Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

19 дріс

.docx
Скачиваний:
35
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
28.62 Кб
Скачать

19-тақырып. О.Бөкеев шығармашылығы

Мазмұны: Шығармашылық өмірбаяны. Әңгімелерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері. Жазушы повестерінің қазақ әдебиетінен алатын орны. Шығармаларындағы мифологизм.

Көрнекті қаламгер Оралхан Бөкей 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 1961 жылы осы ауылдағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектепті бітіріп, еңбекке араласады. Әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1969 жылы тәмамдаған.

1965-68 жылдар аралығында бұрынғы Үлкен Нарын аудандық “Еңбек туы”, Шығыс Қазақстан облыстық “Коммунизм туы” (қазіргі “Дидар”) газеттерінде қызмет істеген.

1968 жылы республикалық “Лениншіл жас” газетіне шақырылып, Алматыға келеді.

1974-83 жылдары “Жұлдыз” журналы проза бөлімінің меңгерушісі және редакция алқасының мүшесі қызметін атқарады. Кейіннен “Қазақ әдебиеті” газетінің редакторы болып тағайындалған.

1993 жылдың мамыр айында Үндістанда қайтыс болады.

Оралхан Бөкей әдебиет сүйер қауымға 60-жылдардың аяғында жазылған “Бура” әңгімесімен танылған еді. 1970 жылы “Қамшыгер” атты тұңғыш жинағын жарыққа шығарды. “Қайдасың, қасқа құлыным” (1973), “Үркер” (1971), “Мұзтау” (1975), “Ән салады шағылдар” (1978), “Үркер ауып барады” (1981), “Біздің жақта қыс ұзақ” (1984), “Ұйқым келмейді” (1991) повестері мен әңгімелер жинағы Оралхан Бөкейдің қаламгерлік шеберлігін, өзіндік өрнек-мәнерін танытты. Ол өз оқырманын шұрайлы да шешен тілімен баурап алды.

Оралхан Бөкей – Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының, Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, “Молодая гвардия”, “Жалын” баспалары сыйлықтарының иегері. Шығармалары жазушының көзі тірісінде орыс, ағылшын, чех, болгар, венгр, араб, жапон тілдеріне аударылған. Драмалық шығармалары “Құлыным менің” (1974), “Текетірес” (1976), “Қар қызы” (1982), “Зымырайды поездар” (1984), “Желтоқсан желі” (1988) театр сахнасында жиі қойылып, көрермендер тарапынан жоғары баға алып келеді.

Оралхан Бөкей қаламынан “Өз отыңды өшірме” атты роман туды. Бұл шығарма түрі мен мазмұны жағынан жазушының өзіндік ерекшелігін таныта білген туынды болды. Роман жарық көргенде сыншылар тарапынан көптеген пікірлер айтылды.

Романға арқау болған ХХ ғасырдың бірінші ширегінде үлкен дүрбелең туғызған өзгерістің қазақ даласындағы көрінісі мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, соғыс біткеннен кейінгі уақыттағы Түрксіб теміржолы бойындағы қазақ ауылының тынысы десе де болады. Тапқа жіктелген қоғам, алмағайып, аласапыран кезең уақиғасы адамдар тұлғасы, олардың іс-әрекеті, бір-біріне қарым-қатынасы қат-қабат тартыс аясында баяндалады. Жазушы шығарма композициясын өзіне тән машықпен құрған. Роман оқиғасы бес салаға жіктелген. Әрбір сала бүгін мен баяғының бейнесін беретін тараушаларға бөлінген. Қазақтың сайын даласының төсінде бір кездегі кеңестік дәуірдің керемет болып аталған ерлігі – Түркістан – Сібір теміржолының түйісуі қаншама құрбандық пен қиындықты қажет етті. Бірінші салада, “Бүгінде” және “Баяғыда” деп басталатын тараушаларда оқиға орталық кейіпкер Дарханның айналасында өрбиді. Яғни, бұл - “Түрксібтің қайлашы болып бастаған кәрі жұмысшыларының бірі туралы хикая” (О.Бөкей).

