Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Фил. словарь новый

.doc
Скачиваний:
18
Добавлен:
10.03.2016
Размер:
1.43 Mб
Скачать

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТЕОРИЯСЫ – қоғамдық теңсіздік адамдардың бірінің өкінішіне зорлық жасауынан туындайды дейтін идеалистік теория. Зорлық – зомбылық теориясы буржуазиялық идеологтар арасында кеңінен таралған. Дюринг таптардың пайда болуын қоғамның бір бөлігінің екінші бөлігіне зорлық-зомбылық (ішкі зорлық) жасауымен байланыстырды: австриялық социолог Л. Гумилович (1838 - 1909), сондай-ақ Каутский және т.б. таптардың, мемлекеттің пайда болуының түп төркіні күшті тайпаның әлсіздеу тайпаны құлдыққа салуынан (сыртқы зорлықты) деп есептеді. Негізі тарихтағы зорлықтың рөлін жоққа шығармай, оны қоғамдық құрылымды сақтау, яғни өзгерту мақсатымен белгілі бір әлеуметтік топтың басқа топтарды мәжбүр етудің түрлі формаларын қолдануы деп қорытқан жөн.

ЗОРОАСТРИЗМ – ежелгі ирандық дуалистік дін, оны Заратуштре (Зороастру) пайғамбар негізін қалаған. Б.з.б. 7 ғ. түпкілікті орнықты. Зороастризмнің басты нәрсесі – дүниедегі қарама-қарсы екі негіздің: ақ ниетті құдай Ахурамазда (Ормуад) бейнесіндегі және зұлымдылықтың қара ниетті құдайы – Анхравайнью (Ариман) арасындағы үздіксіз күресі туралы ілім. Зороастризм ақырзаман, о дүниелік тозақ, ақтық сот және өлілердің тірілуі туралы айтады. Бойжеткеннің болашаққа жебеушіні тууы туралы эсхотологиялық идеяларды (Эсхатология) уағыздайды, иудаизм мен христиан дініне үлкен ықпал жасады. Қазіргі кезде Зороастризм нарсизм формасында өмір сүруде, онда бұрынғы дуалистік идеялардың сақталуымен қатар құдіреті күшті хақ тағала түралы түсінік дамыған.

-И-

ИБН-РУШД Мухаммед (латынша аты – Аверроэс) (1126-1198 ж.ж.)  – Кордово халифаты тұсында Испанияда өмір сүрген орта ғасырлық араб ғалымы, философы. Ислам дінінен қол үзбей-ақ материя мен уақыттың мәңгілігін және оларды ешкімнің жаратпағандығын дәлелдеп, адам жанының өшпейтіндігі мен о дүниедегі өмір туралы аңызды жоққа шығарды. Ибн Рушд философияда Қос ақиқат ілімінің негізін қалаушы.  Ибн Рушдтың Аристотель шығармаларына жазған түсініктемесі Еуропа философтарын антикалық философтармен таныстыруда үлкен рөл атқарды. Ибн-рушд ақыл-парасаттың нанымнан артықшылығын негіздеді, діни ілімді уағыздаушылардың философиялық мәселелермен айналысуының заңсыздығын атап айтты. Сонымен бірге ол философтарды өздерінің ілімін көпшілік алдында жарияламауға шақырды, өйткені мұның өзі адамдарды діни сенім-нанымнан айыруы, демек адамгершілік қағидаларынан да айыруы мүмкін. Ибн-Рушдтың ілімі ортағасырлық Батыс Еуропалық философияда еркін ойдың дамуына зор ықпал етті. Негізгі шығармалары: «Жоққа шығаруды жоққа шығару», «Дінмен философиялық салыстырмалы байланысын талқылаудан шығатын қорытынды».

