Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
экс.текс на каз 2012.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
23.09.2019
Размер:
2.45 Mб
Скачать

Мәдениет сарайы Тәуелсіздік көшесінде орналасқан. Ғимарат 1963 жылы салынды. Жалпы көлемі – 3563 ш.М. Құрайды. 500 орынға арналған мәдениет сарайы.

«Жер Жаннаты Жетісудің» символына айналған фонтан 2001 жылы ашылды. Фонтанның авторы – Қазақстан Дизайнерлер Кеңесінің Президенті – Т.Сүлейменов.

4.11 БАЛҚАШ КӨЛІ

Балқаш – Қазақстанның оңтүстік-шығысында жатқан көл. Ол – Балқаш Алакөл ойысының терең шараларының бірінде орын тепкен. Теңіз деңгейінен 342 метр биіктікте жатыр. Ауданы – 18200 шаршы шақырым. Ұзындығы – 614 шақырым, ең енді жері – 74 шақырым, орташа тереңдегі – 6 м, ең терең жері – 27 м. Балқаш көлі туралы алғашқы деректер саяхатшылар В.Рубрук пен И.Карпинидің еңбегінде жазылды. 1850-1860 жылдары Балқаш ойысы мен Іле алыбын қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов зерттеді. Ол – Балқаш алыбында тығыз байланысты Іле және Жоңғар Алатаулары табиғатына ғылыми сипаттама жасады, бұларды биік таулық белдеулерге бөлді, Балқаш пен Алакөл шараларының пайда болуы мен қалыптасу тарихының өте ұқсастығын алғаш рет дәлелдеді. Балқаш көліне Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз, Бақанас, Тоқырау және Мойынты өзендері құяды.

4.12 АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫНЫҢ СТЕЛЛАСЫ

Аңырақай шайқасы (1729 ж., кей деректерде 1730 ж.) — біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Аңырақай шайқасы Балқаш көлінен 120 шақырымдық жерде, Алакөл маңында болды. Ал Аңырақай шайқасының стелласы Алматы облысында Алматы-Бішкек трассасының 36 шақырымында орналасқан.

4.13 РАЙЫМБЕК БАТЫР КЕСЕНЕСІ

Райымбек Түкеұлы (1705-1785) – жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда атамекенін жаудан азат еткен батыр әрі әулие, қолбасшы. Соғыста 77 рет жарақат алған батыр. Батыр қазіргі Алматы облысында туған. Ұлы жүз Албан ішіндегі Алжан руының Сырымбет тармағынан. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, «батыр» атанған. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы «Ойрантөбе» деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түскен. 1733 жылы Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанын да білуге болады. Көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген. Алматы облысында Райымбек есімімен аталатын жер-су аттары көп кездеседі. Торайғыр тауындағы Айырлы асуының маңында «Райымбек бастауы» бар. Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандары бірігіп, қазірде Райымбек атымен аталады, онда батырға ескерткіш орнатылған. Батырдың бейіті Алматы қаласындағы оның есімімен аталатын үлкен даңғылдың бойында орналасқан. Ел ауызындағы аңыз әңгіме бойынша Райымбек батыр дүниеден озар алдында ұрпақтарына «денемді ақ түйеге артып басын бос жіберіңдер. Ол қай жерге барып шөксе сол жерге жерлеңдер» деген өсиет айтса керек. Сол ақ түйе шөккен жердегі батыр есімімен аталатын зираттың басына зәулім кесене тұрғызылып, ақ түйенің мүсіні орнатылған. Қасиетті орын саналатын осы кесене тұрғызылған жерге адамдар келіп тәу етіп тұрады. 1981 жылы жерленген жерінде граниттан жасалған ескерткіш орнатылып, 1994 жылы ресми түрде кесененің ашылуы болды.

4.14 ШАРЫН ШАТҚАЛЫ

Шарын шатқалы – ең ірі экзотикалық орындардың бірі. Әлемде АҚШ пен Қазақстан және Ресей аумағында ғана кездесетін мұндай әсем жерімен әр қазақ мақтана алады. Шарын шатқалы үлкендігі жөнінен әлемде АҚШ-тың Колорадо жазығындағы  Гранд-Каньоннан кейінгі екінші шатқал болып саналады. Ерекше шайылған формалар, желденген рельефтер – ертегідегі құм тауларынан жасалған ескерткіштер әлеміне алып кетеді. Сан алуан сазды-тасты қызық мүсіндер – судың, жел мен күннің асықпай, мұқият жасаған туындысы. Табиғат күштері Шарын өзенінің арнасында таңғажайып мүсіндер топтамасын жасаған. «Қамалдар аңғары», «Жалмауыз кемпір шатқалы» және т.б. Құмды жардың биіктігі – 150-300 метр. Шарын шатқалы Алматыдан шығысқа қарай 220 шақырым жерде Райымбек ауданының аумағында орналасқан. Саяхатшылар үшiн Шарын шатқалы, әсіресе, оның төменгi бөлiгi ғажайып сұлулығымен тартымды. Жергілікті халық бұл жерді «қорғанды қамалдар аңғары» деп атап кеткен. 2005 жылдан бастап Шарын шатқалы мен шетен тоғайының аумағында «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи қорығы» құрылды. Шарын шатқалындағы жер бедерi жаратылысының алуандығы жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiнiң мол болуына қолайлы жағдай жасаған. Мұндағы 1500 өсiмдiк түрiнiң 34-сi «Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына» енген. Ал, жануарлар дүниесiнен сүтқоректiлердiң 60, ұя басатын құстардың 300, сумекенділердің 20 түрі және бауырымен жорғалаушылардың 800 түрi бар.

5 ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Құрылған мерзімі –1938 жыл.

Жер аумағы – 226 мың шар. шақ.

Халқының саны – 700 871 (Облыстық статистика департаментінен 2009 жылы наурыздың 19-ында

алынған мәлімет бойынша).

Облыс орталығы – Қызылорда қаласы.

Облыс аумағында 7 аудан, 3 қала, 273 ауыл бар.

Ең ірі көлдері Қамыстыбас, Арыс, Ащыкөл.

Облыс Қазақстандағы ең ірі өзен Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан Тұран ойпатының батысындағы Арал теңізімен шектеседі. Тұран жазығының ұзындығы 2 мың шақырым. Сырдарияның сол жағалауын төбешікті, белесті Қызылқұм массиві алып жатыр. Оны Жаңадария мен Қуандария арналары кесіп өтеді. Облыстың солтүстігінде төбешік құм массивтері бар, ал оңтүстік-шығыс бөлігінде Қаратау жотасының солтүстік-батыс бөлігі жатыр. Пайдалы қазбалардан ас тұзы, гипс, әктас, шипалы балшық т.б. кездеседі. Климаты континенттік. Жазы – өте қуан, ыстық және ұзақ, қысы – біршама жылы, қар жұқа түседі. Облыс жерінің едәуір бөлігін құм басып жатыр. Мұнда өсімдік жоқтың қасы, тек құмға шығатын – жусан, бетеге, сораң; сортаң топырақты жерде – эфемер өсімдіктер; құм аралығындағы ойпаң жерде – ақбас жоңышқа, жүзген; төбешікті құмда – ақ сексеуіл, жыңғыл, теріскен, бұйырғын, жусан; Сырдария атырабында – қамыс өседі.

