Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Фил. словарь новый

.doc
Скачиваний:
18
Добавлен:
10.03.2016
Размер:
1.43 Mб
Скачать

ГАЛИЛЕЙ Галилео (1564-1642) – итальян физигі, астрономы және ойшылы. Галилей Аристотельдің беделіне көз жұмып табынуды, догмалық схоластиканы сынап, математикалық атап айтқанда, геометриялық тәжірибе түрінде ғылыми тәжірибені, табиғат құбылыстарын модельдеуді бірінші болып жүйелі түрде қолдана бастады. Галилейдің механикадағы басты жетістігі инерция заңын, салыстырмалылық принципін анықтау болды, бұл принципке сәйкес денелер жүйесінің біркелкі және түзу қозғалысы осы жүйеде болып жататын процестерге әсер етпейді. Галилейдің астрономиялық жаңалықтарының діни догмаларға қарсы күресте аса зор маңызы болды, олар Коперниктің гелиоцентрлік жүйесінің шынайылығын дәлелдеуде үлкен роль атқарды. Галилей дүниетанымның да сол кез үшін прогресті мәні болды. Ол әлем ұшы-қиырсыз, материя мәңгі, табиғат біртұтас деп есептеді. Табиғатқа механика заңдарына бағынатын өзгермейтін атомдардың қатаң себептілігі негіз болған. Табиғатты танып-білудің түп көзі бақылау мен тәжірибе болып табылады. Құбылыстардың ішкі қажеттілігін түсіну, Галилейдің ойынша, білімнің ең жоғары сатысы. Галилей дәлме-дәл индукцияны жасады. Алайда Галилей діни наным-сенімнен арыла алмай, алдымен құдай болғанын мойындады.

ГАССЕНДИ Пьер (1592-1655) – француз материалист-философы, физик және астрономы, дін қызметшісі, бірқатар университеттердің профессоры. Гассенди схоластиканы, ол бұрмалаған Аристотельдің ілімін және Декарттың туа бітетін идеялар туралы ілімін қатаң сынға алды: Эпикурдың материализмін жаңғыртып, өзінің ілімін соған негіздеді. Негізгі еңбегі «Философия жинағында» (1658) философияны 3 бөлімге бөлді: 1) логика, мұнда танымның шындығы проблемасына талдау жасалады және скептицизм мен догматизм сыналады; 2) физика, мұнда атомдық теорияны негіздей келіп, Гассенди кеңістік пен уақыттың объективтілігін, қолдан жасалмайтындығын және жойылмайтындағын ділелдеді; 3) этика, мұнда Гассенди шіркеудің аскеттік ғибратына қарсы шықты және Эпикурдан кейін қанағаттанудың қандайы болса да өзінен-өзі игілік, ал қайырымдылықтың қандайы болса да игілік, өйткені ол «алаңдамаушылық» әкеледі деп пайымдады. Гассенди астроном. саласында да көптеген маңызды бақылау жүргізді, жаңалықтар ашты, ғылым тарихы жөнінде еңбектер жазды. 17 ғ. тарихи жағдайда Гассенди философ және ғылым ретінде прогресшіл роль атқарды. Алайда оның материализмі дәйекті болмады, мұның өзі дінмен және цензурамен ымыраласуынан көрінді. Мыс. атомды жасаушы құдайтағала деп таныды, адамның материалистік тұрғыдағы «жануарлық жанынан» басқа, сезімнен тыс «парасатты жаны» да болады деп санады.

ГЕГЕЛЬ Георг Вильгельм Фридрих (1770-1831) – Кант пен Фихтенің ерекше дара идеяларын шығармашылық тұрғыда танытуға тырысты, сонымен қатар өз құқығында ақыл-ойды негіздемекші болды, яғни Жаңа заман философтарының шығармашылық жетістіктерін жалғастырды. Егер Кант трансценденталды алғышарттарды – қабылдаудың екі формасын, яғни кеңістік пен уақытты, он екі категорияны және априорлы субъект пен берілген себептілік принципін аштым және негіздедім деп ойласа, Гегель өз ілімін жаңа негіздерден алып шығады. Кантпен салыстырғанда Гегель трансцендентальды алғышарттарды тарих құрастырады деп санады, өйткені ол Абсолюттік Идея дамуының интерсубъективті үдерісі болып табылады. Абсолюттік Идеяның өзіндік дамуын Гегель өзінің «Рух феноменологиясында» (1807) түсіндіреді. Ол бойынша бұл үдеріс екі деңгейде көрінеді: индивидтің санасы деңгейінде (сезімталдықтан философиялық білімге дейінгі сана қозғалысында) және тарих деңгейінде (антик дәуірінен Наполеон заманына дейін). Гегель әр түрлі формалар арқылы өзіндік санаға қарай бағытталған сананың салтанатты шеруін көрсетеді. Абсолюттік Идеяның өзіндік дамуының бүкіл осы күрделі драмалық жолын индивидтің қалыптасуы мен даму үдерісі ретінде қарастыруға болады және оның барысында индивидтің көзқарасы, санасы, тәжірибесі өзгеріп, болмысының «негіздері шайқалады». Сананың өзгерісі үдерісінде Гегель гносеологиялық теориялар мазмұнын, олардың шектеулілігін анықтай отырып, сыни тұрғыда қарастырады. Сонымен қатар ол танымның әр түрлі формалары арасында өткелдерді сипаттай отырып, танымды қалай пайда болғаны тұрғысынан баяндайды. Сананың пайда болу жолын анықтай отырып, Гегель ақиқат пен өзін-өзі тану диалектикалық үдеріс деген тоқтамға келеді. Ақиқат өзгемейтін нәрсе емес және абсолюттік біліммен мәңгіге берілмейді, оған таным үдерісінде жетуге болады және ол әрекетпен байланысты.

