Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Фил. словарь новый

.doc
Скачиваний:
18
Добавлен:
10.03.2016
Размер:
1.43 Mб
Скачать

ФЕТИШИЗМ (франц. fetiche – тұмар, қасиетті күш бар зат) – көбінде алғашқы қауымдық құрылыс, архаикалық мәдениетіне тән жансыз заттарға қасиетті деп табыну. Фетиштер арқылы рухани, киелі күштер әрекет етеді, қамқорлық көрсетіп, қорғап қоршайды деген түсінік алғашқы адамзаттың мифологиялық-синкреттік санасына сай туындаған болатын. Фетишизм ретінде әрбір затты қарастыруға болады, тек ол үшін сол затқа өзіндік күш-қуат берілсе болғаны. Егер затқа адамша сөйлеп, жалбарынып, табынып, одан бірдеңе сұрап қатынасқа түсетін болса, онда біздің көз алдымызда фетишизм тұр деп білуіміз керек. Фетиштер адамзаттың «балалық шағының» бір көрінісі, өйткені қоршаған ортаның көп қыр-сырын түсіне білмеген алғашқы аталарымыз үшін табиғатта, өмірде кездесетін заттардың өзіне де айрықша сиқырлы ғажайып күш телінген. Сөйтіп, соқыр сенім объектісі – фетиштер арқылы адам, табиғат күштеріне билік етіп, оларды адамдардың айтқанына көндіруге болады деп түсінген. Фетишизм Батыс Африкада бүгінгі күнге дейін жақсы сақталып қалған. Ал енді фетишизм элементтерін бүкіл дүние жүзіндегі мәдениеттерден кездестіруге болады. Мыс., әлемдік діндердегі иконаларға табыну (христиан діні), қасиетті «баспалдақтарға» сыйыну (буддизм), «қара тасқа» ғажайып күш ретінде қарау (мұсылмандық), өмірде – капитал өз-өзінен, еңбекке байланыссыз өседі, байлық байлықты өзіне тартады деп, ақшаға, алтынға бас ұрушылық түрлері; өкімет құдіретіне, саяси мекемелерге, идеялогиялық ұрандарға мойынсұну, т.б. фетишизмнің түр көріністері.

ФИЗИКАЛИЗМ – ғылымдағы кез-келген жайттардың дұрыстығын, ақиқаттылығын тек физика тілінде ғана түсіндіруге болады деген неопозитивистік тұжырым.

ФИЛОСОФИЯ (грек. philo-сүйемін, sophia-даналық; тікелей мағынасы – даналықты сүю) – әлемнің, дүниенің, қоғамның және ойлау жүйесінің ортақ заңдылықтары туралы ғылым. Философия ой дамуы адамзат қоғамының қай кезеңінде де болған. Әсіресе көне Шығыс өркениеттерінде. Бірақ дін мен мифологиядан өзгеше дүниетаным ретінде ол Ежелгі Грекияда қалыптасты. Философия дүниетанымдық, теориялық, методологиялық ғылым. Оның тікелей айналысатын проблемалары (логика, онтология, гносеология, аксиология) мен әдістері (диалектикалық және метафизикалық, герменевтикалық), бағыттары (материализм, идеализм, эмпиризм, рационализм), өзіндік заңдылықтары мен категориялары бар. Философияның көзқарастық, әдістемелік, рациональды жүйелеу, танымдық, сыни, болжам жасау, гуманистік, практикалық деген функциялары бар.

Философия ғылымының мәнін және мақсатын анықтау үшін философия туралы философия тарихында айтылған анықтамаларды қарастырып көрейік: К.Ясперс: «Философиялық пайымдау дегеніміз философия тарихына үңілу»; Сократ: «Философия – ойлау арқылы ақиқатқа, білімге жету»; Геродот: «Философия – білімді, ақылдылықты сүю»; Аристотель: «Философия – ғылымдар негізі»; Августин: «Философия – ақылдылыққа құштарлық»; Ф.Аквинский: «Философия – барлық ақиқаттың негізі болатын ақиқат (Құдай) туралы ілім»; М.Монтень: «Философияның қайғылы, іш пыстыратын нәрселерге еш қатысы жоқ. Даналықтың ерекше бір белгісі – ақылдың көмегімен өмірді қуанышты сипатта ғана қабылдау, ол жан жарасын жеңілдетеді, ауруды жеңуге көмектеседі»; Т.Гоббс: «Философия адамның ақыл-ойы, ол жаратушы тәңірдің барлық істерін зерттеуші, осы істердіңретін, себептерін, салдарын анықтауға көмектеседі»; Р.Декарт: «Философия – даналық, адам танып-біле алатын заттар туралы егжей-тегжейлі, жан-жақты білім»; Фихте: «Ғылыми даму барысында оның шеңберінен шығып кеткенімен, философия адамның ақыл-ойымен тығыз байланысты».