Қаланың тарихы – ХIХ ғ. Ресейден Орта Азияға кететін керуен жолының бойындағы Ақмешіт бекінісінен басталады. 1853 жылы ол жерді генерал Перовский бастаған орыс әскерлері басып алып, фортты Перовский деп өзгертті. 1867 жылы Сырдария уездінің орталығы болған Перовск қаласы деп атады. Қазіргі күнде Қызылорда өте әдемі қала. Қалада радиус бойынша орталықтан өзен жағалауына қарай орналасқан көшелер – қала тұрғындары үшін жаздың ыстық күндерінде демалатын орынға айналған.

5.1 «ҚОРҚЫТ-АТА» МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕНІ

Қорқыт ата кешені Қызылорда облысының Жосалы ауылынан 18 шақырым жерде Қорқыт разъезінің түбіне 1980 жылы салынған. Қорқыт – көріпкелдердің, сазгерлердің, музыканттар мен ақындардың, бақсылардың табынушысы. Қорқыт VIII ғасырдың соңы мен IX ғасырдың басында өмір сүрген. Аңыз бойынша, Алла тағала қобыз жасауды Қорқытқа бұйырыпты. Оғыз елі үстемдік құрған IX-X ғасырларда “Китабу дәдәм Қорқут” атты әдеби ескерткіші болғаны белгілі. Кешеннен 2 шақырым қашықтықта теміржолға қарай Сырдария өзенінің жағалауында Қорқыттың мазары бар. Ол жер шарының қақ ортасы болып саналады. Мазар ертеректе өзен сумен шайылып кеткен. Кешен – бірнеше құрылыстан тұрады. Солардың ішінде, ең қызықтысы – «Ән салатын түтіктер». Ол – әлемнің төрт бұрышына қаратылған төрт қобызды бейнелейді. Олардың арасына жел соққанда қобыздың үнін шығаратын бірнеше түтіктер жинағы орнатылған. Сәулетші, бұл ескерткішті жасаған кезде аэродинамикалық әсерді қолданған. Мазардың төбесіне түтіктер ілінген, жел соққанда сол түтіктерден қобыздың сарынымен үндес дыбыс шығады. Қорқыт ата ескерткішінің ішкі жағы – Қорқыттың сиқырлы Желмаясын елестететін “түйе табан” өрнегімен безендірілген сүйір күмбез тәрізді. Ескерткіш-стелланың табаны мен беттері – ежелгі көшпенділердің космогониялық ұғымын сипаттайтын оймышпен және мозаикамен көмкерілген. Қорқыт Ата жайында Ш.Уәлиханов былай деп жазады: “Қобызда ойнауды тұнғыш үйренген – Қорқыт. Әрі ол ең алғашқы бақсы”.

Авторлары: сәулетші Б.А.Ибраев, физик С.И. Исатаев.

5.2 Н.БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫ

Қызылорданың Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ драма театры 1955 жылы Талдықорған қаласы Еңбекшіқазақ және Қаратал ауданындағы колхоз-совхоз театрының негізінде ұйымдастырылды. Театр өзінің шымылдығын тұңғыш рет 25 қарашада М.Мүсіреповтің “Ақан сері – Ақтоқты” трагедиясымен ашты. 1960 жылы наурыз айында театр Қызылорда қаласына көшірілді. 1970 жылы театрға Нартай Бекежановтың есімі берілді. 1997 жылы театр сазгер Нартай Бекежанов атындағы музыкалық-драма театры болып өзгертілді. Театрдың іргесін қаласып, алғашқы күннен бастап өнер көрсеткендер арасында ҚазАКСР-інің еңбек сіңірген әртістері Т.Айнақұлов, О.Әбдімомынов, Ш.Әбдібаев, С.Шотықов пен Қ.Көпбаев, А.Манасбаев, Ш.Мәрденов, Қ.Саурықов, Р.Тәжібаева т.б. әртістері және тұңғыш режиссері ҚазАКСР-інің еңбек сіңірген әртісі Ж.Әбілбаев болды. Театр ұжымы осы жылдарда М.О.Әуезов пен Л.С. Соболевтің “Абай”, Әуезовтің “Қаракөз”, “Қара қыпшақ Қобыланды”, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы-көрпеш – Баян сұлу”, Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында”, “Жат елде”, Т.Ахтановтың “Махаббат мұңы”, “Әке мен бала” т.б. спектакльдерін сахнаға шығарды. 1966 жылы театр режиссері М.Байсеркеновтің жетекшілігімен В.В.Вишневскийдің “Оптимистік трагедиясын” қойды. Бұл республика театры өміріндегі елеулі оқиға болды. Осы спектакльде комиссардың бейнесін Ш.Бәкірова сомдады. Театрдың режиссерлері болып Мен Дон Ук, Р.С.Андриасян, Байсеркенов, Т.Өтебаев және т.б. қызмет істеді. Театрдың бас режиссері – Х.Теміров (1983), суретшісі – С.Пірмаханов (1983) болды.

5.3 МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ

Жаңа заманғы техникамен жабдықталған медициналық орталық Болгар архитекторларының жобасымен жасалған. Көп саласы аурухана кешені құрылысын (медициналық орталық) 1998 жылы “Казахболгарстрой” тресі жүргізді. Медициналық орталық – Қызылорда қаласының оңтүстік бөлігінде 15 гектар жерге орналасқан. Аурухана кешенінде 860 (200 балалар орыны) орын бар. Оның құрамына 20 стационарлық бөлімше, 2 педиатр, 2 балалар орталығы және 250 орындық пансионат бар.

5.4 ЖАНҚОЖА БАТЫР КЕСЕНЕСІ

Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би ауылында Жанқожа батыр кесенесі орналасқан. Жанқожа батыр 1795 жылы Аралтеңізіне жақын жердегі ауылдардың бірінде дүниеге келген. Әлімұлы тайпасының Шекті руынан шыққан батыр болған. Ол қоқандарға қарсы 1856-1857 ж.ж. қазақтар көтерілісінің қолбасшысы болған. Сол кезде Жанқожа батырдың жасы 90-нан асқан болатын. Ол Жаңақаланы көтерілістің орталығына айналдырды. 1857 жылы 9 қантарда Арықбалық шатқалында көтерілісшілерді басу үшін Перовский жіберген Финингоф жазалаушы отрядымен шайқас жүргізді.

5.5 БАЙҚОҢЫР – ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ

Байқоңыр-ғарыш айлағы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан. Іргесі – 1955 жылы қаланған. Ол – дүние жүзіндегі ең бірінші «Спутник» жасанды жер серігін орбитаға шығарды. 1957 жылдың тамызында Байқоңырда әлемдегі алғашқы континентаралық көп сатылы баллистикалық зымыран шығарылды. КСР ҒА-ның ғарыштық кешенді құру базасы ретінде зымырандарды пайдалану ұсынысы қабылданып, сол жылдың 4-ші қазанында Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш ғарыш зымыраны сәтті ұшырылды. Байқоңырдан 1961 жылы 12 сәуірде, адамзат тарихында тұңғыш рет Ю.А.Гагарин “Восток” ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. 1987 жылдың мамырдың 15-інде алғашқы жаңа әмбебап «Энергия» зымыран тасығышы шығарылды. 1991 жылы 2 қазанда тұңғыш қазақ ғарышкері Т.Әубәкіров “Союз Т-13” ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілді. 1994 жылдан бастап Т.А.Мұсабаев ғарышта бірнеше рет болды. Байқоңыр, ғарыш алаңы – 1991 жылы Қазақстан Республикасының иелігіне өтіп, 1993 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға берілді.

