Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Дріс кешені Пробл.КПРК.doc
Скачиваний:
24
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
279.55 Кб
Скачать

Тақырып 3 Қазақстан конституциялық реформалау кезеңінде

Мақсаты:

Студенттерге Қазақстан аумағындағы парламенттік дағдарысты түсіндіре отырып, оның алдын алу жолдары мен Қазақстанның екінші Конституциясының мәні мен маңызын ұғындыру

Жоспары:

1 Қазақстан парламенттік дағдарыс кезеңінде

2 Егеменді және тәуелсіз Қазақстанның екінші Конституциясы

1 Қазақстан парламенттік дағдарыс кезеңінде. «Парламент» деген сөз француздың «parler» - «сөйлеу» деген сөзінен шығып, соның өзімен-ақ парламенттік қызметтің басты ерекшелігін білдіріп тұр: парламент тек заңдарды қабылдайтын өкілдікті орган емес, ол сонымен бірге халық қалаулылары талқылаулар мен пікір таласы арқылы мемлекеттің, ұлттың мүддесіне сәйкес келетін саясатты белгілеп, соның негізінде заңдардың күрделі архитектоникасын анықтап, заңнамалар жүйесін жария түрде түзетін демократиялық институт.

Парламентаризмнің табиғаты мен қағидалары жайында XX ғасырдың басында ең құнды да соны пікірлер айтқан ғалымдардың бірі – ағылшын ғалымы Л.Дюги. Оның парламентаризм туралы пікірлері күні бүгінге дейін өз құндылықтарын жоғалтқан жоқ. Л.Дюги парламентаризмнің аса маңызды белгілері: парламент пен үкіметтің ықпал мен бедел мәселелері бойынша елдегі тепе-теңдігі, олардың өз функцияларын жүзеге асыру барысындағы қимыл бірлігі және бір-біріне тұрақты да пәрменді ықпалы деп есептеді.

Қазақстан Республикасы парламентінің өзінің тарихи қалыптасқан жолы, үрдісі бар. Парламент заң шығарушы және ең жоғарғы өкілді орган. Өкілдік орган деп аталу себебі, ол халық сайлаған өкілдер немесе халық өкілдері - депутаттардан тұрады. Ал, халық өкілдерімен санасу қазақ халқының тарихында ежелден қалыптасқан дәстүр.

Қазақстанда Жоғарғы Кеңес түріндегі парламент екі рет үлкен дағдарысқа ұшырады. Алғашында 1993 желтоқсанда 12-ші сайланған Жоғарғы Кеңес өзін-өзі таратқан болса, 1995 жылы наурызда 13-ші сайланған Жоғарғы Кеңес заңсыз сайланған орган ретінде таратылды.

Мұның аяғы елдегі қоғамдық-саяси құрылысты мүлде өзгерткен 1995 жылғы жаңа Конституцияның қабылдауына алып келді. Жаңа Конституция бойынша еліміз Президенттік басқару нысанындағы республикаға айналып, мүлде жаңа сипаттағы қос палаталы Парламент құрылды.

Қазақстандағы парламенттік өкілдіктің негіздері 1990 жылы 25 наурызда болып өткен 12-ші шақырылымның Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесінің бәсекелестік еркін сайлаудан бастап қалыптаса бастады. Бұл заң шығарушы және өкілді органның алғашқы демократиялық сайлауы еді. Сайлау алдындағы күреске 360 депутаттық мандат үшін екі мыңға жуық үміткерлер қатысты. Саяси аренаға ғылыми және шығармашылық интелегенцияның өкілдері қатысты: 13 заңгер мен құқыққорғау органдарының қызметкерлері, ЖОО-ның 7 ректоры. Бірінші рет мемлекеттік биліктің ең жоғарғы органына діни қызметші тағайындалды

Қазақстандағы парламентаризмді құрудағы ең бірінші нормативтік – құқықтық акті болып 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы болды. Осы аталған тарихи құжат мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидасын ұсынды. Алғашқы қазақстандық парламент кең өкілеттіктерге ие болды. Қазақстан Республикасының 1993 жылы қабылданған алғашқы Конституциясы парламенттің өкілеттігін атқарушы билік органының өкілеттіктерінен көп ерекшелей қоймады. Сол себептен, елде президент қабылдаған заң күші бар жарлықтар мен ережелер мемлекеттік билік тармақтарының қызметтерін реттеп отырды. Осы кезеңдегі Президенттің заң күші бар жарлықтарының маңызы ерекше болды.