ГЕДОНИЗМ (грек. hedone – көңілділік, рахаттану) – Кирен философиялық мектебі (б.з.б. 4 ғ.) мен Эпикурдың (б.з.б. 341-270) дамытқан этикалық ілімі. Гедонизм эвдомонизмнің бір тармағына жатады және ләззат алуды (негізінен сезімдік) тіршіліктің бастауы мен өмір мағынасы деп жариялайды. Жақсы игілік рахаттануға жеткізеді, жамандық қайғы-қасірет әкеледі. Гедонизмнің салыстырмалы толық ілімін Сократ шәкірті Аристипп қалыптастырған. Эпикуршілдікке гедонизм принципі сезімдік ләззаттардан рухтың тыныштығына (атаракция) және қасіреттен құтылу жолдарын іздеуге көбірек бағытталған. Қайта Өрлеу мәдениетінде гедонистік бастаулар адам құдіреттілігіне қатысты қарастырылады. Жаңа заманда моральдық гедонизм тұрғысынан пайымдаулармен философ-ағартушылар және жазушылар әуестенген. Қазіргі философиялық дәстүрде гедонизм индивидуализмді дәріптеумен байланысты.

ГЕЛЬВЕЦИЙ (Helvetius) Клод Адриан (1715 – 1771) – француз философы, француз Ағартушыларының және француз материализмі мектебінің ірі өкілі, 18 ғ. француз буржуазиялық төңкерісінің идеологы. Гельвеций дүниенің динамикалық философиялық бейнесін жасады: табиғат, оның бір бөлшегі – адам, мәңгілік өмір сүреді және өзіндік мәні бар; әрқашан қозғалыста және дамуда болады; барлығы туады, өседі және өледі; бір күйден, екінші күйге ауысады. Уақыт пен кеңістікте материядан бірінші ештеңе жоқ. Ол материя мен қозғалыстың, материя мен сананың бірлігін негіздеді. Дидроның көзқарасынан ерекшелігі, Гельвеций материя өзінің белгілі бір дамуы барысында ғана сезімдік қасиетіне ие болады, деп қарастырды. Ол теизмді ғана емес, вольтерлік деизмді де жоққа шығарды. Оның дінге деген көзқарасы, адамдардың қараңғылығы мен өлім алдындағы қорқыныш сезімінің нәтижесінде, бір адамдардың екіншілерін алдауы мақсатында туындаған, ойдан шығарылған дүние деген, Ағартушылықтың классикалық дәстүрлі пікірді қолдады. Дүниенің танымдылығы мәселесінде материалистік сенсуализм тұрғысынан қарап, агностицизмге қарсы шықты. Гельвеций материалистік сенсуализм принципін табиғат пен адам мәселелерін талдауда қолданды. Гельвеций бойынша, адам – табиғи, тірі жан иесі, өзіндік сезімі, санасы, құмарлығы бар және қоғамның негізі болып табылады. Адамның сезімдік табиғатының нәтижесінде эгоистік, менмендік сезімі пайда болады. Сондықтан, барлық адамдар нәсілі мен ұлты бөлек болғанымен, олардың табиғи ақыл-ой қабілетінің тең дәрежеде екендігін дәріптеді. Ал ақыл-ойдың теңсіздігінің себебін тәрбие мен өмір салты жағдайының түрліше болатындығымен байланыстырды. Сондықтан феодалдық таптық бөлініске қарсы болды. Гельвецийдің қайраткерлік қызметі 18 ғасырдағы Ұлы француз төңкерісіне рухани дайындыққа өзінің зор үлесін қосты. Негізгі философиялық еңбектері: «Ақыл туралы» (1758 ж, 1759 жылы мемлекет пен дінге зиянын тигізеді деген парламенттің үкімімен өртелген), «Адам туралы, оның ақыл-ой қабілеті мен тәрбиесі» (1769) және т.б.