Ғарыш алаңын салу үшін «Байқоңыр» таңдап алынды. Себебі, бұл жер – елді-мекендерден қашық, экватор жазықтығына жақын, ракета ұшыруға қауіпсіз, қону аймақтарының болуы, т.б. факторлар ескерілді. Байқоңырдың басты және көмекші объектілері мен қызмет ету орындары кең аймаққа орналасқан. Олар бір-бірімен автомобиль және тас жолдары арқылы байланысқан.

Байқоңырдың негізгі объектілері: техникалық тұғырлар, старттық кешендер мен ұшу трассасының бойындағы өлшеу бекеттері, ғарыш алаңына әр түрлі жүктерді жеткізетін кірме жолдар, т.б. Көмекші және қызмет көрсету объектілері: отын (жанармай) сақтайтын алаң, сұйық оттегі мен азот өндіретін зауыттар, энергия және сумен қамтамасыз ететін жүйелер, байланыс жүйесі, телевизия, т.б.

Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған Жердің Жасанды Спутниктері ұшырылды.

5.7 ОҚШЫ-АТА КЕСЕНЕСІ

Оқшы-ата кесенесі Қызылорда облысы Шиелі ауданы Жөлек ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан. Атабай ауылынан батысқа қарай 10-15 км қашықтықта, киелі Түркістаннан 40-45 км жерде киелі Оқшы-атаның құдығы бар. Халық арасында Оқшы-ата туралы көптеген аңыз-әңгіме қалған. Аңыз бойынша, Оқшы ата Мұхаммед Пайғамбардың ең жақын діни уәкілдерінің бірі болған деседі. Мұхаммедтің жаулары оны өлтіре алмаған. Сондықтан, олар халыққа мынадай жарлық салады: «кімде-кім Оқшы-атаның басын алып келсе, соған басынан аяғына дейін алтын жаудырамыз». Мәңгілік өмір сүру құпиясын білу мақсатында, Оқшы-атаға бір әйел жіберіледі. Бір күні Оқшы-ата әйелге өзінің құпиясын ашады: «Мені ешкім өлтіре алмайды, себебі Мұхаммед Пайғамбардың өзі (с.ғ.с.) маған әулиеліктің белгісін басқан, бірақ мені намаз оқып отырғанымда өлтіре алады». Бұны білген жаулары, намаз оқып отырғанда, оның басын шапқан. Бірақ шабылған бас, өзін ұстатпай, саңылауға кіріп, жоқ болған. Өлтірушілер жерді қанша қазғанымен, бірақ ештеңе таба алмаған. Бас жер асты сулары арқылы Меккеге жеткен. Жергілікті халық әулиенің басын танып, сол жерде жерлеген. Ал Оқшы-атаның денесін басы түскен жер асты суымен жуып, басқа жерде жерленген. Бассыз дененің жерленген орнына белгі қойған. Жерленген орны көп жылдар бойы ұмыт қалған. Бірақ осы жақында әулиенің әруағы жергілікті Кәміл ақсақалға аян беріп, соның көмегімен зиратын тапқан.

Адамдар Оқша-атаның зиратына, әулиенің аруағына құрмет көрсетуге, киелі құдықтан су ішуге келіп тұрады. Құдықтың суы киелі. Кейде шелек құдықтан сусыз немесе топыраққа толып шығады. Тіпті, шелек құдықтың түбінде қалып қоятын кездері де болады. Бұл – сол шелекті салған адамның күнәлары көп екендігін білдіреді. Сондықтан, күнәсінан арылу үшін ол адам көп жақсылық жасауы тиіс. Әулие Оқша-ата құдығының киелігіне күмән жоқ.

Кесене сазды лайдан, күйдірілген кірпіштен қаланды. Кесене қабырғаларының қалыңдығы – 1,1-1,2 м. Іргетасы – жерге 0,8 м тереңдікке енгізіліп, күйдірілген кірпіштен қаланды.

5.8 Т.ІЗТІЛЕУОВ КЕСЕНЕСІ

Ұлы ақын, Сырдария жағалауының ғалымы – Тұрмағамбет Ізтілеуов 1882-1939 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол медресені бітіргеннен кейін өзінің туған ауылы Қармақшыға оралып, мұғалім болып қызмет істеді. Өзінің поэзиясымен Базар жырау мұрасына деген адалдығын көрсетті. «Әр елдің – өз бұлбұлы бар» деген өлеңінде Сырдарияның ең жүйрік саңлақтарының есімдерін атап өткен. Шығыстың белгілі ақыны Фирдоусидің «Шахнаме» эпопеясының негізінде өз еңбегін жазды. Оған 40000 қатардан тұратын 50-ге жуық поэмасы енген. Осы поэмалар – қазақ әдебиетіндегі ең үздік поэмалардың бірі болып саналады.

1982 жылы ақынның 100 жылдық тойы тойланды. Оны еске алу мақсатында ақынға кесене салынып, мәдениет мекемелеріне ақынның аты берілді.

5.9 «ПЕТРОҚАЗАҚСТАН» МҰНАЙ-ГАЗ КОМПАНИЯСЫ

Акционерлері «Қытай Ұлттық Мұнай Корпорациясы» мен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы болып табылатын, тігінен интеграцияланған мұнайгаз тобы – «ПетроҚазақстан». «ПетроКазақстанның» атқаратын қызметі – геологиялық барлау, кеніштерді өңдеу мен игеру, мұнай мен газды алу, мұнай және мұнай өнімдерін қайта өңдеу мен сату. «ПетроКазақстан инк.» компаниясы 1986 жылы Канадада «Харрикейн Хайдрокарбонз лтд.» болып құрылып, 1991жылға дейін Батыс Канадада жұмыс жасаған. 1996 жылы Қазақстан Республикасы жекешелендіруге келісім алып, Құмкөл кенішін басқарып отырған «Оңтүстікмұнайгаз» компаниясын сатып алады.

5.10 АРАЛ ТЕҢІЗІ

Арал теңізі – Тұран ойпатының шөлді беделінде, Үстүрттің шығыс шетінде орналасқан. Алабындағы қарқынды антропогендік әрекеттерге дейін (1960-1970) Арал теңізі дүние жүзінің теңіз деңгейінен 530 метр биіктікте жатқан. Осы деңгейдегі айдынның ауданы – 66,1 мың шаршы шақырым. Ең ірі аралдары – Көкарал, Барсакелмес, Возрождение деп аталады. Орташа тереңдігі – 16 м, ең терең жері –67 м, ұзындығы – 428 км, ені – 235 км.