Мемлекет алдында нарықтық экономикаға көшу барысындағы мақсаттарды шешу үшін бірқатар мәселелер тұрған еді, осыларды шешу үшін елдегі мемлекеттік билік тармақтарын бөлу принципі қолға алынып, парламент заң шығарушы орган ретінде өз құзыреттігін жүзеге асыра бастады

1993 жылғы Конституция қайшылықты, өтпелі кезеңде қабылданды. Әлі де көп мәселелер шешімін таба алмады. Бірнеше ауқымды мәселелер бойынша елде ұзақ пікірталас, даулар болды. Олардың ішінде: қос азаматтық; тіл мәселесі; ұлттық мемлекет пе азаматтық қоғам құру ма?; әкімшіліктер мен кеңестер арасындағы қайшылықтар; Жоғарғы Кеңес пен Үкімет арасындағы қайшылықтар болды. Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен бұл мәселелер шиеленіске жіберілмей кезең-кезеңімен саяси және құқықтық тұрғыдан шешіледі.

Қазақстан Республикасының Парламенті — Қазақстан Республикасының жоғары өкілді және заң шығарушы органы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабына сәйкес, Парламент — Республиканың заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы болып табылады.

Конституциялық құқық институтының бірі ретіндегі Парламент тарихы тым әріден басталады. Мәселен, ағылшын Парламенті тіпті ХІІ-ХІІІ ғасырларда пайда болған. Конституциялық қоғамға басшылық жасаудың белгілі бір жүйесі ретіндегі парламентаризм тарихы сонау буржуазиялық революция кезеңдерінен бастау алады.

Парламент пен парламентаризм — өзара байланысты ұғымдар, дегенмен бірдей емес екендігін айта кету қажет. Парламентаризм парламентсіз өмір сүре алмайды. Ал парламент парламентаризм элементтерінсіз өмір сүре алады. Кеңестік парламенттер дәуірінде осылай болды. Парламентаризм элементтері ең алдымен биліктерді бөлу, өкілдік және заңдылық болып табылады.

1993 жылы жергілікті кеңестер мен әкімдер, Үкімет пен Жоғарғы Кеңес арасындағы қайшылық шегіне жетті. Бірақ Қазақстанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың салмақты да салиқалы саясаты арқасында Ресейдегідей қақтығыстарға жол берілмеді. Кеңестер Қазақстанда тарих сахнасынан жаңа құқықтық жүйеге үйлесе алмай, біртіндеп өз еркімен кетті. Дегенмен әкімшілік жүйеге қарсы жергілікті және Жоғарғы Кеңес тарапынан да қатты қарсылықтар болды. 1993 жылғы Конституция бойынша, әсіресе жергілікті жерде қос өкіметке кеңестер мен әкімдерге заңды база жасалған еді. Мұның өзі болашақта біртіндеп биліктің ажырауына алып келе жатты. Кеңестер мен әкімдер арасындағы қайшылық жергілікті кеңестердің өзін-өзі таратуына алып келді. Мұның соңы XII сайланған Жоғарғы Кеңестің 1993 жылы 13 желтоқсанда өзін-өзі таратуына апарып соқты. Осылай 1990 жылы сәуірде сайланған Жоғарғы Кеңес мерзімінен бір жарым жылдай бұрын өзін-өзі таратты. Бұл Жоғарғы Кеңес тұсында ҚазКСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы (1990.25.10.) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заңы (1991.16.12.), Қазақстан Республикасының Конституциясы (1993.18.01.), барлығы 265 жаңа заңдар қабылданды.

Жоғарғы Кеңес соңғы сессиясында Қазақстан Республикасы Президенті мен жергілікті әкімдерге қосымша өкілеттіктер беру туралы заң қабылдап, Президентке уақытша заң шығару құқығы берілді.

