Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
5 дріс.docx
Скачиваний:
32
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
37.99 Кб
Скачать

Прозасы

8. 20 ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен көркемдік танымында күрделі бір құбылыс болған ішкі монологтың көркемдік қуаты мол, философиялық ойға бейім, тереңдеген, түрленген түрі – ой ағысы тәсілі М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі арқылы көрінді. Күні бүгінге дейін қазақ прозасында еркін игеріліп үлгірмеген ой ағысы тәсілінің М.Жұмабаевтың әңгімесінде, 20 ғасыр басында-ақ кемел көркемдік дәрежеде көрінуі кім-кімді де бей-жай қалдыра алмасы анық.. Небары он төрт беттік әңгіме, бірақ ол қазақ прозасына бұрындары беймәлім болып келегн «ой ағысы» секілді тың тәсілді ала келген, рухани өмірде үлкен жаңалық, ірі құбылыс жасаған туынды.

Әңгімедегі бар оқиға, сыртқы әлем Шолпанның санасындағы құбылыстар, психологиялық процестер, сезім сергелдеңі, пікір, ой қайшылықтары арқылы өрбиді. Әдетте, көркем әдебиетте оның ішінді қазақ әдебиетінде оқиға, ой-сана сыртқы әлем арқылы көрінетін. Ал, Мағжанда ол – сананың ішінде көрінеді. Белгілі ғалым, ресей әдебиеттанушысы С.Бочаровтың бұл құбылысты әдебиетке әкелген М.Пруст деуі де шындыққа саяды. Ол өзінің «Пруст и поток сознания» атты мақаласында бұл ойын ғылыми тұрғыдан былайша тұжырымдайды: «Всегда сознание было «внутренним миром», теперь у Пруста мир оказался внутри сознания». Шынында да, Сананың алдыңғы қатарға шығуы батыс әдебиетінде Пруст, Джойс, Кафка т.б., орыс әдебиетіндегі Толстой, Достоевский т.б., ал қазақ әдебиетіндегі М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтың туындылары арқылы танылды.

Ендеше әдеби өмірге САНАНЫҢ келуі 20 ғасыр басында-ақ ұлттық әдебиетіміздің өркениетті әдебиет екендігін дәлелдей түседі. Психологиялық тереңдікті талап ететін «ой ағысы» тәсілі «Шолпанның күнәсі» арқылы төл әдебиетімізде тұңғыш рет танылды.

Әңгіме бас кейіпкер Шолпан тағдыры, оның ойы мен санасындағы психологиялық процестер төңірегінде болады. Әңгімеде Сәрсенбайдың, Әзімбайдың аттары аталғанмен олардың тағдыры, ішкі өмірлері, арман-мақсаттары туралы ешқандай сөз болмайды. Бүкіл оқиға тек Шолпанның тағдырына, әсіресе оның ішкі өміріне, яғни санасындағы сан алуан ойларға, қайшылықты пікірлерге, жан дүниесіндегі арпалыстарға құрылған. Әрі автор мұнда Шолпанның санасындағы ойлар арқылы оның өмірін баяндап отыр, Л.Толстойдың мына бір пікірі біздің ойымызды нақтылай түседі: «...Я говорил и думал прежде, что жизнь есть сознание это неправда. Жизнь есть то, что открывается через сознание».

Расында да ақын-автор да мына өмірдің, тіршіліктің бәрі де біздің Санамыз арқылы ашылатын үлкен бір әлем екендігін философиялық оймен, суреткерлік сезімталдықпен бізге тұңғыш рет көркемдік ойлау жүйесі арқылы ашып беріп отыр.

Сондықтан да бұрын-соңды төл әдебиетімізде кездеспеген кейіпкер – Шолпан біз үшін тың тұлға. Тіпті Шолпанның өмірі де, ойлау логикасы да өзгеше, ешкімге ұқсамайды. Ол от басы, ошақ қасының қамымен қалған қатардағы қазақ әйелі емес, оның ойы да, таным-тіршілігі де оқшау. Өз қатарының ішінде бағы жанып, теңіне қосылған Шолпанның бақыттан басы айналып, өзгені ойлауға мұршасы жоқ. Сыртқы әлем, әлеуметтік орта автор үшін де, Шолпан үшін де жоқ.. Тіпті баланы да екеуінің бақытына ортақтасар дұшпандай көріп, қажет етпейді. Шолпан тың образ, характерлік даму эволюциясы өзгеше, ешкімге ұқсамайтын мүлде бөлек, соны тұлға. Сондықтан да, Шолпан оқушысын екі ұдайы сезімде қалдырады. Оның табиғатының өзі осылай түсініксіз, қайшылыққа толы. Оның аузы бір сөз айтса, оны жүрегі, санасы қаламайды, олар керісінше сөйлейді. Яғни ішкі ойы, дауысы оны сол мезетте-ақ жоққа шығарып отырады. Әңгіменің әр сөйлемінен бастап характердің логикалық, психологиялық дамуы да қайшылықтан аяқ алып жүргісіз болуы да сол себепті.

