Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Lektsii_GRE.doc
Скачиваний:
287
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.05 Mб
Скачать

Лекция XIV Меншік объектілері мен қатынастарын мемлекеттік реттеу

§1 Меншікті мемлекеттік реттеу түрлері және әдістері

Мемлекеттік реттеу құзырына жататын меншік объектілерінің үш түрін бөліп көрсетуге болады:

  1. иемдену және пайдалану құқығындағы меншік иесі ретінде мемлекетке тиесілі меншік объектілері;

  2. мемлекетке жарым-жартылай тиесілі аралас меншік объектілері;

  3. мемлекетке тиесілі емес (жеке меншік, кооперативтік, өзіндік) меншік объектілер.

Бірінші топ объектілеріне қатысты мемлекет басқарудың толықтай өкілеттігін атқарады, пайдалану бойынша билікті толыққанды жүзеге асырады.

Екінші топқа қатысты мемлекет шектеулі мүмкіндіктермен пайдаланады, жарым-жартылай иелік етеді және мүліктік объектілерді пайдалануды басқа меншік иелерімен қатар жүргізеді.

Мемлекеттік емес объектілерге мемлекеттік ықпал жанама сипатта болады, сондықтан мұны тікелей басқарудан гөрі пайдалану бойынша реттеу қызметіне жатқызады.

Мемлекет заң шығарушы ретінде кез келген меншік формасындағы мүліктік объектіні сату, сатып алу, беру (өткізу), пайдалану ережелері мен нормаларын орнықтырады. Қазақстанда бұл ережелер ҚР Азаматтық Кодексінде көрсетілген. Мемлекет, сондай-ақ меншікті басқару үрдістерін реттеуге, бақылап, қадағалауға меншікке салық салуға құқылы.

Мемлекеттік меншік объектілерін реттеуді екі тармаққа бөліп қарастыруға болады:

  1. меншік формасы мен қатынастарын өзгерту арқылы реттеу;

  2. қолда бар меншіктің меншік формасын өзгертпестен оның қызметін, пайдалану үдерісін реттеу.

Көрсетілген реттеудің бірінші түріне мемлекеттік меншікті муниципалдық, жергілікті меншікке беру, мемлекеттік меншік объектілерін аукциондар, конкурстар арқылы рынокта сату, мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру және ұлттандыру, объектілерді мемлекетаралық немесе мемлекетішілік айырбастау, объектіні басқа меншік иесіне сот шешімің негізінде беру, жаңа меншікті мемлекеттің қатысуымен бөлу т.с.с жатады.

Бұл өзгертулердің басты белгісі мемлекеттік құқық пен мемлекеттік мүдделерді сақтап қалу болып табылады.

Мемлекеттік меншік объектілерінің қызметін және тиімді пайдалануын реттеу іс-қимылдарына мыналар жатады:

  • объектілерді мақсатты пайдалану;

  • объектілердің үзіліссіз қызметін қамтамасыздандыру;

  • объектілерді жалға, концессияға, лизингке беру;

  • мемлекеттік мүлікті кепілдікке қою;

  • мүлікті сенімді басқаруға беру;

  • мемлекеттік объектілерді тегін пайдалануға беру.

Мемлекеттік меншікті реттеудің ең маңызды, көлемді, құнды объектілерінің бірі ретінде жылжымайтын мүлікті атауға болады. Жылжымайтын мүлік – бұл жермен берік байланыстағы экономикалық объектілердің, кәсіпорындардың, тұрғын үйлердің құрамдас бөліктері.

Жылжымайтын мүлік объектілерін мемлекеттік реттеу тиісті деңгейдегі өкілетті органдармен жүзеге асырылады және келесі қызметтерден құралады:

  • жылжымайтын мүлікті сатып алу, сату, айырбастау, объектілерді сенімді басқаруға беру;

  • мүліктердің сақталуын қамтамасыз ету;

  • жылжымайтын мүліктің мақсатты пайдаланылуын қадағалау;

  • жылжымайтын мүлікті тиісті, жұмысқа қабілетті жағдайда ұстау, объектіні жаңғырту, ұтымды қолдану.

