Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

На сортировку / 2 / Тарих / Жангир хан тусындагы Казак хандыгы

.doc
Скачиваний:
21
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
70.66 Кб
Скачать

Жәңгір хан тұсындағы Қазақ хандығы

Қазақстанның XVII ғасырдағы халықаралық жағдайы өзгеріске ұшырады. Қазақ иелігінің шығыс шекарасында Жоңғар хандығы (1635-1758) ірі көшпелі мемлекет қалыптасты. Жетісу үшін қазақ билеушілері үнемі тартысқа түсіп отырады. XVII ғасырдағы қазақ хандары Есім, Тұрсын тұсында, Есімнің үлкен ұлы Жәнібектің есімі деректерде жиі кездеседі. Есімнің билігі кең тараған кезеңде Жәнібек сұлтан Мауареннахрдың ірі қалаларының бірі Сағарджының билеушісі болған. Бұл туралы Бахр ал-Асрар дерегінде беріледі. Орыс деректерінде XVII ғасырдың 30-40 жылдары қазақ ордасының ханы титулымен Жәнібек ал оның інісі Жәңгір ханзадасы деп беріледі. Жәнібек ойраттармен соғыстар жүргізіп отырды.,XVII ғасырдың 30 жылдарында ойраттар мен болған соғыста қаза табады.

Есімнің екінші ұлы XVII ғасырдың 40-жылдары хандық билігін қолына алады. Қазақ халқының өзінің мемлекеттілігін қалыптастыруда ғасырларға созылған күрес нәтижесінде жеткендігі тарихтан белгілі. Бұл күрес қазақ ұлтының тарихында ерекше орын алады. Қазақ мемлекеттігін дамытуға әскери және саяси белсенділіктің күшеюі әрі оның құлдырауы тән. Қазақ тарихындағы осындай кезеңге тән тарихи дамулар ерекшелініп көрсетіледі.Егер қазақ хандарының тарихы XVI ғасырдың ортасында сәтсіз болып, территориясы Жетісумен шектелсе, XVI ғасырдың екінші жартысы мен XVII ғасырдың екінші кезеңінде қазақ хандығының құрамына Сыр бойында отырықшы жер өңдейтін әрі кәсіби орталықтардың, Ташкент, Ферғананың уақытша қосылуы қазақ хандығының шаруашылық негізінің күрт өзгеруіне, сөйтіп, қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық тарихында жаңа кезеңге әкелді.

Жәңгір(Жахангир, Янгир) Есім ханның баласы. Ол басы үлкен, кеудесі кең, аласа адам болған екен. Сол себепті қазақтар оны " салқам Жәңгір" деп атаған.Қазақ хандығында саяси билікті өз қолына алған соң, сыртқы саясатқа көңіл бөлуге мүдделі болды. Оның басты себебі осы кезеңдегі көршілес мемлекеттердің күшеюі, экономикалық жағынан ұқсас, талаптары бірдей билеушілер арасындағы тартыс басталды. Жәңгірдің әкесі Есім хан жоңғар факторына тәуелді болды. Ол ішкі саяси тұрақтылық пен күресті, сыртқы саяси жағдайға ерекше көңіл бөлді. Жоңғарларды Алтайдан солтүстікке, батысқа жылжуы әр-түрлі себептерден тұрды. Оның себептерін тарихшы Ш.Б. Чимитдоржиев . жан-жақты талдаған болатын. Оның көрсетуі бойынша сәтсіз соғыстар, жоңғар иеліктерінің бөлінуі, жер тапшылығы Сібір хандығының ыдырауы, жоңғарлардың солтүстікке қарай жорық жасауға қолайлы жағдайды туғызды.

Орыс жылнамаларында жоңғар иелігі ХҮІ ғасырда Ертістің сол жағалауында, Есіл мен Тобылдың жоғарғы ағысында болғандығын мәлімдейді. XVII ғасырда жоңғар иелігі Ертістің орта және жоғарғы ағысын алып жатты. Жоңғар арасында батыс моғолдар чорастар, дербент, хошаут, торғауттар болды. Жоңғарлардың солтүстік-батысқа жылжуы қазақтар оларға алғашында қауіп төндіріп тұрды. Ертіс арқылы жоңғарлардың батысқа қозғалуы үш ғасырға созылды. XVII ғасырда Жайыққа дейін жетіп, Ертіске қайта оралып отырған.

