Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
заа жаартулар.doc
Скачиваний:
5
Добавлен:
15.02.2015
Размер:
432.13 Кб
Скачать

Қазақстанда қылмыстық-жазалау әрекетінің екі буынды жүйесі енгізіледі - И. Меркель

 

/«ҚазАқпарат». 14.01.2014. Қанат Мәметқазыұлы./ - Қазақстанда қылмыс пен қылмыстық әрекеттерден тұратын қылмыстық-жазалау әрекетінің екі буынды жүйесі енгізілмек.

Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысында Бас прокурор орынбасары Иоган Меркель мәлім етті. Еске салсақ, отырыста Қылмыстық кодекс жобасының жаңа редакциясы талқыланған болатын.

И. Меркельдің айтуынша, заң жобасының тұжырымдамасы арқылы айқындалған мақсаты бойынша жаңа қылмыстық-құқықтық институттар құру қарастырылады. «Бұдан бөлек, қылмыстық-құқықтық қорғаудың қолданыстағы тетіктері жаңғыртылады. Бұл негізінен бұрын белгісіз болып келген қатерлердің туындауынан орын алып отырған құбылыс. Жалпы алғанда, бұл шаралар тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз етуге қатысты туындап отыр», - дейді И. Меркель.

Оның сөзіне қарағанда, Қылмыстық кодекс жобасының аса маңызды жаңалықтарының бірі қылмыстық-жазалау әрекеттерінде екі буынды жүйені енгізу болып табылады. Оның өзі қылмыстық істер мен қылмыстық әрекеттерден тұрады. «Бұл ретте қылмыстық әрекеттерге жеке тұлғалардың құқын бұзатын, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселелер, кәмелетке толмағандардың құқының қорғалуы, сонымен қатар, аса ауыр емес қылмыстар қамтылып отыр», - дейді Бас прокурордың орынбасары.

 

 

Қылмыстық кодекс жобасында 171 қылмыстық әрекеттерге жеңіл жазалар тағайындалып отыр

 

/«ҚазАқпарат». 14.01.2014. Қанат Мәметқазыұлы./ - Қылмыстық кодекс жобасының жаңа редакциясында 171 қылмыстық әрекет бойынша жеңілдетілген жазалар тағайындалып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.

Еске салсақ, отырыста Қылмыстық кодекс жобасының жаңа редакциясы талқыланған болатын. Бас прокурор орынбасарының айтуынша, жалпы кодекс жобасымен 171 қылмыстық әрекет қарастырылып отыр. Оның 58-і Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің құрамынан ауыстырылса, 9-ы жаңа нормалар, 104-і ауыр емес қылмыс құрамынан алынып отыр. «Бұндай бағыттағы қылмыстық әрекеттерге қатысты институттың тиімділігі әлемдік тәжірибеде бар», - дейді Бас прокурор орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы қылмыстық әрекеттерге негізінен деңгейі жағынан қоғамдық қауіпсіздік пен әкімшілік құқық бұзушылық қылмыстар арасындағы құқық бұзушылықтар жатады. «Қылмыстық әрекеттерге жеңіл жазалардың кең шоғыры қарастырылады. Бұнда ең бірінші кезекте қоғамдық түзеу жұмыстарын тағайындау да көзделіп отыр», - дейді И. Меркель.

 

 

Кісі өліміне соқтырмаған орташа ауыр және ауыр емес қылмыстардың бәрі айыппұлмен шектеледі - Кодекс жобасы

 

/«ҚазАқпарат». 14.01.2014. Қанат Мәметқазыұлы./ - Кісі өліміне соқтырмаған орташа ауыр және ауыр емес қылмыстардың бәріне айыппұл салынады.

Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.     Еске салсақ, отырыста Қылмыстық кодекс жобасының жаңа редакциясы талқыланған болатын.

«Қолданыстағы Қылмыстық кодекспен салыстырсақ, жаңа жобада негізінен жазалау жүйесі қайта қарастырылды және бас бостандығынан айырудың балама шараларын кеңінен енгізу қамтылып отыр. Атап айтқанда, айыппұл салу кісі өліміне соқтырмаған орташа ауыр және орташа қылмыстардың барлығына көзделетін болады. Бұдан басқа, балама жаза ретіндегі айыппұл салу қосымша 162 санкцияға енгізілді. Ал оның үлесі 50 пайызға жетсе, айыппұлдар мөлшері орташа алғанда 57 пайызға арттырылды», - дейді И.Меркель.