Жазушы замана шындығын кейіпкерлерінің бітім-болмысы, ішкі жан-дүниесі, өмірлік мұраттары, әрқилы тағдырлары арқылы терең танытуға ұмтылған. Әртүрлі оқиғалар, әлеуметтік тартыстар, адамдар арасындағы басқа да қарым-қатынастар роман оқиғасын барынша шиеленістіріп, шынайылығын арттыра түскен. Адам тағдырын жалаң саяси-әлеуметтік ауқымда емес, барынша күрделі өмірлік заңдылықтар аясында таныту - бұл шығармасында қаламгердің ұстанған басты позициясы.

Романның орталық қаһарманы – Дархан. Дарханның әкесі Таңатар айналасына қадірі бар қарапайым жылқышы. Көп жылдар бойы Омар байдың жылқысын баққан. Өзі балуан. Дархан болса бұғанасы қатпаған жас күнінен екі қолына сеніп, еңбегімен күн көрген.Үлкен әлеуметтік өзгерістер қазақ даласына да елеулі әсер еткен. Оны осы Дарханның өмір жолынан да айқын аңғарамыз. Салынып жатқан темір жол құрылысына кіріп, соның ауыртпалығын өзі сияқты көптеген қарапайым еңбек адамдарымен бірге көріп, көтереді. Өз ісіне берік, барынша адал жігіт көбінде қиыншылықтарға тап болады. Омар байдың сұлу қызы, егіздің сыңары, ақылына көркі сай Гүлия сияқты аяулы жарының қапылыста жаман пиғылды адамның қолынан қаза табуы Дарханды мүлде есеңгіретіп кетеді. Бүкіл ғұмырын адал еңбекке арнай жүріп, қарттыққа аяқ басқанда аяулы жарының басына мазар тұрғызуға кіріседі.

Омар байдың жалшысы болып, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін атқа мінген Оспан - әпербақан, шаш ал десе бас алатын әумесерлігімен бірге, өз алдына бір күрделі болмысты кейіпкер. Айналасындағы адамдардың не айтарын алдын-ала сезініп, алдын орап отырар залымдық, өзі істеген істі екінші біреуге именбей жала қылып аудара салар арсыздық, өз мақсаты жолында ештеңеден аянбайтын өлермендік – Оспан бейнесін аша түсетін сипаттар. Роман оқиғасында Оспан өткен мен бүгіннің екеуінде де бой көрсетеді: “Баяғыда” деп баяндалатын тарауларда барлық оқиға Оспансыз өтпейді. Сұғанақ Оспан кез келген жерге кіріседі. Бір көзін Омар байдың қамшысы ағызып түсіргенде кектенген ол кеңес өкіметі орнай салысымен Омарға ат ойнатып жеткен. Айлалы, әккі бай әкіреңдеп келген Оспанды бір ауыз сөзбен матаған: “Үй болып, түтін түтетер шағың жетті, бой жетіп келе жатқан егіз қызым бар, таңдағаның – сенікі”, - деген. Оспан осы сөзді малданып, егіз қыздың естісі, сұлулығы да артық Гүлияға өзінше жіп тағады. Осы Гүлияға қол жеткізер жолдағы үлкен кедергі – Дархан. Оның Қамбармен арадағы алтыбақан құрған кештегі қақтығыстан соң құрған өмірлік жоспары – тек “өзіндік Оспандық мемлекет құру” еді. Айламен ғана әрекет қылу, ішкі ой-мақсатын жан баласына сездірмеу Оспанның басты заңына айналды. Өзінен өлердей сескенетін әрі жек көретін Гүлияны жар етемін деу мүлде болмайтын іс екенін мойындағысы келмейді. Омар бай тәркіленгенде бар қысастығын жасап баққан. Оспан шешесі Рахия, сыңары Дүриямен бірге қалаға аттанып бара жатқан жолда басына жаңа сойған қойдың қарнын кептеп киіп, соңынан қуып жетіп, кездікпен Гүлияның бетін тіліп жібереді. Кейін, Түрксібтің түйісу тойына сапар шеккелі тұрған Дарханды шығарып салмақшы болған Гүлияны қапылыста атып өлтіріп кетеді. Қулығына құрық байламайтын айлакер, “жыланның жусағанын білетін” зымиян Оспанды жеңген жылқышы жігіт Бати. Осы байлықты алып, қашпақ болған сәтінде тұтылады. Роман оқиғасы Ұлы Отан соғысының басталған, жүріп жатқан және аяқталған кезеңдерін айналып өтпеген. Арнайы броньмен теміржол бойындағы қызметте қалдырылған Дархан ауылдастарының қайғысы мен қасіретін бірге көтеріседі. Әр түрлі пиғылды кейіпкерлердің іс-әрекеті осы бір қиыншылық кезінде оған барынша таныс бола түскендей болады.

