Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

18 дріс

.docx
Скачиваний:
32
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
29.7 Кб
Скачать

18-тақырып. Ә.Кекілбаев шығармашалығы

Мазмұны: Шығармашылық өмірбаяны. Әңгімелерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері. Жазушы повестерінің қазақ әдебиетінен алатын орны. Романдарындағы тарих тағылымы. «Аңыздың ақыры» романындағы психологизм.

Әбіш Кекілбаев 1939 жылы қазіргі Маңғыстау облысы, Онды ауылында дүниеге келген.

1962 жылы қазіргі Әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1962-64 жылдар аралығында “Қазақ әдебиеті”, “Жас алаш” газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1964-68 жылдары ҚР Мәдениет министрілігінде репертуарлық-редакциялық коллегиясының мүшесі болды. 1970-75 жылдары “Қазақфильм” киностудиясында бас редактор, 1975-84 жылдары Орталық комитетте мәдениет бөлімінің нұсқаушысы болды (сектор меңгерушісі). 1984-86 ж. ҚР Мәдениет министрінің орынбасары қызметін атқарды. 1986-88 ж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болды. 1988-90 ж. ҚР тарихи және Мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы, 1990 ж. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде бөлім меңгерушісі, 1991 жылы ҚР Жоғарғы кеңесінің мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы, 1992-93 ж. “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы, 1993-94 ж. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, 1994-95 ж. ҚР Жоғарғы кеңесінің төрағасы, 1995 ж. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, 1996 ж. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, Парламент комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1996 жылдың 30-қазанынан 2002 жылға дейін ҚР Мемлекеттік хатшысы болды. Қазір Парламент сенатының сенаторы.

1962 жылы алғаш рет “Алтын шуақ” деген атпен өлеңдер жинағы жарық көрді. 1966 жылы “Бір шөкім бұлт”, 1968 жылы “Дала балладалары”, 1974 жылы “Бір уыс топырақ”, 1973 жылы “Тырау-тырау тырналар”, 1975 жылы “Құсқанаты”, 1981 жылы “Үркер”, 1984 жылы “Елең-алаң”, 1998 жылы “Заманмен сұхбат”, 1998 жылы “Азаттықтың ақ тағы” әңгімелер мен повестерін, эсселер мен романдарын жарыққа шығарды. “Ұйқыдағы арудың оянуы” (1979) дейтін әдеби-тарихи, “Дәуірмен бетпе-бет” (1972), “Заманмен сұхбат” (1996) атты әдеби-сын, әдебиет, өмір, заман туралы эсселер мен әдеби-философиялық, публицистикалық еңбектердің авторы. Әбіш Кекілбаев Л.Н.Толстой, К.Гоци, Г.Мопассан, Г.Ибсен, А.Чехов, И.Буниннің шығармаларын қазақ тіліне аударған. Өз шығармалары да бірсыпыра шетел тілдеріне аударылған. Немістің “Фольк унд Вельт” кітап баспасы жүргізген сауалнамасының хаттамасында жазушының есімі “ХХ ғасырдың ең таңдаулы жазушылары” тізіміне енгізілген. Кеңестік кезеңде Одақтық жазушылар алқасының, халықаралық “Лотос” жазушылар сыйлығы қазылар алқасының орталық “Художественная литература”, “Дружба народов” баспалары редакциялық алқаларының мүшесі болды. Азия-Африка жазушылары халықаралық комитетінің мүшелігіне сайланды. “Үркер”, “Елең-алаң” романдар циклі үшін 1986 жылы Абай атындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын иемденді. Ә.Кекілбаев өзінің драмалық шығармасына Абылайхан тұлғасын арқау етіп, ұлы қолбасшыны өте әсерлі бейнеледі.

Жазушы шығармалары халықтың кешегісі мен бүгінін, күрделі адами болмысты танытып, бейнелеуге арналған.