Бұдан бөлек, кодекс жобасымен айыппұл санкциясына жақындатылған балама жаза түрі ретінде еңбекпен түзеу жұмыстарына ұстау тәртібі өзгертілген. Ал айыппұл төлеу мен еңбекпен түзеу жазаларынан жалтарғандарға бостандығын шектеу шаралары қолданылатыны да қарастырылып отыр. «Осындай нормалардың өзі балама жазалардың нақты орындалуына өз септігін тигізетіні болжанады», - дейді Бас прокурор орынбасары.

 

 

Бостандығын шектеу ауыр қылмыстарға ішінара ғана қарастырылуы мүмкін - И. Меркель

 

/«ҚазАқпарат». 14.01.2014. Қанат Мәметқазыұлы./ - Қазақстанда бостандығын шектеуге қатысты қылмыстық жаза ауыр қылмыстарға ішінара ғана қарастырылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің кеңейтілген отырысында Қылмыстық кодекс жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, кодекс жобасында қылмыстық жазаның жаңа түрлері - тұтқынға алу мен шетелдікті немесе азаматтығы жоқ тұлғаны Қазақстаннан шығару түріндегі жазалар енгізілген. «Әскери салаларға қатысты әскери қызметте шектеу және гаупвахтада ұстау түріндегі жазалар алынып тасталды. Соған орай, әскери қызметтегілерге бейбіт уақытта азаматтық тұлғалармен теңдей қылмыстық жазалар қолданылуы тиіс. Бұдан бөлек, бас бостандығын шектеу түріндегі жаза аса ауыр емес және орташа қылмыстың барлық түрлеріне, сонымен қатар ауыр қылмыстарға ішінара қолданылуы ұсынылады», - дейді И. Меркель.

Оның айтуынша, жаңа редакцияда бостандықтан айыру жазалары жобадағы 920 санкцияның 393-іне ғана қалдырылатын болады. Бас бостандығынан айыру қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстарға, кісі өліміне қатысты қылмыстарға, аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде террористік, сыбайлас жемқорлық, соғыс уақытында жасалған әскери қылмыстарға сақталатын болады.

 

 

Халықаралық іздеу жарияланған адамның ғана мүлкі сот үкімінсіз тәркіленеді - Прокуратура

 

/«BNews.kz». 14.01.2014. Айымгүл Әбілева./ - Халықаралық іздеу жарияланған адамдардың ғана мүлкі сот үкімінсіз тәркіленетін болады. Бүгін Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы талқыланған Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель осылай деп мәлімдеді.

«БҰҰ-ның Жемқорлыққа қарсы конвенциясының 54 бабында сот үкімінсіз мүлікті тәркілеу қарастырылған. Біз оны сол күйінде алдық, және оны қолдану шектелетін болады. Бұл институт бізде кеңінен пайдаланылмайды», - деді И.Меркель.

Оның сөзіне қарағанда, бұл норма халықаралық іздеуге жарияланған адамға қатысты ғана қолданылатын болады.

«Біз қажетті өзгертуді енгіздік және жұмыс тобының жетекшісімен бұл мәселені пысықтап жатырмыз. Ол тек халықаралық іздеуге жарияланған адамдарға қатысты ғана қолданылатын болады», - деп отыр Бас прокурордың бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, бұл жазаны 2018 жылдың бірінші қаңтарынан енгізу ұсынылып отыр.

«Бұл норма қажет, өйткені кейбір мемлекеттер жазаға тартылған қазақстандықтарды беруден бас тартады. Біз оны тапқан күннің өзінде, Еуропаның кейбір елдерінде ол адамды ешқашан қайтармайды. Мысалы, Англияда солай», - деп толықтырды Меркель.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы 29 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралады деп жоспарланып отыр.

 

 

Қылмыстық кодекстен өлім жазасын алып тастау ұсынылған

 

/«BNews.kz». 14.01.2014. Айымгүл Әбілева./ - Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы 29 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. Бүгін Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы талқыланды.

Мәжіліс депутат Нұрлан Әбдіров атап өткендей, қолданыстағы Қылмыстық кодекс қабылданғалы 16 жылдан асты. Тиісінше осы уақытта болған барлық өзгерістер қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы жобасының әзірленуіне ықпал етті.