ИБН СИНА (латын тіліндегі транскрипция – Авиценна, Avicenna) Абу Али Хусейн ибн Абдаллах (980-1037) – ортаазиялық философ, энцикло­педисші, дәрігер, ақын, математика маманы, жаратылыстанушы. Бұхара төңірегінде дүниеге келіп, Хамаданда қайтыс болған. Ұлты – тәжік. Авицена дүниежүзілік ағарған қауымға өзінің шығармашылығының екі жағымен таныс. Біріншіден, Ибн-Сина үлкен ғалым-дәрігер болған адам. Ол өзінің артынан әртүрлі ауруларды жазатын шөптердің қосындыларынан жасалған 1000 дәрінің рецебін қалдырған. Оның «Ғылым тізбегі» деген еңбегі Батыстағы Ортағасырлық университеттерде 400 жыл бойы негізгі оқулықтардың бірі болған. Ал оның философиялық көзқарастарына келетін болсақ, өзінің онтологиясында Ибн-Сина неоплатонизмнен қалған эманация идеясын кеңінен қолданып, Дүние Алланың – бірінші себептің ағып-тасуынан пайда болады деген пікір айтады. Оның бұл көзқарасы Әл-Фарабиге жақын. Ибн-Синаның діни көзқарасы пантеисік тұрғыдан көрінеді. Ғалымның дүниетану ілімі бойынша, адамның жан-дүниесінде потенциалды ақыл-ой бар, яғни, адамның өз алдында жатқан дүниенің мән-мағынасын аша алатын мүмкіндігі бар. Бірақ ол өте күрделі болғандықтан, оған сезімдік тәжірбие арқылы жетуге болады, деп пайымдайды. Ибн-Сина ақиқатқа жетудің бірден-бір құралы логика деп түсіндіреді. Данышпанның әлеуметтік-саяси көзқарастарынан әділдік, қоғамдағы тұрақтылық мәселелеріне көп көңіл бөлгендігін байқаймыз. Бүгінгі философияда Ибн-Сина араб ілімін ислам қағидаларына қосып, оны христиан дініне жақындатқаны, оның өшпес еңбегі деп есептейтін көзқарас та бар. Негізгі еңбектері: «Логика», «Риторика», «Поэтика», «Физика», «Жан туралы», «Метафизика», т.б.

ИГІЛІК – шапағат, ырысты (бұған қарама-қарсы – шығысы, ауыртпалық) белгілеу үшін философияда қолданылатын жалпы ұғым; адамның белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандыратын, адамдардың мүдделеріне, мақсаттары мен ниеттеріне сәйкес келетін нәрселер мен құбылыстар. Игіліктер табиғи және қоғамдық болып бөлінеді; табиғи игілік – стихиялық табиғи процестердің, мыс., топырақтың құнарлығы, пайдалы қазбалар (соған сәйкес табиғи ауыртпалықтар – стихиялық апаттар, ауру-кеселдер) нәтижесі және қоғамдық игілік – адам қызметінің нәтижелері. Алайда екі жағдайдың екеуінде де игілік нәрсенің әлеуметтік анықтамасы, оның адам үшін пайдалы маңызы болып табылады. Материалдық және рухани игілік қандай қажеттерді қанағаттандыратынына байланысты ажыратылады. Материалдық игілікке азық-түлік, киім-кешек, баспана т.с.с. және өндіріс құрал-жабдықтары, ал рухани игілікке – білім, рухани мәдениеттің жетістіктері, эстетикалық байлықтар, адамдардың мінез-құлқынан көрінетін адамгершілік қасиеттері т.с.с. жатады. Бұлайша бөлу тек шартты нәрсе, өйткені көптеген игі құбылыстардың арасында нақтылы шекара жоқ (тарихи прогрестің жетістіктері, әлеуметтік оқиғалар, әсемдік бұйымдары). Адамның жасампаздық мүмкіндіктері, оның игіліктерді жасау қабілеттері тұрғысынан алсақ, бұның өзі ең жоғары игілік болып табылады. Игілік жалпы адамдық және таптық сипатта болады. Бұл тұрғыда игілік ұғымының абсолюттік (жалпы адамдық және жалпы тарихи) және салыстырмалы (тарихи шектелген, таптық, жеке-даралық) жақтары болып көрсетіледі.

ИДЕАЛ (гр. idea – түр, бейне, түсінік, ұғым) – 1) Қоғамдық-экономикалық және саяси мүдделеріне сай келетін және талап-тілегі мен іс-әрекетінің түпкі мақсаты болып табылатын белгілі әлеуметтік топтың кемеліне келген қоғамдық құрылым туралы түсінік. 2) Парасаттық – жоғарғы адамгершілік қасиеттердің үлгісі болып табылатын, көбінесе осы қасиеттерді меңгерді деген жеке адамның бейнесі түрінде көрінетін, кемел ақыл иесін меңзейтін түсініктер. 3) Эстетикалық идеал – адамның шығармашылық күштерінің өзіндік мақсаты болып табылатын еркінше және универсалды дамуымен субъект пен объектінің, адам мен қоғамдық тұтастықтың (және табиғаттың да) тарихи ең толық үйлесімді бірлігі. эстетикалық идеалы болады.

ИДЕАЛИЗМ дүниенің бастамасы сана, рух, идея деп қарастыратын материализмге қарсы философиялық бағыт. Идеалистер іштей екі бағыт ұстанады – субъективтік идеализм және объективтік идеализм.

ИДЕНТИФИКАЦИЯ (лат. identificare – барабарлау) – ұқсастық белгілеріне сүйене отырып әртүрлі объектілердің барабарлығын анықтау.