ГЕНЕЗИС (грек. - пайда болу, қалыптасу) – генетикалық-диахрондық әдістемеде дамушы құбылыстың, нәрсенің, болмыс бітімдерінің бастапқы кезеңі, шығу тарихы, қлыптасу сатылары. Генезис ұғымы мәдениеттану ілімінде кеңінен қолданыс табады. Тарихи мәдениеттануда тарихи-мәдени типтердің қалыптасуына үлкен мән беріледі. О.Шпенглер, Н. Данилевский, А. Тойнби оқшау мәдени типтерді зерделегенде, олардың бастапқы қалыптарын талдау нәтижесінде алынған ерекшеліктерінен кейінгі даму бағыттарын айқындайды. Мифология санада генезис хаостан (ретсіздіктен) гармонияға (үйлесімділікке) өту ретінде қарастырылады. Антиктік мәдениетте генезис табиғи және әлеуметтік нақтылы болмыс бітімдерінің қалыптасуы түрінде зерделенген (логос, атом, стихиялар, субстрат пен субстанция). Жаңа заманда Гердер, Кант, Гегель және т.б. генезис ұғымын жалпы даму ілімінің аумағында қарастырады. Эволюциялық теорияның қалыптасуы генезис ұғымын жан-жақты толықтырды. К. Юнг генезис ұғымын дамудың бастапқы үлгілері – архетиптер тұрғысынан зерделейді. Феноменологияда ғылыми зерттеудің статикалық және генетикалық әдістемелері негізделеді. Қазіргі мәдениеттануда құрылымдық-синхрондық зерттеулердің генетикалық-диахрондық ізденістермен бірге жүргізілуі маңызды әрі нәтижелі болады деп есептеледі.

ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОРТА (гр.ge – жер және grapho - жазу) – қазіргі тарихи кезеңдегі қоғамдық өмір процестерімен қамтылған және қандай болмасын қоғамның дамуы мен сақталуына қажетті жағдай жасайтын заттар мен жанды және жансыз табиғат құбылыстарының ( жер беті, атмосфераның төменгі қабаты, гидросфера, топырақ қабаты, өсімдікжәне жануарлар дүниесі) жиынтығы. Қоғамның дамуы мүмкіндігіне қарай географиялық орта шеңбері де өзгеріп, кеңейе түседі. Тарихтың ерте кезеңдерінде адамдар негізінен тіршілік етудің табиғи тәсілдерін пайдаланды (жабайы өсімдіктер мен жануарлар, құнарлы топырақтар), кейіннен пайдалы қазбалар мен энергетикалық ресурстар маңызды орын алады. Ол халықтар мен мемлекттердің даму қарқынын жеделдетеді не бәсеңдетеді, бірқатар жағдайларды шаруашылықтың жекеленген салаларының дамуына шешуші әсерін тигізеді. Өзінің жаратылған күйінде, табиғи жағдайлар өндірістің өрбіп бара жатқан қажеттіліктерін үнемі қанағаттандыра алмайды. Сондықтан адамдар оларды өзгертеді және қайта құрады. Сөйтіп адам географиялық ортаны өзгертудің ең күшті факторы болып есептеледі. Бірақ бұл өзгерістің ауқымы, сипаты мен түрі қоғамдық құрылыс пен техниканың деңгейіне байланысты. Өндірістегі анархия мен бәсеке табиғатқа тиімді әсер етуге кедергі жасайды және қоғам үшін зиянды болып өзгеруіне ықпал етеді. Географиялық ортаның барлық элементтерін халық игілігіне жоспарлы түрде және тиімді пайдалануына негізделген (экология, глобальды проблемалар т.б.) деп атаймыз.