ФИЛОСОФИЯЛЫҚ АНТРОПОЛОГИЯ – кең мағынасында – адамның табиғаты және мәні туралы философиялық ілім. Философиялық антропология, тар мағынасында, адамның және оның қатынастарының өмір сүруімен және түсінілуімен байланысты күрделі, көптүрлі проблемаларды қарастыратын философиялық білім саласы.

ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ГЕРМЕНЕВТИКА – бастапқыда (антика дәуірінен) бұл сөз мәтіндерді түсіндіру өнері дегенді білдіреді. 20 ғ. бастап (М.Хайдеггер, Г.Гадамер, П.Анкер және т.б.) бұл терминмен рухани мәдениет феномендерінің мәнін түсіну және игеру туралы философиялық ілім.

ФИХТЕ Иоганн Готлиб (1762-1814) – неміс философы, қоғам қайраткері, классикалық неміс идеализмінің өкілі. Йена мен Лейпциг университеттерінде оқыған. Кант сияқты философия бүкіл ғылымдардың негізі, яғни «ғылымдар жайлы ілім» деп білді. Ғылым жүйелі, біртұтас шындық негізден бастау алуға тиіс деп санады. Фихте өз философиясын сыншылдық, ал өзіне дейінгі философиялық жүйені догматизм деп санап ескі көзқарастарға қарсы шықты. Фихтенің пікірінше, егер догмашылық нәрседен, субстанциядан шықса, сыншылдық төл санадан, өзіндік «Меннен» бастау алады және осыдан бүкіл әлемді таниды. Ал дүниені жаратушы әрекет иесі қандай да бір абсолютті субъект болып табылады. Фихтенің «Мені» жеке адамның мені емес, Спиноза іліміндегі субстанция да емес, адамзат санасының шексіз белсенді іс-әрекеті. Фихте ақиқатты тікелей пайымдау арқылы қабылдайтын ақылды, яғни «интеллектуалды интуицияны» саналы таным органы деп мойындады. Фихте философиясы неміс классикалық идеализміне, йендік (Йена қаласының атымен аталған) романтиктердің философиялық-этикалық идеяларының қалыптасуына айтарлықтай ықпал етті.

ФЛУКТУАЦИЯ – физикалық шамалардың өздерінің орташа мәндерінен кездейсоқ ауытқуы.

ФОМА АКВИНСКИЙ (Фома Аквинат немесе Томас Аквинат, лат. Thomas Aquinas, итал. Tommaso d'Aquino) (1225-1274) – ортағасырлық католиктік діни ойшыл, доминикандық-монах, Ұлы Альбертің шәкірті, 1323 жылдан бастап әулиелердің санатына қосылған. Дегдар отбасынан шықса да, ол ата-анасының қарсылығына қарамастан, доминикалық діни ұйымға кіреді. Париждегі Сенжак монастырында, кейін Париж университетінде дәріс береді. Италияға қайтып Рим Папасының сарайында болады. Сол жылдар ол Аристотельдің философиясын тереңдетіп, өз ілімінің негізіне айналдырады. Оның объективтік-идеалистік философиясының негізі Аристотель ілімін теологиялық интерпретациялаудың, яғни, аристотелизмді христиандық діни ілімге ыңғайландырудың нәтижесінде қалыптасты. 1269 жылы Парижге қайтып оралып, Құдай тану қосындысы жұмысын жалғастырады. 1274 жылы Неапольдан Лионға шіркеулік кеңеске бара жатып қайтыс болады. Философия қарама-қайшылыққа ұрынған шағында, оның көмекке дінді шақыруы қажет. Фома Аквинский – теоретикалық теологияның негізін қалаушы. Универсалийлер даулы мәселесінде «реализм» бағытын ұстанды, ол универсалийлерді: жеке заттарға дейінгі (Құдай ақыл-ойында болатын), затардың өзінде (жекедегі жалпылық сияқты) және заттардан кейінгі (адам ақылымен танылатын) деп үш түрге бөлді. Фома Аквинскийдің негізгі принципі сенім мен ақылдың гармониясы; оның ойынша Құдай болмысын ақылдың көмегімен дәлелдеуге болады және сенімнің ақиқатына қарсы қарсылықты қабылдамау. Негізгі еңбектері: «Теология жинағы», «Табиғаттың бастамалары», «Мән мен өмір өмір сүру жайлы», т.с.с.

