Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Древ лит.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
10.11.2019
Размер:
1.76 Mб
Скачать

13 Тақырып эллиндік әдебиеті

Элиндік әдебиеттің жоғары өркендеу кезеңі б.з.д. ІІІ ғасырға сәйкес келеді. Осы өркендеудің негізгі орталығы Александрия қаласы болып, оның шарықтау шегі ІІ Птолемей Филадельф патшаның билік еткен кезеңіне тұспа-тұс келеді. Өркендеудің негізін IV ғ. аяғында дүниеге келіп, полистік мәдени-дәстүрмен тәрбиелінген Каллимах, Феокрит, Ликофон секілді жазушылардың ұрпағы салады.

Дәстүрлі Греция мен Александрия әдебиеттерінің арасындағы өтпелі кезеңді IV-III ғғ. Самос пен Кос аралдарындағы эпиграмматист ақындардың шығармашылығымен байланыстыруға болады. Бұл бір жағынан Греция (және Сицилия), екінші жағынан Александрия, үшінші жағынан Македония арасындағы әдеби қиылыс етін. Самос аралындағы әдеби үйірмені Асклепиад және оған жақын Афинндық Гецин мен Македондық Посидип басқарса, Кос аралындағы әдеби үйірмені Колофондық Гермесианакт пен кейін Александрияға қоныс аударған атақты Сицилиялық Феокрит атты шәкірттері болған ғалым әрі ақын Филет басқарды. Филеттің өзі де бірнеше жыл Александрияда тұрып, патшаның ұлы (болашақ ІІ Птолемей Филадельфа) мен Мусейонның жетекшісі Зенодотқа ұстаз болған. Жоғарыда аталған екі үйірменің арасында тығыз қарым-қатынас байқалады: Феокрит Филет пен Асклепиад туралы асқан құрметпен айтады. Осы жерде Антимахтың жүз жыл бұрын поэзиға сіңірген еңбегі көрсетіліп, тұңғыш рет бір тұлғада ақын мен филолог бейнесі құрастырылады. Лирик Филет лексикограф, эпик Зенодот Гомерды шығарушы, ал Каллимах Александрия кітапханасындағы каталогтың құрастыруышысы болады.

Эллиндік дәуірде жаңаруға көп ұшыраған жанр эпиграмма болып саналады. Эпиграмма деп элегиялық дистихпен жазылған қысқа (2-8 жолдан тұратын) өлеңдерді атайды. «Эпиграмма» сөзі «жазба» деген мағына беріп, б.з.д. VI-V ғғ. жататын ерте грек эпиграммалары мазмұны бойынша осы атауға сәйкес келген: құлпытас жазбалары (эпитафия) немесе арнау жазулар (мазмұны мен көлемі жағынан тасқа қашап жазуға тұрарлық сентенциялар). Бұлар көбіне жеке сезімдерден гөрі, жалпы ойды білдіретін болған. Классикалық Грециядағы эпиграмма жанрының ең үздік шебері Семонид Кеосский болып саналады (Фермопил шайқасында көз жұмған спарталықтарға арналған атақты эпитафияның авторы). Бұл тақырыптық шектеулердің бұзылыуы ІV ғ. басталып, философ Платон махаббат тақырыбындағы алғашқы эпиграмма-ларды жазған. Б.з.д. ІІІ ғасырда шешуші өзгерістер болып, «жоғарғы жанрға» жатпаған қысқа эпиграммалар жаңа дәуірдегі өзгерістердің айнасына айналады. Эпитафиялар азаматтық ерекшеліктерді емес, жанұядағы адамның жеке қасиеттерін, ал арнау жазулар күнделікті үй шаруашылығындағы тұрмыстық заттарды баяндай бастаса, өмір мәні туралы философиялық эпиграммалар махаббат пен шарапты мадақтайтын өлеңдерге айналады. Сол заманның екі ірі эпиграммисті Самос аралындағы үйірме басшысы Асклепиад пен кедей саяхаттаушы Таренттік Леонидті атап өтуге болады. Асклепиад бұрынғыларға қарағанда жеңіл махаббат тақырыбындағы эпиграммаларды, ал Леонид шаруалар мен балықшылардың, қолөнершілер мен теңізшілердің өмірін бейнелейтін арнаулардың дәстүрлі формаларын қалыптастыруға өз үлестерін қосты.

Суреттеу эпиграммалары өз кезегінде арнау эпиграммалардан ерекшеленеді. Оларда арнаудың себептері айтылмай, тек заттар ғана суретеледі. Осы тұрғыда сол кездегі Посидиптің диалог түрінде жазылған эпиграммасын мысалға келтіруге болады. Онда атақты Лисиптің мүсіні суреттеліп, элиндік дүниетанымның қалыптасуында маңызды орынға ие болған түсініктер мен жағдайлар баяндалған.

Бүкіл эллиндік жанрлардың ішінде шағын эпиграмма жанры өміршең болып шығып, бұл дәстүр мың жылға дейін созылады. Мысалы б.з.д. 80 жылы құрастырылған Мелеагрдің эллиндік эпиграммалардан тұратын "Венок" атты анталогиясы б.з. І, VI және Х ғасырларында кейінгі ақындар арқылы қайта толықтырылып, төрт мыңнан астам эпиграммадан тұратын 16-томдық кітап (атақты "Палатин антологиясы") болып шықты. Осы эпиграммаларда құрастырылған мотивтер мен образдардың көбі кейінгі антикалық дәуірдегі лирикалық шығармаларда, одан кейінірек жаңаевропалық поэзияда да өз көрінісін тапқан.