ГЕРАКЛИТ Эфестік (544/540/535 – 483/480/475) – көнегректік философ, диалектиканың алғашқы тарихи және алғашқы түрін негіздеген. Эфестің негізін қалаған танымал, ақсүйек Кодрид тұқымынан шыққан. Өз заманында Гераклиттің нақыл сөздерінің мәнін түсіну қиын болғаннан кейін, оның терең ойлылығы үшін «күңгірт» және дүниедегінің барлығы тұрақсыз, бүгін бар нәрсе, ертең жоқ болуы мүмкін («бәрі ағыста, бәрі өзгерісте», «бір өзенге екі қайтара енуге болмайды», «адамдар болмыстың құлдырау дәуірінде өмір сүріп жатыр, болашақ бүгіннен де қорқынышты болады» т.б.) деген трагикалық салмақтылығы үшін «жылауық» деген атқа ие болған. Гераклит «ғарышты» (философиялық контексте алғаш рет – «дүние» деген түсінікте қолданған), Құдай да, адам да жаратпаған, ол өздігінен пайда болған, бар және бола беретін, шамамен жанып, шамамен өшіп-сөніп тұратын тірі от тәріздес деп түсіндірген. Құдіретті алғашқы от – таза ақыл-ой, логос ұғымымен тең. Логос – дүниені билейтін құдіретті күш, жоғарғы ақыл, заттардың өзара айналу жалпы заңы, осы үрдістің сандық қатынасы. Қарама-қарсылықтардың бәрі бір-біріне өтіп, гармонияға келеді. Сонымен «Бәрі де – бір, біреуден бәрі де шығады». Бұл дүниенің гармониясын қадағалайтын – Логос. Қорытындылай келсек, Гераклиттің диалектикасы Платонның және басқа да антикалық философтардың көзқарастарына зор ықпал етті. Гераклит идеяларының ренессансы 19 ғ. Гегельдің, Ницшенің, 20 ғ. Шпенглердің, Хайдеггердің және т.б. еңбектерінен көрініс тапты.

ГЕРМЕНЕВТИКА (грек. hermeneutike –түсіндіру өнері) – алғашқы мазмұнында көнеліктен немесе көпмаңыздылықтан түсініксіз мәтіндерді түсіндіру өнері және ілімі. Герменевтика ежелгі антик дәуірде көне ақындардың (ең алдымен Гомердің) шығармаларындағы рәміздерді, таңбаларды, құпиялап айтуларды түсіндіру тәсілі ретінде қалыптасқан. Ортағасырларда Библиядағы көркем бейнелер мен меңзеп айтуларды түсіндіруге байланысты герменевтиканы діни өкілдер жан-жақты қолданған. Қайта Өрлеу дәуірінде герменевтика антик мәдени мұралардың тілін тірі, сол замандағы мәдени тілге аудару мақсатында пайдаланылған. Ф.Шлейермахер еңбектерінде герменевтика Қасиетті Жазу мәтіндеріндегі астарлы тілді жаңаша түсіндіру үшін кеңінен пайдаланылды. Ол үшін догматтар мен рәміздер діндарлық сезімдер болып табылады, дамушы діни тәжірбие сенімнің субстанциясына айналды. Шлейермахер қазіргі философиялық ұғымдарды қолдану тәжірбиесі арқылы ескі діни мәтіндерге жаңа мазмұн беруге болады дейді. Ал Г.Гадамер герменевтиканы «тұлғалық түсінуші тәжірбиемен» байланыстырады.

ГИЛОЗОИЗМ (грек. hyle және zoe – зат және өмір) – материяның да жаны бар деп түсіндірілетін философиялық ілім. Алғашқы гилозоистерге грек материалистері, Бруно, француз материалисті Робине және т.б. жатады. Гилозоизм термині 17 ғ. енгізілді. Бұл ілім бойынша материяның барлық формалары ойлай және сезіне алады. Ал шындығында, сезіну – тек жетілген жоғарғы органикалық материяға ғана тән қасиет.

ГИПОТЕЗА – нысанның, құбылыстың себебі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік беретін пайымдаулар мен ой тұжырымдар жүйесі, ғылыми ойлаудың сатысы.

ГНОСЕОЛОГИЯ – Таным процесін қараңыз.

ГНОСТИКТЕР (грек. gnosis – білім) – христиан теологиясын Көне Шығыс діндерімен, неоплатонизм және пифагореизммен біріктірген діни философиялық ағым. Гностиктердің түсінігі бойынша, Құдайды тану мүмкін емес. Оны тек материядан тыс құрылуынан танисың. Себебі материя – зұлымдық, қасірет. Философия тарихында ізі қалған гностиктер ретінде мысырлық Валентинді және сириялық Валентинді атауға болады. Екеуі де 2 ғ. өмір сүрген.