Арал теңізі ежелден белгілі. Ежелгі гректер мен римдіктер теңізді “Сақ шығанағы” деп есептесе, ал Ескендір (А.Македонский) кезінде оны “ОКС” теңізі деп атаған. Бұрын Арал теңізі табиғи қоры мол, әлемдегі ірі көлдердің бірі еді. Бүгінде алабындағы шаруашылық мақсаттарға үздіксіз су алу барасында (1998 жылға қарай) теңіз деңгейі 18 метрге дейін төмендеді. Соның салдарынан Арал теңізінде бірнеше кішкене аралдар пайда болды. Қазіргі кезде Арал мен айналасындағы территориялар әлемге белгілі экологиялық зардаптағы аймақ болып саналады.

Арал теңізінің түбінен 600 жыл бұрын салынған кесенелердің қалдықтары табылған. Бірнеше ғалымдардың тұжырымдамасы бойынша Арал теңізінің суы бұрын да тартылып, қайта көбейген.

5.11 ЯНГИКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫ

Янгикент қалашығы – Қызылорда облысының Қазалы ауданында орналасқан. Жазба деректерге сүйенсек, қалашық X ғасырда пайда болған. Орталық Қазақстаннан Хорезмге қарай өтетін кеуен жолындағы ірі сауда орталығы және 750 жылдан бастап, Оғыз мемлекетінің астанасы болды. Янгикентте жабғылардың сарайы, ірі оғыз гарнизоны, үлкен базарлар, ғибадатханалар болды. Қираған қаланың қалдықтары – мұнара мен қабырғалардың қалдықтарымен қоршалған үлкен қаланы көрсетеді. Қала – төменгі Сырдарияның сол жағалауындағы Қазалы қаласынан 25 км қашықтықта орналасқан. Янгикентті 1867 жылы П.И.Лерх, 1946 жылы және 1963 жылы С.П.Толстой зерттеп, қаланың тарихы, мәдениеті мен халқы туралы материалдар жинады.

6. ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Құрылған мерзімі – 1932 жыл.

Жер аумағы –117,3 мың шар. шақ.

Халқының саны – 2,5 млн.

Облыс орталығы – Шымкент қаласы.

Облыс аумағында 12 аудан, 8 қала, 934 ауыл бар.

Облыс тарихы. Шымкент – ескі қала. Ғалымдар қаланың жасы 800 жылдан кем емес деп есептейді. Алғаш рет қаланың атын XV ғасырдағы тарихшы Шараф ад-Дин Йезди XIV ғасырдың екінші жартысындағы оқиғаларда атап өтеді. 1936 жылы мұнда Темірдің әскерлері болған. Ескі Шымкенттің қалдықтары – қаланың ортасында үлкен төбе болып қалған. Төбенің барлық жоғарғы жағын алып жатқан цитадель мен шахристан айқын көрінеді. Шымкент – тарихи ескерткіштерді сақтаудағы объектілердің бірі болып, мемлекеттік мәдени мұра бағдарламасына кіреді. Шымкент – қазақ тілінде «шымды қала» деген мағына береді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылорда, Жамбыл облыстарымен және Өзбекстан мемлекетімен шектеседі. Облыс территориясы негізінен жазықты болып келеді. Солтүстігінде – Бетпақдала шөлі, ал оңтүстік және оңтүстік-батысында – Мойынқұм, Қызылқұм, Шардара даласы жатыр. Облыстың көпшілік жерін Тұран ойпатының шығыс жағы алады. Оңтүстік-шығысын және орталық бөлігін Талас Алатауының батыс сілемдері мен Қаратау жотасы қамтиды. Облыстың оңтүстік-шығысында «Ақсу жабағылы» қоры орналасқан. Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі өзен деп «Сырдарияны» атайды. Сырдария өзеніне оның салалары: Күркеле, Келес, Арыс, Бөген қосылады. Сонымен қатар, шағын өзендер де кездеседі. Бірақ, олардың көбінің суы ащы. Олардың ең ірілері – Ақжайқын, Ақжар өзендері. Негізгі су қоры – «Шардара су қоймасы» болып табылады.

Шымкент қаласының климаты – континентті. Қысы – жылы, орташа температурасы – минус 5°-10°C. Күзі мен көктемі салқын, орташа температра 20°C. Жаз айларының температурасы – плюс 35°-45°C.

6.1 ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ КЕСЕНЕСІ

Ахмет Яссауи – (1093 ж.ш., кейбір деректерде 1103 ж., 1041 ж., Сайрам (Исфиджаб) — 1166 ж. Түркістан (Иасы)) — түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының, байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орыны бар ұлы ақын, пәлсапашы, сопылық ілімнің негізін салушы, уағызшы. Шағатай тілінде жазған “Диуани Хикмет” жыр жинағының авторы. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – ортағасырлық сәулет өнерінің қайталанбас туындысы мен керемет сарайлардың, ғибадатханалардың кешені болып табылады. Үлкен ғимараттың қайта жөндеуден кейінгі биіктігі – 44 м, ал батыс күмбездің диаметрі – 22 м. Ғимаратта – 30 бөлме мен залдар бар. Орталық зал – Қазақ хандарының резиденциясы болған, бүгінде осы жерде мұражай-пантеон орналасқан. Мұражайдың маржаны болып табылатын, ислам әлемі бойынша ең үлкен су құюға арналған ыдыс – Тайқазан да осы жерде орналасқан. Ол – жеті металлдың қорытпасынан жасалған.

Кесенені 1396-1404 жылдары Әмір-Темірдің бұйрығымен салдыртқан. Кесененің кейбір жерлері 1723 жылы қалмақтардың, 1846 жылы қоқандардың шапқыншылығы кезінде біраз қираған.

6.2 АРЫСТАН-БАБ КЕСЕНЕСІ

Шымкент қаласынан 150 шақырым жердегі Қызылқұм ауданындағы Қоғам ауылында XII ғасырда өмір сүрген Ислам уағыздаушысы, Қожа Ахмет Яссауидің пірі әрі ұстазы Арыстан-бабаның кесенесі (XIV ғ. сәулет ескерткіші) орналасқан. Ол – көне Отырар жеріндегі сәулет өнері, ескерткіші. Кесененің алғашқы құрылысы XIV-XV ғғ. жатады. Бұл құрылыстан тек ағаш колонналар ғана сақталған. Жер сілкінісінен қираған ескі мазардың орнына XVIII ғасырда кесілген екі ағаш колоннамен тірелген екі күмбезді ғимарат салынды. Кейін осы ғимарат та қирап, 1909 жылы қайта тұрғызылды.

Кесене – дәлізхана, мешіт, құжарахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі – қабірхана. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген. Кесене – мемлекеттің қорғауына алынған.

6.3 ОТЫРАР ҚАЛАСЫ

Отырар – Сырдарияның орта ағысында орналасқан ортағасырлық ірі қалалардың бірі. Отырар – көне қала (б.д.д I ғ. – б.д XVI ғ.). Отырар қаласының қираған үйіндісі – Шымкент облысындағы Отырар ауданының Шәуілдір ауылында орналасқан. Отырар – XIII ғ. «Тарбанд» деген атаумен белгілі болды. Бұл атау көне түрік руна жазбаларында кездеседі. Отырар – Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға, Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала, V-XV ғ. Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын орталық. Моңғол шапқыншылығы кезінде қала қоршауда қалып, қала тұрғындары ерлікпен шайқасып, қолбасшы Қайырхан қаза тапты.

