Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Диссертация Ержан Абишев.doc
Скачиваний:
47
Добавлен:
17.02.2016
Размер:
1.26 Mб
Скачать

1.2 Бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырудағы басқарудың маңызы

Бәсекеге қабілеттілік – күрделі экономикалық категория, ол төмендегідей бірнеше деңгейлерде қарастырылуы мүмкін:

  • тауардың бәсекеге қабілеттілігі;

  • тауар өндірушінің (немесе фирманың) бәсекеге қабілеттілігі;

  • саланың бәсекеге қабілеттілігі;

  • елдердің бәсекеге қабілеттілігі.

Бәсекеге қабілеттіліктің осы барлық деңгейлері арасында тығыз ішкі және сыртқы тәуелділік бар.

Экономикалық, оның ішінде шетелдік те әдебиетте бәсекеге қабілеттілік осы ұғым жататын объектінің сипатына байланысты әр түрлі мағынада талдап түсіндірілетіндігін атап өткен жөн. Басқару иерархиясының деңгейлері бойынша бәсекеге қабілеттілік серпінінің белгілері мен факторларына өзіндік ерекшеліктер тән: кәсіпорын – сала – аймақ – ұлттық экономика.

Бәсекеге қабілеттіліктің неғұрлым толық ұғымы ашық нарық жағдайында қызметі іске асырылатын кәсіпорын деңгейінде зерттелген және құрылымданған. Бәсекеге қабілеттілік ұғымын макродеңгейде қабылдау қиындық тудырады, себебі ол ұлттық экономика позицияларын және оларды ұлттық экономиканың нығайта білу, яғни экономикалық өсім қарқынын үдету, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру және азаматтардың нақты табыстарын көбейту қабілетін бейнелейді.

«Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі» ұғымы туралы пікір-таластың көптен бері жүріп жатқандығына қарамастан, оның біртұтас анықтамасы әлі табылған жоқ. Бұны макроэкономикалық бәсекеге қабілеттілік мәселесінің айрықша күрделі, ал оны зерттеу үдерісінің аса көлемді және жан-жақты екендігімен түсіндіруге болады. Біздің елімізде реформаға дейінгі жағдайда негізінен өнімнің сапасы және оны өндірудің тиімділігінің ғана зерттелуі айтарлықтай маңызды фактор болып есептеледі. Шын мәнінде, бәсекелік ортаның әр түрлілігі бәсекеге қабілеттілікті ол көрініс табатын барлық салаларда, әрқандай шаруашылық және салықтық режимдерде зерттеу әдіснамасын (методологиясын) қалыптастыруды талап етеді.

Микроэкономика деңгейінде өнімнің (қызметтің) бәсекеге қабілеттілігі оның сапасы және бағасының ара қатысымен, жеткізу шарттарымен, төлем формаларымен, транспорттау түрлерімен және басқа да факторлармен анықталады. Өндіріс шығындары мен өнім сапасы арасындағы өзара тұрақты байланыстарды, сонымен қатар салыстырылып отырған объектілер қызметінің басқа да параметрлері арасындағы ара қатынасты анықтау олардың бәсекеге қабілеттілігін талдаудың күрделі міндеті болып табылады. Мұндайда зерттеудің параметрлік әдістерін қолдану бәсекеге қабілеттілікті мезодеңгейде (сала деңгейінде) бағалауға жақындата түседі, бұнда еңбек өнімділігі, өндірістің ғылыми және капиталдық сыйымдылығы, өнімнің техникалық деңгейі, импорт алмастыру деңгейі, халықаралық кооперациялық байланыстар және т.б. сияқты көрсеткіштер пайдаланылады.

Халықаралық еңбек бөлінісінің дамуы әлемдік аренада елдердің қандай да бір саланың бәсекеге қабілеттілік дәрежесімен байланысты белгілі бір мамандандырылуына алып келеді. Айталық, АҚШ-та неғұрлым бәсекеге қабілетті салалар авиация және аэрокосмос, бірегей машина жасау, автомобиль құрастыру және жасау, суперкомпьютерлер өндірісі және программалық қамтамасыз етуді әзірлеу болып саналады.

