Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
07-06-2014_10-48-31 / ктап __дебиет __дстеме.docx
Скачиваний:
992
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
1.59 Mб
Скачать

Публицистикалық шығармаларды, эпистолярлық жанрды оқыту

1.Публицистикалық шығармаларды оқыту.

2.Хаттарды оқытудың негізгі ерекшеліктері

3.Публицистикалық шығармаларды жоғары сыныптарда оқытудың өзіндік ерекшеліктері

Публицистикалық шығармалар оқу бағдарламасында аз берілген. Әрине, әр ақын-жазушыны оқытқанда, мұғалім өз қалауы бойынша олардың осы жанрдағы еңбектерін оқуға ұсына алады. Мысалы, Ы. Алтынсариннің оқу-білім жайындағы мақалаларын, С. Торайғыровтың «Қазақ кітаптары жайында» атты мақаласын, М. Дулатовтың мақалаларын, эпистолярлық жанрдың бір түрі – естелік-мақалаларды, хаттарды ұсынуға болады. Ғылыми мақалалардан Ш. Уәлиханов еңбектері бағдарламада көрсетілген. Ал әдеби-сын мақалаларды, әсіресе, М. Әуезовті (оның Абайтану ғылымының негізін салушы екенін) Абай шығармаларын оқытқанда, қосымша материал ретінде ұсынып, оқытуға болады. Сабақтың ғылымилығын арттыруда, білімді тереңдетіп беруде, әсіресе, сын-зерттеу еңбектерінің орны ерекше. Хаттардың да маңызы зор. Хаттар, естеліктер тарихтан сыр шертеді, оқырман қауымға беймәлім мәселелерге назар аудартады, көркем туындыларын қалай жазғаны, оған не итермелегені, т.б. туралы маңызды мағлұматтар береді. Мысалы, Алтынсариннің орыс зиялыларына жазған хаттарынан оның білім беру, ағарту саласындағы ауыр өмірін, сол жолдағы кедергілер, қуаныш-ренішін; Шоқанның орыс достарына жазған хаттарынан оның дала тағыларымен күресі, патшалық самодержавие шенеуніктерінен көрген әділетсіздігі, тіпті қала берсе, демократтық, ағартушылық, гуманистік бет бейнесі туралы біле түсеміз.

Хаттарды оқытудың негізгі ерекшеліктері

7-сыныпта Ұлы Отан соғысының құрбаны, жалынды, әрі патриот-публицист Баубек Бұлқышевтың «Шығыс ұлына хаты» оқуға, талдауға ұсынылған. Хаттарды оқытуда мына мәселелерге көңіл бөлген жөн:

1. Жанрлық, композициялық ерекшелігін аңғарту (басқа шығармаларымен салыстыра отырып).

2. Хаты арқылы хат иесінің көңіл күйіне назар аударту. Мысалы, «Шығыс ұлына хат» аса көтеріңкі көңіл күймен, асқан сеніммен, халқына, бүкіл Шығыс ұлына арнау мәнінде жазылған. Хаттың ерекшелігі – жалынды үнінде, Шығыс ұлымен сырласу сипатында.

3. Хаттың мазмұнын меңгерту айналасында төмендегідей жұмыс жүргізу керек:

а) Мұғалімнің мәнерлеп оқуы, оқи отырып, түсінік беру, ең басты, түйінді мәселелерге көңіл бөлгізу. Бұл жұмыста мұғалімнің алдын ала жазып әкелген кесте-плакатын пайдалануға болады.

Үлгі:

Мына нәрселерге көңіл бөл:

- Хаттың қанды майдан кезінде Шығыс ұлына арналып жазылуы, Шығыс ұлымен сырласа жазылуы.

- Хат жазу, яғни «Шығыс ұлына» деп хат жазу себебі – Бейсенәлінің ерліктері, оны командирдің «Шығыс ұлы» деуі.

- «Отан деген – бір-ақ сөз». Оған төнген қауіп.

- Ана аманаты. «Сақтаймыз, ана, өміріңді сақтаймыз!» - деген солдат анты.

- «Елім-ай» әні – ер анты, ер серті. Ол фашистерді құртуға, аттануға шақырады.

- Кішкене бөбек, артта өсіп келе жатқан жас буын... Оның жауынгерлерге әл-қуат беруі, үміт нұрын себуі.

- Шығыс ұлы – Тарғын, Қобыланды, Махамбет, Абайлар ұрпағы.

- Қазақ халқы – «намысқой»; «Өлімнен ұят күшті», - дейтін халық.

- Панфиловшы 28 батырлар ерлігі – Шығыс ұлына үлгі.

- Шабуылға шығу, жеңіс шабыулына шығу.

ә) Тақырыптың түйінді мәселелесі жазылған бұл көрнекілікті басшылыққа ала отырып, мәнерлеп оқу, түсіндірмелі оқу, сұрақтар қоя отырып, ізінше мазмұндату жұмыстарын жүргізу;

б) өз беттерімен оқуға, ойлана отырып, іштей оқуға жағдай жасау. Бұл жұмыста оқушы көрнекіліктегі дараланып көрсетілген тақырыптың түйінді дәнін хаттан тауып, белгілеп отырады;

в) Қайталап, дауыстап оқыту. Оқу барысында негізгі мәселелерге тоқтап, мазмұндай отыру, түсіндіру, сұрақ-жауап тәсілін пайдалану.

