Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Фил. словарь новый

.doc
Скачиваний:
18
Добавлен:
10.03.2016
Размер:
1.43 Mб
Скачать

БОЛМЫС – бүкіл әлемнің тұтастығын, дүние мен адамның бірлігін, тіршіліктің мәнісін білдіретін философиялық категория немесе санадан тәуелсіз өмір сүретін объективті дүниені білдіретін философиялық ұғым. Кең мағынасында болмыс, бірдеңенің жалпы түрде өмір сүруін білдіретін жалпы және абстрактілік ұғым. Қарапайым санада болмыстың баламалары ретінде әлем, ғарыш, дүние, табиғат, өмір тәрізді жалпы ұғымдар қолданылады. Философиялық әдебиеттерде болмыстың мынадай негізгі түрлері аталады: 1) табиғи және адам жасаған заттар мен процестер болмысы; 2) адам болмысы; 3) рухани болмыс; 4) әлеуметтік болмыс. Болмыс жалпы түрде реалды және идеалды деп бөлінеді. Реалды болмысты өмір сүру, бар болу деп, идеалды болмысты мән деп атайды. Реалды болмыс кеңістік пен уақыттық сипатқа ие және қайталанбайтын, индивидуалды заттардың, әрекеттердің нақты өмір сүруі. Идеалды болмыс мәңгі, уақытқа тәуелсіз, өзгермейді. Құндылықтар, идеялар, ұғымдар осыларға ие. Болмыс мәселесін онтология зерттейді.

БОНАВЕНТУРА (Джованни Фиданца) (1221-74) – итальяндық схоласт, Париж университетінде білім алып, профессор дәрежесіне дейін жетеді, 1257 ж. францистік орденнің басшысы қызметін атқарды. 1482 ж. оның ілімі қағидаға айналып, католиктік шіркеудің ұстаздарының біріне айналды. Августиандық ілімді жақтап, христиандық теология мен аристотелизмді ұштастырған томизмге қарсы шықты. Бонавентураның таным теориясы неоплатонизмге сүйеніп, мистикамен астасты. Адамзаттық таным діни әлемнің қасында қараңғылықпен тең, деп санған Бонавентура, христиандық құдайшыл адам нағыз ақиқатқа бөленуі үшін тақуа өмір мен мінажат еткені жөн деген тоқтамға келген. Универсалийлер төңірегіндегі пікірталаста реализмді ұстанды. Бонавентура католиктік діни қағиданың шамшырағы, Р.Бэконның қас жауы болған.

БОС УАҚЫТ – (ұйқы, тамақтану, жұмысқа бару және қайту, тұрмыстағы өз қажеттерін тындыру, т.с.с) қажетті істерден соң артып қалатын және күш-қуатты қалпына келтіруге пайдаланылатын, сонымен бірге адамның дене және рухани дамуына жұмсалатын еңбектен тыс уақыт бөлігі. Бос уақыт құрамына оқу және өз бетінше білім көтеру, мәдениетпен (оқу, театрға, музейге, киноға және т.б), қоғамдық-саяси қызметтер, ғылыми-техникалық шығармашылық, әуесқойлық, көркемдік-эстетикалық үйірмелерге қатысу, балалар тірбиесімен айналысу және т.б. кіреді. Сонымен бірге оның құрамына салғырттық («түк бітірмеу») және мәдениетке жатпайтын (оған қарсы) істермен айналысу әрекеттері де жатады. Нақтылы – тарихи жағдайдағы белгілі қоғамдық құрылыстағы бос уақыттың әлеум. құндылығы оның мөлшерімен (көлемімен), құрылымымен және мазмұнымен анықталады. Бос уақыт мөлшері жағынан соңғы он жылдықтарда бірнеше есе өсті, бүгінгі таңда оны одан әрі ұлғайту жұмыс уақытын қысқартудың есебінен емес (жол, үй жұмысы, балаларды тәрбиелеу және т. с. с.), әр түрлі тұрмысқа қажетті уақыттарды қысқартудың есебінен ұзарту мәселесі қойылып отыр. Бос уақыттың құрылымы мен мазмұнын анықтауда «мұратты» және «ұждансыз» іс-әрекеттердің арақатынастары шешуші роль атқарды. Маркс бос уақытты жеке адамның дамуының негізгі «кеңістігі», қоғам байлығының өлшемі деп есептеді.