Отырар қаласында ортағасырлық атақты ғалым, ойшыл – Әл-Фараби дүниеге келген. Сонымен қатар, дүние жүзіне белгілі Отырар кітапханасы болды.

2005 жылы өлкенің тарихымен таныстыратын «Отырар даңқы» тарихи-сәулеттік кешені ашылды. Ата-бабалар аллеясында «Отырарға» әлемдік атақ алып берген адамдардың есімдері алтын әріптермен жазылған. Ортасында – әл-Фарабидің ескерткіші орналасқан. «Отырар Қорғаны» - масштабы жөнінен орта ғасырлардағы ірі қалалардың бірі. Кешеннің авторлары – облыстың белгілі мүсіншілері мен сәулетшілері Насыр Рүстемов, Ержан Құдайбергенов, Нұрбол Мұсаев. Қазіргі уақытта Отырар-Төбе археологиялық ескерткіш болып табылады.

6.4 БӘЙДІБЕК БАБА КЕСЕНЕСІ

Бәйдібек атаның кесенесі – Қаратау жоталарының бөктерінде орналасқан. Байдібек (Байлыбек Қарашаұлы) – жауларға қарсы күресте қазақ халқының басын қосқан батыр. Ол – Ташкентте 1356 жылы туылып, 1419 жылы қайтыс болған. Байдібек – Ұлы Ақсақ Темірдің (1336-1405) замандасы, Асан Сәбитұлының рухани ниеттесі, пікірлесі болған. Сәулетшісі – Г.Садырбаев.

Әкесі – Қараша, бабалары – Бабыр, Майқы, Төбей, Кейкі, Бахтияр. Олар – өз кезеңінің белгілі билері мен батырлары болған. Үш жасында Байдібек ата-анасынан айрылып, жақын туыстарында тәрбиеленеді. Жасөспірім шағында Шынтас байдың жылқышысы болады. Осы кезде Байдібек би атқа шабу өнерін үйреніп, көптеген ат жарыстарына, көкпарларға қатысады. 15 жасында Байдібек би өзінің адал еңбегі үшін қожайыны Шынтас байдан 100 жылқы алып, өз шаруашылығын бастайды. Байдібектің шешендік қасиетін жоғары бағалаған халық оны «би» етіп сайлайды. Байдібек – Боралдай өңірінің биі және ең бай адамдарының бірі. Халық арасында өзінің шешендігімен, даналығымен аты шықты. Байдібек би 1419 жылдың күзінде, 63 жасында, өзінің Балабөген қыстауында дүниеден өтті.

6.5 ДОМАЛАҚ АНА КЕСЕНЕСІ

Түркістан қаласына жақын жердегі далалардағы қыраттардың бірінде Домалақ Ананың мазары орналасқан. Ол – Бибішар ана Ақсұлтанқызының құрметіне салынған. Аңызға сүйенсек, қазақтың үш жүзі оның үш немересі – Албан, Суан, Дулаттан тараған екен. Түрік жерінде Нұрилә (Домалақ) есімімен белгілі, Байдібек атаның үшінші әйелі болған, ол 1378-1456 жж. өмір сүрген. Оның ататегі қасиетті Ахмет Яссауиден басталады. Домалақ апа Бала Бөген шатқалында жерленген.

6.6 ИБРАГИМ АТА КЕСЕНЕСІ

Атақты Қожа Ахмет Яссауидің әкесі – Ибрагим ата. Ол ХI ғасырда исламның тез тараған заманында өмір сүрді. Ибрагим-ата керемет диқан болған. Сонымен бірге, халық арасында ол адамның әулиелілігі және аса көріпкелділігі туралы аңыздар таралған. Кесене Сайрам қаласынан солтүстік шығысқа қарай орналасқан. Кесененің XII-XIV ғғ. жататын алғашқы құрылысы қирап қалған. Ал, XIX ғ. ортасында салынған жаңа кесененің күмбезі 1950 жылы болған жер сілкінісінен сынып қалды. Ол қайта жөнделіп, ақ қаңылтырмен қапталған. Кесененің жалпы өлшемі 7х7 м, биіктігі – 8,25 м. Бір бөлмеден тұра кесененің оңтүстік жағынан кіретін есігі, батыс жағында ағашпен жиектелген терезесі бар.

6.7 ҚАРАШАШ АНА КЕСЕНЕСІ

Сайрамның ортасында орналасқан бұл тарихи ескерткіш XIX ғасырға жатады. Кесене – ХІІІ ғасырда ұлы ғалым Қожа Ахмет Яссауидің анасы Қарашаш ана қабірінің үстіне тұрғызылады. Бірақ, уақыт өткен сайын табиғат жағдайларына байланысты кесене бірнеше рет бұзылып, қайта салынған. Кесене – Орта Азия мен Қазақстанның ескі сәулет өнерінде кеңінен тараған құрылыс түрімен төрт бұрышты болып, өлшемі 27х27х5 см болып, қүйдірілген кірпіштен қаланған. Ағаш, саз т.б. табиғи материалдар қолданылған кесене – күмбезді құрылыс түріне жатады. Қарашаш ананың шын аты Айша-бибі, ол Сайрамдағы әйгілі Мұса шейхтің қызы болған. Айша-Бибі өмір сүрген XI ғасырда, осы аумақта ғылым, мәдениет және өнер жақсы дамыған. Қожа Ахмет Яссауидің анасы – жақсы тәрбиеленген, білімді әйел болған. Қарашаш ананы бүкіл түркі халқы құрметтейді. Қарашаш ана мазарының жанында оның жақындары – Ибрагим қожа, Сүлеймен қожа, Сәлім қожа және Дәуіт қожалар жерленген.

6.8 ДАҢҚ ЕСКЕРТКІШІ

Шымкентте, Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналған мәңгі алау – «Даңқ» ескерткіші бар. Ол – монументальді сәулет өнерінің ең бір қымбат тұратын нысаны болып табылады.

6.9 ОРДАБАСЫ СТЕЛЛАСЫ

Тарихи қиын кезеңде, 1726 жылы Ордабасы тауында Төле би, Айтеке би және Қазыбек билердің қатысуымен Ұлы құрылтай өтті. Онда – бүкіл халықты жауға қарсы біріктіру туралы шешім қабылданды. Ордабасынан басталған жорық қазақ халқын жоңғарларды жеңуіне алып келді. 1993 жылы 28-29 мамырда Ордабасы тауында «Ордабасының қайтып оралуы» деген эгидамен Одақ бекітуіне байланысты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Сол жерде Қазақстан Президенті Н.А.Назарбаев тарихқа талдама жасап, тәуелсіздік туын көтерді. Ал, Тутөбе төбесінде Қазақстанның, Өзбекстанның және Қырғызстанның президенттері Ордабасы Декларациясына қол қойды. 1997 жылы қазақ халқының бірігуінің құрметіне мемориалдық кешен ашылды. Жобаның авторы сәулетші – Ғ.Садырбаев.

.