ГОББС Томас ( 1588-1679) – ағылшын философы, қоғамдық келісім теориясының негізін салушылардың бірі. Гоббс көзқарасының қалыптасуына Ф.Бэкон, Галилей, Гассенди, Декарттармен қарым-қатынаста болуы үлкен әсер етті. Гоббс 17 ғ. өрістеген Жаңа заман мәдениетінің философиялық және саяси-әлеуметтік бастауларын негіздеуде үлкен қызмет атқарды. Ф.Бэкон сияқты білімді адам өмірі мен игіліктерінің басты қайнар көзі деп есептеп, әсіресе қоғам туралы ілімдерді бір жүйеге келтіргісі келді. Гоббстың әлеуметтік ілімі еуропалық ойдың ары қарай дамуына үлкен әсер етті. Гоббс мемлекетті құдайшылықтан гөрі адами бастаулардан қалыптасатын «жасанды дене» деп қарастырды. Табиғи жағдайда, дейді Гоббс адамдар бір-бірімен толассыз соғыс жағдайында болды. Адам адамға қасқыр сипаттас келді. Жалпы, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, адамдар қоғамдық келісімге келіп, құрастырылған мемлекетке өз құқықтары мен азаттықтарын берді. Мемлекеттің басқарушының қызметі – осы бейбітшілік пен елдің қауіпсіздігін қорғап отыру. Гоббс өз отанындағы азаматтық соғыс зардаптарын дұрыс шешу үшін тұрақты азаматтық келісім қажет деді. Әдептіліктің негізінде, Гоббс бойынша, табиғи заң - өзін өзі сақтауға және табиғи мұқтаждықтарды өтеуге ұмтылу жатыр. Гоббстың 18 ғ. жан-жақты шарықтаған Ағартушылық мәдениеттің алғышарттарын қалыптастырудағы рөлі үлкен болды. Негізгі шығармалары: «Табиғи және саяси заңдар элементтері» (1640), «Философия негіздері» трилогиясы, «Дене туралы» (1655), «Левиафан» (1651) және «Азамат туралы» (1642), «Адам туралы» (1658).

ГОЛЬБАХ Поль Анри (Holbach) (1723 – 1789) – француз философы, француз материализмі және атеизмі мектебінің негізін қалаушылардың бірі, француз Ағартушыларының көрнекті өкілі, 18 ғ. француз буржуазиялық төңкерісінің идеологы. Гольбах Дүниенің философиялық бейнесін бірімен-бірі өзара байланыста болатын тұтас жүйе ретінде қарады. Материяның, табиғаттың алғашқылығын, жоқтан пайда болмайтындығын және жоғалмайтындығын, адам санасынан тыс уақыт пен кеңістікте өмір сүретіндігін батыл мойындаған философ. «Өзімен-өзі өмір сүріп жатқан табиғат дүниедегі барлық құбылыстардың себебін құрайды». Табиғат дегеніміз – орасан зор шеберхана. Материяның негізгі өмір сүру тәсілі – қозғалыс. Ал тарту мен инерция – материяның ең терең табиғи қасиеттері. Өзінің әлеуметтік философиясында ғалым адамдарды адамзаттылыққа, заңға көнуге, елді қоғауға, қайсыбір саясаттағы озбырлыққа қарсы күресуге, жоғары мәдениетті басқару жүйесін орнатуға шақырады. Мораль саласындағы негізгі құндылықтарға ол ізілік, ақиқат, зердені жатқызып, тек соларға ғана табынуға болады деген пікірге келеді. Ол қайсыбір діни көзқарастарды қабылдамай, діни надандықтан арылуға шақырады. Дін мен шіркеулік көзқарастарды келеке етті. Таным теориясында Гольбах Гельвеций сияқты материалистік сенсуализм принципін қолдап, агностицизмге және туа біткен идеяға қарсы болды. 18 ғ. Ұлы француз революциясына Гельвециймен бірге рухани күш берді. Негізгі философиялық еңбектері: «Табиғат жүйесі, немесе физикалық дүние мен рухани дүние заңдары туралы» (1770), «Әшкереленген христиандық» (1761), «Дұрыс ақыл» (1772) және т.б.

ГОМЕОМЕРИЯ (грек. homoiomereia – бөлшек тәріздес) – Анаксагор философиясындағы ұғым. Анаксагордың ойынша, «Әр нәрсе өзіне өте ұқсас бөлшектерден – «тұқымдардан», гомеомериялардан пайда болады». Ол тұқымдар стихиялардың ішінде қалқып жүріп, бір-бірімен қосылып заттарды тудырады. Ал барлық заттардың пайда болуына түрткі болған, оларды ретке келтіріп отыратын ол Нус – дүниежүзілік ақыл-ой.

