Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД, микро, 2011-2012.doc
Скачиваний:
327
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.38 Mб
Скачать

Тұтынушы тәртібінің теориялық негіздері

Мақсаты: Негізгі үш мәселе – пайдалылық, баға және табыс – тұтынушы теориясының негізгі мазмұнын құрайды және бізге осы мәселелердің мәні мен мазмұнын, өзара байланысы мен маңыздылығын анықтауымыз керек.

Дәріс жоспары:

  1. Тұтынушы талғамы және пайдалылық. Пайдалылықтың концепциялары. Шекті пайдалылық теориясы.

  2. Талғамсыздық қисығы және оның картасы. Пайдалылық функциясы. Бюджет шектеулілігі және бюджет сызығы.

  3. Тұтынушының әл-ауқаты және экономикалық саясат. Тұтынушының тепе-теңдігі.

Негізгі ұғымдар: бюджет қисығы; бюджет шектеулілігі; пайдалылық; пайдалылық функциясы; шекті пайдалылықтың төмендеу заңы; су мен алмаздың парадоксы; Госсен заңдары; тұтынушы таңдауы; алмастырудың шекті нормасы; талғамсыздық қисықтары; Энгель қисығы; т.б.

Тақырыптың қысқаша мазмұны.

Тұтынушы – соңғы игіліктер мен қызметтерді тұтынатын кез-келген экономикалық агент (индивид, жеке фирма, мемлекеттік кәсіпорын). Әдетте экономистер өздігінен шешім қабылдайтын тұтынушыны жеке индивид немесе ұйым ретінде емес отбасы (үй шаруашылығы) ретінде қарастырады.

Тұтынушы тәртібінің теориясы тұтынушы таңдауының (мінез-құлқының) негізгі принциптерін зерттейді, оның негізінде игіліктің пайдалылығы, оның бағасы, тұтынушының табысы сияқты түсініктер қарастырылады.

Пайдалылық – белгілі бір игілікті тұтынуда одан оның ерекше бір қасиеттерін сезіну мен ләззат алу мүмкіндігі. Ал аса қатаң мағынада (маржиналистік тұжырымдамада), пайдалылық – бұл тұтынушының игілік туралы қалыптасқан ой-пікірі немесе сол қажет игілікті саралауы және бағалауы.

Экономистер игіліктің пайдалылығын (мысалы, судың немесе алмаздың пайдалылығын) емес, сол игіліктің белгілі бір мөлшерінің пайдалылығын қарастырады. Сондықтан тұтынушы игіліктің өзін қажетсінбейді, ол сол игіліктің белгілі бір көлемін тұтынуды қажет етеді, яғни тұтынушының қажеттілігі қажеттіліктердің қанағаттанушылық заңы арқылы қанағаттандырылады.

Госсеннің бірінші заңы (шекті пайдалылықтың төмендеу заңы) – белгілі бір игіліктің әрбір қосымша бірлігін тұтыну барысында оның пайдалылығының төмендеуі.

Пайдалылық функциясы – тұтынушының сатып алатын тауарларының немесе қызметтерінің саны мен сол тауарды тұтынудан көрген қанағаттану деңгейі арасындағы арақатынасты көрсететін функция. Бұл функция игіліктің тұтыну көлемінің өсуіне байланысты оның пайдалылығының төмендеуін көрсетеді. Бұл функция формула түрінде былай берілуі мүмкін:

U = f (Qi)

мұндағы U – игіліктің пайдалылығы;

Qi - игіліктің қосымша бірліктері.

Игіліктің бағасы оның жалпы пайдалылығымен емес, оның шекті пайдалылығымен анықталады.

Игіліктің шекті пайдалылығы оның тұтынылу мөлшеріне сәйкес төмендегендіктен тұтынушы өзінің сатып алу көлемін (сұраныс көлемін) тек баға төмендегенде ғана арттырады. Мұндай жағдайды сұраныс қисығының төмендеу сипаты деп түсіндіруге болады.

Тұтынушы берілген игіліктер жиынтығын тұтынудан көретін ең жоғары қанағаттанушылықты барлық тұтынылатын игіліктің шекті пайдалылықтары тең болған жағдайда ғана ала алады. Бұл қағиданы алғаш рет Г. Госсен ашқандықтан біз оны Госсеннің екінші заңы деп атаймыз. Тұтынушының ақшалай табысы игілікті тұтынудағы әкелетін шекті пайдалылығы бірдей болатындай етіп бөлінсе ғана ол ең жоғарғы пайдалылыққа жете алады:

MU1/P1 = MU2/P2 = …= MUn/Pn.