6.10 МЕШІТ - МЕДРЕСЕ

Бәйдібек ауданы Шаян елді-мекеніндегі мешіт-медресе – ХIХ ғасырдың сәулет ескерткіші болып табылады. Төбенің үстінде кішкене кесектен салынған мешіт болған, кейіннен жергілікті тұрғындардың шешімімен ол жерде үлкен мешіт тұрғызылды. Шеберлерді Бұхарадан шақыртты. Мешіт-медресе кешеніне қарап Мәуереннахр сәулет өнерінің техникасын көруге болады. Оның формасы мен композициясы ортаазиялық Бұхара мен Хиуа шеберлерінің стилінде салынған. Мешіт пен медресенің қабырғаларын қалағанда 26х14х6 см өлшемдегі кірпіштер қолданылған. Мешіттің жанындағы медресе құрылысы мешіттен кейін біршама уақыт өткен соң салынды. Кешеннің орталығы деп үлкен мешітті айтуға болады. Мешіттен солтүстік-батысқа қарай П – үлгісіндегі медресе орналасқан, мешіттің оң жағына қарай дәрісхана жалғасып кеткен. Бір кездері мешіттің мұнаралары болған, бірақ олар ХХ ғасырдың отызыншы жылдары қирап қалған. Мешіт – ХІХ ғ. аяғында күйдірілген кірпіштен тұрғызылды.

7 ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

Құрылған мерзімі – 1939 жыл.

Жер аумағы – 144,3 мың шар. шақ.

Халқының саны – 1044,1 мың (2010 жылдың 1 қаңтар, департамент статистикасы бойынша).

Облыс орталығы – Тараз қаласы.

Облыс аумағында 10 аудан, 4 облыстық бағыныстағы қала, 367 ауыл бар.

Қала тарихы. Тараз – Қазақстандағы ескі қалалардың бірі. Ол – 2002 жылы өзінің 2000 жылдық мерейтойын атап өтті. Ерте замандарда Тараз қаласын «Көпестер қаласы» деп атады. Жазба деректерде, Тараз қаласы VI ғасырдан бастап белгілі. 568 жылы Түріктің Дизабул-Истими қағанының қол астында болған Византия императоры Юстиниан II-нің Земарх Киликиский бастаған елшілігі Тараз қаласына келді. Тараз – Ұлы Жібек Жолында үлкен рөл атқарған. Сол кезден бастап Тараз – шығыстың белгілі қаласына айналды. Тараз – Түргеш, кейіннен Қарлұқ қағанатының орталығы болған.

X-XII ғғ. Тараз қаласында үлкен үйлер, су жолдары мен моншалар салынды. Ескі Тараз қалашығынан ешнәрсе қалмаған. Оның орнына қазіргі заманға сай құрылыстар тұрғызылып жатыр. Бұрын, Наманғаннан шыққандар тұрғандықтан, «Наманған-Коче» деп аталса, 1856 жылы «Әулие-Ата» деп өзгертілді. Қалада ортағасырлық сәулет өнерінің ескерткіштері сақталған.

7.2 АЙША-БИБІ КҮМБЕЗІ

Айша-бибі (XI-XII ғғ.) – Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы. Айша-бибінің кім екені жөнінде атадан балаға қалған аңыз болмаса, тарихи деректер жоқ. Аңыз бойынша, Айша-бибі – атақты Зеңгі-бабаның қызы. Сол аңыздың айтуынша, Айша-бибі Түркістанда жас батыр Қараханмен кездеседі. Бірін-бірі ұнатқан екі жас қосылып, өмірлік серік болуға уағдаласады. Жаугершілік заман болса керек, тұс-тұстан анталаған жаумен арпалысып, елін, жерін қорғаумен жүргенде Қараханның уәделі мерзімде Айша-бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Арада біраз уақыт өтіп кетеді. Шыдамы таусылған Айша-бибі Қараханның мекені Тараз қаласына өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба-әже-қатынды ертіп, жолға шығады. Бірнеше күн жол жүріп, Таразға жетеді. Салқын суға шомылып, денесі сергіп шыққан Айша-бибі күтушісі ас әзірлегенше дем ала тұрмақ болып, арнайы өзіне төселген төсенішке келіп жатады. Таудың самал желі ұзақ жолдан шаршаған жас арудың балғын тәнін аялай сипап, рахат құшағына бөлейді. Сүйіктісінің ауылының төбесін көріп, көңілі жайланып, енді аз уақыттан кейін онымен кездесетінін ойлап, тәтті қиял бесігінде тербеліп жатып, маужырап ұйықтап кетеді. Осы ұйқыдан оны даланың улы жыланы оятады. Денесін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша-бибі дереу Қараханға хабар бергізеді. Қарахан тәуіптерін, молдасын алып жеткенде ару қыз ісіп-кеуіп екі дүниенің арасында жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол қызды қолына алып, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: “Айша, сен енді «бибі» болдың!” – деп үш рет айқайлапты. Қайғырып, қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады. Жауын шайып, жел мүжіп, уақыт өз белгісін салғанымен бір-бірін шынайы сүйген ғашықтардың махаббатының өшпес белгісіндей болған сол күмбез әлі Тараз қаласының іргесінде тұр.

Айша-бибі кесенесі – Орта Азия мен Қазақстанның сәулет өнерінде Қараханидтер дәуірінен қалған керемет ескерткіш болып табылады. Кесене – әртүрлі формадағы 60-тан астам өрнек түрлері түскен, тегіс терракота (күйдірген сары балшық) плиталарымен қапталып, әшекейленген қасбеттерімен ерекшеленеді. Колонналарындағы эпиграфиялық жазбалар жиі кездеседі. Ғимарат бұрыштарындағы колонна жазуларының арасында «Күз, бұлттар... өмір керемет» деген жазу бар. Ғалымдардың айтуы бойынша жазулардың он сегізінші қатарда орналасуы Айша сұлудың небәрі 18 жаста болғанын білдіреді екен.

7.1 БАБАДЖА-ХАТУН КҮМБЕЗІ

Бабаджа-хатун кесенесі – ХІ-ХІІ ғасырларға жататын сәулет ескерткіші. Ескерткіш – Тараз қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан. Кесене – өзінің қарапайымдылығымен, үлкендігімен және әсемдігімен көзге түседі. Тастан қаланған іргетастың үстіне тақтатастардан қаланған кесене бізге дейін жақсы жағдайда сақталған. Соңғы қайта қалпына келтіру жұмыстары 2002 жылы жүргізілді. Бабаджа-Хатун кесенесі Айша мен Қараханның махаббаты жайлы аңызбен тығыз байланысты. Бабаджа – Айшаның қүтушісі. Күмбезді 1897 жылы В.А.Каллаур, 1938 жылы А.Н.Бернштам, 1953 жылы ғалым Т.Қ.Бәсенов зерттеген. Ескерткіш құрылымы қарапайым, тік төртбұрышты. Бірыңғай ашық түсті күйдірілген кірпіштен өрілген, қабырғасының қалыңдығы – 1,23 м. Қасбеті мен екі жақ қабырғасының құрылысы өзара ұқсас текшелермен және күн бейнесі іспетті бедер табақшалармен өрнектелген, ал артқы қабырғасы тұтас бірыңғай етіп қаланған. Ескерткіш қабырғаларының әшекейлері кірпішті мәнерлеп қалау әдісімен жасалған. Барабанға орнатылған 16 қырлы күмбезі болған. Маңдайшадағы текшеде “Бұл мазар – Бабаджа хатун деп аталады... Құрылысшысы...” деген арабша жазылған. Ежелден қалып өнерінде пайдаланып келе жатқан ою-өрнектердің түрлерін бойына сақтаған Бабаджа хатун күмбезі қазақ сәулет өнерінің тарихы үшін маңызы зор. 1981 жылы “Қазақ жобалау-қалпына келтіру институты” ескерткішті қалпына келтірді.