ФОРМАЛИЗМ (франц. formalisme, лат. formalis – форма, пішінге қатысты) – шығарманың пішініне артық мән бергенсіп, мазмұнды мансұқ ететін ағым. Формализм «таза форманы ғана құнды көркем элемент» деп қарастырудан көрінеді, яғни көркемдік форманы мазмұннан бөліп алады. Формализм нышаны 20 ғ. байқалып, 20 ғ. кеңінен тарады. Формализмнің түр көріністеріне: футуризм, кубизм, абстракционизм, сюрреализм, фовизм, ташизм, экспрессионизмді т.б. жатқызуға болады. Бұлардың барлығына ортақ принцип - өнерде адамгершіліктен, саясаттан тәуелсіз, өмір шындығынан арылған «таза» эстетикалық шығармалар жасау.

ФОРМАЛЬДЫ ЛОГИКА – ой формаларын – ұғымды, пайымдауды, ой түйіндеуді, дәлелдеуді логикалық құрылымдық жақтан, яғни, ойдың нақты мазмұнына мән бермей және осы мазмұн бөліктері байланысының тек жалпы тәсілін жіктей отырып зерттейдің ғылым. Формальді логиканың негізгі мақсаты – бұлардың сақталуы ақтық білімді алу прцесінде ақиқат қорытындыларға жетудің қажетті шарты болатын заңдарды, принциптерді тұжырымдау. Формальді логика силлогистиканы талдаған Аристотель еңбектерінен бастау алады. Формальді логиканың одан әрі дамуына ертедегі стоиктер, орта ғасырларда – схоластар ( Петр Испанский, Дунс Скот, Оккам, Лумий және т.б.); Жаңа заманда, негізінен Лейбниц үлес қосты. Дедуктивті логика проблемаларын оқып үйренудің ғасырлар бойғы қалыптасқан дәстүрінен ауытқу индукцияны зерттеуге және индуктивтік ой қорытындылау ережелерін тұжырымдау талпынысына (Ф.Бэкон, кейіннен Дж.Милль және т.б.) байланысты. Формальді логика дамуының жаңа кезеңі логиканың (символдық) қарқынды дамыған 20 ғ. бас кезінен басталады. Математикалық логика пікір айту мен дәлелдеулердің қисындық теорияларын талдай отырып, Формальді логиканы логика зерттеулердің жаңа әдістерімен және құралдарымен байытты.

ФРАНК Семен Людвигович (1877-1950) – орыс діни философы және психологы. Оның философиялық жолы «заңды марксизмнен» діни идеализмге, экзистенциализм мен феноменологияға дейін созылып жатыр. Франктың философиясының негізгі тақырыбы – рационалды ойды діни сеніммен ұштастыру; адам және оның өмірінің мәні. Негізгі еңбектері: «Философия и жизнь» (1910), «Душа человека» (1917).

ФРАНКФУРТ МЕКТЕБІ – батыстағы әлеуметтік – философиялық ойдың солшыл – радикал бағыты, неомарксизм дейтіннің бір түрі. Маркстың «нағыз идеяларын» қалыпқа келтіріп, оны «жаңадан ашпақ» болған, бірақ ол іс жүзінде марксизмді бұрмалау болды. 30 – шы жылдары Франкфурт әлеуметтік зерттеу институты негізінде құрылған. Көрнекті өкілдері М.Хоркхаймер. (1895-1973, негізін салушы); Адорно, Маркузе, Фром, Ф.Поллок, Л.Левенталь. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «орта буын» (Ю.Хабермас, А.Шмидт, О.Негт, А.Вельмер); 60-ж. жастар және экстремистік бағыттағы буын қалыптасты (Х.Краль т.б.). Франкфурт мектебінің эволюциясы «қоғамға сын теориясынан» бастап (ол Хоркхаймер және Маркузенің 30-ж-дардағы еңбектерінде), тарихтың пессимистік философиясында (Хоркхаймер мен Адорно бірігіп жазған «Ағарту диалектикасы», 1947) және солшыл экстремистердің «негативтік диалектикасына» (1966ж. Адорно «Негативтік диалектикасы» және Маркузенің біршама еңбектері), одан пессимистік келісушілікке дейін созылды. Бұл эволюцияның негізгі бағыты қоғамдық қатынастарды тұрпайы – әлеуметтік тұрғыдағы пайымдаулардан айқындалады Франкфурт мектебінің даңқы Батыста «жаңа солшылдар» қозғалысы күшейген тұста өсіп, олардың күресі әлсіреген кезде құлдырады.