Жоңғарлардың оңтүстікке қарай жылжуы қырғыздарды, оңтүстіктегі қазақ жайылымдарын ығыстыру нәтижесінде жүрді. Батысқа қарай жылжыған қалмақтар XVII ғасырда қазақ хандығының сыртқы саясатында маңызды орын алды. Жайылымда нақты шекараның болмауы үнемі қақтығыстарға әкелді. Қалмақ осы тайпалардың түрікше атауы, өз атаулары "ойрат", қытай деректерінде оларды "элют" деп атайды. Қалмақ атауы "Маджу ат-таварих" дерегіндегі мәліметке сүйенетін болсақ мұсылман емес тайпаларды атаған деп тұжырым жасауға болады. Шығыстағы осы тайпалардың қазақ халқының тарихымен тығыз байланыста болды. 1603-1604 жылдары жоңғарлар хорезм даласына да шабуыл жасады. Әбілғазының мәлімдеуінде жоңғарлар Тук қамалына шабуыл жасағандығы туралы мәлімет береді.

Негізгі жоңғарлардың қозғалысы солтүстік-батысқа қарай болды. 1604 жылы "барлық қалмақ тайшылары және ұлыс кісілері Қазақ Ордасымен соғысуға кетті" /26/ деген деректерді кездестіреміз. Бүл Ембінің жоғарғы жағында болған . Бірақ жоңғарлардың әскери күші жеткіліксіз болды. Ноғай - қазақ әскери одағы бірлесіп тосқауыл көрсетті. Жоңғарлар қазақ жері мен орыс территориясының арасын бөлуге ұмтылды. 1606 жылы жоңғарлар Тарск округіне шабуыл жасады /24,34/. Олар Батыс Сібірдің оңтүстігінде әскери әрекеттер жүргізді.

1607 жылы 200 қазақ ресей тарапынан жоңғарларға қарсы күресте ерлігі үшін наградаларға ұсынылды. Осы кезеңде жоңғарлар қазақтармен, ноғайлармен, орыстармен қатар соғыс қимылдарын жүргізді. 1607 жылы жоңғарлар еріксіз орыстармен бейбіт келісімге келді. 1608 жылы жоңғарлар қазақтарға қарсы жаңа жорық жасайды. Орталық қазақстанның Нұра өзені бойында болды. Қазақтар Ұлы Тауға қарай жылжып шегінді. Ендігі жерде жоңғарлар жоғарғы ағысында, Муғаджар тауы, Жайық өзендері маңайында көшіп жүре бастады. 1610 жылы жоңғардың Хо-Урлюк тайшысы Тобылға және Еділ жағалауына әскер жіберді .

Тобылдан орыс елшілігі 1613 жылы Байырға келеді. Олардың талабы Сібірге тайшылардың шабуыл жасауын тоқтатуды сұрайды. 1616 жылы Есім хан тұсында қазақ-жоңғар бейбіт қатынас орнатады. Осы жылы Есім өзін Сібір ханы деп жариялағандығы туралы деректерде кездеседі. Орыс елшілері Петров және Куницин "қалмақ жері қазір қазақ ордасына бағынады" деп мәлімдейді. Алтай және Жоңғар Алатауы шегінде қазақтар мен қырғыздардан 1629 жылы жеңіліс тапқаннан кейін және ішкі қырқыстардың салдарынан Хоурлық (Хо-Урлюк) бастаған жоңғарлар солтүстікке қарай бет алды. Бұл жолы Есілдің, Тобылдың, Ырғыздың, Торғайдың, Жемнің бас жағындағы аудандарға екі мыңдай үй көшіп барғандығы Жоңғар хандығының жағдайын нығайтты.