«Отырыстарда түрлі мәселелер талқыланып жатыр, ғалымдар, сарапшылар, барлық дерлік мүдделі мемлекеттік органдар қатысуда. Алуан түрлі мәселелер қаралып жатқанын атап өткім келеді. Мәселен, кәмелеттік жасқа толмағандар мен балалардың іс-әрекетіне қатысты жауапкершілікті одан әрі қатаңдату бойынша нақты ұсыныстар жасалып жатыр. Өлім жазасын алып тастау, не болмаса оны қолдануды азайту мәселесі көтерілуде. Журналистер қауымы жала жабу сипатындағы ақпарат немесе шындыққа сәйкес келмейтін дерек үшін жауапкершілікке тартпауды ұсынды. Яғни, түрлі мазмұндағы мәселелер мен ұсыныстар көп», - деді депутат.

 

 

Қазақстан парламентшілері гомосексуализм үшін қылмыстық жаза белгілеуді ұсынып отыр

 

/«Gazeta.kz». 14.01.2014./ - Кейбір парламентшілер Қазақстанда гомосексуализм үшін қылмыстық жаза белгілеуді ұсынып отыр.

"Депутаттар жыныстық қарым-қатынастар саласында бұл мәселеге қатаңдау қарау керектігін алға тартып отыр", деді мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы талқыланған заң және сот-құқықтық реформасы жөніндегі палата комитетінің отырысында сөйлеген кезінде.

Бұл құжатты талқылау барысында әр түрлі мәселелер талқыланды, деді ол. Бұл мәселе бойынша пікірталас жалғастырғысы келгендер болған жоқ.

 

 

Орташа ауыр және ауыр емес қылмыс жасағандар енді айыппұлмен құтылады

 

/«Nur.kz». 14.01.2014./ - Кісі өліміне соқтырмаған орташа ауыр және ауыр емес қылмыстардың бәріне айыппұл салынады.

Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель мәлім етті. Еске салсақ, отырыста Қылмыстық кодекс жобасының жаңа редакциясы талқыланған болатын.

"Қолданыстағы Қылмыстық кодекспен салыстырсақ, жаңа жобада негізінен жазалау жүйесі қайта қарастырылды және бас бостандығынан айырудың балама шараларын кеңінен енгізу қамтылып отыр. Атап айтқанда, айыппұл салу кісі өліміне соқтырмаған орташа ауыр және орташа қылмыстардың барлығына көзделетін болады. Бұдан басқа, балама жаза ретіндегі айыппұл салу қосымша 162 санкцияға енгізілді. Ал оның үлесі 50 пайызға жетсе, айыппұлдар мөлшері орташа алғанда 57 пайызға арттырылды", - дейді И.Меркель.

Бұдан бөлек, кодекс жобасымен айыппұл санкциясына жақындатылған балама жаза түрі ретінде еңбекпен түзеу жұмыстарына ұстау тәртібі өзгертілген. Ал айыппұл төлеу мен еңбекпен түзеу жазаларынан жалтарғандарға бостандығын шектеу шаралары қолданылатыны да қарастырылып отыр.

"Осындай нормалардың өзі балама жазалардың нақты орындалуына өз септігін тигізетіні болжанады", - дейді Бас прокурор орынбасары.

 

 

104 Бап өзгертіледі

 

/«Айқын». 14.01.2014. Елдос Сенбай./ - Қазақстанда кейбір қылмыстар «теріс қылыққа» ауыстырылады. Кеше Мәжілісте Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп, Парламент қарауына енгізілген Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын талқыға салды.

Бұл жаңа құжат бойынша Қазақстанда қылмыстық жазаланатын істердің екі буынды жүйесі енгізілетін болады. Яғни қылмыстар енді «қылмыс» пен «теріс қылыққа» бөлінеді. Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, Қазақстанның жаңа Қылмыстық кодексінің жобасы 467 баптан тұрады (салыстыру үшін: 1998 жылдан бері қолданыстағы ҚК-де – 422 бап).

И.Меркель жобада барлығы 171 «қылмыстық теріс қылық» көзделіп отырғанын жеткізді. Оның ішінде 58 қылмыс құрамы Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінен алынған, 9-ы – жаңа. Бұған қоса, қазіргі 104 «онша ауыр емес қылмыс құрамы» енді «теріс қылық» деп өзгертілмек. Сонымен бірге бірінші рет сүрінгендер үшін, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал тобы, бірінші кезекте, жасөспірімдер, әйелдер, зейнеткерлер мен мүгедектер үшін жауапкершілік барынша жеңілдетіледі.

Бұған керісінше, кейбір қылмыстар салмағы ауырлайды. Жаңа кодекстің жобасында балалар мен жасөспірімдерге қатысты кез келген қол-сұғушылық «ерекше қатаң жазаланатын» болып белгіленуде.

