Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Диссер Ержан.doc
Скачиваний:
30
Добавлен:
17.02.2016
Размер:
1.11 Mб
Скачать

1.3 Кедендік бақылауды жүргізу тәртібі және оның аймақтары

Кеден органдарының лауазымды адамдары:

1) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына;

2) оларды тапсыру Кеден кодексте көзделген тауарлар мен көлік құралдары туралы кедендік декларацияға, құжаттар мен мәліметтерге;

3) кеден брокері, кедендік тасымалдаушылар ретіндегі тұлғалардың қызметіне, сондай-ақ жекелеген кедендік режимдердің шеңберінде және уақытша сақтау бойынша кеден қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың қызметіне қатысты;

4) тауарларды пайдалануға және оларға билік етуге белгіленген шектеулердің сақталуына;

5) кедендік төлемдерді және салықтарды есептеуге және төлеуге қатысты кедендік бақылау жүргізеді.

Қазақстандық тауарлар мен көлік құралдары оларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде кедендік декларацияны берген немесе тауарларды Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкетуді жүзеге асыруға тікелей бағытталған өзге де әрекеттер жасаған кезден бастап Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан өткенге дейін кедендік бақылауда болады.

Кеден органдары тұлғалардың қазақстандық тауарлар мен көлік құралдарын не оларды қайта өңдеу өнімдерін Кеден кодексте айқындалған тәртіппен кедендік режимдердің талаптарына сәйкес қайта әкелу туралы міндеттемелерін орындауына кедендік бақылауды жүзеге асырады.

Кеден органдары тауарлар мен көлік құралдарын шығарғаннан кейін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен кедендік бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары іріктеу принципін негізге алады және Қазақстан Республикасының кеден заңдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті нысандармен шектеледі.

Кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кедендік бақылау жүргізуге жәрдемдесу үшін мемлекеттік органдардың мамандарын, сондай-ақ шарттық негізде өзге де ұйымдардың мамандары мен сарапшыларын тартуға құқылы.

Мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдардан тартылған мамандар мен сарапшылар мемлекеттік құпия, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтерді, сондай-ақ кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушыларға қатысты құпия ақпаратты жария етпеуге міндетті.

Кедендік бақылау кедендік бақылау аймағында, сондай-ақ тауарлар, көлік құралдары және олар туралы мәліметтер, оның ішінде электронды нысандағы мәліметтер бар құжаттар орналасқан, кеден органдары айқындайтын басқа да орындарда жүзеге асырылады.

Кеден органдары кедендік бақылау жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуге байланысты сыртқы экономикалық қызметті не кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпараттарды, олардың тіркелуі, орналасқан жері туралы деректерді, сондай-ақ азаматтардың деректерін: тегін, атын, әкесінің атын, туған күні мен жерін, жынысын, тұрғылықты мекенжайын жинауды жүзеге асыруға құқылы.

Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың кеден органдарында бар өздері туралы құжатталған ақпаратпен танысуға және оның толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында осы ақпаратты нақтылауға құқығы бар.

Кеден органдары тұлғалар туралы ақпарат жинауды Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу кезінде, сондай-ақ аталған ақпаратты салық органдарынан, ішкі істер органдарынан, мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органдардан алу арқылы және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да тәсілдермен жүзеге асырады.

Кедендік бақылау жүргізу уақытын қысқарту және оның оңтайлылығы мен тиімділігін арттыру мақсатында кеден органдары тізбесі мен қолдану тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін техникалық құралдарды пайдалана алады.

Көрсетілген техникалық құралдар адамның өмірі мен денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктердің өсіп-өнуіне қауіпсіз болуға және тұлғаларға, тауарларға және көлік құралдарына зиян келтірмеуге тиіс.

Кеден органының талабы бойынша декларант, қойманың иесі, кеден брокері және тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге де тұлға кедендік бақылауға жататын тауарларды тасымалдауды, өлшеуді немесе тауардың мөлшерін өзгеше айқындауды, тауарларды тиеуді, түсіруді, қайта тиеуді, бүлінген орамды түзетуді, орамды ашуды, тауарларды орауды не қайта орауды, сондай-ақ үй-жайларды, ыдыстарды және мұндай тауарлар бар немесе болуы мүмкін басқа да орындарды ашуды жүргізуге міндетті.

Тасымалдаушы өзі тасымалдайтын тауарлармен және көлік құралдарымен жүк және өзге де операциялардың жүргізілуіне жәрдемдесуге міндетті.