Тұтынушының тәртібін модельдеу үшін, яғни жеке тұтынушының сұранысын модельдеу үшін талғамсыздық қисықтары және бюджет сызығы сияқты құралдар қолданылады. Талғамсыздық қисықтары – бұл тұтынушыға бірдей пайдалылық алып келетін екі тауардан тұратын жиынтық нүктелер (тұтынушы осы жиынтықтардың қайсысын таңдайды, оған бәрібір) – олар бірдей пайдалылыққа ие.

Екі экономикалық игіліктің кеңістігінде жатқан бірнеше талғамсыздық қисықтары – талғамсыздық қисықтарының картасы деп аталады. Талғамсыздық қисықтарының картасы тұтынушының ұнамдылықтарын көрсетеді және оның әртүрлі игіліктердің кез-келген екі комбинациясына қатынасын анықтауға мүмкіндік береді.

Тұтынушының мүмкін болатын және кол жеткізе алатын тауарлар жиынтықтарын сипаттау үшін бюджет сызығы (бағалар сызығы немесе шығындар сызығы) қолданылады. Бюджет шектеулілігін былай көрсетуге болады:

I = Px X + PY Y

мұнда, І – тұтынушының табысы;

Px, PY - Х және Y тауарларының бағасы.

Бюджет шектеулілігінің мәні тұтынушының табысының Х және Y тауарларын сатып алуға кеткен шығынға тең болу керектігімен түсіндіріледі.

Тұтынушының оптимумы (берілген шектеулілік жағдайында тұтынушы әл-ауқатының максималды деңгейге жетуі) бюджет сызығы мен талғамсыздық қисығының жанасу нүктесінде қалыптасады.

Қорытынды

1. Сұраныс туралы шешім қабылдайтын тұтынушының нарықтағы мінез-құлқына экономикалық және субъективтік факторлар әсер етеді. Экономикалық факторларға тұтынушының табысы мен игіліктің бағасы жатады. Ал субъективтік факторларға тұтынушының талғамы жатады.

2. Тұтынушының нарықтағы мінез-құлқын зерттеу ең алдымен мына үш сұрақты зерттеуден басталады: 1) не сатып алу керек? 2) қанша тұрады? 3) тауар сатып алуға ақша жете ме? Бірінші сұраққа жауап беру үшін - игіліктің пайдалылығын білу қажет, екінші сұраққа жауап үшін – бағаны зерттеу қажет, ал үшінші сұраққа жауап беру үшін – тұтынушының табысын анықтау қажет. Осы үш мәселе – пайдалылық, баға, табыс – тұтынушы тәртібі теориясының негізін құрайды.

3. Нарықта игіліктің пайдалылығын зерттеуде кардиналистік және ординалистік көзқарастар қалыптасқан. Кардиналистік теория бойынша пайдалылықты қандай да бір өлшем бірлік (ютиль) арқылы өлшеуге болады, яғни пайдалылықты сан жағынан өлшеуге болады. Осыған сәйкес, пайдалылықтың екі түрі пайда болады: жалпы пайдалылық және шекті пайдалылық. Ал ординалистік теория пайдалылықты зерттеуде реттік салыстырмалы шамаларды қолданады. Бұл жерде бюджет шектеулілігі және талғамсыздық қисықтары қарастырылады. Демек, екі теория бойынша да тұтынушының тепе‑теңдік жағдайын сипаттауға болады.

4. Тұтынушылық сұраныс функционалдық және функционалдық емес болып бөлінеді. Функционалдық емес сұранысқа тиімсіз сұраныс, спекулятивтік сұраныс, әлеуметтік сұраныс, соның ішінде, көпшілікке ілесу әсері, өзін-өзі жоғары ұстау әсері және Веблен әсері сияқты сұраныстың түрлері жатады.

5. Тұтынушының тепе-теңдігі – тұтынушы өзінің жалпы пайдалылығын және әл-ауқаттылығын максималдай алатын нүктесі немесе шектеулі табысын толық жұмсаудан алатын қанағаттанушылық деңгейі.

Дәріске арналған әдістемелік кеңестер.

Бұл дәріс мәселелі дәріс ретінде қарастырылады.

Ең алдымен, 2-ші тақырыпты жақсылап қайталап алу керек. Бұл тақырып тұтынушылар тарапынан сұраныс теориясын толық зерттеуден тұрады. Тақырыпты оқығанда мына мәселелерге маңызды түрде көңіл бөлген жөн: тұтынушының нарықтағы негізгі міндеттері, тұтынушының таңдауына әсер ететін негізгі факторлар, пайдалылық функциясы және оның теориялары, талғамсыздық қисықтары және бюджет сызығы, тұтынушының тепе-теңдікке жету жағдайы. Әсіресе, тұтынушылық сұраныстың түрлерін талдау.

4-тақырып. Жалпы шолу дәрісі