 

7.3 ШАМАНСҰР (ДӘУІТБЕК) КҮМБЕЗІ

Шамансұр (Дәуітбек) кесенесі – XIII ғасырға жататын архитектуралық ескерткіш. Ескі Тараз Рабатында, Қарахан кесенесінің шығыс жағында орналасқан. Дәстүрлі порталды-күмбезді формада салынған кесене – моңғол әскербасыларының бірі Ұлығ Білге-Икбалхан Дәуітбектің бейітінің үстіне орнатылған. Ішкі бөлменің орта шеніне тастан пирамидаға ұқсас сағана қойылған, оған жерленген кісінің аты-жөні, өлген уақыты (1262 жылы) арабша жазылған. Жазуды 1939 жылы А.Т.Беленицкий оқыған. Кесененің авторы да, сәулетшісі де белгісіз. Кесене – Қарахан кесенесімен бірге мемориалдық-діни кешен құрамына кіреді. Мазардың төбесі қос күмбезден тұрады, күйдірілген кірпіштен қаланып, есіктер ою-өрнекпен әшекейленген. Күмбездері арка арқылы бекітіліп, сырт жағынан есікке тіреледі. Кесене – 1982 жылы қайта жөндеуден өткізіліп, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді.

7.4 ШОҚАЙ ДАТҚА КҮМБЕЗІ

Шоқай күмбезі – XVII-XVIII ғасырлардың аралығында тұрғызылған ескерткіш. Жамбыл облысы, Сарысу ауданының, Байқадам ауылында орналасқан. 1946 жылы ҚазАКСР Академиясының Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (Ә.Х.Марғұлан), 1977 жылы ҚазАКСР мәдениет министрлігінің “Қазақреставрация” экспедициясы (А.Н.Марьяшев) зерттеген. Құрылыс – күйдірілген кірпіштен салынған, ауданы – 8,0х4,0 м, ортадағы сүйір күмбезді, порталды, негізгі бөлік – биік емес қырлы барабанға орнатылған. Екі жағында мұнаралы бағаналары бар. Бұлардың бәрі жылтырақ көзелермен қапталған. Кесененің ішінде құлпытасты саркофаг бар. Ішке кіретін қақпа аркасы дулыға тектес сүйірленіп жасалған, кіре беріс есігі төрт бұрышты.

Шоқай Датқа кесенесін XIX ғ. Ш.Уәлиханов өз еңбектерінде айтып өткендей «тарих және сәулет» ескерткіші болып табылады. Ортағасырлық Саудакент қаласындағы зираттың шет жағында орналасқан. Зерттеушілердің айтуынша, ескерткіш – үлкен діни типтегі құрылыс болып табылады. Бір бөлмелі, кіретін есігі оңтүстік-батысқа қаратылып, күйдірілген кірпіштен қаланған. Порталды-діни кесененің көлемі 7,4х8,1 м. Бас қасбеті үлкен ойық текше болып, П тәріздес жиекшемен жиектеліп, екі жағына мұнара орнатылған. Дөңгелек мұнара бағаналарының бөлігі – декоративті өрнектермен әшекейленіп, жоғарғы жағы шамдармен аяқталған. Кесененің күмбезі дөңгелек барабаннан көтеріліп, сыртынан сталоктитті карнизбен сәнделген.

7.5 ҮШАРАЛ МЕШІТІ

Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал ауылында орналасқан. Үшарал мешіті – XX ғ. жатады. 1906 жылы тұрғызылған тік бұрышты (30х15м), 16 күмбезді, орташа биіктігі – 12,5 м болатын архитектуралық ескерткіш болып табылады. Мешітті халық шебері – Ислам ұста салған. 1948 жылы мешітке Республикалық сәулет басқармасының жұмысшылары зерттеу жүргізді, ал 1977 жылы ҚазАКСР Мәдениет министрлігінің “Қазақ жобалау-қалпына келтіру” институтының экспедициясы зерттеу жүргізді. 1982 жылдан бастап республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекеттік қорғауға алынды.

7.6 КӨШЕК БАТЫР МАЗАРЫ

Отанымыздың тарихында Қарасай батырдың төртінші ұлы Көшек батырдың орны ерекше. Көшек батыр «Киелі ошақтың қорғаушысы» болған. Қанша соғыс пен аштық болса да, қандай қиыншылық болса да халықты бірінші маңдайшы қорғаған. Көшек батыр өзінің (1723-1758 жж.) қазақ-жоңғар соғысындағы жеңістерімен белгілі. Жас кезінде қайтыс болып кеткен Көшек батырдың мәйіті 350 жылдан бері Жамбыл облысындағы Талас өзеніне жақын жерде жатыр. Көшек батырға кесене ХХ ғ. тұрғызылған.

7.7 ҚАРАХАН КЕСЕНЕСІ

Қарахан кесенесі (Әулие ата мазары) – XI ғасырға жататын “Ежелгі Тараз ескерткіштері” қорық-музейі территориясында орналасқан діни-мемориалдық кешен. Қараханидтер дәуіріне жататын алғашқы құрылыс ХІ ғ. жатады. Кесене – 1005-1006 жж. алғашқы жоспарлау мен сәулет принциптері сақтала отырып қайта тұрғызылды. Сондай-ақ, орта ғасырлардағы кірпіштер де пайдаланылған. Соңғы орта ғасырлардағы ортаазиялық типтік үлгідегі діни-сәулеттік үлгіні қолдана отырып салынған порталды-күмбезді кесене. Халықтың айтуы бойынша, Қараханның өзі де, кесененің салынуы да Айша бибі мен Бабаджа хатунмен тығыз байланысты болған. Тарихи ғылым бойынша, ол – Х-ХІІ ғғ. өмір сүрген Қараханидтер әулетімен байланысты және мұсылман әлемінде әулие адамдардың қатарына кіреді. Осыған байланысты, «Әулие Ата» деп аталып кеткен. Кешен көптеген қасиетті адамдарға арналған. Қазіргі уақытта “Ежелгі Тараз ескерткіштері” қорық-мұражайының орталық залында – Тараздың бай тарихы жайлы айтатын экспозиция қойылған. 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған.

7.8 АҚЫРТАС ҚАЛАШЫҒЫ

Ақыртас – Оңтүстік Қазақстандағы жұмбақ ескерткіштердің бірі болып табылады. Ол – қазіргі Тараздан 40 шаақырым шығысқа қарай, Ақшолақ теміржол станциясынан 6 шақырым оңтүстікке қарай Қырғыз Алатауының етегінде орналасқан. Ақыртастың тарихын зерттеу 130 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Қазіргі уақытта Ақыртас кешенінің территориясында археология және этнография институтының бастамасымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мұражай кешенін ашу жайлы жоспар бар. Көптеген ғалымдардың айтуы бойынша Ақыртас 1714-1715 жылдары араб қолбасшысы Кутейбінің бұйрығымен салынған екен. Құрылысты салудағы үлкен тас блоктарын қолданғандығы таң қалдырады. Кешеннің іргетасы 4 м тереңдікке енгізіліп жасалған. Бірақ, қала құрылысы сол күйінде аяқталмай қалған. Ол жерде тіршілік түгілі, қоқыстың да ізі қалмаған. Қала – өз тіршілігін бастамай тұрып-ақ тоқтап қалған.