Коррупциялық қылмыстармен күресті күшейту мақсатында жазаның қосымша «міндетті түрлері» енгізіледі. Оның қатарында атақтарынан, шендерінен, рангілерінен және мемлекеттік марапаттарынан айыру бар. Сондай-ақ жемқор адамдарға мемлекеттік қызметке тұруға өмір бақи тыйым салынады.

Дәл осындай өмірбойғы тыйым салу кәмелетке жасы толмағандарға қатысты сексуалды сипаттағы қылмыс жасағандарға, яғни педофилдерге қатысты да міндетті түрде қолданылады: олар балалармен жұмыс жасаумен байланысты қызметтерге алынбауға тиісті.

Кодекстің басқа жаңалықтары да бар, онда бұған дейін Денсаулық кодексіне енген жаңа ережелер ескеріледі, осыған сәйкес, адамды клондағандар қылмыстық жазаланады. Киберқылмыстар үшін, соның ішінде компьютерлік ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізгені, оны заңсыз қармап алғаны, өзгерткені және жойғаны, сондай-ақ қоғамдық қауіп тудыратын бағдарламаларды не деструктивті материалдары таратқаны үшін белгіленетін жауапкершілікте бөлек тараумен бөлінген. Компьютерлік жүйелер арқылы қорлау немесе жала жабу сипатындағы ақпаратты таратқаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.

Мемлекет басшысының еңбек жанжалдарына арандатушыларды жазалау қажеттігі туралы тапсырмасы да орындалды. Жобада мұндай норма көзделіп отыр (400-бап, 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру). Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық кезеңдерінде адамның өмірі мен денсаулығы үшін құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы саладағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

 

 

ЖАҢА ЗАҢДА ЖАҢАЛЫҚ БАР

 

/«Айқын». 14.01.2014. Еркін Қалдан./ - Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің жаңа редакциясы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды.

Мәжілісте Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашевтің жетекшілігінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің жаңа редакциясы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бас прокуратура барлық мүдделі мемлекеттік органдардың белсене атсалысуымен Құқықтық саясаттың 2010–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының ережелерін, сондай-ақ халықаралық стандарттар мен принциптерді ескере отырып, Қылмыстық кодекстің жаңа редакциядағы жобасын әзірлеген болатын. Сол құжатты Бас прокурордың бірінші орынбасары Иван Меркель комитет мүшелеріне таныстырды.

Жобадағы едәуір жаңалықтардың қатарында – жеке басқа, кәмелетке толмағандардың құқына, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар, сондай-ақ қазіргі кезде бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылмайтын онша ауыр емес қылмыстар енген. Жобада барлығы 171 қылмыстық теріс әрекет көзделеді, оның ішінде 58 қылмыс құрамы ӘҚБтК-ден алынды, 9-ы – жаңа және 104-і қолданыстағы онша ауыр емес қылмыс құрамы.

Кодекстің жобасында балалар мен жасөспірімдерге кез келген қол сұғушылық ерекше қатаң жазаланатын болып жазылған. Сонымен бірге бірінші рет сүрінген, халықтың әлеуметтік осал тобы үшін, бірінші кезекте, жасөспірімдер, әйелдер, зейнеткерлер мен мүгедектер үшін заң жауапкершілікті барынша жеңілдетеді. Осы арқылы Президенттің «Қазақстан–2050 стратегиясы» Жолдауында қойған ана мен балаға қарсы қылмыс үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі тапсырмасы іске асырылады.

Денсаулық туралы кодекстің ережелерін ескере отырып, адамды клондағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Киберқылмыстар үшін, соның ішінде компьютерлік ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізгені, оны заңсыз қармап алғаны, өзгерткені және жойғаны, сондай-ақ қоғамдық қауіп тудыратын бағдарламаларды не деструктивті материалдарды таратқаны үшін белгіленетін жауапкершілік те бөлек тараумен бөлінген. Компьютерлік жүйелер арқылы қорлау немесе жала жабу сипатындағы ақпаратты таратқаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.

Мемлекет басшысының еңбек жанжалдарына арандатушыларды жазалау қажеттігі туралы тапсырмасы да орындалды. Жобада мұндай норма көзделіп отыр (400-бап, 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру). Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық кезеңдерінде адамның өмірі мен денсаулығы үшін құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы саладағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қолданыстағы Қылмыстық кодекспен салыстырғанда жобада бас бостандығынан айырудың баламалы шараларын кеңінен қолдануға баса назар аудара отырып, жазалау жүйесі түбегейлі түрде қайта пысықталды. Бас бостандығынан айыруды баламасыз қолдану азайтылып (45%-дан 42% құрамға дейін), 920 санкцияның ішінен тек 393 санкцияда қалдырылды. Бұдан басқа, залалды өз еркімен өтеген жағдайда экономикалық қылмыстарды (рейдерлікті қоспағанда) жасағаны үшін бас бостандығынан айыруды тағайындауға тыйым салу енгізілді.

