Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Древ лит.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
10.11.2019
Размер:
1.76 Mб
Скачать

8 Тақырып

Ежелгі Үнді әдебиеті /жалғасы/

Б.з.д. VI ғасырлардан кейін ежелгі үнді елі жөніндегі тарихи мағлұматтарын, саяси және әлеуметтік жағдайын әдеттегідей діни әнұран мен философиялық диалогтардан емес, буддистік және джайндік тарихи кітаптарынан аламыз. Б.з.д. VII ғ. таман буддалық дерек көздерінен солтүстік Индияда 16 монархиялық және тайпалық мемлекеттер өмір сүргенін және олардың бір-бірімен гегемония үшін соғыс жүргізгенінен хабардармыз. Олардың ішінде ең құдіреттісі Ганганың төменгі жағалауындағы Бенгалия жерінде орналасқан Магадха мемлекеті болған. Бимбисара (545-493), Адаташатру (493-491) және әсіресе Махападма Нанда (б.з.д IV ғ.) атты Магадха патшалары үнді территориясының батысы мен шығысына биліктері тараған. Ал Маурье әулеті кезінде Магадха мемлекеті (317-180) құдіретті империяға айналған. Маурье империясының үстемдігін кейде Алтын дәуір деп те атайды.

Елдің саяси және мәдени бағыттары алғашқы рет осы кезеде біріктірілді. Ауылшаруашылық, қолөнер мен сауда-саттық дамуы жоғарғы деңгейге жетті. Ирригациялық жүйелер, көпірлер салу, пайдалы қазбалар жұмысы бұрын сонды болмаған қарқынмен дамыды. Грек елшісі Мегасфен империя астанасы Паталипутра (қазіргі Патна) өте дамығандығын және ол 570 мұнаралы, 64 қақпалы сәулетті бекініспен қоршалғанын жазған. Керемет саяжайда орналасқан ағаштан салынған әдемілігіне көз тоярлық патша сарайына гректер қызыға қараған делінеді. Жоғары дамыған қала мәдениетін Маурье әулеті кезеңіндегі архитектуралық және буддалық тастан салынған ғибадатханалар мен мұнаралар, тас пен гипс мүсіндері секілді мәдени ескерткіштері куәландырады. Магадха мемлекеті сол секілді астрономия, математика және медицина салаларында үлкен жетістіктеріне жеткен.

Чандрагупт-Каутилье деген министрдің «Артхашастра» («Табыс көзі туралы ғылым») деп аталатын саясат пен экономика салаларына арналған ежелгі үнді трактаты, елдегі шенеуніктердің бюрократтық аппараты, қадағалаушы инспекторлар, көптеген тыңшылар, ауыл шаруашылығында-ғылардың адам айтқысыз ауыр салықтарының т.б. орталықтандырыған жүйесі болғандығын айтады. Бұл еңбекте сол секілді Үнді еліндегі қоғамдық топтардың нығайғандығы мен құлдардың мүлдем құқыларының болмауы, әсіресе 15 категорияға кіретіндерінің жағдайлары мүшкіл болғандығы туралы жазылған.

Магадха мемлекетінің құдіреттілігінің артқандығының өзі саяси және мәдени орталықтың Инда бассейнінен Ганганың төменгі ағысындағы жерлерге көшуімен сипатталады. Ал б.з.д VI ғ. Инда алқабын персиялықтар басып алған болатын. Міне, сол кезден бастап-ақ үнділік мәдениетте парсылықтар ықпалы білінеді. Әсіресе, маурье әулеті өнерінде парсы әсері жақсы көрінген. Б.з.д. 326 жылы парсы жерлерін аптап, Үнді еліне Александр Македонский басып кіреді. Қолбасшы жорығында Пенджабтағы кішігірім мемлекеттерді жойғанмен, ішкі Индияда орналасқан Магадкаға жорығынан бас тартты. Александрдың Үнді елін басып алу әрекетін 20 жылдан кейін оның ізбасары Селевк, алайда ол Чандрагупт Маурьеден жеңіліп қана қоймай, тіпті солтүстік-батыс және шығыс Иран жерлерінен айырылып қалды. Мұндай соғыстар кейін де жалғасып жатты.