“Бір шөкім бұлт” жинағына екі-үш әңгіме және бір повесть кірген. “Бір шөкім бұлт” повесінің негізгі тақырыбы соғыс жылдарындағы ауылдағы оқиғалар негізінде жазылған. Орталық кейіпкерлері – Аққаймақ пен Шайзада. Аққаймақ – қатал тағдырға мойымаған жан. Әкесін соғыс жалмаған, шешесі жастай қайтыс болған. Сүйген жігіті Қаржау болса өз басымен әуре болып кеткен. Ең жақын жанашыры – енесін де ажал әкетті (Шайзада). Аққаймақ әйелі өліп, екі баласымен қорғансыз халде қалған, соғыста қос жанары сөнген Тайбағармен көңіл қосады.

“Дала балладалары” жинағына енген повестерінің біреуі – “Күй” – күйші тағдырын арқау еткен шығарма. Суреттелетін оқиға – ертедегі қазақ пен түркіменнің арасындағы алауыздық, жауласушылық. Повестегі басты характерлер – Жөнейіт пен Көкбөрі - түрікмен ауылының айтулы батырлары. Мәмбетсапа болса сирек көрінсе де найза байламас қулығымен, арамдығымен танылатын кейіпкер. Көкбөрі жапанда жалғыз Дүйімқараға соқтығып, опат болады. Інісінің өлімі Жөнейітке ауыр тиеді. Екі ұлы да жаугершілікте опат болған. Кенже ұлы Дәулет дутаршы. Дүйімқараға деген кек ашындырған Жөнейіт енді осы ұлын жауына қарсы аттандырады. Дәулет те қаза болады. Қасындағы нөкерлері Дәулеттің құны деп, күйші қазақ жігітін тұтқындап әкеледі. Жөнейіт қара жолдың бойына басын қылқитып, күйшіні тірідей көміп кетеді. Повесть Жөнейіт өлімімен аяқталады.

“Ханша-Дария хикаясы” повесінде Шыңғысхан өмірінің соңғы кезеңі әңгімеленеді. Автор аңыз желісін негізгі нысана еткенімен, мүлде тың бағытта жаңаша дүние тудырған.

“Бәсеке” повесінің сюжетінде жалғыз қызын ешкімге бермей, күйеу таңдаған байдың соңында теңі емес адамға қызын ұзатуға мәжбүр болғаны баяндалады. Ә.Кекілбаев авторлық баяндау мен кейіпкердің ішкі монологын шебер қабыстырады.

ХХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап повесть жанрында жазылған туындылар қазақ прозасында тың көркемдік сапалар қалыптасып, өсу белгілері байқалғандығының айғағы болғаны бүгінде шындыққа айналған қағида. Осы уақытта әдебиет майданына араласа бастаған Ә.Кекілбаев, О.Бөкеев, Д.Исабеков, Т.Әбдіков, С.Мұратбеков, М.Мағауин, Ә.Тарази сынды қаламгерлер қазақ прозасының кәсіптік деңгейінің көтерілуіне үлкен ықпал жасады. Әсіресе әңгіме, повесть жанрларын дамытуға белсене ат салысты. «Осы кезеңде жаңа творчестволық табыстарымен көрінген жазушылар бұрынғыдан да өсе түскендерін көрсетті. Әр түрлі жазушылар типі қалыптасты. Олардың стилі де бөлек. Олар бұрынғыдан гөрі өз шеберліктерін арттырып, көркемдік-поэтикалық қуатын танытты. Мұның өзі ұлттық мәдениетіміз мен әдебиетіміздің бұрынғы жауһарларынан үлгі алған дәстүр жалғасы аясында өрістеді. Бұл бұрынғы классиктеріміздің жақсы дәстүрлерін уақыт өткен сайын жаңа қырынан дамытуға деген үлкен талпыныс еді», – деп Т.Бекниязов атап көрсеткендей, аталмыш жазушылар алыптар тобының ізденіс сипаттарын, көркемдік дәстүрін одан әрі дамыта отырып, әдебиетте өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Олардың шығармашылығы жөнінде аз айтылып, аз жазылған жоқ. Мысалы, С.Қирабаев: «Олардың талантты өкілдері осы дәуір ішіндегі әдеби процеске белсене араласып, әдебиетіміздің жаңа ізденістерін, табыстарын байытуға үлестерін қосып жүр. Олар өз дәуірі шындығының жанды суретін ғана емес, замандастарының ішкі сезім күйлерін, оларды толғандырған ой-пікірлер байлығын ала келді. Жастардың жазу мәнерінде білімділік, мәдениеттілік сезіледі. Шындыққа әр көзбен қарап, әрқайсысы әр жағынан толықтыру арқылы олар әдебиет дүниесін байытуға едәуір үлес қосуда»– десе, Р.Нұрғали: «Қаламнан өмірге келмеген, өмірден қаламға келген. Творчестволарындағы басты сипат, басты құнар – өмірдің лебі, тіршіліктің бояуы», – деп, қаламгерлер шығармашылығының ең басты ерекшелігі ретінде ондағы өмір шындығының бейнелену сипатын атайды. Расында да жазушылар «шындыққа әр көзбен қарап», оқырман күткен, көптің көкейінде жүрген өткір әлеуметтік-адамгершілік мәселелерді алға тартты. Аталмыш мәселелерді шешуде соны ізденістер көкжиегін кеңейтті. Сондай ізденістердің бір ұшығы шығарма сюжетінен байқалды.