БОЭЦИЙ (Аниций Манлий Северин) (480-524) – соңғы римдік философ, неоплатонизмнің тек формальдық өкілі ғана болды. Негізінде оның философиясы эклектизмге жақын және нақты ғылымдарға икемдірек болды, ал моральдық көзқарастары стоицизммен өлшенді. Боэций Аристотельдің логикалық шығармаларын, Порфирийдің «Аристотельдің категориясына кіріспе» еңбегін аударып, талдады. Ол Евклидтің шығармаларын аударып, Никомахтың «Арифметиканы негіздеу» еңбегіне түсініктеме берді. Грек музыкасының теориясын жете дамытып, зерттеген трактатты да Боэций жасады. Оның әлемге әйгілі философиялық еңбегі «Философиямен жұбану» деп аталады. Оның Аристотель жайындағы кейбір аудармалары жалған деген де пікір бар.

БҮТІН-БӨЛШЕК – философиядағы категориялар. Бүтін – іштей байланысты құрамдас бөлшектерін бірлікке әкеліп, оларды анықтайтын зат, я болмаса құбылыс. Бөлшек – бүтіннің құрамына кіріп, оның сапалық қасиеттерін өз бойына қабылдайтын зат, я болмаса құбылыс. Бөлшек әрқашанда бүтіннің ерекшелігін көрсетеді, сонымен қатар өзіне тән ерекшелігін де бойында сақтайды. Ал бүтін өзінің бөлшектерін біріктіріп, солар арқылы өз ерекшеліктерін болмысқа әкеледі.

БҰҚАРАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯ (лат. communicare - біреумен кеңесу, ақылдасу) – ақпарды (хабарды), білімдерді, рухани байлықтарды, моральдық жіне праволық нормаларды және т. с. с. тех. құралдардың (баспасөздің, радионың, кинематографияның, телевизияның) көмегімен саны көп, бытыраңқы аудиторияға тарату процесі. Капиталистік қоғамда Б. к-ның негізгі міндеті адамдарды сол қоғамда орныққан әлеум. қатынастарға сай тәрбиелеу болып табылады. Сондықтан бұқаралық коммуникация құралдары мұнда ең алдымен буржуазиялық ой-пікірдің стандартын мойындатуға, адамның сыншылдық қабілетін жоюға бағытталған насихат құралы, бір үлгіге келтірілген стандартты әрекеттер, мінез-құлық пен талғам жиынтықтарына көндіру құралы болып табылады. Социализм тұсында мүлдем басқаша жағдайлар туады, өйткені мұнда қоғам алдында жеке адам мен коллектив мүдделерін үйлесімді ұштастыру мақсаты қойылады (Коллектив және жеке адам). Мұндағы Б.к. құралдарынығ негізгі міндеті жеке адамның жан-жақты және үйлесімді дамуына көмектесу, оның белсенді өмір позициясын қалыптастыру, дүниеге ғыл. көзқарасты тарату болып табылады. Бүл аталған айырмашылықтардан келіп Б.к. құралдарына ғыл. талдау жасау жолдары мен әдістеріндегі айырмашылықтар шығады. Батыс социологтары мен әлеум. психологтарының көпшілігінің іс-қимыл мақсаты ең алдымен Б.к. құралдарының аудиторияға тигізетін әсерін зерттеу,насихаттың ықпалымен адамдар сезімінің өзгеру дәрежесін анықтау болып табылады. Социалистік қоғам жағдайларында зерттеудің негізгі міндеті аудиторияның құрамын, талап-тілектерімен мұқтаждықтар жиынтығын және олардың жүзеге асуын Б.к. құралдарымен қанағаттандыру дәрежесін анықтау болып табылады.

«БҰҚАРАЛЫҚ ҚОҒАМ» ТЕОРИЯСЫ – қоғам дамуының болашағы мен бағытын барған сайын үдемелі түрде индустрияландыру және урбанизациялану, өндіріс пен тұтынуды стандарттандыру, қоғамдық өмірді бюрократтандыру, бұқаралық ақпарат пен бұқаралық мәдениет құралдарының (баспасөз, радио, телевизия.) кең тарауы тұрғысынан қарастыратын бурж. концепция. «Б.қ.» теориясын дамытқан бурж. социологтарының ішінде (Миллс, Фромм, Д. Рисмен, Парсонс, Белл, А. Этциони, Р. Виленский, Д. Мартиндейл, Э. Шиндс және т.б.) капитализмді бурж. гуманизм, материализм, романтизм тұрғысынан сынаушылардан бастап капит. қоғамды мадақтаушыларға дейін түрліше ағымдар болды. «Б.қ.» теорияның маркстік-лениндік түсіндірмесі адамзат дамуының шынайы бағыттары мен болашағы тұрғысынан алғанда олардың негізсіз екенін ашып бере отырып, сонымен қатар оларда бурж. қоғамды сынау сәті бар екендігін және бүгінгі таңдағы шындықтың бірқатар актуальді мәселелері жеке адам мен әлеу. топтардың арақатынасы, мәдениеттің даму бағыттары, бұқаралық ақпарат құралдарының әлеум. ролі және т.б. мәселелер қойылғандығын атап көрсету.