ИДЕОЛОГИЯ – белгілі теориялық негіздер мен солардан шығатын әрекет бағдарламаларын және қоғамдағы идеологиялық нұсқауларды тарату механизмдерін қамтитын күрделі рухани құрылым. Идеология қоғамдық психология сияқты адамдардың күнделікті әрекеттерінде пайда болмайды, оларды идеологтар, әлеуметтік ойшылдар мен саясатшылар жасайды.

ИДЕЯ – философиялық термин, «мән», «мағына» дегенді білдіреді және ойлау және болмыс категорияларымен тығыз байланысты.

ИММАНЕНТТІ – затқа, құбылысқа немесе процеске ішкі тән қасиет немесе заңдылық.

ИНДИВИД (лат. – бөлінбейтін) – 1. Объектілердің белгілі бір түрінен, тегінен немесе класынан бөлініп шыққан жалқы, жеке объект. Қазіргі логикада – санадан тыс немесе оның белгілі бір қасиеттері бар және басқа объектілермен байланыса алады, бірақ сол қасиеттер мен байланыстар тарапынан қарастырылмайды. 2. Индивид - өзінің физиологиялық және психологиялық ерекшеліктеріне қарай қайталанбайтын қасиеттері бар нақты адам, адамзаттың жалқы өкілі, нақты антропологиялық және әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан ол жеке кісі. Сәби – индивид алайда ол әлі де жеке дара кісі емес. Индивид «адамзаттың өкілі» ғана болудан, қоғамдағы өз болмысына біршама дербестік алғаннан кейін ғана дара, жеке адамға айналады. Индивид пен қоғам өзара диалектикалық байланыста болады. Оларды қарама-қарсы қоюға болмайды, өйткені индивид дегеніміз қоғамдық тіршілік иесі және оның өмірінің көрінісі – қоғамдық өмірінің көрінісі болып табылады. Бұл жерде индивид пен қоғамды өзара теңестіру де дұрыс емес, өйткені әрбір индивид өз тегінің жалпы белгілерін сақтай отырып, өзіндік ерекшелігі бар дара тұлға ретінде де көрінеді.

ИНДУИЗМ – Үнді елінің көптеген тұрғындарына (үндіс деп – кем дегенде ата-анасының біреуі үндіс болса және басқа дінді ұстанбаған кез-келген адам атана алады) тән әлеуметтік-тұрмыстық, діни рәсімдердің, діни дүниетанымдардың және әдет-ғұрыптардың жиынтығы. Индуизм өз тамырын көне үнділік дін брахманизмнен алады, олардың генетикалық байланысын брахмандық үштік: Брахман (жаратушы), Вишну (сақтаушы) және Шива (бірегей жаратушы, сақтаушы және қиратушы) құдайларын ардақ тұтуынан-ақ байқауға болады. Сонымен қатар индуизм адам өмірі мен әрекеттеріне қатысты мәселелерінің сан қырлы жақтарымен өзгешеленеді. Индуизм қоғамдық-тұрмыстық дәстүрлеріне қатал талаптар қояды. Индуизм тұрғындарды түрлі бөліктерге бөліп, олардың арасында айырмашылықтарды берік сақтауға, көптеген топтар мен касталардың және жеке адам өмірінің, жанұялардың, қоғамның салаларына тән ғұрыптар мен тыйымдарды бұзуына қатаң қарайды.

ИНДУКЦИЯ – (лат. induktio – жетелеу) – ойша пайымдаудың бір түрі және зерттеу әдісі. Индукция теориясының мәселесі Аристотельде кездеседі, бірақ оның ғылыми тұрғыдан негізделуі 17-18 ғ.ғ. эмпирикалық жаратылыстанудың пайда болуымен байланысты. Индукция мәселесін зерттеп талдауда Ф.Бэкон, Галилей, Ньютон, Дж.Гершель және Дж.С.Милльдің еңбектерінің маңызы зор. Ойша пайымдаудың формасы ретінде индукция жекеден жалпы ережеге өтуді қамтамасыз етеді.

ИНТЕНЦИОНАЛДЫҚ – феноменологияда – сананың дүниеге мәнқалыптастырушылық (смыслообразующая) ұмтылысы сананың затқа мәнқалыптастырушылық қатынасы, түйсіктердің заттық интерпретациясы.

ИНТЕРПРЕТАЦИЯ – тарихи-гуманитарлық ғылымдарда – мәтіндердің мәндік мазмұнын ұғынуға бағытталған мәтінді түсіндіру; математикалық логикада, логикалық семантикада, ғылым философиясында – формальдық тілдің сөйлемдерінің мағынасын анықтау.

ИНТЕРСУБЪЕКТИВТІЛІК – субъектінің құрылымы, субъектінің индивидуальдік көптігі фактісіне жауап береді және олардың қауымдастығы мен коммуникациясының негізі ретінде көрінеді.