Бас бостандығын шектеу сияқты мұндай жаза түрін қолдану саласы онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстардың барлығына, сондай-ақ ауыр қылмыстардың бөлігіне қолданылады. Қылмысты жасағаны үшін санкцияларда негізгі жаза ретінде айыппұл белгіленді. Оны қолдану саласы адам өліміне байланысты емес онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстардың барлығында дерлік кеңейтілді.

«Түрме адамдарының» санын қысқарту мақсатында ҚК жобасымен шартты-мерзімінен бұрын босату институты толығымен қайта пысықталды. Оларға халықтың осал тобындағылар үшін (жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, зейнеткерлер, жас баласын жалғыз өсіріп отырған ер адамдар) шартты-мерзімінен бұрын босатудың өте жеңіл жағдайлары көзделді.

Бұдан басқа, жобада соттардың тек қана жазалау шарасы ретінде ғана емес, сондай-ақ белгілі бір қатаң жағдайларда – қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары ретінде мүлікті тәркілеуді тағайындау мүмкіндігі туралы қағидаттық ереже көзделген. Бұл БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының соттың шешімі бойынша, бірақ үкім шығарылғанға дейін мүлікті тәркілеу туралы 54-бабын іске асыруға байланысты. Ол сезікті, айыпталушы қылмыстық ізге түсу органдарынан жасырынған кезде не оның тұрған жері басқа да себептермен анықталмағанда, ол Қазақстан Республикасынан тыс жерде болғанда не оған қатысты қылмыстық ізге түсу рақымшылық жасау актісіне, талап қою мерзімінің өтуіне, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты тоқтатылғанда қолданылатын болады.

 

 

Мәжілісмендер Қылмыстық кодекске енгізуге ұсынылған өзгерістерді талқылады

 

/«24.kz». 14.01.2014. Назерке Әбдірахманқызы, Өмірбек Ізімов./ - Адам өліміне себеп болмаған жеңіл және орташа ауыр деңгейдегі қылмыстардың орнына айыппұл салу жазасы қолданылады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында Қылмыстық кодекс туралы заңға енгізілетін өзгерістерді талқылау барысында Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель мәлімдеді. Оның айтуынша, заңда 170-тен астам қылмыстық әрекетке жеңіл жаза тағайындау қарастырылып отыр. Еліміздегі Қылмыстық кодекс туралы заң күшіне енгеніне 16 жылдан асты. Содан бері заңға енгізілген аздаған өзгерістер Қылмыстық кодекстің жаңартылуына әкеп соқты. Сондықтан бүгінгі отырыстың салмағы ауыр. Талқыланып отырған түйткілдер де күрделі. Мәселен, бұрындары әкімшілік жаза ретінде бекітілген 58 қылмыстың құрамы енді Қылмыстық кодекстің қатарына енгізілмек.

Рамазан Сәрпеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Егер Қылмыстық кодекстегі кейбір жеңіл қылмыс түрлері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңға енгізілсе, ол – түсінікті жайт. Ал әкімшілік жаза түрін Қылмыстық кодекске енгізу күмән тудырады. 

Иоган Меркель, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:

- Әкімшілік кодекстен алып Қылмыстық кодекстің қатарына енгізілген баптар қолданыстағы Қылмыстық кодексте де бар. Мәселен, жол апаты болған жағдайда қолданылатын 296 кодекстің бірінші тармағын біз бұрындары әкімшілік жазалау түріне жатқызатынбыз. Егер Қылмыстық кодекс аясында іс қозғалса, онда заң бұзушының құқығы Әкімшілік кодекстен жақсырақ қорғалатын болады. Ең бастысы, осындай заңбұзушылық жасаған азаматтың қылмысы дәлелденіп, жауапқа тартылған күннің өзінде де сотталмайды.

Ал заңды белшенісінен басқан көлік жүргізушілеріне енді қатаң жаза түрлері тағайындалмақ. Жаңа заң жобасында 10 жылға дейін көлік айдау құқынан айыру қарастырылып отыр. Егер есірткі қабылдап немесе мас күйінде көлік жүргізіп, адам өліміне себепкер болса, тараптардың келісімге келуіне тыйым салынады. 