БҰРМАЛАУ (лат. falgus – жалған және facio – жасау) – тәжірибе нәтижесінде алынған эмпиризмдік деректермен салыстыру жолымен теориялық пікірлерді (жорамалдарды, теорияларды) теріске шығару арқылы олардың ақиқаттығын тексеру әдістерінің бірі. Бұрмалаудың негізіне формальді – логикалық қатынас алынған, оған сәйкес, егер теориялық пікірдің теріске шығарылуы бақылаудың өзара қабысатын көптеген пайымдауларынан логикалық түрде туындайтын болса, ол жоққа шығарылған болып табылады. Осы логикалық қатынасқа сүйене отырып, Поппер верификацияның неопозитивистік принципіне (Верификациялау принципі) қарама-қайшы бұрмалауды енгізді, оны ғыл. пайымдаулардың ақылға қонымдылығын анықтаудың әдісі деп емес, ғылымды ғыл. емес нәрседен бөліп қаратудың тәсілі деп түсіндіріледі. Поппердің айтуынша, ғылымилық статусы шын мәнінде тек бұрмалауға болатын пікірлерде ғана болады, ал негізінде бұрмаланбайтын пайымдаулар одан ажырайды. Ғылым логикасы мен методологиясының жаңа концепциясында бұрмалау ғылыми теорияларды тексерудің практикаға бағындырылған жеке тәсілі деп саналады.

БРАХМАН – бірнеше мағынаға ие ұғым – 1) абыздар кастасының, брахмандардың өкілі; 2) абыз; 3) қасиетті мәтіндер; 4) құдай; 5) субстанция.

БРАХМАНИЗМ – ежелгі Үндістанда ведашылдықтың негізінде пайда болып, оны алмастырған діни-философиялық жүйе. Ведалар дегеніміз – діни сарындағы дұғалардың, құрбандық шалу негізінде айтылатын сөздердің, табиғаттың поэтикалық бейнелерінен хабардар ететін өлеңдер жиынтығы. Б.з.б. 9-8 ғғ. бастап ведаларға түсіндірмелер – упанишадтар маңыздылығы арта түседі. Брахманизмда о дүниемен салыстырғанда адам өмірінің өткінші екендігі және оның мәнсіздігі туралы идеялар басты орын алған. Адамның о дүниедегі тағдыры оның бұл дүниелік ғұмырындағы адамгершілік іс-әрекеттеріне байланысты.

БРУНО Джордано (1548-1600) – итальян философы, схоластикалық философия мен Рим католиктік шіркеуіне қарсы күрескер, ғылыми дүниетаным идеяларының жалынды насихатшысы. Пантеизм мүддесін қолдады. 8 жыл тұтқында ұстаған соң Инквизиция оны Римде отқа өртеді. Бруноның дүниетанымдық ой-өрісі ежелгі философия идеяларының (алғашында неоплатонизм мен пифагорейзм, кейіннен Эмпедокл, Анаксагор, Эпикур, Лукреций сынды материалистердің), Қайта Өрлеу дәуіріндегі итальян материалистік еркін ойының және өз заманының ғылыми жетістіктерінің, әсіресе Коперниктің гелиоцентрлік теориясының ықпалында қалыптасты. Бруно жаратушы мен табиғаттың шексіз мәңгілігін үйлестіре отырып, келе-келе өз ұстазы Николай Кузанскийге де батыл пікірлер айтты. Ол табиғаттың шексіздігі туралы нақты тұжырым жасады. Коперниктің ашқан жаңалығына сүйене отырып, Бруно осы философиялық принциптердің физикалық және астронрмиялық мән-мағынасын шыңдай түсуге күш салды. Сонымен бірге ол Коперник теориясындағы: әлемнің шектеулігі, аспан әлеміндегі жұлдыздардың қозғалмайтындығы, Күн әлемнің мызғымайтын кіндігі делініп келген көзқарастарға түзету енгізді. Соның негізінде ол жұлдыздар әлемдерінің шексіз көптігін және оларда шексіз тіршілік иелерінің болатындығы туралы қорытынды жасады. Схоластиканың натурфилософиялық дуализміне қарсы шыға отырып, Бруно Жер мен аспан әлемінің біртектілігін, олардың топырақ, су, ауа, от және эфирден тұратындығын тұжырымдады. Неоплатонизмнің әсерімен Бруно барлық заттарда болатын, оларда қозғалыс әсерін тудыратын рух субстанциясы және тіршілік принципі түрінде түс беретін ғаламдық жан өмір сүруі мүмкін деп есептеді. Бруно бірлік, байланыс және табиғаттағы қозғалыс атаулының универсалдығы, шексіз үлкен және шексіз кіші мөлшердегі қайшылықтардың өзара ұласуы түрғысындағы диалектикалық пікірлерді өрістетті.