Сүйгені үшін баласыз өтуге де ырза Шолпан елдің қауесетінен де қорықпады, оны мойындамады да. Өйткені: «...баласыз өмір бос өмір деген сөзді басқа талай адамдардан естіді, бірақ жаны сүйген жарынан естіген жоқ. Ғашық адамға құранның аяты қасиетті емес, жарының сөзі қасиетті, жарынан басқа адамның сөзін не қылсын Шолпан».

Міне, Шолпан жалғыздығының, тәкаппарлығының, шын бақ пен бақыт буына піскен менмендігінің түп-тамыры да осында жатыр. Олай болса дәл өз жаратылысы тұрғысынан да Шолпанның шын бақытты болуға әбден моралдық құқы бар, логикаға сиымды, шындыққа жанасымды. Ендігі ерекше атап айтар Шолпанға тән қасиеттің бірі – ойшылдық. Ол шын мәнінде ойдың адамы, өйткені ол жалғыз, рухани жағынан жалғыз.

М.Бахтиннің пікірне сүйенсек, ақиқатқа адамдар өзара пікір алмасу арқылы жетеді. Ал, Шолпан болса жалғыз. Оның құпия ойын, жан сырын ұғар қасында жан жоқ. Сондықтан да ол өз ойын өзі, адам ішіндегі адаммен, яғни САНАМЕН сырласу, ойласу арқылы ақиқатқа жол ашады. Ол жалғыз болғандықтан да өз ойына өзінің күдіктенуі, оны қайта-қайта нақтылауы, ештеңенің байыбына жете алмай әуре-сарсаңға түсуі, қателесуі табиғи. Автор адамның ойлау процесінде болатын осынау психологиялық процесті тек ішкі монолог арқылы беріп отырады. Мысалы, үйленгелі «бала бере көрме» деп тәңіріден тілеген Шолпан бұл ойының қателігін бір-ақ күнде түсінеді. Оған себеп: Сәрсенбайдың көршісі Нұржанның бес баласының қылығын айтып, «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деген мәтелдің растығын өз аузымен, іштей өкінішпен айтуы еді. Міне сол сәттегі Шолпан санасындағы ой арпалысын автор тамаша береді. «Араларындағы жалынды махаббаттың заманның озуымен бірге бірте-бірте май шамдай еріп сөнетіндігі, құшақтың ыстықтығы өмір бойы бір қалыпта тұрмайтындары, екі жүйрік жүректің екпіні баялаған кезде бір-бірінен жирендірмей, бір-біріне берік байлайтын бала екендігі, баланың ер мен әйел арасындағы дәнекер екендігі – міне, осы ойлардың бәрі сол сағатта ап-айқын боп Шолпанның көз алдына келді». Бұл – Шолпанның ойы, әрине ішкі ойы, яғни ішкі монологы. Бірақ ол «деп ойлайды», «деген ойлар келді» сияқты етістіктер тіркесі арқылы берілетін кейіпкердің тіке, төл сөзімен, ойымен берілген дәстүрлі монолог та емес, тіпті автордың айтып отырғанына сүйенсек бұл ішкі монолог та емес. Сол сәттегі Шолпан санасында жүріп жатқан «ой ағындары» ол. Оны автор – «міне осы ойлардың бәрі сол сағатта ап-айқын боп Шолпанның көз алдына келді» деп қысқаша, өз сөзімен ішкі монолог секілді қысқартып түйіндеп, бізге айтып отыр. Ал шын мәнінде Шолпан бұл ойдың бәрін түп-түгел айнадағыдай «көз алдына» елестете, бүкіл ұңғыл-шұңғылына, түп-тамырына дейін түгелдей ойланған, яғни «ой ағынына» берілген. Сана мен сезім сүзгісінен өткен ойлардың түйіні, бұлар, сондықтан да біз бұл әңгімедегі Шолпанның осы іспеттес ішкі ойларын, ең бастысы ойлап отырғандай қабылдаймыз. Әрі әңгіме жанрының қысқалығын автордың бүкіл айтар ойын жанр табиғатына сай өте қысқа түрде тұжырымдап айтуы қажет екендігін ескерсек, бұл тәсіл заңды да. Өйткені, шағын жанрда ағыл-тегіл ой ағынына ерік беру мүмкін де емес. Және автордың ақын екендігін де ұмытпауымыз қажет (қысқа жазуға бейім).

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]