Асклепиад үйірмесі эпиграмма жарының қалыптасуына бағытталса, ал Филет үйірмесі эпиллия, элегия сияқты ірі жанрлардың қалыптасуына бағытталды. Бірақ, өкінішке орай, бұл туралы мәліметтер жақсы сақталмаған. Филеттің "Деметра" мен "Гермес" (Одессей мен Эоланың қызы Полимел арасындағы махаббат туралы) атты эпиллиялары мен папирусқа жазылған басқа да эллиндік эпиллиялардың үзінділері табылған. Филет сонымен қатар «Лиданың» үлгісінде жазылған "Биттида" атты махаббат элегиясының авторы болған. Римдік жоқтаушылар Филетті алдыңғы қатарлы элигик санап, Каллимахпен қатар құрметтеген. Филетке ұқсап баққан Гермесианакт «Леонтия» атты элегияда Гомердан бастап Филетке дейінгі ғашық болған ақындарды тізіп шықса, келесі бір элегик Фанокл бозбалаға ғашық болудың жарқын мысалдарын, ал Александр Этолийский Аполлон құдайының махаббатқа толы шытырман оқиғасын тізіп келтіреді.

Дәл осы Кос аралында эпиллияға жақын идиллия («бейне») немесе буколика («малшылар өлеңі») жанры дүниеге келген. Бұл жанрдың негізін салушы Феокрит (шамамен 305-240) Сиракуз маңында дүниеге келіп, ұзақ уақыт Кос аралында өмір сүріп, кейін Александрияға қоныс аударған. Ол өзі өмір сүрген дәуірде аса танымал болмағанымен, екі жүз жыл өткен соң, Вергилийдің көмегімен даңқы көкке жетеді. Оның жетінші идиллиясында Кос аралында өткен мереке суреттеліп, басқа ақындармен поэзия төңірегінде жүргізген әңгімесі келтіріледі. Онда келтірілген кейіпкерлердің барлығы да шартты атулармен аталған. Мысалы, Феокрит өзін Симихид деп, Асклепиаданы Сикелид деп атаған. Әңгіменің мазмұны эллинизм дәуіріне тән қарапайым шағын өлеңдерді мадақтаудан тұрады.

Феокриттің отыз идиллиясы мен жиырма алты эпиграммасы сақталған. Оның шығармаларын бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады: малшылардың өмір сүру салты мен әдет-ғұрпын суреттейтін өлеңдер, мим жанрына жақын, бірақ көптеген лирикалық элементерден тұратын қалалық өмірдің көріністері, мифилогиоялық эпиллиялар, бірнеше махаббат тақырыбындағы өлеңдер мен II Птолемея Филадельфа пен Сиракузтық Гиеронның құрметіне арналған екі «энкомия» — мақтау өлеңдері.

Малшылардың өлеңдерінде (буколик) оқиға әдетте Феокриттің отаны саналатын Сицилиядада орын алып, ауылдық жердегі тұрмыс-тіршілік сол қалпында, ешқандай әсерлеусіз суреттеледі. Бұл идиллиялар сицилиялық гректердің дориялық диалектісінде жазылған. Малшылар айтатын осындай өлеңдер халық әндеріне негізделген. Олардың негізгі түріне екі малшының екі жолды өлеңмен айтысуын жатқызуға болады. Осы форма Феокриттің V идиллиясында Комат атты кәрі, айлакер малшы мен Лакон атты дөрекі, жас жігіттің арасындағы айтыста нақты көрсетіледі.

Феокрит ақымақ малшының бейнесінде теңіз нереидасы Галатеяны жақсы көретін Полифенді суреттейді. Оның VI идиллиясында екі жас жігіт айтысқа түсіп, оның бірі досына Галатеяның өзіне құлай ғашық болғанын, бірақ ол Галатеяның бірінші болып келгенін күтіп жүргендігін айтады. ХІ идиллияда Полифен Галатеяның алдында өз байлығымен мақтанып, оны өзіне шақырады.

Феокриттің еңбектерінде тек әзілге толы махаббат туралы ғана емес, сонымен қатар, қайғы мен қасіретке толы махаббат туралы да айтылады. Оның І идиллиясында малшы өлім аузында жатқан Дафнис туралы жырлайды. Онда Дафнис Афродитаға бағынбауға ант беріп, кейін бір нимфаға ғашық болады да, бірақ өз сөзінде тұрып, махаббат дертінен өлу жолын таңдайды.

Феокриттің II идиллиясы типі жағынан мим жанрына жақын болғанымен, онда да махаббат қасіреті суреттеледі. Онда бойжеткен қыз өзінің ғашығы Дельфиске сиқыр арқылы қол жеткізбек болып, ай толған кезде өзінің күңдерімен бірге түрлі жоралғылар жасап, Ай құдайына өзінің қасіретті махаббаты туралы айта бастайды.

Феокриттің «Кинисктің махаббаты» атты үшінші мимі Мысырға қоныс аударып, Птолемейдің жалдамалы әскер қатарына қосылуы сияқты ақыл-кеңеспен аяқталады. Әңгіме барысында Птолемейге деген мадақтаулар анық көрінеді.