Аяулы жары Гүлияның басына мазар тұрғызып жүрген кезде баяғы бір шақта бауырларына бала қылып салып алған Гүлияның ағасы Долдаштың ұлы Мұратқа іздеу салады. Нәтижесінде Мұраттан туған Жалғас Дарханды іздеп келеді. Гүлиядан айырылып қалған кезде Дархан Мұраттан да көз жазып қалған болатын. Сөйтсе ол балалар үйінде тәрбиеленіп, есейіп, үйлі-баранды болған. Барлық азаматтар қатарлы майданға аттанып, оралмаған екен. Соңында жары, осы Жалғас деген ұл қалыпты. Дархан шал Жалғасты отымды өшірмейтін өмірімнің жалғасы деп түсінеді. Кезінде заман екпінімен шекараның арғы бетіне асып кеткен Таңатар шал ұлы Дарханға ошағының отын сөндірмеуді аманат етсе, енді Дархан шал бұл аманатты Жалғасқа тапсырады.

Романның тілі шұрайлы. Өмір шындығы қаламгердің көркемдік қиялына сай өрнектелген.

О. Бөкеев шығармашылығы әдебиеттану ғылымы мен сынында зертттеуден кенде қалды деп айта алмаймыз. Алғашқы туындылармен-ақ әдебиет сүйер қауымды елең еткізген жазушының шығармашылық әлемі күні бүгінге дейін зор қызығушылық тудыруда. Асқар Егеубаевтың: «Алпысыншы жылдарда жас жазушы ретінде кеңінен танылған үлкен бір буын 70 жылдарда қазақ прозасының негізгі күшіне айналып, кемелденеді. Ә.Тарази, С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, С.Жүнісов, Р.Тоқтаров, С.Санбаев, О.Бөкеев т.б. «Тізімшілдік» дегенмен, аталған жазушылардың есімдерінің өзі әдеби шығармаларды, әдеби-творчестволық концепцияларды еске салады. Егер осы жазушылардың әрқайсысының өсу лабораторияларына үңілер болсақ, прозамыздың кең тынысын, мол түсті бояуын білумен бірге, әр онжылдықтағы әдеби тұрмысымыздың тыныс-ерекшеліктерін айна-қатесіз таныр едік», - дегенін ескерсек, О.Бөкеев шығармашылығы жетпісінші жылдардағы қазақ әдебиетінің жаңа бір тұрпатын танытады. Бұл жөнінде М.Сқақбаевтың жалпы 70-80 жылдардағы қазақ прозасының өзіндік ерекшеліктері туралы: «...біз бүгін одақтық, әлемдік әдебиеттегі жаңа сыпаттарды, соны ізденістерді осы үшінші буын творчествосынан молырақ ұшыратсақ, оған таңданудың еш реті жоқ. Мәселен, баршамызға сонау шәкірт кездерімізден жақсы таныс баяндаудың, суреттеудің классикалық үлгісімен қатар, қазір ой ағыны жиі қолданылып жүр. Бұл – психологизмнің прозадағы негізгі принциптерінің біріне айналуының нәтижесі. Сондай-ақ көркем туындылардағы философиялық тереңдіктің дамуы әр түрлі концептуальдық шығармалардың пайда болуына алып келеді. Осы күндері интелектуальды проза, интелектуальды поэзия дейтін терминді жиі айта бастадық. Осының бәрі сайып келгенде, көркем әдебиеттің даму жолындағы түр мен мазмұн табан тіреген сапалық жаңа сатылар» – деген пікірін О.Бөкеевке де қатысты айтуға болады. Шындығында да, қаламгер шығармаларына философиялық астарды шартты сюжеттер, символикалық сипаттағы образдар арқылы беру, қалыптасқан дәстүрді саналы түрде орай өтіп, белгілі дәрежеде жаңашылдық өрнектердің бой көрсетуі тән.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, О.Бөкеев шығармашылығы туралы көптеген мақалалар мен зерттеулер баспа бетін көрді. 1984 жылы С.Қирабаев «О.Бөкеев повестері туралы» деген арнайы мақаласында қаламгердің «Біздің жақта қыс ұзақ» жинағына енген повестеріне байыпты талдау жасайды. Ғалым: «Оралханның ескі сүрлеуді таптамай, әдебиетке өзіндік үнімен, сырымен, айтар ойымен келгені, өмірді өзінше көріп тануға, өзінше бейнелеуге ұмтылысы, осы жолдағы сәтті ізденістері оның оқырманын тез табуына, оның жүрегінен жылы орын алуына себеп болғаны даусыз», - деп жазушы жаңашылдығын дөп басып айтады. Т.Ахметжан болса О.Бөкеевті адам мен ғаламның құпиясын ашуға талпынған философ ретінде бағалайды.