Қазіргі қазақ әдебиеті әлемдік әдеби үрдіспен байланыста бола отырып, бүгінгі таңдағы соны тенденциялардың игі ықпалын сезіне отырып, сандық, әрі сапалық жағынан даму үстінде. Бұған 70-80 жылдардағы әңгіме, повесть, романдардың көптеп дүниеге келуі дәлел бола алады. Біріншіден, сандық жағынан өсті; екіншіден, қазақ прозасы жанрлық, тақырыптық тұрғыдан күрделенумен бірге, авторлардың жеке шығармашылық шеберлігі айқын көріне түсті. Тарихи және тарихи-революциялық романдар, лирика-философиялық және әлеуметтік-тұрмыстық повестер, повесть-аңыздар, аналитикалық очерктер... Қаламгерлер дәстүрлі жанрлық шектеулер ауқымынан, қалыптасқан жанрлық талаптар шеңберінен шыға отырып, еркін жазуға ұмтылды. Қазақ прозаиктері «сана ағыны», психологиялық талдау, миф пен ақиқат шындықты ұштастыру тәрізді қазіргі көркемдік әдіс-тәсілдерді игерді. Әр қилы әдеби-көркемдік әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, соны жанрлық-стильдік ізденістер ауқымын кеңейтті. Бұл орайда олар «әлем халықтарының талай ғасырларды, мыңдаған жылдарды қамтитын ақыл-ойының інжу-маржандарына жүгінді. Уақыт пен кеңістікке орай, өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты байланыстыра қарап, жаңа көзқараста көркем туындыларды дүниеге әкелді. Халықтық фольклор мен мифтік мотивтер жазушылар шығармаларының көркемдік бояуын әрлендіре түсті» .