БУДДИЗМ – ежелгі Үндістанда б.з.б. 6-5 ғғ. пайда болған діни-философиялық ілім. Негізін салушы Ситддхарта Гаутама Шакья-Муни, кшатрийлер варнасына жататын ханзада, өмір ләззаттары мен нәпсіқұмарлықтан бас тартып, Буддаға (тура мағ. – көзі ашылған, түсінген) айналған. Будда өз уағыздарында брахманизмді байлық пен сән-салтанатты өмірге бой бұрушылығы үшін және джайнизмді әсіре аскетшілдігі үшін қатты сынға алды. Ол өзінің көзқарастарын «Бенарес уағыздары» атты еңбегінде жүйелі түрде баяндап берді. «Рухани тіршілігі таза адам, дейді Будда, бұл өмірде екі нәрседен арасын аулақ салуы керек. Оның біріншісі – сауық-сайран мен думанды қызыққа толы өмір, бұл адамның рухына қарсы келетін бейшаралық, өткінші өмір, ал екіншісі – ерікті түрде қалап алынған азапты, қатыгез өмір, бұл да мәнсіз, мағынасыз. Рухани дүниесі бай адамдар өмірдің аталған екі жағынан да өздерін алшақ ұстаған жөн. Ең бастысы, адамдар танымға, білімге бастайтын, олардың ақыл-ой өрісін кеңітетін дұрыс жолға түсулері қажет. Бұл жол – тармақтары көп, сегіз салалы жол. Олар: дұрыс көзқарас, дұрыс сөйлеу, дұрыс бағытта ойлау, дұрыс өмір салты, дұрыс жүріс-тұрыс, дұрыс бетбұрыс, дұрыс күш-салу, дұрыс зейін қою». Буддизм бойынша, өмірдің азаптары жайындағы қасиетті шындық мынадай: өмірге келу – азап, қартаю – азап, жүрегің қаламайтын адаммен қосылу – азап, жақсы көрген адамыңнан айырылу – азап, көздеген мақсатыңа жете алмау – азап. Осы азаптардан құтылудың басты жолы – сегіз салалы қасиетті өмір жолын таңдап алу, жеке өзін азат ету. Карма және жанның қайтадан басқаға ауысуы принциптері бойынша, адам азаптардан о дүниеде де құтыла алмайды. Адамдар төрт қағиданы мүлтіксіз орындауы тиіс: зұлымдықтың алдын алу, зұлымдық пен қатыгездікке жол бермеу, ізгілік пен қайырымдылыққа даңғыл жол ашу, адамгершіліктік қасиеттерді батыл қолдау. Бұл жағдайда адамдар бақытты нирвана қалпына түсе алады. Нирванада адам карма заңдарынан босатылып, өзімен өзі тұрақты келісімділікке келе алады. Буддизм Үндістан жерінде қалыптасқанымен, кейін Оңтүстік Азияның көптеген елдерінде басты діни жүйеге айналды. Буддизмнің махаяна тармағы Бирма, Тайланд сияқты елдерде ресми дін жағдайына көтерілген. Бұл тармақта буддизм құдай дәрежесіне жеткізіледі. Хинаяналық тармақ дәстүрлі түсініктерді көбірек сақтап қалған. Қытайда буддизм конфуцийлік-даосистік ағымдармен қатар өмір сүрді. Жапонияда дзэн буддизм кең тараған. Тибет, Моңғолия және бұрынғы Кеңес Одағының кейбір аймақтарында ламаистік буддизм әрекет етеді.