Жапония өнеркәсібінің негізгі салалары ішінде әлемдік нарықта анағұрлым бәсекеге қабілеттілері – электрондық және электротехникалық, автомобиль өнеркәсіптері, кеме жасау, станок жасау (оның ішінде робот жасау) және т.б.

Азияның жаңа индустриалды елдері (Корей Республикасы, Тайвань, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Тайланд) көпшілік тұтынатын тауарларды (киім, аяқ киім, тұрмыстық электроника және т.б.), сол сияқты ғылыми сыйымды бұйымдарды (электрондық компоненттер, дербес компьютерлер, микроЭВМ, перифериялық жабдықтар және т.б.) өндіру бойынша бәсекеге қабілетті салалар құра білді және күн өткен сайын Жапония мен Батыс Еуропа елдерінің сәйкес өнімдерімен сәтті бәсекелесіп жүр.

Өз кезегінде Азияның жаңа индустриалды елдеріне әлемдік нарықта Қытайдың сәйкес, яғни аналогиялық салаларының өнімдері үлкен бәсеке танытуда, Қытай бұл тұрғыда өте күшті бағалық бәсекелік артықшылыққа ие.

Ал енді ұлттық экономика деңгейіндегі бәсекеге қабілеттілік анықтамасына келсек, онда М. Портер тұжырымдамасына иек артқан жөн, оның негізінде өндіріс факторларын (ресурстарды) пайдалану тиімділігі жатыр. Зерттеуші «бәсекеге қабілетті ел» термині үлкен өзіндік мәнге ие емес деп есептейді, өйткені мемлекеттің экономикадағы негізгі мақсаты – өз азаматтарын өмір сүрудің жоғары (арту үстіндегі) деңгейімен қамтамасыз ету. Ал бұл мақсатқа қол жеткізу ең алдымен ресурстарды тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Нақты ұлттық бәсекеге қабілеттілік, оның көзқарасынша, өндірістің нақты салаларындағы жетістікті немесе сәтсіздікті және елдің әлемдік шаруашылық жүйесіндегі орынын анықтайды. Ұлттық бәсекеге қабілеттілік өнеркәсіптің тұрақты даму және инновацияларды өндіру қабілетімен анықталады. Алғашында ұлттық компаниялар бәсекелік артықшылыққа қол жеткізеді, бұл жолда олар өздері бәсекелесетін негізді өзгертіп отырады. Ал осы артықшылықтарын ұстап қалу оларға тауарды, өндіріс тәсілін және басқа да факторларды үнемі жетілдіруге мүмкіндік береді. Тіпті бәсекелестері оларды қуып жете және басып оза алмайтын дәрежеге дейін тез жетеді. Бәсеке – бұл тепе-теңдік емес, керісінше тұрақты өзгерістер. Саланы жетілдіру және жаңарту – үздіксіз үдеріс. Сондықтан елдің бәсекелік артықшылығын түсіндіру негізінде жаңару мен жетілдіруді ынталандырудағы, яғни инновациялар өндірісін қолдаудағы ел рөлі жатыр. Сөйтіп, бәсекеге қабілеттілікті құру және оны қолдау үдерісі ерекше таратылмағанын байқаймыз. Елдер экономикасындағы, олардың мәдениетіндегі, халқындағы, инфрақұрылымындағы, басқарудағы, ұлттық құндылықтарындағы, тіпті тарихындағы айырмашылықтар – бұның барлығы қандай да бір дәрежеде ұлттық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігіне әсерін тигізеді. Портер жаһанданудың күннен-күнге үдеу үстіндегі мәніне қарамастан ұлттың бәсекеге қабілеттілігі нақты, локалды жағдайларға тәуелді факторлардың жиынтығымен анықталатындығын көрсетеді.

Елдің халықаралық нарықтағы бәсекелік артықшылығын детерминанттардың әлдебір жиынтығы, яғни автор атап көрсеткендей «ұлттық ромб» анықтайды. Оған келесідей төрт компонент енеді:

  • факторлық шарттар, яғни осы салада жемісті бәсекелесу үшін қажетті нақты факторлар (мысалы, білікті жұмыс күші немесе инфрақұрылым);

  • сұраныс шарттары, яғни осы сала ұсынатын өнімдер немесе қызметтерге ішкі нарықта сұраныс қандай?