Иоган Меркель, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:

- Жалпы заң жобасында 171 қылмыстық әрекет қарастырылып отыр. Оның 58-і Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің құрамынан ауыстырылса, 9-ы – жаңа нормалар, 104-і ауыр емес қылмыс құрамынан алынып отыр.

Сонымен қатар заң жобасында кәмелеттік жасқа толмағандарға тағылатын жазаны күшейту, өлім жазасын алып тастап немесе оның қолданысын азайту, сотқа дейін азаматтардың жеке мүлкін тәркілеу туралы ұсыныстар да қарастырылып жатыр.

Оңалсын Жұмабеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Сотқа дейін жеке мүлкін тәркілеу жазасы қай елде қолданып жатыр? Біз осыған дейін жеке мүлікіне шектеу қойып, күдіктіні қамауға алатын едік қой. Бұл шара өзін-өзі ақтамай ма? Мұндай маңызды заң актілерін қабылдау бюджеттен қосымша шығынды талап етеді. Сондықтан мұндай өзгерістер бюджетке қатты сезілмейтіндей жолдарын қарастыру керек. Сіз салынатын айыппұл түрлерін көбейту арқылы бюджеттен кеткен шығынның орнын толтырамыз деп отырсыз. Бұл тиімсіз.

Мамандар бұл ұсыныстардың барлығын саралап, жүйеленген заң жобасын 29 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысының қарауына жібереді.

 

 

Палата бюросы: Мәжілістің жалпы отырысында қарауға ұсынылған мәселелер

 

/«ҚазАқпарат». 14.01.2014. Жасұлан Жолдыбаев./ - Палата бюросы ертең, 15 қаңтарда Мәжілісінің жалпы отырысында қаралатын мәселелерді бекітті.

Ертең Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасы талқыланады. Бұл заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев баяндама жасайды деп қарастырылуда.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөніндегі мәселені Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев көтереді.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева болса, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде және «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу туралы баяндамамен сөз сөйлейді.

Тағы бір талқыға түсетін мәселе, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде болмақ. Оның баяндамашысы - Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин сөз сөйлемек.

Отырыс барысында қаралатын «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев ұсынады.

Және соңғы тақырып - «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің жеңілдікті шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасы. Оны Мәжіліс депутаттары алдында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов таныстырмақ.

 

 

Ғаламтордағы құмар ойындарына тыйым салу қажет

 

/«Baq.kz». 14.01.2014./ - Ғаламтор желісіндегі құмар ойындарына заң жүзінде тыйым салу керек.

Сонымен қатар букмекерлік кеңселерге де салықты 2 есеге көтеріп, 150 айлық есептік көрсеткішке жеткізген жөн. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі тарапынан осындай ұсыныс айтылды. Мамандардың айтуынша, әрбір бесінші қазақстандық құмар ойындардың құлына айналуда. Бұл олқылықты түзеу үшін заң жобасына тиісті өзгерістер енгізіп, оны өрескел бұзғандарды әкімшілік жазаға тарту керек. Әлібек Аханов, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі департамент директорының орынбасары: - Заң жобасы ойын бизнесі саласын жетілдіруге бағытталған. Азаматтық іс жүргізу кодексіне, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне және ойын бизнесі туралы заңына өзгерістер енгізу көзделген. Бүгінде интернет казино көптеп пайда болуда, оларға заң бойынша тыйым салынады.

 

 

Ғаламтордағы құмар ойындарына тыйым салу қажет

 

/«24.kz». 14.01.2014./ - Ғаламтор желісіндегі құмар ойындарына заң жүзінде тыйым салу керек.

Сонымен қатар букмекерлік кеңселерге де салықты 2 есеге көтеріп, 150 айлық есептік көрсеткішке жеткізген жөн.  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі тарапынан осындай ұсыныс айтылды. Мамандардың айтуынша, әрбір бесінші қазақстандық құмар ойындардың құлына айналуда. Бұл олқылықты түзеу үшін заң жобасына тиісті өзгерістер енгізіп, оны өрескел бұзғандарды әкімшілік жазаға тарту керек.

Әлібек Аханов, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі департамент директорының орынбасары:

- Заң жобасы ойын бизнесі саласын жетілдіруге бағытталған. Азаматтық іс жүргізу кодексіне, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне және ойын бизнесі туралы заңына өзгерістер енгізу көзделген. Бүгінде интернет казино көптеп пайда болуда, оларға заң бойынша тыйым салынады.