Меншік формалары мен қатынастарындағы жаңартулар және шаруашылық жүргізудің рыноктық әдістеріне көшу, Қазақстанда көптеген акционерлік қоғамдардың пайда болуы мемлекетттік акциялар пакеттерін, шаруашылықтардың жарғылық капиталындағы мемлекеттік үлесті, сондай-ақ меншік объектілеріндегі мемлекеттік пайларды реттеу қажеттілігін туындатты. Акционерлік қоғамдардың толыққанды қатысушысы болу үшін мемлекет өзінің өкілетті органдары арқылы мемлекеттік мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде немесе қосымша орналастырылған акциялардың төлемі ретінде пайдаланады.

Мемлекет, бағалы қағаздар рыногының қатысушысы ретінде акцияларды, үлестерді сатады және сатып алады. Акциялар мен үлестерді иемденуші ретінде мемлекет өзінің атқарушы органдарын тағайындайды, алмастырады, мемлекеттік мүддені қорғайтын өкілдерінің міндеттерін орнықтырады.

Мемлекет, сондай-ақ тиесілі акциялары мен үлестерін сенімді басқаруға, алынған кредиттер мен займдар үшін кепілдікке қоюға құқылы.

Меншікті реттеу меншік статистикасын қалыптастырумен тығыз байланысты. Меншіктің материалдық, заттай есебін алу олардың қолда барын және жағдайын баланста көрсету арқылы есептеу қолданылып жүрген дәстүрлі форма болып табылады. Дегенмен, меншік плюрализмі (көптүрлілігі) жағдайларында статистиканың жаңа тармағы пайда болды. Мұнда объектінің белгілі бір меншік формасына тиесілі ғана емес, сонымен бірге меншік объектісінің қызмет етуін, пайдаланылуын сипаттайтын бірқатар сапалық параметрлер мен көрсеткіштер қолданылады. Сондықтан меншіктің статистикалық көрсеткіштер жүйесі құрылады да меншік объектілерін жіктеу негізінде оларды иемденушілердің, қолданушылдар мен пайдаланушылардың есептерін ұйымдастыру қызметі орын алады.

Меншік объектілерін инвентаризациялау, жылжымайтын мүліктің реестрлерін (тізбесін) жасау және оларды біртұтас кадастрға (тізімдеуге) біріктіру ақпаратты өңдеудің жаңа, тиімділігі жоғары технологияларын қолдануды талап етеді.

Меншікті мемлекеттік реттеудің маңызды шарты – объектілер туралы мәліметтің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жасау болып табылады. Мұның өзі меншікті мемлекеттік реттеуді жңаң сапалық деңгейге жоғарылатады.

Елдің меншікті мемлекеттік реттеудің арнайы функцияларының қазақстандық трансформациялық экономикада қалайша жүзеге асырылып жатқандығы туралы жалпылама айтып өтейік.

Бүкіл әлемге кең тараған кәсіпорындарды мемлекеттің иелігінен алудың ең қарапайым формасы оларды коммерциализациялау (саудалау) болып табылады.

Коммерциализациялау бұқаралық құқық негізінде қызмет атқаратын мемлекеттік кәсіпорын мәртебесін (статусын) жеке құқық мәртебесіне айналдыруды білдіреді.

Қазақстанда мемлекеттік кәсіпорындарды коммерциализациялау ҚР Азаматтық Кодексінде бекітілген коммерциялық ұйымдар формасындағы мемлекеттік және муниципалдық унитарлық кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық формасы түрінде көрінеді.

Мемлекеттік кәсіпорындарды коммерциализациялау олардың алатын табысының сату көлемі мен ақшалай түсімге тәуелділігін күшейтеді. Ал, жоғары пайда табу, ең алдымен капиталды орналастыру мен пайдалануға, рынокқа икемді қосылуға байланысты болса керек.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]