  • туыстас және бірін-бірі қолдайтын салалар, яғни халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті туыстас немесе қолдаушы салалардың елде барлығы немесе жоқтығы;

  • фирманың стратегиясы, оның құрылымы және бәсекелестері, яғни елде фирмаларды басқаруды құру үдерісін анықтайтын жағдайлар қандай және ішкі нарықтағы бәсекенің сипаты қай түрде?

Екі қосымша айнымалы бар, олар елдегі жағдайға елеулі дәрежеде өз ықпалын жүргізеді: кездейсоқ, яғни фирма басшылығы бақылай алмайтын оқиғалар; мемлекеттік саясат.

Портердің пікірінше, мемлекеттер бәсекеге қабілеттіліктің өзіндік катализаторы рөлін ойнауы тиіс. Мемлекет өз саясатының көмегімен ұлттық ромбтың 4 компонетіне де әсерін тигізе алады, бірақ бұл әсер жағымды да, жағымсыз болуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік саясаттың басымдықтарын айқын қалыптастырып алған аса маңызды. Жалпы ұсыныстар болып кез келген дамуды қолдау, ішкі нарықтағы бәсекені күшейту, инновациялар өндірісін ынталандыру саналады.

Елдің бәсекеге қабілеттілігін қолдау және арттыру жөніндегі үкіметтік шаралар кешеніне төмендегілер енуі тиіс:

  1. Үкіметтің факторлық шарттарына ықпалы:

  • факторларды (инфрақұрылымды, білікті жұмыс күшін, ғылыми-конструкторлық жасалымдарды және т.б.) құруға акцент беру;

  • факторлар нарығы мен валюталық нарыққа қатысты сауатты саяси шешімдер (салық және ақша саясаты, энерготасымалдаушылар нарығын реттеу және ұжымдық келісім-шарттарды бекіту үдерісін регламенттеу).

  1. Үкіметтің сұраныс шарттарына ықпалы:

  • мемлекеттік сатып алулар (сұранысты бастапқы кезеңінде-ақ, ішкі бәсекені, инновациялар өндірісін ынталандыру), бұйымдар мен үдерістерді регламенттеу (нарықтан сапасыз өнім өндірушілерді аластау үшін керекті техникалық және технологиялық стандарттардың айқын жүйесін құру);

  • сатып алушылар рөлінде алға шығатын салалар құрылымдарына ықпал ету (үкіметтің мемлекеттік меншік түрлеріне қатысты саясаты), бастапқы немесе асқынған сұранысты ынталандыру (тікелей емес несиелеудің лизингтік мехнизмдері мен басқа да түрлерін пайдалану), сатып алушыларға толық және сапалы ақпарат ұсыну;

  • техникалық стандарттарды енгізу (құрылғылардың, яки жабдықтардың әр түрлі типтерінің үйлесімділігін қамтамасыз ету);

  • шетелдік көмек және саяси байланыстар (классикалық үлгі – отар (колония) - метрополия өзара іс-қимыл схемасы).

  1. Үкіметтің туыстас және бірін-бірі қолдайтын салаларға ықпалы:

  • үкіметтің БАҚ-қа (бұқаралық ақпарат құралдарына) қатысты саясаты;

  • кластерлерді құру (Портердің түсіндіруінше, ол – шикізатты жеткізушілерден бастап дайын өнімді шығарушыларға дейінгі технологиялық тізбектің әр түрлі мүшелерін өзіне біріктіретін вертикалды интеграцияланған құрылымдарды құру);

  • аймақтық саясат (артта қалған аудандардың дамуын ынталандыру).

  1. Үкіметтің фирмалардың стратегиясы, құрылымы мен бәсекелестігіне ықпалы:

  • интернационализация (халықаралық бағдар мен экспортты қолдау);

  • нақты жекелеген кәсіпкерлердің ғана емес, сонымен қатар тұтас фирмалардың мақсаттарына ықпал ету;

  • ел ішіндегі бәсекелікті регламенттеу (трестке қарсы заңдар, протекционизм және т.б.);

  • жаңа фирмалардың дүниеге келуі;

  • сауда саясаты (нарыққа кең жол ашу және протекционизмді алға тартып қиянат жасамау);

  • шетелдік инвестицияларды тарту.