Феокрит шығармаларының басты құндылығы оның шынайлығы мен көрнектілігі болып табылады. Феокрит өз шығармаларында кейіпкерлерді суреттеп, олар туралы айтпайды, тек оларды көрсетіп қана қояды. Мысалы, малшылар мен жұмысшылар, сарбаздар мен түрлі таптағы қала тұрғындары болсын, барлығы да көрнекті түрде жарқын көсетілген. Феокриттің шығармаларында тіпті жануарлар мен өсімдіктер әлемі де өзіндік маңызға ие болып, табиғат құбылыстары көркем де, әсем суреттеледі.

Эллиндік дәуірдегі тағы бір әдеби бағыттың бірі дидактикалық эпостың жаңаруы болып табылады. Осындай ескерткіштердің бірі ретінде Араттың астрономиялық поэмасын мысалға алуға болады. Арат (шамамен 315—245 жылдар) Кіші Азиядағы Сол елді мекенінде дүниеге келіп, Афинада білім алған. 270 жылдары Македон сарайына келіп, өмірінің соңына дейін сонда қоныстанады. Көптеген элиндік жазушылар секілді Арат та ақын әрі тілші болған.

Араттың «Құбылыс» атты поэмасы жұлдыздарды және метеорологиялық денелерді сипаттайтын екі кітаптан тұрады. Бірақ, Арат өзі астроном да, метеоролог та болмаған. Ол ең әуелі мазмұнға емес, формаға көңіл аударып, өлеңдерді жеңіл әрі түсінікті беруге тырысқан. Аристотель дидактикалық эпосты сынға ала отырып, онда сюжеттің бірлігі жоқ екенін айтса, Арат болса, әдебиетте сюжет емес, стиль маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан да, эллиндік және римдік дәуірлерде Араттың осындай стилистикалық ерекшеліктері таңқаларлық жағдай саналып, латын ақындары оның поэмасын кем дегенде төрт рет аударған

Эллиндік өнердегі маньеристтік тенденциялар Каллимахтың (шамамен 310—240 жылдар) шығармаларында анық көрініс тапқан. Жана бағыттар іздеу барысында Каллимах көп ақындармен жанжалдасып, Антимахты қатты сынға алды. Антимахты құрмет тұтқаны үшін тіпті өзінен үлкен Асклепиад, Посидипп сияқты замандастарымен, сонымен қатар классикалық эпосты қайта жаңғыртуға тырысқан шәкірті Аполлоний Родосскиймен де айтысқа түседі. Каллимахтың бізге жеткен үзінділерінде әдеби тартыс айқын көрінеді.

Жас новатордың өмірі мен әдеби мансабы қиын өттіп, данықты әулиеттің ұрпағы, Афина қаласында жоғары білім алған Каллимах жас кезінде мектеп мұғалімі болып жұмыс істеуге мәжбүр болды. Кейіннен Мусейон тұсында жемісті еңбек етіп, Александрия кітапханасында көлемді католог құрғанына қарамастан, кітапханашы қызметіне өзінің шәкірті әрі бақталасы Аполлоний тағайындалады. Тек II Птолемей Филадельфаның орнына III Птолемей келгеннен соң ғана оның дәрежесі көтеріле бастайды.

Каллимахтың шығармаларынан құдайларға арналған алты әнұран мен алпыс үш эпиграмма толығымен сақталған. Сонымен қатар оның папирусқа жазылған «Бастау» атты элигиясынан да кейбір үзінділер мен оның қысқаша мазмұндары жеткен. Каллимахтың гексаметр өлең өлшемімен жазылған осы әнұрандарында Зевстің дүниеге келуі, Афинаның суға шомылу салтанаты, Делос аралында Аполон мен Артемиданың дүниеге келуі, Деметра мейрамы мен Артемидтің жастық шағы суреттеледі. Аталған туындылардың барлығына дерлігі таза әдеби шығармаларға жатады.

Каллимахтың «Бастау» атты туындысы бірнеше элегиялардан құралған төрт кітаптан тұрады. Онда махаббат тақырыбының орнына сол кездегі түрлі қалалар мен елді мекендердегі «ежелгі» тұрмыстық салт-жоралғылар туралы эллиндік ғылымда әйгілі болған оқу материалдары берілген. Бірде Каллимахтың түсіне Муза еніп, оның ақындық өнеріне бастау болады да, Каллимах одан түрлі салттардың себептері мен бастамасы туралы сұрап біледі. Оның үшінші кітабында Аконтий мен Кидиппе туралы махаббат оқиғасы баяндалған. Ғашықтық дертіне ұшыраған Аконтий ғашығы Кидиппеге «Артемиданың атымен ант етемін, тек Аконтийге ғана тұрмысқа шығам» деген жазуы бар алманы ұсынады. Осылайша жазуды дауыстап оқыған Кидиппе еріксіз ант қабылдап, оны орындауға мәжбүр болады. Әңгіменің соңы Аконтий мен Кидиппенің ұрпақтары негізін қалаған қалалардың тізімімен аяқталады. Ал оның төртінші кітабында папируста жазылып, латынша аудармада сақталған атақты «Верониканың бұрымы» атты әңгіме келтірілген. ІІІ Птолемейдің жас жұбайы Вероника жарының жеңіске жетуін тілеп, бұрымын кесіп, құдайға құрбан етеді.

