Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Диссертация Ержан Абишев.doc
Скачиваний:
47
Добавлен:
17.02.2016
Размер:
1.26 Mб
Скачать

2.3 Республикада бәсекелестік үлгісін (моделін) қалыптастыру мәселелері

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2006 жылғы халыққа Жолдауында елдің әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 мемлекетінің қатарына ену міндеті алға қойылды. [11] Қазақстанның бәсекеге неғұрлым қабілетті 50 елдің қатарына кіруі тиістігі жөнінде мемлекет басшысы алғаш рет ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылымының 2004 ж. қарашадағы бірінші сессиясының ашылуында сөз еткен еді. Осымен байланысты Бүкіләлемдік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингін есептеп шығару әдіснамасын, яки методологиясын қарастыру лайықты іс деп санаймыз, өйткені алға қойылған міндет осы ұйымның рейтингіне бағыт ұстайды.

Бірқатар жыл (2000-2005 ж.) бойында Бүкіләлемдік экономикалық форум (БЭФ) ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін БӨИ (Growth Competetiveness Index - GCI), яки бәсекеге қабілеттіліктің өсу индексі негізінде бағалады. Алайда 2006 жылдан бастап БЭФ басқа әдіснаманы пайдалана бастады және жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін – ЖБИ (Global Competitiveness Index – GCI) есептеуге көшті. Әдістеменің кейбір өзгерістеріне қарамастан, 2000-2005 жылдары қолданылған бағалау критерийлерін қарастырған дұрыс деп есептейміз.

БӨИ үш компонент негізінде есептелді:

а) технологиялық индекс (Technology Index – TI);

б) қоғамдық институттар индексі (Public Institutions Index – PII);

в) макроэкономикалық орта индексі (Macroeconomic Environment Index – MEI).

Бұл ретте зерттеліп отырған елдер екі топқа, атап айтқанда «негізгі инноваторлар» және «негізгі емес инноваторларға» бөлінді, олардың әрқайсысы үшін индексті есептеу әдістемесі БӨИ компоненттеріне берілетін салмақ мәндері бойынша ажыратып қаралады. «Негізгі инноватор» елдер үшін БӨИ төмендегідей есептеледі:

БӨИ = ½ технологиялар индексі + ¼ қоғамдық институттар индексі + ¼ макроэкономикалық орта индексі.

«Негізгі емес инноватор» елдер үшін БӨИ-дің барлық үш компоненті бірдей, тепе-тең салмаққа ие.

«Негізгі инноватор» елдер үшін TI индексі былай есептеледі:

TI = ½ инновациялар подиндексі + ½ ақпараттық және коммуникациялық технологиялар подиндексі.

«Негізгі емес инноватор» елдер үшін:

TI = 1/8 инновациялар подиндексі + 3/8 технологиялар трансферті подиндексі + ½ ақпараттық және коммуникацяилық технологиялар подиндексі.

PII индексі ½ келісімшарттар мен заңнама подиндексі + ½ жемқорлық подиндексі түрінде есептеледі.

MEI индексі ½ макроэкономикалық тұрақтылық подиндексі + ¼ еларалық несиелік рейтинг подиндексі + ¼ мемлекеттік шығындар подиндексі.

TI индексін анықтау зерттеу материалдары да енетініне қарамастан, көбіне-көп статистикалық мәліметтерге негізделеді. Статистикалық мәліметтерге 1 миллион халыққа шаққандағы патенттер саны (инновациялар индексін есептеу кезінде қолданылады), елдің 100 тұрғынына шаққандағы ұялы телефондар саны, 10 000 тұрғынға шаққандағы Интернет пен интернет-хосттарды пайдаланушылар саны, 100 тұрғынға шаққандағы негізгі телефон линиялары мен компьютерлер саны (ақпараттық және коммуникациялық технологиялар подиндексін есептеу кезінде қолданылады) сияқты көрсеткіштер енеді.

