қазақстанның бір жағынан ұлттық мемлекет екендігін көрсетеді. Осы ұғым қазақ ұлтының республика қоғамының өзегі екендігін білдірді.

Екінші ереже, біріншіні толықтырады. Ол республиканың жеріне арналған. "Қазақстан Республикасының жері біртұтас, ол бөлінбейді және оған қол сұғылмайды" деп жазылған.

Үшінші ереже, адамға тоқталады. Адам, оның өмірі, бостандығы мен ажырамас құқығы ең қымбат қазына деп жарияланған. Мемлекет осы талапты жүзеге асыру үшін қызмет етеді.

Төртінші ереже халыққа арналған. Халық мемлекеттік биліктің бірден-бірі қайнар көзі. Мемлекеттік өкімет билігін халық жүзеге асырады. Бүкіл халық атынан билік жүргізуге өздерінің Конституциялық өкілеттігі шегінде тек Жоғарғы Кеңес пен Президентке ғана құқық берілген.

Бесінші ережеде қоғамдық бірлестіктер туралы сөз болады. Олар тек Конституция мен заңдар ауқымында жұмыс істеуі қажет. Осындай бірлестіктерге мемлекет тең құқылы мүмкіндіктері үшін жұмыс істеуіне кепілдік жасайды.

Алтыншы ереже мемлекеттік билікті бөлу мен біріктіруге арналады. Мемлекеттік өкімет билігі заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне негізделеді. Осы үш саланың өз өкілеттігі дәрежесінде дербестігі бекітілген. Мемлекеттік билік біреу, ал оның осы үш тармағы дербес. Осы үш дербес билік тармақтарының өзара қатынасы тежемелік және тепе-теңдік жүйесі арқылы жүзеге асады.

Заң шығарушы Жоғары Кеңестің өкілеттіктері ерекше. Бірақ ол заң шығарған жағдайда Конституциялық құрылыс ережелерінің бұлжымастығына сүйенуге тиіс. Конституцияға қайшы заңдар шықпауға тиіс.

Жетінші ережеде Қазақстан Республикасы Конституциясының өзіне жалпы сипаттама беріледі. Конституцияның ең Жоғарғы заңдық күші бар. Оның тұжырымдары тікелей қолданылады. Оған қайшы заңдар мен өзге құжаттардың заңдық күші болмайды.

Сегізінші ереже аса күрделі мәселе — тілге арналған. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл, орыс тіліне ұлтаралық қатынас тілі мәртебесі берілген. Компромисске негізделген осы қағида елімізде саяси тұрақтылық пен бірліктің сақталуына өз үлесін қосты.

Сегізінші ережені Негізгі Заңның "Өтпелі кезең ережелері" атты бөлімінің 4-бабы толықтырады. Онда өтпелі кезеңде мемлекеттік тілді еркін және тегін оқып үйрену үшін жағдай жасалған, осы кезеңде Қазақстан да іс қағаздары қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі деп жазылған.

Тоғызыншы ереже Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Елтаңба, Ту және Әнұранға арналған.

"Конституциялық құрылыс негіздері" бөлімінің принциптері Ата Заңның басқа бөлімдеріне негіз болып табылды, әрі оны өзгертудің тәртібі ерекше қиындатылды.

Конституцияның бірінші бөлімі (27-бап) азаматтардың құқығы, бостандығы мен міндеттеріне арналған. Мемлекет құқықтар мен бостандықтар теңдігіне кепілдік береді, азаматтарды кемсітушіліктің кез-келген түріне тиым салады деп көрсетілді.

Негізгі Заңда жарияланған құқықтар мен бостандықтар адам құқықтары туралы халықаралық құжаттарға толық сай келеді.

"Қоғам, оның құрылыс негіздері" деп аталатын екінші бөлім "Меншік және кәсіпкерлік", "Отбасы", "Қоғамдық бірлестіктер" атты үш тараудан тұрады. Осылардың әрқайсысына қысқаша тоқтальш өтелік.

Ата Заңда меншіктің түрлерінің сан-алуандығы бекітілген. Мемлекет меншіктің барлық түрлерінің және субъектілерінің заң алдында теңдігін қамтамасыз етеді. Меншіктің түрлерінің сан-алуандығы жарияланғанымен, Конституцияда оның тек екі түрінің — жеке меншіктің және мемлекет меншігінің аты аталады.

Ата Заң жеке кәсіпкерлікті де қамқорға алған. Оның еркіндігіне кепілдік беріледі. Қорғау мен қолдау қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ конституцияда заңды бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, негізсіз артықшылық алуға, тұтынушылардың мүдделеріне нұқсан келтіруге бағытталған монополистік және өзге де кез келген қызметке жол берілмейді. Бұл ереже де нарықтық қатынастарды кеңінен дамытуға арналған.