Осындай қарқындылықпен I мыңжылдықтың екінші жартысында үнділіктер тарихында әлеуметтік өзгерістермен қатар оның рухани мәдениетінде маңызды оқиғалар болды. Ол екі мықты діни джайнизм мен буддизм ағымдарының пайда болуымен сипатталады. Джайнизм ағымын қалаушы – Вардхамана Махавира, ал буддизм негізін салушы - Гаутама Будда болып саналады.

Джайндар құдай барлығын теріске шығарып, монахтарға қатал әдеп ережелерін қойған еді; тірі жандарға қиындық тигізбеу, тек қана шындықты айту және т.б. Махавира секілді Гаутама Будда кшатрилердің арасында патша жанұясыеда дүниеге келген. 29 жасында ол қолындағы барын тастап, шындықты іздеуде ел аралап кеткен. 6 жыл өткеннен кейін кейбір деректер бойынша ол іздегенін тапқан дейді. Сонда Будда алғаш өзінің жан сырын ашқан екен.

Будда өз алдына жаңа дінді шығаруды мақсат етпеген. Ол өмірге деген жаңа жолды көрсеткісі келді, бұл жол адамдарды қиындықтардан босатады деп сенді. Ол «төрт асылды ақиқаттарды» үйретті: қиналу бар, қиналудың себептері де бар, қиналудың бітуі де бар және осылардан босатылатын таза жол бар деп айтқан екен.

Ежелгі және ең құнды буддалық әдебиеттің бөлігі ретінде қасиетті буддистік канондар саналады. Буддистік канонның толық болжамы пали тілінде сақталған. Басқа тілдегі нұсқаулары және диалектері, соның ішінде, санскрит тілінде тек фрагменттері ғана сақталған. Аңыздар бойынша Будданың өлімінен кейінгі Раджагрихтағы алғашқы жиналыста «қасиетті үш себеттің» екеуі құрастырылған делінеді.

Пали каноны Типитака (Үш себет) деген атпен белгілі, ол б.з.д I мыңжылдықта Цейлондағы Ваттагаман патшаның бұйрығы бойынша жазылған. Палилық бұл нұсқа буддалық канондардың біреуі саналады. Тхеравадин сектасына қатысты бұл нұсқасы басқалардан қарағанда толығырақ редакция болып есептеледі.

Пали Типитакасы үш: Виная–питаки (Өсиет пен уағыз себеті) буддалық қоғамдағы тәртіп ережелерімен байланысты, Сутта–питаки (Мәтіндер себеті) Буддалық ілімнің этикалық негіздерін құрайды және Абхидхамма–питаки (Данагөйлік себеті) осы ілімнің метафизикалық принциптерін түсіндіретін бөлімдерден тұрды.

Өз алдына жаңағы бөлімдер бірнеше тараулардан тұрады. «Виная–питаки» үш: «Сутта-вибханга», «Кхандхаки» және «Паривара» тараудан тұрса, «Абхидхамма–питаки» жеті тарау, ал «Сутта–питаки»: «Дигха-никая», «Маджджхима-никая», «Самъютта-никая», «Ангуттара-никая», «Кхуддака-никая» атты бес тарауға бөлінеді.

Ал әрбір тарау бірнеше пішіні мен мазмұны жағынан аяқталған кітаптан тұрады.

Типитака тек тарихи және діни ескерткіш емес, оның құрамындағы мәтіндер көркемділікпен жазылған, ол тек үнді әдебиетінің емес, бүкіл әлемдік әдебиеттің туындысы ретінде танылды. Типитакада өлеңдер мен прозалық хабарламалық мәтіндер лирикалық әнұрандар не диалогтармен, этикалық доктриналар аңыз-әпсана не афоризмдермен кезектесе, бір ойды бірнеше қайталаулармен уағыздайды.

Әлемдік танымалдыққа бірнеше басқа себептермен «Джатаки» кітабы ие болды.

Джатактар - Будданың алдыңғы уақыттағы туылулары жөніндегі әңгімелер жиынтығы. Үнділік метампсихоз (рухтардың ауысуы) ілімі бойынша Гаутама Будда болып жаратылмастан және нирвана жетпестен әр түрлі өсімдіктердің, жануарлардың, құдайлар мен адамдардың бейнесінде бірнеше рет болған. Пали канонындағы Джатактар жинағы 547 әңгімеден құралған. Әр джатака: кіріспе, қорытынды және прозаикалық әңгімелер болып 3-ке бөлінеді.