Каллимахатың эпиграммалары оқырмандар алдында қарапайымдылығы мен түсініктілігі арқылы ерекшеленеді. Автор өз замандастарынан ерекшелене отырып, эпиграмманы жаңа тақырыптарды қамтитын жаңа талаптарға сай ерекше формамен беруге тырысқан.

Каллимах Александрия әдебиетінде айрықша орынға ие болған. Оның шығармалары кейінгі грек және рим поэзиясына зор әсерін тигізеді. Катулл оның туындыларын аударып, эпиллия жазуда оған біршама еліктесе, Овидий, Процерций, Энний мен Луцилий де оның шығармаларын өздеріне үлгі тұтты.

Эллиндік әдебиетте тек жаңа жанрлар пайда болып, ұмыт болған жанрлар қайта жанданып қана қоймай, сонымен қатар батырлар жырлары мен трагедиялар сияқты классикаалық жанрларға да аса көңіл аударылды. Каллимахтың үлкен көлемді эпостарды жоққа шығарып, үлкен тартыста жеңіске жеткеніне қарамастан, кітапханашы Мусейон Аполлонийдің (шамамен 290-215 жж.) Родоста жарық көрген поэммалары эллиндік, кейін римдік оқырмандардың арысында да Каллимахтың өлеңдерімен қатар үлкен жетістікке ие болды.

Аполлонийдің «Аргонавтика» атты туындысы төрт кітаптан тұрады. І және ІІ кітапта Колхидаға сапар туралы айтылса, ІІІ кітапта Медеяның Ясонға деген махаббаты мен Ясонның ерлігі туралы, ал IV кітапта елге қайта оралу туралы оқиғалар баяндалады. Аполлоний елді мекендерді суреттеу үшін тарихшылар мен геогрофтардың шығармаларын кеңінен пайдаланып, оқиға желісін дамытып отырған. Поэманың көлемі драммалық тетралогияның көлеміне тең. Бұл жерден Аполлонийдің Аристотельден қалған көркем шығарманың көлемі тым ұзақ болмау керек деген қағиданы ұстануға тырысқанын көруге болады. Дегенмен, онда оқиғалардың логикалық байланысы мен сюжеттің тұтастығы сақталмаған.

Поэманың құдайлар мен адамдар туралы айтылатын тұстары айтарлықтай қызық құрастырылған. Аполлоний Гомерді басшылыққа ала отырып, өз шығармасына «құдайлардың аппаратын» енгізеді. Онда Гера и Афина аргонавтарды қорғап, оларға демеу болады да, олардың өтініші бойынша, Медеяның Ясонға деген махаббатын ояту үшін Афродита өзінің ерке ұлы Эротты Медеяның жүрегін садақ оғымен жаралауға жібереді. Дегенмен, поэмада ешқандай да діни сезімдер кездеспейді. Онда Афродита мен ерке ұлы Эроттың бейнесі шынайы түрде суреттелген. Сұлу бойжеткенді көрген сәтте Медеяның жүрегінде пайда болған махаббат ұшқыны дәл суреттелгені соншалық, онда келтірілген «Эроттың садақ оғы» артық әдеби метафора болып саналады. Сонымен қатар Медеяның түсі де өте дәл баяндалған. Ол түсінде бейтаныс адам мен әкесінің бірін таңдауы тиіс болады да, бейтаныс жігітті таңдайды. Оның бұл таңдауына ызыланған әкесінің айқайынан шошып оянған Медеяның жандүниесінде болып жатқан сезімдер нақты суреттеледі.

Эллиндік дәуірде маңызды орынға ие болған келесі бір классикалық жанр трагедия болып саналады. Бірақ, өкінішке орай, бұл жанр туралы мәліметтер өте нашар сақталған. Трагедиялар үлкен сұранысқа ие болып, барлық қалаларда классикалық қойылымдар қойылатын. Театрларда классикалық қойылым-дармен қатар жаңа қойылымдар да қойылатын. Әсіресе, ІІ Птолемей театрға аса көңіл бөліп, Александрияға грек әлемнің түкпір-түкпірінен атақты драматургтарды жинайды. Оның сарайында трагедия жазатын жеті ақын болған. Олардың арасында Александр Этолийский мен Ликофрон Халкидскийдің даңқы көкке жетіп, Александр трагедия жанрының, ал Ликофрон комедия жанрының дамуына үлкен үлестерін қосады.

ІІІ ғасырдағы трагедиялар өте нашар сақталғандықтан, бұл жанрдың даму жолы туралы айту қиынға соғады. Бұл кезде де IV ғасырда орын алған кейбір тенденциялар болған деп болжау жасауға болады. Дәл осы кезде Мосхионның «Фемистокл» мен «Ферейцтар» (V-IV ғғ. оқиғалар туралы), Ликофронның «Кассандреида» атты шығармалары сияқты тарихи тақырыптарда жазылған трагедиялар пайда бола бастады. Осындай ескерткіштердің бірі ретінде 1950 жылы жарық көрген Кандавалды өлтірген Гигес патша туралы қойылымның үзіндісін мысалға келтіруге болады.

Эллиндік дәуірдегі комедия жанры туралы сөз етер болсақ, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Эллиндік комедия жазушылары өз кейіпкерлерін антикалық комедиялардан іздеді де, оның дамуы екі бағытта жүрді. Бірінші бағыт орта анткалық комедияның әсеріне ұшыраған оңтүстік италяндық негізде жүрді. Бұл жанрдың негізін салушы Таренталық Ринтон болды. Ал екінші бағыт жаңа антикалық комедияның әсеріне ұшыраған эллиндік Шығыс негізінде қалыптасты. Эллиндік жазушылар мимдердің бірнеше түрлерін («мимология», «биология», «ионикология», «кинедология», «гилародия», «магодия», «лисиодия» және т.б.) атап көрсетеді. Бірақ бұл жанрларға жататын ескерткіштер жақсы сақталмаған.

