Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

3 дрісті таырыбы мен тезистері (КЮ, КЮСП)

.docx
Скачиваний:
7
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
37.84 Кб
Скачать

4 тақырып. Прокуратураның құқықтық актілері

1. Прокурорлық қадағалау актілерінің жүйесі мен классификациясы.

2. Прокурорлық қадағалау актілері.

3. Прокуратураны ұйымдастыру және оның қызмет мәселелерін реттейтін актілер.

1. Прокуратураның құқықтық актілерінің жүйесі мен түрлері туралы «Прокуратура туралы» Заңның 3-тарауында айқындалған.

Заңның 18-бабына сәйкес прокуратураның құқықтық актілерінiң жүйесiн:

1) прокурорлық қадағалау актілері: наразылық, қаулы, ұйғарым, өтiнiш, санкция, нұсқау, ұсыныс, үндеу, алдын ала ескерту, заңға түсiндiрме;

2) Прокуратураны ұйымдастыру және оның қызмет мәселелерiн реттейтiн актiлер: бұйрықтар, нұсқаулар, өкiмдер, ережелер, нұсқаулықтар құрайды.

Актілердің бірінші түрімен прокурор заңдылық бұзушылықтарға елеуді немесе заңмен көзделген әрекеттерін жузеге асырады.

Прокурорлық қадағалаудың барлық актілері, соның ішінде алқалық органдарға жолданған актілер нақты персонификацияланған немесе жекеленген болуы керек.

Прокурорлық қадағалау актілерінде прокурор құқық бұзушылықтың мәнін, оның теріс нәтижелерін және оның жасалуының себептері мен жағдайларын баяндайды. Прокурор құқық бұзушылықтың өзін, оның себептері мен жағдайларын жою, кінәлі тұлғалардың жауапкершілігі туралы мәселелерді қою керек.

Әдетте, прокурорлық қадағалау актілері үш бөліктен тұрады: кіріспе, суреттеме, қорытынды бөліктері.

Кіріспе бөлігінде актінің мезгілі, тіркеу номері, адрес иесі, актінің енгізілу мәселесі, актінің аты баяндалады.

Суреттеме бөлігінде проурормен анықталған нормативтік және басқа құқықтық актілерінің бұзушылықтары баяндалады.

Қорытынды бөлігінде прокурордың лауазымды тұлғаның заңсыз шешімнің немесе әрекеттің күшін жою немесе тоқтату туралы, заң бұзушылықтарды анықтауға және бұзылған құқықты қалпына келтіру шараларын қабылдау туралы талаптары немесе ұсынымдары, сондай-ақ заңмен көзделген қадағалау актісін қарау немесе орындау міндеті, оның қаралу немесе орындалу мерзімін, қаралу немесе орындалу нәтижелерін хабарлау міндеті түсіндіріледі.

Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын қамтамасыз ету шараларына нормативтік құқықтық актіні Конституция мен заңға сәйкес келтіру және заңсыз нормативтік құқықтық актінің қолданылуын белгіленген тәртіппен тоқтату кіреді.

Нормативтік құқықтық актілердің қолданылуын келесі прокурорлық қадағалау актілері тоқтата алады: 1) наразылық; 2) қаулы.

Аталмыш актілер осындай талап қойылған кезде міндетті түрде жариялануы тиіс.

2. "Прокуратура туралы" Заңының осы тарауының кейінгі баптарында әрбір қадағалау актілерінің сипаттамасы мен мағынасы айқындалған.

Наразылық.

Прокурорлық қадағалаудың бұл актісі туралы Конституцияның 83-бабында айтылған. Осы бапқа сәйкес прокуратура кез келген құқықтық шешімдерге наразылық жасауға құқылы. Осы конституциялық норманы жүзеге асыру тәртібі "Прокуратура туралы" ҚР Заңының 19-бабымен көзделген.

Атап айтқанда, прокурор Конституцияға, заңдарға және Республика Президентінің актілеріне қайшы келетiн нормативтiк және өзге де құқықтық актiлерге, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне наразылық жасайды.

Яғни прокурордың наразылығы - ол мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе лауазымды тұлғаның құқықтық актісіне келтірілген осы актіні бұзу немесе заңға сәйкес келтіру туралы нақты деректермен дәлелденген прокурорлық қадағалау актісі.