ФРЕЙД Зигмуд (1856-1939) – австриялық психиатр, психоанализдің негізін қалаушы. Психоанализ – 19 ғ. соңында психиатрия шеңберінде истерияны, неврозды «катарсис», өзін-өзі тазарту методы ретінде пайда болып, кейінірек Фрейд адамның жанының тылсым байланыстары мен негіздерін зерттеуге бағытталған психологиялық доктринаға айналдырған ілім. З.Фрейд адам психикасы өзінің сипаты бойынша «саналыдан» ғана емес, «бейсаналыдан» және «саналының алдындағыдан» да тұратын компоненттерден құрылған белгісіз конгломерат екендігі туралы қорытындыға келді. Фрейд бейсаналыны факт, адам рухының саласы және адам қызметінің ажырамас бөлігі ретінде түсінді. Бейсана процестердің мәнін түсінуге тырысқан Фрейд бейсаналыны сараптай келіп, оның мынадай түрлерін бөліп көрсетеді. 1) жасырын, тылсым, латентті: бірдеңе туралысаналы түсінік, ол кейін осындай күйде қалмауы да, ал белгілі бір қолайлы жағдайларда саналы болуы да мүмкін. Бұл түрді Фрейд сананың алдындағы деп атайды. 2) шығарылып тасталаған бейсаналы, оларға белгісіз күштер кедергі жасағандықтан саналы бола алмайтын түсініктер, осылар бейсаналы, немесе шығарылып тасталған бейсаналы деп аталады, оларға кедергі күштерді арнайы психоаналитикалық процедуралардың көмегімен ғана жоюға болады. Бейсаналықты Фрейд адам психикасының мәнін құрайтын басты компонент, ал саналылықты бейсаналықтың үстіне құрастырылатын, бейсаналыдан туындайтын ерекше инстанция деп есептейді. Тұлғаның моделін Фрейд мынадай үш элементтен тұратын үлгіде жасайды: «Ол» (Оно) бейсана құштарлықтардың терең қабаты, психикалық «өздік», әрекет етуші индивидтің негізі, тұлғаның басқа құрамдас бөліктерінің жұмыс жасау заңдарынан өзгеше өзіндік заңдарды басшылыққа алатын психикалық инстанция; «Мен» (Ego) – саналылық саласы, адамның ішкі, бейсаналы дүниесі мен сыртқы реалдылықтың арасын жалғастырушы; «Меннен Жоғары» (Super ego) – ішкі тұлғалық ұят, қоғамдық қағидалар, моральдық цензура, бейсаналы мен саналының арасын жалғастырушы. Фрейдтің пікірінше, адамның мінез-құлқы, тәртібінің негізгі оның бейсаналы құштарлықтары, ал алғашқы құштарлықтарды құрайтын сексуалдық құштарлықтар, немесе, либидо.

ФРОММ Эрих (1900-80) – философ, әлеуметтанушы, «мәдени психонализдің» (Фрейдизм) немесе неофрейдтік мектептің көрнекті өкілі. Фроммның Фрейдтен өзгешелігі адамның биологиялық табиғаты туралы айтудан гөрі «әлеуметтік психологизмге» ден қоюында. Фромм қоғам дамуындағы психологиялық және әлеуметтік факторлардың өзара байланысын анықтауға талпыныс жасаған. Бірақ Фромм адамның мән-мазмұнын және барша тарихи принципті таптық тұрғыдан емес дерексіз психологиялық тұрғыдан қарастырады. Фромм қазіргі капиталистік қоғамның керітартпа жақтарын сынға алған, оның пікірінше капитализм - иррационалдық және психикалық жағынан ауыру қоғам демек, оны емдеу және жазу керек. Негізгі мәселе «гуманистік психологиялық талдауда», «жеке дертті» емдеуде болып отыр дейді. Фромм фрейдизм мен марксизмді ұштастыруды мақсат еткен. Негізгі еңбектері: «Еркіндіктен қашу», «Адам ол қандай», «Адам туралы Маркстің тұжырымдамасы», «Психоанализ дағдарысы», т.б.

ФУТУРОЛОГИЯ (лат. futurum – болашақ, грек. logos – білім) – адамзаттың болашағы туралы мағлұмат беретін білім саласы. Бұл терминді 1943 ж. неміс социологы О.Флехтхейм ұсынған болатын. Оның ойынша, футурология – «болашақ философиясы». Содан бастап футурология болашақты болжайтын ғылым ретінде қарастырылып келеді. 60 ж. «постиндустриялық қоғам» теориясы (Д.Белл, Р.Арон, Б.де Жувенель) – футурологияның жаңа көрінісі.