Құрылыстың сәулеті – Мысыр мен Сириядағы сарайларды еске түсіреді. 1867 жылы ескерткішті белгілі болжаушы П.И.Лерх зерттеп, Ақыртасты «буддалық ғибадатхана» деп тапты. 1893 жылы Бортольд зерттеп, үлкен құрылысты християндар мен несторияндардың ғибадатханасына ұқсатты.

7.9 АҚТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫ

Жамбыл облысының Шу ауданындағы Ақтөбе ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерде, Ақсу өзенінің бойында орналасқан. Алғаш рет Ақтөбе қалашығы туралы деректер 1894 жылы В.В.Бортольдтің еңбектерінде кездеседі. 1941 жылы Жамбыл археологиялық экспедициясы жүргізілді. Қала – екі шахристаннан, цитадельден, ұзын қоршалған қалалық округтен тұрады. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған цитадельдің мәдени қабаты хронологиялық периуды бойынша 9 қабаттан тұрады: 1) VIII ғ. бірінші жартысына жатады; 2) VIII-X ғғ. екінші жартысына; 3) XІ ғ. мен XIII ғ. басы. Қазба жұмыстарынан табылған заттардың көпшілігі асханалық және шаруашылық керамикалар, қола шамдар, қарахандық теңгелер болып табылады. Екі тұрғын жайдан X-XII ғғ. жататын 2 шарап өндіретін орын табылған. Қалалық округтен X-XIII ғғ. жататын 8 бөлмеден тұратын сарай және көше жақтан кіретін бір есігі бар үйлер, ары қарай тұрғын үйлер жалғасып кеткен көшенің бір бөлігі табылды. Сондай-ақ, X-XI ғғ. жататын керамикалар, табақтар, кеселер, шамдар табылды.

7.10 СЫПАТАЙ БАТЫР (ӘЛІБЕКОВ) КЕСЕНЕСІ

Қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданында туылған. Сыпатай батыр (1837-1889 жж.) белгілі Сауық батырдың ұлы болған. 1857 жылы Г.Х.Тасфорт пен Ш.Уәлихановтың Жетісудағы экспедициясына және Қоқан хандығына қарсы халық көтерілісіне қатысқан. 1860 жылғы Ұзынағаш көтерілісінің басшыларының бірі болған. Ұзынағаш соғысында орыс әскерлері жағында болып қатысқан. Қоқандар шапқыншылығында қарсыластарға мықты айбын көрсетіп, ортақ жеңіске барын салған Сыпатай батыр қазақ сарбаздарының отрядын басқарған. Қоқан хандығының әскерлерінде қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін Сыпатай батыр атағын алды. IX ғ. салынған Сыпатай батырдың кесенесі Мерке ауданында орналасқан.

7.11. ЖАМБЫЛ ТАУЛАРЫ

Мойынқұм мен Бетпақдала арасындағы далада Жамбыл таулары жатыр (974 м). Солтүстік батыстан оңтүстік батысқа қарай ені – 10-15 шақырымға, ұзындығы – 40-45 шақырымға созылып жатыр. Осы таудың етегінде қазақтың Жамбыл ақыны туылған. Ақынға осы таудың аты берілді. Таудан солтүстік шығысқа қарай орналасқан кішкене елді-мекен де дала әншісінің атымен аталады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы ескі қалалардың бірі – Әулие-Ата елді-мекені Жамбыл қаласына айналды.

7.12 БӘЙДІБЕК БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ

Тараз қаласының көз тартар жерлерінің бірі болып табылатын Бәйдібек батыр (VI-VII) ескерткіші 2002 жылы қойылған. Ол – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, би әрі батыр болған адам. Қазақ халқының бірігуіне көп атсалысты. Бұл ескерткіш болашақ ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлгі бола алады.

Бәйдібек батыр халық арасында өзінің әділдігімен, сөзінің өткірлігімен, адамдығымен және ақылдылығымен атақты болды. Бәйдібек би 63 жасында қайтыс болып, Балабөген өзенінің жағасында жерленді. Кейін оның қабірінің үстіне кесене тұрғызылды. Оңтүстік Қазақстан облысының бір ауданы Бәйдібек батырдың атымен аталады. Бәйдібектің аты халықтың жадында жақсы сақталған. 1998 жылы ескі кесененің орнына «Бәйдібек» және «Қасиетті бес ана» деген жаңа сәулет кешені тұрғызылды.

7.13 БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ЕСКЕРТКІШІ

Бауыржан Момышұлы ескерткіші 2000 жылдың 12 қазанында батырдың 90 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 55 жылдығына арналып ашылды. Мүсіннің авторлық ұжымы – М.Рүстемов, Д.Әлдеқов, сәулетшілері – С.Дембай, Н.Баекеев. Үлкен тұғырдың үстінде қолына қылыш ұстаған ұлтшыл жауынгер, философ, жазушының мүсіні тұр. Батырға арналған ескерткіштен екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан барлық батырлардың бейнесін көруге болады. Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен жасаған ерліктері бейнеленген картиналар – ТМД елдері мен шетелдердегі ең жақсы деген сурет галереяларының экспозицияларында қойылған. Батырдың туған жері Жуалы ауданының орталығына, мұражайына, сондай-ақ, Кременовка ауылына, алаңға, көшеге, мектеп пен лицейге батырдың аты берілді.

7.14 ОРТАЛЫҚ АЛАҢ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК ҒИМАРАТЫ

Орталық алаң осы күнде Тараз қаласының символы болып табылады. Ол жерде қаладағы басты іс-шаралар мен мерекелер өткізіледі. 2008 жылы қайта жөндеуден өткен облыс әкімшілігінің ғимараты орталық алаңының сәнін келтіріп тұр.

7.15 ҚАРАТАУ ТАУЛАРЫ

Қаратау таулары – әлемге әйгілі қызықты флоралық аймақ. Ол – Оңтүстік Қазақстандағы Тянь-Шань тауларының солтүстік батыс бөлігі болып табылады. Ол – Талас Алатауынан Сарысу, Шу жазықтығына қарай өтіп кетеді. Таудың ұзындығы – 420 шақырым, биіктігі – 2176 метрге жетеді. Олар – Шығыс немесе Кіші Қаратау және Оңтүстік Батыс Қаратау. Ең биік шыңы – 2176 м. Шығыс Қаратау, Оңтүстік Батыс Қаратау бірнеше далалар мен таулы массивтерге бөлінеді. Сырдария өзенінің аңғарындағы далалар – Қаратаудың оңтүстік-батысында орналасқан, ал Талас өзені – солтүстік шығысында орналасқан. Қаратау – жақын жердегі облыстардың климаты мен ауа-райына әсер етеді.