Наразылық: 1) заңсыз актіні, шешімді қабылдаған органға; 2) немесе лауазымды тұлғаға; 3) немесе жоғары тұрған органға не жоғары тұрған лауазымды тұлғаға, - келтіріледі.

Сонымен қатар, органның немесе лауазымды тұлғаның заңсыз iс-әрекеттерiне наразылық нақ осындай тәртiппен жасалады. Наразылықтың нақты қайда жолданатынын прокурордың өзі шешеді. Бірақ барлық жағдайда прокурордың шешімі тиімділік және мақсаттылық талаптарында негізделу керек.

Наразылықта прокурор заңсыз актiнiң күшiн жоюды не оны Конституцияға және заңдарға сәйкес келтiрудi, сондай-ақ лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеттерiн тоқтатуды және бұзылған құқықты қалпына келтiрудi талап етедi.

Прокурордың наразылығын тиiстi орган немесе лауазымды тұлға күнтізбелік он күн ішінде қарауға тиiс. Дегенмен наразылық бойынша шешім дайындау және қабылдау қажеттілігіне байланысты прокурор оны қараудың өзге де мерзімін белгілеуге құқылы, бірақ бұл кемінде күнтізбелік он күн болуға тиіс.

Прокурор наразылық келтіретін құқықтық актілердің қатарына сот актілері де жатады. Олардың жолдану және сотта қаралу тәртібі мен мерзiмi Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерінде айқындалады. Наразылықтың бұл түрі туралы прокурордың сотта мемлекет мүддесін білдіру жөніндегі құзыретін талдау кезінде айтылады.

Мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға наразылықтың қаралатын күнi туралы прокурорға хабарлауға мiндеттi.

Прокурор наразылық жасалған актiнiң не iс-әрекеттiң орындалуын наразылық бойынша шешiм қабылданғанға дейiн тоқтата тұруға хақылы.

Бұл талап заңдарға наразылық келтірілген жағдайларға таралмайды, сондықтан наразылық олардың қолданылуын тоқтатпайды.

Өзінің мағынасына сәйкес наразылық келесі элементтерден тұрады:

– наразылық келтірілген органның аты, оның заңды мекенжайы, керек кезде лауазымды тұлғасының аты-жөні және наразылықтың келтіру мезгілі;

– қадағалау актісінің аты, наразылық білдірілген нақты құқықтық акт, оның номері және қабылдау мезгілі;

– наразылы болып тұрған құқықтық актінің жалпы мінездемесі;

– құқықтық актінің Конституция және басқа заңнамаға қайшы келетін баптары, тармақтары, олардың бөліктері;

– наразылы болып тұрған құқықтық актімен бұзылған Конституцияның және басқа заңнаманың нақты нормалары;

– тиісті лауазымды тұлғаға немесе органға құқықтық актіні Конституцияға және басқа заңнамаға сәйкес келтіру туралы, осы наразылықты орындау мерзімі және оны орындау туралы мәліметті жолдау міндеті туралы ұсыныс;

– прокурордың қолы.

Конституцияға сәйкес прокурор заңдарға да наразылық келтіре алады. Алайда мұндай наразылық келтірудің заңнамалық тетігі әлі де дамымаған. Сондықтан қазіргі жағдайда прокурордың бұл өкілеттігін жүзеге асыруға құқықтық мүмкіндік жоқ деуге де болады.

Егер актіні заңсыз деп тану туралы наразылық қанағаттандырусыз қалдырылса, прокурор арызбен сотқа жүгіне алады. Арыз наразылық қанағаттандырусыз қалдыруы немесе оның заңмен көзделген қаралу мерзімнің өткені туралы білген сәттен бастап он бес күн мерзім ішінде сотқа беріледі. Осындай арыздың берілуі құқықтық актінің әрекеті тоқтатылуына әкеліп соғады.

Қаулы.

Егер де заңның бұзылуы лауазымды тұлғамен немесе азаматпен жасалынатын болса, онда прокурор заңның бұзылу сипатына қарай қылмыстық іс бойынша, тәртіптік іс жүргізуді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығарады.

Прокурордың қаулылары туралы "Прокуратура туралы" ҚР Заңының 20-бабында айтылған.