Бізге танымал эллиндік комедияның ескерткіші театрда қойылуға арналмаған, тек оқу үшін арналған. Папируста жазылған бұл шығарма 1891 жылы табылған. Оның авторы туралы ешқандай мағлұматтар сақталмаған. Бұл шығарма б.з.д. 250 жылы жазылып, оқиға Кос аралында орын алады.

Эллиндік дәуірдегі классикалық стильге біріне шешендік өнерді жатқызуға болады. Бұл шығармалар қоғамдағы саяси оқиғаларға негізделіп жазылған. Шешендік өнердің үш түрі болды: саяси, салтанатты және сотқа қатысты шешендік сөздер.

Шешендік өнерді зерттеу барысында риториканың өз деңгейінде жылдам дамығандығын аңғартуға болады. Егер саяси шешендік сөздерде қайталан-байтын нақты жағдайлар көрсетілсе, салтанатты сөздерде алдын ала анықталған шешендік өнердің түрлі тәсілдері мен құрылымдары көрсетілді. Эллиндік мектеп Исократ пен Аристотель кезіңдегі алғашқы бастамаларды артқа тастап, жаңа теориялардың қалыптасуына өз әсерін тигізді. Түрлі тәсілдер жіктеліп, жүйеленіп, қалыптасқан теорияны меңгеру үшін түрлі деңгейдегі жаттығулар құрастырылып, осы аталған әдістер жүз жыл өткен соң, Цицерон мен басқа да римдік шешендердің кезеңінде өз жемісін берді.

Риторикалық зерттеу жұмыстарында кездескен ең құнды мәліметтердің бірі аңызға айналған ерліктер суреттелген Александр Македонскийдің тарихы болды. Оның ең танымал нұсқасын шамамен 300 жылдары Клитарх жазған болуы керек. Бұл шығарарма уақыт өте келе өзінің тарихи сипатын жоғалтып, ертегілердің әсеріне ұшырай бастады. Біздің дәуірдің басында осындай әсерлерден соң мазмұны жағынан ертегілерге жақын «Александр туралы Роман» құрастырылды. Бұл роман Александр туралы ертегілер әлемінің бастамасы болып, кейінгі антикалық кезең мен орта ғасырларда Батыста да, Шығыста да кең тарала бастады.

Б.з.д. шамамен 240 жылдары Каллимах, Феокрит пен Араттың ұрпақтары тарих сахнасынан жоғалып, осыдан кейін эллиндік әдебиетте құлдыраудың, еліктеуліктеу мен тапшыланудың белгілері айқын көріне бастайды. Каллимахтың ұрпағы полистік мәдениеттің дәстүрін сезініп, онымен күшті қарсылас ретінде тартымды күреске түссе, жаңа буын өкілдері бұл күрестің жемісіне ие болғанымен, олардың шығармашылық ынталары айтарлықтай жоғары деңгейде болмады.

Бұл жағдай ІІІ ғ аяғында басталған эллинизмнің жалпы дағдарысымен байланысты болды. ІІІ ғ. бірінші жартысындағы Эллинизмнің айтарлықтай гүлденуі мен өркендей түсуіне грек қоғамының жаңа құлиеленушілік экономиканың ең жоғарғы формасына жаппай шапшаң әрі тез өтуі себеп болды. Алайда шаруашылықтың осы формасы құлдар мен бұқара-көпшілікті өз билігінде ұстап, тәуелді еріктілердің еңбегін бақылауды жүзеге асыра алатын әрі сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын күшті мемлекеттік билікті талап етті. Сарай бүліктері және өзара талас-тартыстар мен соғыстардың салдарынан эллиндік ірі державалар берік әрі мықты, ұзақ уақыт өмір сүрген мемлекеттік ұйым құра алмады. ІІІ ғ. екінші жартысы Македония азат болуға тырысқан Грециямен кескілескен күрес жүргізіп, ал Птолемейлер мен Селевкидалар арасында Палестина үшін үздіксіз соғыс болып жатқан қым-қиғаш кезең етін. ІІІ ғ. екінші жартысында Агида, Клеомена мен кейін Набида сияқты спартандық билеушідердің жаңашылдығында өзінің ақырғы көрінісін тапқан әлеуметтік қайшылықтар шиеленісе түссе, ІІ ғ. соңында бүкіл Жерорта теңізі бойымен өткен (137-132 және 104-100 жж. Сициялиядағы көтеріліс, 130 жж. Делоста және Аттикада, 133-129 жж. Пергамадағы Аристониктің және 108-107 жж. шамасындағы Боспордағы Савмаканың көтерілісі) құлдар мен тәуелді шаруалардың ең күшті көтерілістер толқыны белең алады.