Жоңғарлардың басым бөлігінің Тобылға, Жемге, Жайыққа, Еділге қарай баяу жылжып барып қоныстануы қазақтар, башқұрттар, ноғайлар, хиусшықтар, орыстар пайдаланатын жер алаптарында қалыптасқан тепе-теңдікті бұзды. Олар белгілі бағытта: Есіл мен Тобылдың жоғарғы ағыстары арқылы Жем мен Жайыққа қарай қозғалды. Онда сол кездің өзінде-ақ саны аз болса да қалмақтар бар еді, алайда олар қазақтар мен ноғайларға, башқұрттарға қарсы тұру үшін едәуір жеткілікті болатын. Оның үстіне бұл жылжуында жоңғарлар Көшім ұрпақтарының қолдауына сүйенді.Бұл жөнінде шығыстанушы В.В. Григорьев былай деген: "Сөйтіп, моғолдар мейлінше қысқа уақыт аралығында қайтадан Сібірден Үндістанға дейінгі және Қытайдан Кавказға дейінгі елдердің әміршілеріне айналды. Хоурлықтың ордасы 50 000 шаңыраққа дейін жетті және ұрыс алаңына 30 000-ға дейін жақсы қаруланған атты әскер шығара алатын еді, ал оның артынан, нақ сол Еділ бағытына басқа қалмақтар тобыры ілесіп келе жатты."/24,53/.

Жоңғарлардың басым бөлігі батысқа көшіп кеткеннен кейін көп кешікпей қазақ ханы Есім қайтыс болды. Есім хан билік еткен кездің өзінде-ақ оның ұлы Жәңгір (Жаһангер) көзге түскен болатын. Ол өз билігін ойрат қоныстарының бір бөлігінің мойындауына мәжбүр етті. А.И. Левшиннің айтуынша, Жәңгір әкесімен бірге жоңғарларға қарсы соғыстарға қатысқан. Алайда олардың ешқайсысы хан болып сайланған жоқ. Осының өзі де қазақ хандығындағы саяси жағдайды шиеленістірді. Қазақ иеліктерінде оқшауланушылық ниеттер басымдық алды. Осы кезеңде жоңғарларда маңызды саяси оқиғалар болып өтті. 1635 жылы жоңғар хандығы қалыптасты. Соның қарсаңында Жоңғар ханы Кара-құла өліп, хандық басына оның қонтайшы атағын қабылдаған ұлы Батыр келген еді. Енді қазақтарға өздері сияқты жай көшпелі қауымдар емес, Жоңғар хандығы - Алтай тауының етегін ғана алып жатқанымен, Оралдан Алтайға дейінгі ұлан байтақ кеңістікті қамтыған неғұрлым ұйымдасқан саяси күш қарсы тұрды. Алайда қазақ хандығы үш жағынан жоңғар әміршілерінің жекелеген иеліктерінің қоршауында қалды. Жоңғарлардың шашыраңқылығымен салыстырғанда, Қазақ хандығы едәуір жинақы болатын.Нақ сол 1635 жылы қазақ - жоңғар соғысы басталды. Шабуыл жасаушы жақ Батыр қонтайшы бастаған Жоңғар хандығы еді. Қазақтар жоңғардың атты жасақтарының тегеурінінен қорғануға мәжбүр болды. Алайда түрлі сұлтандар арасында қалыптасқан жағдай туралы әр түрлі пікірлер мен ұсыныстар орын алды. Жоңғарларға қарсы кезекті күресті басқаруға қабілетті, қазақ жасақтарын біріктіріп, оларды бастай алатын тарихи тұлға қажет болды. Оқиғалар Жәңгірді осындай қатерлі де батыл қадамға жетеледі. Жәңгір бастаған қазақ жасақтары жоңғар тайшыларына қарсы шайқасқа шықты. Бұл оқиғалар туралы замандастары Сібір татарлары мынандай мағлұмат береді: "Қара қалмақ тайшы, Талай тайшы, Қоңтайшы да, Құжы тайшы да, Торғыша тайшы да, барлық қара қалмақтармен бірге, осы қыста қазақ ордасына аттанды, ал қазақ ордасының адамдары қара қалмақтарға қарсы шықты. Сөйтіп қара қалмақтар қазақ ордасының адамдарымен кездесті де, оларда жойқын соғыс болды. Ал қара қалмақтар қазақ ордасының адамдарын қырып салып, олардан Есімнің ұлы Жәңгір ханзаданы тұтқындады, ал Есім қазақ ордасында, әлгі ханзада қара қалмақтарда патша болған еді" /26,32/. Сөйтіп, Жәңгір жоңғарларға тұтқынға түсіп, өз жауларының қорлығын бастан кешірген алғашқы қазақ хандарының бірі болды. Алайда нақ сол құжатта "және өзге де қара қалмақтар, нақ сол Талай тайшы жолдастарымен бірге тағы да қазақ ордасына соғысқа аттанды" деген қосымша бар. Демек соғыс қимылдары 1635 жылы басталып, одан кейінгі жылдарда да жалғастырылған.