Кіріспе бөліміне Будданың өзінің жаратылуы жөнінде әңгімелері кіреді. Қорытындыда Будданы қоршаған тыңдаушылар туралы әңгімелер. Ал қалғандары прозаикалық әңгімелер болады. Олар көбінесе фольклордан алынған және өңделген халық мысалдары, ертегілері, фантастикалық аңыздар мен анекдоттарға ұқсайды.

Джатактар әрдайым буддизмге табынған халықтардың тілдеріне аударылып отырған. Ал буддистік моральге ие болмаған әңгімелер ондаған дидактикалық және парративтік әдебиет құрамына кірді. Джатактардың көп әңгімелері мазмұны жағынан Еуропада да белгілі болды. Көбіне Эзоп пен Бабрийдің, кейін Лафонтен және Крылов туындыларында, «Мың бір түннен» үзінділерінде белгілі болған.

Белгілі арыстан мен бұқа туралы джатак осыған мысал. Өйткені оларды бірін-бірі шиебөрі ұрыстырған кейін өлтіріп тынады (340 джатака); арыстан терсіне оранған есек, өзін даусы арқылы танытып қояды (189 джатака); көлдегі балықтарды бірінен кейін бірін жеп тұра берген тырнаны, шаян тұншықтырып өлтіргенш (38 джатака); қарға даусын өтірік мақтап, оның тамағын жеп алған шиебөрі /түлкі/ туралы (224 джатака); екі қазбен көкке самғап сайрай бастаған тасбақа туралы (215 джатака); Ағаш шеберінің өз ұлына маңдайындағы шыбынды қағып жіберуін өтінгенде, ақымақтығынан әкесін мерт қылғандығы (44 джатака) және т.б.

Әлемдік ертегі әдебиетіне құстар мен жануарлардың тілін түсінетін патша, өз құтқарушысына жала жапқан рақымсыз адамдар туралы және т.б. әңгімелер белгілі.

Неміс ғалымы Т. Бенфей теориясы бойынша әлем ертегілерінің отаны Үндістан жері, соның ішінде ертегі сюжеттерін құрастырушылар мен таратушылар буддистер деген. Джатактар құрамына кірген кейбір әңгімелер Үндістанға басқа елдерден келген. Алайда буддистік «Типитака» мен «Джатактар» кітаптары әлем әдебиеті мен фольклорында өзінің маңызын жоғалтпайды.

Джайндік заңдар немесе джайндік қасиетті мәтіндер бізге Типитакадан да кеш жеткен. Джайнизмнің негізін қалаған Вардхамана Махавира уағыздары пракрит /ардамагадхи/ тілінде жазылған.

Ең жақсы сақталған және танымал шветамбар («Ақ киімдігілер») каноны. Бұл - ең маңызды джайндік екі сектаның бірі. Шветамбар каноны «Агама» немесе «Сиддханта» (Қасиет ілім) аталады, ол V ғасырдың ортасында джайндік дәстүрдің кейбір мәтіндері ұмыт бола бастағанда Валабхи (Гуджарат) шіркеуінде өңделіп, басылып шығарылған. Канон 12 ангадан (бөлім), 12 унангадан (қосымша бөлім) және бірнеше мәтіндер тобынан тұрады. «Агаманың» лингвистикалық және тарихи сұрыпталуы нәтижесінде оның мәтіндері көне дәуірге жататыныны анық болды. Басқа бөлімдері бұдан кеш жазылған. Кейбіреулері дәуіріміздің бірінші ғасырларында, ал басқасы тіпті бесінші ғасырдан кейін пайда болған.

«Типитака» сияқты «Агама» діни қағидаларды, джайндардың этникалық ілімдерін, монахтардың тұрмысын үйретеді, джайндік психология мен метафизика элементтерін қамтиды. Сондай-ақ джайндік канонда проза өлеңдермен, баяндамалар диалогпен ауысып тұрады. Ал ілімнің негізгі тәсілдері аңыздармен, анекдоттармен суреттеледі. Джайндік ұстаздар мен құдайлар туралы кірме аңыздар шаблон арқылы кіргізілген: бірінші, оның қайда туылғандығы, қалай қуғындалғаны баяндалады. Осыдан кейін оның істеген жақсы істері туралы және аскеттілігі айтылады. Әдетте олар аштықтан, суықтан көз жұмады.