Талдау TI индексінің есебі мүлтіксіз болмағандығын көрсетті. Бұл бағаланатын елдердің БЭФ рейтингіндегі қорытынды орналасуында көрініс тапты. Мысалы, Ресей рейтингі тек GCI-05 қорытынды индексі ғана емес, TI индексі бойынша да тым төмен болып, 73-орын иеленді. Бірақ Ресей жоғары дамыған ғарыштық өнеркәсіпке, ғалымдардың миллиондаған санына, жоғары білім берудің биік сапалы жүйесіне және әскери-өнеркәсіптік кешенге ие, соңғысы өнімінің экспорты бойынша ол әлемде 1-ші орын алады. Нәтижесінде GCI-05 индексі бойынша, мысалы, Ресейдің алдына Біріккен Араб Әмірліктері (18-орын), Катар (19), Чили (23), Кувейт, Кипр, Тунис, Иордания, Ботсвана, Гана сияқты елдер мен инновациялық-технологиялық сферасының дамуы және технологиялық жетістіктері күмән тудыратын көптеген басқа да мемлекеттер шығып кетті.

Осымен байланысты TI индексін есептеу әдістемесі мүлтіксіздіктен тым алыс деген тұжырым жасаған жөн. Осы индексте ескерілетін статистикалық мәліметтерден тек бір көрсеткіштің, яғни патенттер санының ғана нақ инновациялық, ғылыми қызметке қатысы бар. Ұялы телефондар, Интернет пен интернет-хосттар, телефон линиялары мен компьютерлерді пайдаланушылар саны іспетті көрсеткіштер елдің инновациялық дамуы мен технологиялық деңгейін сипаттай алмайды. Бұны көбіне елдің технологиялық және инновациялық сезінушілік, сол сияқты ұялы телефондар мен компьютерлерді кеңінен қолданатын, Интернетті пайдалана білетін азаматтардың әл-ауқат деңгейі деп түсінген жөн. Осы себеп бойынша тізімнің шыңында өзінің үлкен ғылыми-техникалық әлеуетімен белгілі мемлекеттер емес, Парсы шығанағының бай елдері орын тепкен. Мысалға, бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналатын Индия 50-орын иеленіп, БӨИ бойынша ғылыми жаңалықтары мен жоғары технологиялық дамуы хақында ешқандай мағлұмат жоқ Ботсвана, Иордания және Тунис іспетті елдерден төмен орналасқан.

PII индексі мен оған енетін «келісімшарттар мен заңнама» және «жемқорлық» подиндекстеріне келсек, олар тек сауалнамалық мәліметтер негізінде ғана есептеледі және оларға статистикалық көрсеткіштер енгізілмейді, сондықтан да олар тым субъективті. Оның ішінде «келісімшарттар мен заңнама» подиндексіне төмендегідей сұрақтар енеді: елдің сот төрелігі саясаткерлер, азаматтар және фирмалар ықпалынан қаншалықты тәуелсіз, қаржылық активтерді заң қаншалықты қорғай алады, мемлекеттік тапсырыстарды бөлу кезінде үкімет объективті ме, ұйымдасқан қылмыстың бизнеске әсері қаншалықты елеулі?

«Жемқорлық» подиндексін зерттеуге экономиканың әр түрлі салаларында, атап айтқанда экспорттық-импорттық операцияларда, қоғамдық секторда, салық салу және т.б. салаларда парақорлықтың тарау деңгейін анықтайтын мәселелер енеді.

2006 жылдан бастап БЭФ ЖБИ-ді пайдалана бастады, ол 2007 жылы модификацияға ұшырады: егер оған 2006 жылы тоғыз компонент енсе, енді ол он екі болды. Бұл он екі компонент үш топқа бөлінген. Бірінші топ – «базалық талаптар» төрт параметрден тұрады: «институттар», «инфрақұрылым», «макроэкономикалық тұрақтылық», «денсаулық сақтау және бастауыш білім». Екінші топ – «тиімділікті күшейтушілер» алты параметрден тұрады: «жоғары білім және кәсіби дайындық», «тауарлар мен қызметтер нарығының тиімділігі», «еңбек нарығының тиімділігі», «қаржы нарығының даму деңгейі», «технологиялық даярлығы», «нарықтың көлемі». Үшінші топ – «инновациялар және даму факторлары» екі параметрден тұрады: «компаняилардың бәсекеге қабілеттілігі» және «инновациялар». ЖБИ-дің он екі компонентінің әрқайсысы бойынша позицияларды есептеу үшін статистикалық мәліметтер мен сауалнама нәтижелері пайдаланылады. Жалпы ЖБИ-ді есептеуде 110 көрсеткіш қолданылады. GCI-07/08 компоненттері мен оларды құрайтын көрсеткіштерді толығырақ қарастырып көрейік.