Сонымен қатар, прокурор заңның қолданылуына тексерiс жүргiзу туралы, алуды, тексермені жүргізу туралы, тыйым салу туралы, тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды жою немесе алып тастау туралы, заңсыз құқықтық актiнiң күшін тоқтату туралы, прокурордың талабын мәжбүрлеп орындату туралы, жеткізу (күштеп әкелу) туралы, сондай-ақ заңда көзделген басқа да реттерде қаулы шығарады.

Қаулының нысаны - жазбаша. Қаулыда оның шығарылу мезгілі мен орны, прокурордың аты-жөні, лауазымы (сыныптық шені), прокурордың шешім қабылдауна негіз болған нақты деректер және шешімнің өзі (қылмыстық іс қозғау, тәртіптік іс жүргізу қозғау және т.б.), қай жерге, кімге орындалу үшін жолданатыны көрсетіледі. Қажет болған жағдайда қаулыға прокуратураның мөрі басылады.

Қаулы қылмыстық іс жүргізу, әкімшілік құқық бұзушылык туралы немесе тағы басқа заңдардың, Бас Прокурордың тиісті бұйрықтары мен нұсқауларының талаптарына сәйкес, прокуратураның басшысымен немесе оның тапсырмасы бойынша орынбасарымен шығарылады.

Қаулы үш бөліктен тұрады: кіріспе, суреттеме-дәлелдеуші және қаулы қабылдаушы.

Прокурордың қаулысын уәкiлеттi орган немесе лауазымды тұлға заңмен белгiленген мерзiмде, ал мұндай мерзiм болмаған жағдайда, прокурор белгiлеген мерзiмде мiндеттi түрде орындауға тиiс. Қаулының орындалу нәтижелерi туралы прокурорға дереу хабарланады. Прокурордың қаулысын белгiленген мерзiмдерiнде орындамау Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.

Санкция.

Санкция құқықта бірнеше мағынаны білдіреді. Осы қаралап жатқан аспекттен санкция - жоғары инстанциямен бір нәрсені бекіту, рұқсат беру.

Санкциямен прокурор қылмыс қудалау және басқа органмен қабылданған шешімнің заңдылығын растайды.

Прокурордың санкциясы туралы «Прокуратура туралы» ҚР Заңының 21-бабында айтылған.

Аталмыш норма бірнеше рет өзгертілген. Соңғы өзгертулер 04.07.2014 Заңмен енгізілген, бірақ бұл өзгертулер 2015 жылдан бастап қолданысқа енгізілетінін атап өту керек.

Осы кездегі қолданыстағы нормаға сәйкес прокурор жазбаша түрде:

1) қылмыстық iс жүргiзу заңдарында көзделген жағдайларда тiнтуге және (немесе) алуға;

2) айып тағылған адамды қызметтен шеттетуге, сезiк келтiрiлген немесе айып тағылған адамды сараптама жүргiзу үшiн медициналық мекемеге орналастыруға;

3) Конституциямен және заңмен қорғалатын хат жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарлары мен почта жөнелтiмдерi құпиясына, сондай-ақ тұрғын үйге қол сұғылмау құқығына қатысты жедел-iздестiру шаралары мен тергеу әрекетiн жүргiзуге;

4) шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жіберу үшiн ұстауға;

5) бейне-, аудиотехниканы немесе өзге де арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, сөздердi жасырын тыңдау мен жазып алуға, телефондар және басқа да сөйлесу құрылғылары арқылы жүргiзiлетiн сөйлесулерді тыңдау мен жазып алуға;

6) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лауазымды адамдарын қоспағанда) банк құпиясын құрайтын құжаттарға қол жеткiзуіне;

7) Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған және тергеуден жасырынып жүрген адамға қатысты халықаралық iздестiру жариялауға;

8) тiкелей заңмен көзделген өзге жағдайларда санкция (келісім) бередi.