ИНТУИТИВИЗМ – философиялық-методологиялық ұстаным, болмыс пен танымның соңғы негіздемесі ретінде шындықтың субъект пен объектіге бөлінуін жоятын, затқа тікелей, «тірі» енуді таниды.

ИНТУИЦИЯ – (ортағасыр. лат. intueri – қадағалап қару, үңілу) – алдын ала әртүрлі дәлелдеу арқылы талдауларға сүйенбестен ақиқатқа тікелей жету. Интуиция тікелей интеллекетуалдық білім түрі (интеллекетуалдық интуиция) ретінде қабылданады. Декарт өз ілімінде интуитивті түрде табылатын, дәлелдеуді керек қылмайтын айқын, ақиқат танымды интуиция мағынасында қарастырады. Интуиция мен дедукцияны ақиқатты ашудың басты құралы деп біледі. Спинозаның пікірінше, танымның үш түрі болады: ең төменгісі сезім мүшелерінің көмегімен жүзеге асады; одан кейінгісі ақылға сүйенеді, бірақ әртүрлі дәлелдеуді керек етеді; ең жоғарғысы да ақылға сүйенеді, бірақ дәлелдеуді керек қылмайды, заттың мәнін бірден ашып береді. Бұл интуиция болып табылады. Интеллектуалдық интуиция танымның ең жоғарғы түрі деп танылады. Фейербах интуицияны танымның сезім арқылы әсерлену түрі деп таниды. Интуицияны организмнің ешқандай алдын ала түсіндірілмей келетін инстинктік қалыбы ретінде (Бергсон), шығармашылықтың санасыз келетін алғашқы шарты (Фрейд) деп те тану ғылымда орын алған.

ИНЬ ЖӘНЕ ЯН (қытай философиясы) – этимологиялық мағынасы «төбенің немесе өзен жағасының көлеңкесі мен күнгейі» дегенді білдіреді. Инь мен Ян дүниедегі ретсіздіктерді тәртіпке келтіруші Көк пен Жер күштері ретінде қарастырылады. Олар бір-біріне қарама-қарсы, бірақ олардың үндесіп, бірігуі бар нәрсенің бәрін басқаратын адамды дүниеге әкеледі, Инь – дүниенің рационалдық, «әйелдік бастауы», Ян – бейсаналық, «ер адамдық» бастауы деп түсініледі. Қытай философиясында Инь мен Янның өзара әсерленуінен табиғат құбылыстары да, қоғамдағы өзгерістер де туындап отырады деп тұжырымдалады.

ИРРАЦИОНАЛДЫ – ақыл-ой шеңберінен тыс, логикалық ойлау арқылы жету мүмкін емес, рациональдіге қарама-қарсы.

ИРРАЦИОНАЛИЗМ – философиядағы идеалистік ағымдарды белгілейтін термин. Иррационализм рационализмге қарама-қарсы, таным процесіндегі ақыл-ойдың мүмкіндіктерін терістейді немесе шектейді және дүниені танудың негізі ретінде ақыл-ой жете алмайтын немесе оның табиғатына қарсы бірдеңені түсінеді, болмыстың өзін логикаға қарсы, иррациональдік сипатта деп тұжырымдайды. Иррационализм ағымы К.Ясперс, Сартр сияқты экзистенциалистердің, Ницше, Бергсонның өмір философиясында, К.Юнгтың еңбектерінде қалыптасты.

