Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Дріс кешені Пробл.КПРК.doc
Скачиваний:
24
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
279.55 Кб
Скачать

Тақырып 6 Қазақстан құқық шығармашылық және нарықтық экономика кезеңінде

Мақсаты:

Мемлекеттің басты деген органдарының шығаратын актілерін көрсете келе, олардың заңдық сипаттамасын анықтай отырып, студенттерге түсінікті болатындай етіп жеткізу

Жоспары:

  1. Президент, Парламент және Үкіметтің актілері және олардың заңды сипаттамасы

  2. Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарының заңды табиғаты

  3. Қазақстан Республикасындағы нормативтік құқықтық актілердің коллизиясының және иерархиясының мәселелері

1 Президент, Парламент және Үкіметтің актілері және олардың заңды сипаттамасы. Қазақстан Республикасы Президентінің Актілеріне тоқталатын болсақ.

Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында норма шығарушылық қызметті жүзеге асырады.

Бұрынырақта айтылғандай, Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Конституциясы 53-бабының 4-тармағына сәйкес заңдар, сондай-ақ 61-баптың 2-тармағына сәйкес заң күші бар жарлықтар шығара алады. Басқа жағдайларда Президент заңға қарасты сипаты бар жарлықтар мен өкімдер шығарады. Жарлықтар мен өкімдер Қазақстан Республикасының барлық аумағында орындалу үшін міндетті.

Президент жарлықтары Республиканың, Конституциясы және заңдары негізінде және соларды орындау үшін шығарылады. Президент жарлықтарының нормативтік құқықтық акт күші бар.

Президент жарлықтары мынадай мақсаттарда шығарылады:

- Президенттің конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыру;

- мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелерін шешу;

- Парламенттің, Үкіметтің және басқа да мемлекеттік органдардың заңдық құзыретіне кірмейтін мәселелерді құқықтық реттеуді жүзеге асыру;

- Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік-саяси дамуының стратегиялық мәселелері бойынша шешімдер қабылдау.

Президенттің өкімдері әкімшілік-өкімдік, жедел және жеке сипаттағы мәселелерді шешу мақсатында шығарылады.

Актілерді шығарған кезде Республика Президенті констрасигнатура институының жекелеген элементтерін пайдаланады. Республика Президенті қол қоятын Парламент актілері, сондай-ақ Үкімет бастамасымен шығарылатын Президент актілері, тиісінше осы актілердің заңдылығы үшін заңдық жауапкершілік жүктелетін Парламенттің әр Палатасы Төрағаларының не Премьер-Министрдің алдын ала қолдары қойылып тиянақталады.

Президенттің нормативтік сипаттағы актілері, егер Президент басқаша белгілемесе, олардың ресми жарияланған күнінен бастап он күн өткеннен кейін Республиканың бүкіл аумағында бір мезгілде күшіне енгізіледі.

Қазақстан Республикасы Парламентінің актілері.

Парламент заң шығарушы орган бола отырып, Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар Қазақстан Республикасының заңдары, соның ішінде Конституциялық заңдар, Парламенттің жеке қаулылары түріндегі заң актілерін қабылдайды. Сенат пен Мәжіліс сондай-ақ өз құзыретіндегі мәселелер бойынша дара сипатты қаулыларды қабылдайды.

Парламент пен оның Палаталарының өз құзыретіндегі мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлімдемелер және заң сипаты болмайтын өзге де актілер қабылдауға құқығы бар.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілері.

Қазақстан Республикасының Үкіметі өз өкілеттіктерін актілер шығару арқылы іске асырады. Үкіметтің актілері қаулылар мен өкімдер болып табылады. Қаулы түрінде нормативтік сипаты бар Үкімет шешімдері шығарылады. Үкіметтің нормативтік қаулылары Республика Конституциясының, заңдарының, Президент актілерінің және басқа нормативтік-құқықтық актілердің негізінде шығарылады.

Сондай-ақ Үкімет жеке қаулылар да шығара алады. Жедел және ағымдағы мәселелер бойынша Премьер-Министрдің өкімдері шығарылады.

Үкімет қаулылары мен Республика Премьер-Министрі өкімдерінің Республиканың бүкіл аумағында, мемлекеттік биліктің барлық органдары, лауазымды тұлғалары, қоғамдық бірлестіктер, азаматтар үшін міндетті күші болады.

Қаулылар мен өкімдерге Премьер-Министр қол қояды.

Қаулылардың күшін Республика Президенті мен Үкімет жоя алады. Өкімдердің күшін Президент, Үкімет және Премьер-Министр жоя алады.

2 Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарының заңды табиғаты. Қазақстан тарихында «конституциялық заң» атауы өз бастауын 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңынан алады.

Мемлекеттік құрылыс тәжірибесінде конституциялық заңдардың екі түрін ерекшелеуге болады. Ең алдымен, заң шығарушы функцияларға ие, жоғары өкілетті орган Парламент қабылдаған конституциялық заңдар, сондай-ақ Парламент тағайындалғанша қабылданған, конституциялық заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары. Заң күші бойынша олардың конституциялық заң маңызы бар. Оған мысалға, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" заң күші бар Жарлығын жатқызуға болады.

Конституциялық құқық бастауларына сонымен бірге конституциялық-құқықтық қатынастарды реттеуші Қазақстан Республикасының заңдары жатқызылады. Заңдар оларды қабылдаған органдарға орай Парламенттік заңдар және заңдық күші бар Президент Жарлықтары болып бөлінеді.