1994 жылы 7 наурызда сайлау болып XIII сайланған Жоғарғы Кеңес дүниеге келді. Бұл тұрақты жұмыс істейтін кәсіпқой Парламент болды. Жоғарғы Кеңесте 176 депутат болды. Жоғарғы Кеңесте бірнеше фракциялар құрылды. Жоғарғы Кеңес пен Үкіметтің арасы қатты шиеленісті. Жоғарғы Кеңес заң шығарудан кері Үкіметпен саяси тайталасқа көбірек көңіл бөлді. С.Терещенко бастаған Үкіметке сенімсіздік танылып, ол отставкаға кетті. Жоғарғы Кеңес бір жылға жуық уақытта бар болғаны 138 акт, соның ішінде 8 заң қабылдады. Осындай жағдайда 1995 жылы 6 наурызда Қазақстан Республикасы Конституциялық соты азамат Т.Квятковскаяның шағымын қарап XIII сайланған Жоғарғы Кеңестің сайлауы барысында заңның өрескел бұзылғандығын анықтап, Жоғарғы Кеңесті легитимсіз деп тапты. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Жоғарғы Кеңес төрағасы Ә.Кекілбаевтың қарсылығын Конституциялық сот қабылдамады. Сондай-ақ Конституциялық сот Жоғарғы Кеңес болмаған жағдайда 1993 жылы 10 желтоқсанда XII сайланған Жоғарғы Кеңестің Қазақстан Республикасы Президенті мен әкімдерге уақытша қосымша өкілеттіктер беретін заңының күшіне қайта енетіндігіне түсінік берді. Қазақстан Республикасы Президенті Конституциялық өкілеттігі бойынша XIII сайланған Жоғарғы Кеңесті таратты. Осылай елде Кеңес билігінің соңғы органы өмір сүруін тоқтатты.

Конституциялық реформаның жаңа кезеңі басталды. Күн тәртібінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі қойылды.

1995 жылы 29 сәуірде бүкіл халықтық референдумда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттілігі 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартылды. Бүкіл халықтық референдумға сайлаушылардың дауыс бергендердің 95,4 процентінен астамы Президенттің өкілеттілігін ұзартуды қолдады.

1994 жылы 16 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинетінің Аппаратын қайта өзгерту туралы" Жарлығы жарық көрді. Осы жылдың 16 шілдесінде "Мемлекеттік өкімет билігі және басқару құрылымы органдарын дамыту және оларды ұстауға қаржыны қысқарту туралы" Президенттің Жарлығы жарияланды.

2 Егеменді және тәуелсіз Қазақстанның екінші Конституциясы. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясы тәуелсіз, егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан акт болып табылады. Республика Конституциясының қабылдануы конституциялық құрылыстың құқықтық негізін қалады, мемлекеттік тетік, сондай-ақ қоғамдық, саяси институттар ретіндегі қызметтің негіз боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Республика Конституциясы конституциялықтың демократиялық дәстүрлеріне сүйене отырып, Қазақстанның көп ұлтты халқын мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар кезі деп таныды. Мемлекеттік биліктің бірлігін атап көрсете отырып, Конституция билікті заң шығару, атқару және сот тармақтарына бөлу принципін мемлекеттің, ұйымдық және қызмет ету тетігіне негіз етіп алды. Қазақстан Республикасы құрылыс нысаны бойынша — Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес тұрақты жұмыс істейтін қос палаталы Парламент заң шығарушы орган ретінде танылды. Сөйтіп Қазақстан Республикасында парламенттіктің берік құқықтық негізі жасалды. Конституцияның маңызды артықшылығының бірі — оның жалпыға мәлім демократиялық құқықтық идеялар мен принциптерге бейімділігі болып табылады. Конституцияның кіріспесінде жария етілген Қазақстан халқының бостандық, теңдік мұраттарына адалдығы оның нормаларында нақты көрініс тапты.

Конституцияның мәні және заңдық ерекшеліктері.