Бірінші компонент «институттар» екі топқа, атап айтқанда «қоғамдық институттар» пен «жеке институттарға» біріктірілген 18 көрсеткіш негізінде есептеледі. Қоғамдық институттар меншік құқығы, интеллектуалдық меншікті қорғау, қоғамдық қорлар бағыттарының өзгерісі, саясаткерлерге деген қоғамдық сенім, соттардың тәуелсіздігі, үкіметтік шенеуніктер шешімдеріндегі фаворотизм (фавориттерді қолдау), құқықтық нормалардың тиімділігі, үкімет саясатының ашықтығы, мемлекеттік шығындардың бейберекеттігі, мемлекеттік реттеудің ауыртпалығы, бизнестің терроризмнен шығынға ұшырауы, полициялық қызметтің сенімділігі, қылмыс пен зорлықтан туындар бизнес шығындары, ұйымдасқан қылмыс секілді көрсеткіштер бойынша бағаланады.

Жеке институттар фирмалардың этикалық мінез-құлқы, корпоративтік басқарудың пәрменділігі, миноритарлық акционерлер мүдделерін қорғау, аудит пен бухгалтерлік есеп стандарттар ықпалының күші сияқты көрсеткіштер бойынша бағаланады. Барлық 18 көрсеткіш сауалнама негізінде анықталады.

Екінші компонент «инфрақұрылым» сегіз көрсеткіш бойынша бағаланады, оның ішінде тек телефон линиялары мен жол ұзындығы ғана статистикалық мәліметтер ұсынылған. Қалған алтауы келесілер: инфрақұрылымның жалпы сапасы, жолдар сапасы, теміржол инфрақұрылымының даму деңгейі, порттық инфрақұрылым сапасы, әуе транспорты инфрақұрылымының сапасы, электрлендіру ұсыныстарының сапасы. Соңғы алтауы БЭФ таңдап алатын сарапшылар сауалнамаларының нәтижелері негізінде бағаланады.

Үшінші компонент «макроэкономикалық тұрақтылық» бойынша Қазақстан келесідей көрсеткіштер негізінде анықталады: а) бюджет тапшылығы (профициті); ә) ұлттық қор деңгейі; б) инфляция; в) пайыздық мөлшерлемелер бойынша спрэд; г) мемлекеттік қарыз. Бұл барлық мәліметтер ұлттық статистикадан алынатындығы көрініп тұр.

Төртінші компонент «денсаулық сақтау және бастауыш білім» 11 көрсеткіш негізінде есептеледі, олардың сегізі денсаулық сақтау, ал үшеуі білім саласына жатады. Денсаулық сақтау бойынша сегіз параметр төмендегідей: 1) безгектің, яки малярияның бизнеске ықпалы; 2) құрт ауруының (туберкулездің) бизнеске әсері; 3) СПИД-тің бизнеске әсері; 4) балалар өлімі; 5) өмір сүрудің күтулі ұзақтығы; 6) безгектің кең таралуы; 7) туберкулездің кең таралуы; 8) СПИД-тің кең таралуы. Бұл жерде алғашқы үш көрсеткіш сауалнама бойынша, соңғы бесеуі статистикалық мәліметтер негізінде анықталады.

Бастауыш білімге жататын көрсеткіштер: бастауыш білім беру сапасы, бастапқы қабылдау (бұл жерде мектепке алғаш баратын балалар саны ескеріледі) және білімге кететін шығындар. Барлық параметрлер статистикалық мәліметтерден тұрады.

Факторлардың екінші тобы – «тиімділікті күшейтушілерге» бес компонентке біріктірілген 52 параметр енеді.

Бесінші компонент «жоғары білім және кәсіби дайындық» та, негізінен сауалнамалық сипаттағы көрсеткіштерден тұрады. Статистикалық мәліметтер тек орта мектеп пен жоғары оқу орындарына түскендерді, сол сияқты білімге кететін шығындарды бейнелейтін «қабылдау саны» параметрлерін есептеуде ескеріледі. Қалған алты параметр сарапшылар сауалнамасы негізінде анықталады. Айталық, сарапшылық жолмен білім беру жүйесінің сапасы, математика және басқа да ғылыми пәндердің оқытылу сапасы, мектептерді басқару сапасы, мектептердегі Интернетке қол жетімділік, сонымен қатар «жұмыстағы оқуды» (біліктілікті арттыруды) бейнелейтін екі көрсеткіш айқындалады.