 

 

ҚЫЛМЫС – «ТЕРІС ҚЫЛЫҚ ПА»?

 

/«Түркістан». 15.01.2014. Ақниет Оспанбай./ - Мәжілісте Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп, Парламент қарауына енгізілген Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын талқыға салды.

Елімізде қалтасы қалың азаматтарымыз кез келген қылмыстан оп-оңай сытылып кетуші еді. Әсіресе адамды қағып өлтірген құқық қорғау қызметкерлері, лауазымды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілікті ақтайтын дәлелдері көп болушы енді. Енді қылмыстық жазадан құтылу үшін «теріс қылыққа» жатқыза салса болғаны ғой?

Бұл жаңа құжат бойынша Қазақстанда қылмыстық жазаланатын істердің екі буынды жүйесі енгізілетін болады. Яғни қылмыстар енді «қылмыс» пен «теріс қылыққа» бөлінеді. Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, Қазақстанның жаңа Қылмыстық кодексінің жобасы 467 баптан тұрады . 1998 жылдан бері қолданыстағы ҚК-те – 422 бап бар екен.

«Қолданыстағы Қылмыстық кодекспен салыстырсақ, жаңа жобада негізінен жазалау жүйесі қайта қарастырылды және бас бостандығынан айырудың балама шараларын кеңінен енгізу қамтылып отыр. Атап айтқанда, айыппұл салу кісі өліміне соқтырмаған орташа ауыр және орташа қылмыстардың барлығына көзделетін болады. Бұдан басқа, балама жаза ретіндегі айыппұл салу қосымша 162 санкцияға енгізілді. Ал оның үлесі 50 пайызға жетсе, айыппұлдар мөлшері орташа алғанда 57 пайызға арттырылды», - дейді И.Меркель.

Қылмыстық кодекс жобасында 171 қылмыстық әрекетке жеңіл жазалар тағайындалып отыр. Қылмыскерлер санын кеміте алмай отырғанда қылмыс жасасаң да, қиындық етпейді дегенді насихаттап отырған жоқпыз ба? Апта басында Мәжілісте ІІМ Қ.Қасымов бір қылмыскерді ұстап отыруға күніне 16 мың теңге жұмсалатынын айтқан еді.  Сонда қылмыскерлердің санын азайту үшін осыдан басқа жол жоқ па? Бірақ заң жобасын ұсынушылар бұл тәжірибенің шетелде бар екенін алға тартуда.

Жақында БМВ автокөлігімен бірден 6 адамды қаққан Мақсат Үсеновтің тергеуі аяқталды. ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің мәлімдеуінше, Мақсат Үсенов әлі де қамауда. Оның ісіне қатысты тергеу аяқталып, ісі сотқа жіберілді. Оған бірден екі айып тағылып отыр: «Жол жүру ережесін бұзуы нәтижесінде адам өліміне әкелді» және «Жол көлік апаты орнын тастап кеткені үшін» сотқа тартылмақ. Оқиға орнында көз жұмған Мұрат Қарабалиннің туыстары Мақсат Үсеновтің отбасы күнде кешірім беруін өтініп жүргенін айтқан. 1 желтоқсанда орын алған оқиғадан соң Үсенов 1 сағаттан кейін ұсталды, сондай-ақ оның лауазымды тұлғаның баласы екені анықталған. Олай болса кісі өліміне апарған оқиғаны жұмсақтап, жай ғана «теріс қылыққа» жатқызбаса болғаны...

 

 

«Нұр Отан» ШОБ дамытуды қолдауға арналған бірқатар құжаттарды әзірледі

 

/«Ortcom.kz». 15.01.2014./ - Бүгін Астанада өткен ОКҚ брифингінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының Кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі кураторы Айгүл Соловьева кәсіпкерлікті дамыту сегментіндегі жағдайды бақылауға арналған индикаторлар туралы баяндады.

«Партияның мемлекеттік органдардың қызметін және бизнесті дамыту өлшемдерін бағалауына мүмкіндік беретін өте маңызды құжаттар әзірленді», - деді А. Соловьева.