Билеуші халық гректер, ал құлдыққа түскен халық жергілікті тұрғындар болған эллиндік мемлекеттерде бұл әлеуметтік күрес этникалық күрестер арқылы өз жалғасын тапқан болатын. ІІІ ғ. мәдениет Шығысты эллинизациялау үдерісі арқылы дамыса, ІІ ғ. мәдениет эллиндіктің ориентализациялануы арқылы дамыды. ІІ ғ. соңына қарай орын алған халықтық қозғалыстардың барлығына дерлігі басқыншы-гректер мен олардың мәдениетіне қарсы бағытталды. Осыған жарқын мысал ретінде Палестинадағы Маккавейлердің көтерілісін (165-142) атап өтсе болады. Онда Селевкидтердің билігіне қарсы көтеріліс эллиндер мен эллинденіп кеткен иудейлік ақсүйектерге қарсы иудейлік діни соғысқа ұласып кеттеді. Осының нәтижесінде Иудеяда тәуелсіз теократиялық мемлекет қалпына келтіріліп, Шығыста орын алған осы сияқты шабуылдарға қарсы күресу Эллиндік билеушілер үшін қиынға соқты. Осылайша ІІІ ғ. Грециядан көшіп келгендердің лебі біртіндеп сарқыла бастайды да, б.з.д. ІІ ғ. бастап Грецияда алғаш рет халықтың өсуі тоқталып, эллиндік қалаларда қоныстанған гректер біртіндеп жергілікті халықпен етене араласып, аралас некелер жиі болып, гректердің арасында шығыс есімдері мен әдет-ғұрыптар, наным-сенімдер кең тарала бастайды. Эллиндік билеушілер өздерінің саясатында мемлекеттеріндегі шығыс элементтің күшеюін ескеруге мәжбүр болады..

Мысырда IV Птолемей өзінің әскері құрамына мысырлықтарды қабылдай бастайды, ал V Птолемей Мемфисте ежелгі фараондардың жарлығы бойынша таққа отырып (б.з.д. 197 ж.), мысырлық абыздарды өзіне тартуға тырысып, ғибадатханалар жаңа жеңілдіктерге ие болады. Селевкидтер мемлекетінде IV Антиох (175-163) пен оның мұрагерлері жаңа эллиндік қалаларды салу саясатынан ежелгі шығыс қалаларды эллинизациялау саясатына көшеді. Осылай, Селевкияға жақын маңда орналасқан, Месопотамияғы тірек болған ежелгі Вавилон қайтадан жандана түседі.

Ішкі әлеуметтік және этникалық қайшылықтардың шиеленісуі, сарай төңкерістері мен өзара қым-қиғаш соғыстар эллиндік мемлекттерді шығыстан Парфия, батыстан Рим сияқты сыртқы күштерге қарсы дәрменсіз етті. Эллиндік әлемнің Рим және Парфиямен алғашқы қақтығыстары ІІІ ғ. басталады: 272 ж. римдіктер оңтүстік Италиядағы грек қалаларын бағындырып, 250 жылдар шамасында солтүстік Иранда парфяндық мемлекеттің қалыптасуы Селевкид державасының бүкіл шығыс бөлігі – Грек-Бактрий патшалығын жаулап алады. 200 ж. дейін римдіктер Карфагенді басып алып, рим әскері Грецияға қарай бет бұрады. 197 және 168 жж. македондық әскерді, 190 жылы сириялық әскерді талқандап, 146 жылы Рим державасы Македония мен Грецияныны, 133 жылы Пергамды бағындырады. Осы кезде шығыста тохарлардың соққысынан Грек-Бактрий патшалығы құлайды да, парфяндықтар әлсіреген Селевкидтерден Мидя мен Месопотамияны тартып алып, Евфратқа шығады. Эллиндік мемлекеттердің қалдықтары Рим мен Парфия арасында қыспаққа түсіп, саяси сахнадағы өз орнынын жоғалтады. Енді эллиндік мәдениеттің дамуы келімсектердің үстемдік жағдайында өз жалғасын табады.

Эллиндік әлемдегі римдік үстемдік пен парфяндық үстемдіктің арасында сипаты жағынан айтарлықтай ерекшеліктер көп. Парфяндықтар Иран мен Месопотамияға жергілікті халықты грек басқыншыларынан азат етушілер ретінде келді де, олардың рухани тірегі шығыстық жергілікті мәдениеттің дәстүрлері, ал әлеуметтік тірегі жергілікті жер қожалығының шонжарлары болды. Гректер парфяндар үшін әрқашан саяси бомаса да, рухани бақталасы әрі жауы болғандықтан, грек мәдениетінің Парфян патшалығында таралуы мүмкін емес етін. Эллиндік қалалар Парфян патшалығы құрамында өмір сүруін жалғастырып, грек тілі парфян әкімшілігінде қызмет етіп, грек мотивтері парфян өнерінде кеңінен пайдаланылды. Алайда, эллин мен парфян мәдениеттерінің синтезі мүмкін емес болғандықтан, төрт ғасыр бойы парфяндық иеліктерден бірде-бір атақты грек жазушысы шықпады. Ал Римдегі жағдай мүдем басқаша болды. Римдіктер өздерін Греция мен Азияға басқыншылар ретінде емес, бейбітшілік орнатушылар ретінде келгендерін көрсетуге тырысты. Римдіктердің тірегі полистердегі халықтың ең оқыған бөлігінен тұратын құлиеленуші олигархия болды, олардың көмегімен құлдар мен кедейлерді өздеріне бағындырды. Сондықтан римдіктер өздерінің мәдениетін грек мәдениетіне қарсы қоймауға тырысып, керісінше оларға жақындай түсті. Римдік қолбасшылар мен билеушілер грек тілін меңгеріп, грек әулиелеріне құрмет көрсетіп, Римге грек ұстаздарын, кітаптар мен мүсіндер алып келінді. Осы кезде гректер мен римдіктер етене араласып, екі халық арасында айтарлықтай жақындық сезіліп тұрды. Бір кезде Италияға көшіп келген троя қаһарманы Энейден рим халқы бастау алған деген аңыз да танымал болып кетті. Рим ресми түрде Грецияның мұрагеріне айналды.