Осындай аңыздық желілерді, мифтік мотивтерді, ертегілік сюжеттерді пайдалану арқылы повестің жанрлық мүмкіндігін арттырған жазушылардың бірі – Ә.Кекілбаев. Қазақ әдебиеттану ғылымында Ә.Кекілбаев шығармашылығы біршама зерттелген. Әсіресе, аңыздар мен мифтердің жазушы повестері мен романындағы көркемдік фактор ретіндегі ықпалы көптеген диссертациялық зерттеу жұмыстарына арқау болды. Мысалы, Ж.Дүйсенбаева Ә.Кекілбаевтың «Күй», «Ханша Дария хикаясы», «Шыңырау», «Автомобиль» повестеріндегі аңыздық желілерге ғана тоқталып, олардың ел аузындағы нұсқалары, ерекшеліктері мен ұқсастықтарын салыстыра талдайды. А.Мәуленов қазіргі қазақ прозасындағы аңыздар мен мифтердің көркемдік танымдық қызметін анықтауға арнаған диссертациясында Ә.Кекілбаевтың өз повестерінде аңыздық желі, мифтік сюжеттерді айтар ойына, идеялық мақсатына сай пайдаланғанын дәлелдейді. Ж.Жарылғапов қазіргі қазақ прозасының адамды түрлі қарым-қатынас аясында қараудағы үлкен бір жаңалық – күн тәртібіне адам және тарих деген мәселені көтеру екенін айта келіп, Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесіндегі «жатсыну» проблемасына тоқталады. С.Асылбекұлы «Қазіргі қазақ повестеріндегі замана шындығы» атты диссертациялық зерттеу жұмысында 1970-80 жылдардағы қазақ повестерінің тақырып аясы кеңейе түскенін тілге тиек ете келіп, әсіресе тарихи тақырыпты игерудегі Ә.Кекілбаев шығармашылығының ерекше екенін айтады. Сондай-ақ ғалым көне аңыздар мен мифтер, маңызды, мәнді тарихи тұлғалар, оқиғаларды жай ғана суреттемей, оларды адамзатқа ортақ этикалық, эстетикалық, философиялық өрістерге шебер ұштастыра білуін жазушының шығармашылық өнерінің басты ерекшелігі ретінде көрсетеді. Ә. Кекілбаев прозасындағы «автор» және «қаһарман» мәселесін зерттеген Н.Исина жазушы повестеріндегі баяндау принциптеріне тоқталады.

Қазақ повесіндегі лиризм табиғатын саралаған М.Әйтімов Ә.Кекілбаевтың лирикалық сарында жазылған «Бір шөкім бұлт», «Құс қанаты» повестерін талдайды.

Сондай-ақ, баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларда да Ә.Кекілбаев шығармашылығы әр қырынан зерттелді.

Жоғарыда аты аталған диссертациялық зерттеу жұмыстарында, мақалаларда көбінесе Ә.Кекілбаев повестерінің тақырыптық-идеялық, көркемдік сипаты және жазушының аңыз, мифтерді қолданудағы көркемдік-стильдік ерекшеліктері сөз болғанын байқадық. Сондықтан біз суреткер шығармашылығына қатысты бұрын аз зерттелген мәселелердің бірі – оның повесть жанрындағы өзіндік ізденістеріне тоқталмақпыз. Атап айтқанда, жазушының «Күй», «Ханша Дария хикаясы» повестеріндегі аңыздық проза жанрларының, «Бәсеке» повесіндегі ертегі жанрының сақталу заңдылықтары, фольклорлық сюжеттерді пайдалану ерекшеліктері, сондай-ақ повесть жанрының фольклорлық жанрлармен «кірігу» процесі де зерттеу нысанына айналмақ.

Ә.Кекілбаевтың «Күй» повесі арқылы «жанрлық жады» – халық прозасының аңыз жанрын қайта жаңғыртты.

«Күй» повесінің басты сюжеттік желісі Маңғыстау жерінде геодезиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандарға жолбасшы болып ілескен Құрбан ақсақалдың дутарда ойнаған күйінің сарынында жатқан аңызға негізделеді. Күй сарыны өткен өмірдің түрлі оқиғаларына, қазақ пен түрікмен арасындағы талас-тартыстан сыр шертеді: «Бәрін көріп, бәрінен де торығып, бәрінен де сырт айналып, іргеге қарап бүк түсіп жатып алған кәрі пананың үй ішінде өзінен басқа адам қалмаған бір сәтте көкірегін кеулеп, жүрегін сыздатқан мұң-наланы бір лықсытып оңаша күрсінгеніндей, өткен мен кеткенді, дәл қазір қасында кәрі жүрегін тілімдеп жатқан пәтуасына көп күйбеңді не күлдіретіні белгісіз, не бүлдіретіні белгісіз беймәлім ертеңді ойлап күрсінгеніндей, ыңылы баяу, лебі ыстық күй сазы шымыр-шымыр өніп, бірте-бірте ширығып барады. Күй көкіректі өрепкіген сайын түрі жоқ, тілі жоқ мынау мақау дала бетінде әдемі әшекейі болмаған соң ешкім көзіне ілмей, оқып та қарамай, бір шетке ысыра салған көнетоз сұңғыла кітап сияқтана түсті. Сиқыр күй мелшиіп жатқан меңіреу даладан таң атқалы бұның қиялын әр саққа сабылтып жүрген көмескі елестерді қайта тірілтті».