Заңдар — мейлінше кең тараған нысан, ол арқылы конституциялық-құқықтық нормалардың барынша көп саны белгіленеді. Ондай заңдар: "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы", "Мәдениет туралы", "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы" т.б. болып табылады.

Конституциялық құқық бастаулары арасында аса маңызды орын Декларацияларға тиесілі. Олардың қатарына Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылдың 25 қазаңында қабылдаған "Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны" жатқызуға болады. Оларда негізінен мемлекеттің бағыт-бағдарын анықтайтын конституциялық-құқықтық даму концепциясы бекітіледі. Олардың құқықтық маңызы бар. Декларацияларда бағдарламалылық сияқты сипаттар маңызды рөл ойнайды. Одан кейінде 1990 жылғы Декларацияның ережелері басқа конституциялық нормаларды көрініс тауып, жүзеге асырылды.

Салалық бастаулар түрлері барынша тұрақты, олардың көбісі Конституцияда айшықталған.

Конституцияның 4-бабы Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге да нормативтік құқықтық актілердің, Республиканың халықаралық және шарттық және басқа да міндеттемелерінің нормалары деп белгілеген. Конституциялық құқықтық келесі түрі Қазақстан Республикасы Парламентінің, Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары болып табылады. Конституциялық құқық бастаулары ретінде Конституция нормаларын және конституциялық заңдарды ресми түсіндіру актілерін де атап кету қажет.

Конституциялық құқық бастауларына, сондай-ақ Республика бекіткен, оның заңдарынан басымдылығы болатын және тікелей қолданылатын халықаралық шарттарды да жатқызу керек.

Парламент Палаталарының және Парламенттің өзінің регламенті, конституциялық құқық бастаулары бола отырып, Республика Парламентінің ішкі құрылымы мен қызмет тәртібін анықтайтын нормаларды қамтиды. Конституциялық құқық бастауларына мемлекет басшысы ретінде Президент Жарлықтарын, мемлекеттік билікті ұйымдастыру және оның тұлғамен қарым-қатынасына байланысты қатынастарды реттеу жөніндегі жергілікті мемлекеттік басқару органдарының шешімдерін жатқызуға болады.

Конституциялық-құқықтық нормаларды құрайтын нормативтік құқықтық актілер жиі өзгерістерге ұшырайтынын, тіпті кейде алынып тасталынатынын айта кету қажет. Республиканың конституциялық-құқықтық заңдылықтары құрылу сатысында түр, белгілі бір тұрақсыздық осымен түсіндіріледі. Соңғысы сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің қалыптасу процесімен негізделетін конституциялық күрделі реформалармен де түсіндіріледі.

3 Қазақстан Республикасындағы нормативтік құқықтық актілердің коллизиясының және иерархиясының мәселелері. Нормативтік құқықтық актілердің қайшылығы – бұл  әр түрлі деңгейдегі нормативтік актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.

Заңдар нормаларының Қазақстан Республикасы кодекстерінің нормаларымен алшақтығы болған жағдайларда олар кодекстерге тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін.

Бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде қолданысқа кейінірек енгізілген актінің нормалары қолданылады (НҚА туралы заңның 6 бабы).

Құқықтық нормалардың қайшылығын шешу жолдары келесідей:

  • егер республикалық және жергілікті актілердің нормаларының арасында қайшылық кездесетін болса, онда республикалық актінің нормасын қолдану қажет;

  • әр түрлі органнан шығатын нормалар арасында қайшылықтар бар болатын болса, онда жоғары тұрған органның нормалары қолданылатын болады;

  • бір органмен қабылданған, бірақ әртүрлі уақытта қабылданған актілердің нормалары бір-біріне қайшы келетін жағдайда, қолданысқа кейін енгізілген норма қолданылады;

  • жалпы және арнайы нормалардың арасында қайшылық пайда болатын болса, онда арнайы норма қолданылады;

  • Қазақстан Республикасының кодексінің нормаларымен заңдар нормаларының арасында қарама-қайшылықтар туған жағдайда, кодекске тиісті өзгертулер енгізілгеннен кейінгі норма қолданылады;

  • ҚР таныған халықаралық шарттар оның заңдарынан басымды болып келеді және халықаралық шарттан заңдарды қабылдау мүмкіндігі туған жағдайда тікелей қолданылады;

  • Қазақстан Республикасының Конституциясы ең жоғарғы заңды күшке ие және Республиканың бүкіл территориясында тікелей қолданылады.

Жоғарыда айтылғаннан қорытынды болып нормативтік құқықтық актілердің қайшылығын шешудің қағидасы танылады:

- әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қарама-қайшылықтар кездескен жағдайда, ең жоғарғы деңгейдегі актілердің нормалары қолданылады;

- бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қарама-қайшылықтар бар болған жағдайда кейінірек қолданысқа енгізілген нормативтік құқықтық актінің нормасы қолданылатын болады.

Тақырып бойынша дайындалуға ұсынылатын әдебиеттер:

Н: 1; 2. Қ: 8, 19, 22, 23, 24, 28.

Бақылау сұрақтары:

1 ҚР Президенті қандай актілерді шығарады?

2 ҚР Парламенті қандай актілер шығарады?

3 ҚР Үкіметінің актілерін атаңыз?

4 Заңдардың қайшылығы дегеніміз не?