Тауарлармен және көлік құралдарымен жүргізілетін жүк операциялары мен өзге де операциялар кеден органы үшін қандай да болмасын қосымша шығыстарға әкеп соқпауға тиіс.

Кедендік бақылау жүргізу кезінде тасымалдаушыға, декларантқа, олардың өкілдеріне, уақытша сақтау қоймаларының, кеден қоймаларының, бос қоймалардың иелеріне, бажсыз сауда дүкендерінің иелеріне және кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдарының әрекеттері (әрекетсіздігі) және шешімдері мүдделеріне әсер ететін өзге де тұлғаларға, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарына заңсыз зиян келтіруге жол берілмейді.

Кедендік бақылау аймақтары – бұл кедендік бақылауда болатын тауарлар мен көлік құралдарын сақтауға арналған, сонымен бірге, олармен жүк және басқа да операцияларды жүргізуіне арналған арнайы пайдалануға берілген және белгіленген орындар.

Тауарлар мен көлік құралдарын тексеру, және (немесе) кедендік тексеріп қарау арқылы кедендік бақылауды жүзеге асыру, оларды сақтау және кедендік қадағалаумен өткізу мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы бойында, кедендік ресімдеу, алдын ала операцияларды жүргізу орындарында, тауарларды қайта тиеу, оларды тексеру және кедендік тексеріп қарау орындарында, кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын уақытша сақтау, тұрақ орындарында, кеден қоймаларында, арнайы экономикалық аймақ аумағында, еркін қоймаларда, бажсыз сауда дүкендерінде, кеден органдары орналасқан орындарда кедендік бақылау аймақтары құрылады.

Кедендік бақылау аймақтары оларда кедендік бақылауға жататын тауарлар ұдайы болған жағдайларда - тұрақты, немесе тауарларды тексеру немесе кедендік тексеріп қарау қажет болған жағдайда уақытша және осындай операцияларды жүргізу кезіне құрылатын болуы мүмкін.

Кедендік бақылау аймақтарын құру мен белгілеудің тәртібін, сондай-ақ кедендік бақылау аймағына жіберу тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметкерлерін кедендік бақылау аймағына жіберу және жүру Қазақстан Республикасының кеден органының рұқсатымен және оның бақылауымен, келесі құжаттардың бар болғаны кезінде ғана жүргізіледі:

  • қызметтік куәлігі;

  • құқықбұзушылықтарды айқындау және тоқтату бойынша ұйымдастырушылық және жедел-іздестіру шараларын өткізуіне белгіленген мемлекеттік органдармен ресімделген қаулысы немесе ұйғарым.

Өндірістік және өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, тауарлар мен көлік құралдарын осындай аймақтардың шекарасы арқылы және солардың шегінде өткізуге кеден органының рұқсатымен және соның бақылауымен ғана жол беріледі.

Қазақстан Республикасының заңдылығына сәйкес Қазақстан Республикасының Кедендік бақылау Комитеті өзі кедендік бақылау аймақтарын құрады және шектейді.

Кедендік бақылау аймақтары кедендік шекараның бойында, одан тауарлар мен көлік құралдары өткен орындарда, сонымен бірге, оларды кедендік ресімдеу орындарда ұйымдастырылады.

Жеткізу орнына кеден органдарының немесе қойманың жұмыс уақытынан тыс келген тауарлар, кедендік бақылау аймағында орналасуы тиіс. Аталған орындардың үй-жайлары кедендік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында белгіленген талаптарға сәйкес болулары керек.

Қоймалардың иелері міндетті:

  • сақтауда орналасқан тауарлардың кедендік бақылауынан тыс алу мүмкіншіліктерін болдыртпау;

  • кедендік бақылаудың жүргізілуін қиындатпау;

  • қойманың лицензиясының шарттарын сақтау және кеден орагандарының талаптарын орындау;

  • кедендік бақылауды және кедендік ресімдеуді жүргізу үшін кеден органының лауазымды тұлғаларына үй-жайларды, байланыс және басқа да құралдарды беру;

  • сақтауда орналасқан тауарлардың есебін жүргізу және олар бойынша кеден органдарына есептілік беру.

Кедендік бақылау аймақтарында кеден кодексімен көзделген және оның талаптарын бойынша кедендік режимдердің барлығы жүргізілуі мүмкін.