БЭКОН Роджер (шамамен, 1214-92) – ағылшын ойшылы, жаңа заманның тәжірбиелік ғылымының жаршысы, қала қолөнершілерінің жақтаушысы. Феодалдық салтты, идеологияны және саясатты әшкереледі. Өзінің осындай көзқарастары үшін 1277 ж. Оксфорд университетінде дәріс беруіне тиым салынып, шіркеу басшыларының бұйрығымен монастрлық абақтыға қамалады. Р.Бэконның дүниетанымы айнымалы болғанымен, оның материалистік жақтары басым болды. Схоластикалық дүмшелік пен көсемдерге көзсіз сене бергеннен көрі табиғатты тәжірбиеге сүйеніп зерттеуге, ғылым және біліммен айналысуға шақырды. Эксперимет пен математикаға негізделген таным әдісін жақтады. Р.Бэконның ғылыми әдісінің мақсаты адамның табиғатқа үстемдігін орнату. Бэконның еңбектерінің мазмұнында алхимиялық және басқа да жалған сенімдердің болуына қарамастан, ол бірқатар ғылыми және техникалық батыл болжамдар айтқан. Негізгі еңбегі: «Зор еңбек» (1266-68).

БЭКОН Фрэнсис (1561-1626) – ағылшын философы, жаңа заманның материализм мен тәжірбиелік ғылымның негізін салушы. Король І Яковтың тұсында мемлекеттік билікте жоғары лауазым – лорд-канцлер қызметін атқарып, Верлуам лорды деген атқа ие болған. «Жаңа Органон» (Аристотельдің «Органон» еңбегіне қарсы) трактатының авторы ғылыми әдістің жаңа көзқарастарын және ғылыми индукцияның негізін дамытушы. Адам табиғатты игеруде тек ғылымға ғана сүйенуі қажет, сондықтан схоластикадан толықтай бас тартуды талап етті. «Білім – күш, күш – білімде» деп түйіндеді ол. Ф.Бэкон эмпиризмнің негізін салушы. Эмпиризмнің негізгі қағидасы – адамның барлық білімі тәжірбиеге негізделеді. Сонымен бірге Ф.Бэкон индуктивтік әдісінің негізін қалады. Нақты танымның дамуына ескі ұғымдар, тіпті, туа біткен кертартпа түсініктер елеулі түрде кедергі келтіріп, әлем біздің санамызда шынайы болмысымен бейнелене алмайды. Бэкон мұндай түсініктерді идол (елес) деп атайды. Оның пікірінше, идолдар туралы ілім осындай түсініктерді жеңуде маңызды құрал болмақ. Маркстің ойынша, Ф.Бэкон жүйелі түрде материалист болып қалыптаса алмады, себебі оның көзқарастарынан «теологиялық дәйексіздіктер» байқалады, деп санады. Бірақ қайткенмен де Ф.Бэкон – жаңа дәуірдегі қалыптасып жатқан тәжірбиелік ғылымның дамуына зор әсерін тигізген ұлы тұлға. Негізгі еңбектері: «Ғылымдардың қадірлігі мен көбеюі жөнінде», «Жаңа Органон», «Жаңа Атлантида».

-В-

ВАЙШЕШИКА философиясы б.з.б. 6-5 ғғ. дүниеге келді. Ол атомистік теорияға сүйенеді. Ньяя философиясы сияқты, вайшешика философиясы да этикаға көбірек мән берді. «Адамның» меніне бостандық беру үшін оны рухани азаптан, қыспақтан босату қажет дейді. Бүкіл әлем: от, су, жер, жел, атомнан құралады. Қозғалыс сапа емес, қасиет дейді. Бірақ бұл материалистік пікірді олар идеализмге жеңдіреді. Өйткені атомды да билейтін ырық, күш бар екенін мойындайды.

ВЕДАЛАР (санскр. veda-білім) – үнді әдебиетінің ең көне (2 ғ.соңы – б.з.д. 1 ғ. басындағы мыңжылдықтар) діни және философиялық мұралары. Ведаларда әнұрандар мен құрбандық шалу формулаларынан (Ригведа, Самаведа, Яджурведа, Атохорваведа), теологиялық трактаттардан (брахмандар мен упанишадтар) тұрады. Ведалардан Ежелгі Үндістанның мәдени-әлеуметтік өмірі туралы көптеген деректер ала аламыз. Оларда дүние, адам, адамгершілік туралы алғашқы философиялық түсініктер бейнеленді. Ведалар төрт бөліктен тұрады: Самхиттер (құдайларға арналған гимндер жинағы; олардың ең көнесі Ригведалар құдайларға арналған 1028 гимнен тұрады); Брахмандар (діни салт өлеңдер жинағы, философиялық маңызы аса зор болмаса да, Самхиттер мен Упанишадтардың арасын байланыстырп тұр); Араньяктар («Орман кітаптары» - қоғамнан бөлектенушілерге немесе орман кеңістігінде ақиқат пен табиғат туралы ойға берілушілерге арналған ережелер жинағы. Қоғамнан бөлектенудің өзі «іс-әрекет жолынан» «білім жолына», тереңірек пайымдау жолына көшу дегенді білдіреді, яғни Араньяктарда дүниетанымдық мазмұн басымырақ бола бастайды; Упанишадтар (философиялық мазмұны терең, рационалистік сипаты басым негізгі бөлім, Ведаларды аяқтаушы болғандықтан кейде веданта деп аталады.