Келесі жылдан бастап қолданатын нормаға сәйкес прокурор:

      1) қылмыстық iс жүргiзу заңдарында көзделген жағдайларда тiнтуге және (немесе) алуға;

2) азаматтардың Конституциямен және заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін қозғайтын жедел-iздестiру іс-шаралары мен тергеу әрекетiн, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерін жүргiзуге;

      3) шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жіберу үшiн ұстауға;

4) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лауазымды адамдарын қоспағанда) банк құпиясын құрайтын құжаттарға қол жеткiзуіне;

5) тiкелей заңмен көзделген өзге жағдайларда санкция (келiсiм) бередi.

Басқа сөзбен айтқанда, прокурор санкциялайтын (санкция беретін) әрекеттер тізімі недәуір қысқартылған. Мысалы, прокурор бұрынғыдай айып тағылған адамды қызметтен шеттетуге, сезiк келтiрiлген немесе айып тағылған адамды сараптама жүргiзу үшiн медициналық мекемеге орналастыруға санкция бермейді. Бұл әрекет соттың құзыретіне кіретін болды.

     Адамның және азаматтың бостандық құқықтарын шектеуi мүмкiн жедел-iздестiру және өзге қызмет мәселелерi жөнiндегi ведомстволық нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданылуына келiсiм бередi.

Мемлекеттік органдарға ішінде банк құпиясы бар құжаттарға қол жеткізуді санкциялау кезінде прокурор келесіні басшылыққа алу керек.

"Банктар және банктік қызмет туралы" ҚР Заңының 50-бабына сәйкес банк құпиясына банк депозиторлары, клиенттерi мен корреспонденттерi банк шоттарының бар-жоғы, олардың иелерi мен нөмiрлерi туралы, сол шоттар мен банкiнiң өз шоттарындағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы, банк операциялары туралы (банк операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттарынан басқа), сондай-ақ банкiнiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан клиенттер мүлiктерiнiң бар-жоғы, олардың иелерi, сипаты мен құны туралы мәлiметтер кiредi. Таратылу процесіндегі банк берген кредиттер туралы мәліметтер банк құпиясына жатпайды.

Банктерге жолданған заңды тұлғалардың банктік есепшоттары мен номерлері, жеке кәсіпкерлердің ағымдағы есепшоттары, олардың қалдықтары және ақшалардың жылжуы туралы сұраныстарды санкциялау: алдын ала тергеу және анықтау органдарына - олардың өндірісіндегі қылмыстық істерді зерделеуден соң; кеден бақылау органадарына - сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырушы жеке не заңды тұлғаның қызметін тексеріс тағайындау туралы ұйғарым ұсынған соң; салық органдарына - салық төлеушіні тексеруді тағайындау туралы заңда белгіленген тәртіппен шығарылған ұйғарым бар болған жағдайда; атқарушылық іс жүргізу органдарына - атқарушылық іс жүргізуді зерделеген соң, - жүзеге асырылады.

Аталмыш әрекеттерге санкция бермес бұрын прокурор санкция сұрауға негiз болған материалдарды зерделейді, содан кейін ғана лауазымды тұлғаның қаулысына бұрыштама және қол қою арқылы жиырма төрт сағаттың iшiнде ресiмдейдi.

Нұсқау

Нұсқауды сипаттайтын "Прокуратура туралы" Заңның 22-бабы жоғарыда көрсетілген 04.07.2014 Заңмен жаңа редакцияда берілген. Оған сәйкес прокурор:

      1) қылмыстық iстердi тергеп-тексеруге байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына;

      2) жедел-iздестiру қызметiн және жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдарға;

  3) заңнамада белгiленген өзге де жағдайларда нұсқау бередi.

Прокурормен нұсқау беру - іс жүргізу (процессуалдық) әрекет болып табылады.

Прокурордың нұсқауы анықтық, нақтылық және айқындық сияқты талаптарыңа сай болуы керек. Мысалы, көзбе-көз беттестіру өткізуді ұсына отырып, прокурор оны кім арасында және тергеудің қай сәтінде өткізу керек екенін, қандай сұрақтар анықтау керек екенін көрсетуі тиіс.

Тергеушіге немесе анықтаушыға нұсқауды прокурор, оның орынбасары немесе өкілеттігіне сәйкес көмекшісі де бере алады.

Прокурордың нұсқауын шағым жасау оның орындалуын тоқтатпайды.