-Х-

ХАЙДЕГГЕР Мартин (1889-1976) – неміс экзистенциализмінің негізін қалаушыладың бірі. Хайдеггердің идалисті философиясының негізгі өлшемі «өткіншілік, уақытшалық» болып табылады, оны ол адамның ішкі жан дүниесінің толғанысы ретінде түсінген. Хайдеггер «көңіл күйді», яғни стихиялы, дамыған сана – сезім формаларын бастапқы нәрсе деп есептеді. Қамқорлық, алаңдаушылық, үрей және т.б. Хайдеггер бойынша жеке адамның априорлық формалары болып саналады. Бұл формалар адамның субъективті болмысын құрайды, оны Хайдеггер «дүниедегі болмыс» деп атады. Долбарлы формалар туралы ілімді Хайдеггер болмыс туралы ілім ретінде жасады («Негізгі онтология»). «Болмыстың мағынасын» түсіну үшін адам барлық нақтылы нысаналы қағидалардан бас тартуға, өзінің «пендешілдігін», «өткінші өмірін» мойндауы тиіс. Хайдеггерше, адам өзінің үнемі «ажал алдында тұрғанын» сезініп қана өмірдің әрбір сәтінің маңызы мен толымдылығын көре біледі, «қоғамдық болмыстың кесапаты» – мақсаттардан, «мұраттардан», «ғылыми абстракциялардан» арыла алады. Тілді «болмыс үйі» мәдениеттің нағыз жиынтығы ретінде қарастыра отырып, Хайдеггер «болмыс ақиқаттарын» анықтау мақсаты мен (ең алдымен романтик – ақындар мен символистердің шығармаларын да) «спекулятивті филология» идеясын жасады. Хайдеггер философиясы Кьеркегордің өмір философиясы мен Гуссерльдің феноменологиясында байқалған иррационалдық тенденцияларды бір арнаға тоғыстырды.

ХАЛЫҚ – қоғамдық дамудың әр түрлі сатыларында құрамы үнемі өзгеріп отыратын әлеуметтік топтар.

ХАЛЫҚШЫЛДЫҚ – Ресейдегі ұсақ буржуазиялық шаруалар бұқарасы көзқарастарының жүйесі. Халықшылдықтың өзіндік ерекше белгісі – аграрлық демократияның крестьяндық утопиялық социализмі арасындағы шиеленіс, капитализмге қарсылық. Халықшылдық буржуазиялық-демократиялық төңкеріс жолына кеш түскен елдер қатарына тән, капитализмнің өзіндік қайшылықтары айқындалған кезде, пролетариаттардың социалистік қозғалысын тудырды. Ресейдегі халықшылдық ағымының негізін салушылар: Герцен және Чернышевский.

ХАРИЗМА – адамның ерекше рухани қабілеттілігі, басқа адамдар оны игерудің және әсер етудің қарапайым адамдарда жоқ жаратылыстан жоғары, құдайы күші деп түсінеді.

ХОМЯКОВ Алексей Степанович (1804-1860) – орыс діни философы, публицист және ақын, славянофилдердің негізін салушылардың бірі. Христиандық шіркеудің табиғатын адам мен қоғамдық процестермен байланыстыруға талпынды. «Соборлық» ілімді уағыздады. Осы ілім кейінгі орыстың діни философиясына негіз болды. Ресей коғамының даму ерекшелігі орыс шаруа қауымдастығы және православие дінімен тығыз байланыста деп білді.

ХРИСТИАНДЫҚ - әлемдік діндердің бірі. І ғасырда Рим империясының шығыс аймақтарында пайда болған, қатты жәбір көрген халықтың үміті мен мүддесін, азапты ауыр тағдырдан өз күшімен және діни нанымның немесе «құдайшыл құтқарушының» көмегімен өзгертуге деген талпыныстарын бейнелеген. Христиандық діни көзқарастың қалыптасуында мессиандық секталардың, грек-римдік және шығыс діндерінің кейбір элементтерінің енуі, сонымен қатар антик философтар Филон Александрийский және Сенеканың ықпалы зор болды. Христиандық ілімнің негізі – Иссус Христостың тірілгеніне, о дүниедегілердің тірілетініне, құдіретті «Үштіктің» бар екендігіне кәміл сену болып саналады. «Үштік» ұғымы құдайдай дәріптеледі. Ол өзінің үш бейнесінде де біртұтас: өйткені дүниені жаратушы: құдай-әке, құдай-бала, қасиетті Рух және күнәларды өтеуші Иссус Христос - әрі мәңгілік, әрі бір-біріне тең. Христиан діні адам өзінің табиғатынан-ақ әлсіз және күнә жасауға бейім тұрады, міне сондықтан да оны шіркеудің көмегімен ғана құтқарып қалуға болады деп үйретті. Христиандықтың ішінара қайшылықтарының нәтижесінде 1054 жылы екі ірі бағыты бөлініп шықты: батыстық-католиктік және шығыстық-православиелік. ХVІ ғ. Еуропадағы антикатоликтік және антифеодалдық қозғалыс Реформацияның нәтижесінде үшінші бағыты – протестантизм қалыптасты.