Жалпы эллинизм дағдарысының барысында әдебиеттің құлдырауын байқауға болады. Бұл кезеңдегі шығармалар, кейбіреулерін санамағанда, үзінділер түрінде ғана сақталды. Бірақ құлдыраудың жалпы белгілерін сол кездегі философиядан да, көркем әдебиеттен де байқауға болады.

Философиядағы дағдарыстың белгісі ретінде догматизмнің орнына келген скептицизмнің таралуын айтуға болады. ІІІ ғ. ортасында скептицизм платоншы Аркесилайдың мектебінде (Орта Академия) өз негізін тауып, ІІІ ғ. философияның орталық бейнесі болып стоицизмді толық қамтыйтын догматиканы құрушы Хрисипп болса, ІІ ғ. философияның негізін қалаушы Орта Академияның басшысы, хрисипп теорияларын сынға алушы Карнеад болады (214-129 жж. шамасында). Дәйекті түрде философияның жағымды жақтарын жоққа шығара отырып, Карнеад ешқандай да кітап жазбай, өз ойын ауызша жеткізумен ғана шектелгенімен, ол сопылардан мұра болып қалған түрлі риторикалық техникаларды шебер пайдалана алды. 155 жылы грек елшілігімен бірге Римге келген сәтте римдіктердің алдында екі рет сөз сөйлеп, бірде әділдіктің игілік екенін, енді бірде оның зұымдық екенін кереметтей дәлелдеп береді. Осы кезде сенаттағы Катон елшілікті азаматтық құқыққа қатер төндіреді деген айыппен қуып жіберуді талап етеді. Хрисиптіктен кейінгі Стоя, перипатетиктер, эпикурліктер сияқты басқа да философиялық мектептер тек жеке мәселелер бойынша өзара қақпайласумен ғана шектеліп, ІІ ғ. айтарлықтай белгілі болған бірде-бір тұлғаны ұсына алмады. Скепсис Карнеада ІІ ғ. рухани дағдарыстың келесі сатысы үшін, яғни ғасырдың соңында философия жеткен эклектизмге жол ашты.

Филологиядағы дағдарыстың белгілері ретінде филологияның көркем әдебиеттен бөлініп, зерттелетін ескерткіштер шеңберінің қысқартылуы мен зерттеу тақырыптарының тарылуын қарастыруға болады. ІІІ ғ. Зенодоттан бастап Эратосфенге дейінгі александриялық ғалымдар бір мезгілде әрі филолог әрі ақын болды да, бұл жағдай олардың ғылыми еңбетерінде де өз ізін қалдырды. ІІ ғ. олардың орнына Мусейннің бастауымен Византиялық Аристофан (шамамен 257-180 жж.) мен оның мұрагері, атағы көкке жеткен әйгілі Самофрайкийлік Аристарх (шамамен 215-145 жж.) келеді. Олар қазіргі поэзиямен еш қатысы жоқ таза филологтар етін. Алғашқы зерттеушілердің филологиялық критерийлері олар үшін аңқай және субъективті болып көрінді: қайта басып шығару мен қайта басып шығару үшін авторлар мен шығармаларды іріктеу басталды. Іріктеу әр жанрдағы (5 эпик, 9 лирик, 5 трагик және т.б.) классикалық авторлардың тізімдері арқылы жүріп, ғылыми қызығушылыққа іліккен есімдердің саны күннен-күнге шектеле бастады да, қалғандары ұмытылуға айналды. Осы кезде толық түсіндірмелер жазуға баса назар аударылғанымен (Аристарх шығарылған мәтіннің әр кітабына түсініктеме ретінде бір-бір кітаптан жазып отырды), олардың талдауларында өзара байланыстылықтың орнына түкке тұрғысыз мардымсыз талдаулар орын алды. Александриялық мектептің осы тенденциялары бірден бақталастық жасаған пергам мектебі тарапынан үлкен сынға ұшырайды. Оның басшысы, философ-стоик, географ әрі натуралист (жердің алғашқы глобусын жасаған) Кратет Малльскийдің (шамамен 215-135 жж.), филологияны алғашқы философиялық энциклопедизмге қайтаруға жасаған қадамдары сәтсіз аяқталды. Аристарх мектебі мен Кратет мектебі арасында үлкен дау тудырған мәселе аналогия мен аномалия тұрғысындағы мәселе болды: әдеби тілдің нормасын айқындайтын біркелкі ереже ме (филолог Аристархтың көз-қарасы «аналогия») әлде нақты әдет пе (натуралист Кратеттің көз-қарасы «аномалия»)? Осы даудың жемісі ретінде Аристархтың шәкірті Фракиялық Дионийсий (170-90 жж.) құрастырған грек тілінің алғашқы грамматикасы мен Кратеттің ықпалымен Гермогор Темноссий (150 ж.) жасаған риториканы (әсіресе тілдің мазмұны туралы тарау) философиялық жүйеге келтірудің маңызды әрекетін атап өтуге болады. Дегенмен, осы тұста александриялық ғылым апатқа ұшырады да, 145 жылы кезекті сарай төңкерісінен кейін бұрынғы патшаның кеңесшісі Аристарх, жаңа патша келгенде қуғынға ұшырап, қашауға мәжбүр болады. Ол қарттық шағында ауруға ұшырап, Кипрде қайтыс болады да, шәкірттерінің кейбірі Родосқа, енді біреулері Пергамға, қалғандары Афинаға қоныс аударады. Александрия кітапханасының басқарушысы болып сарай офицері тағайындалады да, ендігі кезекте Александрия өзінің ғылыми орталық ретіндегі орнын ұзаққа жоғалтады.