Біздің ойымызша, М. Портердің жетістігі елдің бәсекеге қабілеттілігіне талдау жасауы болып саналады, оның негізгі көрсеткіштері өмір сүру деңгейі мен еңбектің қоғамдық өнімділік деңгейі болуы тиіс (реформаға дейінгі кезеңде біздің еліміздің өнеркәсібі АҚШ және Жапониямен салыстырғандағы еңбек өнімділігінің деңгейімен, сол сияқты сыртқы сауда балансының сальдосымен сипатталды). Бәсекелік артықшылықтардың М. Портер қалыптастырған 4 детерминанты мынадай: өндірістік факторлардың параметрлері; ішкі сұраныстың параметрлері; әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетті туыстас және бірін-бірі қолдайтын салалардың барлығы; фирмалардың стратегиясы, олардың құрылымы және бақталастығы. Сонымен бірге елдегі фирмаларды құру мен оларды басқарудың ғана емес, сол сияқты ішкі нарықтағы бәсеке ерекшеліктерінің де сипатын анықтайтын жағдайларды, серпінді өнертабыстар мен технологиялар жасау мүмкіндігін қамтамасыз ететін бәсекелік ортаның болуын, сонымен қатар үкіметтің саясатын және оның бәсекелік артықшылықтардың дамуына сәйкестігін ескерген жөн.

М. Портер факторлық, инвестициялық және инновациялық артықшылықтар стадияларын бөліп қарайды. Оның пікірінше, ұлттың бәсекелік артықшылықтарына үкімет алғашқы екі стадияда ғана өзінің тікелей әсерін тигізе алады.

Ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің заманауи анықтамалары негізінен Экономикалық және әлеуметтік даму ұйымы қабылдаған оның жалпы анықтамасына сәйкес келеді. Бұл бойынша қабілеттілік халықаралық бәсеке үшін ашық компаниялар, өнеркәсіп салалары мен ел аймақтарының табыс пен жалақының салыстырмалы түрдегі жоғары деңгейін қамтамасыз етуі деп анықталады. Тиісінше ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің төмендегідей факторлары, яғни елдің еңбек өнімділігі мен өмір сүру сапасы бойынша қол жеткізген деңгейі, қолданыстағы жаңа технологиялар, қалыптасқан бәсекелік орта және жүргізілу үстіндегі бәсекелік стратегия, сол сияқты елдің саяси және экономикалық одақтарға қатысуы бағаланады. Шындығына келсек, сонымен бірге мынадай дәстүрлі факторлар, яғни тиімді географиялық жағдай, бай табиғи ресурстарды иелену және еңбек пен табиғи ресурстарға салыстырмалы түрде қолайлы бағаның орын алуы көбіне-көп ескеріле бермейді. Соған қараматан, өнімділік пен бәсекеге қабілеттілік ұғымдарының жақындасу үдерісі жүріп жатыр деп есептеуге болады.

Осымен байланысты Қазақстандағы арзан жұмыс күшінің факторын бәсекеге қабілеттіліктің уақытша әлеуетті (потенциалды) шарттарының бірі ретінде қарастыруға болатынын ерекше атап өткен жөн. Сонымен бірге бұл арзаншылық төмен төлем қабілеттілігі сұранысымен байланысты ішкі нарықтың өте баяу кеңеюіне алып келеді. Сондықтан еңбекақының өсуі еңбек өнімділігінің артуын мардымсыз болса да басып озып, алдына түсуіне қол жеткізу қажет. Бұл өз кезегінде тек өндірістегі жұмыс күшін сақтауға және олардың біліктілігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар өндіріс шығындарының да техникалық прогресс жолымен орнын толтыруға жәрдемдеседі. Ел үкіметі еңбек төлемақысы мен оның өнімділігінің өсу қарқындарының ұтымды ара қатынасын қолдау үдерісін басқарып отыруы тиіс. Бұл міндетті ойдағыдай шешу қазақстандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне жол бермейді. Жалпы қазақстандық өнеркәсіп өнімі өзінің қымбаттығымен, өзіндік құнының жоғарылығымен ерекшеленеді. Макробәсекеге қабілеттілікті талдау кезінде ұлттық валютаның бағамы, шығарылған өнім бірлігіне кеткен, валюта бағамына сәйкестендірілген өндірістік шығындар, валютаның тұрақтылығы, нарықтық квоталар, кедендік тарифтер сияқты маңызды көрсеткіштерді назардан тыс қалдырмаған жөн.