Соңғы уақытта суреткер шығармашылығы кандидаттық диссертация жұмыстарының тақырыптарына өзек болып отыр. Атап айтқанда, Қ.Жанұзақова жазушы прозасындағы романтизм табиғатына, М.Әйтімов «Қазақ повестеріндегі лиризм» атты диссертация жұмысында О.Бөкеев повестеріндегі лирикалық бастауға тоқталады. М.Әйтімов, әсіресе, лирикалық арнаның кейіпкер жан дүниесіндегі ең бір елеусіз өзгеріс, қозғалыстарды көрсетуге, өмірдің сезімдік жақтарын, нағыз адамгершілік айқын аңғарылатын сәттерін шынайы суреттеуге мол мүмкіндік жасайтынына назар аударады. Сондай-ақ, қаламгер шығармашылығының қыр-сырларын зерттеуге Ө.Көзбеков, Ж.Жарылғапов, М.Арғынбаева тәрізді ғалымдардың да қосқан үлестері айтарлықтай. Атап айтқанда, Ө.О.Көзбеков О.Бөкеев шығармаларындағы аңыздық желі мен символдың көркемдік қызметіне, жалпы жазушы прозасының поэтикасына тоқталса, Ж.Жарылғапов суреткер туындыларындағы адам концепциясына назар аударады. Ал зерттеуші М.Арғынбаева О.Бөкеев повестеріндегі адам мен әлем концепциясына қатысты тың пікірлер келтіре отырып, қаламгер шығармаларының философиялық астарына зер салады.

Ғалым Т. Мәмесейітов: «...О.Бөкеев әдебиетімізге өзіндік бетімен, өзіндік өрнегін сала келген жазушы. Оның алғашқы әңгіме-повестерінен-ақ өзінше сөз саптасы, асқақ мінезі, алғыр зерде-зейіні оқушысын бірден баурай түскен еді. Жазушының ой мен сезімді қатар өрген шығармалары бірде тұңғиық ойға жетелесе, бірде асқақтыққа, өршілдікке тарта беретін. Олардан бірде романтикалық құштарлықты, бірде публицистік от-жалынды, бірде реалистік өткірлікті, енді бірде сағыныш-мұңға бөлейтін лирикалық әуенді айқын аңғарар едік», - деп жазушы шығармаларының әрі романтикалық, лирикалық, әрі философиялық, әрі реалистік сипатын дәл атап көрсетеді.

Жоғарыда көрсетілген ғылыми еңбектерде, диссертациялық зерттеу жұмыстарында, баспасөз бетінде жарияланған мақалаларда О.Бөкеев туындыларының идеялық-көркемдік ерекшеліктері, повестеріндегі аңыздық, мифтік сюжеттердің көркемдік қызметіне, экзистенциализм көрінісіне мән берілгеніне куә болдық. Сол себепті біз қаламгер повестерінің жанрлық ерекшеліктерін айқындауда көркем уақыт пен кеңістіктің рөліне назар аудармақпыз.