ВЕДАНТА (тікелей мағынасы – Ведалардың соңы) – Упанишадтар базасында пайда болған діни-философиялық ілім, үнді философиясындағы ортодоксальдық жүйелердің бірі. Веданта индуизм философиясында қазіргі кезде де маңызды орын алады. Алғаш рет веданта Бадараянның веданта-сутраларында көрініс табады. Кейінірек веданта осы шығармалар жайында баяндаған еңбектер мен упанишадтарда кеңінен дамыды. Ведантаның екі бағыты белгілі. Біріншісі – адвайта (абсолютті дуализм-емес), негізін 8 ғ. Шанкара салды. Адвайта ілімі бойынша дүниеде ең жоғарғы рухани тіршілік иесі – Брахманнан басқа реалды тіршілік иесі болмайды. Себебі ол дүниені жаратушы. Бұл күйді Атман деп атайды, ол анықталмайтын, шексіз. Атман адамды ажалдан құтақарады, сөйтіп өліп бара жатқан тіршілік иесі қайтадан жаңғырады. Дүниедегі заттар мен құбылыстардың көптігі жайындағы түсінік шындыққа жанаспайды, нақты өмір сүретін тек Құдай ғана деп тұжырымдалады. Адвайтадағы таным әдісінің маңызды жағы интуиция мен ашықтық, ал қорытынды жасау мен сезім соңғы орында. Екінші бағыт – вишишта-адвайта (бөлінетін дуализм емес), негізін салушы Рамануджа (11-12 ғғ.). Рамануджаның пікірінше дүниеде үш шындық: материя, жан және құдай болады. Бұлардың үшеуі бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүреді, индивидуальдық жан материалдық денені өзіне бағындарады, ал құдайға екеуі де бағынады. Адвайта Шива құдайына табыну, ал вишишта-адвайта Вишну құдайына табынумен байланысты болды.

ВЕРИФИКАЦИОНИЗМ (лат. verus – ақиқат, facere – жасаймын) – ғылыми ақиқат, оның деректері эмпирикалық тексеру арқылы айқындалады деген әдістемелік концепция. Верификационизм логикалық позитивизм мен аналитикалық фигоафияның бір тармағы болып табылатын ғылым тіліне қатысты логикалық эмпиризмде кең қолданыс тапты. Оны 1920 ж. Вена логикалық үйірмесінің мүшелері (М.Шлик, О.Нейрат, Ф.Вайсман, К.Гедель, Р.Карнап, Х.Рейхенбах) зерттеп ұсынды. Олар Л.Витгенштейннің «Логикалық-философиялық трактаты» қағидаларын басшылыққа алды. Верификационизм принципі бойынша, кез-келген ғылыми зерделеген қағида «таза тәжірбиенің» нәтижелерін білдіретін және кез-келген білімнің негізі болып табылатын «хаттамалық сөйлемдер» дегендердің тұтастығымен анықталады. М.Шлик бойынша, «хаттамалық сөйлемдер» деректерді тікелей, ойдан қосусыз, таза күйінде білдіреді. Деректердің дұрыс еместігі туралы айту мүмкін емес, тек біздің олар туралы хабарларымыз дұрыс болмауы мүмкін. Болжам айтқанда да, оның кейін тәжірбиеде тексерілуіне басты назар аудару керек. Болжам дұрыстығының тәжірбиеде көрсетілуі верификация болып табылады. Верификационизм принципі «таза тәжірбиенің» зертеушіден тәуелсіздігін де ақиқат деп жариялады. 30 жылдардан бастап логикалық позитивизм дағдарысқа ұшырай бастады. Оны түсінген Витгенштейн кейінгі жұмысты «Философиялық зерттеулерде» тілдік ойын ұғымын ұсынды. Кейінгі аналитикалық философияда тіл шындықты тек сипаттап қоймай, сонымен бірге онымен қарым-қатынасқа түседі. Кейін верификационизм принципі орнын фальсификациялау принципіне берді.