Повесте аңыздық прозаның аңыз, әпсана-хикаят жанрлары шеберлікпен қолданысқа енген және жазушы бар оқиғаны күй тілімен жеткізеді. Шығарманың күрделі болатыны да осы себептен. Бұл тұста күй аңызының жанрлық ерекшеліктерін саралап алу қажет секілді. Өнер тарихында күймен баяндалатын аңыз-күйлер өте көп. Ж.Дүйсенбаева Ә.Кекілбаевтың қазақ күйшісі Абылдың түрікмендердің қолына түсіп тұтқын болып, одан өз өнері арқылы құтылғандығы туралы аңызды повеске арқау еткенін айта келіп, ел арасында тараған аңыздың нұсқасы мен повесть оқиғасын салыстыру нәтижесінде қаламгердің аңыз оқиғасын айтар ойы, идеялық мақсатына орай түрлендіре пайдаланғанына назар аударады.

Дегенмен, повесте фольклорлық жанрдың «өзіне тән» заңдылықтары да сақталған: жазықсыз құрбан болған жан – дарынды күйші, қатігез жендет-Жөнейіт хан, күй құдіреті (сырттай қарағанда фольклорлық үлгілердегідей қарама-қарсылық (контраст) анық байқалады). Бірақ «повесте Жөнейіт образы өзінің фольклорлық прототипінен өзгеше». Жөнейіт фольклорлық образымен, фольклорлық жанрлық дәстүрмен қарым-қатынасқа түсе отырып, көркем шығарманың өзіндік заңдылықтарына сәйкес даралау мен жинақтау принциптері бойынша сомдалған образ. Повестің жанрлық ерекшеліктері ондағы характердің жасалуы мен сюжет құру өзгешеліктерінен байқалатыны белгілі.

Повестің сюжеттік желісі аңыздық факторларға негізделген. Повестегі сюжеттің ерекшелігі автордың Қақпақты дөңіне байланысты бірнеше аңыздарды: Олжабай батыр мен Ер Төлеп туралы, мәңгүрттік туралы, Қараман ата басындағы анттасуға байланысты, Темір бабаға қатысты және Абыл күйші туралы аңыздарды бір-бірімен байланыстыра, сабақтастыра отырып, оларды қабығынан аршып, айтар идеясына қарай бұрып әкелуі. Дегенмен, повестегі басты сюжеттік желі – аңызға негіз болған тарихи дерек – Абыл күйшінің түрікмендердің қолына түсіп, оларды өнері арқылы тәнті етіп, азат болуы.

Бұл жерде көңіл аударатын жайт аңыздық фабула мен көркем сюжеттің арасындағы байланыс пен айырмашылық. Күйші Абыл аңыздың дерегі бойынша түрікмендерден өнерінің арқасында құтылып, кейін жетпіс екіге шығып, өз ажалынан қайтыс болады. Ал повесте Жөнейіт кісенде отырған тұтқынды тірідей көмдіреді және біз бұны шығарма соңына қарай сюжетке орайластыра кірістірілген түсінен білеміз: «Түлейдің жиегіндегі кібіртік қара қырбық жеткізбей қойды... Кебір қырбық өрнекке де ілікті. Айлы түнде ақсия жарқырап айдақ жол жатыр. Әне бір болар-болмас қарауытатын күйші тұтқынның басы ғой. Әлі ешкім көріп, ешкім тиіспеген болады… Ай астында қылтиып жалғыз бас қарауытады». Бұл туралы Ә.Кекілбаев былай дейді: «Мен шығарманы жазу үстінде Абылдың өмірбаянына тәуелді болғаным жоқ. Аңыздан ауытқуы себебім өте саналы түрде және музыкалық шығарманың өзінен туындайтын фактураларды тереңірек қамту үшін алынған әдіс».