Прокурор нақты қылмыстық істер мен материалдар бойынша нұсқау беру құқықығымен қатар нормативтік нұсқауларды да бере алады. Ол туралы осы баптың 2-тармағында көрсетілген. Атап айтқанда, Республика Бас Прокурорының жедел-iздестiру қызметi, жасырын тергеу әрекеттері және сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәселелерi жөнiндегi нормативтiк сипаттағы нұсқауы барлық тергеу және анықтау органдарының, жедел iздестiру қызметiн және жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдардың орындауы үшін мiндеттi.

Өтініш

Прокурордың өтініші туралы «Прокуратура туралы» ҚР Заңының 23-бабында айтылған.

Прокурор заңға сәйкес бұзылған құқықтарды қалпына келтiру және мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiн қорғау үшiн сотқа талаптық өтiнiш жасауға хақылы.

Прокурорлық қадағалау актілері қабылданбаған немесе олар заңда белгiленген мерзiмде қаралмаған жағдайларда прокурор органдар мен лауазымды тұлғалардың iс-әрекеттерi мен актілерін жарамсыз деп тану туралы, сондай-ақ заңды бұзушылықты болдырмау туралы сотқа өтiнiш беруге құқылы. Прокурор наразылық келтiрiлген актiнiң күшiн арызды сот қарағанға дейiн өз қаулысымен тоқтата тұруға құқылы. Бұл туралы наразылық жасау актісін зерделеген кезде айтылды.

Сотқа берiлген прокурорлық қадағалау актілерінiң қабылданбауына немесе қараусыз қалдырылуына байланысты өтiнiштi сот заңда белгiленген тәртiппен қарайды.

Прокурордың өтiнiшiне мемлекеттік баж бен өзге де алымдар салынбайды.

Прокурордың сотқа өтініш жасау негіздері, тәртібі мен мерзімі туралы, сондай-ақ оларды сотпен қарау мерзімі мен тәртібі Азаматтық іс жүргізу кодексінің нормаларымен реттеледі.

Бұл тұрғыда міндетті түрде аталмыш кодекстің 55-бабын атап өту қажет. Осы баптың 3 бөлігіне сәйкес прокурор азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық немесе мемлекеттiк мүдделердi қорғау туралы талап қойып, арыз берiп сотқа жүгiнуге құқылы. Әлеуметтiк саладағы шектелмеген адамдар тобының еңбек, тұрғын үй және өзге де құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы, сондай-ақ әрекетке қабiлетсiз азаматтың мүдделерiн қорғау үшiн прокурор мүдделi адамның өтiнiшiне және арызына қарамастан талап қоюы мүмкiн.

Талап қойған прокурор, бiтiмгершiлiк келiсiм және дауды медиация тәртiбiмен реттеу туралы келiсiм жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық iс жүргiзу құқықтарын пайдаланады, сондай-ақ барлық iс жүргiзу мiндеттерiн мойнына алады.

Бірақ бұл құқықтың жүзеге асу шектері бар. Атап айтқанда, осы баптың 4-бөлігіне сай, егер талап қоюшы прокурор мәлiмдеген талапты қолдамаса, егер үшiншi тұлғалардың құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделерi қозғалмаса, онда сот талап қоюды (арызды) қараусыз қалдырады.

Сол АІЖК-нің 29-тарауында прокурордың органдар мен лауазымды тұлғалардың актілері мен іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы жүгіну тәртібі айқындалған.

Кодекстің    286-бабына сәйкес заңға сәйкес келмейтiн нормативтiк құқықтық актiге және (немесе) жеке қолданылатын құқықтық актiге, сондай-ақ мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның iс-әрекетiне прокурордың наразылығын заңсыз акт шығарған немесе заңсыз iс-әрекет жасаған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамаған жағдайда, прокурор наразылық келтiрiлген актiнi немесе iс-әрекеттi заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгiнедi. Сотқа арыз наразылықты қарау нәтижелерi туралы хабарлама алынған кезден бастап он күн мерзiмде немесе оны қараудың заңда белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн берiледi.

Прокурордың сотқа жүгiнуi наразылық келтiрiлген актiнiң күшiн сот қарағанға дейiн тоқтата тұрады.