Алтыншы компонент «тауарлар мен қызметтер нарығының тиімділігі» екі негізгі параметрге біріктірілген 16 көрсеткіш (олардың бесеуі статистикалық мәліметтер, ал қалғандары сауалнама нәтижелері болып табылады) негізінде есептеледі. Негізгі параметрлер мыналар: а) ішкі және шетелдік бәсеке енетін бәсеке; ә) сұраныс жағдайының сапасы. Өз кезегінде «ішкі бәсеке» параметрі келесі көрсеткіштерге негізделген: а) ішкі бәсекенің қарқындылығы (интенсивтігі); ә) нарықтық басымдық дәрежесі; б) антимонополиялық саясат тиімділігі; в) салық салу дәрежесі және оның әсері; г) толық салықтық мөлшерлеме; ғ) бизнесті жасау үшін талап етілетін процедуралар саны; д) бизнесті бастау үшін талап етілетін уақыт; е) ауыл шаруашылығы саясатына кететін шығындар. «Шетелдік бәсеке» параметріне а) саудалық кедергілердің кең таралуы; ә) өлшенген сауда тарифтері; б) шетелдік меншіктің кең таралуы; в) тікелей шетелдік инвестицияларға бизнес-ережелердің әсері; г) кедендік процедуралардың ауырпалығы; ғ) ЖІӨ-ге шаққандағы импорттың үлесі енеді.

Жетінші компонент «еңбек нарығының тиімділігі» 12 көрсеткіш негізінде есептеледі, олардың бесеуі статистикалық мәліметтер, ал қалған жетеуі сарапшылардың сауалнамалары негізінде қалыптасады. Бұл 12 көрсеткіш екі топқа агрегатталады: а) икемділік; ә) дарынды (қабілетті) пайдалану тиімділігі. «Икемділік» параметрі сегіз көрсеткіш негізінде анықталады, олар: а) кәсіпкердің еңбек қатынасындағы ынтымақтастық; ә) еңбекақыны анықтау икемділігі; б) жұмыс күшінің еңбекақы енбейтін шығындары; в) жұмыспен қамту қатаңдығы; г) жалдау және жұмыстан шығару әдістері; ғ) салық салу деңгейі және ықпалы; д) толық салықтық мөлшерлеме; е) жұмыстан шығару шығындары (мысалы, фирманың өз қызметкерлерін қысқартумен байланысты шығындары; жұмыстан шығару шығындарына қызметкер жалдау, демалыс жәрдемақыларын төлеу, еңбекақы бойынша берешекті өтеу, заңдық мәселелерді ретке келтіру және т.б. жөніндегі шығындар енуі мүмкін). «Дарынды (қабілетті) тиімді пайдалану» параметрі төрт көрсеткіш базасында есептеледі, олар: а) төлем және өнімділік; ә) кәсіби басқаруға қатысты сенімділік; б) ақыл-ой иелерінің елден кетуі; в) жұмыспен қамтылған әйелдер үлесі. Олардың алғашқы үшеуі сауалнамалық мәліметтерден, ал соңғысы статистикалық көрсеткіштен тұрады.

Сегізінші компонент «қаржы нарығының даму деңгейі» екі топқа, атап айтқанда «тиімділік» және «сенімділік және құпиялыққа» агрегатталған. Бірінші параметр алты көрсеткіш (бес сауалнамалық және бір статистикалық) негізінде есептеледі, олар: а) қаржы нарығының күрделілігі; ә) ішкі қор нарығы арқылы қаржыландыру; б) көмек қаржыға (ссудаға) қол жетімділік дәрежесі; б) венчурлық капиталға қол жетімділік; в) капитал ағынына қойылатын шектеулер; г) инвесторларды қорғау. Екінші параметр үш көрсеткіш, яғни а) банктердің беріктігі; ә) бағалы қағаздарды реттеу; б) заңдық құқықтар индексі (статистикалық мәліметтер) негізінде айқындалады.