ВЕСТЕРНИЗАЦИЯ (ағыл. western – батыстық) – Батыс мәдениеті үлгілерін қабылдау, басқа мәдениеттердің батыстандырылуы немесе батыстық донор мәдениеттен реципиент ретінде жеке құндылықтарды қабылдауы. Вестернизация негізінен, мәдени қабылдаушы елдің басқарушы элиталық тобының белсенділігімен жүргізіледі. Мыс., І Петрдің жүргізген реформалары, Түркиядағы Кемал Ататүріктің «жас түрікшілдер» революциясын, Латын Америкасының АҚШ-тық құндылықтарды біртіндеп қабылдауын т.б. атап өтуге болады. Вестернизация тек Батыс технологиясы мен өндіріс жаңалықтарын қабылдаумен шектелмей, осы өркениеттілікке тән құндылықтарды (демократия, адам құқықтарының басымдылығы, толеранттылық, ақпарат еркіндігі, азаматтық қоғам, т.б.) енгізумен айқындалады. Бұл белгілері бойынша, вестернизация қамтыған елдер деп Жапония, Оңтүстік Корея, Шығыс Еуропаның кейбір мемлекеттерін атап өтуге болады. ТМД кеңістігінде вестернизация әлі қарқын дами қойған жоқ. Жастардың тек батыстық бұқаралық мәдениет үлгілерімен әуестенуі шынайы вестернизацияға жеткізбейді. Вестернизацияға ұшырап отырған елдерде оған қарсы дәстүрлі мәдениеттің оппозициялық көңіл-күйі де қалыптасады. Вестернизацияға қарсылықты, әдетте, діни топтар мен маргиналдық қауым көрсетеді. Өйткені олар вестернизацияның нәтижесінде қоғамда алып отырған орындарынан айырылып қалу қаупінен қорқады.

ВИТАЛИЗМ (лат. witalis - өмірлік) – тіршілік қызметінің барлық процестерін тірі ағзалардан болатын (энтелехия, «жаратушы күш», «формаға ұмтылыс» т.б.) материалдық емес факторлардың әрекетімен түсіндіретін биологиядағы идиалистік ілім. Витализм жануарлар мен өсімдіктер дүниесін рухтандырады дейтін Платонның жан туралы ілімі мен Аристотельдің энтелехия туралы ілімінен бастау алады. Витализм бағыт ретінде 17-18 ғ.ғ. қалыптасты. Витализм өкілдері – Г. Шталь, Я. Икскюль, Г. Дриш және т.б. Витализм жанды табиғаттың сапалық өзіндік бедеріне сүйене және оны абсолюттендіре отырып, тіршілік ету қызметі процестерін материалдық химиялық және биохимиялық заңдылықтардан үзеді. Жанды табиғатты жансызға шектен тыс қарама – қарсы қою витализмді жансыздан жандының туу мүмкіндігін жоққа шығаруға апарады. Бұл жерде не өмірдің құдай жаратқан, не оның мәнгілік өмір сүріп келе жатқанын мойындау ғана қалады. Витализм биологияның аз зерттелген проблемаларына зиянын тигізеді. Виталистік бұрмалаудың негізгі объектілері өмірдің пайда болуы мен мәннің проблемеларын эмбриогенез, регенерация құрылымы мен функциясының және т.б-дың тұтастығы, мақсатқа сәйкестілігі болып табылады. Мыс. эмбриондық даму процесі витализм көзқарасы тұрғысынан алғанда – ұрпақтың күні бұрын қойылған мақсатты орындауға ұмтылысы. Ғылым дамуының тарихы – витализмді жоққа шығару тарихы әрі тіршілікке материалистік тұрғыдан қарау болып табылады.

ВИТГЕНШТЕЙН Людвиг (1889 - 1951) – философ және логикалық аналитикалық философияны жасаущылардың бірі. Венада туған «Логикалық философия трактатында» (1921) «логикалық тұрғыда жетілген» немесе «идеалдық» тілдің концепциясын ұсынды. Бұл тілдің келешектегі үлгісі ол үшін Рассел мен Уайхедтің «Рzipcipia Mathematica» еңбегінде баяндалғандай математика логика тілі болды. Бұл концепция шектелген логикалық формализмге тән қасиеттерде әлем туралы білімнің жиынтығына көшіруге әрекет жасаушылыққа, өзара конъюнкция, дизъюнкция және т.б. логикалық операциалрмен байланысқан жай тұжырымдар жиынтығын бейнелеуге негізделеді. В. логикалық – гносеологиялық концепциясын логикалық атомизм ілімі ретінде алдын ала онтологиялық негізге алады. «Идеалдық» тіл шеңберіне жатпайтын – дәстүрлі философия, этика және т.б-дың бәрін В.ғылыми мазмұн мақұрым деп жариялады; философия тек «тіл сыны» мүмкіндігі деп қана мойындалды. Тілден, санадан тәуелсіз тұратын объективті шындық туралы мәселені жоққа шығара отырып, Витгенштейн солипсизмге келді «Логикалық – философия трактат» мұраттарын логикалық позитивизм қабылдады. В-ның бірқатар логикалық мұраттары таблицалық немесе матрицалық, ақтқат мәнін айқындау әдісі, ықтималдылыққа көзқарастар және т.б. қазіргі логикалық дамуына әсер етті. Витгенштейннің «Философиялық зерттеулер» (1953) еңбегінде қорытындылаған көзқарастары философия ғылымына ықпалын тигізді.