Негізгі сюжеттік желінің дамуы барысында Жөнейіт характері де айқындала түседі. Шығарманың алғашқы беттерінде Жөнейіт образы динамикалы түрде, қозғалыста көрінеді: ол – іс-әрекеттің адамы, алып келу, шауып кету, жер дауы, жесір дауының қақ ортасында жүретін, жазықты мен жазықсызды айырып жатпай-ақ, қолы қалт етпестен өлімге кесетін, өз ауылын ашса алақанынында, жұмса жұдырығында ұстап отырған ру басы. Жазушы Жөнейіттің тұсауын алысқа жібермей шылбыр болып оралған қатыгез қоғамдық ортаның басыбайлы құлы, «қанға-қан» деген жалған кекшілдіктің құрбаны болған бейнесін, жеке басының моральдық тұрпатын жан-жақты ашу үшін мәңгүрттік туралы аңыздық желіні пайдаланады. Дүйімқараның Көкбөріне тірідей көрге көмуі Жөнейітті одан да өткен сұмдыққа итермелейді: «Жөнейіт мына сұмдықты көргенде, тұқым-тебері түгел құрып кеткенше Дүйімқарадан бұдан да өткізіп кек алмай тынбасқа ант қылған-ды». Жазықсыз алты бала жұрт естіп, ел көрмеген қорлыққа ұшырайды: «Олар бір апта бойы осылай зар илеп, шыңғырды да жүрді. Сосын бастарына шаш шықты, ол түйенің көнінен өте алмай, қайтадан бастың құйқасын тесіп кері өсті. Алты тұтқын елі қайда, жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тілден де айрылды. Жөнейіт былтыр бауырларының қандай күйге ұшырағанын Дүйімқара өз көзімен көрсін деп, екі тұтқынды адай арасына апарып тастады да, былайғы төртеуін осы ауылдың түйесін бағуға, тезегін теріп, суын тасуға алып қалған-ды». Сондай-ақ байырғы кездегі қоғамдық қарым-қатынастардың қандай сипатта дамығандығынан хабар беру үшін, қазақ пен түрікмен арасындағы жаулықтан қарапайым жандардың жапа шеккенін көрсету үшін де осы аңыздық желіге екпін түсірген.

Сюжеттің байланысы болып табылатын Көкбөрінің кегін қуамын деп қылыштан гөрі дутарға бейім Дәулеттің мерт болуы Жөнейіт характеріндегі өзгерістің алғашқы нышанын – оның да ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде екендігін түсіне бастағанын көрсетеді. Өз перзенті Дәулеттің өлімі Жөнейіттің өмірге басқаша көзбен қарауына тек түрткі ғана болады. Ал оның «өзін-өзі танып, түсінуіне» себепкер – тұтқын күйшінің домбырасынан шыққан құдіретті күй. Шығарманың алғашқы парақтарында бірін-бірі жылдам айырбастап жатқан оқиғалық желілер ендігі бетте даяу дамиды, тіпті «тоқтап қалғандай» әсер қалдырады да, негізгі екпін кейіпкерлердің ішкі халіне және рухани толғаныстарына ауысады.

Егер Дәулеттің өлімі – Жөнейіт характеріндегі өзгерістің алғашқы нышаны болса, тұтқын күйшінің тағдыры мен күйі – оның характеріндегі түбегейлі өзгеріс-құбылыстың сырын ашады.

Повестің лиро-эпикалық сипаты онда суреттелген оқиғаның бірізділігін бұзады, осыдан келіп Жөнейіт характері уақыт пен кеңістікте дами отырып, оқиғаның хронологиялық тәртібіне бағынбайды. Өткен мен қазіргі уақыт жымдасып, өткен күндер елесі кейіпкер жадында қайта жаңғырады. Бұл қаламгердің ретроспекция әдісін қолдануына байланысты. Автор кейіпкердің қазіргі жағдайын түсіндіру үшін оның өткеніне барлау жасайды. Жөнейіттің бүгіні мен өткенінің, өңі мен түсінің, шыны мен қиялының арасындағы шекара жойылып, оқырман кейіпкермен бірге оның сезім әлеміне еніп кетеді.