Тоғызыншы компонент «технологиялық даярлығы» сегіз көрсеткіш негізінде анықталады, олардың жартысы статистикалық мәліметтер (ұялы байланыс пен Интернетті, оның ішінде кең жолақты байланыс пен дербес компьютерлер негізінде пайдаланушылар), ал қалған жартысы сауалнамалық (тікелей шетелдік инвестициялар, технологиялар трансферті, соңғы технологиялардың қабылдануы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы заңнамалық база).

Оныншы компонент «нарықтың көлемі» а) ішкі нарық көлемінің индексі; ә) шетелдік нарық көлемінің индексі негізінде анықталады. Екі индекс те статистикалық мәліметтерден шығарыла отырып айқындалады.

Он бірінші және он екінші компоненттер ұлттық экономиканың инновациялық сипаттамаларын бейнелейді. Айталық, «компаиялардың бәсекеге қабілеттілігі» компоненті а) жергілікті бәсекенің қарқындылығы; ә) антимонополиялық саясаттың тиімділігі; б) импорт (статистикалық мәліметтер); в) саудалық кедергілердің кең таралуы; г) шетелдік меншікке қатысты шектеулер негізінде анықталады. «Инновациялар» компоненті келесі көрсеткіштер бойынша бағаланады: 1) ғылыми-зерттеу институттарының (ҒЗИ) саны; 2) компаниялардың зерттеу мен дамуға кететін шығындары; 3) университеттер мен компаниялар арасындағы зерттеуге қатысты ынтымақтастық; 4) жоғары технологиялы өнімді үкіметтің сатып алуы; 5) ғалымдар мен инженерлердің қол жетімділігі; 6) патенттер (статистикалық мәліметтер); 7) интеллектуалды меншікті қорғау; 8) инновацияларға деген қабілеттілік.

Сөйтіп Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін есептеу кезінде БЭФ әдіснамасы, атап өтілгендей, 110 көрсеткіш пайдаланылады, олардың 1/3 статистикалық мәліметтер, ал 2/3 – сауалнамалық.

Жалпы бұндай сан ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін жиынтық бағалау үшін жеткілікті. Алайда ЖБИ-ді есептеу әдістемесі артықшылыққа да, кемшілікке де ие. Қазақстанның бәсекеге қабілеттігін бағалауға деген неғұрлым салмақты, әрі кешенді көзқарасты орнықтыру және оның әлемнің басқа елдерінің экономикаларымен салыстырғандағы бәсекелік артықшылықтарын талдау үшін оларға кеңірек тоқталған жөн.

ЖБИ-дің артықшылықтары қатарына бірінші кезекте бұл индексте оның үш подиндекске негізделген ізашарымен салыстырғандағы жүзеге асырылған нәтижелерін жатқызуға болады, олар бойынша ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі бағаланады. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі өлшенетін индекстер бойынша есептеу әдіснамасының өзгеруімен байланысты БЭФ-тің 2006 ж. Баяндамасында былай делінген: «Соңғы бес жыл бойы біз ұлттың бәсекеге қабілеттілігін бағалау үшін Джеффри Сакс пен Джон МакАртур жасаған бәсекеге қабілеттіліктің өсу индексін пайдаландық. ...Бәсекеге қабілеттілікті неғұрлым кең өлшеуде өнімділікті алға сүйрейтін көптеген факторларды ескеру мақсатымен ендігі жерде біз Бүкіләлемдік экономикалық форум үшін Колумбия университетінің профессоры, өсім мен бәсекеге қабілеттілік бойынша жетекші эксперт Хавьер Сала-и-Мартин жасаған индексті қолданатын боламыз». [12]

ЖЬИ-де БӨИ-мен салыстырғанда ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің әр түрлі жақтарын бағалауға қатысты кешенді көзқарас орнықтыруға талап етілген. ЖБИ-де бұрын қамтылмаған денсаулық сақтау, білім беру, тауарлар мен қызметтер нарығының тиімділігі, еңбек нарығы, қаржы нарығы, нарық көлемі және т.б. сияқты параметрлер де бағаланады. ЖБИ индексінде БӨИ индексі қамтымаған ЖІӨ және экспорт пен импорт көлемдері сияқты аса маңызды макроэкономикалық көрсеткіштер бар.