ВОЛЬТЕР (Voltaire) Франсуа Мари Аруэ (Arouet) (1694—1778) – француз ағартушыларының ұлы өкілі, философ, жазушы, тарихшы. 1740 жылдын екінші жартысында XV Людовик тұсында тарихнаманы жасаушы. 1746 жылы Францияның ғылым Академиясына сайланды. Вольтердің шығармаларының толық жинағы (Моланда) 52 томнан тұрады. Вольтердің дүниетанымдық көзқарастарының негізінде сол кездегі кеңінен тараған деистік материализм болды. Демокрит пен Эпикурдің атомистік көзқарасын қолдап, Вольтер: «Дүниенің элементтері материалдық және олар өткізбейтін созылған субстанция», – деген пікірге келеді. Сонымен қатар И.Ньютонның ашқан тарту қасиетін қолдап, оны ол материяның негізгі қасиеттерінің бірі және табиғаттың әлі ашылмаған сан алуан қасиеттері бар деген тұжырымға келеді. «Дүниенің бәрі материалдық болатын болса, онда адамның жан-дүниесі, деген сұраққа, адамның ойлауға және сезінуге деген қабілеті, деп жауап беруге болар. Олай болса, денеден басқа өмір сүріп жатқан жан-дүние жөнінде менің ешқандай түсінігім жоқ», деген қорытындыға келген ойшылдың көзқарасы дінге қарсы келді. Екіншіден, Вольтер сол кездегі жаратылыстану деректеріне сүйене отырып, адамның жан-дүние құбылыстарының оның түйсіктері мен жүйесі, миымен байланысты екенін көрсетеді. Үшіншіден, жануарлардың да адамның дене құрылысына ұқсас мүшелері бар екенін көрсетіп, олардың да дүниені сезініп, бұлдыр да болса дүниені тани алатындығы туралы пайымдады. Өзінің шығармаларында Вольтер адам мәселесіне де көп көңіл бөлген. Адам – әлеуметтік пенде. Ол өзінің ұлылығын дүниетану және оны қайта өзгерту жолында айқын көрсетеді, деген пікірде болды философ. Вольтер адамзат тарихын философиялық жолмен сараптауға алғашқы із салғандардың қатарына жатады. Осының нәтижесінде «тарих философиясы» ұғымын ғылымға енгізді. Вольтердің ағартушылық қызметі өз заманының барлық негізгі мәдени құбылыстарын, соның ішінде, дін, мемлекет және тарих туралы мәселелерді қозғады. Негізгі еңбектері: «Философиялық хаттар» (1727-1733), «Метафизикалық трактат» (1734), «Тарих философиясы», «XIV Людовик дәуірі» (1751), «Микромегас» (1752), «Сократ» (1759), «Ұлы Петрдің патшалық ету кезіндегі Ресей империясының тарихы» (1759-63), «Қалта (карманный) философиялық сөздігі» (1764) және т.б.

ВОЛЮНТАРИЗМ – (лат. voluntas – (воля) жігер, 1883 ж. Ф.Теннис енгізген термин) – философиядағы идеалистік бағыт, жігерді болмыстың жоғарғы принципі ретінде қарастырады. Рухани болмыста жігерді бірінші орынға қоя отырып, волюнтаризм барлық заттың негізі ретінде интеллект, ақыл-ойды танитын интеллектуализмге немесе рационализмге қарсы тұрады.

-Г-

ГАДАМЕР Ханс-Георг (1900-2002) – неміс философы, М. Хайдеггердің шәкірті, философиялық герменевтиканың басты теоретиктерінің бірі. Ол экзистенциализмге және Дильтей шығармашылығына сүйене отырып, кез келген белгісіз іс біздің сенімдерімізді қайта қарау болып табылады деп пайымдайды. Көкжиектердің «басқамен» қосылуына жету үшін біз герменевтикалық шеңберге кіруіміз керек. Бұл шеңберде мәтін әлемдік түсінудің көрінісі ғана, ал соңғысы - осындай бірқатар мәтіндердің синтезі. Негізгі еңбегі: «Ақиқат және әдіс»