Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Экзамен - азастан тарихы.docx
Скачиваний:
1172
Добавлен:
01.03.2016
Размер:
300.47 Кб
Скачать

24. Сібір хандығы (хv ғ. Аяғы – хvі ғ.): құрылуы, территориясы, этникалық құрамы, ішкі және сыртқы саяси жағдайы, шаруашылығы.

Cібір хандығы.

Сібір хандығы 1420 жылға дейін «Түмен хандығы» деп аталған. Хандықтың территориясы үлкен болғанымен, тұрғындар саны ХVІ ғасырдың ортасында 30 500 адам шамасында болған. Қазан құлағаннан кейін, 1555 жылы Сібір ханы Едігер (Тайбұғы тайпасынан) Мәскеу княздігінің бодандығын қабылдады. Бірақ 1563 жылы Көшім хан билікті қолға алған кезден бастап, бодандытан бас тартып, орыспен қарым-қатынасын бірден үзіп тастады.

Көшім хан 1569 жылы орыс патшасы Иван Грозныйға: «Сенің билігің бізге жүрмейді, тату тұрғың келмесе, тұрысатын жеріңді айт…», – деп хат жолдағаны жайлы дерек орыс зерттеушісі П.Небольсиннің еңбегінде айтылады.

Орыс жазбаларында Көшім хандығын «Ертіс хандығы» деп те атаған. Астанасы Ескер (Ескі жер) қаласы Ертіс өзенінің оң жағалауында Тобыл қаласынан 16 шақырым жерде ХІІІ ғасырда бой көтерген. Бұл өлке қазір Ресейдің Түмен облысына қарайды.

Көшім немесе Сібір хандығының құрамына қазіргі Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстан өлкесі енген. Хандық Қазақ және Ноғай ордаларымен қарым-қатынаста болған. Қыз беріп, қыз алысқан. Көшімнің үлкен ұлы Әли ноғай нояны Дін-Ахметтің қызын алса, өз қызын тағы бір ноғай ханзадасы Ақмырзаға берген.

Көшімнің хандығы жайлы Протауз және Эфрон құрастырған энциклопедиялық сөздікте: «Көшім Сібірде 1563 жылы хандығын орнатты. Ертіс, Тобылдың бүкіл аумағын биледі», – делінсе, орыс тарихшысы А.Оксенов: «Ескер қаласының бас мешітінде Көшімді ақ киізге көтеріп хан сайлады. Хандығының белгісі ретінде алтын, күміс монеталар құйды. Ол Түмен мен Сібір ханы болып жарияланды», – дейді.

Жармақ жорығы. Алтын Орданың құрамынан шыққан ұсақ хандықтарды бағындырғаннан кейін орыс патшасы күшейгеннің үстіне күшейе түсті. Патша ағзамның қолшоқпарлары (орыс алпауыттары) «енді Сібірді бағындырып алсақ» деп түн ұйқыдан айырылды. Өйткені Ібір-Сібірдің ен байлығы Ресей саудагерлерінің түсіне кіретін болды. Әрі Сібір алынса күллі Азияға қақпа ашылмақ.

Бірақ Сібірді жаулау үшін әскер керек. Бұндай тапсырманы үкіметтің солдаттарына тапсырып, патша жаман атты болғанша, Еділ мен Донның бойында қарақшылық жасап жүрген казактарға тапсырса сөзсіз тиімді болмақ. Бір оқпен екі қоян ату деген – осы. Біріншіден, мемлекетке маза бермей жүрген қарақшыларға жұмыс табылып, елдің іші тынышталады, екіншіден, қарақшылардың күшімен Сібір жұрты талқандалады.

Осындай сұрқия саясатты іске асыру үшін күллі Ресейге аты мәлім алпауыт Строгановтар әулеті мен Жармақ (Ермак) дейтін қарақшылардың атаманы тіл табысады. Шаш ал, десе, бас алып үйренген Жармақтың қандықол жасағы 1581 жылдың жазында Жайықтың жағасында орын тепкен Сарайшықты шабады. Орыс жылнамашыларының жазуы бойынша, қаланың екі мыңға тарта халқын қырып, сұлу келіншектерін апта бойы азаптап, түгелдей зорлап өлтіреді.