Кодекстің 288-бабына сай сот прокурор арызының негiздi екендiгiн анықтай отырып, өтiнiштi қанағаттандыру және нормативтiк құқықтық актiнi, жеке қолданылатын құқықтық актiнi немесе iс-әрекеттi заңсыз деп тану туралы шешiм шығарады.

Сотқа өтініш жасау прокурорлық қадағалау актілерінің ең күрделі түрлері болып табылады, өйткені өтініштің негізіділігіне құқықтық бағаны сот береді. Ал заң күшіне енген сот актісі барлық органдар мен лауазымды тұлғалар үшін, оның ішінде прокурор үшін міндетті болып табылады.

Прокурордың сотқа қатысуы және оның өтінішінің сотта қаралуы туралы келесі дәрістерде айтылады.

Ұйғарым

"Прокуратура туралы" Заңның 24-бабына сай заңды бұзушылықты жою туралы жазбаша ұйғарымды прокурор енгiзедi және оны заңды бұзуға жол берген органға немесе лауазымды тұлғаға, не жiберiлген заң бұзушылықты жоюға өкiлеттi органға немесе лауазымды тұлғаға жiбередi.

Ұйғарымның құқықтық күші өте зор, өйткені ол прокурор белгiлеген мерзiмде мiндеттi түрде орындалуға тиiс, және ұйғарымның орындалуы туралы прокурорға дереу хабарланады. Прокурордың ұйғарымын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.

Сондықтан ұйғарым еркеше жағдайда ғана енгізіледі. Олар аталмыш нормада көрсетілген:

- егер заңды бұзу ашық сипатта болса,

- адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi зиян келтiруi мүмкiн болса,

- ол дереу жойылмайтын болған жағдайда.

Бұл жерде айта кететін жайт: ұйғарымды нормативтiк құқықтық актiлерге енгiзуге болмайды.

Ұйғарымда прокурор Конституцияның, заңдар мен Республика Президентi актілерінiң бұзылған нормалары көрсетiп, құқық бұзушылықтың сипаты мен заң бұзушылықты жою жөніндегі шаралар туралы нақты ұсыныстар беруге тиiс.

Прокурордың ұйғарымына жоғары тұрған прокурорға не сотқа шағым берiлуi мүмкiн. Ұйғарымға шағымның берiлуi оның орындалуын тоқтата тұрмайды. Бірақ жоғары тұрған прокурор немесе сот шағым бойынша шешiм қабылданғанға дейiн ұйғарымның орындалуын тоқтата тұра алады.

Ұсыныс

Прокурордың ұсынысы ол мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды тұлғаларының әрекеттері (әрекетсізіді) немесе заңсыз шешім қабылдауының нәтижесінде пайда болған заң бұзушылықтарға прокурорлық елеу құжаты.

Заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс жол берілген бұзушылықтады жоюға өкілетті органға немесе лауазымды тұлғаға келтіріледі және кідіріссіз қаралуға жатады.

Ұсыныс жазбаша түрде шығарылады және өзінің мазмұны бойынша келесі элементтерден турады:

– ұсыныс жолданған және анықталған заң бұзушылықты жоюға өкілетті лауазымды тұлғаның аты-жөні, ұйымның заңды мекенжайы, ұсыныстың шығарылу мезгілі;

– құжаттың аты, бұзушылықтар анықталған қоғамдық қатынастар саласы (мысалы, Балалардың денсаулығын қорғау туралы заңнаманың бұзушылықтарын жою туралы ұсыныс);

– прокурорлық тексеру жүргізілген ұйымның толық аты; анықталған заң бұзушылықтарды, олардың теріс нәтижелері, осы нәтижелерге әкеләп соққан себептер мен жағдайларды сипаттау; жауаптты тұлғаларды көрсету, бұзылған заңдарды түсіндіру, оларды жою туралы ұсыныстар. Сонымен қатар, прокурор бұзушылықтарды жасаған және оларға әкеліп соқтырған тұлғалардың құқықтық жауапкершілікке тартылуын талап етеді, сондай-ақ істің деректі жағдайларға негізделген тиісті уәждер;

– прокурордың заңнаманы бұзушылықтарды жою, Конституция мен заңнамалық актілермен кепілденген қоғамдық қатынастарды қамтамасыз ету және ұсыныстың қаралу нәтижелерін бір ай мерзімде хабарлау туралы талаптары;

– прокурордың қолы.