Ғалым-зерттеушілер О.Бөкеев повестеріндегі философиялық бастауларды ерекше атап көрсетеді. Шындығында да, О.Бөкеевтің шығармаларын оқығанда, жазушының өзіндік философиялық концепциясының болғандығына көз жеткіземіз. Шығарманың сюжеті болсын, философиялық монологтар, характерлер, кейіпкерлердің іс-әрекеттері болсын, барлығы да осыны аңғартады. Жазушы өзін толғандырған адам өмірінің мәнін, болмысының сырын ашуға повесть жанрын оңтайлы көрді. Себебі повесте басқа жанрлармен салыстырғанда кейіпкердің рухани болмысындағы қарама-қайшылықтардың түпкі мәнін анықтау арқылы бұрыннан адамзатты толғандырған, бүгінде жаңаша сипатқа ие болған философиялық мәселелерді шешуге мол мүмкіндік бар. Бұл, алдымен повестің жанрлық табиғатына орай оның бойындағы субьективизмге, қоршаған ортаға, әлемге деген өзіндік көзқарасы бар кейіпкерлердің бейнеленуіне, баяндау типіне, сюжет ерекшеліктеріне байланысты. О.Бөкеев повестерінің осы өзгешеліктері көркем уақыт пен кеңістіктің ерекшеліктерін сипаттайды.

О. Бөкеевтің «Қар қызы» повесінің алғашқы нұсқасы 1977 жылы жазылып, кейін қайта өңделіп, 1984 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» жинағында жарияланды. Аталмыш повестің жанрлық түрін белгілеуде әдебиеттанушы ғалымдар, зерттеушілер, сыншылар арасында әр қилы тұжырымдар қалыптасқаны белгілі. Филология ғылымдарының кандидаттары Ө.Көзбеков, М.Әйтімовтар повестің реалистік сипатының басым екендігін дәлелдеуде жазушының: «Менің «Қар қызы» деген повесім бар. ...Суыққа үсіп, ұйқы меңдеп енді-енді өлейін деп жатқанында Нұржанды Қар қызы келіп оятады. Олардың тірі қалуына себепкер болған – сол аты аңызға айналған Қар қызы. Ондағы Нұржан – өзім. Бұл болған оқиға, мектеп бітірген соң көп жыл тракторист болып істегенмін», – деген сөзіне жүгінеді.

Үш кейіпкердің шын болмысы, ақыл-ой өрісі, ішкі жан дүниелерінің қалтарыс-иірімдері қаламгердің ойынша адам еркін тұсаулаған, өзінің белгілі бір заңдылықтары бар «әлеуметтік» кеңістікте емес, алып кеңістікпен бетпе-бет, жеке келгенде ашылуға тиіс. Осы табиғат кеңістігі мәңгілік ғарыш әлемнің кішірейтіп алынған моделі, сондықтан алып кеңістік-табиғат аясында жалғыз қалған адам өзін мәңгілік дүниенің титімдей, елеусіз бөлігіндей сезінеді. «...Көкжиек жоқ: аспан да, байтақ өңір де ақ сұр; жер жоқ, бір өңкей бой суытып, жүрек мұздатар сұмпайы қар; еріксіз жалықтырады, еріксіз жалғызсыратады... Жаратылыстың осыншалық қатыгездігіне налығандай әлемдегі бүкіл жақсылық пен жамандық атаулыдан безінесің; ақша қардың ортасында меңдей қарайып тұрған жалғыз трактор – аппақ дастарқанның үстінде жорғалаған қоңыздай-ақ қауқарсыз, бейшара», – деп суреттейді. Адамдар арасында қара күштің баламасы саналған трактордың өзі кеңістік өлшемімен қарағандағы ноқаттай ғана.