ИСЛАМ (араб. – момындық, бағыныштылық) – әлемдік ірі үш діндердің бірі. Ислам діні Таяу Шығыстың шөл даласында пайда болып, кейіннен Солтүстік Африка, Орталық Азия, Индонезия және Малайзия шекараларына кеңінен таралды. Қазіргі күнде ислам дінін ұстануышлардың саны миллиардқа жетіп жығылады. Ислам дінін ұстанатын адам – мұсылман деп саналады. Ислам дінінің қағидалары иудаизм мен христиандыққа өте ұқсас келеді. Исламның ақиқатын адамзатқа жеткізуші Мұхаммед соңғы пайғамбар болып табылады. Мұсылманшылықтың басты негізі – Құран, мәңгілік, ешкім жаратпаған Құдай сөзі, яғни Құдай табиғатын ашатын көктен түскен аян. Мұхаммед (жаны жәнәтта болғай) Құдайдың әрбір сөзін қағазға түсірген, сондықтан Құран – Құдайдан түскен мәтін. Христоспен салыстырғанда, Мұхаммед Құдайлық табиғаттан ада, ол Тәңір адамы емес, пайғамбар, яғни белгілі қасиеттері бар адам. Мұсылманшылықтың екінші негізі – сүнне. Ол Мұхаммед сөздері жиылған мәтіндер жинағынан тұрады. Егер христиан дініне үштік туралы ілім тән болса, Исламның ең негізгі қағидасы – Алла тағаланың бірлігіне қылау жуытпау. Исламда шіркеу және дін қызметкерлері ұғымы жоқ, себебі ислам Құдай мен арасында дәнекер болуы мүмкін деп есептемейді. Ислам – Мұхамедтен өзге тағы төрт пайғамбарды мойындайды: Құдайдың сүйіктісі Нұхты, Алланың бірлігіне ең бірінші болып сенген Ибрагимді, Құдай кітабы Тораны Ысрайыл еліне жеткізген Мұсаны және христиандарға Құдайдың Інжілін жеткізген Исаны. Бірақ ислам бойынша, Мұхаммед ең басты және бірегей пайғамбар боп қала береді. Ислам діні мұсылман қауымын қаншалықты бір орталыққа біріктіруге тырысқанымен, тарих беттерінде ұлттық бөлініс көрініс тапқандықтан, бұл дін де екі үлкен бағытқа бөлініп кетеді. Негізгі ірі бағыттары: сунниттік және шиизм. Ислам тек қана Құдайға құлшылық етумен шектелмейді, ол өмір сүру үшін дүниетаным мен адамдардың күнделікті іс-әрекеттерін де анықтайды. Ислам діні әлеуметтік құрылымды, экономикалық, саяси және мәдени қатынастарды, отбасылық және тұрмыстық мәселелерді реттейді.

ИУДАИЗМ (көне грек. Ἰουδαϊσμός), «иудейлік дін» (Иуда тізесі деген ұғымды білдіреді) – еврей халықтарының ұлттық және этикалық дүниетанымы мен діні, адамзат баласының тарихындағы ең көне монотеистік діндердің бірі.

ЙОГА (санскр. – байланыс, ойды жинақтау, бірлесу, тәртіп, терең ой) – көне және ортағасыр үнді философиясының жүйесі. Йоганың негізгі Патанджали, Упанишад йога және Титада жүйеге келтірілген. Йога жанды дүние құбылыстары әсерінен азат етуді көздейді. Ондағы мақсат – санадан, өзін өзі танудан арылып, абсолюттік тыныштыққа жету не жеке жанды абсолюттікке, Құдайға жақындату. Олар адамның тынысын, демін, тамақтануын реттеудің ережесін жасады. Йогтар екі түрге бөлінеді: бірі - өмірден безу, екіншісі – этикалық қатаң тәртіпке жүгініп, өзін тек қыспақта ұстау. Йога идеясы 20 ғ. мәдениетіне қарқынды ене бастады. Йоганы түсіндірудің жолдары қай кезеңде болсын көне бастауларға апарады. Йоганы хатха-йога, джанана раджа, бхакти, карма-йога деген бес бағытқа бөліп қарастырады. Джанана азаттыққа жетудің негізгі әдісі деп дүние құбылыстарының себеп-салдарлық ағысының мәнін тануды айтады, хатха-йога денешынықтыру арқылы қуат, күш алуды ұстанады. Білімсіздіктен арылған жан өзін ерікті сезінеді. Раджа-джанананың теориясына сүйене отырып, сыртқы дүниеден қол үзу мақсатымен, адамның ұстамдылығын жетілдірудің психикалық және физикалық әдіс жолдарының жүйесін қарастырады. Өзін-өзі терең тану өліммен тынады. Бхакти азат болудың негізгі жолы деп «жоғарғыға» жан-тәнімен беріліп, сонымен бірігіп кетуді айтады. Бхакти карма-йогамен тығыз байланысты. Карма қоғамға адал қызмет теіп, сол қызметтің жемісінен біржола бас тартуды уағыздайды. Ғасырлық тәжірбиесі бар йоганың практикасы күні бүгінге дейін Үндістанда кең тараған.

-К-

КАЛАМ (арабша калам – сөз) – ортағасырлық мұсылман философиясының бағыты, ислам дінінің принциптерін, негізгі көзқарастарын зерттеп, түсіндіруді және қорғауды мақсат еткен. Каламды спекулятивтік теология деп те атайды, бұл жерде спекуляция деген тәжірибеден тыс жатқан заттар туралы білімге ойлау арқылы жетуді білдіреді.