1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғамда демократиялық процестерді орнықтырды. Жалпы халықтық дауыс беру жолымен өз еркін білдіре отырып, Қазақстан халқы жаңа Конституцияны қабылдады. Сол себепті Конституцияны халық пен мемлекет арасындағы, олардың өзара қарым-қатынастары мен мемлекет құру тұрғысындағы ортақ қағидаттарын бекітетін құқықтары мен міндеттері туралы шарт деп толық сеніммен айтуға болады.

Конституцияның преамбуласында былайша жазылған: "Қазақстан халқы... өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз". Егер халықтық егемендік идеясы тұрғысынан қарайтын болсақ Конституция нормаларының құрылтайшылық сипаты жөнінде айтуға болады. Содан келіп, конституциялық тұжырымдарда халықтық ерік-жігері көрініс табады және Конституция нормалары құрылтайшылық, бастапқы сипатқа ие болады.

Конституция халық пен мемлекет арасындағы шарт бола отырып, қоғамда пайда болатын негізгі қатынастарды реттейді. Ол барлық салаларды: саяси, экономикалықпен бірге, әлеуметтік және рухани салаларды да қамтиды.

Жалпы алғанда конституциялық реттеу барлығын қамтушы сипатымен ерекшеленеді.

Конституцияның өзіндік заңдық ерекшеліктері бар: жоғары заң күші, конституциялық нормалардың тікелей қолданылуы және оған түзетулер енгізу мен қабылдаудың ерекше тәртібі болады.

Қазақстан халқы 1995 жылдың 30 тамызында өткен референдумда Республиканың жаңа Конституциясын қабылдады. Бұл республиканың мемлекеттік құрылымында аса маңызды оқиға болды. Конституция қоғам мен мемлекет дамуының қазіргі кезеңін көрсетеді, халықаралық субъект ретіндегі Қазақстан Республикасының мәртебесін белгілейді, мемлекет органдарының құқық шығарушылық және құқық қабылдаушылық қызметі үшін бағдар болып табылады.

Конституциялық реформа Қазақстан Республикасының мемлекеттігін нығайтуға, мемлекеттік биліктің жаңа институттарын құруға, әлеуметтік-экономикалық дамудың, адамның құқықтары мен бостандықтары кепілдіктерін жетілдірудің жаңа үлгілерін ойлап табуға ықпал етті.

Конституцияның жоғары заң күші бір де бір заң немесе нормативтік акт Конституция нормаларына қайшы келмеуге тиістігінен көрінеді. Конституциялық нормаларға қайшы келетін заңдар мен нормативтік актілер заңдылықтарда белгіленген тәртіппен алынып тасталады. Жоғары заң күші, оған басшылық жасаушы орынды бекіте отырып, Конституцияның құқықтық нормалар жүйесіндегі орнын анықтайды.

Конституция нормаларының тікелей қолданылуы барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар өз қызметтерінде Конституцияны басшылыққа алуға міндетті дегенді білдіреді. Азаматтар және оның бірлестіктері өз құқықтарын қорғаған кезде конституциялық нормаларға сілтеме жасауға хақылы. Конституция қолданыстағы нормативтік акт болып табылады, оның нормалары Республиканың барлық аумағында тікелей қолданылады.

Конституцияның құрылымы және оның ерекшеліктері. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы қазіргі кезеңдегі қоғамның жағдайы мен мемлекеттіліктің дамуын көрсетеді, ол преамбуладан және 9 бөлімнен тұратын жаңа Конституцияның құрылымында көрініс тапты.

Преамбула Конституцияның құрылтайшылық сипатын көрсетеді және оны қабылдаған ерекше субъект—Қазақстан халқына сілтеме жасайды.

Тақырып бойынша дайындалуға ұсынылатын әдебиеттер:

Н: 1; 2: 3. Қ: 4, 5, 21.

Бақылау сұрақтары:

1 Қазақстан Республикасының парламенттік даму кезеңдерін атап беріңіз?

2 Қазақстанның екінші Конституциясы қалай қабылданды?

3 Қазақстанның алғашқы Конституциясының кемшіліктері неде және неге екінші Конституция қабылданды?

4 Конституцияның мәні неде?

5 Конституцияның құрылымын ашып берсеңіз?