«Партия өзінің сайлауалды платформасында дәл осы мәселе (ШОБ дамытуға) бойынша нақты міндеттер алды. Партияда кураторлық институты құрылды. Бұл бірнеше бағытты қарастыратын жаңа институт. Сайлауалды платформада берілген партияның барлық уәделерін біз индикаторлар жүйесі арқылы бағалайтын боламыз. Атап айтқанда, ШОБ дамыту үшін біз осындай индикаторлардың 3 деңгейін белгіледік. Олардың біреуі жаһандық сипатқа ие – бұл әлемдік қауымдастықта және ұлттық деңгейде қабылданған өлшем – ІЖӨ құрылымында ШОБ үлесінің қандай болатындығы. Бұл индикатор бизнес өзінің лайықты орнын алуы үшін біздің оған қандай жағдай жасағанымыздың көрсеткіші болмақ. Себебі, өздеріңіз білесіздер, 2050-Стратегиясында Мемлекет басшысы нақты мақсаттарды айқындап берген болатын», - деген ол: «Екінші, бұл ағымдағы сипаттағы индикаторлар, олар біздің елімізде қазір қолданылып жүрген бағдарламаларды түзетіп, оларға ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді», - деп жалғады өз сөзін.

«Үшінші индикатор – бұл кіріктірілген индикатор. Ол арқылы бизнестің қаншалықты белсенді дамуда екенін түсінуге болады», - деп аяқтады сөзін депутат.

Қазақстандағы түрмеде отырған тұтқындар саны қанша?

 

                /«Gazeta.kz». 13.01.2014./ - Қазақстан тұтқындарының саны жоғары елдер қатарынан шығу үшін нқты шараларды қолға алуы тиіс.

                Бұл туралы еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

                «Қазіргі таңда еліміз сотталып, түрмеге тоғытылған азаматтарының саны жағынан 35-ші орында тұр. Колонияларда отырғандар саны қазір 49 мыңға жуықтады (...)

                Біз аталған көрсеткіш бойынша көшбасшылар тізімінен шығуымыз керек», - деді министр дүйсенбі күні мәжілісте өткен «үкімет сағатында».

                Жағдайды қылмыстық-атқару жүйесінің пробациялық қызметін дамыту арқылы біршама түзетуге болады деген үміт бар, деді министр.

                «Біз сотталғандарды электронды білезіктер арқылы бақылай аламыз. Ақша берілуі тиіс. Содан соң әр ауданда тұтқындарды бақылауға мүмкіндік беретін аппаратуралар құрамыз», - деп түсіндірді ол.

                Министрдің айтуынша, бүгінде еліміз бойынша 7 мыңнан астам сотталған азамат пробациялық бақылауға алынған. «Жаңа Қылмыстық кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін, сотталғандардың тағы 3-4 категориясын пробациялық бақылауға енгізуге мүмкіндік тумақ. Сонда пробациялық қызмет арқылы бақыланатындар саны 50 адамға жуықтайды» дейді ол.

                Осы орайда сала басшысы бас бостандығынан айырылған әр азаматты күтуге жыл сайын бюджеттен 651 мың теңге, ал бір тұтқынды тергеу изоляторында ұстау үшін 950 мың теңге бөлінетінін алға тартты.

                Оның үстіне, «қазір колонияларда жұмысқа жарамды азаматтардың жартысы ғана еңбек етеді».

                «Әрине, бұл аз. Қазір біз түзеу мекемелерінде 10 шақты тауар түрін шығарамыз. Атап айтсақ, жиһаз, құрылысы материалдары, тоқыма бұйымдары жасалады, бұл болмашы ғана нәрсе», - деді Қ.Қасымов.

                Сонымен қатар ол Қазақстанда мемлекет пен жеке меншік әріптестігі негізінде түрмелер салу көзделіп отырғанын тілге тиек етті.

                «Тендерді ұтып алып, колония салған адам өз өндірісін сол жерге ала келеді. Қазір бірде бір адам өз бизнесін түрмеге өткізгісі келмейді. Өйткені, түрменің бәрі ескірген, тозығы жеткен», - деді Қ.Қасымов.

 

 

1) Салық дегенiмiз не?

Салық -- ол өкiлеттi орган ретiнде мемлекет белгiлеген бiржақты тəртiппен жəне

құқықтық үлгiде мiндеттi төлемге жататын немесе мемлекет кiрiсiне белгiлi мөлшерде

жүргiзiлетiн, қайтарымсыз, баламасыз жəне тұрақты сипаттағы таза төлем.

2) ҚР салықтың қандай түрлерi бар

· Корпорациялық табыс салығы. (КТС)

· Жеке табыс салығы. (ЖТС)

· Қосылған құн салығы. (ҚҚС)

· Акциздер.

· Экспортталатын шикi мұнайға, газ конденсантына рент салығы.

· Салықтар жəне жер қойнауын пайдаланушыларға арнайы төлемдер.

· Əлеуметтiк салық.

· Жер салығы.

· Көлiк құралдары салығы.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]