Баяндаудың осындай лиро-эпикалық сипаты Ә.Кекілбаевтың «Ханша Дария хикаясы» повесінен де анық аңғарылады. Шығармада лирикадағыдай кейіпкерлер өміріндегі жеке сәттер алынғанымен, олардың өмір мәнін түсініп, тануы эпикалық баяндауға тән болып келеді. Повеске негіз болған аңыз туралы Ж.Дүйсенбаева: «Тарихтан Шыңғыс шапқыншылығы таңғұт деген елді жер бетінен жойып жібергені белгілі. Ә.Кекілбаев хикаятта баллада жанрына сәйкес соңғы рет Таңғұт патшалығын талқандаудағы Шыңғыс өмірінің ақырғы сәтін бейнелеген. Хикаяда Қасар мерген аузынан айтылатын Таңғұт әкімінің ханшасы Гүрбелжін сұлуға байланысты аңыз сөз болады», – дей келіп, «аңыз бен жазушы суреттеуі арасында бәлендей айырмашылық жоқ, жазушы тек көркем суреттеп берген», – деген қорытындыға келеді.

«Ханша Дария хикаясында» «Күй» повесіндегідей бірнеше аңыздың емес, негізінен бір ғана аңыздың желісі пайдаланылған. Бұны жазушының өзі де, ғалым Ж.Дүйсенбаева да айтады. Зерттеуші аңыздың ел аузындағы нұсқасы туралы былай дейді: «Шыңғыс хан соңғы рет Таңғұт елін жаулап, сол елдің әкімінің ханшасы Гүрбелжін сұлуды алдырады. Ханшаның сұлулығын көріп, хан есінен танып қала жаздайды. …Сұлу асыраған тотысына: «Мен қара өзенге түсіп өлем, менің сүйегімді ағынға қарай емес, ағысқа қарсы іздеңдер», – деп жазған хатын тістетеді. Сол түні әккі сұлу ханды өлтіреді де, өзенге түсіп өледі. Сонан кейін, Қара өзенді «Қатын өзені» немесе «Ханша дария» деп атап кетеді».

Яғни тарихи аңыздағы оқиғаның сұлбасы мен тарихи тұлғалардың істері барынша шындыққа жанасымды болып сақталған. «Ханша Дария хикаясында» Ә.Кекілбаевты аңыз кейіпкерлері ғана емес, аңыз идеясы да қызықтырады. Бұл туралы жазушының өзі былай дейді: «Ханша Дария хикаясында» Таңғұт патшалығының күйреуі мен Шыңғыс хан өліміне байланысты жиі айтылатын аңыз пайдаланылды. Сондықтан оқиғаның төтен сипатын сақтай отыра оның төркінінде жатқан тарихи оқиғалар жанамалап сөз болады. Бірақ таңғұт, маңғұл өмірінің көріністерінде, кейіпкерлердің психологиялық құбылыстарында нақтылық сақталынды. Бұл бірнеше аңыздың жиынтығы емес. Шыңғыс хан өлімі жайындағы нақты версиялардың бірі негізге алынған көркемдік-суреткерлік топшылау. Мен үшін бастысы кім жасаса да, зұлымдықтың қарымтасының қайтатындығы». Жазушы тарихи аңыз деректерін, тарихи тұлғаларды алғашқы негіз ретінде пайдалана отырып, оны көркем әдебиет заңдылықтары бойынша суреттеп, көркем образдардың шынайы бейнесін сомдап шығарады. Шығармада тарихи дерек пен шығармашылық қиял, фольклорлық бастау мен реалистік баяндау ерекше жымдаса келіп, автордың фольклорлық жанрды өзінше түсіндірген көркемдік философиялық концепциясы анық байқалады. Осы жөнінде Ш.Айтматов: «Талантты қазақ прозаигі Әбіш Кекілбаев мифологиялық системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгінгінің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл кітап – ойшылдықтың жоғарғы сатысынан қарағанда да, аңыз-әңгімелер мен бүгінгі күннің, өткен мен бүгінгі күндер тәжірибесінің қорытпасы, осы компоненттердің барлығы (әрине, мұның ішінде прозаиктің таланты да бар) қосыла келе, біздің пікірімізше бұл шығармалардың мазмұнын ғана байытып қоймайды, оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен», – деп жазады.