Джайндік канонның кітабы немесе кейбір бөлімдерінен, авторлардың көркемдік тіл байлықтары мен талаптары болғанын көруге болады. Олар белгілі көркемдік эффектпен дәл жеткізе білген. Мысалы, екінші анганың бөлігі өлеңмен жазылған, бесінші ангада джайндік канон мәтіндері, құрамындағы Кришна, Рама, Драупада және басқа да кейіпкерлер жөніндегі аңыздармен қызықты.

Бұл аңыздар классикалық ежелгі үнді эпостары «Махабхарата» мен «Рамаянадан» бастап үлкен атаққа ие болған.

Эпостың болмыс-бітіміне дидактикалық бөлімдерді кіргізе отырып, олар оның композициясының ерекшеліктерін көрегенділікпен пайдалана білді, эпосқа тән діни-философиялық принциптердің заманауи рухта оның эпикалық проблематикасымен қанықты, соның өзінде әңгіменің архаикалық колоритіне нұқсан келмеді. Сонымен қатар, үнді халық мәтелінің «Махабхаратада жоқ нәрсе Үндістанда жоқ» деген түйінімен келетін поэманың бүкіл энциклопедия-лылығына қарамастан, олар әкелген рухани ілім «Махабхаратаның» мазмұнын жаңа негізде қалайды, оның көркемдік бірлігін қамтамасыз етеді. Махабхарата немесе Ұлы Бхараты жайлы көлемді туынды. Ол 18 кітапқа бөліген жүз мың қос шумақты өлең жолдарынан тұрады. Махабхарата жеті, сегіз ғасырларда құрастырылған.

Махабхаратада, негізінен, билік үшін жүргізілген соғыс жайлы айтылады. Бұл соғыс екі кауравами және пандавами патшалық тектері арасында болған. Қанды соғысқа солтүстік Индияның мемлекеттері мен кейбір тайпалар қатысқан делінген бұл туындыда.

Эпикалық әншілерді сута, магадха, вандин, кушилав сөздерімен атаған. Сута сөзі «арбакеш» дегенді білдіреді.

Кейбір деректер бойынша Махабхарата бірден пайда болмаған. Туындының өзі үш редакциядан құрылған. Махабхарата кіріспесінде бұл туындыны және веда мен пурандарды Вьяс шығарған, кейіннен ол Вайшампане есімді оқушысына айтып берген делінеді. Ал Вайшампане бұл туындыны патша Джанамеджаидың құрбандық шалу кезінде оқыған дейді. Кейін «Махабхаратаны» Наймиш орманындағы аскеттерге ойшыл Уграшравас айтқан дейді. Осылайша бұл туынды бүкіл ежелгі үнді әдебиетінде таралған.

Үнді әйгілі классикалық эпосының екіншісі - «Рамаяна» («Раманың амалдары»). «Махабхаратамен» жақындығы көп болғанымен де, едәуір түрде басқаша қалыпта құрылған және оқырманды тіпті өзге әлемге алып кетеді. «Рамаяна» көлемінің аздығы бірден байқалады. Ол жеті кітапқа (канд) бөлінген, 24000 қос тармақты шумақ-шлоктардан тұрады. Сюжеті диалог немесе төл сөздің көмегімен, әйтпесе бір не бірнеше әңгімелердің қатысы арқылы мазмұндалмай, әдеттегі баяндау түрінде берілген. «Илиадаға» қарағанда «Одиссея» секілді «Махабхаратаға» қарағанда «Рамаяна» фольклорлық сарындағы ертегі элементтеріне толы, әңгімеде көп басты әзәзілдермен күрес, сиқырлы құбылыстар, әуедегі ғажайып ұшулар мен жауынгер-маймылдар туралы болады.

Назар аударарлық соңғы нәрсе – «Махабхаратаға» қарағанда «Рамаянаның» әңгімесінде руханилық жағы өзгеше келеді: жартылай жабайы қаһармандық ахуал нәзік сезімтал ахуалға өзгереді, атақ-даңққа деген құмарлық ұнамды бекзаттық пен адамгершілікке, тазалыққа ұмтылған, жоғары міндет пафосы махаббат пен сенімділік пафосына жол береді.

Алайда «Рамаянадағы» эпикалық түйін «Махабхаратадағыдай» айқындалады. Мұндағы оқиғалар да солтүстік үнді тайпаларының Үндістанның шығысы мен оңтүстігіне қарай қозғалысын бейнелей отырып, ежелгі заманға тереңдеп кіреді.