Сонымен бір мезгілде ЖБИ бірқатар елеулі кемшіліктерге ие, оларды келесідей топтарға бөлуге болады:

  1. ЖБИ-ге енетін көрсеткіштер тұжырымдарымен байланысты кемшіліктер.

Бұл индексте көбіне-көп пайдаланылатын параметрлер атауларының тұжырымдары нені бағалауға бағытталғаны жайында анық түсінік бермейді. Осындай сипаттағы тұжырымдар мысалдары өте көп, оларға «меншік құқығы», «үкіметтік реттеудің ауыртпалығы», «бизнестің терроризмге қатысты шығындары (қылмыс пен зорлық)», «ұйымдасқан қылмыс», фирмалардың этикалық мінез-құлқы» және т.б. жатқызуға әбден болады. Бұл тұжырымдар олардың ағылшын тілді нұсқасына сәйкес келтірілген. Сондықтан қандай да бір көрсеткіш нені және қалай бағалайтынын тек жалпылай аңғаруға болады. Мысалы, «ұйымдасқан қылмыс» көрсеткіші қылмыс санын, қылмыстық топтар саны, ұйымдасқан қылмыстың бизнеске әсерін немесе тағы да нелерді білдіреді? Мұндай тұжырымдар әдістемелік көзқарас тұрғысынан мүлтіксіз болып саналмайды. Тіпті көптеген кемшіліктерге ие БӨИ индексінде де подиндекстер тұжырымдары түсінікті де нақты еді. Айталық, «қоғамдық институттар» индексінің параметрлері сауалнама жүргізу үшін анық тұжырымдалған, атап айтқанда «ұйымдасқан қылмыс бизнеске елеулі әсерін тигізе ме?» деген сияқты сұрақтар ретінде ұсынылған. [13] Бәсекеге қабілеттілікті бағалаудың қолданыстағы басқа да критерийлері осындай түрде тұжырымдалған.

  1. Бәсекеге қабілеттіліктің кейбір параметрлерінің анықтау кезіндегі жеткіліксіз объективтілік БЭФ индексінің алдыңғы версиясына да тән болатын, тек ішінара қазіргі нұсқасында сақталған. Әңгіме бәсекеге қабілеттіліктің бірқатар параметрлері жеткілікті түрде кешенді және тек бір жақты ғана бағаланатындығында болып отыр. Алдыңғы индексте бұндай бағалаудың мысалы ретінде елдің технологияландырылуы алға шықты, ол үш подиндекс, оның ішінде ақпараттық және коммуникациялық технологиялар подиндексі негізінде бағаланды. Онда Интернет, ұялы телефондар, компьютерлер, телефон линиялары мен интернет-хосттар пайдаланушыларының саны бойынша статистикалық мәліметтер қолданылды. Сонымен бір мезгілде тиісті салалардың дамуын, олардың ел экономикасына қосқан үлесін және экономиканың технологияландырылу деңгейін бейнелейтін өзге де экономикалық көрсеткіштерді (мысалы, ИТ-салаларға салынған инвестициялар көлемін, осы салаларда жұмыспен қамтылғандар санын) сипаттайтын көрсеткіштер болған жоқ. Елдің технологияландырылуы көбіне-көп инновациялық емес, тұтынушылық бағытта бағаланды, оның нәтижесінде осы рейтингтің жоғарғы позицияларында жаңа технологияларды жасаушы емес, тұтынушы елдер орналасты.