Ә.Кекілбаевтың «Күй», «Ханша Дария хикаясы» повестерінің жанрлық түрін анықтауда повесть-баллада, повесть-аңыз, тарихи-философиялық повесть деген пікірлер жиі кездеседі. Біздің ойымызша, баллада рухында жазылған повесть, яғни повесть-баллада деу дұрысырақ сияқты. Сөзіміз дәлелді болу үшін М.Жармұхамедовтің балладаға берген анықтамысына жүгінейік: «Баллада – махаббат пен ерлікті көтеріңкі романтикалық сарында баяндайтын қысқа сюжетті эпикалық поэзия. Ол көбіне-көп оқиғасы жағынан тарихи дерек негізін, яки халықтық аңыздарға құрылып, фантастикалық әуенмен жырланады. Мұндағы негізгі түйін оқиғада емес, сол оқиғаға байланысты туған көңіл-күй мен әсер сезімде. Сипатталған оқиғаның бәрі дерлік үнемі драмалық шешіммен аяқталады». Яғни, аталмыш повестер лирикалық баллада мен повестің жанрлық қасиеттерін біріктірген.

Г.Бельгер:

«... жазушының «Шыңырау», «Бәсеке» атты повестері ондағы оқиғалар мен әлеуметтік ой-пікірлер жағынан біздің заманымызға жақын тұр. Мұнда да Ә.Кекілбаевтың о бастағы философиялық, аналитикалық суреттеу тәсілінен айнымағанын көреміз, дегенмен, бұл жолы ежелгі аңыз-әңгімелердің бірін таңдап алып, соны өзінше байытып жатпайды, қайта керсінше - өткен ғасырда қазақ ауылында өткен бірер қарапайым оқиғаны тілге тиек етеді де, соны шебер реалистік мәнерде трагедиялық коллизиялар дәрежесіне көтереді, сөйтіп, бүгінгі күннің қажетіне асарлық адамшылық, этикалық мәселелерді күн тәртібіне қояды», - деп жазады.

Қазіргі қазақ прозасындағы фольклорлық жанрдың атқаратын қызметі ерекше. Ә.Кекілбаев та баяндаудың жаңаша тәсілдерін іздеу барысында фольклорлық жанрларды «жаңғыртады», фольклорлық сюжеттерді повестің көркемдік заңдылықтарына сәйкес өзгертеді. Жазушы повестеріндегі баяндаудың лиро-эпикалық сипаты шығарманың «рухы» мен стилін айқындай отырып, сюжеттік-композициялық құрылымына әсер етеді. Ә.Кекілбаев көбінесе кейіпкердің бүкіл болмысын өзгертетін жеке, өте маңызды оқиғаны таңдап алады да, шығарманың сюжеті кейіпкер характеріндегі осы құбылудың себеп-салдарын түсіндіруге бағындырылады.

Әдебиеттер:

  1. Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Алматы, 1998.

  2. Егеубаев А. Сөз жүйесі. – Алматы, 1985.

  3. Бекниязов Т. Кейіпкердің адамгершілік проблемасы. – Алматы, 1997.

  4. Қирабаев С. 2 томдық шығармалар жинағы. Т.2. - Алматы, 1992.

  5. Нұрғали Р. 2 томдық шығармалар жинағы. Т.2. - Алматы: Жазушы, 1991.

  6. Рахымжанов Т. Қазіргі қазақ романдарының поэтикасы. Алматы, 1993.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]