г) Оқушы қалауы бойынша өздеріне ұнаған жерлерін жаттап алуға ұсыну.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Хат кімдерге арналған? Шығыс ұлы кім?

2. «Дәу қараның» ерлігі туралы не жазылған?

3. Оны неге «Шығыс ұлы» дейді жауынгерлер?

4. Ана, Отан аманаты туралы не айтылған?

5. «Елім-ай» әнінің мәні неде? Хат иесі жауынгерлерді сол әнді айтуда неге шақырады?

6. Хатта жауынгерлер басынан кешірген ауыр күндер туралы не айтылған?

7. Досына қандай талап қояды?

8. «Жаман солдат болуға құқымыз жоқ!» - дейді. Осы сөздің мағынасын түсіндір.

9. Хатта қазақтың қандай қасиетті ұлдарының аты аталған? Хат иесі олардың есімін неге келтірген?

10. «Өлімнен ұят күшті» деген халық мақалы арқылы хат иесі не айтпақшы болған?

11. «Мықты бол, Шығыс ұлы» дейді, осы сөздің мәнін түсіндір.

12. Мазмұнын меңгерту жұмысынан кейін идеялық проблематикасы, тіл ерекшелігіне талдау жасау.

Мұғалім әңгімесі, түсінігі мына мәселелерді қамтуы керек:

1. Баубек Бұлқышев туралы әңгімелеу, оның жалынды серкесөз шебері, патриот болғандығын айту. Оның жазушы Мұқан Иманжановпен ерекше достығын үлгі ету. Соғыстағы ерлігіне тоқталу. Басқа да шығармаларына қысқаша шолу жасау. Бұл кіріспе әңгімеде оқушыларды қызықтыру үшін, фотосуреттер (Баубек туралы), пікірлер, қосымша материалдарды пайдаланудың тиімділігі зор.

2. «Шығыс ұлына хаттың» жанрлық ерекшелігін еске алып, әрі мұндай шығармалардың балаларға бірінші рет кезігіп отыруы себепті, әдеби-теориялық ұғым беру (эпистолярлық жанр туралы).

3. Пікірлесу, әңгімелесу әдісі арқылы оқушыларды хаттың негізгі идеясы, ойына үңілдіру.

Әңгімелеу сұрақтары:

- Қалай ойлайсыңдар Баубек хатының маңызы, мәні неде? Не айтпақшы болған?

- Айтар ойын, мақсатын неге хат арқылы берген? Неге осы жанрды таңдап алған?

- Хатты қандай көңіл күймен жазған? Оның хат идеясын ашуда маңызы, рөлі бар ма?

- Хат арқылы Баубекке мінездеме бер.

4. Хаттың көркем тіліне, стиліне, тәрбиелік мәніне тоқталу.

Пікірлесу сұрақтары, кітаппен жұмыс:

- Көріп отырғандарыңдай, хат сырласу ретінде, арнау ретінде жазылған. Осы көркемдік тәсілді автор не себепті, қандай артықшылығына бола таңдаған?

- Хаттан көтеріңкі леппен шақыру, үндеу мәнінде жазылған жалынды сөздерді табу, олардың пайдалану орнын, ондағы стильдік маңызын дәлелдеу.

- Халық мақал-мәтелдерін тауып, олардың хаттағы маңызы, пайдаланылу мақсаты туралы пікір айту.

- Жауынгерлер ерлігі, патриотизмі, серті, болашаққа сенімі қандай сөздер арқылы берілген (мәтіннен үзінді алады).

- Баубек бейнесін ашатын, хат иесінің кім екенін танытатын сөздерді, ойларды тап.

- Лепті сөйлемдерді тауып, оның маңызына, хат идеясын ашудағы орнына тоқтал.

- Патриотизмге, оптимизмге толы хат жолдарына үңіл. Хат иесін романтик деп айтуға бола ма? Болса, оны дәлелде (хаттан үзінді алады).

Публицистикалық шығармаларды, әсіресе, хаттарды оқытуда оқушылардың көңіл күйі, сезіміне әсер ету ерекше назарға алынады. Осы хат олардың Отан сүйгіштік сезіміне, қазақ жауынгерлерінің ерлігін мақтан ету сезіміне, батырлық, ерлікті мұрат етулеріне, хат иесіне деген құрмет сезімдеріне әсер етеді. Хатты талқылау алдында соғыс кезіндегі әндерді тыңдау немесе соғыс туралы фильмдерден қысқаша үзінділер көрсетудің маңызы ерекше (мысалы, «Жеңіс парады» немесе «Төлеген Тоқтаров» фильмдерінен, т.б.). Бір-біріне хат жаздыру, ерлік, батырлық туралы, не сол Баубек Бұлқышев жайында немесе осы хаттан алған әсері туралы сырласу, арнау хаттарын жазғызуға болады. Өздеріне ұнаған жерлерін жатқа айтқыза білу де тиімді әдіс.