Мұндай көзқарас ЖБИ индексінде де сақталды. Мысалы, ЖБИ-дің төртінші компоненті – «денсаулық және бастауыш білім» – біріншіден, денсаулық сақтау мен білімнің әр түрлі көрсеткіштерін біріктіретін өте оғаш құрамға ие, екіншіден, бұл сфераларды аса ерекше түрде бағалайды. Бұл компонентте он бір көрсеткіш барлығын алдында атап өткенбіз, олардың үшеуі білімге, ал қалған сегізі денсаулық сақтауға жатады. Осымен бір кезде денсаулық сақтау бар-жоғы үш ауру, яғни СПИД, туберкулез және безгек ауруларының кең таралуы негізінде бағаланады. Ал көрсетілген соңғы ауру әлемнің барлық аймақтары үшін тән емес. Денсаулық сақтау сол сияқты өмір сүрудің күтулі ұзақтығы мен бала өлімі көрсеткіштері бойынша да бағаланады. Бұл жерде онкологиялық және жүрек-тамыр ауруларының есебі ескерілмеген, ал олар өлім-жітімнің негізгі себептері болып табылады. Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесі дамуының экономикалық және басқа да көрсеткіштері жоқ, бұл халықтын аурудан қорғалу деңгейін бағалауға мүмкіндік бермейді, аурудың алдын алу мен қоғамға салауатты өмір салты стандарттарын еңгізуге баға берілмейді. Авторлар өз еркімен таңдап алған тек үш ауру бар болып шығады, олардың негізінде денсаулық сақтауға қатысы бар сегіз көрсеткіштің алтауы құрылады, яғни көрсетілген үш ауру елдің осы саладағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайды.

Бұл ЖБИ-ді бағалау кезінде қолданылатын басқа да компоненттерде орын алған бір жақты көзқарас екендігі күмән тудырмайды. Мысалы, ЖБИ-дің алтыншы компонентінде («нарықтық тиімділік») еңбек нарығына арналған және жеті көрсеткіш енген жеке подиндекс бар. Алайда бұл подиндексте еңбек нарығын бағалау негізі ретінде бүкіл әлемде қолданылатын базалық, негізін құраушы индекаторларға орын табылмады. Бірақ әйелдердің жеке секторда жұмыспен қамтылуын немесе ақыл-ой иелерінің елден кетуін сипаттайтын жекелеген көрсеткіштер орын алған (тап осындай тұжырымда – brain drain).

Келтірілген мысалдар БЭФ сарапшылары пайдаланатын көзқарас мәселесі GCI-06 индексі үшін де өзекті болып қалып отыр, себебі ол қандай да бір бағаланушы саланың даму деңгейін әрдайым дәл бейнелей алмайды және әрі қарай жетілдіруге мұқтаж.

3. Бәсекеге қабілеттіліктің әр түрлі жақтары жеткілікті түрде толық көрініс таппаған.

ЖБИ индексінде, жоғарыда атап өтілгендей, 110 көрсеткіш негізінде ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігінің он екі компоненті бағаланады. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілетттілігін бағалауға арналған он екі компонент ЖБИ-дің 2006 ж. тоғыз компонентімен, оның үстіне БӨИ-дің үш параметрімен салыстырғанда елеулі әдіснамалық прогресс болып отырғаны сөзсіз. Алайда, біздің ойымызша бағалау нысанларының елеулі түрде артқанына қарамастан, ел дамуының бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын барлық мәселелер ЖБИ-де көрініс тапқан жоқ.

Жоғарыда айтқандай, бәсекеге қабілеттілік ұғымы кең көлемде түсіндіріледі. Тағы бір көзқарасты келтірейік. Гарвард университетінің профессоры Роберт Лоуренстің пікірінше, «әсіресе ұлттық экономикаға қатысты бәсекеге қабілеттілікті анықтау өте қиын». [14] Р. Лоуренс ол тек сыртқы саудаға ғана жатпайды, бірақ экономикалық өсім, инфляция, жұмыссыздық, халық табысындағы үлкен айырым және әсіресе халықтың өмір сүру стандарттары іспетті критерийлер бойынша да бағалануы тиіс. АҚШ-тың бәсекеге қабілеттілік бойынша кеңесі «өндіріс және өнімділік, еңбекақы мен жеке табыстар, жұмыспен қамтудың өсуі, жинақтар мен инвестициялар, сауда, зерттеулер мен технологиялық даму және венчурлық капитал бойынша ұлттық және халықаралық мәліметтерді жүйелі түрде талдап отырады». [6] Осы ұйым жасаған 2006 жылғы бәсекеге қабілеттілік индексі АҚШ-тың экономикалық өсуі мен гүлденуінің қозғаушы күштерін талдайды, американдық экономиканың жаһандық экономикада бәсекеге түсе білу қабілетіне әсер ететін негізгі факторларды айқындайды және оның неғұрлым маңызды әлсіздіктері мен күштерін бағалайды. Өзгермелі жаһандық экономикалық ландшафттың кең контексіндегі негізгі деректер мен жасырын үрдістерді анықтау мақсатында ішкі және халықаралық көздердің кең шеңберінен алынған объективті мәліметтер өңделеді.