ГУМАНИЗМ (лат. humanus – адамдық, адамгершілік) – тұлға ретіндегі адамның, оның еркін дамуы және өз қабілеттерін қоғамдық қатынастарды бағалаудың өлшемі ретінде қабылдау. Тар мағынасында – ортағасырдағы діни схоластикаға қарсы Қайта Өрлеу дәуіріндегі зайырлы еркін ой. Бұл өзіндік құндылықтардың түбірі адам еркіндігін мойындаудан бастау алады. Гумандылықтың теориялық тұжырымы ретінде И.Канттың мына ойын келтіруге болады: «Мен мынаны айтамын: адам және кез-келген ақылды жан басқаның ырқынан туындаған құрал емес, әр уақытта мақсат болып табылады, өзіне не басқа ақылды жандарға бағытталған әрекеттерінде ол қашанда мақсат ретінде алынуы қажет». Теориялық ілім ретінде гумандылықтың негізінде адамның ешқандай шартсыз, өзімен-өзі жеткілікті құндылығы идеясы жатыр. Еуропаорталықтық ұстаным бұл идея тек Батыста қалыптасады деген пікір айтады. Алайда ортағасырлық мұсылман философиясында мінсіз жетілген адам ұғымын (әл-Кинди, әл-Фараби, суфийлер, парсы-тәжік ақындары) жан-жақты зерделеген. Христиандық мәдениетте гуманизм идеясы «басқаға деген махаббат» және «жақынға деген махаббат» түсініктері арқылы берілген. Гумандылық алыптылық (титанизм), не әлсіздік пен пақыршылық идеологиясы емес. Оның негізінде адамды қастерлеу идеясы жатыр.

ГУССЕРЛЬ Эдмунд (1859-1938) – неміс философы, феноменологиялық мектептің негізін қалаушы. Оның философиясының түп-төркіні – Платонның, Лейбництің, Канттың, Брентаноның ілімі. Гуссерльдің алғашқы жұмыстарының теориялық бағдарламасы – философияны «қатаң ғылымға» айналдыру. Осы мақсатпен ғылыми ойлаудың категориялық негіздерін таза түрде бөліп шығаруға тырысу қажет. Бұл мәселені Гуссерль «феноменологиялық редукция» әдісі арқылы шешуге тырысты, себебі ол нақты білімді алдыңғы мәдениеттің, дәстүрлердің, тұлғалық факторлардың, философиялық түсіндірулердің қатпарынан тазартуға мүмкін болатын құрал деп есептеді. Нәтижесінде Гуссерль бойынша білімнің мазмұны субъектінің санасы және сананың заттық образды анықтайтын интенциональдық актілер мен оның бағыттылығымен тығыз байланысты «феномендер әлеміне» ұластырды. Бұл «дүниені» талдауда Гуссерль өзіндік субъектінің құрылымы «таза Мен» ретінде көрінетін феномендер «қабатының» нақты құрылымының өмір сүретіндігі туралы қорытындыға келеді. «Кейінгі» Гуссерль философияны «қатаң ғылым» ретінде жасау әрекетінен бас тартып, жекелеген субъектілердің ойлау және сезімдік қызметінің нәтижесі болып табылатын «тіршілік дүниесін» зерттеуге назар аударды. Бұл жерде ол бұл пәнді бейнебір зерттеуге қабілетсіз ғылым ретінде сынады. Гуссерль идеялары буржуазиялық философиясының кейінгі өркендеуіне зор ықпал етті. Гуссерльдің объективтік идеализмнің элементтері Н.Гартманның «сыншыл онтологиясында» және АҚШ пен Англияның жаңа неореалистік мектептерінде дамытылды, ал Гуссерльдің субъективтік идеализмі неміс экзистенциализміне (әсіресе Хайдеггерге) көп ықпал етті. Негізгі еңбектері: «Логикалық зерттеу», 1,2 т. (1900-1901) және қайтыс болған соң басылып шыққан «Еуропалық ғылымдардың дағдарысы және трансцендентальдық феноменология» (1954), «Бірінші философия» (1956-59).

-Ғ-

ҒАЗАЛИ (әл-Ғазали) Әбу Мұхаммед ибн Мұхаммед (1058/59— 1111) ислам дінін зерттеуші ғалым, сопылықтың көрнекті өкілі, философ. Оның эстетикалық көзқарасы мінез-құлық философиясымен байланысты. Құндылықтың ол жасаған иерархиялық жүйесінде құндылықтар тума сезімнің барған сайын өсіп отыратын тазалық желілері бойына орналасады, яғни ғұмыр (өмір сүру) құндылығынан әл-ауқат құндылығы мен мінез-құлық құндылығы арқылы эстетикалық құндылыққа және сүйіспепшілік құндылығына ауысады. Ғазалидің пікірі бойынша, сұлулық өзінің әрбір ерекше көрінісінде объектілердің белгілі бір тобына ғана тән және оның өрісі өзін жетілдіре түсуге лайықты және жетілдіре түсуі мүмкін болатын заттағы өтімділік дәрежесіне баііланысты. Сезім түйсігімен ғана емес, сонымен қатар адамның ақыл-парасатын көрсететін объектілер де («тамаша ғылым», «тамаша ғұмыр») тамаша бола алады, сондай-ақ адамның рухани әдемілігіне баға беру тән сұлулығына баға беруге қарағанда бөлегірек. Құранды қарттың бәрі жатқа біледі, ал ақындар әрдайым жаңа шығарма жазады; ақындардың өлеңдері ырғақты келеді, әдеттегі өлеңдерді көркемдеп оқуға болады, ал Құран белгілі бір дәстүр, қағида бойынша оқылады; әдетте поэтикалық шығармаларда музыкаға түсіре аламыз, ал Құранның өлеңдерін музыкаға түсіруге жол берілмейді; әдетте өлеңдерді тыңдаушылардың көңіл күйі мен талғамына қарай таңдап оқуға рұқсат, ал Құранның сүрелерін бұлай істеуге келмейді, әдеттегі өлеңдерге оқырмандар қызу үн қосады, ал Құран құдай жаратқан ғажап еңбек. Негізгі шығармасы: «Философтарды дерексіздендіру».