Осы "Меншік және кәсіпкерлік туралы" тараудың мәні зор. Ең бастысы жекеменшік заңдастырылды, оның мәртебесі көтерілді.

Кез-келген қоғамдық бірлестік белгілі мемлекеттік органдарда тіркелген соң ғана қызметке кірісе алады.

Ата Заңдағы ең ірі және өзекті бөлім "Мемлекет, оның органдары және институттары" мемлекеттік билікті бөлу мен біріктіруге арналады. Бөлім "Жалпы ереже", "Жоғарғы Кеңес", "Президент", "Министрлер кабинеті", "Мемлекеттің аймақтық ұйымдастырылуы және жергілікті басқару", "Сот", "Прокуратура", "Қаржы", "Қорғаныс және қауіпсіздік" деген тараулардан тұрады.

Мемлекеттік билік біртұтас. Заң шығарушы, атқарушы сот биліктері мемлекеттік биліктің үш тармағы болып табылады.

Билікті дербес тармақтарға бөлу терең демократияға негізделген. Жоғарғы Кеңесті де, Президентті де халық тікелей сайлап қояды. Ал Жоғарғы сот органдары болса Жоғарғы Кеңесте Президенттің тікелей араласуымен сайланады.

Ата Заңда Жоғарғы Кеңеске көптеген өкілдіктер берілген. Оның қызметінің негізгі бағыттары 12 - тарауда көрсетілген. Жоғарғы Кеңес кәсіптік парламент ретінде тұрақты қызмет етеді, сондықтан оның депутаттары басқа жерде қызмет істей алмайды, басқа өкілді органға депутат та бола алмайды. Конституция Жоғарғы Кеңес депутатының беделін арттырып, әр депутатты бүкіл республика халқының өкілі деп жариялады.

Тұрақты парламент бес жылға сайланады. Жоғарғы Кеңес төменгі өкілді органдарға тікелей басшылық жасамайды. Өкілді биліктің жоғарыдан төменге дейінгі біртұтас жүйесі карастырылмаған, олардың әрқайсысы өз алдына дербес.

Президент республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының, конституция мен заңдарды сақтаудың кепілі болып есептеледі. Ол 5 жылға сайланады. Екі мерзімнен артыққа Президенттікке сайлануға болмайды.

Сот билігі Конституциялық Сотқа, Жоғарғы Сотқа, Жоғарғы Төрелік сотқа және заң бойынша құралатын төменгі соттарға тиесілі.

Конституциялық сот Қазақстан Республикасы Конституциясын қорғау жөніндегі сот билігінің Жоғарғы органы болып табылады.

Бұрынғы қоғамда Конституциялық сот болмаған. Ол Конституцияны қорғайды және оның үстемдігін қамтамасыз етеді, заңдар мен өзге де кұжаттардың Ата Заңға сәйкестігі туралы талаптарды қарастырады. Конституциялық Сот Конституцияға сай емес деп тапқан кез келген заңның және оған негізделіп жасалған басқа да құжаттардың күші жойылады. Тек Президент пен Жоғарғы Кеңес Төрағасы Конституциялық соттың қаулысына қарсылық енгізген ретте Конституциялық соттың қаулысы тоқтатылады және бұл қарсылық қаулы қабылданған кезден бастап он күн ішінде жасалуы тиіс.

Конституцияны өзгерту мен толықтырулар қиындатылған. Өзгерту мен толықтыруларды Жоғарғы Кеңес депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екі даусымен ғана енгізуге болады.

Конституциялық құрылыс негіздерін өзгерту бұдан да қиындатылған. Оған түзетулер енгізу Жоғарғы Кеңесте депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үш даусымен енгізіледі.

1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Негізгі Заң болды. Ол үлкен тарихи, саяси-құқықтық роль атқарды. Дегенмен Конституцияны Кеңес дәуірінде сайланған Жоғарғы Кеңестің қабылдауы өз таңбасын қалдырды. Ұзамай ол қайшылықтар өсіп, жаңа Конституция қабылдауға негіз болды.

Тақырып бойынша дайындалуға ұсынылатын әдебиеттер:

Н: 1; 2: 3. Қ: 4, 5, 21.

Бақылау сұрақтары:

1 «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңы қашан қабылданды?

2 «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңының маңызы неде?

  1. Егеменді және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қалай қабылданды?

  2. Қазақстанның алғашқы Конституциясының кемшіліктері неде?