Бұнымен тоқтап қалмай қала маңындағы ауыл-қыстақ, елді мекендерді жер бетінен сыпырып, тіпті көне зираттардың өзін түгін қоймай қиратып, қу сүйекке айналған мүрделерді көрден суырып алып, тау-төбе етіп өртеп жіберген. Бір сөзбен айтқанда, көшпенділер «мынау біздің ата-бабамыздан қалған жер» деп айтатындай бірде-бір дерек қалдырмаған.

Көзіне қан толған Жармақ келесі 1582 жылдың жазында жасағын бастап Сібір жұртының астанасы – Ескерді (Қашлық) басып алуға аттанады. Бірнеше айға созылған қанды қырғыннан кейін 26 қазан күні Жармақ сібірліктерді қуып шығып, қаланы басып алды. Жазушы Мұхтар Мағауин осы күнді (26 қазан) ұлт тарихындағы ең азалы күн ретінде тарихқа таңбалауымыз керек, – дейді («Қазақ тарихының әліппесі», Алматы, 1995 ж. 147-б). Ал осы жорық жайлы «Үлкен Совет энциклопедиясының» алғашқы басылымында: «1581-1584 жылдары Жармақ отряды жүрген жерін қанға бояп, Сібірге жол тартты. Көшім ханды құлатты», – деп, оны Сібірді бағындырушы ретінде мақтап, ерлігін атап өтіпті.

Сібір хандығының күйреуі. Көшім жеңілгенімен хандық құрыған жоқ. Арада екі жыл өткен соң 1584 жылы тамыздың 5-нен 6-на қараған түні Ескерде есіріп жатқан Жармақтың жасағын көшімдіктер бір түнде тарпа бас салып, көсемін өлтіріп, жасағын Ертіске тірідей тоғытып жіберді. Қалған қарақшылар қашып-пысып ақ патшаның алдына барады.

Осы жеңістен кейін бұрынғы Көшім хандығы қайтадан ес жия бастады. ІV Иван қайтыс болып, жаңадан патшалықты қолына алған Федор І Иоаннович Сібір хандығының күшеюінен қорқып, қарақшы Жармақ салған іздің сүрлеуі өшпей тұрғанда, қайтадан шабуылды жалғастыруды қолай көрді. Көп кешікпей Борис Годуновтың ұйғарымы бойынша Иван Мансуров пен Данил Чулков басқарған қалың қолды Сібірге қарай аттандырды. Бұларға жолай Василий Сукин басқарған қарулы мергендер тобы қосылды. Қосындар зеңбірекпен қаруланды.

Қысқасы, Сібір жасақтары орыс әскерлерімен 17 жыл соғысты. 1591 жылы орыс воеводасы Владимир Масалский-Кольцовтың күшейтілген жасағы Көшімге шешуші соққы берді. Әлсіреген көшімдіктерді 1595 жылы воевода Доможировтың жасағы да қирата жеңді. 1597 жылы Көшім хан қалған-құтқан сарбаздарының басын қосып Тара бекінісіне шабуыл жасады. Бірақ шабуылы нәтижесіз аяқталды. 1598 жылдың 20 тамызында воевода Андрей Воейков Обь өзені бойындағы шайқаста Көшім әскерін толық талқандап, отбасы мүшелерінің кейбірін қолға түсірді.

Орыстар 1591-1595 жылдар аралығында Сібір хандығын толық бағындырды. Қысқа мерзім ішінде Ресей патшасы басып алған өлкелерге 22 жерге қала (бекініс) салып үлгерді. 1586 жылы Шым-Тұра қаласының орнына Түмен бекінісі, 1587 жылы Тобыл, 1594 жылы Тара, 1604 жылы Томск бой көтерді.

Профессор Н.Фирсов 1915 жылы Петерборда жарық көрген «Сібір тарихының мәліметтері» атты еңбегінде:

Сібірліктер 1616 жылы отарлаушыларға қарсы соңғы рет бас көтерді. Көтерілісшілерді патша әскері қойдай бауыздап, қатын-қалаш, бала-шағасына дейін тұтқынға алды. Осылай Көшім жеңілгеннен кейін Ресей империясы Қазақ Ордасымен бетпе-бет қалды.