-Ц-

ЦИ немесе Юаньци – қытай натурфилософиясының негізгі ұғымы. Бастапқы мағынасы – «ауа», «бу», «тыныс алу». Ауқымды ұғымдарды — алғашқы материя, табиғаттың негізгi материясы, «өмірлік күш» және т. б. қамтиды. Ежелгі натурфилософиялық ұғымдар бойынша әлем — алғашқы материядан түзілген, оның жеңіл әpi таза бөлігі жоғары көтеріліп, аспанды құрайды, ал ауыр және бұлдыр бөлігі төмен шөгіп, жерді жасайды. Бipiншiciн янци, екіншісін — иньци деп атайды. Сонымен бipгe бес бастапқы элемент бар, олар — табиғаттың «апат күштері» - су, от. ағаш, металл, жер. Инь мен Яннің және бес «апат күштерінің» шарықтауы мен құлдырауы жылдың төрт мезгілінде қайталанып отырады. Инь және ян мен бес «апат күші» бip мезгілінде жартылай физикалық және жартылай метафизикалық ұғымдар ретінде түсіндірілетiн бұл натурфилософиялық схема қытай философиялық ойының дамуына үлкен ықпал жасады. Оны даосцизм, конфуцийшілдік және iшiнapa буддизм кеңінен пайдаланды.

- Ч -

ЧАРВАКА-ЛОКАЯТА – философиялық әдебиетте Көне Үнді философиясындағы материалистік деп қабылданған бағыт (локаятиктер). «Чарвака-локаята» сөзінің мағынасы белгісіз. Зерттеушілердің бір тобы тарихта Чарвака деген ойшыл болған деп болжамдайды, басқа бір ғалымдар бұл ағымның негізін салушы Брихаспати деп есептейді. Чарвака-локаятаның материалистік сипаты оның таным теориясында айқын көрінеді. Таным-праманың негізі – прамана ретінде локаятиктер логикалық түйін-тұжырымдарды емес, ақиқат екендігі күмән туғызбайтын қабылдауы ғана мойындайды, оның негізі – түйсіктер. Чарвака-локаяталар о дүниеге сенбейді, бұ дүние ғана бар және бұ дүниедегі болмыс пен онда өмір сүруші заттар мәңгі және өзгермейтін төрт элементтен: жер, от, су және ауадан тұрады деп есептейді. Сана, ақыл және сезім мүшелерінің негізі де осы элементтер, олар мақұлық дүниеден өткенде ыдырайды. Локаятиктер жанның, Құдайдың бар екендігін терістейді. Олар адам өмірінің мән-мақсаты – осы нақты өмірде рахатқа бөлену, азап-қасіреттен аулақ болуға ұмтылу деп түсінді, яғни чарвака-локаята гедонизм принципін ұстанды.

-Ш-

ШАБЫТ – адамның шығармашылық қызметінің алуан түрлері үшін ерекше қолайды жай-күйі. Пушкиннің айтуынша «геометрияда да, позэияда да шабыт керек». Шабыт адамның бүкіл рухани күштерінің шығармашылық объектісіне толық шоғырлануын, еңбектің ерекше жемісті болатын cезімдік өрлеуін (шығармашылық қуанышын, шығармашылықтық құлшыныс) сипаттайды. Шабытты «құдайдың құдыреті», мистикалық интуиция немесе кенеттен нұрлану (Пла­тон, Шеллинг, Э.Гартман, 3.Фрейд, Г.Рид және т.б.). дейтін идеалистік түсінікке карама-қарсы материализм шабыттың қандай болса да жаратылыстан тыс сипатын теріске шығарады, оны шығармашылықтың коғамдық жеке-дара стимулдарына, сондай-ақ еңбек процесінің өзіне байланысты психикалық құбылысы peтінде қарастырады.