Тоқырау белгілері, әсіресе, көркем әдебиетте айқын көрініс табады. Эллиндік әдебиетте Каллимах дәуіріндегі ақындардан кейін ұзақ уақыт бойы көптің арасынан суырылып шыққан бірде-бір көрнекті ақын болмады. Жазушылар алдыңғы буын өкілдерінің біріне еліктеп, солардың шеберлігін дәлме-дәл беруге тырысып бақты. ІІІ ғасырдың екінші жартысындағы Александрияда еңбек еткен атақты астроном әрі географ болған Эратосфен мен өз қызметін Антиохияда атқарған сирек кездесетін көне сөздер мен мифологиялық мотивтерге бай эпиллиялар мен элегиялардың авторы Евфорион сияқты көрнекті екі ақынның да Каллимахқа еліктегенін байқауға болады. Осы дәуірге жататын көптеген эпиктер Родостық Аполлонийді өздеріне үлгі санап, соған еліктеген. Олардың арасынан VIII—VII ғғ. аңызға айналған мессендік жорықтарды суреттеген атақты Риан Критскийді (ІІІ ғасырдың екінші жартысы) мысалға келтіруге болады. Ал шағын идиллиялардың авторлары Мосх Сиракузский (ІІ ғасырдың ортасы) мен Бион Смирнский (ІІ ғасырдың аяғы) Феокритке еліктесе, Пергамада еңбек еткен Никандр Колофонский Аратаны үлгі тұтқан. Асклепиада, Леонида Тарентский мен Каллимахты үлгі тұтқан III—II ғғ. эпиграмматистердің шығапмашылығынан олардың жаңа үлгі құруға ұмтылмай, тек алдыңғы кезеңдегі шеберлердің ескі эпиграммаларын түрлендіріп отырғандарын аңғарамыз. Осы дәуірдің ірі эпиграмматисті ретінде Антипатр Сидонскийді атап өтуге болады.

«Жоғарғы» әдебиеттің құлдырауымен қатар «төменгі» әдебиеттің кең дамығандығын да атап көрсету өте маңызды. Бірақ, өкінішке орай, бұл әдебиет туралы мәліметтер жақсы сақталмаған. ІІІ ғ. аяғына қарай бұрынғы мимикалық сахналар мен ариялардан сол кезден бастап антикалық дәуірдің соңына дейін танымал болған үлкен сюжеттік қойылымдар («мимикалық ипотеза») пайда бола бастайды. ІІ ғ. Аристид Милетский «Милеттің оқиғалары» атты эротикалық фольклорды көркем түрде өңдейді. Шамамен ІІ ғ. махаббат тақырыбында жазылған романдар пайда болып, оның папирусқа жазылған алғашқы үзінділері («Нина туралы роман» деп аталатын) б.з.д. І ғ. - б.з. І ғ. шегіне сәйкес келеді. Бұл дәуірдегі көрнекті оқиға халықтық-философиялық ауызша діни уағыз жанры -«диатрибтердің» құрылуы болды. Бұл жанрдың негізін қалаушы кезбе киник Бион Борисфенский (ІІІ ғ. бірінші жартысы), ал оның шебері сириялық Гадардан шыққан Менипп (ІІІ ғ. ортасы) болды. Бұл монологқа айналған философиялық диалог үлгісінде жазылып, онда уағыздаушы өзінің сөзін өзі бөліп, өзіне-өзі сұрақ қояды, мифтерді түсіндіріп, ән салады. Осы бізге жетпеген «Менипптік сатиралардың» стилі кейінгі сатиралық әдебиетке, яғни Сенека, Дион, Хрисостом, Петроний, мен Лукианның шығармаларына өз әсерін тигізбей қоймады. Проза мен өлең кезектесіп келетін ерекше әдісті сириялық Мениптің шығыс әдебиетінің дәстүрінен алғанын атап өту керек.

ІІ ғ. Осы әдеби құлдырауындан кейін тарихшы Полибийдің дәрежесі біршама көтеріледі. Алайда, оның шығармашылығы Рим тарихына кірген жаңа саяси және мәдени күшпен тығыз байланысты болып, нақ Полибийдің шығармашылығынан кейін грек пен рим әдебиеттері ортақ арнаға қосылады.

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар

  1. Эллиндік әдебиеттің кезеңдерін атаңыз

  2. Эллиндік әдебиеттің көрнекті өкілдеріне тоқталыңыз

  3. Идиллия жанрының негізін салушы Феокрит жайлы айтыңыз

  4. Эллиндік дәуірдегі әдеби жанрлар жөнінде

  5. Эллиндік әдебиеттің тоқырауға ұшырау себептерін атаңыз