Американдық сарапшылар ең алдымен бәсекеге қабілеттілікті ел дамуының сыртқы экономикалық компонентімен теңдестіретінін аңғару қиын емес. Шынында да «бәсеке» терминінің алғашқы, «жарыс», «күндестік» дегенді білдіретін нұсқасынан шығара отырып, бәсекеге қабілеттілік деп елдің өз өнімін әлемдік нарыққа жеткізуші ретіндегі жетістігін түсінген әбден дұрыс болмақ. Алайда бұл мәселе ЖБИ әдістемесінде тіпті де көрініс таппаған. Экспорт тек бір көрсеткіште (89-дың ішінен), «нарықтық тиімділік» параметрін бағалау кезінде ғана өз көрінісін тапқан. Сонымен бірге әр түрлі елдер бойынша талдау мен салыстырмалылықты қамтамасыз ету үшін абсолютті емес, керісінше салыстырмалы көрсеткіштерді қолданған жөн. Мысалы, экспорттың ЖІӨ-ге, адам басына шаққандағы ара қатысы және т.б.

ЖБИ-де ұлттық экономиканың технологияландырылуын бейнелейтін өте маңызды көрсеткіштерге жеткілікті түрде назар аударылмаған. Айталық, экономиканың технологияландырылуын барабар түрде бейнелей алмайтын телефондар, компьютерлер және Интернетті пайдаланушылар секілді көрсеткіштер пайдаланылады. Ал өңдеуші өнеркәсіптің (немесе жоғары технологиялы салалардың) ЖІӨ-дегі үлесі, ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарға құйылатын инвестициялар және т.б. сияқты анағұрлым объективті индикаторлар қамтылмаған.

Егер адам дамуы индексін есептеу кезінде орын алатын әлеуметтік көрсеткіштер ғана тірек етілсе, онда индекс авторларының экономикалық көрсеткіштерге тым аз көңіл бөлуін түсінуге болар еді. Алайда әлеуметтік көрсеткіштер де ЖБИ-де фрагментарлық түрде ғана көрініс тапқан. Денсаулық сақтау, білім бері, ғылымның жекелеген жақтарын сипаттайтын көрсеткіштер ғана бар. Бірақ, біріншіден, бұл бағалаулар бір жақты және ерекше объективті емес (айталық, ғылыми жетістіктер тек ҒЗИ мен патенттер саны бойынша ғана бағаланады), ал екіншіден, бағалау үдерісінен әлеуметтік сфераның тұтас блоктары орын таппаған. Өмір сүру сапасын, қоғамның әлеуметтік тұрғыдан бөлінуін, кедей адамдар санын және т.б. бағалауға мүмкіндік беретін қандай да бір көрсеткіштер де жоқ. Әрине, денсаулық сақтаумен байланысты тарау бар, дегенмен онда елдің медициналық жүйесін, яки медициналық мекемелер, төсек орын, медициналық персонал және т.б. сипаттайтын бірде-бір көрсеткіш орын алмаған. Денсаулық сақтауға кететін шығындар іспетті экономикалық көрсеткіштер де жоқ. Тап осындай жағдай білім беруге, ғылымға, мәдениетке де қатысты. Мәдениет секілді бәсекеге қабілеттіліктің осындай кесіндісі ЖБИ-де тіпті жоқ, алайда заманауи жағдайда нақ мәдениеттің барлық өз көрінісінде даму деңгейі елдің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін айқындайды.

Кемшіліктердің бөліп қаралған үш тобынан басқа келесі жағдай (момент) өзіне назар аудартады. БЭФ индекстерінде статистикалық емес, керісінше сауалнамалық сипаттағы көрсеткіштер саны тым үлкен көлем иеленген, ал бұл аса әдептілік емес және субъективті түрде бағалауға мүмкіндік береді. Жоғарыда мазмұндалғандардың барлығы БЭФ-тің бәсекеге қабілеттілік анықтамасына қатысты көзқарасы жеткіліксіз, әрі толық емес деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді, сонымен бірге басқа халықаралық индекстер және рейтингтермен салыстырғандағы әдістемелік сипаттағы елеулі кемшіліктері көзге анық байқалады.