Осы алып кеңістікке үш тағдырдың, үш дүниетаным иесі – Нұржан, Аманжан, Бақытжан «тасталған». Автор адамның өмір үшін жан таласын суық дүниеге қарама-қарсы қойып, адамның адамшылығы неде екендігін тапқысы келеді. Адамды тәубеге келтірер бірден-бір нәрсе осы табиғат қаталдығы деп түсінеді. Табиғат оқиға желісіне араласып отырады, кейіпкерлерді дедектетіп, оқиғадан оқиғаға қуып отыратын күш – табиғат қаталдығы. Осылайша, шығармада кеңістік пен адамның ара қатынасы ашылып, кейіпкер характерлерінің қоршаған ортасына орай өзгеруі сипатталады. Жазушының өзі айтқанындай: «Ол повесте менің айтайын дегенім тракторшылар өмірі емес, кеңістік пен жалғыздық мәселесі, адамның кеңістікті түйсінуі, қабылдауы, кеңістіктің жалғыздыққа ықпалы». Адамның өз жалғыздығын, ұшы-қиыры жоқ кеңістікті қабылдап, сезінуі Нұржанның беймәлім өкініші, сағынышы, тылсым дүниеге деген құштарлығы арқылы беріледі: «...Осы қу мекиен ай далада жападан-жалғыз қалып қойғысы, қалып қойып аннау аппақ кебін қардың үстіне ақпен табандаған қара пиманың ізін тастап, мәңгі тымық, мәңгі суық шексіздікке, алдыңғы күні белгісіз бозаң жолға шыққысы келеді...» О.Бөкеев кейіпкерлері арқылы жақсылық пен жамандықтың күресі мәңгілік екендігін айтқысы келеді. Нұржан, Аманжан, Бақытжан бойындағы қасиеттердің тегіне, ата-анасына байланысты деген ойын автор шығарма соңында анық аңғартады.

Сонымен, «Қар қызы» повесінен көңілге түйгеніміз: жазушы өз кейіпкерлерін ішкі болмысы неғұрлым ақтарыла ашылатын, туа біткен және қоғамдық ортасы қалыптастырған мінез-құлқы, жан дүниесінің сырт көзге беймәлім қалтарыстары жарқырап көрінетін «кеңістікке – табиғат кеңістігіне» тастайды. Өмір материалдарын қорыту арқылы оған әлеуметтік-философиялық салмақ қосып, бірегей характер жасайды. Аталмыш қасиет қаламгердің «Сайтан көпір» повесінен де анық байқалады. Повестің негізгі идеясы - Жақсылық пен Жамандықтың күресі. Тәңір, Аспан, Аман – Жақсылықтың жаршылары болса, Анау, Айқай, Жаңғырық – Жамандықтың қодаушылары. Жақсылықтың беті ашық, сондықтан ол повесте нақты адам бейнесінде көрінеді. Ал Жамандықтың жүзі қара, алпыс айлалы. Ол көбінесе жауыздықты жасырын айла-тәсілмен істейді. Оның кім екенін түстеп тану өте қиын. Сол себепті де, ол абстракциялы символ-бейнелер ретінде көрініс береді. Ал, осы Жақсылық пен Жамандықтың күресі де мәңгілік. Бұл идея шығармада «Сайтан көпір» символы арқылы беріледі. Әкесі Тәңір де, баласы Аспан да сол көпірден өте алмай қар көшкінінің астында қалады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы қияметтің сырын іздеген Аспан: «Ойлап жатса, әкесі айтқан әңгіме әсте де аяқталмаған екен-ау... Аспан жылқышы сол бір уақиғаны жалғастыру үшін қарға көміліп жатқандай... Қазақта «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» деген сөз бар; әкесі Тәңір ақсақал өзінен де жаман апатқа тап болса да аман қалған екен, суішкілігінің таусылмағаны ғой. Бірақ сол ата-бабасынан бермен итше сүмеңдеп еріп қалмай келе жатқан бейнеттен құлантаза арылар күн туа ма, жоқ па өзі... Әлде баласының баласына жалғаса бере ме?..» [100, 171б.], - деп толғанады. Туындыда бұл «циклдік хронотопты» - өмірде бәрі де қайталанып отырады дегенді еске салады. В.В.Савельеваның айтуынша мұндай хронотоп шығарманың көркемдік әлемінде тағдырдың жазмышы ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ Аспан да, оның баласы Аман да «тағдырды жеңе білді». Жазушының да повеске «Өмірдің қандай қиын-қыстау кездері, қандай ауыр минуттары басқа түссе де, менің жүрегім: «Жасай бер, адам!» - деген гимнді шырқаудан танған емес» - деген М.Горький сөзін эпиграф есебінде алуы да тегін болмаса керек.