Қазақ жасақтары бір жағдайларда жеңіліс тауып, басқа бір жағдайларда олардың жолы болып отырған. Осындай бір сәтті аяқталған жағдайда Жәңгір тұтқыннан босатылған. Жәңгірдің тұтқыннан қайтып келуі оның жағдайын бұрынғысынан да қиындатып жіберді. Түтқында болу масқарасы, қорлайтындай болып босатылуы, жоңғарлар қысымының күшейе түскендіктен бәрі бірден Жәңгірге танылды. Алайда әкесінің беделі мен жеке басының қасиеттері Жәңгірді құтқарып қалды. Ол батырлармен және билермен өз қатынастарын сәтті орнатады, Бұқара және Хиуа хандарымен өзара қатынастарға ерекше назар аударады. Жәңгірдің беделі тез өсті. Уақыттың көп бөлігін ол Түркістан қаласында өткізді қоғамдық өмірдің қақ ортасында болып, өз бақталастарының жағдайын және жоңғарлардың қозғалуын бақылап отыру керек еді. Күш - жігерді ғана емес, ақыл-ойды да қоса жұмсауды қажет етті. Жәңгір өзін белсенді қайраткер ретінде көрсете алды. Жәңгір Бұхара хандығының әйгілі қайраткері, Самарқанд сарайларын салғызушы Жалаңтөспен жақсы қатынастар орнатады. Бұл кезеңде, казақтар Бұхара хандығымен тығыз байланыста болатын, олардың бір бөлігі онда тұрақты ірге тепкен еді. Бұхара билеушілері арасында Абдул - Васифидің жағдайы елеулі болды. Жалаңтөс Баһадүр (1576-1656) Бұхара хандығында маңызды роль атқарды. Аңыз бойынша ол Сырдарияның төменгі ағысында Кіші жүздің Әлім бірлестігінің төртқара руының қазақтары арасында туған. Шығай ханның ауылдарымен бірге Жалаңтөстің үй-іші Нұрата тауларына, Бұхара маңайына көшіп барған. Бұхара ханы Имамкули 1612 жылы қазақ хандығымен достық пен өзара түсінікті сақтау мақсатымен Жалаңтөсті Самарканд қаласының әмірі етіп тағайындаған. Жалаңтөс жас кезінен-ақ батыр деп танылған еді. 1625 жылы Жоңғар қалмақтармен ұрыста көзге түсіп, құрметті "аталық" атағына ие болды. 1640 жылы Жалаңтөс баһадүр 20 мыңдық жасағымен Батыр қонтайшы бастаған қалың жоңғар әскеріне күйрете соққы берді. Жалаңтөс көрнекті әскербасы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар архитектура мен өнер тарихында да елеулі із қалдырды. Оның тұсында Самарқанд қаласында Орталық Азия халықтарының мәдени мұрасында маңызды орын алатын, "Самарқанд сәулетінің таңғажайыбы" саналатын орасан зор Тилля қара мешіті мен Шир-Дор медресесі салынды. Жалаңтөстің есімі Шир-Дор қасбетінің ішкі жағына құрастырушылар жасаған жазбамен мәңгілікке қалдырылған.