КАЛЬВИН Жан – Франциядағы Реформация қайраткерлерінің бірі. 1536 жылдан бастап Женеваға қоныстанып, онда іс жүзінде қаланың диктаторына айналды (1541), ақсүйектер билігін шіркеуге бағындыруға қол жеткізді. Кальвин негізін салған протестантизм жүйесі – кальвинизм – сол кездегі буржуазияның «ең батыл бөлігінің» талаптарын білдіреді. Калвинизмнің негізі бір адамдарды «жебеуді» ал екіншілерін «айыптауды» құдайдың алдын ала анықтап қоятыны туралы ілім. Бірақ бұл идея белсенді қызметті бекерге шығармады. Өйткені Кальвин боійынша діндар адам өз тағдырын білмесе де, өзінің жеке өміріндегі жетістіктері арқылы өзін құдай қалаған адам» екенін дәлелдей алады. Кальвинизм бастапқы қор жинау дәуіріндегі буржуазиялық кәсіпкерлікті ақтады. Бұл ұқьптылықтың ең жақсы ізгілігі деп жариялауынан, дүниелік аскетизмді уағыздауынан анық көрінді. Кальвин қалыпты ойлау қабілеті барларды осы тұрғыдан жазғырды. Негізгі еңбегі: «Христиан дініне уағыздау» (1536).

КАМЮ Альбер (1913-1960) – француз жазушысы, философ. Экзистенциализм бағытының өкілі ретінде Камю нигилистік көзқарастағы «абсурд, мағынасыздық философиясынан»моралистік гуманизмге дейін көтерілді.Камюдің танымында ең қайғылы қасірет 20 ғ. «құдайдың өлімі», яғни адамзат баласының парықсыз өмір сүруі, сондықтан өмір сүрудің өзі мән-мағынасын жоғалтты дегенмен астасады. Мұндай мағынасыз ғасырда кездейсоқтық қана үстемдік етеді. Камюдің көзқарасы бойынша, адам санасы мен дүние-әлемдегі қайшылық қақтығысынан мағынасыздық туады. Адамзат қоғамындағы мағынасыздық – Камю концепциясының негізгі принципі. Бұл идея бойынша, бүкіл дүние мағынасыздықтан тұрады. Сондықтан адам баласы да мағынасыз тіршілік етуге, мақсатсыз өмір сүруге мәжбүр деп ұйғарады. Камю сол мағынасыздықтан құтылудың екі жолы бар деп тұжырым, қорытынды жасайды. Біреуі - өзін-өзі өлтіру, екіншісі – бүлікшілік. Камю бүлікшілікті абстракті адамның санасыздық пен мағынасыздыққа қарсы наразылық білдіруі деп түсінеді. Алайда бұл бүлікшілдік төңкерісшілдік мағынасында емес, керісінше, жер бетіндегі мағынасыздық «хаосқа» қарамай, оған қарсы рухыңды берік ұстап, өмір сүру дейді. Камюдің философиялық және көркем шығармашылығын Батыс Еуропадағы рухани атмосферадағы тоқыраудың көрінісі деп тануға болады. Камюдің «Бөтен» (1942) повесі, «Сизиф туралы миф» (1942) филосолфиялық эссесі, «Оба» (1947) роман-притчасы, «Құлдырау» (1956), «Патшалық және қуғындалу» (1957) әңгімелер жинағы, т.б. еңбектері жарық көрген.

КАНТ Иммануил (1724-1804) – неміс философы, ғұлама ғалым, неміс классикалық философия идеализмінің іргетасын қалаушы. Трансцендентальды идеализмнің ізашары. Кант шығармаларында өзгеше төрт кезең дараланады, олар: 1) Табиғи-ғылыми кезең, ол «Жалпыға бірдей жаратылыстану тарихы және аспан теориясы» туындысымен аяқталды. Оның негізгі мұраты – табиғаттың даму идеясы. Ол метафизизикалық көзқарасқа алғашқы соққы болды; 2) Метафизикалық кезең, онда Кант гносеологияға қадам басты және Сведенборг мистикасын сынға алды. («Аруақшыл адамның қиялы», «Сезім дүниесі мен парасат дүниесінің формасы мен негіздері туралы»); 3) Сын кезеңі. Іс жүзінде мұнда гносеология жасалады және таным теориясына субъект және оның қызметі енгізіледі. Бұл кезең «Таза ақылға сыннан» басталып, содан соң «Қандай да болсын болашақ метафизикаға пролегомендер», «Космополиттік сипаттағы жалпыға бірдей тарих идеялары», «Мораль метафизикасының негіздері», «Жаратылыстану ғылымыныц метафизикалық бастапқы негіздері», «Практикалық ақылға сын», «Пайымдау қабілетін сын», «Таза ақыл шеңберіндегі дін» атты еңбектерде әрі қарай жалғастырылды; Кейбір философтар Канттың осы еңбектерінен кейін философияның бүкіл тарихын сынға дейінгі кезең және сыншылдық кезең деп бөледі, мұның өзі оның жалпы философияға орасан зор дәрежеде ықпал еткендігін көрсетеді; 4) Кант шығармашылығының соңғы кезеңі логика, педагогика, физикалық география және антропология туралы лекциялардың жариялануымен сипатталады. Мұнда ол гносеология мен табиғат метафизикасының арасындағы байланыстырушы буынды табуға тырысты.