ШАЛКИІЗ Жырау (1465—1560) – қазақ жыраулық өнерінің атасы, Жайықтың шығыс алқабында туған. Мұсылманша терең білімді, са­хара салтымен тамаша тәрбие алған Шалкиіз өмірінің көбі жорық үстінде өтті. Көне дәуірдегі казақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі Шалкиіз Дешті Қыпшақтың төрт құбыласын түгел шарлаған, заманынын заңғар ақыны атанып бүкіл өмipiн күреспен өткізген. Өз тұсындағы өміршілердің ешқайсысының да шашбауын көтермей, турашылдығынан танбаған. Шалкиіз туындылары көңілді кернер, доп басар әсерлі, аз сөзге көп мағына сыйғызған даналығымен, серпінді куатымен ерекше. Оның ғасырлар тұңғиығынан өтіп, біздің дәуірге жеткен шағын көлемді толғауларынан көне заман таңбасы, сахара халқының дүниетанымы, адамдық болмыс-бітімі, моральдық, этикалық қағидалары анық көрінеді.

ШАМА – зат пен құбылыстың сандық және сапалық анықтылығының бірлігін білдіретін философиялық категория.

ШАМАНИЗМ – қазақша баламасы бақсылық, бақсыға табыну. Дәстүрлі ой машығының ең көне түрлерінің бірі. Шаманизм дінінің негізгі қағидасы, дүние түгелімен рухтардан тұрады. Жанды, жансыз дүниенің де рухы бар. Шаманизмнің басты мақсаты – бақсының салт-жоралғысы арқылы ауруды магиялық ойлау тәсілімен емдеу. Шаманизм құрбандық шалу жоралғыларын да атқарады. Шаманизм Африка, Солтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка елдерінде таралған. Қазіргі күні ғылымға емдеудің шамандық (англ. core shamanism) жаңа әдісін енгізген американ антропологы Майкл Харнер болды. Оның ойынша кез-келген адам дәстүрлі шаманизм техникасын пайдалана отырып, өзінің санасының қалпын ретке келтіріп, психикалық және физикалық денсаулығын жақсарта алады. Сонымен қатар, Шамандық тәжірбиенің дүниежүзілік «орталық ядросын» жасауға талпыныс жасаған, көзқарасы М.Харнердікімен сәйкес келген Мирч Элиад болды.

ШӘКӘРІМ Құдайбердіұлы (1858-1931) – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, дін тарихшысы, моралист, тарихтанушы. Жастайынан Абайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім ұстазының бүкіл ойларын толық нұсқаландырып, дамытады. Философиялық шығармасы «Үш анық» кітабында Шәкәрім сол кездегі көп еуропалық ағымдардан деректер келтіре отырып, өзі этикалық максимализмге негізделген Ар-ұятты дәріптеу ілімін жасайды.

ШЕКСІЗДІК ЖӘНЕ ШЕКТІЛІК – объективті дүниенің бір-бірімен тығыз байланыстағы қарама-қарсы жақтарын білдіретін категориялар. Шексіздік сипаттары: 1) Әлемнің кеңістікте өмір сүруі, материяның кеңістіктегі құрылымының шексіз алуан түрлілігі, барлық материалдық жүйелердің тұйықталмағандығы; 2) әлемнің уақытта өмір сүруі, материяның жоқтан пайда болмайтындығы мен жойылмайтындығы, оның мәңгілігі; 3) материяның тұңғиықтығы мен сарқылмайтындығы, оның қасиеттерінің, өзара байланыстарының, болмыс формалары мен даму тенденцияларының шексіз алуан түрлілігі: 4) материя құрылысының сапалық әртектілігі, материя құрылымындағы сапалық жағынан әртүрлі деңгейдің шексіз көп болуы олардың әқайсысында материяның әртүрлі ерекше қасиеттерінің салдарынан болады және әртүрлі заңдылықтарға бағынады. Шектілік кеңістік пен уақыттағы барлық шектеулі күйлерді көрсетеді. Әлемдегі қандай болса да нақты сапаның шегі бар, ол белгілі бір өлшем шегінде өмір сүреді. Бірақ шектілік шексіздікпен тығыз байланыста. Әрбір шекті объект өз құрылымы жөнінен сарқылмайды, шекті объектілерді туғызатын материя жоқтан пайда болмайды және жойылмайды, тек бір түрден екіншілеріне өзгере отырып шексіз өмір сүреді. Сөйтіп, шексіздіктің сансыз көп шекті заттар мен құбылыстардан қалыптасатыны сияқты, шектілік те шексіздікті қамтиды. Шексіздік пен шектіліктің қарама-қайшы бірлігі шексіздікті материя қозғалысының қасиеттері мен заңдарындағы жалпыға ортақ және абсолютті ашу арқылы тануды мүмкін етеді.