Жәңгір Шығыс Түркістанның билеушілерімен де қатынас жасап тұрды. Оның үстіне бұған Жалаңтөстің ұлы Тәуке сұлтан да қатысты. "Шах Махмұд бен мир Фазыл Чорастың тарихында"/8,204/ Шығыс Түркістанның хандарымен оған жоңғарлар басып кірген кезеңде Жәңгір хан жүргізген келіссөздер туралы былай делінген: "Сол кезде Жаһангер ханнан Шайх Хаванд Тахур ұрпақтарынан шыққан Жүніс қожа деген емші келді. Бұл жақтан қожа Селид Мұхаммед халифаның ұлы Софы - қожа жіберілді - оларға (Алланың) рахымы жаусын. Жаһангер хан Софы - қожамен бірге өзінің ұлы Тәуке сұлтанды жіберді. Сол кезде Жаһангер хан Ахунд Молла Жақыпты және Қожа Жанқожаның ұлы Уап қожаны өлтірді иә, оларға (Алланың) рақымы түсіп, қайырымын берсін. (Жаһангер хан) ханға Қошқар бекпен өзінің ұлы Абақ сұлтанды беріп жіберді. Жолбарыс ханға өзінің қызын ұзатты"./5,181/

Жәңгір, тіпті көршілес елдерге елшіліктер үйымдастырды. 1640 жылдың қыркүйегінде Жәңгірдің елшілері Батыр қонтайшының ордасында болды. Сол кезде онда Ресей елшілері де болған еді. Меньшой - - Ремезов өзінің статьялық тізімінде былай деп жазған: "Ал өзі, патша ағзамның сәлемін тапсырған кезде қонтайшыда Хоурлықтың ұлы Ильден тайшы және Бұхараның, қазақ Ордасынан жәңгір хандарының төрт елшісі және Далай -ламалар болды"/13,36/. Бұл деректер Жәңгірдің саяси қызметі өзі хан болып жарияланғанға дейін-ақ басталғанын дәлелдейді. Ол былай тұрсын, оның аты мен қызметі жоңғар қонтайшылары Қара-Құлаға, Батырға және басқаларына мәлім болған. Жоңғар хандығы маньчжур дәмеленуіне қарсы ойдағыдай шабуыл жасады, 1640 жылғы "Дала ережесі" қабылданды. Жоңғар тайшылары Сібір водаларына қатер төндірді, оңтүстіктегі көршілеріне өз ықпалын күшейте түсті. Түрлі аймақтардағы қазақтарға да жаңа қатер төніп келе жатты.Жәңгір мұны біліп, мүмкін болғанынша шаралар қолданды. Қазақ жасақтарын жинап, көрші билеушілерден көмек сұрау қажет болатын. Өз кезегінде Батыр қонтайшы да Жетісуға шабуыл жасау үшін одақ құрды. Бұл одаққа халхастық Алтын ханның ұлы Омбо-Эрдни, Батыр қонтайшының күйеу баласы Огирту-Цэцэн хан, Огиртудың інісі Абылай хан,Чокур тойшы, Солтан тайшы (холт) және көптеген ұсақ тайшылар қосылды. 1643-1647 жылдарда жаңа қазақ-жоңғар соғысы басталды ол осының алдындағы оқиғалардың барысымен, жоңғар феодалдарының және Батыр қонтайшының ниеттерімен дайындалған еді. Жалпы Батыр 50 мың адамдық әскер жинай алды. Бұған негізінен түрлі топтардағы жоңғарлар және олардың одақтастары - Орталық Азияның монғол халықтары кірді. 1643 жылы Батыр Тянь-Шаньның оңтүстік сілемдеріндегі жерлердің бір бөлігін басып алды, бірнеше мың қазақтар мен қырғыздарды тұтқынға түсірді.