КАРМА – «іс-әрекет», көне Үнді философиясының ұғымы. Ең мардымсыз деген іс-әрекеттің өзі бүкіл өмір ағымына әсер етеді де, бұл себеп, жақын уақытта болсын, не біраз уақыт өткен соң болсын, - міндетті түрде салдар туғызады, ол жақсы немесе жаман болуы мүмкін. Жағымды істердің нәтижесінде бақыт пайда болады, ал жағымсыз істер азап, қасірет әкеледі. Осы адамгершілік заңдылығы карма деп аталады.

КАРТЕЗИЙШІЛДІК (Декарт есімінің лат. транскрипциясы) – Декарттың, әсіресе оның ізбасарларының пір тұтқан ілімі. 17-18 ғ.ғ. француз және нидерланд философтары арасында көп таралған картезийшілдік мектеп екі бағытқа: Декарттың табиғатты механистік-материалистік түсінуіне қосылған прогресшіл бағытқа (Г. Леруа, Ламетри, Кабанис) және Декарттың идеалистік метафизикасына сүйенген бағытқа (окказионализм, Мальбранш) бөлінеді.

КАССИРЕР Эрнст (1874-1945) – неміс философы. Неоканттық Марбург мектебінің өкілі. Кассирер – ерекше бір мәдениет философиясын қалыптастырушы. Кассирер тұжырымы бойынша, кванттық саладағы теориялық тұтас бірлікте көрініс тапқан «мәдениет әлемі» өмір сүреді. Өнердің түрлі салаларын Кассирер «символдық формалар» деп танып (тіл, миф, дін, өнер, ғылым, тарих), оларды бір-бірінен өзгеше, біріктіруге келмейтін білім салалары деп есептейді. Өнер символизмінің ең жоғарғы сатысы ретінде адамды ең биік мағынадағы адам ұғымына көтереді. Кассирер идеясының мәдениеттанудың, эстетиканың, символизмнің дамуына жағымды ықпалы болды. Кассирердің мәдениеттану, эстетика, символизм туралы ойлары «Ақиқат және таным» (1912), «Символикалық формалардың философиясы» (1923-31), «Адам туралы тәжірбие. Адамзат мәдениеті философиясына кіріспе» (1986), т.б. еңбектерінде көрініс тапқан.

КАСТА – үнді қоғамында тарихи пайда болған жабық әлеуметтік топ. Оны кейде варна деп те атайды. Негізінен кастаның 4 түрі бар: Брахмандар (ақтар) – ой еңбегі, негізінен діни қызметкерлер, ел басқарушылар. Кшатрилер (қызылдар) – жауынгерлік іспен айналысушылар. Вайшьилер (сарылар) – еңбекшілер, негізінен, егін егу, мал бағу, қолөнермен айналысушылар. Шудралар (қаралар) – ең ауыр, кір жумыстармен айналысатындар. Тарихи алғы үш каста б.з.б. 1500 жылдары Үнді еліне басқа жақтан келген арий тайпалары. Шудралар – жергілікті сол жерде пайда болған аборигендер болып есептеледі (ab origine – лат. басынан бастап). Әрбір кастанын өзінің әдет-ғұрыптары және басқа касталармен қандай қатынаста болу керек жөніндегі ережелері бар. Үлкен касталардың өзі іштей әртүрлі топтарға бөлінеді. Басқа жақтан келген адамдар бірде-бір кастаның ішіне кіре алмағаннан кейін, өзінше дербес каста болып қалыптаса бастайды. Касталық қоғам қалай пайда болғаны, оған әкелген қандай себептердің болғаны белгісіз болса да, оның негізінде жатқан 3 принципті көрсетуге болады. Олар: Әрбір кастаның ішкі тазалығы және басқалардың сол тазалықты бұзу мүмкіншілігінен пайда болатын үрей, қорқыныш сезімі; Касталық қоғамның пирамидальдық құрылымы. Әр каста өзінен төмен жатқан топтарға жоғарыдан қарап, өзінің қадірлігін сезінуге мүмкіндік алады. Реинкарнация, яғни адамның жан дүниесінің келесі өмірде ауысып кету мүмкіндігі. Әрбір адамның негізгі құндылығы сол өзі туып-өскен каста болғаннан кейін, индустар қоғамның саяси өміріне, жерге, билікке онша көп мән бермеген. Үнді еліне жер ауып келген басқа халықтар ерекше каста болып, өзінің әдет-ғұрыптарын, тілін сақтауға жақсы мүмкіндік алып, сол қоғамның ерекше құрамдас бөлігі ретінде жеңіл сіңісіп кетеді.