ШЕЛЛИНГ Фридрих Вильгельм Йозеф (1775 - 1854) – философ, неміс классикалық идеализмінің көрнекті өкілі. Табиғат философиясы мәселесі жөнінде еңбектер сериясын жазған. Онда Канттың идеясы мен Лейбництің тірі монадалар мен табиғаттың дұрыс күштері туралы ілімін саралай отырып, табиғатты түсінуге қайшылықтар арқылы даму идеясын енгізді. «Транцендеталдық идеализм жүйесінде» (1800) Фихтенің субъективті идеализмін өз жүйесінің объективті идеализмімен ұштастыруға тырысты. Еркіндік туралы Шеллинг ілімі «Адам еркінің мәні туралы және осыған байланысты заттар туралы философиялық зерттеулерде» (1809) жан-жақты дамытылды. Фихтемен бірге Шеллинг еркіндікті ұғылған қажеттілік деп түсініп, еркіндік құбылысын жекелеген адамның ерлігі емес, қоғамның жетістігі деп білді. Алайда ақырында өзінің осы көзқарасымен қайшы келіп, Шеллинг еркіндік мәселесін мистификациялап, жеке негіз еркіндіктің түп тамыры, ал ол негіздің көзі «ой жететін дүниеде» деп жариялады. 1815 жылы Шеллингтің дүниеге көзқарасында мистикалық элементтердің мейлінше күшеюімен белгілі. Шеллингтің ықпалы ең алдымен Гегельде және басқа да көптеген жаратылыстанушыларда анық байқалды. Сондай-ақ оның ілімі натурфилософтар және славьяншылар арқылы орыс философиясына да ықпал жасады.

ШЛЕЙЕРМАХЕР Фридрих Эрнст Даниэль (1768-1834) – неміс философы және протестанттық теолог. Берлин университетінің профессоры. Шлейермахердің көзқарасынан Спинозаның, Канттың, Фихтенің, Шеллингтің идеяларының үйлесімділігін аңғаруға болады. Оның философиясы романтикалық, антиағартушылық тенденцияға толы болды. Дін, адамгершілік ұғымдарын субъектінің ішкі көңіл-күйінің жемісі деп таныды. Шлейермахердің пікірі бойынша, барлық қайшылықтарды ымыраға келтіретін, білім арқылы ашылатын «шексіз болмыстың негізі» әлемдік бірлік немесе құдай. Оның діни-философиялық көзқарасы 19 ғ. протестантизм идеологиясына ерекше ықпал етті. Шлейермахер платондық мәселені алғашқылардың бірі болып көтеріп, ұлы философтың шығармаларының түпнұсқалылығын, оның ізбасарларының көзқарасын талдау үшін, оның шығармаларының мәтінін тікелей қайта қарау арқылы герменевтикаға жақындаған болатын. Негізгі еңбектері: «Дін туралы сөз» (1799), «Монологтар» (1810).

ШЛИК Мориц (1882-1936) – австриялық философ, физик, логикалық позитивизмнің ерте кезеңінің өкілі, Вена үйірмесін ұйымдастырушы. Росток (1917-20), Киль (1921-22), Вена (1922-36), Калифорния университеттерінде философия мен физиканың профессоры. «Танымның жалпы теориясы» атты еңбегінде логикалық позитивистердің доктриналарының негізіне айналған, логика, математика және верификационизм принципінің аналитикалық табиғаты туралы идеясын тұжырымдады. Жалпы Логикалық позитивизмнің жалпы концепциясын қорғаумен бірге философияның арнайы мәселелерін (кеңістік пен уақыт, себептілік, ықтималдық) және этиканы (моральдық пікірлердің мәні, ерік бостандығы) позитивтік тұрғыдан талдауға тырысты. Шлик «мазмұнды толық айтып жеткізуге болмайды» деген теория ұсынды. Бұл теория бойынша біздің біліміміздің мазмұны болып табылатын «тікелей тәжірибені» басқа адамға жеткізіп болмайды. Шлик «тәжірибенің құрылымдық схемасын» тіл арқылы ғана бейнелеп жеткізуге болады деп санады. Ол Карнап пен О.Нейраттың конвеционалистік көзқарастарын сынға алған.