ҒЫЛЫМ – адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымының ең жоғарғы пішіні, оның практикалық қызметінің бір саласы. Адамзат қоғамының дамуы барысында Ғылым сол қоғамның маңызды әлеуметтік институтына және тікелей өндірістік күшіне айналды. Ғылымның басты мақсаты – Ғылым заңдарының негізінде ашылып отырған болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру.

ҒЫЛЫМ ФИЛОСОФИЯСЫ – ғылыми-танымдық қызметтің сипаттарын зерттейтін философиялық бағыт. Тарихи-мәдени контексте ғылым философиясының басты проблемалары мынадай: а) ғылыми білімнің бірлігі идеясы және онымен байланысты дүниенің ғылыми тұтас бейнесін қалыптастыру міндеті, детерменизм, себептілікұғымдарын, динамикалық және статикалық заңдылықтардың арақатынасын сараптау; б) ғылыми зерттеудің құрылымдық сипаттамалары – анализ бен синтездің, индукция мен дедукцияның, логика мен интуицияның, жаңалық ашу мен негіздеудің, теория мен фактінің арақатынасы; в) демаркация проблемасы – ғылым мен метафизиканы, математика мен жаратылыстануды, әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылысты ғылымдық білімді бөлу; ғылыми білімді негіздеу проблемасы, верификация жасауды сараптау; д) ғылыми-зерттеу парадигмаларын қарастыру; е) ғылыми білімді гуманизациялау мәселесі.

ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ТӨҢКЕРІС – ғылымды өндірістік дамудың жетекші факторына айналдыру арқылы өндіргіш күштерді түбегейлі өзгертіп, сапалық жағынан түлету. 20 ғ-дың 40-жылдарынан басталған ҒТР барысында ғылымның өндіргіш күшке айналу үрдісі қарқын алып, елеулі нәтижелерге қол жетті: ең бастысы, еңбектің хал-ахуалы, сипаты мен мазмұны, өндіргіш күштердің, еңбек бөлінісінің құрылымы өзгеріске ұшырап, еңбек өнімділігі күрт өсті, сол арқылы қоғам өмірінің өзге салалары, әсіресе, адамдардың мәдениеті, тұрмысы, психологиясы жетіліп, табиғаттпен қарым-қатынасы айқындала түсті. ҒТР-дың - екі негізгі алғышарттары болды: ғылыми- техникалық және әлеуметтік. Оның пісіп-жетілуінде 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басындағы жаратылыстанудағы жетістіктер шешуші рөл атқарды. ҒТР дегеніміз өндірістің бүкіл техникалық базисін, бүкіл технологиялық тәсілдерін қайта құруды ғана білдіреді. ҒТР адамзаттың аса маңызды қызметтері аясының: табиғат пен қоғам зандылықтарын теория жүзінде танудың (ғылым); табиғатты түлетудің техникалық кұралдары мен тәжірибелері кешенінің (техника), материалдық игіліктерді жасау үрдісінің (өндіріс) және практикалық іс-қимылдар мен әрқилы қызмет түрлерінің жосықты өзара байланысу тәсілдерінің (басқару) бірегей жүйесін кұруға арналған алғышарттар жасайды. ҒТР-дың басты бағыттары: өндірістік үрдістерді, өндірісті бақылау мен басқаруды кешенді түрде автоматтандыру; энергияның жаңа түрлерін тауып, пайдалану; жаңа құрылымды материалдарды, биотехнологияны, информатиканы қолдану.

ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ПРОГРЕСС – ғылым мен техниканың бірегей, бір-бірімен сабақтаса, біртіндеп дамуы. Ол 16-18 ғ.ғ. мануфактуралық өндірістен, ғылыми-теориялық және техникалық қызметтердің өзара жакындасып, тоғыса түскен кезден бастау алады. Бұған дейін материалдық өндіріс негізінен эмпирикалык тәжірибені, кәсіби кұпияны қорландырып, әдіс-тәсілдерді жинақтау есебінен баяу дамып келді. Сонымен бірге табиғат туралы ғыыми-теориялық таным аясында да ілгерілеу ниеті байқалды, бірақ ол теологиялық-схоластикалык деңгейде камалып, өндірістік амал-шараларға ұдайы әрі тікелей ықпал ете алмады. 16 ғ-да адамзат баласының сауда-саттықты өрістетіп, теңіз жолын меңгеруі, ірі мануфактураларға ие болуы бірнеше келелі міндеттерді теориялық және тәжірибелік тұрғыдан шешу қажеттігін алға тартты. Нақ осы кезде ғылым Қайта өркендеу дәуірі идеяларының әсерімен схоластикалық дәстүрлерден қол үзіп, практикаға жүгіне бастады.

-Д-

ДАМУ – қайталанбайтын және бағытты өзгеріс­терді білдіретін философиялық-ғылыми категория. Ол жалпы өзгерісті білдіретін қозғалыс категориясымен салыстырғанда, жаңару, жаңа түзілістердің пайда болуы процесі деп ұғынылатын қалыптасу категориясымен салыстырғанда да анағұрлым нақты. Дамудың онтологиялық мәнін түсінуде екі түрлі ұстаным бар. 1) Даму дегеніміз барша болмыстың жалпыға бірдей, әмбебап әдісі ретіндегі қозғалыстың дара нәрсеге қатысты көрінісі. 2) Даму барша болмысқа тән. Қозғалыс, қалыптасу және даму — бұл тіршілік етудің үш түрлі әдісі емес, тіршілік етудің бір әдісінің үш түрлі деңгейі. Даму – нақтылы категория, оның көптеген белгілері бар. Оның белгілерінің арасынан ең әуелі кеңістік пен уақыт ерекше байқалады. Кеңістік даму процесінің экстенсивті, ал уақыт интенсивті сипатын білдіреді.

ДАНЫШПАН (гений, лат. Genius – рух) тұлғаның басқалардан ерекшелейтін туа біткен жоғары деңгейдегі шығармашылық қабілетін практикада іске асыруы, оны қоғамның мойындауы. Шығармашылық дарындылықтың жоғары дәрежесі; өзінің үздік қабілеті мен орасан зор еңбегі арқасында адамзаттың дамуын ілгері бастыра алатын жеке тұлға.

ДАРАЛЫҚ – дербес қызмет ететін субъект ретіндегі нақты жеке адам болмысының қайталанбас, ерекше әдісі, адамның қоғамдық өмірінің дара формасы. Жеке адам мәні жағынан әлеуметтік тіршілік ету әдісі жағынан дара болады. Даралық индивидтің өзіндік дүниесін, оның ерекше өмір жолын бейнелейді, оның өмір жолы мазмұны жағынан әлеуметтік жағдайлармен анықталады, ал тегі, құрылымы және формасы жағынан дара сипатта болады. Даралық мәні нақты индивидтің өзіндік ерекшелігінде, оның әлеуметтік жүйе шеңберіндегі өзімен өзі болу қабілетінде ашылады. Табиғи талаптардың, туа біткен ерекшелінтерінің маңызды рөлін даралық дамуында әлеуметтік факторлар жаңаша түрде көрсетеді. Дара өмірдің тіршілік ету әдісі дегеніміз – адам өмірінің (неғұрлым ерекше немесе неғұрлым жалпы) көрінісі. Даралық –адамның бірегей және бес аспап қасиеттерінің бірлігі, тұтас жүйе, бұл жүйе адам қасиеттерінің – жалпы, типтік (жалпы адамзатқа тән табиғи және әлеуметтік белгілері), ерекше (нақты - тарихи, формациялық) және жалқы (қайталанбайтын дене бітімі және рухани-психикалық сипаттамалар) қасиеттерінің диалектикалық өзара іс-қимыл процесінде қалыптасады. Адам қызметінің тарихи дамуына қарай өзінің әртүрлі өмір салаларындағы қатынастарының даралануы барған сайын дами береді. Даралықтың асқан қымбат екенін атап көрсетеді, оның дамуы адамзат дамуының прогресі үшін қажетті шарттардың бірі ретінде маңызды роль атқарады. Жеке адамды дараландыру мен жетілдіру қоғамды өзгертумен жаттанудың жойылуымен, индивидуализмге қарсы күрескен және қанаудан азат адамдардың ынтымақтастығы мен өзара көмегіне жағдай жасаумен тығыз байланысты.