«Махабхаратадағыдай» «Рамаянаның» да композициялық негізі ұлы шайқас қаһарманның заңды құқығы мен намысына әділетсіз қастандық жасаудан басталды: Паристің Еленаны ұрлап әкеткеніндей қаһарманның әйелінің ұрлануы ұзақ жылдарға созылған және көптеген айбынды жауынгерлердің өліміне алып келген қанды соғыстың себепшісі болады.

«Рамаянаның» жалпы мазмұны төмендегідей болып келеді: Айодхья патшасы Дашаратханың Каушалья патшайымынан Рама, Кайкейядан Бхарата, үшінші әйелі Сумитрадан Шатругхна мен Лакшмана төрт ұлы болады. Патшаның үлкен ұлы Рама жастайынан-ақ сұлулығымен, ақылдылығымен батырлығымен өз інілерінен ерекшеленеді. Видеха (қазіргі Непал) деген ежелгі елдің ханшайымы Раманың сүйіктісі Сита да мейірімді әрі керемет сұлу еді. Рама патшалар мен ханзадалар сайысында жеңіске жетіп, Ситаға үйленеді. Себебі тек Рама ғана Ситаның әкесі Джанака патшасының сиқырлы садағын майыстыра алды.

Ұзақ жылдар бойы Рама мен Сита баршылықта баянды, бақытты ғұмыр кешті. Дашаратха патша уақыты келгенде, өз мұрагері етіп Раманы қалдыратынын салтанатты түрде жария еткісі келеді. Мұны білген Дашаратханың екінші әйелі Кайкейя патшаның бір кезде айтқан «кез келген екі тілегіңді орындаймын» деген уәдесін есіне салып, сол тілектерінің орындалуын талап етті: біріншісі - 14 жылға Раманы патшалықтан қуу, екіншісі - мұрагері етіп ұлы Бхаратаны тағайындау. Дашаратха қанша қайғырғанымен, Рама әкесін уәдесінен таймауға көндіріп, өзі қуғындалушы болып орманға қарай кетеді. Оның соңынан өз еріктерімен Сита және сенімді інісі Лакшмана ілеседі.

Көп ұзамай Дашаратха патша ұлымен айырылғанына шыдамай, дүние салады. Таққа Бхарата отыру керек еді. Алайда мейірбан ханзада патшалықты билеуге оның емес, ағасы Рама құқылы деп есептеп, бауырының патшалыққа оралуға көндірейін деп орманға жөнеледі. Достары мен туысқандары Рамаға Бхаратаның ұсынысын қабылдауға кеңес береді.

Бірақ Рама әке аруағын сыйлап, оның уәдесін өмірінің соңына дейін орындауға тілек білдіреді.

Бхарата Айодхьяға жалғыз оралуға мәжбүр болады, дегенмен өзін толық құқылы патша деп есептемегендіктен, соның белгісі ретінде таққа Раманың аяқ киімін апарып қояды екен.

Бұл уақытта Рама мен Лакшмана орманда өмір сүріп жатты. Орман дуаналарының тыныштығын сақтап, олар ормандағы көптеген құбыжықтардың көзін жойды. Бірде Лакшмана Ситаның өміріне қастандық жасаған әйел-ракшас Шурпанакханың мұрны мен құлағын кесіп алады. Ланка аралының (сірә, Цейлонның бұрынғы атауы болса керек, қазіргі Шри-Ланка) керемет күшті қожасы болды. Шурпанакха өзінің бауырына барып айтып береді. Оның бауыры Ланка аралының құдыреттісі, онбасты әзәзіл Раван еді. Сонда Равана Ситаны Рамадан алып қашуды ойластырады. Әзәзіл Маричи көмегімен ол Ситаны алып қашып Ланка аралына әкеледі. Ланкада ол Ситаны өзінің байлығы мен билігі арқылы азғырып, менің әйелім болсаң осының барлығы сенікі болады деп уәде етеді. Бірақ Сита тек Рамаға сенімді болады. Сонда Равана ашуланып оны қамауға алады, егер он екі айдан кейін сөзіңе құлақ асып, оған күйеуге шықпаса, өлімге жауаптайтынын айтады.