Повесте шартты түрде екі түрлі уақыт-кеңістікті атап көрсетуге болады: біріншісі – Аспан шалдың уақыт-кеңістігі; екіншісі – Аманның уақыт-кеңістігі, әрқайсысы характерді даралауға және автор идеясын айқындауға қызмет етеді. Кейіпкерлердің уақыт-кеңістігі реалды уақыт тұрғысынан өзара қиылыспаса да, суреткерлік уақыт тұрғысынан бір-бірінен тәуелді және бүкіл шығарма бойында өзара байланыста беріледі. Бұл байланыстың рөлін әкелі-балалы екеуінің өмірінде де ерекше орын алған Сайтан көпір атқарып тұр. Сайтан көпірде Жақсылық пен Жамандық бетпе-бет келеді, адамның өз бойындағы сайтаны мен періштесі теке-тіреске түседі: «Әркімнің алдында түптің түбінде өтпей қоймайтын «Сайтан көпірі» бар. Тек қорықпағандар ғана арғы жағалауға шығып, мақсатына жетпек. Мен сол көпірден дұрыс өте алмадым. Сонсоң әркімнің бойында бір сайтан бар, - дейтін көріп отырғандай сеніммен, - бұл жалғанда күнә жасай берсе, сол иығында қонып отырған сайтан, оң иығындағы періштені жеңеді де, күндердің күні болғанда әлгі адамды бүтіндей жынға айналдырады. Күнәһарлықтың басы осылай басталмақ» [100, 198б.],- деген Аспан шалдың сөзінен авторлық ойдың ұшқынын көреміз. Сайтан көпір - әрі нақты, әрі мистикалық образ дәрежесіне көтерілген. Повестегі кейіпкерлердің өткен өмірін бағамдап, жаңаша құндылықтардың мәнін түсуніге түрткі болған да осы Сайтан көпір. Екі кейіпкердің де хронотопында ол өткен мен қазіргінің және келешектің қиылысу нүктесі.

«Жетім бота» повесінің негізін жазушының бас кейіпкер ой-толғаныстарымен астасқан ой ағыны, кейіпкерлерінің көңіл-күйлеріндегі өзгерістер, олардың бақыт пен махаббат, Мәңгілік пен Даралық, жақсылық пен жамандық туралы тебіреністері құрайды.

Тасжан әлдеқайда асыққан, күндері зулап бірін-бірі ауыстырған заманда көптің арасында өзінің даралығын, табиғатпен, бабалар тарихымен байланыстыратын «жеке менін» жоғалтып алудан қорқады. Осы жолда Ақбота жігіттің рухани «қайта жаңғыруына» септігін тигізеді.

Адам мен қоршаған ортаның қарым-қатынасын философиялық тұрғыдан түсіндіруге ұмтылатын жазушы адамды табиғаттың бір бөлшегі ретінде қарастырады, осының нәтижесінде жеке уақыт пен кеңістік әлемдік ауқымда беріледі. Сондай-ақ О. Бөкеев повестерінде мәңгілік ұғымы ерекше мәнге ие. Мұның өзі шығармадағы көркем уақыт пен кеңістіктің өзгеше көркемдік шешім табуына түрткі болды, бұл шығарманың аяқталмай қалғандай әсер туғызуынан көрінеді. Қаламгердің философиялық астарды шартты сюжеттер, символикалық сипаттағы образдар арқылы беруі ондағы обьективтік және субьективтік уақыт-кеңістіктің күрделі қарым-қатынасына алып келді.

Әдебиеттер:

  1. Қирабаев С. Талантқа құрмет. Алматы, 1988.

  2. Жанұзақова Қ. О.Бөкеев прозасындағы романтизм. Алматы, 1999.

  3. Бөкеев О. Біздің жақта қыс ұзақ. Повестер. – Алматы, 1984.

  4. Бөкеев О. Өз тақырыбың болсын десеңіз / Лениншіл жас. - 1985, 19 февраль.

  5. Аманшаев Е. Кеңістік пен кейіпкер әлемі немесе «ой ағыны» туралы ойлар//Жұлдыз. – 1988. - №9.

  6. Көзбеков Ө. О.Бөкеев прозасының поэтикасы.- Алматы, 1997

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]