Прокурор өзінің ұсынысында заң бұзушылықтарды жою туралы талаптардан басқа талаптар да қоюы мүмкін.

"Прокуратура туралы" Заңының 25-бабына сәйкес прокурор өз құзыретi шегiнде келесі ұсыныстар енгізеді:

1) заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы;

2) қылмыс жасауға және басқа да құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы;

3) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қол сұғылмаушылық құқығы бар тұлғаларды одан айыру мәселелерi бойынша;

4) заңда белгiленген өзге жағдайларда.

Ұсынысты лауазымды тұлға немесе орган заңдылықтың бұзылуын, сондай-ақ оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша шараларды мiндеттi түрде қабылдай отырып, прокурор белгілеген мерзімдерде, бірақ күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей қарауға тиiс.

Прокурор ұсынысты қарау кезінде қатысуға құқылы. Мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға ұсыныс қаралатын күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей ұсынысты қарау орны мен уақыты туралы прокурорға хабарлауға тиіс.

Ұсынысты қараудың нәтижелерi және қолданылған шаралар туралы ұсыныс қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде прокуратураға хабарланады.

  Алдын ала ескерту

Алдын ала ескерту "Прокуратура туралы" Заңына 2010 жылғы 29 желтоқсандағы Заңмен енгізілген. Бұл қадағалау актісінің мәні - оның заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталғаны. Басқаша айтқанда, бұл акті құқықты қасақана емес бұзушыларға қатысты жазалау шараларын қолдану үнемділігіне бағытталған.

Құқық бұзушылықтарды алдын алу үшін және заңға қайшы іс-әрекеттер жасалатыны туралы мәлімет болған жағдайда прокурор тиісті тұлғаларға жазбаша түрде алдын ала ескерту жолдайды.

Алдын ала ескерту қадағалаудың бір саласында ғана қолданылады, ол - адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүдделерінің сақталуын қадағалау (жалпы қадағалау). Алдын ала ескерту прокурорда дайындалып жатқан заңға қайшы әрекеттер туралы мәлімет болса, барлық жағдайларда қолданады. Бірақ тұлғаны алдын ала ескерту үшін бір де бір негіз - ол қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқпайтын құқық бұзушылықтарды жасауға және мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерге, немесе заңмен қорғалатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеліп соғатын дайындалып жатқан заңға қайшы әрекеттер туралы сенімді мәлімет болуы.

Алдын ала ескерту нақты азаматқа және нақты заңды тұлғаға жолданады. Онда прокурор заң бұзуға жол берілмейтіндігі туралы және заңмен көзделген жауаптылық ескертеді. Егер алдын ала ескертудің субъектісі заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған шараларды қолданбаса, оған бұзылған заңның санкциялары қолданылады.

Алдын ескертуді жолдау бұрын прокурор міндетті түрде түскен мәліметтерді тексеруі және тиісті лауазымды тұлғалардан түсініктеме алуы тиіс.

Алдын ала ескертуде қойылған талаптар орындалмаған жағдайда лауазымды тұлға заңда белгіленген жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Сонымен "Прокуратура туралы" Заңының 25-1-бабына сай құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде прокурор жазбаша нысанда жеке және заңды тұлғаларға заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерту жасайды және оларға заңда белгіленген жауаптылық туралы ескертеді.

Яғни алдын ала ескерту жасау үшін келесі жағдайлар болу керек:

- құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында;

- немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде.

Осы аталмыш жағдайлардың бірі туындаған кезде прокурор жазбаша нысанда жеке және заңды тұлғаларға заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерту жасайды және оларға заңда белгіленген жауапкершілік туралы ескертеді.

  Үндеу

Аталмыш 29.12.2010 Заңмен қадағалау актілерінің тізімі жаңа актімен толықтырылған. Заңның 25-2-бабына сай прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды тұлғаларға, мемлекеттік органдарға, заңды және жеке тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.

Бұл ретте үндеу бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланыла отырып немесе өзге де жария ету тәсілімен таратылады.

Алдын ала ескерту сияқты үндеу заңдылықты қамтамасыз ету, заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында жасалады.