Бұл уақытта Рама мен Лакшмана Ситаны іздеумен жолға шыққан еді. Іздеу кезінде Рама маймылдардың құдайы Сугриваға патшалығын қайтарып алуға көмектеседі. Сонда Сугрива оған да көмектесуге уәде береді. Сөйтіп жолға енді үшеуі аттанады. Сугрива министрлерінің ішіндегі ең мықтысы Хануманға Раваның Ситаны қайда алып кеткенін табуды тапсырады .

Хануман теңіз арқылы бірақ секіріп Ланка аралына жетеді. Көптеген іздеулерден кейін ол Ситаның қайда екенін біледі. Ситаның қамалына келіп онымен сөйлесуге де мүмкіншілік табады. Сөйтіп қайтар жолында көптеген қиын оқиғаларды басынан кешіріп, Рама мен өзінің қожайына жетеді. Маймылдардың патшасы теңіз арқылы өтетін көпір салдырып Раманы Ланка аралына жібереді. Сонда бірнеше күнге созылған ұрыс басталады. Рамамен бірге Лакшмана, Хануман, Сугриваның бауыры Ангада, маймылдар мен аюлар болса, Раваның жағында әзәзілдер мен ракшалар және Раваның сиқыршылық мықтылылығымен танылған ұлы Индраджит болады. Бірақ ұрыс нәтижесінде Раваның ұлы Лакшмананың қолынан қайтыс болады. Осы кезде Равана пайда болып Рамамен жеке алыспаққа шығады. Рама Равана бір басын кескен кезде оның орнына келесі бір бас пайда болып жатады. Осы кезде Рама Брахма құдайының сыйлаған қылышын Раваның жүрегіне кіргізіп оны өлтіреді. Рама Ситамен кездеседі.

Бірақ Рама әскерлерінің көзінше Ситаны итермелеп, оған сенімсіздік танытады. Сүйген жарының қылығына қорланған Сита отқа секіреді, бірақ от күйдірмейді, осы кезде От құдайы Агни пайда болып Рамаға әйелінің пәктілігі мен тазалығын айтады. Ситаның адалдығына бір сәт күмәнданған емеспін, бірақ әскерлерімнің көздерін жеткізгім келді, - деп жауап қатады Рама.

Достасқаннан кейін Рама мен Сита Айодхьюға оралып, патшалықтағы билікті өз қолдарына алғанмен, Бұл екеуінің қиыншылықтары әлі алдыда болатын. Патшалық халқы Ситаның іс-әрекеті басқаларға жұғатын жаман әдет ретінде көрінді. Сонда рама әйелін қайтадан Вальмики деген аскеттің қарауына жібереді. Онда раманың екі ұлы – Куша мен Лава дүниеге келеді. Олар өскенде Вальмики Рама жайлы өзі құрастырған поэмасын үйретеді. Бірде ол патша құлағына жетіп, ол сүйген жары Сита мен балаларын патшалыққа алғызады. Сонда Вальмики оның әйелінің адалдығын айтқанмен, патша халық алдында көрсетуін талап етеді. Сонда Сити Жер-Ананы жалбарынады, Жер халық алдында қақ айырылып Сита жер қойнауына түседі. Сөйтіп Рама мен Сита тек о дүниеде мәңгі бірге бола алады.

Осылайша Рамаяна туындысының бір бөлімі аяқталады. Рамаяны сюжетіне Махабхаратадағы секілді түрлі мифтер, аңыздар, сабақ болатын әңгімелер көркемділікпен кіргізілген. Мысалы бізге алдыңғы эпостан таныс Вишвамитра туралы аңыз, Шунахшеп туралы аңыз, Кумар құдайының дүниеге келуі жөніндегі мифтер, Ганга өзеңінің аспаннан түсуі, Индраның Вритраны өлтіруі және т.б.

Осы туындылар мен жанрлардың барлығы әлемдік әдебиеттің дамуында негіз болды десек қателеспейміз. Бұл ескерткіштер үнді әдебиетінің көркем шығарма мен көркем туындыларының пайда болуына жол ашты .

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар

  1. Джайнизм мен буддизм ағымдарының пайда болуын сипатта және олардың негізін салушылар жөнінде айтыңыз

  2. Буддалық «Типитака» және ол қанша бөлімдерден тұратынын анықтаңыз

  3. Джайндік қасиетті мәтіндер – шветамбар каноны «Агама»

  4. Джатактар жайын сипаттаңыз

  5. «Махабхаратаны» мазмұндаңыз

  6. «Рамаянаны» мазмұндаңыз