Сол сияқты бәсекелік артықшылықтардың тұрақтылығы мен олардың келешегінің көрсеткіштері, еңбек пен капиталдың жиынтық шығындарының бірлігіне сәйкес келетін өндірілген өнім саны, жаңа технологияларға салынған инвестициялар көлемі, ғылым мен кәсіби білім беру деңгейі, кәсіпорындар мен ұйымдардың компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілуі, елдегі ішкі және сыртқы жағдай, әлеуметтік және саяси күштердің балансы, елдің экспорттық экспансиясы мен экономикалық өсімінің қарқыны, оның әлемдік өндіріс пен сыртқы саудадағы үлес салмағы, сыртқы саудадағы құндық көрсеткіштер мен тарифтік емес шектеулер, ұлттық тауар өндірушілерге берілетін субсидиялар мен қаржылық жеңілдіктер, экспортерлер мен импортерлер үшін ақпараттық базаны құру, экспортерлерді сыртқы нарықта қорғау, елдің экономикалық байланыстарының көлемі мен оның ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымы) жұмысына қатысуы сияқты т.б. көрсеткіштер де маңызды болып саналады.

Заманауи жағдайда көптеген елдердің экономистері тарапынан мемлекеттің ұзақ мерзімді экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қолдаудың алғышарттарын қамтамасыз етудегі рөлін күшейту қажеттігін мойындау байқалады. Мемлекеттің реттеушілік функциясы өтпелі кезеңдік экономикаларға ие елдерде ерекше мән иеленеді, себебі бұл жаңа бәсекелік ортаны қалыптастыру, құрылымдық қайта құру, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруы және экономикалық тұрғыдан өсуі үшін жағдайлар туғызу міндеттерімен тығыз байланысты.

Дамыған батыс елдерінің ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін басқару саласындағы тәжірибесі айрықша қызығушылық танытады, өйткені жаңа бәсекег қабілетті салаларды құру мәселесі ұлттық даму стратегиясымен өте тығыз байланысты. Біздің еліміз үшін әлемдік нарықтағы бәсекелік позицияларды сақтау мәселесі өте өткір болып саналады, себебі қазіргі жағдайда елдің келешектегі бәсекеге қабілеттілігінің өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін факторлар елеулі дәрежеде өз мәнін жоғалтуда. Осымен байланысты экономиканың бәсекеге қабілетті салаларының қарқынын үдету басты мақсаты болып саналатын мемлекеттік саясат үлкен мәнге ие болады.

Жүйелік әдістеме деп объектілерді нысанның (объектінің) қызмет ету және пайдаланылу нәтижесіне әсерін тигізетін және өз үлесін қосатын өзара байланысты және өзара қатынасты элементтердің жиынтығы болып табылатын көп компоненті жүйе ретінде қарастыруды айтамыз. Әр түрлі өзара байланысты бөліктерден тұратын нысандарды зерттеу кезінде жүйелік әдістемені қолданудың қажеттігі мұндай нысандарда эмердженттілік принципінің көрініс табатын жағдайымен айқындалады, бұған сәйкес жиынтық нысан жеке-жеке, бір-бірінен алшақ түрде қарастырылатын, оны құрайтын элементтердің әрбіріне тән сапа иеленеді. Бұл элементтерді біртұтас жүйеге біріктіру жүйенің жекелеген бөліктерінің емес, керісінше олардың өзара байланысы мен бірлескен іс-әрекетінің ықпалымен туындайтын қосымша, әрі синергетикалық әсердің (эффектінің) пайда болуына алып келеді.

Басқарудың инновациялық әдістемесінің мәні өндірістік жүйе дамуының қозғаушы күші болып табылатын базалық, ғылыми сыйымды технологиялар саласындағы инновациялық қызметті жандандыру үшін қажетті өндіріс дамуына бағыт беруде жатыр. Өндіріс факторлары мен инвестициялар ғылыми негізделген инновациялық қызметтің мақсаты емес, керісінше оның құралы болуы тиіс.