Сонда Жәңгір Бұхара хандығының ықпалды төресі әйгілі әмір Жалаңтөстен көмек сұрады. Тянт-Шань қырғыздарының әміршілерімен де уағдаластыққа қол жеткізілді. Олар көмек көрсетуге уәде берді /13,37/. Жағдай жедел қимылдауды талап етті. Жиналған жасақпен Жәңгір Жоңғар Алатауына, Орбұлақ деген жерге жетті. Қазақ ханы сол жерде жоңғарлардың беталысын бақылап жатты. Жәңгір сұлтанда небәрі 600 қаруланған атты әскер бар еді. Бұлар таңдаулы жасақтар болатын. Олардың арасында Шапырашты Қарасай, Арғын Ағантай, Алшын Жиембет, Қаңлы Сарпық, Найман Көксерек, Дулат Жақсығүл, Суан Елтанды батырлар болды. Жоңғарларға қарсы күресте Жәңгір тапқыр әрі дүрыс айла-тәсіл қолданды. Оны А.И.Левшин былайша суреттейді:"Осы бір ат төбесіндей өз адамдарымен ашық шайқасқа шыға алмаған ол адамдарының 1- жартысын 2 таудың арасындағы табаны төрт сай және жанжағы биік жартас шатқалға орналастырып, өзі екінші бөлігімен таудың арғы жағында тығылып тұрды. Жоңғарлар бекініске жақындап келіп, оған лап қойды, міне сол уақытта, жердің тар болуы себепті қоршап алуға өте тиімсіз шайқаста көп адамдарынан айырылған кезде, Жәңгір оларға желке тұсынан тап берді. Бұл соққының күтпеген жерден жасалуы осы үшін таңдап алынған жауынгерлердің қаһармандығы және олардың бәрі тамаша мылтықтармен жарақатандырылуы батырды көп шығынға ұшыратты". Жәңгір әскерлері санының осынша аз болуын екі жағдаймен /11,76/ түсіндіруге болады. Бірінші жағдайды М.Тынышбаев келтірген. Ол "Жәңгірдің билігі әлі нығайып үлгерген жоқ еді" деп жазған. Оның үстіне сол кезде Есім ханның өлгені дәл анықталмаған болатын. Сондықтан М.Тынышбаев бұл хан сайлаудың алдындағы уақыт еді деп санаған. Алайда 1628 - 1643 жылдарға дейінгі уақыт едәуір ұзақ мерзім. Шынына келгенде Жәңгірде әскер санының осындай аз болуы төтенше жағдайлармен ғана түсіндірілуі мүмкін. Өкінішке қарай бізде Жәңгірдің хан жариялауының дәл мерзімі жоқ. Оның 1635 жылы әлі тек сұлтан екені мәлім. Жәңгірді хан деп жариялау туралы алауыздықтар мен дау-дамайлар болғанын дәлелдейтін мән-жайлар бар. Бұл атақтан басқа адамдар да үміттенген. Мұндай жағдайда Орбұлақтағы шайқас кезеңіне дейін де Жәңгірдің әлі хан деп жарияланбаған болуы керек.

Қорыта келсек, бұл кезеңдегі деректерге қарағанда Жәңгір хан дәуірінде қазақтар мен ойраттар арасында үш ірі шайқас болған,біріншісі,1635-жылы,екіншісі,1643-жылы,ал үшіншісі,1652-жылы болды. Бұл соғыстарда бірде қазақтар бірде жоңғарлар жеңіп отырды.Салқам Жәңгір қаза болған 1652 жылғы зор майдан оның халқы үшін абыроймен аяқталған.Қаһарман ханның сүйегі жау қолына түспейді. Қазақ Ордасының астанасы Түркістанға әкелініп, арулап, әспеттеп, Әзірет Сұлтанның саясына қойылады. Басына тұрғызылған күмбез уақыт оза келе жермен жексен болған.Бар ғұмырын туған ұлтының мерейін көтеруге арнаған, сол жолда жанын қиған сайыпқыран Салқам Жәңгірдің асыл сүйегі нақты қай шаршыда жатқанын қазір ешкім де білмейді.