КАТАРСИС (гр. katharsis- тазарту) өнердің адамға эстетикалық ықпалын сипаттайтын ежелгі грек эстетикасындағы ұғым. Катарсис сөзін гректер көп мағынада: діни, этикалық, физиологиялық мағыналарда қолданды. Аристотель өзінің еңбегі «Поэтикада» трагедияны жанашырлық білдіру мен үрей туғызу арқылы құштарлық сезімінен тазартатынын атап өтті. «Политикада» ол музыка арқылы «адамдардың әлдеқалай тазаратынын және ләззатпен байланысты бойын жеңілдететінін» айтады. Байтақ әдебиетте катарсис пен оның мән-мағынасы туралы бірегей пікір жоқ.

КАТЕГОРИЯ – шындықтың, пікірлердің және ұғымдардың жалпы және қарапайым формалары, олардан басқа ұғымдар туындайды. Сонымен қатар, категориялар таным объектілері болмысының алғашқы және негізгі формалары.

КАТЕГОРИЯЛЫҚ ИМПЕРАТИВ – Кант философиясының ұғымы, жалпыға бірдей, жеке принципке (максима) қарама-қарсы, міндетті түрде орындалуға тиіс мінез-құлықтық ереже. Кант этикасындағы адамгершілік заңын сипаттайтын философиялық термин. Кант бұйыру формасында жасалатын ұсынысты императив (лат. іmperativus — әмірлі) деп атады. Канттың пікірінше, императив не болжамдық, не категориялық болуы мумкін. Біріншісі көкейдегі мақсатқа (мыс, утилитарлық пайдаға ұмтылуға) байланысты (құрал ретіндегі) бұйыруды білдіреді; «екіншісі үзілді-кесілді бұйырады. Императивтің екі түрінің бұл айырмашылығын Кант «Әдет-ғұрып метафизикасына негіз қалау» (1785) деген еңбегінде баяндап берді. Категориялық императив әркімге ереже бойынша әрекет етуді телиді, бұл орайда әрекет етуші оның жалпыға бірдей заң болуын қадағалауы керек. «Категориялық императив» ұғымы – метафизикалық ұғым, өйткені Кантта ол бар нәрсеге болуы тиіс нәрсені абсолютті түрде қарсы қоюды білдіреді. Бұлайша қарама-қарсы қою Кант тұсындағы неміс бюргерлігінің іс жүзінде дәрменсіздігін көрсетеді, ол бюргерлік теориялық принциптерді олардың негізінде жатқан практикалық таптық мүдделерден бөліп алып, бұл прициптерді «ұғымдар мен моральдық постулаттардың таза идеологиялық анықтамалары» деп қарады.

КАТОЛИКТІК (гр. каtһоlікоs - ғаламдық) – негізінен Батыс Европа мен Латын Амерекасы елдерінде таралған христиан дінінің бір түрі. Католицизмнің ерекшеліктері: қасиетті рухтың жеке құдайдан ғана емес, бала-құдайдан да шыққанын мойындау, Рим папасының Христиан наместнигі ретіндегі үстемдігі туралы, папаның пәктігі және т.б. туралы догматтары. Католицизмнің православиядан діни және ережелік айырмашылықтары: дінбасыларының некелеспеуі (целибат), марианизмнің ерекше дамуы (құдай-анаға табыну) және т.б. Католицизм орталығы — Ватикан, католиктік партияларға, кәсіп-одақтарға, жастар және әйелдер ұйымдарына, оқу орындарына, баспасөзге, баспаларға және т. б. ерекше ықпал жасап отырады. Қазіргі Католицизм өзінің діни ілімін жаратылыстану деректерімен байланыстыруға, католиктік «әлеуметтік доктринаны» жариялау жолымен әлеуметтік-саяси өмірге ықпал етуге әрекет жасады. Соңғы жылдарда католицизмде, өзінің бұқара арасындағы позицияларын нығайтуға бағытталған және католиктік догматтар мен мінәжат етуді жаңғыртудан, мінәжәт етуді жергілікті тілдерде жүргізуден, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінде жергілікті халықтан дін басыларын даярлаудан, шіркеуді «саясатсыздандыру» ұранынан және т. б. тенденциялар байқалуда. Бұқараның көңіл-күйін ескере отырып, католик дінінің көптеген өкілдері әлеуметтік реформаларды және салиқалы, реалистік саяси бағытты жақтауда, мұның өзі, мысалы Рим папаларының кейбір энцикликаларынан айқын керінді. Неотомизм католицизмнің ресми философиясы (XIII Лев папаның энцикликасы «Этерни патрис», 1879) болып табылады.